Жастар, Құдайға даңқ әкелетін мақсаттарға ұмтылыңдар
“Құдайға ұнамды жүруге жаттыға бер” (ТІМОТЕГЕ 1-ХАТ 4:7).
1, 2. а) Пауыл Тімотені не үшін мақтаған? ә) Бүгінгі жастар қалай ‘Құдайға ұнамды жүруге жаттығуда’?
“ОЛ СИЯҚТЫ менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа адамым жоқ... Ол маған Ізгі хабарды уағыздауда әкесіне көмектескендей қолғабыс етіп келеді” (Філіпіліктерге 2:20, 22). Елші Пауыл бұл сөздерді бірінші ғасырдағы філіпілік мәсіхшілерге жазған хатында айтқан. Ол көңілге жылы тиетін осы сөздермен кімді мақтаған? Қасындағы жас серіктесі Тімотені. Пауылдың осындай ыстық ықыласын және өзіне сенім артатынын білгені Тімотенің көңілін марқайтып тастаған болу керек.
2 Құдайды қастерлейтін Тімоте сияқты жастар Ехобаның халқының арасында әрқашан жоғары бағаланады (Забур 109:3). Бүгінде Құдайдың ұйымында ізашар, миссионер, бетелдік ретінде қызмет етіп, сондай-ақ өз еркімен құрылысқа қатысып жүрген жастар көп. Басқа жауапкершіліктерін атқара жүріп, қауым істеріне белсене атсалысып жүргендер де мақтауға әбден лайық. Осындай жастар көктегі Әкеміз Ехобаға даңқ әкелетін мақсаттарға ұмтылғандарының арқасында нағыз қанағат сезінуде. Расында да, олар ‘Құдайға ұнамды жүруге жаттығуда’ (Тімотеге 1-хат 4:7, 8).
3. Бұл мақалада қандай сұрақтар талқыланады?
3 Егер жас болсаң, алдыңа нақты рухани мақсаттар қойдың ба? Рухани мақсаттарға ұмтылуға кім көмектесіп, кім талпындыра алады? Дүниеқоңыздыққа талпындыратын осы дүниенің рухына қалай қарсы тұра аласың? Құдайды даңқтайтын мақсаттарға ұмтылатын болсаң, қандай баталарға ие боласың? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Тімотенің өмірін және таңдаған жолын қарастырып көрейік.
Тімотенің мәсіхші өмірі
4. Тімотенің мәсіхші өмірін қысқаша айтып бер.
4 Тімоте Римге қарасты Ғалатия аймағындағы Лүстра деген шағын қалада туып-өскен. Ол мәсіхшілердің ілімі жөнінде жасөспірім шағында, б. з. 47 жылдары Пауыл Лүстрада уағыздағанда, естіген болу керек. Көп ұзамай-ақ Тімоте жергілікті мәсіхшілердің арасында жақсы жағынан танылды. Екі жылдан кейін Лүстраға қайта келіп, оның жетістіктері туралы білген Пауыл Тімотені миссионерлік сапарында серіктес болуға шақырды (Елшілердің істері 14:5—20; 16:1—3). Рухани толыса түскен сайын оған көбірек жауапкершіліктер жүктелді. Тімотеге бауырластарын рухани нығайту сияқты маңызды істер де тапсырылды. Шамамен б. з. 65 жылы Пауыл Рим түрмесінен хат жазғанда, ол Ефестегі қауымның ақсақалы болатын.
5. Тімотеге 2-хат 3:14, 15-тармақтарға сай, Тімотенің рухани мақсаттарға ұмтылуына қандай екі жайт септігін тигізген?
5 Тімотенің рухани мақсаттарға ұмтылғаны анық. Мұндай ықылас онда қалай оянды екен? Пауыл Тімотеге жазған екінші хатында екі жайтты атап өткен. Ол: “Сен үйреніп, берік сенгендеріңе адал болып қала бер, өйткені тәлімгерлеріңнің кім болғандарын білесің. Сонымен бірге балалық шағыңнан-ақ Киелі жазбалармен таныссың”,— деп жазды (Тімотеге 2-хат 3:14, 15). Алдымен, Тімотеге шешім қабылдауда өзгелердің қалай ықпал еткенін қарастырып көрейік.
