Патша Мәсіхке адал қызмет ету
“Оған барлық халықтар, ұлттар мен тілдер қызмет ету үшін, билік, даңқ пен патшалық берілді” (ДАНИЯЛ 7:14).
1, 2. Мәсіхтің б. з. 33 жылы Патшалық билікті толық алмағанын қайдан білеміз?
ҚАЙ БИЛЕУШІ өзінің қол астындағы азаматтары үшін өмірін қиып, бірақ патша ретінде билік ету үшін қайта өмір сүре алады? Ал қай патша қол астындағыларын өзіне сенім артуға және адалдықтарын көрсетуге талпындыру үшін жерде өмір сүріп, кейіннен көктен билік ете алады? Осындай және бұдан басқа да нәрселер қолынан келетін жалғыз тұлға — Иса Мәсіх қана (Лұқа 1:32, 33). Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында, яғни Мәсіх өлімнен қайта тіріліп, көкке оралғаннан кейін, Құдай “Оны барлығынан да жоғары қойып, сенушілер қауымының Басы етті” (Ефестіктерге 1:20—22; Елшілердің істері 2:32—36). Осылай Мәсіх билік етуін бастады, бірақ билігінің аясы шектеулі болды. Оның қол астындағы алғашқы азаматтары ‘Құдайдың рухани Исраил халқын’ құрайтын киелі рухпен майланған мәсіхшілер болды (Ғалаттықтарға 6:16; Қолостықтарға 1:13).
2 Біздің заманымыздың 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан 30 жылдай уақыт өткен соң, елші Пауыл Мәсіхтің Патшалық билікті әлі толық алмағанын растап, ‘Құдайдың оң жағындағы құрметті орнына мәңгілікке жайғасып, барлық жауларының Өзінің табанының астына түсуін күтіп отырғанын’ айтты (Еврейлерге 10:12, 13). Ал бірінші ғасырдың соңына таман қарт елші Жохан аянда Әлемнің Әміршісі Ехобаның Иса Мәсіхті жаңа туылған Патшалықтың Патшасы етіп жатқанын көрді (Аян 11:15; 12:1—5). Тарихқа үңілсек, Мәсіхтің көктегі Патшалықтың Патшасы ретінде билігін 1914 жылы бастағанын растайтын айғақтардың қыруар екенін көреміз.a
3. а) 1914 жылдан бері Патшалық туралы ізгі хабар қандай жаңа қырынан уағыздалатын болды? ә) Өзімізге қандай сұрақтар қоюымызға болады?
3 1914 жылдан бастап Патшалық туралы ізгі хабар жаңа бір қырынан уағыздалатын болды. Содан бері Мәсіх ‘жауларының арасында’ болса да, көктегі Құдай Патшалығының Патшасы ретінде белсене билік етуде (Забур 109:1, 2, Таурат; Матай 24:14; Аян 12:7—12). Оның үстіне, Мәсіхтің билігін бүкіл жер жүзіндегі адал азаматтары тарихтағы бұрын-соңды болмаған Киелі кітаптан білім беру бағдарламасына атсалысып бар ынта-ықыластарымен қолдау көрсетуде (Даниял 7:13, 14; Матай 28:18). “Құдай Патшалығының адамдары” майланған мәсіхшілер ‘Мәсіхтің өкілдері’ ретінде қызмет етуде. Оларға Құдай Патшалығының елшілері ретінде қызмет етіп жатқан, әрі саны күннен-күнге артып отырған “басқа қойлар” қолдау көрсетіп жатыр (Матай 13:38; Қорынттықтарға 2-хат 5:20; Жохан 10:16). Солай болған күнде де, Мәсіхтің билігін жеке өзіміз шынымен мойындаймыз ба, жоқ па, соны тексеріп көруіміз керек. Оған деген адалдығымыз берік пе? Көкте билік етіп отырған Патшаға деген адалдығымызды қалай көрсете аламыз? Қазір осыларды қарастырайық. Бұл үшін, алдымен, Мәсіхке адал болуымызға қандай себептер бар екенін көрейік.
