Адамдарға Киелі кітаптың үйрететіндерін орындауға көмектесіңдер
“Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым мынаны бейнелейді: бірсыпыра адам Құдайдың хабарын тыңдап, ізгі, таза жүректерінде сақтап, шыдамдылықпен өнім береді” (ЛҰҚА 8:15).
1, 2. а) “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабы неге арналған? ә) Соңғы жылдары Ехоба өз халқының шәкірттер дайындау ісіне қалай батасын берді?
“БҰЛ — өте тамаша кітап. Киелі кітапты бірге зерттеп жатқан адамдарым оны өте жақсы көреді. Мен де. Бұл кітаппен есік алдында тұрып-ақ Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға болады”. Бір жалпы ізашар Куәгер “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?”a кітабы жайлы осылай деген болатын. Осы кітап жайында бір егделеу жариялаушы болса: “Менің елу жылдан бері көп адамға Ехобаны білуге көмектесуге мүмкіндігім болды. Бірақ зерттеуге арналған осы басылымның өте керемет екенін айтуым керек. Ондағы адамға әсер етпей қоймайтын мысалдар мен суреттер таңғалдырады”,— деді. “Киелі кітап үйретеді” кітабы жайлы сендер де осындай ойдасыңдар ма? Киелі кітап зерттеу сабағын өткізуге арналған бұл құрал Исаның: “Сондықтан күллі халықтарға барыңдар... әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!”— деген бұйрығын орындауға көмектеседі (Матай 28:19, 20).
2 Исаның шәкірттер дайындаңдар деген нұсқауына қуана құлақ асып жүрген 6,6 миллион Куәгерін көргенде, Ехобаның жүрегі қуанатыны сөзсіз (Нақыл сөздер 27:11). Ехоба олардың жұмсап жатқан күштеріне батасын беріп жатқаны айдан анық. Мысалы, 2005 жылы ізгі хабар 235 ел мен аймақта уағыздалып, орта есеппен 6 061 500-ден астам Киелі кітап зерттеу сабағы өткізілді. Нәтижесінде, көп адамдар ‘Құдай сөзін адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында да бұл солай! — қабылдады’ (Салониқалықтарға 1-хат 2:13). Соңғы екі жылда жарты миллионнан астам жаңа шәкірттер өмірлерін Ехобаның нормаларына сай етіп, өздерін Құдайға бағыштады.
3. Бұл мақалада “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын қолдануға қатысты қандай сұрақтар қарастырылады?
3 Сен де жуық арада әлдекіммен Киелі кітапты зерттедің бе? Жер жүзінде ‘Құдайдың хабарын тыңдап, ізгі, таза жүректерінде сақтап, шыдамдылықпен өнім беретін’ адамдар әлі де бар (Лұқа 8:11—15). Қазір “Киелі кітап үйретеді” кітабын шәкірттер дайындау ісінде қалай қолдануға болатынын көрейік. Біз үш сұрақты қарастырамыз: 1) Киелі кітапты зерттеу сабағын қалай бастауға болады? 2) Тәлім берудің ең тиімді әдістері қандай? 3) Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға оны зерттеп қана қоймай, Құдай Сөзін үйретуші болуға қалай көмектесуге болады?
Киелі кітапты зерттеу сабағын қалай бастауға болады?
4. Неге кейбіреулер Киелі кітапты зерттеуден тартыншақтайды және бұны жеңе білуге қалай көмектесуге болады?