Өзгелердің жақсы жағынан ықпал етуі
6. Тімоте қандай тәлім алды және бұл оған қалай әсер етті?
6 Тімоте әр түрлі дінді ұстанатын отбасында өскен. Оның әкесі грек, ал анасы Әунике мен әжесі Лойда яһуди болған (Елшілердің істері 16:1). Әунике мен Лойда Тімотеге Еврей жазбаларындағы шындықты нәресте күнінен үйреткен. Ал мәсіхшілікті қабылдаған соң, Тімотеге де мәсіхшілер ілімінің шынайылығына көз жеткізуге көмектескендері сөзсіз. Осындай керемет тәлімнің Тімоте үшін пайдасы зор болды. Пауыл былай деген: “Шынайы сенімің есімде, ол алдымен әжең Лойда мен анаң Әуникенің жүректерінен орын алған еді, сенің жүрегіңнен де орын алғанына көзім жетті” (Тімотеге 2-хат 1:5).
7. Көптеген қыз-жігіттер кімнен көмек алуда және мұның оларға қандай пайдасы тиюде?
7 Бүгінде көптеген қыз-жігіттер рухани мақсаттарға ұмтылудың маңыздылығын түсінетін Лойда мен Әунике сияқты Құдайдан қорқатын ата-анасы мен ата-әжесінің көмегін сезінуде. Мысалы, жасөспірім кезінде ата-анасының өзімен сағаттап сөйлескен кездерін әлі де ұмытпаған Самира былай дейді: “Әке-шешем маған Ехобаныкіндей көзқарас дамытуды және уағыздау ісін бірінші орынға қоюды үйретті. Олар үнемі мені толық уақытты қызмет етуге талпындыратын”. Самира ата-анасының сөзін жерге тастамайды, соның арқасында қазір өз еліндегі Бетелде қызмет етуде. Егер ата-анаң сені де рухани мақсаттар қоюға талпындыратын болса, олардың кеңестерін мұқият тыңда. Өйткені олар сенің қамыңды ойлайды ғой (Нақыл сөздер 1:5).
8. Рухани толысқан бауырластармен араласқаны Тімотеге қандай пайдасын тигізді?
8 Рухани толысқан әрі жігер беретін бауырластармен араласқаныңның да маңызы зор. Тімоте жайлы өз қауымындағы және 30 шақырымдай жерде орналасқан Қониядағы ақсақалдар жақсы пікірде еді (Елшілердің істері 16:1, 2). Ол жігерлі де ширақ кісі болған Пауылмен достасқан (Філіпіліктерге 3:14). Пауылдың хаттарынан Тімотенің кеңесті қабылдауға және сенімі берік бауырластарға еліктеуге дайын болғаны көрінеді (Қорынттықтарға 1-хат 4:17; Тімотеге 1-хат 4:6, 12—16). Пауыл: “Ал сен маған еріп, менің ілімім, жүріс-тұрысым мен өмірдегі мақсатымды үлгі тұтып, сенімім, төзімділігім және сүйіспеншілігімді, әрі қуғындалып, азап шеккен кездерімде көрсеткен табандылығымды өз көзіңмен көрдің”,— деп жазды (Тімотеге 2-хат 3:10). Иә, Тімоте Пауылға барынша еліктеуге тырысқан. Қауымыңдағы шындық жолында нық тұрған бауырластармен араласқаның саған да үлкен рухани мақсаттар қоюыңа көмектеседі (Тімотеге 2-хат 2:20—22).
“Киелі жазбаларды” зертте
9. ‘Құдайға ұнамды жүруге жаттығу’ үшін жақсы орта таңдаудан басқа тағы не істеуің керек?
9 Рухани мақсаттарға ұмтылуға тек жақсы орта ғана ықпал ете ме? Жоқ. Тімоте сияқты сен де “Киелі жазбаларды” мұқият зерттеуің керек. Бәлкім, зерттеуді онша ұнатпайтын шығарсың, бірақ есіңе алшы, Тімоте ‘Құдайға ұнамды жүруге жаттығуға’ тиіс еді ғой. Атлеттер өз мақсатына жету үшін көп айлар бойы аянбай жаттығады. Сол сияқты рухани мақсаттарға жету кейбір нәрселерден бас тартуды, шындап күш салуды талап етеді (Тімотеге 1-хат 4:7, 8, 10). Сен: “Киелі кітапты зерттеу қойған мақсаттарыма жетуге қалай көмектеседі?”— деп сұрарсың. Мұның үш жолын қарастырайық.