Өзіне адал болуға талпындыратын Патша
4. Иса жердегі қызметі кезінде болашақ Патша ретінде не істеді?
4 Мәсіхке адал болуымызға негіз болып отырған — оның біз үшін істегендері мен керемет қасиеттеріне деген ризашылығымыз (Петірдің 1-хаты 1:8). Жерде болған кезінде болашақ Патша ретінде Иса Құдайдың белгілеген уақыты келгенде бүкіл жер бетінде не істейтінін кішкене көлемде көрсетіп кетті. Ол ашыққандарды тамақтандырды. Ауруларды, соқырларды, саңыраулар мен мүгедектерді және мылқауларды сауықтырды. Тіпті өлгендерді қайта тірілтті (Матай 15:30, 31; Лұқа 7:11—16; Жохан 6:5—13). Исаның жердегі өмірі жайлы біліміміз жердің болашақ Билеушісі ретінде оның қасиеттері, әсіресе жанқиярлық сүйіспеншілігі, жайлы да білуге көмектеседі (Марқа 1:40—45;). Осыған орай, Наполеон Бонапарт: “Ескендір, Цезарь, Ұлы Карл және мен ірі мемлекеттер құрдық, бірақ біздің кемеңгерлік ісіміз неге негізделген еді? Күшке. Тек Иса Мәсіх қана өз патшалығын сүйіспеншілікке негіздеп құрды және осы күнге дейін миллиондаған адам ол үшін жанын қиюға бар”,— деп айтқан деседі.
5. Неге Иса өзгелерге соншалықты тартымды болды?
5 Иса жуас әрі кішіпейіл болғандықтан, оның жігер беретін тәлімдері мен жайлы мінезі қысым мен ауыртпалықтан еңселерін ауыр жүк басқандардың жандарын сергітті (Матай 11:28—30). Балалар оның жанында өздерін еркін сезінді. Кішіпейіл де зерделі кісілер оған шәкірт болды (Матай 4:18—22; Марқа 10:13—16). Сезімдерін ескеріп, құрметпен қарағандықтан, көптеген Құдайдан қорқатын әйелдер өзіне адал болды. Олардың бірқатары уақыттары мен күштерін, материалдық игіліктерін сарп етіп, Исаға қызметінде қолдау көрсетті (Лұқа 8:1—3).
6. Елазар қайтыс болғанда, Иса терең сезімін қалай көрсетті?
6 Иса терең сезімін қымбатты досы Елазар қайтыс болғанда көрсетті. Мәриям мен Мартаның қайғысы жанына батқаны сонша — ол да қатты қайғырып, “көзіне жас алды”. Тіпті сәлден соң Елазарды қайта тірілтетінін білсе де, қайғыдан көңілі “толқып кетті”. Сүйіспеншілігі мен жанашырлығы қозғау салған ол кейін Құдай берген билігін қолданып, Елазарды тірілтті (Жохан 11:11—15, 33—35, 38—44).
7. Неге Иса адал болуымызға лайық? (31-беттегі қоршауды қараңдар.)
7 Исаның әділ істерді қатты жақсы көріп, ал екіжүзділік пен зұлымдықты жек көргені бойымызда оған деген қастерлі сезім оятады. Ол батыл әрекет етіп, екі рет ғибадатхананы ашкөз саудагерлерден тазартты (Матай 21:12, 13; Жохан 2:14—17). Оның үстіне, Иса жер бетінде адам ретінде небір ауыртпалықты бастан кешті, сондықтан біз кезігетін қысым мен қиындықтарды біледі (Еврейлерге 5:7—9). Ол сондай-ақ жеккөрушілік пен әділетсіздіктің құрбаны болу дегеннің не екенін білді (Жохан 5:15—18; 11:53, 54; 18:38-19:16). Ақыр соңында, Әкесінің еркін жүзеге асыру үшін және өзінің қол астындағы азаматтарына мәңгілік өмір беру үшін батылдықпен басын азапты өлімге тікті (Жохан 3:16). Мәсіхтің осындай қасиеттері сені әрі қарай да оған адалдықпен қызмет ете беруге талпындырады емес пе?! (Еврейлерге 13:8; Аян 5:6—10) Алайда Патша Мәсіхтің қол астындағы азаматы болу үшін не талап етіледі?
