Киелі кітаптың шын мәнінде үйрететін ілімдері жайлы тәлім беріңдер
“Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп... үйретіңдер!” (МАТАЙ 28:19, 20)
1. Киелі кітаптың таралуы жайлы не деуге болады?
ЕХОБАНЫҢ СӨЗІ, яғни Киелі кітап, дүниедегі ең көне әрі ең көп тараған кітаптардың бірі. Ол толықтай немесе оның жекелеген кітаптары 2 300-ден астам тілге аударылған. Жер тұрғындарының 90 пайызынан астамы бұл кітапты өз ана тілдерінде оқи алады.
2, 3. а) Неге Киелі кітап ілімдері туралы ойлар шатасқан? ә) Қандай сұрақтарды қарастырамыз?
2 Миллиондаған адамдар Киелі кітаптың қандай да бір бөлігін күнделікті оқиды. Өзге біреулері оны басынан аяғына дейін бір емес, бірнеше рет оқып шыққан. Мыңдаған діни ағымдар өз ілімдерін Киелі кітапқа негіздейміз деп айтады, бірақ оның үйрететіндерімен келіспейді. Мұндай келіспеушілік тіпті бір дінді ұстанатындардың арасында да кездеседі. Кейбіреулердің Киелі кітапқа, оның шығуы мен құндылығына қатысты күмәні бар. Көп адамдар оны тек серт бергенде немесе сот алдында шындықты айтуға ант еткенде қолданылатын қасиетті кітап деп есептейді.
3 Шындығына келгенде, Киелі кітапта Құдайдың адамзатқа арналған құдіретті сөзі, немесе хабары, бар (Еврейлерге 4:12). Сондықтан да Ехоба Куәгерлері ретінде біз адамдардың Киелі кітаптың неге үйрететінін білгенін қалаймыз. Иса Мәсіхтің өз ізбасарларына берген тапсырмасын орындау — біз үшін қуаныш. Ол: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп... үйретіңдер!”— деп бұйырды (Матай 28:19, 20). Қызметте жүргенде, осы дүниеде кең етек алып отырған діндердің шатасқан ілімдерінен абыржулы ақ жүректі жандарды кездестіреміз. Олар Жаратушымыз туралы шындықты, сондай-ақ Киелі кітап өмірдің мағынасы жайлы не айтатынын білгілері келеді. Қазір көп адамды қызықтыратын үш сұрақты қарастырайық. Әр сұрақты қарастырғанда, дін басылары қалай қателесетініне, ал Киелі кітап шын мәнінде неге үйрететініне назар аударамыз. Бұлар мынадай сұрақтар: 1) Құдай қамымызды ойлай ма? 2) Біз не үшін өмір сүріп жатырмыз? 3) Өлген соң, адаммен не болады?
Құдай қамымызды ойлай ма?
4, 5. Неге адамдар Құдай қамымызды ойламайды деген ойда?
4 Алдымен, “Құдай қамымызды ойлай ма?” деген сұрақтан бастайық. Өкінішке қарай, көп адамдар “жоқ” деп жауап береді. Неге? Мұның бір себебі — олар жеккөрушілік, соғыс пен қайғы-қасіретке толы дүниеде өмір сүріп жатыр. Сондықтан олар: “Егер Құдай шынымен қамымызды ойласа, мұндай қайғылы жайттардың болуына жол бермес еді”,— деген ойда.
5 Адамдардың Құдай қамымызды ойламайды деп есептеуіне тағы бір себеп — дінбасылары. Олар адам қайғыға ұшырағанда, әдетте не дейді? Бір әйел көлік апатынан екі кішкентай баласынан айырылып қалғанда, дін қызметкері: “Бұл — Құдайдың еркі. Оған тағы екі періште қажет болған”,— деген екен. Дінбасылары осылай деп айтқанда, олар, сайып келгенде, болып жатқан жамандықтар үшін Құдайды кінәлайды. Алайда шәкірт Жақып: “Сынақ кезінде ешкім: — Мені Құдай сынап жатыр,— деп айтпасын. Себебі Құдайды зұлымдықпен сынау мүмкін емес, әрі өзі де ешкімді сынамайды”,— деп жазған (Жақып 1:13, ЖД). Ехоба Құдай ешқашан зұлымдық жасамайды. “Шынайы Құдай зұлым әрекет етуден аулақ” (Әйүп 34:10, ЖД).
