Қарт бауырластар — жастар үшін зор бата
“Болашақ ұрпаққа Сенің құдірет-күшіңді және Сенің болашақ барлық қуатыңды айта алмағаныма дейін, қартайғанға дейін, және шашым ағарғанша, Құдай, мені жалғыз қалдырма” (ЗАБУР 70:18).
1, 2. Құдайдың жасы ұлғайған қызметшілерінің нені білгені маңызды және қазір нені қарастырамыз?
АФРИКАНЫҢ батысында тұратын бір мәсіхші ақсақал майланған қарт бауырласқа хал-жағдайын сұрап барады. Одан: “Қалың қалай?”— деп сұрағанда, ол қимылымен көрсетіп былай дейді: “Мен жүгіре де, секіре де аламын, тіпті бір аяқпен де секіре аламын”. Сосын, сөзін жалғап: “Бірақ мен ұша алмаймын”,— дейді. Ақсақал оның не айтқысы келгенін түсінген еді. Басқаша айтқанда, ол: “Бір нәрсе қолымнан келіп жатса, оны қуана істеймін. Ал шамам жетпеген нәрселерді істемеймін”,— деген болатын. Осы бауырластың хал-жағдайын сұраған ақсақалдың жасы бүгінде 80-нен асып отыр. Ол сол бауырластың адалдығы мен әзілдеп айтқан сөздерін сүйсіне есіне алып тұрады.
2 Қарт бауырластың Құдайға ұнамды қасиеттер танытқаны көптеген бауырластарға жақсы жағынан әсер етеді. Әрине, жасы ұлғайған адамның бойында даналық пен мәсіхшіге тән қасиеттер өздігінен пайда болмайды (Екклесиаст 4:13). Киелі кітапта былай делінген: “Ағарған шаш — салтанатты тәж, Ақ жолмен жүрген қол жеткізер” (Нақыл сөздер 16:31). Қарт бауырлас болсаң, сөздерің мен іс-әрекеттеріңнің басқаларға соншалықты жақсы әсер ете алатынын білесің бе? Қазір қарт қызметшілердің жастарға қаншалықты зор әсер еткенін көрсететін Киелі кітаптағы кейбір мысалдарды қарастырайық.
Бүкіл адамзатқа ықпал еткен сенім
3. Нұхтың адалдық танытқаны бүгінгі ұрпаққа қалай әсер етті?
3 Нұхтың сенім мен табандылық танытқанының пайдасын тіпті бүгінгі ұрпақ та көріп отыр. Ол кеме тұрғызып, оған жануарларды кіргізіп, маңайындағыларға уағыздап жүрген кезінде, жасы 600-ге таяп қалған еді (Жаратылыс 7:6; Петірдің 2-хаты 2:5). Нұх Құдайдан қорқатын адам болғандықтан отбасымен бірге Топан судан аман қалды және бүгінгі ұрпақтың арғы атасы болды. Рас, Нұхтың заманында адамдар ұзағырақ өмір сүрген. Бірақ тіпті әбден қартайған шағында да Нұх Құдайға адал болып қалды және бұл бүкіл адамзатқа мол игілік әкелді. Қалайша?
4. Нұхтың табандылық танытқанының бүгінгі Құдайдың қызметшілері үшін қандай пайдасы бар?
4 Нымрод Құдайдың “жерді толтырыңдар” деген бұйрығына қарсы шығып, Бабыл мұнарасын соға бастаған кезде шамамен 800 жаста болатын (Жаратылыс 9:1; 11:1—9). Нұх Нымродтың бүлігіне қатыспаған, сондықтан Құдай оның замандастарының тілін шатастырғанда, бұл оған әсер етпеген болу керек. Ол тек қартайған кезінде емес, өмір бойы сенім мен табандылық танытуымен Құдайдың әртүрлі жастағы қызметшілеріне жақсы үлгі қалдырды (Еврейлерге 11:7).