Патша Мәсіхтің қол астындағы азаматы болу үшін
8. Мәсіхтің қол астындағы азаматтарынан не талап етіледі?
8 Мынадай салыстыруды қарастырып көрейік: басқа бір елдің азаматы болу үшін, адам белгілі бір негізгі талаптарға сай келу керек. Мысалы, ол тәрбиелі әрі денсаулығы да белгілі бір нормаларға сай болу керек. Сол сияқты Мәсіхтің қол астындағы азаматтары да әрдайым жоғары құлықтылық нормаларына сай келіп, рухани денсаулықтары жақсы болу керек (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11; Ғалаттықтарға 5:19—23).
9. Мәсіхке адал екенімізді қалай көрсете аламыз?
9 Иса Мәсіх сондай-ақ қол астындағы азаматтарынан өзіне және Патшалығына адал болады деп күтеді, әрі бұл орынды да. Олар осындай адалдықтарын Исаның болашақ Патша ретінде жерде болған кезінде үйреткендеріне сай өмір сүру арқылы көрсетеді. Мысалы, олар Патшалықтың мүддесі мен Құдайдың еркін дүние-мүліктен жоғары қояды (Матай 6:31—34). Сондай-ақ тіпті өте ауыр жағдайларда да Мәсіхтің қасиеттеріне еліктеуге барынша тырысады (Петірдің 1-хаты 2:21—23). Мәсіхтің қол астындағы азаматтары өзгелерге бірінші болып жақсылық істеулерімен де Исаға еліктейді (Матай 7:12; Жохан 13:3—17).
10. Мәсіхке деген адалдықты: а) отбасында және ә) қауымда қалай көрсетуге болады?
10 Исаның ізбасарлары адалдықтарын оның қасиеттерін отбасында таныту арқылы да көрсетеді. Мысалы, отағалары көктегі Патшаға деген адалдықтарын әйелі мен балаларына Мәсіх сияқты қарай отырып көрсетеді (Ефестіктерге 5:25, 28—30; 6:4; Петірдің 1-хаты 3:7). Ал әйелдер болса Мәсіхке деген адалдықтарын мінсіз мінез-құлықтары мен ‘мейірімді де сабырлы жан дүниелерімен’ көрсетеді (Петірдің 1-хаты 3:1—4; Ефестіктерге 5:22—24). Балалар Мәсіхтің мойынсұнғыштығына еліктеулерімен оған адал бола алады. Жас кезінде Иса ата-анасы кемелсіз болса да, оларға мойынсұнып жүрді (Лұқа 2:51, 52; Ефестіктерге 6:1). Мәсіхтің қол астындағы азаматтары ‘қуаныш пен қайғыға ортақтас, бір-бірін туған бауырлардай сүйіп’ және ‘қайырымды’ болу арқылы Исаның үлгісіне еліктеуге тырысады. Сондай-ақ олар “жамандыққа жамандықпен, қорлыққа қорлықпен жауап бермей’, ‘кішіпейіл болуларымен’ де Мәсіх сияқты болуға талпынады (Петірдің 1-хаты 3:8, 9; Қорынттықтарға 1-хат 11:1).
Мәсіхтің заңға мойынсұнғыш азаматтары
11. Мәсіхтің қол астындағы азаматтары қандай заңдарға бағынады?