4 Егер саған үлкен арықтың арғы бетіне бір-ақ аттап өт десе, бұған келісуің екіталай шығар. Ал егер оған бірдей аралықта аяқ басатын тастар қойылған болса, арғы бетке өтуге келісуің әбден мүмкін. Тап солай қолы еш тимейтін адам Киелі кітапты зерттеуден тартынуы мүмкін. Үй иесі оны зерттеу үшін көп уақыт және күш жұмсау керек деп ойлайтын шығар. Оған осындай кедергіні жеңуге қалай көмектесуге болады? “Киелі кітап үйретеді” кітабымен қысқа да мағыналы етіп бірқатар сабақтар өткізе отырып, адамға Құдай Сөзін тұрақты зерттеуге көмектесуге болады. Егер жақсылап дайындалатын болсаң, оған әрбір қайта барғаның Ехобамен достасуына көмектесетін аяқ басатын тас іспетті болады.
5. Неге “Киелі кітап үйретеді” кітабын оқып шығу керек?
5 Алайда “Киелі кітап үйретеді” кітабымен біреуге көмектеспес бұрын, онымен өзің жақсылап танысып алуың керек. Оны басынан аяғына дейін оқып шықтың ба? Бір ерлі-зайыпты осы басылымды өздерімен ала барып, жағалауда демалып жатқанда оқи бастайды. Сол жерде демалушыларға зат сататын бір әйел қастарына келгенде, кітаптың “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” деген атауын көріп қалады. Ол осыдан біраз уақыт бұрын ғана Құдайдан дәл осы сұраққа жауап беруін сұрап дұға еткен екен. Әлгі ерлі-зайыптылар оған кітаптың бір данасын қуана-қуана береді. Кезек күтіп тұрғанда немесе жұмыстағы я мектептегі үзіліс кезінде осы кітапты оқып шығу үшін (бәлкім, екінші рет) ‘уақыттың құнын өтеп аласың’ ба? (Ефестіктерге 5:15, 16, ЖД) Егер осылай етсең, Киелі кітапты зерттеуге арналған осы құралмен жақсылап танысып аласың. Сондай-ақ басқалармен оның мазмұны жайлы сөйлесуге мүмкіндік жасайсың.
6, 7. Киелі кітапты зерттеу сабағын бастау үшін “Киелі кітап үйретеді” кітабын қалай қолдануға болады?
6 Қызметте кітапты ұсынғанда, суреттерді, жазба орындары мен 4, 5, 6-шы беттердегі сұрақтарды тиімді қолдана біл. Мысалы, әңгімені былай бастарсың: “Қалай ойлайсыз, бүгінгі адамзат қиыншылықтарына қатысты сенімді басшылықты қайдан табуға болады?” Адамның жауабын мұқият тыңдаған соң, Тімотеге 2-хат 3:16, 17-ні оқып, Киелі кітап адамзат қиыншылықтарын қалай шешуге болатынын көрсететінін түсіндір. Сосын, оның назарын 4, 5-ші беттерге аударып: “Осы бетте көрсетілген қиыншылықтардың әсіресе қайсысы жаныңызға батады?”— деп сұра. Үй иесі қайсысы екенін көрсеткенде, кітапты қолына ұстат та, өзің соған қатысты тармақты Киелі кітаптан оқып бер. Сонан соң 6-бетті ашып оқы да, үй иесінен: “Осы беттің төменгі жағында келтірілген алты сұрақтың қайсысына жауап алғыңыз келеді?”— деп сұра. Ол біреуін таңдаса, осы сұраққа жауап беретін тарауды көрсет те, кітапты оған қалдырып, сол сұрақты талқылауға қашан келуге болатынын нақты келісіп ал.
7 Осы айтылған ұсыныс бес минуттай уақытты алады. Алайда сол азғана уақыттың ішінде үй иесін не қызықтыратынын біліп аласың, екі тармақты оқып әрі түсіндіресің, сондай-ақ қайта келуге негіз қалайсың. Үй иесімен болған қысқаша әңгімең ол үшін ұзақ уақыттан бері болмаған сондай бір жігер мен жұбаныш берген сәт болуы мүмкін. Осының арқасында тіпті қолы еш босамайтын адамның өзі саған бірер минутын бөлуді асыға күтуі ықтимал. Осылай ‘шынайы өмірге апаратын жолда’ келесі бір қадамды жасауға көмектесесің (Матай 7:14). Уақыт өте келе, үй иесінің қызығушылығы артқан сайын, зерттеу сабағының уақытын ұзартуға болады. Бұл үшін сабақты отырып өтуді және оған арнайы уақыт бөлуді ұсынуға болады.