Отбасындағыларға ықпал ету
5, 6. а) Ыбырайым 75 жасқа келгенде, Ехоба оған не істеуді бұйырды? ә) Ыбырайым Құдайдың бұйрығына қалай қарады?
5 Қариялардың отбасы мүшелерінің сеніміне әсер ете алатынын Нұхтан кейін өмір сүрген Құдай қызметшілерінің өмірінен көруге болады. Ыбырайым 75 жаста болғанда, Құдай оған былай деді: “Сен еліңді, туған-туысқандарыңды және әкеңнің үйін тастап, Мен өзіңе көрсететін елге көш! Мен сен арқылы ұлы халық жасаймын, Сені жарылқаймын” (Жаратылыс 12:1, 2).
6 Саған біреу үйіңді, достарыңды, туған жеріңді, жылы ұяңды тастап, өзің білмейтін жерге баруды айтса, бұған қалай қарар едің? Ыбырайымға дәл осылай ету бұйырылды. Ол ‘Жаратқан Иенің айтуымен жолға шығып’, барлық қалған өмірінде кірме ретінде Қанахан жерінде көшіп-қонып, шатырларда тұрды (Жаратылыс 12:4; Еврейлерге 11:8, 9). Ехоба одан “ұлы халық” тарайтынын айтқан болатын, бірақ Ыбырайым дүниеден ұрпағының көбейгенін көрмей өтті. Оның әйелі Сара Ыбырайым уәде етілген жерді 25 жыл кезіп жүргеннен кейін ғана жар дегенде жалғыз ұл туып берді (Жаратылыс 21:2, 5). Бірақ Ыбырайым ұнжырғасы түсіп, еліне қайта оралмады. Сенім мен табандылықтың қандай керемет үлгісі!
7. Ыбырайымның табандылығы ұлы Ысқаққа қалай әсер етті және бұл адамзатқа қандай игілік әкелді?
7 Ыбырайымның табандылығы баласы Ысқаққа қатты әсер етті. Ол өмірінің соңына дейін, яғни 180 жыл бойы, Қанахан жерінде жат жерлік болып тұрды. Ысқақ Құдайдың уәдесіне деген сенімінің — қарт әке-шешесі жүрегіне ұялатқан және Ехоба өз сөзімен нығайтқан сенімінің — арқасында табанды болды (Жаратылыс 26:2—5). Ехобаның бүкіл адамзатқа бата әкелетін ұрпақ Ыбырайымның отбасынан шығады деген уәдесі орындалу үшін Ысқақтың табанды болғаны өте маңызды болды. Жүздеген жыл өткеннен кейін сол уәде етілген ‘ұрпақтың’ негізгі бөлігі Иса Мәсіх өзіне сенуші әркімге Құдаймен татуласуға және мәңгілік өмірге жол ашты (Жохан 3:16; Ғалаттықтарға 3:16).
8. Жақып берік сенімін қалай көрсетті және мұның нәтижесі қандай болды?
8 Ысқақ, өз кезегінде, баласы Жақыпқа берік сенім дамытуға көмектесті. Бұл сенімі Жақыпқа қартайған шағында күш берді. Бата алу үшін періштемен түні бойы күрескенде, ол 97 жаста болатын (Жаратылыс 32:24—28). 147 жасқа келген ол өлерінің алдында бар күш-қуатын жинап, 12 баласының әрқайсысына батасын берді (Жаратылыс 47:28). Жаратылыс 49:1—28 тармақтардағы оның сол кезде айтқан пайғамбарлық сөздері орындалды және орындалып жатыр.
9. Рухани толысқан қарт бауырластар отбасына қалай ықпал ете алады?
9 Иә, Құдайдың адал қызметшілері отбасына жақсы жағынан ықпал ете алады. Олардың Жазбалардағы нұсқауларды көрсетіп, дана кеңестер бергендері, сондай-ақ табандылық танытқандары жастарға қатты әсер етіп, берік сенім дамытуға көмектеседі (Нақыл сөздер 22:6). Олай болса, қарт бауырластар отбасына осылайша зор ықпал ете алатындарын білулері керек.
