Этникалық төзімсіздік мәселесі қалай шешіледі?
ИСПАНИЯНЫҢ бір елінде төреші футбол ойынын тоқтатуға мәжбүр болды. Неліктен? Өйткені көптеген жанкүйер Камеруннан келген ойыншыға қорлық сөздерін оқтай боратып, бұған шыдап тұра алмаған ойыншы алаңнан кетемін деп қорқытқан болатын. Ал Ресейде болса Африка, Азия және Латын Америкасынан келгендерді аяусыз ұрып-соғу осы күндері жиі кездеседі. Бұл елде 2004 жылы нәсілі басқа адамға жасалған қастандық әрекеттердің саны 55 пайызға өсіп, 2005 жылы 394-ке дейін жетті. Британияда сауалнамаға қатысқан азиялық және қара нәсілді адамдардың үштен бірі жұмыстан босатылғандарына нәсілдік алалаушылық себеп болды деп ойлайтындарын айтты. Бұл — бүкіл дүние жүзіндегі жағдайды көрсететін бірнеше мысал ғана.
Этникалық төзімсіздік әртүрлі деңгейде — қорлайтын не кемсітетін сөздерден бастап, мемлекет саясатына сай, қандай да бір этникалық топты жоюға дейін — көрініс алып отырa. Этникалық төзімсіздіктің басты себебі қандай? Оны танытудан қалайша аулақ бола аламыз? Бүкіл адамзат ынтымақта тұратын кез келеді деп үміттенуге негіз бар ма? Осы сұрақтарға Киелі кітаптан көңіл қоярлық жауап табуға болады.
Жәбірлеушілік пен жеккөрушілік
Киелі кітапта: “Адамның ішкі ниеті бала кезден-ақ зұлымдыққа бейім”,— делінген (Жаратылыс 8:21). Сондықтан кейбіреулердің өзгелерді жәбірлеуден рақат алатыны таңғалдырмайды. Киелі кітапта тағы былай делінген: “Міне, көз жастары көл болған жәбірленушілер, ал оларды жұбатушы ешкім жоқ; оларды жәбірлеушілердің қолында — күш-қуат бар” (Екклесиаст 4:1).
Киелі кітап этникалық жеккөрушіліктің ежелден келе жатқан құбылыс екенін көрсетеді. Мысалы, б. з. б. XVIII ғасырда Мысыр перғауыны ұлты еврей Жақып пен оның үлкен отбасына өз еліне көшіп келуді ұсынған болатын. Алайда кейінірек таққа отырған басқа перғауын осы үлкен топты құраған адамдардан қауіптене бастады. Сосын, Киелі кітапта айтылғандай, ‘Патша өз халқына: — Қараңдаршы, Исраилдің үрім-бұтағы тым көбейіп, күшейіп кетті. Ендеше ақылды шара ойластырып, олардың бұдан әрі көбеюлеріне жол бермейік,— деп ойындағысын айтты. Сонда олар Исраил халқын ауыр жұмыспен діңкелетіп, қысым көрсету үшін үстерінен бақылаушылар тағайындады’ (Мысырдан шығу 1:9—11). Мысырлықтар тіпті Жақыптың ұрпағынан туған барлық ұл балаларды өлтіруді бұйырды (Мысырдан шығу 1:15, 16).
Басты себебі неде?
Этникалық төзімсіздікпен күресуде дүниежүзілік діндердің көмегі шамалы болып отыр. Әрине, осы күрес жолында жанын қиюға дайын болғандар жоқ емес-тін, сөйтсе де, жалпы алғанда, діндер көбінше қысым көрсетушілерге жақтас болып келді. Осы орайда, Құрама Штаттарында бір кездері орын алған жағдайды мысалға келтіруге болады. Онда ақ адамдар қара нәсілділерді заң арқылы да, өз беттерінше де күштеп бағындырды, ал аралас некеге тыйым салған заңдар 1967 жылға дейін күшінде болды. Оңтүстік Африкада болса апартеид саясаты кезінде азшылықты құрайтын топтың мүшелері нәсілі басқа адаммен некелесуге тыйым салу сияқты заңдар арқылы өздерінің жоғары дәрежесін сақтап қалуға тырысты. Осы екі жағдайда да төзімсіздік танытқан этникалық топтың кейбір мүшелері өте діндар адамдар болған.
Киелі кітап этникалық төзімсіздіктің түп тамыры қайда жатқанын көрсетеді. Онда кейбір этникалық топтардың басқаларды не себепті жәбірлейтіні айтылған. Біз былай деп оқимыз: “Сүймейтін кісі Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік. Біреу: “Құдайды сүйемін”,— дей тұра, бауырласын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады?” (Жоханның 1-хаты 4:8, 20) Бұл сөздерден адамдардың этникалық төзімсіздік танытуының басты себебі анық көрінеді: олар, діншіл болсын-болмасын, Құдайды білмейді не оны сүймейді.
Құдай туралы білім — этникалық татулықтың негізі
Құдайды танып, оған сүйіспеншілік таныту арқылы қалай этникалық татулыққа қол жеткізуге болады? Құдай Сөзінде адамдарды өзінен өзгеше болып көрінетіндерге қиянат жасамауға талпындыратын қандай білім бар? Киелі кітапта Ехоба Құдайдың бүкіл адамзаттың Әкесі екені айтылған. Ол жерден былай деп оқимыз: “Біз бәрінің бастауы болған бір ғана Құдай Әкені танимыз” (Қорынттықтарға 1-хат 8:6). Киелі кітапта тағы былай делінген: ‘Ол бір кісіден бүкіл адамзатты таратты’ (Елшілердің істері 17:26). Сондықтан барлық адамдар, негізінен, бір-біріне бауыр болып келеді.
Барлық этникалық топтар Құдайдан өмір алғандары үшін разы болса болады, алайда олардың түп аталарына қатысты бір келеңсіз жайт бар. Киелі кітап жазушысы Пауыл бұл жайлы былай деген: ‘Бір адам арқылы дүниеге күнә келді’. Сондықтан “бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды” (Римдіктерге 3:23; 5:12). Ехоба алуан түрлілікті жақсы көреді, сондықтан жаратылыстарының ішінде бір-біріне айны қатесіз ұқсағандары жоқ. Сөйтсе де ол ешбір этникалық топқа өзін жоғары санауға негіз берген жоқ. Қандай да бір этникалық топтың өзін өзгеден артық санауы бүгінде кең тарағанмен, бұл Жазбаларда айтылғандарға қайшы келеді. Иә, Құдайдың берген білімі этникалық ынтымаққа бастайтыны анық.
Құдай барлық халықтың қамын ойлайды
Кейбіреулерде “Құдай Исраил халқына ерекше ықылас танытып, оларға басқа ұлттардан оқшау жүруді бұйыруымен этникалық алалаушылыққа талпындырған жоқ па?” деген сұрақ туады (Мысырдан шығу 34:12). Кезінде Құдайдың Исраил халқын өзінің ерекше меншігі ретінде таңдап алуына олардың арғы атасы Ыбырайымның берік сенімі себеп болды. Билеушілерді тағайындап, заңдар беру арқылы Құдай ежелгі Исраилді өзі басқарды. Олар Құдайдың орнатқан осы тәртібіне бағынып жүрген кезде басқа халықтар Құдайдың басқаруы мен адамның басқаруының арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екенін көре алған. Сондай-ақ сол кездері Ехоба Исраил халқына бүкіл адамзат өзімен жақсы қарым-қатынаста болу үшін құрбандық берілу қажет екенін ұғындырған. Осылайша Ехобаның Исраилмен қарым-қатынаста болуының игілігін барлық халықтар көрді. Бұл Ехобаның Ыбырайымға айтқан келесі сөздеріне сай еді: “Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебі сен Менің тілімді алып жүрдің” (Жаратылыс 22:18).
Исраил халқы сондай-ақ Құдайдан келген қасиетті сөздерді есту және арасынан Мәсіх шығатын халық болу мәртебесіне ие болды. Бірақ бұл да барлық халықтардың пайдасы үшін еді. Яһудилерге берілген Еврей жазбаларында барлық халықтардың керемет баталар алатын кезі жүрек жылытар сөздермен сипатталған: “Көптеген халықтар сонда барып былай дейді: — Кәне, келіңдер, Жаратушы Иенің тауына шығып, Жақыптың Құдайының үйіне кірейік, Ол бізге Өзінің жолдарын үйретеді... бір халыққа бір халық семсер көтермейтін болады, содан кейін соғыс өнерін үйренуді қояды. Әркім өз жүзімінің сабағы астында, інжірдің саясында отырады, ешкім оларды қорқытып-үркітпейді” (Миха 4:2—4).
Исаның өзі яһудилерге ғана уағыздағанмен: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады”,— деген болатын (Матай 24:14). Бірде-бір халық ізгі хабарды естімей қалмауы керек. Сондықтан Ехоба ешбір этникалық топты алаламаудың кемелді үлгісін көрсетіп отыр: ‘Құдай адамның бет-жүзіне қарамайды. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды’ (Елшілердің істері 10:34, 35).
Құдайдың ежелгі Исраил халқына берген заңынан да оның барлық халықтардың қамын ойлайтыны көрінеді. Заңда Исраил жерінде тұрып жатқан өзге ұлт адамдарына жай төзімділік танытудан да көп нәрсе талап етілгенін көруге болады. Онда былай делінген: “Сендерге келіп қоныс тепкен келімсектер сендер үшін өздеріңнің тұрғылықты жұрттарың секілді болсын; оларды да өздеріңдей құрметте; себебі, сендер де Мысыр жерінде кірме болғансыңдар” (Леуіліктер 19:34). Құдай заңдарының көбісінде жат жерліктерге қайырымдылық таныту керектігі айтылған. Сондықтан Исаның арғы атасы Боғоз көмекке мұқтаж шетелдік әйелдің масақ теріп жүргенін көргенде, Құдай заңынан үйренгеніне сай әрекет етіп, егіншілерінің оған масақты молынан қалдырып отыруын қадағалаған (Рут 2:1, 10, 16).