Тәлім берудің ең тиімді әдістері
8, 9. а) Киелі кітапты зерттеп жүрген адамды кезігуі мүмкін кедергілер мен сынақтарға төтеп беруіне қалай дайындай аласың? ә) Берік сенім қалау үшін отқа төзімді материалдарды қайдан табуға болады?
8 Адам Киелі кітаптан үйренгендерін орындай бастағанда, рухани өсуіне кедергі жасайтын қиындықтарға кезігуі ықтимал. Елші Пауыл: “Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады”,— деген (Тімотеге 2-хат 3:12). Пауыл мұндай сынақтарды құрылыс үшін сапасы төмен заттарды өртеп жіберетін, ал алтын, күміс және асыл тас сияқты заттарды бүлдіре алмайтын отқа теңеді (Қорынттықтарға 1-хат 3:10—13; Петірдің 1-хаты 1:6, 7). Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға кезігуі мүмкін сынақтарға төтеп беруіне қажет қасиеттерді дамытуға көмектесу үшін, отқа төзімді материалдардан қалау арқылы жәрдем беру керек.
9 Забур жыршысы ‘Жаратушының сөзін’ ‘көрікке салып топырақтан тазартылған, жеті рет қайта ерітіліп құйылған күміске’ теңеген (Забур 11:7). Расында да, Киелі кітапта берік сенім қалау үшін қолдануға болатын бағалы материалдардың бәрі бар (Забур 18:8—12; Нақыл сөздер 2:1—6). Ал “Киелі кітап үйретеді” кітабы Жазбаларды қалай тиімді қолдануға болатынын көрсетеді.
10. Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның назарын қалай Киелі кітапқа аударуға болады?
10 Сабақ барысында оқушының назарын әр тараудың соңында келтірілген Жазба орындарына аудар. Киелі кітаптағы негізгі тармақтарды түсінуіне және жеке өзіне қолдануына көмектесу үшін сұрақтарды қолдан. Алайда ол қалай әрекет ету керектігін айтудан сақ бол. Қайта, Исаның үлгісіне елікте. Таурат заңын үйретуші бір ғұлама Исаға сұрақ қойғанда, ол: “Таурат заңында не деп жазылған, не оқып жүрсің?”— деп жауап қатты. Әлгі кісі Жазба орындарымен жауап берді, сонда Иса оған сол принципті өзіне қалай қолдануға болатынын көруге көмектесті. Сондай-ақ мысал келтіре отырып, ғұламаға сондағы тәлім өзіне қалай әсер ету керектігін көруге де көмектесті (Лұқа 10:25—37). “Киелі кітап үйретеді” кітабында адамға Жазба орындарындағы принциптерді өзіне қалай қолдануына болатынын көрсететін қарапайым мысалдар көп.
11. Әр сабақта қанша мәлімет қарастыру керек?
11 Иса күрделі ойларды қарапайым сөздермен жеткізгені сияқты, бұл кітап та Құдай Сөзін қарапайым да тікелей айтып түсіндірген (Матай 7:28, 29). Исаға елікте. Мәліметті тура да анық және қарапайым етіп жеткіз. Материалды бірден өтіп шығуға асықпа. Одан да адамның жағдайы мен қабілетін ескеріп, әр сабақта қанша абзацты талқылайтыныңды анықтап ал. Иса шәкірттерінің мүмкіндіктерінің шегін білген, сондықтан сол кезде қажет мәліметті ғана берген (Жохан 16:12, Тт).
12. Қосымшаны қалай пайдалануға болады?