6. Осы дүниедегі зұлымдық пен қайғы-қасіретке кім кінәлы?
6 Онда неге зұлымдық пен қайғы-қасірет көп? Мұның бір себебі — жалпы алғанда, адамзат Құдайдың әділ заңдары мен принциптеріне мойынсұнуды қаламай, одан Билеуші ретінде бас тартты. Олар, өздері де аңдамай, Құдайдың қас жауы Шайтанға мойынсұнуда, өйткені “бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр” (Жоханның 1-хаты 5:19). Адам осы жайтты білсе, неге жаман жағдайлар орын алып отырғанын түсіну оған әлдеқайда жеңіл болады. Шайтан зұлым, жексұрын, сұм әрі қатыгез. Сондықтан осы дүние де өз билеушісінің болмысын танытады. Олай болса, зұлымдықтың сонша көп болғаны таңғалдырмайды да!
7. Қайғы-қасірет шегуіміздің кейбір себептері қандай?
7 Кемелсіздігіміз де қасірет шегуіміздің бір себебі. Күнәкар адамдар билікке таласуға бір табан жақын, сондықтан да дүниеде соғыс, жәбірлеушілік пен қасірет көп. Екклесиаст 8:9-да: ‘Бір адам екінші адамға зиян келтіре отырып, әмір жүргізеді’,— деп өте орынды айтылған. Қайғы-қасіреттің тағы бір себебі — ‘уақыт пен жағдайдың орайлас келуі’ (Екклесиаст 9:11). Адамдар көбінесе қолайсыз уақытта, қолайсыз жерде болып қалғаннан жапа шегеді.
8, 9. Құдай шынымен қамымызды ойлайтынын қайдан білеміз?
8 Ехоба қайғы-қасіретті жібермейтінін білу көңілге жұбаныш береді. Бірақ Құдайды біздің өмірімізде болып жатқан нәрселер қызықтыра ма? Бұған “иә” деп сеніммен жауап беруге болады. Ехоба қамымызды ойлайтынын рухының жетелеуімен жазылған Сөзінде адамдардың теріс жолмен жүруіне не үшін жол бергенін айтқанынан білеміз. Бұған жол беруіне себеп оның жоғарғы билігі мен адамдардың мінсіздігіне қатысты көтерілген екі даулы мәселе еді. Әрине, құдіреті шексіз Жаратушы болғандықтан, Ехоба қайғы-қасіретке неге жол беріп отырғанын айтуға міндетті емес. Дегенмен де ол қамымызды ойлайтындықтан, мұны бізге айтып отыр.
9 Құдай қамымызды ойлайтынын көрсететін тағы бір дәлелді қарайық. Нұхтың күндерінде жер беті зұлымдыққа толғанда, ол “қайғырып, қасірет шекті” (Жаратылыс 6:5, 6). Құдай бұған бүгінде басқаша қарай ма? Жоқ. Ол өзгермейді (Малахи 3:6). Әділетсіздікті ол әлі де жек көреді және адамдардың қайғырғанын көру жанына батады. Киелі кітап адамдардың билігі мен Шайтанның ықпалынан болған залалдың бәрін Құдай жақында жояды деп үйретеді. Бұл Құдай қамымызды ойлайтындығының сенімді дәлелі емес пе?
10. Ехоба адамзаттың қайғы-қасіретіне қалай қарайды?
10 Дінбасылары басымызға түскен қайғылы жағдайлар Құдайдың еркі бойынша болып жатыр дегенде, ол жайлы шындықты бұрмалайды. Құдай, керісінше, адамзаттың қайғы-қасіретін жойғысы келеді. Петірдің 1-хаты 5:7:де: “Ол қамдарыңды ойлайды!”— делінген. Киелі кітап шын мәнінде, міне, осыған үйретеді!