10, 11. Неге Жазбалар сені рухани мақсаттар қоюға талпындырады? Мысал келтір.
10 Біріншіден, Жазбаларды зерттеу сенің бойыңда дұрыс ниет оятады. Одан көктегі Әкеміздің неткен керемет тұлға екенін, бізге көрсеткен зор сүйіспеншілігі мен адал қызметшілеріне беретін мәңгі баталары туралы білесің (Амос 3:7; Жохан 3:16; Римдіктерге 15:4). Ехоба туралы біле түскен сайын, оған деген сүйіспеншілігің мен өзіңді оған бағыштауға деген ықыласың арта түседі.
11 Көптеген жас мәсіхшілер шындықты жүректерінде ұялату үшін Киелі кітапты үнемі зерттегендерінің рөлі ерекше болғанын айтады. Мысалы, Адел мәсіхші отбасында өссе де, ешқашан алдына рухани мақсаттар қоймаған. “Ата-анам мені Патшалық сарайына алып баратын, бірақ менде ешқашан жеке зерттеу болмаған, жиналыстарда да тыңдамай отыратынмын”,— дейді ол. Бірақ әпкесі шомылдыру рәсімінен өткен соң, Адел шындыққа көбірек көңіл қоя бастайды. “Мен Киелі кітапты бастан-аяқ оқып шығуды шештім. Аз-аздан оқып, оқығаным жөнінде қысқаша түсініктеме жазатын болдым. Сол жазбаларымның бәрі осы күнге дейін сақтаулы. Киелі кітапты бір жылда оқып бітірдім”. Осының арқасында Аделде өз өмірін Ехобаға бағыштауға деген ниет пайда болды. Денсаулығының нашарлығына қарамастан ол қазір ізашар, немесе толық уақытты уағыздаушы, ретінде қызмет етуде.
12, 13. а) Киелі кітапты зерттеу жастарға қандай өзгерістер жасауға көмектеседі және қалай? ә) Құдай Сөзіндегі дана кеңестердің кейбірін ата.
12 Екіншіден, Киелі кітап өзгеруіңе көмектеседі. Пауыл Тімотеге былай деген: “Киелі жазбалардың бәрі... тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ” (Тімотеге 2-хат 3:16, 17). Құдай Сөзінде айтылғандар жөнінде үнемі “ой жүгірту” және ондағы принциптерді қолдану арқылы Құдай рухына өзгеруіңе ықпал етуге жол бересің. Осының арқасында кішіпейілділік, табандылық, еңбекқорлық және бауырластарыңа деген шынайы сүйіспеншілік сияқты маңызды қасиеттер дамытасың (Тімотеге 1-хат 4:15, ЖД). Тімотенің бойында осындай қасиеттер болған, әрі соның арқасында ол Пауыл үшін де, өзінің қауымы үшін де бағалы болған (Філіпіліктерге 2:20—22).
13 Үшіншіден, Құдай Сөзі — даналықтың қазынасы (Забур 1:1—3; 18:8; Тімотеге 2-хат 2:7; 3:15). Ондағы кеңестер саған дос таңдауға, көңіл көтерудің дұрыс түрлерін ажырата білуге және басқа да маңызды мәселелерге қатысты дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі (Жаратылыс 34:1, 2; Забур 118:37; Қорынттықтарға 1-хат 7:36, сілтемені қара). Жас кезіңде дана шешімдер қабылдағаныңның рухани мақсаттарыңа жетуде маңызы зор.
‘Жан сала күрес’
14. Рухани мақсаттарға ұмтылу неге оңай бола бермейді?
14 Ехобаға даңқ әкелетін мақсаттарды бірінші орынға қою даналыққа жатады, бірақ бұл оңайға соға бермейді. Мысалы, өмірде немен айналысатыныңды шешу керек болғанда, жоғары білім мен айлығы жақсы жұмысты жетістік пен бақыттың кепілі деп білетін туыстарың, құрбы-құрдастарың мен мұғалімдерің саған қатты қысым жасауы мүмкін (Римдіктерге 12:2). Ехоба ұсынып отырған ‘мәңгілік өмірді берік ұстану’ үшін Тімоте сияқты саған да ‘сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресу’ керек болады (Тімотеге 1-хат 6:12; Тімотеге 2-хат 3:12).
