Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!
“Олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (МАТАЙ 19:6)
1, 2. Жазбалардан да, өмірден де көрінетіндей, ерлі-зайыптылар қиындықтарға кезігеді деп неге күтуімізге болады?
СЕН көлікпен ұзақ сапарға аттанғалы тұрсың делік. Жолда қандай да бір қиындықтар туындауы мүмкін бе? Ештеңе де бола қоймас деп ойлау ақымақтық болар еді. Мысалы, ауа-райы бұзылып, саған жылдамдықты азайтып, көлікті абайлап жүргізуге тура келуі мүмкін. Немесе көлігің бұзылып қалып, жөндей алмаған соң, оны жолдың шетіне шығарып, көмек іздеу керек болар. Осындай жағдайларға тап болғанда: “Жолға бекер шықтым, көлікті тастап, кері қайтайын”,— деп ойлар ма едің? Әрине, жоқ. Өйткені ұзақ жолға шыққанда, қиындықтарға кезігетініңді білесің және оларды шешудің жолдарын қарастырасың.
2 Неке жайлы да осылай деуге болады. Онда қиындықтар міндетті түрде болатындықтан, болашақ жұбайлардың бейқам, рақат өмір кешеміз деп ойлағандары даналыққа жатпас еді. Киелі кітапта ерлі-зайыптылардың ‘көп ауыртпалық көретіндігі’ ашық айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:28). Неге бұлай? Мұның себебін қысқаша айтсақ, күйеулер де, әйелдер де кемелсіз, сондай-ақ біз ‘қиын-қыстау күндерде’ өмір сүріп жатырмыз (Тімотеге 2-хат 3:1; Римдіктерге 3:23). Ендеше, бір-біріне лайық, рухани толысқан жұбайлардың өзі де қиыншылықтарға кезігіп тұрады.
3. а) Осы дүниедегі көп адам некеге қалай қарайды? ә) Неге мәсіхшілер некелерін сақтап қалуға тырысады?
3 Бүгінде кейбір ерлі-зайыптылар қиындыққа кезіккенде, бірден ажырасуды ойлайды. Көп елде ажырасқандар саны күннен-күнге артуда. Ал шынайы мәсіхшілер некеде туындаған қиындықтардан қашудың орнына, оларды шешудің жолын іздейді. Неліктен? Себебі олар некені Ехобаның берген қасиетті сыйы деп қарастырады. Иса ерлі-зайыптылар жайлы: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деген (Матай 19:6). Рас, бұл принципке сай өмір сүру барлық уақытта оңай емес. Мысалы, ерлі-зайыптыларды Киелі кітап принциптерін мойындамайтын туысқандары, неке кеңесшілері не басқалар Жазбаларға қайшы келетін себептермен бөлек тұруға не ажырасуға итермелеуі мүмкінa. Алайда мәсіхшілер некені бұза салғаннан гөрі, қиындықтарды шешіп, оны сақтап қалған әлдеқайда дұрыс екенін біледі. Олай болса, басынан-ақ некедегі мәселелерді өзгелердің айтуы бойынша емес, Ехобаның еркіне сай шешуге бел буғанымыз маңызды (Нақыл сөздер 14:12).
Қиындықтарды жеңу
4, 5. а) Некеде қандай қиындықтар туындайды? ә) Неге Құдай Сөзіндегі принциптерді некедегі қиындықтарды шешкенде де қолданған пайдалы?
4 Ерлі-зайыптылар некеде туындаған қиындықтарға ерекше көңіл бөліп отырулары керек. Олардың көбісі онша маңызды болмауы мүмкін. Алайда кейбір жұбайлардың арасында некенің негізін шайқалтатын үлкен қиындықтар да тууы мүмкін. Бәлкім, саған кейде некедегі тәжірибелі ақсақалдан көмек сұрауға тура келетін шығар. Алайда осындай жағдайдың туындағаны некеңнің сәтсіз екенін білдірмейді. Бұл, қайта, қиындықтарды шешкенде, Киелі кітаптың принциптерін ұстанудың маңыздылығын айқын көрсетеді.
5 Адамзатты жаратқан және неке құрылымын орнатқан Ехоба болғандықтан, ол некеде жақсы қарым-қатынас болу үшін не қажет екенін бәрінен де жақсы біледі. Ал біз оның Сөзіндегі кеңестеріне құлақ асамыз ба? Құлақ асатын болсақ, міндетті түрде олардың пайдасын көреміз. Ехоба ежелдегі халқына былай деген: “О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секілді, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!” (Ишая 48:18) Киелі кітаптағы басшылыққа мойынсұнғанымыз некені баянды етуге көмектеседі. Алдымен, күйеулерге қандай кеңестер берілгенін қарастырайық.
