Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w07 1.9. 29-б.—32-б., 8-абз.
  • Даниял кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Даниял кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
  • 2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ХРОНОЛОГИЯЛЫҚ РЕТПЕН ЖАЗЫЛҒАН ОҚИҒАЛАРДАН НЕ НӘРСЕГЕ ҮЙРЕНЕМІЗ?
  • (Даниял 1:1—6:28)
  • ДАНИЯЛ КӨРГЕН АЯНДАРДЫҢ МӘНІ
  • (Даниял 7:1—12:13)
  • Бүгінгі күнге айтылған Құдайдың пайғамбарлық сөзіне құлақ салыңдар
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Құдай сіздің қамыңызды шынымен ойлай ма?
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Жастар, Даниялдан үйреніңдер
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Тұтқында жүрген пайғамбардың аян алуы
    Киелі кітапта қандай хабар жазылған?
2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w07 1.9. 29-б.—32-б., 8-абз.

Ехобаның сөзі тірі.

Даниял кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар

“ДАНИЯЛ кітабы — Киелі жазбадағы адамды өзіне баурап алатын кітаптардың бірі. Онда жазылған шындықтың мәні ешқашан жоғалмайды”,— делінген бір сөздікте (Holman Illustrated Bible Dictionary). Даниял жайлы оқиға б. з. б. 618 жылы Бабыл патшасы Набуходоносор Иерусалимге келіп, қаланы қоршауға алған кезден басталады. Ол ‘Исраил ұлдарының’ кейбіреулерін Бабылға тұтқындыққа алып кетеді (Даниял 1:1—3). Олардың арасында жас Даниял да бар еді. Сол кезде ол әлі жасөспірім болса керек. Кітаптың соңында Даниялдың әлі Бабылда екені айтылған. Жасы 100-ге таяп қалған Даниялға Құдай: “Жаның жай тапсын, ал ақтық күндерде өз сыбағаңды алу үшін қайта тұратын боласың”,— деп уәде етеді (Даниял 12:13).

Даниял кітабының бірінші жартысы хронологиялық ретпен үшінші жақтан, ал екінші жартысы бірінші жақтан баяндалған. Даниял жазған бұл кітапта дүниежүзілік ірі мемлекеттердің пайда болуы мен құлдырауы және Мәсіхтің келетін уақыты мен біздің күндерімізде орын алуы тиіс оқиғалар жайлы пайғамбарлықтар барa. Сондай-ақ онда қарт пайғамбар ұзақ жылға созылған өмірін еске алып, бізді Құдай алдында мінсіз болып қалуға талпындыратын оқиғаларды жазып қалдырған. Шынында да, Даниялдың жазған хабары тірі, әсері де күшті (Еврейлерге 4:12).

ХРОНОЛОГИЯЛЫҚ РЕТПЕН ЖАЗЫЛҒАН ОҚИҒАЛАРДАН НЕ НӘРСЕГЕ ҮЙРЕНЕМІЗ?

(Даниял 1:1—6:28)

Б. з. б. 617 жыл. Даниял мен оның жас үш досы Шидрақ, Мишақ және Абденаго Бабыл патшасының сарайында. Үш жыл бойы сол жерде тәлім алған бұл төртеуі Құдайға деген адалдықтарынан таймады. Шамамен сегіз жыл өткен соң, Набуходоносор патша бір жұмбақ түс көреді. Даниял оның түсін айтып, сосын, оны жорып береді. Патша Ехобаның “құдай біткеннің Құдайы” әрі ‘құпия атаулының бәрін ашатын патшалардың Әміршісі екенін’ мойындайды (Даниял 2:47). Алайда көп ұзамай-ақ ол бұл жайтты ұмытып кеткенге ұқсайды. Даниялдың үш досы алып мүсінге табынудан бас тартқанда, патша оларды жанып тұрған пешке тастатады. Шынайы Құдай оларды құтқарып қалады, сонда Набуходоносор “дәл осылайша желеп-жебейтін басқа құдай жоқ” екенін мойындауға мәжбүр болады (Даниял 3:29).

Набуходоносор тағы бір мәні зор түс көреді. Түсінде бір үлкен ағаш шабылып, өспейтіндей етіледі. Даниял оның мағынасын ашып береді. Бұл түс Набуходоносор ақыл-есінен адасып, кейін айыққанда жартылай орындалады. Ондаған жылдар өте, Балтасар патша уәзірлеріне арнап үлкен той жасап, Ехобаның ғибадатханасынан алынған ыдыстарды орынсыз қолданады. Сол түні-ақ Балтасар өлтіріліп, билік мидиялық Дарийдің қолына өтеді (Даниял 5:30, 31). Дарий патшаның тұсында бойларын қызғаныш кернеген әміршілер жасы 90-нан асып қалған қарт пайғамбарды өлтірудің амалын жасайды. Алайда Ехоба оны “арыстандардың аузынан” алып қалады (Даниял 6:27).

Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:

1:11—15. Яһудилік төрт жігіттің келбеттерінің шырайлы болуына көкөніспен тамақтанғандары себеп болды ма? Жоқ, бұлай емес. Емдәмнің ешбір түрі де он-ақ күннің ішінде мұндай өзгеріс жасай алмайды. Жас еврейлердің келбетіндегі өзгеріс Ехобаның арқасында ғана болды. Бұл Құдайдың өзіне сенім артқаны үшін берген батасы еді (Нақыл сөздер 10:22).

2:1. Набуходоносор алып мүсін туралы түсті қашан көрген? Киелі кітапта Набуходоносор бұл түсті ‘патшалық құруының екінші жылы’ көрді делінген. Ол б. з. б. 625 жылы патша болды, олай болса, оның билік құруының екінші жылы б. з. б. 623 жылы басталған болар еді. Ал бұл кезде ол әлі Яһудаға шабуыл жасамаған болатын. Демек, Даниял да бұл уақытта Бабылда болып, оның түсін жори алмас еді. Олай болса, Набуходоносордың ‘патшалық құруының екінші жылы’ б. з. б. 607 жылдан бастап есептелсе керек. Сол жылы ол Иерусалимді жойып, дүниежүзілік ірі мемлекеттің билеушісі болды.

2:32, 39. Қай мағынада күміспен бейнеленген патшалық алтыннан жасалған бастан, ал мыспен бейнеленген патшалық күмістен төмен болған? Күміспен бейнеленген Мидия-Парсы мемлекеті Бабылдан, яғни алтыннан жасалған бастан, мына мағынада төмен болды: оған Яһуданы жою мүмкіндігі берілмеді. Келесі дүниежүзілік ірі мемлекет мыспен бейнеленген Грекия болды. Мыстың күміске қарағанда сапасы төмен болатыны сияқты, Грекия да Мидия-Парсы мемлекетінен төмен болған. Грекия мемлекетінің аумағы үлкенірек болғанымен, оған Мидия-Парсы ие болған мәртебе — Құдай халқын тұтқындықтан босату мәртебесі — берілмеген еді.

4:7, 8, 17—19. Набуходоносордың түсіндегі үлкен ағаш нені бейнелейді? Бастапқыда бұл ағаш дүниежүзілік ірі мемлекеттің билеушісі болған Набуходоносорды бейнелеген. Алайда биліктің ‘жер-дүниеге түгел жетті’ деп сипатталуы ағаштың анағұрлым зор нәрсені бейнелейтінін көрсетеді. Даниял 4:17-де (ЖД, [4:14]) бұл түс “Ең жоғарғының” адамзатқа жүргізетін билігімен байланыстырылады. Олай болса, ағаш Ехобаның бүкіләлемдік билігін, әсіресе жер бетіне жүргізетін билігін, де бейнелейді. Сонымен, түстің алғашқы орындалуы Набуходоносордың билігіне қатысты болса, екінші рет орындалуы Ехобаның билігіне қатысты.

4:13, 20, 22, 29, 30. “Жеті дәурен”, не жеті кезең, қанша уақытқа созылды? Набуходоносордың сырт келбеті өзгеру үшін жеті күннен әлдеқайда ұзақ уақыт қажет еді. Сондықтан оның жағдайында “жеті дәурен” әрқайсысы 360 күнге созылған жеті жылды, немесе 2 520 күнді, білдіреді. Пайғамбарлықтың үлкен көлемде орындалуында бұл уақыт 2 520 жылға тең (Езекиел 4:6, 7). Ол б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің жойылуынан басталып, б. з. 1914 жылы Иса көктегі Патша ретінде таққа отырғанда аяқталды (Лұқа 21:24).

6:6—10. Ехоба өзіне дұға еткенде, денені белгілі бір қалыпта ұстауды талап етпейтіндіктен, Даниялдың 30 күн бойы жасырын дұға еткені даналық болмас па еді? Жұрттың бәрі Даниялдың күніне үш рет дұға ететінін білетін. Сондықтан оған қастандық жасаушылар дұға етуге тыйым салатын жарлық шығартады. Даниял дұға ету әдетіне қатысты қандай да бір өзгеріс жасағанда, басқалар мұны өз принциптеріне берік болмады деп түсінуі мүмкін еді және бұл оның Ехобаға шын берілгендік танытпағанын көрсетер еді.