11 Басқа елдің азаматы болғысы келген адам сол елдің заңдарына бағыну керектігі сияқты, Мәсіхтің азаматтары да ‘Мәсіхтің заңына’ бағынады. Олар мұны Исаның үйреткендері мен бұйырғандарына сай өмір сүре отырып істейді (Ғалаттықтарға 6:2, сілтемені қараңдар). Олар әсіресе сүйіспеншілікке қатысты берілген ‘патша заңы’ бойынша адал өмір сүреді (Жақып 2:8, сілтемені қараңдар). Бұл заңдарға не жатады?
12, 13. Қалайша ‘Мәсіхтің заңына’ адалдықпен мойынсұнамыз?
12 Әрине, Мәсіхтің қол астындағы азаматтары кемелсіз әрі кемшіліктері бар (Римдіктерге 3:23). Сондықтан да олар ‘бір-бірін шын жүректен сүю’ үшін ‘нағыз сүйіспеншілік’ дамыта берулері керек (Петірдің 1-хаты 1:22). ‘Егер қайсыбіреуіне тағатын кінәлары болса’, мәсіхшілер ‘өзара төзімді, кешірімді болуларымен’ Мәсіхтің заңына адалдықпен бағынады. Осы заңға мойынсұнғандары кемелсіздіктеріне көз жұмып, бір-бірін сүюге себеп іздеуге көмектеседі. Сүйікті Патшамызға адалдықпен мойынсұнудың арқасында ‘бәрін толықтай біріктіретін’ сүйіспеншілікке бөленгендердің арасында болғанымызға риза емеспіз бе?! (Қолостықтарға 3:13, 14)
13 Иса өзінің үлгі етіп көрсеткен сүйіспеншілігі адамдардың бір-біріне көрсететін сүйіспеншілігінен әлдеқайда зор екенін де түсіндірген (Жохан 13:34, 35). Егер өзімізді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсек, онда ‘ерекше іс істемейміз’. Мұндай жағдайда сүйіспеншілігіміз толық болмас еді. Иса бізді тіпті өзімізді жек көріп, қудалайтын жауларымызды да жақсы көр деген принципке негізделген сүйіспеншілікке бөлене отырып, Әкесінің сүйіспеншілігіне еліктеуге шақырды (Матай 5:46—48). Бұл сүйіспеншілік сондай-ақ Патшалықтың азаматтарын өмірлеріндегі басты істі адалдықпен жалғастыра беруге талпындырады. Бұл қандай іс?
Адалдықтың сыналуы
14. Неге уағыздау ісі аса маңызды?
14 Құдай Патшалығының азаматтарына қазір өмірлік маңызы бар ‘Құдай Патшалығы туралы куәлік келтіру’ ісі тапсырылған (Елшілердің істері 28:23). Бұл іске қатысу маңызды, өйткені Мәсіхтің Патшалығы Ехобаның жоғарғы билігін ақтайды (Қорынттықтарға 1-хат 15:24—28). Ізгі хабарды уағыздағанда, тыңдаушыларымызға Құдай Патшалығының азаматы болуға мүмкіндік береміз. Сонымен қатар Мәсіх адамдарды осы хабарды қалай қабылдағандарына қарап соттайды (Матай 24:14; Салониқалықтарға 2-хат 1:6—10). Демек, Мәсіхке деген адалдығымызды көрсетудің басты жолы — оның Патшалық туралы басқа адамдарға айтыңдар деген бұйрығына құлақ асу (Матай 28:18—20).
15. Неге мәсіхшілердің адалдықтары сыналуда?
15 Әрине, Шайтан қолынан келген небір тәсілді қолданып, уағыздау ісіне кедергі жасайды. Ал адамзат басшылары болса Мәсіхтің Құдай берген билігін мойындамайды (Забур 2:1—3, 6—8). Сондықтан Иса шәкірттеріне: “Құлдың жолы қожайынынан үлкен емес”. Күнәкар адамдар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды”,— деп ескерткен болатын (Жохан 15:20). Олай болса, Мәсіхтің ізбасарлары адалдықтары сыналатын рухани соғысқа қатысуда (Қорынттықтарға 2-хат 10:3—5; Ефестіктерге 6:10—12).