15. Тімоте қандай қарсылыққа кезіккен болу керек?
15 Сенімі бөлек отбасы мүшелері сенің шешіміңді мақұлдамаса, бұл өте ауыр сынақ болуы мүмкін. Тімоте де осындай қарсылыққа кезіккен болу керек. Бір анықтамалық еңбекке сай, оның отбасы қоғамның “білімді де ауқатты” тобына жатқанға ұқсайды. Әкесі Тімоте жоғары білім алып, отбасы ісін жалғастырады деп күтсе керекa. Тімотенің Пауылмен бірге қауіпті әрі табыс әкелмейтін миссионерлік қызметте болуды таңдағанын білгенде, әкесінің қандай сезімде болғанын ойлап көрші!
16. Қалай бір жас бауырлас әкесінің тарапынан қысым көрген?
16 Бүгінде жас мәсіхшілер де осындай қиыншылықтарға кезігуде. Ехоба куәгерлерінің бір филиалында қызмет ететін Мэтью былай деп есіне алады: “Мен ізашарлық қызметті бастағанда, әкем маған қатты ренжіді. Оның ойынша, мен бекерге оқыдым. Өйткені өзімді қамтамасыз ету үшін тазалаушы болып жұмысқа орналасқан едім. Ол толық уақытты жұмыс істегенде қанша табыс табуым мүмкін екенін қайта-қайта есіме салып, мені мазақ қылатын”. Бірақ Мэтью не істеді? “Мен Киелі кітапты оқу кестесін қатаң ұстандым және үнемі, әсіресе өз-өзімді ұстау қиын сәттерде, дұға еттім”. Мэтью берік болып қалғанының жемісін көрді: уақыт өте келе әкесімен қарым-қатынасы жақсарды, сондай-ақ Ехобаға жақындай түсті. “Мен Ехобаның қамқорлығын, жігер бергенін және бұрыс шешімдер қабылдаудан қалқалағанын сезіндім. Алдыма рухани мақсаттар қоймағанда, ешқашан мұндай нәрселерді сезінбес едім”,— дейді ол.
Рухани мақсаттарды назардан тыс қалдырма
17. Қалай кейбіреулер толық уақытты қызмет етуді шешкендерге жаңсақ ой салуы мүмкін? (Матай 16:22)
17 Кейде рухани мақсаттарға ұмтылуымызға кедергі болатыны бірден байқала қоймайтын сөздерді тіпті бауырластардан да естуіміз мүмкін. Кейбіреулері: “Ізашар болудың керегі не? Кәдімгідей өмір сүріп жүріп-ақ уағыздай беруге болады ғой. Айлығы жақсы жұмыс тауып, ертеңгі күннің қамын жасап алмайсың ба?”— деуі мүмкін. Бұл тиімді кеңес болып көрінетін шығар, бірақ ондай жағдайда Құдайға ұнамды жүруге шынымен жаттыға алар ма едің?
18, 19. а) Рухани мақсаттарыңды қалай назарыңда ұстай аласың? ә) Жас кезіңде Патшалықтың мүддесін ойлап, не нәрселерден бас тартып жүрсің?
18 Тімотенің заманында да кейбір мәсіхшілер осындай ойда болғанға ұқсайды (Тімотеге 1-хат 6:17). Рухани мақсаттарынан тайып кетпеуіне көмектесу үшін Пауыл Тімотені жігерлендіріп, былай деді: “Есіңде болсын: ешбір сарбаз тұрмыстық істермен шырмалмайды, қайта, қолбасшысының көңілінен шығуға ұмтылады” (Тімотеге 2-хат 2:4). Әскердегі сарбаз тұрмыс қамының соңына түсіп кете алмайды. Өйткені өзінің де, өзгелердің де өмірі оның әрқашан әскербасының бұйрықтарын орындауға дайын болғанына байланысты. Мәсіхтің сарбазы ретінде сен көздеген мақсатыңнан таймауың керек. Сондай-ақ өмірді сақтайтын қызметіңді толық орындауыңа кедергі жасайтын дүниеқоңыздыққа беріліп кетуден сақ болуың қажет (Матай 6:24; Тімотеге 1-хат 4:16; Тімотеге 2-хат 4:2, 5).