Біз үшін сабақ:

1:3—8. Даниял мен оның үш жолдасының Ехобаға адал болып қалуға бекем бел буғандарына ата-анасының берген тәрбиесі әсер еткен болса керек. Бұл осындай тәрбиенің олар үшін қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді. Құдайды қастерлейтін ата-аналардың өмірлерінде рухани істерді бірінші орынға қойып, балаларына да осылай етуді үйреткендері жөн. Сонда балалары мектепте не басқа жерде кезігуі мүмкін кез келген азғырулар мен қысымға қарсы тұруы әбден мүмкін.

1:10—12. Даниял ‘әтектер бастығының’ патшадан неге қорыққанын түсінген, сондықтан өтінішін айтып, оны мазалай бермеді. Алайда ол кейінірек өздеріне күзетші етіп бекітілген кісіге жүгінеді. Бұл кісі оларға жылы қабақ танытқан болса керек. Қиын жағдайға кезіккенде, біз де көрегендік, түсінушілік пен даналық танытуымыз керек.

2:29, 30. Біз де Даниялға еліктеп, Ехобаның қарастырған рухани шараларының арқасында ие болған біліміміз, қандай да бір қасиеттеріміз бен қабілеттеріміз үшін оны мадақтауымыз керек.

3:16—18. Үш еврей жігіті тамаққа қатысты мәселеде ұстанымдарына берік болмағанда, кейінірек нық сеніммен жауап қатуы екіталай болар еді. Біз де ‘қай нәрседе де адал болуға’ тырысуымыз керек (Тімотеге 1-хат 3:11).

4:21—24. Даниял Набуходоносорға басына не түсетінін және ‘өмірін ұзарту’ үшін не істеу керектігін айтқанда, сенім мен батылдық танытқан болатын. Ехобаның қатаң соты жайлы ескерту де кіретін Патшалық туралы хабарды жариялау үшін бізге де осындай сенім мен батылдық қажет.

5:30, 31. Бабылға қарсы айтылған сөздер орындалды (Ишая 14:3, 4, 12—15). Бабыл патшасының әулеті сияқты көкіректік танытатын Шайтан Ібіліс те масқаралықпен жойылмақ (Даниял 4:27; 5:2—4, 23).

ДАНИЯЛ КӨРГЕН АЯНДАРДЫҢ МӘНІ

(Даниял 7:1—12:13)

Б. з. б. 553 жылы Даниял алғаш рет түсінде аян алғанда, жасы 70-тен асып қалған болатын. Ол дүниежүзілік ірі мемлекеттердің өз заманынан біздің күнімізге дейінгі алмасуын бейнелейтін төрт алып хайуанды көреді. Ал көктегі көрініс жайлы аянында ол “таусылмайтын мәңгілік билік” берілген “Адам ұлын” көреді (Даниял 7:13, 14). Екі жылдан соң Даниял Мидия-Парсы, Грекия туралы және “зұлымдықтың майын ішкен бір патша” келетіні жайлы аян алады (Даниял 8:23).

Б. з. б. 539 жыл. Бабыл құлап, мидиялық Дарий халдейлердің патша тағына отырады. Даниял Исраил жерін қалпына келтіруін сұрап, Ехобаға дұға етеді. Ол дұға етіп жатқанда, Құдай оған Мәсіхтің келуіне қатысты ‘жөн-жосықты үйрету’ үшін Жәбірейіл періштені жібереді (Даниял 9:20—25). Б. з. б. 536—535 жылдар. Исраилдің тамтығы Иерусалимге оралады. Бірақ ол жерде исраилдіктерге ғибадатхананы салуға қарсылық көрсетіледі. Осыны ойлап, Даниял қатты мазасызданады. Ол бұл туралы үзбей дұға етеді, ал Ехоба дәрежесі жоғары періштесін жібереді. Бұл періште оны нығайтып, жігерлендірген соң, солтүстік патша мен оңтүстік патшаның билікке таласатыны жайлы пайғамбарлық айтады. Екі патшаның арасындағы қақтығыс Ескендір Зұлқарнайынның патшалығын төрт қолбасшысы өзара бөлісіп алған уақыттан Ұлы Әмірші ‘Михаил бас көтергенге’ дейін жалғасады (Даниял 12:1).

Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:

8:9. ‘Ғажайып ел’ нені бейнелейді? Бұл жағдайда ‘ғажайып ел’ Англия-Америка ірі мемлекеті кезіндегі майланған мәсіхшілердің жердегі жағдайын бейнелейді.

