Құдай Сөзі қадамдарыңа бағыт берсін!
“Қадамдарымды сөздерің жарқыратады, Өмір жолыма шырақтай нұрын шашады” (ЗАБУР 118:105).
1, 2. Неге адамдардың басым көпшілігі нағыз тыныштық пен бақытқа қол жеткізе алмады?
БІРЕУДЕН жол сілтеп жіберуін сұраған кезің болған ба? Мүмкін, көздеген жеріңе жақындап қалғанда, ары қарай қалай жүреріңді білмей тұрып қалған боларсың. Немесе мүлдем адасып, артқа қайтуыңа тура келген шығар. Қалай болған күнде де, жолды білетін біреуден бағыт-бағдар сұрағаның дұрыс болмас па еді? Ол саған көздеген жеріңе адаспай жетуге көмектесер еді.
2 Мыңдаған жылдар бойы адамдар Құдайдың көмегіне жүгінбей, өмірлерінде өз қадамдарына өздері бағыт беруге тырысып келді. Нәтижесінде кемелсіз адамзат мүлдем адасты. Олар нағыз тыныштық пен бақытқа қол жеткізе алмады. Неге? 2 500 жылдан астам уақыт бұрын Еремия пайғамбар: ‘Жол жүріп бара жатқан [пенденің] табан тірер бағытты өзінің айқындауға шамасы жетпейді’,— деген болатын (Еремия 10:23). Дұрыс бағыт бере алатын біреудің көмегіне жүгінбеген адамның сәтсіздікке ұшырайтындығы сөзсіз. Шынында да, адамзатқа бағыт-бағдар қажет!
3. Неге адамзатқа дұрыс бағытты тек Ехоба Құдай ғана бере алады және ол нені уәде етеді?
3 Мұндай бағыт-бағдарды тек Ехоба Құдай ғана бере алады. Неге? Себебі адам баласының болмысын одан артық ешкім түсінбейді. Сондай-ақ ол адамзаттың қалай басқа жолға түсіп, адасып кеткенін және олардың дұрыс жолға түсуіне не қажет екенін жақсы біледі. Оның үстіне, Ехоба Жаратушы болғандықтан, біз үшін ненің пайдалы болатынын барлық уақытта біледі (Ишая 48:17). Сондықтан оның Забур 31:8-де жазылған уәдесіне толық сенім артуымызға болады. Онда былай делінген: “Мен саған ақыл-кеңес беремін, Жүретін жолыңды көрсетемін; Сені көзімнен таса қылмай, Әрдайым жетелеп жүремін”. Иә, Ехобаның ең дұрыс бағыт беретіндігінде күмән жоқ. Ол мұны қалай істейді?
4, 5. Құдайдың сөздері қалай бізге бағыт береді?
4 Забур жыршысы Ехобаға дұға еткенде: “Қадамдарымды сөздерің жарқыратады, Өмір жолыма шырақтай нұрын шашады”,— деген (Забур 118:105). Құдайдың сөздері мен ескертулері Киелі кітапта жазылған. Олар өмір жолымызда кезігетін кедергілерді жеңуге көмектеседі. Шынында да, Киелі кітапты оқып, оның бізге бағыт беруіне жол берсек, Ишая 30:21-дегі сөздер өз өмірімізде орындалады. Онда былай делінген: “Құлақтарың... сырт жақтарыңда тұрып: “Жол міне, мынау, сонымен жүріңдер” деген сөздерді еститін болады”.
5 Забур 118:105-тен Құдай Сөзінің бір-бірімен байланысы бар екі жолмен әрекет ететіні көрінеді. Біріншіден, ол қадамдарымызды жарқыратады. Күнделікті өмірдің қиындықтарымен кезіккенде, дана шешімдер қабылдап, осы дүниенің түрлі тұзақтарынан аулақ жүре алуымыз үшін, Киелі кітап принциптері қадамдарымызға бағыт беру керек. Екіншіден, Құдайдың ескертулері өмір жолымызға шырақтай нұрын шашып, Құдай уәде еткен Жұмақтағы мәңгі өмірге деген үмітімізге қайшы келмейтін нәрселерді таңдауға көмектеседі. Алдымызда жатқан жолға жарық түсіп тұрғандықтан, әрбір әрекетіміздің жақсы не жаман салдарын алдын ала көре аламыз (Римдіктерге 14:21; Тімотеге 1-хат 6:9; Аян 22:12). Қазір Киелі кітаптағы Құдай сөздерінің қалайша қадамдарымызды жарқырататынын және өмір жолымызға шырақтай нұрын шашатынын егжей-тегжейлі қарастырайық.