12 “Киелі кітап үйретеді” кітабында 14 тақырып қарастырылатын қосымша бар. Адамның қажеттіліктерін ескере отырып, оған тәлім беруші ретінде сен сол мәліметті қалай тиімді қолдануға болатынын анықтай алуың керек. Мысалы, егер зерттеушіге қандай да бір тақырыпты түсіну қиын болса немесе бұрын басқа нанымдарды ұстанғандықтан, қандай да бір жайттарға қатысты сұрақтары болса, оның назарын қосымшадағы сол тақырыпқа аудару жеткілікті болар, сөйтіп, оны өзі қарастырып шықсын. Ал кейде оның қажеттілігіне қарай материалды бірге талқылау керектігін байқайтын шығарсың. Қосымшада Жазбаларға негізделген “‘Жан’ және ‘рух’. Бұл ұғымдар шын мәнінде нені білдіреді?”, “‘Ұлы Бабылды’ анықтау” деген сияқты маңызды тақырыптар бар. Бәлкім, осы тақырыптарды онымен бірге талқылағың келер. Қосымшадағы тақырыптарға ешқандай сұрақтар берілмегендіктен, тиімді сұрақтар дайындауың үшін, мәліметті өзің жақсы білуің керек болады.
13. Сенімді нығайтуда дұғаның рөлі қандай?
13 “Егер Тәңір үйдің құрылысын жарылқамаса, Құрылысшылардың еңбегі түгелдей зая”,— делінген Забур 126:1-де. Сондықтан Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізуге дайындалғанда, Ехобадан көмек сұрап дұға ет. Әр сабақтың басында және соңында айтатын дұғаларыңнан Ехобамен жылы қарым-қатынасың көрініп тұрсын. Зерттеп жүрген адамды Сөзін түсіну үшін Ехобадан даналық пен ондағы кеңестерді қолдануға күш беруін сұрап дұға етуге талпындыр (Жақып 1:5). Осылай етер болса, ол сынақтарға төзуге көмектесетін күш алады және сенімін әрі қарай да нығайта түседі.
Тәлімгер болуына көмектесу
14. Киелі кітапты зерттеп жүрген адам қандай дәрежеге жетуі керек?
14 Киелі кітапты зерттеп жүрген адамымыз Исаның шәкірттеріне өсиет еткендерінің “бәрін” орындасын десек, ол рухани өсіп, Құдай Сөзін зерттеуші ғана емес, оны үйретуші болуы да керек (Матай 28:19, 20; Елшілердің істері 1:6—8). Оның мұндай дәрежеге жетуіне қалай көмектесуге болады?
15. Неге Киелі кітапты зерттеп жүрген адамды мәсіхшілер кездесулеріне шақыру керек?
15 Алғашқы сабақтан бастап-ақ оны өзіңмен бірге қауым кездесулеріне баруға шақыр. Кездесулер сені Құдай Сөзінің тәлімгері болуға үйрететін жер екенін түсіндір. Бірнеше апта бойы әр сабақтың соңында бірер минут бөліп, әр түрлі кездесулер мен конгрестердегі рухани бағдарлама жайлы айтып бер. Олардан алып жатқан пайдаң туралы жігерленіп айт (Еврейлерге 10:24, 25). Киелі кітапты зерттеп жүрген адам кездесулерге үнемі келе бастаса, оның Құдай Сөзін үйретуші болуы әбден мүмкін.
16, 17. Киелі кітапты зерттеп жүрген адам қандай қол жеткізерлік мақсаттар қоюына болады?
16 Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға қол жеткізе алатындай мақсаттар қоюға көмектес. Мысалы, білгендерін досымен не туысымен бөлісуге талпындыр. Сондай-ақ Киелі кітапты түгел оқып шығуды да мақсат етіп қоюды ұсын. Оған Киелі кітапты күнделікті оқудың кестесін түзіп, оны ұстануға көмектессең, бұл әдеті оған шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де пайдалы болады. Оның үстіне, неге оған “Киелі кітап үйретеді” кітабының әрбір тарауындағы негізгі сұрақтардың біріне жауап беретін, кем дегенде, бір Жазба орнын жаттап алуды мақсат етуді ұсынбасқа? Осылай етуімен ол “кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші” болады (Тімотеге 2-хат 2:15).