19 Өміріңді жеңілдетуге ұмтылғаннан гөрі жанқиярлық рухын дамыт. “Мәсіх Исаның сарбаздарының бірі ретінде өмірді ыңғайлы ететін нәрселерден бас тартуға дайын бол” (Тімотеге 2-хат 2:3, The English Bible in Basic English). Пауылмен бірге қызмет еткенде, Тімоте қай жағдайда да, тіпті өте ауыр шақтарда да, қанағат етудің құпиясын жақсы біліп алды (Філіпіліктерге 4:11, 12; Тімотеге 1-хат 6:6—8). Мұны сен де үйрене аласың. Патшалықтың мүддесі үшін құрбандықтарға баруға дайынсың ба?
Құдайдың қазіргі және болашақтағы баталары
20, 21. а) Рухани мақсаттарға ұмтылатындарға берілетін баталардың кейбірін ата. ә) Сен не нәрсеге бел будың?
20 Тімоте Пауылмен 15 жылдай бірге қызмет етті. Ол ізгі хабардың Жерорта теңізінің теріскейіндегі аймақтарға түгелдей дерлік тарап, жаңа қауымдардың пайда болғанының куәсі болды. Ол “кәдімгідей” өмір сүруді таңдағанда, оның өмірі мұншалықты қызықты да, қанағаттанарлықтай болмас еді. Рухани мақсаттарға ұмтылар болсаң, сен де көптеген баға жетпес баталарға ие боласың. Ехобамен қарым-қатынасың нығая түседі әрі бауырластардың сүйіспеншілігі мен сый-құрметіне лайық боласың. Дүниеқоңыздықтың кесірінен көңілің қалып, жан азабына түспейсің, қайта, риясыз беруден келетін нағыз бақытқа кенелесің. Сондай-ақ баталардың ең бағалысы “шынайы өмірді” — мәңгілік өмірді — берік ұстанасың (Тімотеге 1-хат 6:9, 10, 17—19; Елшілердің істері 20:35).
21 Сондықтан Құдайға ұнамды жүруге жаттығуды әлі бастамаған болсаң, біз сені кідірместен мұны қолға алуға шын жүректен шақырамыз. Рухани мақсаттарға қол жеткізуіңе көмектесе алатын бауырластармен аралас, олардың кеңесіне жүгін. Құдай Сөзін жеке зерттеуді басты орынға қой. Дүниеқоңыздыққа талпындыратын осы дүниенің рухына қарсы тұруға беліңді бекем бу. Есіңде болсын: ‘рақатын көру үшін игіліктердің бәрін сыйлайтын’ Құдайға даңқ әкелетін мақсаттарға ұмтылатын болсаң, ол саған қазір де, болашақта да батасын ағыл-тегіл төгуді уәде етеді (Тімотеге 1-хат 6:17).
[Сілтеме]
a Грек қоғамында жоғары білім бағаланатын. Тімотенің замандасы Плутарх былай деп жазған: “Бар игіліктің — көзі де, өзегі де жақсы білім... Мораль шыңы мен бақытқа жетуге мүмкіндік беретін де, көмектесетін де осы дер ем... Ал бұдан басқасының бәрі — құр пендешілік, болмашы, көңіл бөлуге тұрмайтын нәрселер” (Moralia, I, “The Education of Children”).
Естеріңде ме?
• Рухани мақсаттарға жету үшін жастар көмекті қайдан таба алады?
• Киелі кітапты мұқият зерттеу неге өте маңызды?
• Жастар дүниеқоңыздыққа талпындыратын осы дүниенің рухына қалай қарсы тұра алады?
• Рухани мақсаттар қойғандар қандай баталарға ие болады?
[28-беттегі сурет]
Тімоте жақсы мақсаттарға ұмтылған
[31-беттегі суреттер]
Сен рухани мақсаттарға ұмтылудасың ба?
[32-беттегі суреттер]
Тімотеге кімдер жақсы ықпал етті?