Иса мейірімділікке үйреткен
Иса Құдай туралы білімді бәрінен де жақсы ашқан. Ол шәкірттеріне өздерінен ерекшеленетін адамдарға қалай мейірімділік таныту керектігін көрсеткен. Бірде ол самариялық әйелмен әңгіме бастайды. Самариялықтар яһудилер жек көретін этникалық топқа жататын, сондықтан да бұл әйел таңырқап қалады. Әңгіме барысында Иса оған мәңгілік өмірге жету үшін не істеу керектігін түсінуіне мейірімділікпен көмектеседі (Жохан 4:7—14).
Сондай-ақ Иса басқа этникалық топтағы адамдарға қалай қарауымыз керектігін қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімесі арқылы үйретті. Осы кісі қарақшылар ауыр жарақаттап, тонап кеткен яһудиге кезігеді. Самариялықтың: “Мен неге яһудиге көмектесуім керек? Яһудилер менің халқымды жек көреді ғой”,— деп ойлауына болар еді. Алайда Иса самариялықтың жат жерліктерге деген көзқарасы басқа болғанын көрсетті. Өзге жолаушылар жаралы кісінің қасынан өтіп кетеді, ал самариялықтың ‘оған жаны ашиды’, сөйтіп, біраз ақшасын шығындап, көмек көрсетеді. Иса астарлы әңгіменің соңында Құдайдың ықыласына ие болғысы келгендердің осылай етуі керектігін айтты (Лұқа 10:30—37).
Елші Пауыл Құдайға ұнамды болғысы келетіндерді болмыстарын өзгертіп, адамдарға Құдай қарағандай қарау керектігін үйреткен. Ол былай деп жазды: ‘Ескі күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетін тастап, [“тура білімнің арқасында”, ЖД] жаңа ізгі болмысқа ие болдыңдар. Бұл жерде яһуди не басқа ұлттық, сүндеттелген не сүндеттелмеген, шетелдік не көшпенді скиф мәселе емес. Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді’ (Қолостықтарға 3:9—14).
Құдай туралы білім адамды өзгерте ме?
Ехоба Құдай туралы білім басқа этникалық топтағы адамдарға деген көзқарасты өзгерте ме? Канадаға Азиядан көшіп келіп, осы жерде алалаушылыққа кезіккен бір әйелмен не болғанын қарастырайық. Ол Ехоба куәгерлерін кездестіріп, олармен Киелі кітапты зерттей бастайды. Кейінірек оларға жазған алғыс хатында былай дейді: “Сендер өте жақсы әрі мейірімді ақ нәсілді адам екенсіңдер. Сендердің басқа ақ адамдарға ұқсамайтындарыңды байқағанымда, менде “неге?” деген сұрақ туды. Ойлана, ойлана, сендер Құдайдың куәгерлерісіңдер деген тоқтамға келдім. Бұл Киелі кітаптың арқасында болса керек. Сендердің кездесулеріңде ақ, қара, қоңыр және сары адамдардың жүргенін көрдім. Алайда олардың жүректері бір түсті — мөлдір, өйткені олардың барлығы да бір-біріне бауырлас. Енді мен олардың осындай болуына кім септігін тигізгенін білемін. Ол — сендердің Құдайларың”.
Құдай Сөзінде “жер беті Құдай туралы білімге толатын” уақыттың келетіндігі алдын ала айтылған (Ишая 11:9, ЖД). Қазірдің өзінде Киелі кітап пайғамбарлығы орындалып, ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ миллиондаған адамды шынайы ғибадат біріктіруде (Аян 7:9). Олар жеккөрушілікті сүйіспеншілік алмастыратын қоғамның бүкіл дүниежүзінде орнайтын кезін асыға күтеді. Сол кезде: “Жердегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады”,— деген Ехобаның Ыбырайымға айтқан ниеті орындалады (Елшілердің істері 3:25).
[Сілтеме]
a “Этника” сөзі адамдардың нәсілі, ұлты, діні, тілі мен мәдениетіне қатысты ерекшеліктерін сипаттайды.
[4-беттегі сурет]
Құдай заңы исраилдіктерді жат жерліктерге сүйіспеншілік көрсетуге үйреткен
[5-беттегі сурет]
Қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімеден не нәрсеге үйрене аламыз?
[6-беттегі суреттер]
Құдай этникалық топтың ешбіріне өзін басқалардан жоғары ұстауға негіз берген жоқ