‘Әйелдеріңді сүйіңдер’
6. Киелі кітапта күйеулерге қандай кеңес берілген?
6 Ефестіктерге жазған хатында елші Пауыл күйеулерге нақты басшылық берген. Ол былай деп жазды: “Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды! Дәл осылай жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті. Әйелін сүйген өзін де сүйеді. Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, баптап күтеді, Иеміз де қауымды солай қамқорлайды. Бірақ ол сендерге де қатысты: әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің” (Ефестіктерге 5:25, 28, 29, 33).
7. а) Мәсіхшілер некесінің басты тірегі не болу керек? ә) “Әйелдеріңді сүйіңдер” деген нұсқау нені білдіреді?
7 Пауыл ерлі-зайыптылар арасында туындауы мүмкін қиындықтардың әрқайсысын айтып жатпаған. Қайта, қиындықтарды шешудің негізгі жолын көрсетіп, әрбір мәсіхшілер некесінің басты тірегі сүйіспеншілік болу керектігін айтқан. Сондықтан да жоғарыдағы тармақтарда сүю сөзі алты рет қолданылған. Байқасақ, Пауыл күйеулерге: “Әйелдеріңді... сүйіңдер”,— деп айтқан. Түпнұсқада бұл етістік үздіксіз істелетін әрекетті білдіреді. Пауыл біреуге ғашық болып қалу оңай, ал сүйіспеншілікті сақтап қалу әлдеқайда қиын екенін анық білген. Сүйіспеншілікті суытпау әсіресе бүгінгі күні қиын, өйткені біз көп адам “өзімшіл”, “ымыраға келмейтін” соңғы дәуірде өмір сүрудеміз (Тімотеге 2-хат 3:1—3). Осындай жағымсыз қасиеттердің кесірінен бүгінде көп отбасы ойран болуда. Алайда әйелін сүйетін күйеулер өзінің ой қалпы мен іс-әрекетіне осы дүниенің өзімшіл рухының ықпал етуіне жол бермейді (Римдіктерге 12:2).
Әйеліңнің қамын қалай жасай аласың?
8, 9. Қалай мәсіхші күйеу әйелінің қамын жасау керек?
8 Мәсіхші күйеу болсаң, қалай өзімшілдіктен аулақ болып, әйеліңе шынайы сүйіспеншілік көрсете аласың? Ефестіктерге жазған хатында Пауыл екі нәрсені істеуің керек екенін айтқан: әйеліңнің қамын жаса және оны өз тәніңдей көріп баптап күт, немесе аяла. Жарыңның қамын қалай жасауыңа болады? Мұның бір жолы — оны материалдық жағынан қамтамасыз ету. Пауыл Тімотеге: “Туысқандарының, әсіресе үй ішінің қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман”,— деп жазған болатын (Тімотеге 1-хат 5:8).
9 Алайда әйелдің қамын ойлауға оны киім-кешекпен, тамақпен және баспанамен қамтамасыз ету ғана жатпайды. Неге? Себебі күйеуі әйелін материалдық жағынан толық қамтамасыз еткенімен, оның эмоциялық және рухани қажеттіліктері ескерілмей қалуы мүмкін. Алайда бұл қажеттіліктерге көңіл бөлген өте маңызды. Рас, көптеген мәсіхші ер кісілер қауым істеріне көп уақыт жұмсайды. Бірақ мұндай үлкен жауапкершіліктер күйеудің отағасы ретіндегі міндетіне немқұрайды қарауына болады дегенді білдірмейді (Тімотеге 1-хат 3:5, 12). Осы туралы бірнеше жыл бұрынғы “Күзет мұнарасында” былай делінген болатын: “Киелі кітап талаптарына сай, “бақташылық қызмет үй-ішінен басталады”. Егер ақсақал үйіндегілерін елеп-ескермейтін болса, жауапкершілігінен айырылып қалуы мүмкін”b. Олай болса, сен әйеліңнің тәндік, эмоциялық, ал ең бастысы, рухани мұқтаждықтарын қамтамасыз етуге міндеттісің.
Жұбайыңды аялау деген нені білдіреді?
10. Күйеуі әйелін аялайтынын қалай көрсете алады?