8:25. ‘Әміршілердің Әміршісі’ деген кім? “Әмірші” деп аударылған еврейдің сар сөзі, негізінен, “басшы” дегенді білдіреді. ‘Әміршілердің Әміршісі’ деген лауазым тек Ехоба Құдайға қатысты қолданылады. Өйткені ол — ‘бірінші кінәздердің [әміршілердің] бірі Михаилді’ қоса алғанда, барлық әмірші періштелердің Басшысы (Даниял 10:13).

9:21. Неге Даниял Жәбірейіл періштені ‘адам’ деген? Себебі Жәбірейіл Даниялға бұрынырақта көрген аяндағыдай адам кейпінде келген болатын (Даниял 8:15—17).

9:27. Қандай келісім 70-ші жетіліктің соңына дейін, немесе б. з. 36 жылына дейін, “сақталды” (ЖД)? Заң келісімі б. з. 33 жылы Исаны шегелеп өлтіргенде, өз күшін жойған болатын. Алайда Ехоба Исраил халқына қатысты Ыбырайыммен жасаған келісімді б. з. 36 жылына дейін сақтады. Осылай ол Ыбырайымның ұрпақтары болғаны үшін яһудилерге ерекше шапағатын ұзағырақ уақыт көрсетті. Ыбырайыммен жасалған келісім “Құдайдың рухани Исраил халқына” қатысты әлі өз күшінде (Ғалаттықтарға 3:7—9, 14—18, 29; 6:16).

Біз үшін сабақ:

9:1—23; 10:11. Даниял кішіпейіл, Құдайға шын берілген, ынталы әрі дұғада табанды болғаны үшін “өте қалаулы адам” (ЖД) деп аталды. Бұл қасиеттер оған өмірінің соңына дейін Құдайға адал болып қалуға көмектесті. Біз де Даниялға еліктеуге тырысайық.

9:17—19. Құдайдың “әділдік орнаған” жаңа дүниесінің келуін сұрап дұға етсек те, бірінші кезекте жеке басымыздың қасіреті мен қиындықтарынан арылуды емес, Ехобаның есімінің қастерленуі мен билігінің ақталуын ойлауымыз керек емес пе? (Петірдің 2-хаты 3:13)

10:9—11, 18, 19. Даниялға келген періште сияқты, біз бір-бірімізді қол ұшын беру және жұбаныш сөздер айту арқылы жігерлендіріп, нығайтуымыз қажет.

12:3. Соңғы күндерде “саналылар”, яғни майланған мәсіхшілер, “жарық жұлдыздай жарқырап”, ‘басқа қойлардан’ шыққан “өте үлкен тобырды” қоса алғанда, ‘талайлардың көзін ашып шындыққа шығарды’ (Філіпіліктерге 2:15; Аян 7:9; Жохан 10:16). Майланғандар Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде онымен бірге жердегі тілалғыш адамзатқа төлем құрбандығының бар игілігін көруге көмектескенде, толық мағынада ‘жұлдыздарша сәуле шашады’. ‘Басқа қойлар’ майланған мәсіхшілерге адалдық танытып, оларға барлық жағынан шын жүректен қолдау көрсетулері керек.

Ехоба өзінен ‘қорқатындарға батасын береді’

Даниял кітабынан ғибадат етіп жүрген Құдайымыз жайлы не білеміз? Ондағы орындалып қойған және әлі де орындалуы керек пайғамбарлықтар жайлы ойлап көрші. Олар Ехобаның өз сөзін Орындаушы Құдай екенін қалайша айқын көрсетеді десеңші! (Ишая 55:11)

Құдай жайлы Даниял кітабындағы жазылған оқиғалардан не білуге болады? Бабылдың патша сарайындағылары сияқты өмір сүруден бас тартқан төрт жас еврей жігітіне Құдай ‘ақыл мен парасат және білім’ берді (Даниял 1:17). Шынайы Құдай періштесін жіберіп, Шидрақ, Мишақ пен Абденагоны жанып тұрған пештен, ал Даниялды арыстандардың аузынан құтқарды. Иә, Ехоба өзіне ‘сенетіндердің жәрдемшісі және қалқаны’, сондай-ақ ол өзінен ‘қорқатындарға батасын береді’ (Забур 113:17, 21).

[Сілтеме]

a Көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” (ор.) басылымын қараңдар. Онда Даниял кітабының әрбір тармағы жеке-жеке талқыланады.

[32-беттегі сурет]

Неге Даниял “өте қалаулы адам” деп аталды?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу