Бет-жүзге қарамайтын Құдайымыз Ехобаға еліктеңдер
“Құдай ешкімнің бет-жүзіне қарамайды” (РИМДІКТЕРГЕ 2:11).
1, 2. а) Жалпы алғанда, қанахандықтарға қатысты Ехобаның еркі қандай еді? ә) Ехоба не істеді және осыған байланысты қандай сұрақтар туындайды?
ИСРАИЛДІКТЕР б. з. б. 1473 жылы Моаб жазығында Мұсаның айтқандарын мұқият тыңдады. Иордан өзенінің арғы жағында оларды қиын жағдай күтіп тұрды. Мұса Ехобаның еркін жариялап, исраилдіктердің Уәде етілген жерде тұрып жатқан қуатты жеті Қанахан халқын жою керек екенін айтты. Мұсаның: “Құдайың Жаратқан Ие оларды міндетті түрде алдыңа жығып береді, сөйтіп оларды талқандайсың”,— деген сөздері оларға қандай үлкен жігер десеңші! Исраилдіктер олармен бітім жасаспау керек еді және олар аяуға лайық емес еді (Заңды қайталау 1:1; 7:1, 2).
2 Сонда да, Ехоба исраилдіктер жаулап алған алғашқы қаладағы бір отбасын аман қалдырды. Сонымен қатар Ол тағы да басқа төрт қаланың адамдарын қорғап қалды. Неге бұлай болды екен? Біз осы қанахандықтардың тірі қалуынан Ехоба жайында не білеміз? Біз оған қалай еліктей аламыз?
Ехоба жайында естіген соң, олар әрекет етті
3, 4. Исраилдіктердің жеңісі жайлы хабар Қанахан жеріндегі адамдарға қалай әсер етті?
3 Исраилдіктер Уәде етілген жерге кірмес бұрын қырық жыл бойы шөл далада кезіп жүргенде, Ехоба халқын қорғап, олар үшін соғысып жүрді. Уәде етілген жердің оңтүстігінде Қанахан патшасы Арада исраилдіктерге қарсы соғысқа шығады. Ехобаның арқасында исраилдіктер Хорманың түбінде патшаны халқымен қоса талқандап тастады (Руларды санау 21:1—3). Кейін исраилдіктер Едомның орталық бөлігін айналып өтіп, солтүстікке қарай Өлі теңіздің солтүстік-шығыс жағына бет алды. Бұрын бұл аймақта Моаб халқы тұрса, енді аморлықтар тұрып жатты. Аморлықтардың Сигон атты патшасы исраилдіктерді өз жерінен өткізбей қояды. Олар Иааца деген жерде, Арнон ағысының солтүстік жағында болса керек, шайқасқа түсіп, Сигон сол жерде қаза болады (Руларды санау 21:23, 24; Заңды қайталау 2:30—33). Одан солтүстікте орналасқан Башан жерінде Ог деген патша басқарып тұрды. Ол алып болғанымен, Ехобаға қарсы тұра алған жоқ. Ог Едрей жерінде қаза болды (Руларды санау 21:33—35; Заңды қайталау 3:1—3, 11). Исраилдіктердің Мысырдан шыққанын білетін Қанахан елі осы жеңіс туралы хабарды естігенде, дүрлігіп кетедіa.
4 Иордан өзенінен өтіп, Қанахан жеріне алғаш аяқ басқан исраилдіктер шатыр тігіп, Ғылғал жеріне орналасты (Ешуа 4:9—19). Жақын маңда жақсы бекінген Иерихон қаласы тұрды. Қанахандық Рахаб атты әйел Ехобаның істерін естігенде, сеніммен әрекет етті. Сондықтан Ехоба Иерихонды күйреткенде, ол Рахаб пен оның үйіндегі адамдарды аман алып қалды (Ешуа 2:1—13; 6:17, 18; Жақып 2:25).
5. Гибеондықтардың айлаға баруына не түрткі болды?
5 Бұдан кейін исраилдіктер Иордан жазығынан жоғары қарай сол аймақтың орталығындағы қыраттарға көтерілді. Ехобаның нұсқауы бойынша, Ешуа Гай қаласына торуыл жасап, оны да қиратты (Ешуа 8-тарау). Бұл жаңалықты естіген соң, Қанахан жерінің біраз патшасы бірігіп соғысқа қол жинады (Ешуа 9:1, 2). Ал жақын маңдағы хевтердің Гибеон қаласының тұрғындарының іс-әрекеті басқаша болды. Олар Ешуа 9:4 айтылғандай, “айла тауып кетті”. Рахаб сияқты олар да Ехобаның Мысырдан өз халқын қалай құтқарғанын және Сигон мен Огты қалай өлтіргенін естіген болатын (Ешуа 9:6—10). Гибеондықтар қарсыласудың бос әурешілік екенін түсінді. Сонымен Гибеон және көрші жатқан үш қала Кефир, Берот және Қырият-Иғаримнің жағдайын ойлап, олар Ғылғалдағы Ешуаға алыс елден келгендей киініп алған өкілдерін жібереді. Олардың әскери айласы іске асты. Ешуа өмірлерін сақтайтын кепілдік ретінде, олармен келісім жасасты. Үш күннен соң Ешуа және басқа исраилдіктер өздерінің алданып қалғанын білді. Бірақ олар Ехобаның атымен ант еткендіктен, сөздерінде тұруға тура келді (Ешуа 9:16—19). Бұны Ехоба қолдады ма?
6. Ехоба Ешуаның гибеондықтармен келісім жасасқанына қалай қарады?
6 Исраилдіктер Гибеондықтарды отын жарып, су тасушы ретінде қалдырды. Тіпті бұл қызметті Ехобаның киелі шатыры үшін де атқаруға жол берді (Ешуа 9:21—27). Ол, ол ма, тіпті аморлықтардың бес патшасы әскерін біріктіріп, гибеондықтардың көзін құртпақ болғанда, Ехоба керемет түрде өзінің құдіретін көрсетті. Көп адам Ешуаның әскерінен гөрі, аспаннан жауған тастан өлді. Исраилдіктер қарсыластарын толығымен талқандау үшін, Ехоба Ешуаның өтінішіне құлақ асып, күн мен айды тоқтатып та қойды. “Бұған дейін де, бұдан кейін де Құдайдың адам баласының даусына осыншама құлақ асқан күні болған емес,— деді Ешуа.— Себебі Ехоба исраилдіктер үшін өзі соғысқан” (Ешуа 10:1—14).
7. Кейбір қанахандықтардың басынан өткен оқиғадан Петір айтқан қандай принцип байқалды?
7 Қанахандық әйел Рахаб пен оның отбасы да, гибеондықтар сияқты Ехобаның алдында қорқыныш сезіміне бөленді және соған сәйкес әрекет етті. Олардың басынан өткен оқиға кейінірек елші Петір айтқан принципті жақсы түсіндіреді: “Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол әр ұлттың өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды” (Елшілердің істері 10:34, 35).
Ехобаның Ыбырайым мен Исраилге деген көзқарасы
8, 9. Ехобаның бет-жүзге қарамайтыны оның Ыбырайым мен Исраил халқына деген көзқарасынан қалай көрінді?
8 Жақып атты шәкірт Құдайдың Ыбырайым мен оның ұрпағына түсірген рақымына көңіл аударды. Ыбырайым шыққан тегінің арқасында емес, өзінің сенімі арқылы “Құдайдың досы” болды (Жақып 2:23). Ыбырайымның сенімі мен Ехобаға деген сүйіспеншілігінің арқасында оның ұрпақтары батаға ие болды (2 Шежірелер 20:7). Ехоба Ыбырайымға былай деп уәде берді: “Саған ақ батамды шүбәсіз үйіп-төгіп бере отырып, аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағасындағы құм қиыршықтары қаншалықты көп болса, Мен сенің ұрпақтарыңды да соншалықты сансыз етіп көбейтемін”. Бірақ келесі тармақта мынадай уәде айтылады: “Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады” (Жаратылыс 22:17, 18; Римдіктерге 4:1—8).
9 Иә, Ехоба бет-жүзге қарамайды, Исраил халқына қалай қарағанынан ол барлық тілалғыш халықтар үшін не істей алатыны көрінеді. Ехобаның өз халқына қалай қарағанынан оның адал қызметшілеріне деген айнымас сүйіспеншілігі көрінеді. Исраил халқы Ехобаның ерекше меншігі болғанымен, басқалар Құдайдың рақымына ие бола алмайды дегенді білдірмеген (Мысырдан шығу 19:5; Заңды қайталау 7:6—8). Рас, Ехоба Исраил халқын Мысырдағы құлдықтан босатып алғандықтан, оларға: “Жердегі барша халықтың ішінен Мен тек қана сендерді мойындадым”,— деп айтқан. Бірақ, сонымен қатар Ехоба Амос және басқа да пайғамбарлар арқылы ‘барлық халықтардың адамдарын’ керемет болашақ күтіп тұрғанын айтады (Амос 3:2; 9:11, 12; Ишая 2:2—4).
Иса — бет-жүзге қарамайтын ұстаз
10. Иса қалай бет-жүзге қарамай Әкесіне еліктеді?
10 Жерде қызмет етіп жүргенде, Әкесінің дәлме-дәл бейнесі болған Иса Ехобаның бет-жүзге қарамайтын қасиетіне еліктеген (Еврейлерге 1:3). Ол кезде Иса үшін Исраилдегі “адасып кеткен қойларға ұқсас” адамдарды табу ең маңызды іс болды. Бірақ ол құдықтың басында кездескен самариялық әйелге куәлік беруден де бас тартқан жоқ (Матай 15:24; Жохан 4:7—30). Сонымен қатар жүзбасының да, ол яһуди емес болғанға ұқсайды, өтінішін орындап, керемет іс жасайды (Лұқа 7:1—10). Сонымен қатар Иса өзінің ісімен Құдай халқына деген сүйіспеншілігін көрсетті. Исаның шәкірттері де барлық жерде уағыздаған. Ехобаның батасын алу үшін адамның ұлты емес, пейілінің дұрыс болу керек екені анық көрінді. Кішіпейіл, ақ ниетті әрі шындыққа сусаған адамдар Патшалық жайлы ізгі хабарды қабыл алды. Керісінше, тәкаппар және менмен адамдар Исаны да, оның айтып жүрген хабарын да менсінбеді. “Көк пен жердің Иесі — Әке! — деді Иса.— Осы жайларды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды білімсіздерге ашып көрсеткендерің үшін Сені дәріптеймін. Иә, Әке, саған осылай болғаны ұнап тұр” (Лұқа 10:21). Басқаларға деген көзқарасымыз сүйіспеншілікке және сенімге негізделсе, бұл біздің бет-жүзге қарамай әрекет еткенімізді білдіреді және бұның Ехобаға ұнамды болатынын білеміз.
11. Ертедегі мәсіхшілер қауымында бет-жүзге қарамау қалай байқалған?
11 Алғашқы мәсіхшілер қауымында яһудилер және яһуди еместердің арасында теңдік болған. “Игілік істейтін әркімді,— деді Пауыл,— алдымен яһудиді, сондай-ақ басқа ұлт адамдарын да ұлылық, құрмет, амандық пен тыныштық күтіп тұр. Себебі Құдай ешкімнің бет жүзіне қарамайды” (Римдіктерге 2:10, 11). Өзінің рақымын жаудыра отырып, Ехоба адамдардың шығу тегін емес, оларға Өзі жайында және Ұлы Исаның азаттық төлемінің арқасында болатын болашақ жайындағы білім қалай әсер ететінін ескерді (Жохан 3:16, 36). Пауыл былай жазған: “Сырт бейнесінде емес, жан дүниесінде Құдайдың адамы болған ғана Оның таңдаулы халқына жатады. Сондай адамның сүндеттелуі тәнінде ғана емес, жан дүниесінде болу керек. Бұл рухани жаңартылу жазылған заңнан емес, Киелі Рухтан пайда болады”. Содан соң Пауыл “яһуди” (“Яһуда ұрпағынан” деген, яғни “мадақтау” дегенді білдіретін) сөзінің мағынасын қолданып, былай деп тұжырымдады: “Ондай кісіні адам баласы емес, Құдайдың өзі мадақтайды” (Римдіктерге 2:28, 29). Ехоба бет-жүзге қарамай мадақтайды. Ал біз ше?
12. Аян 7:9 қандай мүмкіндік жайында айтылады және ол кімдер үшін мүмкін?
12 Кейінірек елші Жохан аян көріп, онда ‘Құдайдың таңбасы салынған, Исраилдің барлық руларынан’ жиналған рухани халық 144 000 майланған адал мәсіхшілерді көреді. Одан кейін Жохан “өте үлкен тобырды” көрді. “Олар әрбір ұлттан, халықтан, тілден шығып, тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киіп, қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұр екен” (Аян 7:4, 9). Сонымен қазіргі мәсіхшілер қауымында барлық ұлттың және тілдің өкілдеріне есік ашық. Шыққан тегіне қарамастан, кез келген адамның ауыр азаптан аман-есен өтіп, жаңа дүниеде “өмір суының” бұлақтарынан’ ішуге мүмкіндігі бар (Аян 7:14—17).