Біз не үшін өмір сүріп жатырмыз?
11. Осы дүниедегі діндер адамның жер бетіндегі өмірі жайлы жиі не айтады?
11 Қазір көп адамды ойландыратын мынадай екінші сұрақты қарастырайық: Біз не үшін өмір сүріп жатырмыз? Осы дүниедегі діндер жиі бұған адам баласы жер бетінде қонақ деп жауап береді. Олар біздің жер шарымызды тек басқа бір өмірге бара жатқан жолдағы аялдама, немесе баспалдақ, деп есептейді. Кейбір дін қызметкерлері Құдай бір күні планетамызды жояды деген жалған ілімге үйретеді. Осындай ілімдердің салдарынан көп адамдар алдымызда тек өлім күтіп тұрса, қазір өмірдің қызығын көріп қалайық деген тұжырымға келген. Өмірдің мағынасы жайлы Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?
12—14. Киелі кітап Құдайдың жерге және адамзатқа қатысты ниеті жайлы неге үйретеді?
12 Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты керемет ниеті бар. Ол “оны [жерді] ретсіз, бос тұру үшін емес, мекендеу үшін жаратты” (Ишая 45:18). Оның үстіне, Ехоба ‘жерді қатты іргетасқа қойды: ол мәңгі бақи қозғалмайды’ (Забур 103:5). Құдайдың жерге және адамзатқа қатысты ниетін білу не үшін өмір сүріп жатқанымызды түсінуге көмектеседі.
13 Жаратылыс кітабының 1, 2-тарауларынан Ехоба адамзат тұру үшін жерді асқан қамқорлықпен әзірлегені көрінеді. Жер шарын қалыптастыру да кіретін жарату кезеңінің соңында барлық нәрсе “өте жақсы” еді (Жаратылыс 1:31). Құдай алғашқы еркек пен әйел Адам мен Хауаны әсем Едем бағына орналастырып, мол аспен қамтамасыз етті. Оларға: “Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар!”— делінді. Олардың кемелді балалары болып, бақтағы үйлерінің аясын кеңейтіп, жан-жануарларға сүйіспеншілікпен иелік етулері керек еді (Жаратылыс 1:26—28).
14 Ехобаның ниеті — жер бетінде мәңгі өмір сүретін кемелді адамзат отбасының болуы. Құдай Сөзінде: “Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгі-бақи өмір сүреді”,— делінген (Забур 37:29, ЖД; [36:29]). Иә, адамзат жер бетіндегі Жұмақта мәңгі-бақи өмір сүру керек. Бұл — Құдайдың ниеті. Киелі кітап та шын мәнінде осыған үйретеді.
Өлген соң, адаммен не болады?
15. Өлгенде адаммен не болатыны жайлы осы дүниедегі діндердің басым көпшілігі не деп үйретеді?
15 Қазір көпшілікті қызықтыратын үшінші сұрақты қарастырайық: өлген соң, адаммен не болады? Осы дүниедегі діндердің басым көпшілігі адамда өлген соң, тіршілік етуін жалғастыра беретін жан бар деп үйретеді. Кейбір діни ағымдар Құдай зұлым адамдарды тозақ отында мәңгі азаптай отырып жазалайды деген нанымға әлі де сенеді. Бірақ бұл рас па? Киелі кітап өлім туралы шын мәнінде не деп үйретеді?
16, 17. Киелі кітапқа сай, өлгендер қандай күйде болады?
16 Құдай Сөзінде былай делінген: “Тірілер өлетінін біледі, ал марқұмдар ештеңені білмейді де, ақыларын алмайды да”. Өлгендер ‘ештеңені білмейтіндіктен’, олар естімейді де, көрмейді де, сөйлеп, сезініп не ойланбайды да. Олар бұдан былай ешқандай ақы алмайды, себебі еш жұмыс істей алмайды ғой! Сонымен қатар “олардың махаббаттары да, олардың өшпенділіктері де және олардың қызғаныштары да өшіп бітеді”, өйткені сезімдерін білдіре алмайды (Екклесиаст 9:5, ЖД; 6, 10).