Бір сенімдегілерге ықпал ету
10. Жүсіп нені ‘өсиеттеді’ және мұның қандай пайдасы болды?
10 Қарт бауырластар бір сенімдегілерге де жақсы ықпал ете алады. Жақыптың ұлы Жүсіп қартайған шағында сенімін көрсетіп, өзінен кейін өмір сүрген миллиондаған Құдай қызметшілеріне әсер еткен бір қарапайым әрекет жасады. Ол 110 жасында исраилдіктерге Мысырдан кетерде ‘өзінің сүйегін бірге алып кетуді өсиеттейді’. (Еврейлерге 11:22; Жаратылыс 50:25). Өлгеннен кейін оның осы өсиеті көп жыл құлдықта болған исраилдіктерге үміттерін үзбеуге көмектесіп, құлдықтан босайтындарына сенімділік берді.
11. Жасы ұлғайған Мұса Ешуаға қалай әсер еткен болу керек?
11 Мұса — Жүсіптің сенімінен жігер алған қызметшілердің бірі. 80 жасқа келгенде, ол Жүсіптің сүйегін Мысыр жерінен алып шығу артықшылығына ие болды (Мысырдан шығу 13:19). Шамамен сол кездері ол өзінен әлдеқайда жас Ешуамен танысты. Сол уақыттан бастап 40 жыл бойы Ешуа Мұсаның жеке қызметшісі болды (Руларды санау 11:28). Ол Мұсамен бірге Синай тауына дейін барып, Мұса он өсиет жазылған тақтайшаларды ұстап таудан түскенге дейін сонда болып, оны қарсы алды (Мысырдан шығу 24:12—18; 32:15—17). Рухани толысқан Мұсаның Ешуа үшін ақыл-кеңес пен даналықтың қайнар көзі болғандығында сөз жоқ!
12. Қалайша Ешуа өмір бойы Исраил халқына жақсы жағынан ықпал етті?
12 Ал Ешуа, өз кезегінде, өмір бойы Исраил халқы үшін тірек болды. Билер 2:7 былай делінген: “Халық Иисустың [Ешуаның] барлық күндерінде және Иисустан кейін өмір сүрген әрі Жаратушы Иенің Исраилге жасаған барлық ұлы істерін көрген үлкендердің барлық күндерінде Жаратушы Иеге құлшылық етті”. Бірақ Ешуа мен ақсақалдар дүниеден өткеннен кейін, Исраил халқы 300 жыл бойы Самуил пайғамбар келгенше шынайы ғибадат пен жалған ғибадаттың ортасында болды.
Самуил ‘әділдікті орнатты’
13. Самуил ‘әділдік орнату’ үшін не істеді?
13 Киелі кітапта Самуилдың қанша жасында дүниеден өткені айтылмаған, бірақ бір белгілі жайт — Патшалықтар 1-жазбада 102 жылды қамтитын оқиғалар жазылған, ал Самуил сол оқиғалардың көбісінің куәсі болды. Еврейлерге 11:32, 33-те әділ билер мен пайғамбарлардың ‘әділдік орнатқаны’ жазылған. Иә, Самуил кейбір замандастарын күнәкар істерден аулақ болуға не олардан арылуға талпындырған (Патшалықтар 1-жазба 7:2—4). Бұны ол қалай істеген? Ол өмір бойы Ехобаға адал болған (Патшалықтар 1-жазба 12:2—5). Ол қорықпай тіпті патшаға қатаң кеңес берген (Патшалықтар 1-жазба 15:16—29). Бұған қоса, ‘басын ақ қырау шалған’ Самуил басқалар үшін дұға етуімен үлгі қалдырған. Ол Исраил халқы үшін дұға айтуға қатысты былай деген: “Жаратқан Иеге жалынып сиынуды қойып, Оған қарсы күнә жасаудан аулақ болайын!” (Патшалықтар 1-жазба 12:2, 23)
14, 15. Бүгінде қарт бауырластардың дұға етуге қатысты Самуилдан қандай үлгі алуларына болады?