Игілікті әсер
13—15. а) Қалай нәсілдік және мәдени айырмашылықтардың әсерін жеңе аламыз? ә) Ниеттестіктің игілікті әсерін мысалмен көрсетіңдер.
13 Жақсы әке балаларын қалай жақсы білсе, Ехоба да бізді солай жақсы біледі. Сол сияқты біз басқалардың шыққан ортасы, мәдениеті жайлы білгіміз келіп, олармен танысып, оларды түсінуге тырыссақ, арамыздағы айырмашылыққа аса көңіл аудармайтын боламыз. Нәсілдік бөгеу бұзылып, достық пен сүйіспеншілік нығайып, ауызбіршілігіміз арта түседі (1 Қорынттықтарға 9:19—23). Бұны шетелдерде қызмет атқарып жүрген миссионерлердің іс-әрекетінен жақсы байқауға болады. Олар жергілікті адамдарға шынайы қызығушылық танытады, сондықтан сол адамдармен тез арада тіл табысып, қауымға сіңіп кетеді (Філіпіліктерге 2:4).
14 Бет-жүзге қарамаудың игілікті әсері көп жерлерде айдан анық көрінуде. Эфиопиядан келген Аклилу атты кісі Ұлыбританияның астанасы Лондонда жалғыздықтан жабырқап жүреді. Сонымен қатар ол айналадағы адамдардың шетелдіктерге жылы шырай танытпайтынын сезінді. Мұндай нәрсе бүгінде Еуропаның көптеген үлкен қалаларында байқалады. Аклилу Ехоба Куәгерлерінің Патшалық Сарайында өтетін жиналысқа келгенде, ол өзін сондай басқаша сезінеді! Жылы шыраймен қабылдағандықтан, көп ұзамай ол өзін үйінде жүргендей сезінді. Ол білімін тереңдеткен сайын Жаратушыға деген ризашылығы артып, рухани тез өсе бастайды. Көп ұзамай Аклилу Патшалық туралы ізгі хабарды басқаларға жеткізу мүмкіндігін іздей бастады. Бір күні Аклилудан уағыздағы серіктесі алдағы мақсаты жайында сұрағанда, Аклилу ойланбастан күндердің күнінде өзінің амхар тілінде сөйлейтін қауымның мүшесі болғысы келетінін айтады. Ағылшын тілінде сөйлейтін қауымның ақсақалдары бұл жайында білгенде, қуана-қуана Аклилудың ана тілінде Киелі кітапқа негізделген баяндама айту үшін кездесу ұйымдастырды. Көптеген шетелдіктер мен жергілікті адамдар Ұлыбританиядағы амхар тіліндегі алғашқы кездесуді қолдайтындықтарын көрсетіп, оған шақыруды қабыл алды. Бүгінгі күні эфиопиялықтар мен сол аудандағы өзге де адамдар гүлденіп өсіп келе жатқан қауымның мүшелері болып табылады. Көп адамдар Ехобаның жағына шығып, соның белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтуге еш нәрсенің кедергі болмайтынына көз жеткізді (Елшілердің істері 8:26—36).
15 Әр халықтың өзіндік ерекшеліктері мен мәдениеті бар. Бұл бір халық екіншісінен жоғары немесе төмен дегенді білдірмейді, жай әр халықтың әр түрлі екендігін білдіреді. Мальта аралындағы өздерін Ехобаға бағыштаған жаңа адамдардың шомылдыру рәсімінен өтіп жатқанын бақылап тұрған ұлыбританиялық қонақтардың қуаныштан көздеріне алған жасы жергілікті Куәгерлердің шексіз қуанышына ұласты. Мальталықтар да, ұлыбританиялықтар да өз сезімдерін әрқалай жеткізді, бірақ Ехобаға деген терең сүйіспеншілік олардың бауырластықтарын нығайтты (Забур 132:1; Қолостықтарға 3:14).
Теріс ұғымды жеңе білу
16—18. Мәсіхшілер қауымында теріс ұғымды қалай жеңуге болатынын көрсететін мысал айтып беріңдер.