17 Киелі кітапты зерттеушіге тармақтарды тек қайталап айтып беру не оларды өз сөздерімен айтып беруді үйретпей, белгілі бір Жазба орындарын сенімі жайлы сұрағандарға жауап бергенде қалай қолданатынын түсіндіріп беруге талпындыр. Бәлкім, сен сенімдері жайлы түсіндіріп беруді сұраған туысы не қызметтесінің рөлін ойнап, бірге қысқаша жаттыққандарың пайдалы болар. Ол жауап бергенде, мұны қалай “ілтипат, құрмет танытып” істеуге болатынын көрсет (Петірдің 1-хаты 3:15).
18. Киелі кітапты зерттеп жүрген адам шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болса, оған әрі қарай қалай көмектесуге болады?
18 Уақыт өте келе, ол қызметке шыға алатын дәрежеге жетер. Уағыз ісіне қатысуға мүмкіндік алу зор мәртебе екеніне баса назар аудар (Қорынттықтарға 2-хат 4:1, 7). Ақсақалдар оны шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болуға лайық деп тапқан соң, қарапайым ұсыныс дайындауына көмектесіп, қызметке бірге шық. Онымен қызметтің әр түріне үнемі шығып отыр. Сондай-ақ қайта баруларға қалай дайындалуға және оны қалай тиімді істеуге болатынын үйрет. Әрине, бұл жерде өз үлгіңнің рөлі зор (Лұқа 6:40).
‘Өзіңді және тыңдаушыларыңды аман сақта’
19, 20. Біз қандай мақсат қоюымыз керек және неліктен?
19 Адамға ‘шындықты біліп алуға’ көмектесу үшін біраз тер төгу керектігі шүбәсіз (Тімотеге 1-хат 2:4). Алайда әлдекімге Киелі кітаптың үйрететіндерін орындауға көмектесуден келетін қуанышқа тең келетін қуаныш кемде-кем (Салониқалықтарға 1-хат 2:19, 20). Шынында да, бізде осы дүниежүзілік тәлім беру ісінде ‘Құдаймен бірге еңбектенуші’ болу мәртебесі бар! (Қорынттықтарға 1-хат 3:9)
20 Ехоба жақында Иса мен құдіретті періштелер арқылы “Өзінің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазаламақ” (Салониқалықтарға 2-хат 1:6—8). Сондықтан адамдардың өміріне қауіп төніп тұр. Олай болса, “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабымен, ең болмағанда, бір Киелі кітап зерттеу сабағын өткізуді мақсат етіп қоя аласың ба? Осы іске қатыса отырып, ‘өзіңді және тыңдаушыларыңды аман сақтауға’ мүмкіндігің болады (Тімотеге 1-хат 4:16). Адамдарға Киелі кітаптың үйрететіндерін орындауға көмектесу қазір шұғыл іс болып отыр.
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Не білдіңдер?
• “Киелі кітап үйретеді” кітабы неге арналған?
• Осы кітапты қолданып, қалай Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға болады?
• Тәлім берудің ең тиімді әдістері қандай?
• Киелі кітапты зерттейтін адамға Құдай Сөзін үйретуші болуға қалай көмектесуге болады?
[13-беттегі сурет]
Осы кітапты тиімді қолданудасыңдар ма?
[14-беттегі сурет]
Қысқа талқылау адамның Киелі кітапқа деген тәбетін ашуы мүмкін
[15-беттегі сурет]
Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның назарын қалай Киелі кітапқа аударуға болады?
[16-беттегі сурет]
Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның рухани өсуіне көмектес