14 Осы айтылған жайттар Ехобаның қарт қызметшілерінің бауырластарына қандай маңызды жолмен әсер ете алатындығын көрсетеді. Жасы ұлғайған бауырластар денсаулығына не басқа да жағдайларға байланысты мүмкіндіктері шектеулі болғанмен, өзгелер үшін дұға ете алады. Қарт бауырластар, сендердің қауым үшін айтқан дұғаларың қаншалықты маңызды екенін түсінесіңдер ме? Мәсіхтің төгілген қанына деген сенімдеріңнің арқасында сендер Ехобаның ықыласына ие болдыңдар, сондай-ақ табандылық танытқандарыңның арқасында сенімдерің ‘сыналып, берік те шынайы екендігі дәлелденді’ (Жақып 1:3; Петірдің 1-хаты 1:7). Сондықтан мына сөздерді ешқашан естен шығармаңдар: “Әділ адамдардың Құдайға сиынуларының күші орасан зор” (Жақып 5:16).
15 Ехобаның Патшалығының мүддесі үшін айтқан дұғаларың өте бағалы. Кейбір бауырластар бейтараптық сақтағаны үшін түрмеде отыр. Кейбіреулері табиғи апаттар, соғыстар мен қақтығыстардан зардап шегуде. Ал басқалары, тіпті өз қауымымыздағы бауырластар, азғырулар мен қарсылықтарға кезігуде (Матай 10:35, 36). Сендердің уағыз ісінде басшылықты қолға алған бауырластар мен қауым бақылаушылары үшін де айтып жүрген дұғаларың өте бағалы (Ефестіктерге 6:18, 19; Қолостықтарға 4:2, 3). Епафрас сияқты бауырластар үшін дұға еткендерің қандай керемет! (Қолостықтарға 4:12)
Болашақ ұрпаққа тәлім беру
16, 17. Забур 70:18-де қандай пайғамбарлық жазылған және ол қалай орындалып жатыр?
16 Жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті бар ‘басқа қойлар’ ‘кішкентай қораның’ адал мүшелерімен, яғни көкке шақырылғандармен, араласуының арқасында маңызы зор тәлім алуда (Лұқа 12:32, сілтеме; Жохан 10:16). Бұл жайлы Забур 70:18-де алдын ала былай делінген: “Болашақ ұрпаққа Сенің құдірет-күшіңді және Сенің болашақ барлық қуатыңды айта алмағаныма дейін, қартайғанға дейін, және шашым ағарғанша, Құдай, мені жалғыз қалдырма”. Иса Мәсіхпен бірге даңққа бөленуге көкке көтерілмес бұрын майланған мәсіхшілер басқа қойлардан шыққан серіктері көбірек жауапкершілік алулары үшін тәлім беруге қашанда әзір.
17 Негізінде, Забур 70:18-дегі ‘болашақ ұрпаққа’ нұсқау беру жайлы сөздерді Құдайдың майланған қызметшілерінен тәлім алған басқа қойларға да қатысты қолдануға болады. Ехоба қарияларға шындықты жаңадан қабылдап жатқандарға өзі туралы куәлік ету мәртебесін берді (Жоел 1:2, 3). Басқа қойлар майланғандардан алған тәлімнің пайдасын көруде, әрі олар Киелі кітап жайлы білімдерімен Ехобаға қызмет еткісі келетін басқа адамдармен бөлісуді қалайды (Аян 7:9, 10).
18, 19. а) Ехобаның қарт қызметшілері қандай маңызды жайттар жайлы әңгімелеп бере алады? ә) Қарт мәсіхшілер не нәрсеге сенімді болулары керек?