‘Қадамдарымды жарқыратады’
6. Құдайдың сөздері қандай жағдайларда қадамдарымызды жарқыратады?
6 Біз күн сайын шешімдер қабылдаймыз. Олардың кейбірі онша маңызды болмауы мүмкін. Алайда кейде құлықтылық тазалығымыз, адалдығымыз не бейтараптығымыз сыналып жатады. Мұндай сынақтарға төтеп беру үшін, ‘түйсіктеріміз машықтанып, жақсылық пен жамандықты ажырата білуге үйретілу’ керек (Еврейлерге 5:14, Тт). Құдай Сөзінен тура білім алу арқылы және оның принциптерін түсіну қабілетімізді арттыру арқылы ар-ұжданымызды Ехобаға ұнамды шешімдер қабылдай алатындай етіп машықтандырамыз (Нақыл сөздер 3:21).
7. Жұмыстағы әріптестерімен араласқысы келген мәсіхшінің жағдайын мысалға келтіріңдер.
7 Сен Ехобаның жүрегін қуантуға барынша тырысып жүргендердің бірі шығарсың (Нақыл сөздер 27:11). Мұның мақтауға тұрарлық. Алайда мынадай бір жағдайды елестетіп көрші: сені жұмыстағы әріптестерің бір спорт ойынын тамашалауға шақырды делік. Олар сені әріптес ретінде ұнататындықтан, жұмыстан тыс кездері де бірге уақыт өткізгісі келеді. Бәлкім, олар жаман адамдар емес деп ойлап, тіпті соған толық сенімді шығарсың. Тіпті олар қандай да бір жақсы принциптерді ұстанатын шығар. Осындай жағдайда не істейсің? Олармен бірге уақыт өткізудің қандай да бір қаупі бар ма? Дұрыс шешім қабылдауыңа Құдай Сөзі қалай көмектеседі?
8. Адамдармен араласуға қатысты Жазбаларда қандай принциптер бар?
8 Жазбалардағы бірнеше принципті қарастырайық. Бірден ойымызға Қорынттықтарға 1-хат 15:33-гі принцип келеді. Онда былай делінген: “Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады”. Бұл сенбеушілермен мүлдем араласпауың керек дегенді білдіре ме? Жазбаларда олай делінбеген. Елші Пауылдың өзі де ‘әр түрлі адамдардың’, соның ішінде Ехобаға сенбейтіндердің де, қамын ойлап, сүйіспеншілік көрсеткен (Қорынттықтарға 1-хат 9:22). Басқаларға көңіл бөлу мәсіхшілікке тән, сондықтан Құдайдың қызметшілері басқа сенімдегілерге де қызығушылық білдірулері керек (Римдіктерге 10:13—15). Расында да, егер көмегімізді қажет ететін адамдардан бөлектенетін болсақ, ‘барлық адамдарға жақсылық істеңдер’ деген нұсқауды қалай орындар едік? (Ғалаттықтарға 6:10)
9. Киелі кітаптағы қандай принцип әріптестерімізбен араласқанда байсалдылық танытуға көмектеседі?
9 Дегенмен әріптесімізге достық пейіл білдіру мен онымен тығыз қарым-қатынаста болу — екі бөлек нәрсе. Бұны басқа бір принциптен көруге болады. Елші Пауыл: “Сенбейтіндермен бірге “бір қамытты кимеңдер!”— деп, мәсіхшілерге ескерту айтқан (Қорынттықтарға 2-хат 6:14, сілтеме). Мұндағы “бір қамытты кимеңдер” деген нені білдіреді? Кейбір Киелі кітап аудармаларында бұл тіркес “бірлеспе”, “қатарларына қосылып олармен істес болма”, “орынсыз қарым-қатынасты тоқтат” деп аударылған. Әріптесімізбен қарым-қатынасымыз қай кезде орынсыз болып есептеледі? Қай кезде шектен шығып, онымен бір қамытты киген боламыз? Осы мәселеде де Құдай Сөзі Киелі кітап қадамыңа бағыт бере алады.
10. а) Иса достарды қалай таңдаған? ә) Араласатын ортаға қатысты дұрыс шешімдер қабылдау үшін өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз жөн?