17 Көріп тұрғанымыздай, Киелі кітапта өлгендер жайында қарапайым да анық айтылған: өлгендер қандай да бір жерде тіршілік етуін жалғастырмайды. Жан жаңа түрге енеді деп сенетіндер айтатындай, тән өлген соң, одан шығып кетіп, қайтадан басқа тәнмен туылатын бойымызда ешнәрсе де жоқ. Өмірді шамның жалынына теңеуге болады. Шамды сөндіргенде, жалыны басқа бір жерге барып жанып тұрмайды ғой. Ол жай ғана ғайып болады.
18. Киелі кітапты зерттеп жүрген адам өлгендердің ештеңе білмейтінін білгенде, қандай тұжырымдар жасай алады?
18 Осы қарапайым да күшті шындықтың мәні жайлы ойлап көріңдерші. Киелі кітапты зерттеп жүрген адам өлгендердің ештеңе білмейтінін білгенде, көздері тірісінде қанша ренжісе де, ата-бабаларының аруақтары оны мазалай алмайтынын тез түсінеді. Сондай-ақ ол мына нәрсені де тезірек ұғады: қайтыс болған қымбат адамдары бұдан былай ести де, көре де, сөйлей де, сезіп не ойлана да алмайды. Сондықтан олар күнәдан тазарып шығатын орында адам айтқысыз жалғыздық сезініп яки тозақ отында азап шеге алмайды. Алайда Киелі кітап Құдайдың жадындағы өлген адамдардың қайта тірілетініне үйретеді. Неткен ғажап үміт! (Жохан 5:28, 29)
Қолдануға арналған жаңа кітап
19, 20. Мәсіхшілер болғандықтан, қандай міндетіміз бар және қызметімізде қолдану үшін Киелі кітапты зерттеуге арналған қандай құрал дайындалды?
19 Біз көп адамды қызықтыратын үш сұрақты ғана қарастырдық. Әр сұраққа қатысты Киелі кітаптың неге үйрететіні анық та ашық айтылған. Киелі кітап неге үйрететінін білгісі келетіндермен осы шындықтарды бөлісу қандай зор қуаныш! Алайда ақ ниетті адамдар қанағаттанарлық жауап алғысы келетін басқа да көптеген маңызды сұрақтар бар. Мәсіхші болғандықтан, осы сұрақтардың жауабын алуға көмектесуге міндеттіміз.
20 Әрине, Жазбалардағы шындықты анық та жүрекке жететіндей етіп жеткізу оңай емес. Сондықтан бұған көмектесу үшін “адал да ақылды құл” қызметімізде қолдануға арналған кітап дайындады (Матай 24:45, ЖД; 46, 47). Бұл 224 беттік кітап “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” деп аталады.
21, 22. “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының кейбір көңіл қоярлық ерекшеліктері қандай?
21 Ехоба Куәгерлерінің 2005—2006 жылдары өткен “Құдайға мойынсұну” атты конгресінде жарық көрген бұл кітаптың көңіл қоярлық әр түрлі ерекшеліктері бар. Мысалы, онда үй жағдайында Киелі кітапты зерттеуді бастауға жақсы көмек болып табылатын бес беттік кіріспе бар. Бәлкім, сол жердегі суреттер мен келтірілген тармақтарды талқылау жеңіл екенін байқарсыңдар. Сондай-ақ осы бөлімде адамға Киелі кітаптың тараулары мен тармақтарын қалай табуға болатынын көрсетуге көмектесетін қоршау бар.