18 Ехобаның қарт қызметшілері, майланғандар да, басқа қойдың мүшелері де, елеулі тарихи оқиғаларды біздің күнімізбен байланыстыратын көпір іспетті. Бұндай бауырластардың кейбірі уағызда “Жаратылыстың фотодрамасы” қолданған кезде өмір сүрген. Ал кейбірі 1918 жылы түрмеге жабылған жетекшілік еткен бауырластармен таныс болған. Тағы біреулері Күзет мұнарасы радиостансысы (WBBR) арқылы баяндамалар айтуға қатысқан. Көбісі жоғарғы соттарда Ехоба куәгерлерінің діни бостандығы қалай қорғалғанын әңгімелеп бере алады. Кейбір қарт бауырластар диктаторлық режим кезінде сенімдеріне берік болып қалған. Иә, қарт бауырластар шындыққа қатысты түсініктің қалайша біртіндеп молая түскенін де айтып бере алады. Киелі кітап осындай қазынаның игілігін көруге шақырады (Заңды қайталау 32:7).
19 Қарт бауырластар жастар үшін жақсы үлгі болуға шақырылады (Титке 2:2—4). Бәлкім, сендердің табандылықтарың, дұғаларың мен кеңестеріңнің басқаларға тигізген әсері қазір көрінбейтін шығар. Нұх, Ыбырайым, Жүсіп, Мұса және тағы басқалары адалдық танытқандарының болашақ ұрпаққа қаншалықты әсер ететінін білмесе керек. Алайда олардың сенімі мен адалдықтары басқалар үшін зор үлгі болды. Сендердің де көрсеткен үлгілерің аса маңызды.
20. Үміттерін ақырына дейін берік сақтағандарды қандай баталар күтіп тұр?
20 Ауыр азаптан өткендердің қатарында болып, не қайта тірілгендердің арасында болып, ‘шынайы өмірді’ иеленгенің қандай керемет болады десеңші! (Матай 24:21, сілтеме; Тімотеге 1-хат 6:19) Мәсіхтің мыңжылдық патшалығы орнағанда, Ехобаның қарттықтың барлық салдарын жоятыны жайлы ойлап көрші. Ол кезде тәніміз тозуын тоқтатып, күннен-күнге жаңара түседі: күш-қуатымыз артып, көзіміз анық көретін болады, құлағымыз жақсы естіп, бет ажарымыз да шырайлана түседі (Әйүп 33:25; Ишая 35:5, 6). Құдайдың жаңа дүниесінде өмір сүретіндер алдарында мәңгілік жатқандықтан үнемі жас болып қала береді (Ишая 65:22). Сондықтан барлығымыз да үмітімізді ақырына дейін сақтап, Ехобаға әрі қарай да шын жүректен қызмет ете берейік. Ехоба өзінің барлық уәделерін орындайтынына, сондай-ақ оның болашақта жүзеге асыратын істері біздің күткенімізден әлдеқайда асып түсетініне сенімді болсақ болады (Забур 36:4; 144:16).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Жасы ұлғайған Нұхтың табандылық танытқанының бүкіл адамзатқа қандай пайдасы болды?
• Құдайдың ежелгі қызметшілерінің сенімі ұрпақтарына қалай әсер етті?
• Қалай Жүсіп, Мұса, Ешуа және Самуил қартайған шақтарында Исраил халқын нығайтқан?
• Қарт бауырластар жастарға қандай үлгі қалдыра алады?
[28-беттегі сурет]
Рухани толысқан Мұсаның дана кеңестері Ешуаны нығайтқан
[29-беттегі сурет]
Сендердің бауырластар үшін айтқан дұғаларыңның пайдасы зор
[30-беттегі сурет]
Жастардың адал қарт бауырластардың әңгімелерін тыңдағаны пайдалы
[31-беттегі сурет]
Ыбырайымның табандылық танытқаны Ысқаққа зор ықпал еткен