10 Әйеліңді аялау деген оны сүйгендіктен жағдайын жасау дегенді білдіреді. Мұны істеудің бірнеше жолы бар. Біріншіден, жұбайыңа жеткілікті уақыт бөл. Бұлай етпесең, әйеліңнің саған деген сүйіспеншілігі суи бастауы мүмкін. Ескеретін тағы бір жайт, әйеліммен бірге жеткілікті уақыт өткізіп, оған көңіл бөліп жүрмін деп ойлағаныңмен, оның бұған көңілі толмауы мүмкін. Жарымды аялаймын деп айту жеткіліксіз, ол мұны сезінуі керек. Пауыл: “Әркім жеке басының ғана емес, басқалардың да мүдделерін ойлауы керек”,— деп жазған (Қорынттықтарға 1-хат 10:24). Әйелін сүйетін күйеу оған шынымен не қажет екенін түсінуге тырысады (Філіпіліктерге 2:4).
11. Күйеудің әйеліне қалай қарағаны Құдаймен қарым-қатынасына және қауымдағы жауапкершіліктеріне қалай әсер етеді?
11 Әйеліңді аялайтыныңды көрсетудің тағы бір жолы — ісіңде де, сөзіңде де жұмсақтық байқалып тұру керек (Нақыл сөздер 12:18). Пауыл қолостықтарға былай деп жазған: “Күйеулер, әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар!” (Қолостықтарға 3:19) Бір анықтамалыққа сүйенсек, бұл тармақтың екінші жартысы “оған малай сияқты қарама” немесе “оны күң сияқты ұстама” деп те аударылуы мүмкін. Оңашада не жұрттың көзінше болсын, әйеліне өктемдік жасайтын күйеудің оны аяламайтыны анық. Ол жарына қатыгездік көрсететін болса, Құдаймен қарым-қатынасына нұқсан келтіреді. Елші Пауыл күйеулерге былай деген: “Әйелдеріңе ілтипат пен қамқорлық көрсетіп бірге өмір кешіңдер! Жан-тәндерінің нәзік екенін түсіне отыра, оларды ерекше қастерлей біліңдер, себебі Құдай рақым етіп сыйлаған мәңгілік өмірді сендермен бірге олар да иемденеді. Тәңірге сиынған кездеріңде ештеңе кедергі болмас үшін де осылай істеңдер!”c (Петірдің 1-хаты 3:7)
12. Мәсіхші күйеу Исаның қауымға қалай қарағанынан не нәрсеге үйрене алады?
12 Әйелім мені былайша-ақ сүйеді деп ойлама. Оны айнымас сүйіспеншілігіңе сендіріп отыр. Иса қауымға мейірімділік, жұмсақтық танытып, кешірімді болуымен мәсіхші күйеулерге үлгі қалдырды. Ол тіпті шәкірттері қайта-қайта бұрыс мінез-құлық танытқан кезде де сүйіспеншілік танытқан. Сондықтан да ол басқаларға: “Менің қасыма келіңдер... Жуас, кіші пейілмін шын жүректен, Тыныштық табады сонда жандарың”,— дей алды (Матай 11:28, 29). Иса қауымға қалай қараған болса, мәсіхші күйеулер де әйелдеріне солай қарайды. Шынымен аялайтынын сөзімен де, ісімен де көрсететін күйеуінен әйелі жанына сая табады.
Киелі кітап принциптерін ұстанатын әйелдер
13. Киелі кітапта әйелдерге қатысты қандай принциптер бар?
13 Киелі кітапта әйелдерге қатысты да принциптер бар. Ефестіктерге 5:22—24, 33-ші тармақтарда былай делінген: ‘Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар; өйткені Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің “басы”. Мәсіх сенушілерді құтқарып алды, енді қауым — Оның рухани денесі. Қауымның Мәсіхке мойынсұнғанындай, әйелдер де барлық істе күйеулеріне мойынсұнуға тиіс. Әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті’.
14. Неге Жазбалардағы мойынсұну принципі әйелдерді кемсітпейді?
14 Байқасақ, Пауыл мойынсұну мен құрметтеуге баса назар аударған. Ол әйелге күйеуіне мойынсұну керектігін ескертеді. Бұл Құдайдың орнатқан тәртібіне сай: көктегі және жердегі әрбір тіршілік иесі біреуге бағынады. Исаның өзі де Ехоба Құдайға мойынсұнады (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Әрине, күйеуі басшылығын дұрыс жүргізсе, әйелі оған қиналмай мойынсұнатын болады.
15. Киелі кітапта әйелдерге қандай кеңестер берілген?