16 Біздің Ехобаға және мәсіхші бауырластарымызға деген сүйіспеншілігіміз өскен сайын, Ехобаның басқаларға деген көзқарасына көбірек еліктейтін боламыз. Біз басқа ұлттың, нәсілдің және мәдениеттің адамдарына деген кез келген жаңсақ ойды жеңе аламыз. Мысал ретінде, Екінші дүниежүзілік соғыста британ әскерінде қызмет етіп, 1942 жылы Сингапурды жаулап алғанда, жапондықтардың тұтқынына түсіп қалған Альберттің жағдайын қарастыруға болады. Ол үш жылдай Кхуэной өзенінің үстінен өтетін көпірдің қасындағы “Өлім темір жолында” жұмыс істеді. Соғыс бітіп, бостандық алғанда оның салмағы небары 32 келі, мұрны мен жағы сынған, қантышқақ, құрғақ теміреткі және безгек ауруларын жұқтырған еді. Оның қасындағы басқа мыңдаған тұтқындардың халі одан да мүшкіл еді және олардың көбісі қаза болды. Осындай қатыгездікті көріп әрі өз басынан кешіріп, әбден ашынған Альберт 1945 жылы үйіне қайтқанда, Құдай немесе дін туралы ештеңе білгісі де, естігісі келген жоқ.
17 Альберттің әйелі Айрин Ехоба Куәгері болады. Оның көңіліне жағу үшін Альберт бірнеше рет Ехоба Куәгерлерінің жергілікті кездесуіне барады. Толық уақытты ізашар қызметін атқарып жүрген Пол атты жас Ехоба Куәгері Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізу үшін Альбертке келіп тұрды. Көп ұзамай Альберт Ехоба адамның бет-жүзіне емес, жүрегіне қарайтынын түсінді. Ол өмірін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтті.
18 Кейінірек Пол Лондонға көшіп барады да, жапон тілін үйреніп, сол тілде сөйлейтін қауымға барып жүреді. Ол өзінің бұрынғы қауымынан жапондық Куәгерлерді қабылдауын өтінгенде, ондағы бауырластар Альберттің осы халыққа қатысты көңілінде терең бойлаған теріс ұғымын естеріне түсіреді. Ұлыбританияға келгелі бері, Альберт жапондықтармен жүзбе-жүз кездесуден қашқақтайтын, сондықтан бауырластар Альберт өзін қалай ұстар екен деп біраз қобалжиды. Бірақ олардың қобалжуы бекер болып шығады. Альберт бауырластарды шынайы бауырмалдықпен қарсы алады (1 Петір 3:8, 9).
‘Пейілдеріңді кең жайыңдар’
19. Егер әлі де алалауға бейім болсақ, елші Пауылдың қандай кеңесі көмектеседі?
19 “Адамдарды алалау жақсы емес”,— деп жазған данышпан патша Сүлеймен (Нақыл сөздер 28:21). Өзіміз жақсы танитын адамдарға келгенде, бұл кеңесті орындау оңай. Бірақ кейде өзіміз жақсы білмейтін адамдарға жеткілікті көңіл бөлмеуіміз мүмкін. Мұндай қылық Ехобаның қызметшілеріне жараспайды. Әрине, біздің әрқашан Пауылдың ‘пейілдеріңді кең жайыңдар’ деген нақты кеңесіне құлақ асқанымыз жөн. Иә, шыққан тегіне қарамастан барлық бауырластарымызға сүйіспеншілік танытып, ‘пейілімізді кең жаюымыз’ керек (2 Қорынттықтарға 6:13).
20. Өміріміздің қандай салаларында бет-жүзге қарамайтын Құдайымыз Ехобаға еліктеуіміз керек?
20 Қандай үмітке ие болсақ та, мейлі көкке шақырылған, мейлі жерде мәңгі өмір сүру болсын, бет-жүзге қарамастан, біз жалғыз бақташысы бар бір отарда жүріп, қанағат сезіміне бөлене аламыз (Ефестіктерге 4:4, 5, 16). Бет-жүзге қарамайтын Құдайымыз Ехобаға еліктеуге бар күшімізді сала отырып қызметімізді атқарғанда, отбасында, қауымда және өміріміздің барлық саласында жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Қалайша? Келесі мақалада әңгіме осы жайында болмақ.
[Сілтемелер]
a Кейінірек Ехобаның осы керемет істері рухани жырларға қосылып айтылатын болды (Забур 134:8—11; 135:11—20).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехобаның бет-жүзге қарамайтындығы Рахаб пен гибеондықтардың жағдайында қалай көрінді?
• Адамдарға тәлім бергенде, Иса өзінің бет-жүзге қарамайтындығын қалай көрсетті?
• Біздің кейбір нәсілдер мен халықтарға деген теріс ұғымымызды жеңуге не көмектеседі?