22 Кітап қарапайым тілде әрі анық етіп жазылған. Мәліметті Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның жүрегіне жеткізу үшін, мүмкін болған жерде оны да талқылауға қатыстырудың жолы қарастырылды. Әр тараудың басында бірнеше кіріспе сұрақтар мен соңында “Киелі кітап неге үйретеді?” деген қоршау бар. Қоршауда кіріспе сұрақтардың Киелі кітапқа негізделген жауаптары бар. Осы кітаптағы керемет суреттер мен оған берілген жазулар, сондай-ақ келтірілген мысалдар зерттеп жүрген адамға жаңа ойларды ұғуға көмектеседі. Кітаптың тараулары қарапайым болғанымен, соңында, егер зерттеп жүрген адам қосымша мәліметті қажет етсе, маңызды 14 тақырып тереңірек қарастырылған қосымшасы бар.
23. Киелі кітапты зерттеу сабағында “Киелі кітап үйретеді” кітабын қолдануға қатысты қандай кеңестер беріледі?
23 Бұл кітап білім деңгейі әр түрлі және түрлі діннен шыққан адамдарды үйретуімізге көмектесуге арналған. Егер Киелі кітапты зерттеп жүрген адам Киелі кітаппен таныс болмаса, онда бір тарауды бөліп-бөліп өту керек болар. Материалды өтіп шығуға асықпай, зерттеушінің жүрегіне жеткізуге күш салыңдар. Егер ол кітапта келтірілген қандай да бір мысалды түсінбесе, оны түсіндіріңдер немесе басқа мысалды қолданыңдар. Жақсылап дайындалып, кітапты тиімді қолдануға барынша тырысыңдар. Сондай-ақ “Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші” бола алу үшін, Құдайдан көмек сұрап дұға етіңдер (Тімотеге 2-хат 2:15).
Керемет мәртебелеріңді бағалаңдар
24, 25. Ехоба өз халқына қандай зор мәртебе беріп отыр?
24 Ехоба өз халқына зор мәртебе беріп отыр. Ол бізге өзі жайлы шындықты білуге көмектесті. Біз бұған ешқашан да немқұрайды қарамауымыз керек! Расында да, Құдай өз ниеттерін өркөкірек адамдардан жасырып, кішіпейілдерге ашқан. Осыған қатысты Иса: “Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайларды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды нәресте іспетті қарапайымдарға ашып білдіргенің үшін Сені дәріптеймін”,— деген (Матай 11:25, сілтемені қараңдар). Әлемнің Әміршісі Ехобаға қызмет етіп жүрген кішіпейіл жандардың арасында болу — аса үлкен мәртебе!
25 Сонымен қатар Құдай бізге өзгелерге тәлім беру мәртебесін беріп отыр. Құдай жайлы жалған нәрсеге үйретушілер ол туралы шындықты бұрмалап тастағаны естеріңде болар. Осының салдарынан көп адамда Ехоба қамымызды ойламайтын, тас жүрек Құдай деген мүлдем жалған түсінік қалыптасқан. Мұны бұрысқа шығаруға дайын, тіпті асықсыңдар ма? Шартараптағы ақ жүректі адамдардың Құдай туралы шындықты білгенін қалайсыңдар ма? Онда маңызды сұрақтарға қатысты Жазбаларда не айтылғанын басқаларға құлшыныспен уағыздау және үйрету арқылы Құдайға мойынсұнатындарыңды көрсетіңдер. Шындықты іздеушілер Киелі кітап шын мәнінде неге үйрететінін білулері керек.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдай қамымызды ойлайтынын қайдан білеміз?
• Не үшін өмір сүріп жатырмыз?
• Өлген соң, бізбен не болады?
• Сендерге “Киелі кітап үйретеді” кітабының қандай ерекшеліктері әсіресе ұнады?
[9-беттегі сурет]
Әділдер Жұмақта мәңгі өмір сүреді
[10-беттегі суреттер]
Киелі кітап қайғы-қасіреттің жойылатынын айтады
[Түпдерек]
Top right, girl: © Bruno Morandi/age fotostock; left, woman: AP Photo/Gemunu Amarasinghe; bottom right, refugees: © Sven Torfinn/Panos Pictures