15 Пауыл сондай-ақ әйелдің “күйеуін құрметтеуге міндетті” екенін айтқан. Мәсіхші әйел менменсіп күйеуіне қарсы шықпайды не өз бетінше әрекет етпейді, қайта, “мейірімді де сабырлы” рух танытады (Петірдің 1-хаты 3:4). Құдайды қастерлейтін әйел отбасының игілігі үшін көп күш салып, отағасының абыройын арттырады (Титке 2:4, 5). Күйеуі жайлы оң сөйлеп, өзгелердің алдында қадірін түсірмеуге тырысады. Сондай-ақ оның шешімдеріне барынша қолдау көрсетеді (Нақыл сөздер 14:1).
16. Мәсіхші әйелдердің Сара мен Рабиғадан қандай үлгі алуына болады?
16 “Мейірімді де сабырлы” рух таныту деген мәсіхші әйелдің өз көзқарасы болмау керек не оның ойын ескермеу керек дегенді білдірмейді. Ежелде Құдайды қастерлеген әйелдер Сара мен Рабиға туындаған мәселеге қатысты ойларын өздері бірінші болып айтқан және Киелі кітаптан көрінетіндей, Ехоба оларды қолдаған (Жаратылыс 21:8—12; 27:46-28:4). Мәсіхші әйелдер де өз сезімдерін ашық айта алады. Алайда олар мұны жолдасының көңіліне тимей, ілтипатпен айтулары керек. Сонда олар сөздерінің әлдеқайда жағымды да нәтижелі болатынын көреді.
Неке антына адал болу
17, 18. Некелерін бұзбақ болған Шайтанға ерлі-зайыптылардың қалай қарсы тұруына болады?
17 Неке — өмірлік одақ. Сондықтан күйеу де, әйел де некелерінің сәтті болғанын шын көңілден қалаулары керек. Арада ашық пікір алысу болмаса, туындаған қиындықтар шиеленісіп, күрделі проблемаға айналуы мүмкін. Көп жағдайда қиындықтар туындағанда ерлі-зайыптылар бір-бірімен сөйлеспей қояды, сөйтіп, олардың арасында реніш туады. Кейбіреулері тіпті қарым-қатынастарын тоқтатуды ойлап, басқаларға көз сала бастауы мүмкін. Иса: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деп ескерткен (Матай 5:28).
18 Елші Пауыл барлық мәсіхшілерге, соның ішінде ерлі-зайыптыларға да, мынадай кеңес берген: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар” деп жазылған: күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар, сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!” (Ефестіктерге 4:26, 27) Басты жауымыз Шайтан мәсіхшілер арасында туындауы мүмкін келіспеушіліктерді өз пайдасына асырып қалуға тырысады. Бұған жол бермейік! Қандай да бір қиындық туындағанда, сол мәселеге қатысты Ехобаның көзқарасын білу үшін, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттердің көмегімен Жазбаларды зертте. Арада туған түсініспеушіліктер жайлы шыншылдықпен әрі сабыр сақтай отырып сөйлес. Құдай Сөзіндегі принциптерді біліп қана қоймай, оларды өміріңде қолдан (Жақып 1:22—25). Ерлі-зайыптылар ретінде әрі қарай да Құдаймен бірге жүруге бел буыңдар және Құдай қосқанды еш нәрсенің не ешкімнің ажыратуына жол бермеңдер! (Миха 6:8)
[Сілтемелер]
b 1989 жылғы 15 қазандағы “Күзет мұнарасының” (ор.) 12-бетін қараңдар.
c Қауымда жауапкершіліктерді алуға лайықты болу үшін, мәсіхші ер адам тікелей мағынада да, сөзбен де “өзгелерді ұрып-соғушы” болмау керек. 1990 жылдың 1 қыркүйегіндегі “Күзет мұнарасының” (ор.) 25-бетінде былай делінген: “Басқа жерде Құдайға ұнайтындай әрекет етіп, бірақ өз үйінде өктемдік жүргізетін ер адам талаптарға сай келмейді” (Тімотеге 1-хат 3:2—5, 12).
Естеріңде ме?
• Неге тіпті мәсіхшілердің некесінде де қиындықтар туындайды?
• Күйеуі әйелінің қамын ойлайтынын және оны аялайтынын қалай көрсетеді?
• Әйелі күйеуін терең құрметтейтінін қалай көрсетеді?
• Ерлі-зайыптылар неке одағын қалай нығайта алады?
[24-беттегі сурет]
Күйеуі әйелінің материалдық қана емес, рухани қажеттіліктерін де толық қанағаттандыру керек
[25-беттегі сурет]
Өзін аялайтын күйеуден әйелі жанына сая табады
[27-беттегі сурет]
Мәсіхші әйелдер өз сезімдерін ілтипатпен айтып жеткізеді