10 Исаның мысалын қарастырып көрейік. Ол адамзатты жаратылғаннан бері жақсы көреді (Нақыл сөздер 8:31). Жерде болған кезінде ол ізбасарларымен тығыз қарым-қатынас дамытқан (Жохан 13:1). Тіпті ғибадатқа қатысты жаңсақ ойда болған адамды да жақсы көрген (Марқа 10:17—22). Алайда Иса кіммен тығыз қарым-қатынас жасауға болатынын нақты білген. Әкесінің еркін шын пейілмен орындағысы келмейтіндермен ол жақын араласпаған. Бірде: “Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар”,— деген болатын (Жохан 15:14). Бәлкім, сен қандай да бір әріптесіңмен жақсы араласатын шығарсың. Алайда өзіңнен былай деп сұрап көрші: “Ол Исаның өсиеттерін орындағысы келе ме? Исаның бұйрығын орындап, Ехоба туралы білуді және оған ғибадат етуді қалай ма? Ол мен сияқты мәсіхшілердің құлықтылық нормаларын ұстана ма?” (Матай 4:10) Бұл сұрақтардың жауабы әріптестеріңмен әңгімелесу барысында, сондай-ақ Киелі кітап нормаларын ұстанғаныңның арқасында анықталады.
11. Құдайдың сөздері қадамымызға бағыт беретін жағдайларды мысалға келтіріңдер.
11 Құдайдың сөздері басқа да көптеген жағдайларда қадамымызды жарқырата алады. Мысалы, қаржы жағынан қиналып жүрген мәсіхшіге жұмыс табылды делік. Алайда бұл жұмысқа орналасса, оған көп уақыты мен күші кетіп, нәтижесінде мәсіхшілердің кейбір кездесулеріне бармай қалуы не шынайы ғибадаттың басқа да істеріне қатыспай қоюы мүмкін (Забур 36:25). Басқа бір мәсіхші үшін Киелі кітап принциптеріне қайшы келетін көңіл көтеру бағдарламалары үлкен сынақ болуы мүмкін (Ефестіктерге 4:17—19). Тағы біреу бауырласының кемелсіздіктен жасаған әрекеттерін көңілге алғыш шығар (Қолостықтарға 3:13). Осындай жағдайлардың бәрінде Құдай Сөзінің қадамымызды жарқыратуына жол беруіміз керек. Шынында да, Киелі кітап принциптерін ұстанатын болсақ, өмірдің кез келген қиындықтарын жеңе аламыз. Өйткені Құдай Сөзі “тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді” (Тімотеге 2-хат 3:16).
“Өмір жолыма шырақтай нұрын шашады”
12. Құдайдың сөздері қалай жолымызға нұрын шашады?
12 Забур 118:105-те айтылғандай, Құдайдың сөздері сондай-ақ алдымыздағы жолға нұрын шашу арқылы оны айқын көрсетеді. Біз болашағымыздан бейхабар емеспіз, өйткені Киелі кітап қазіргі дүниедегі қиын жағдайдың себебін және оның немен бітетінін түсіндіреді. Иә, біз осы зұлым дүниенің ‘соңғы дәуірінде’ өмір сүріп жатқанымызды білеміз (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Болашағымызды білгеніміз бүгінгі өмір салтымызға қатты әсер ету керек. Елші Пауыл осыған қатысты былай деген: “Бар дүние осылайша құрып кететіндіктен, сендер қандай болуларың керек? Жүріс-тұрыстарың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс! Себебі сендер Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілерің келеді” (Петірдің 2-хаты 3:11, 12).
13. Уақыттың қысылтаяңдығы біздің ой қалпымыз бен өмір салтымызға қалай әсер ету керек?
13 “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші” екеніне еш күмәнданбайтынымыз ой қалпымыз бен өмір салтымыздан көріну керек (Жоханның 1-хаты 2:17). Киелі кітаптың нұсқауларын ұстанатын болсақ, алдағы мақсаттарымызға қатысты дана шешімдер қабылдайтын боламыз. Мысалы, Иса мынадай нұсқау берген: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді” (Матай 6:33). Көптеген жас бауырластардың Исаның осы сөздеріне сенім білдіріп, толық уақытты қызметке ұмтылып жатқандары мақтауға тұрарлық! Басқалары болса, тіпті бүкіл отбасылары, қызмет аясын кеңейтіп, Патшалық хабарын жариялаушылар жетіспейтін жерлерге көшіп баруда.
14. Бір мәсіхші отбасы қызметтерінің аясын қалай кеңейтті?
14 Бір мәсіхші отбасы Құрама Штаттарынан Доминика Республикасына көшіп барып, 50 000 тұрғыны бар қаладағы қауымда қызмет етеді. Қауымда 130-ға жуық жариялаушы болса да, 2006 жылдың 12 сәуірінде өткен Исаның өлімін Еске алу кешіне 1 300-ге жуық адам қатысады! Мұндағы танаптың ‘жинауға дайын’ тұрғаны соншалық, бес айдан соң-ақ бүкіл отбасы — әкесі, шешесі, ұлы мен қызы — 30 Киелі кітап зерттеу сабағын өткізе бастайды (Жохан 4:35). Отағасы былай дейді: “Бұл қауымда көмектесу үшін көшіп келген отыз бауырлас бар. Олардың жиырмаға жуығы Құрама Штаттарынан, ал қалғандары Багам аралдарынан, Канададан, Италиядан, Жаңа Зеландия мен Испаниядан келген. Олар келе салысымен құлшына қызмет етіп, жергілікті бауырластардың рухын жандандырып жіберді”.
15. Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойғаның үшін қандай баталарға кенелдің?
15 Әрине, үлкен қажеттілік бар жерге көшіп баруға барлығының жағдайы келе бермейді. Алайда осындай жерлерге көшіп бару үшін өмірлерінде өзгерістер жасағандардың не жасай алатындардың қызметтерінде мол батаға ие болары сөзсіз. Қайда қызмет етсең де, Ехобаға бар күшіңді салып қызмет етуден қуаныш ала біл. Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоятын болсаң, Ехоба ‘төбеңнен жеткенінше игілік төгуді’ уәде етеді (Малахи 3:10).
Ехобаның басшылығының пайдасы
16. Құдай сөздерінің басшылығына мойынсұнудың қандай пайдасын көреміз?
16 Жоғарыда көргеніміздей, Ехобаның сөздері бір-бірімен байланысты екі жолмен басшылық береді. Олар қадамымызды жарқыратады, яғни өмірде дұрыс бағыт алуымызға және дана шешімдер қабылдауымызға көмектеседі. Сонымен қатар Құдай сөздері алдымыздағы жолға нұрын шашып, оны айқын көрсетеді. Ал бұл Петірдің: “Ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болып, Иса Мәсіх салтанатпен қайтып келгенде көрсететін рақымға толығынан үміт артыңдар!”— деген кеңесіне құлақ асуға көмектеседі (Петірдің 1-хаты 1:13).
17. Киелі кітапты зерттегеніміз Құдайдың басшылығын ұстануға қалай көмектеседі?
17 Ехобаның басшылық беретінінде күмән жоқ. Бірақ сен оған мойынсұнасың ба? Ехобаның нұсқауларын түсіну үшін Киелі кітапты күнделікті оқы. Оқығандарыңның үстінен ой жүгіртіп, Құдайдың кейбір жайттарға қатысты еркін көре білуге тырыс және білгендеріңді өміріңнің қай саласында қолдануыңа болатынын ойлан (Тімотеге 1-хат 4:15). Сосын, ойлау қабілетіңді қолданып шешім қабылда.
18. Құдай Сөзінің басшылығымен жүрсек, қандай баталарға ие боламыз?
18 Құдай Сөзіндегі принциптерді ұстансақ, олар өмір жолымызға жарығын түсіріп, дұрыс шешімдер қабылдауымызға қажетті басшылық береді. Ехобаның сөздері ‘тәжірибесізді дана қылатынына’ сенімді болсақ болады (Забур 19:7, ЖД; [18:8]). Киелі кітаптың басшылығымен жүрсек, ар-ұжданымыз таза болады және Ехобаға ұнамды екенімізді білгеннен қанағат сезінеміз (Тімотеге 1-хат 1:18, 19). Құдайдың сөздері қадамдарымызға күн сайын бағыт берсе, болашақта Ехобаның сыйға беретін мәңгілік өміріне ие боламыз (Жохан 17:3).
Естеріңде ме?
• Ехоба Құдайдың қадамдарымызға бағыт беруіне жол бергеніміз неге маңызды?
• Құдайдың сөздері қалай қадамдарымызды жарқыратады?
• Құдайдың сөздері қалай өмір жолымызға нұрын шашады?
• Киелі кітапты зерттегеніміз Құдайдың басшылығына мойынсұнуға қалай көмектеседі?
[19-беттегі сурет]
Ехобаға сенбейтін адамдармен қарым-қатынасымыз қай кезде орынсыз болып есептеледі?
[20-беттегі сурет]
Иса Ехобаның еркін орындайтындармен дос болған
[21-беттегі суреттер]
Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоятынымыз өмір салтымыздан көріне ме?