16. Патшалықтың азаматтары қалай ‘Құдайға тиістісін Құдайға береді’?
16 Дегенмен де Құдай Патшалығының азаматтары адамзат билігіне құрмет көрсете отырып, көрінбейтін Патшаларына адалдықтарын сақтауда (Титке 3:1, 2). Иса: “Патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер!”— деген (Марқа 12:13—17). Сондықтан Мәсіхтің қол астындағылар Құдай заңдарына қайшы келмейтін мемлекет заңдарына бағынады (Римдіктерге 13:1—7). Алайда яһудилердің жоғары соты Исаның шәкірттеріне уағыздауды тоқтатуды бұйырып Құдай заңына қарсы шыққанда, олар: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек”,— деп батыл, бірақ құрметпен айтты (Елшілердің істері 1:8; 5:27—32;).
17. Неге адалдығымыз сыналғанда, батылдықпен төтеп бере аламыз?
17 Мәсіхтің қол астындағы азаматтарына қудалау кезінде Патшаларына адал болып қалу үшін, әрине, зор батылдық қажет. Әйтсе де Иса: “Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, Әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар! Қуана шаттаныңдар! Себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр!”— деген (Матай 5:11, 12). Ертедегі мәсіхшілердің осы сөздердің растығына көздері жетті. Патшалық туралы уағыздауды тоқтатпағандары үшін тіпті дүре соғылса да, олар “Иеміздің аты үшін қорлық көруге лайық деп саналғандарына қуанды. Олар күн сайын ғибадатханада және үйлерде тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ” (Елшілердің істері 5:41, 42). Қиындықтарға кезіккенде, ауруға шалдығып не жақыныңды жоғалтқанда, немесе қарсылықтар көргенде, осындай адалдық рухын танытып жатқандарың үшін сендер де мақтауға лайықсыңдар (Римдіктерге 5:3—5; Еврейлерге 13:6).
18. Исаның Понти Пилатқа айтқан сөздері нені білдіреді?
18 Иса болашақ Патша ретінде Рим билеушісі Понти Пилатқа: “Менің Патшалығым бұл дүниелік емес. Егер ол бұл дүниелік болса, қызметкерлерім Мені яһуди басшыларының қолына түсірмес үшін күрескен болар еді. Бірақ Менің Патшалығым бұл дүниелік емес”,— деп түсіндірді (Жохан 18:36). Сондықтан көктегі Патшалық азаматтары қолдарына қару алмайды және ешқайсысы адамзат қақтығыстарында қандай да бір жақты қолдамайды. Олар ‘тыныштық пен амандықты сыйлайтын Әміршілеріне’ адал болып, осы дүниенің жік салатын істеріне қатысты бейтараптықты сақтайды (Ишая 2:2—4; 9:6, 7).
Адалдық үшін алатын сый
19. Неге Патшалықтың азаматтары болашаққа сеніммен қарайды?
19 “Патшалардың Патшасы” Мәсіхтің қол астындағы адал азаматтары болашаққа сеніммен қарайды. Олар Исаның Патша ретінде табиғаттан тыс күшін көрсететін уақытын асыға күтуде, әрі бұл уақыт жақын (Аян 19:11-20:3; Матай 24:30). Майланған мәсіхшілердің адал тамтығы, яғни “Құдай Патшалығының адамдары”, Мәсіхпен бірге көкте патшалар ретінде билік ету мұрасын күтуде (Матай 13:38; Лұқа 12:32). Ал Мәсіхтің адал ‘басқа қойлары’ болса Патшаларының өздерін қолдайтынын көрсетіп: “Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан [жер бетіндегі Жұмақтан] үлестеріңді алыңдар!”— деп жар салғанын асыға күтуде (Жохан 10:16; Матай 25:34). Олай болса, Патшалықтың азаматтары ретінде бәріміз де Патша Мәсіхке адал қызмет ету шешімімізге берік болайық.
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабының 10-тарауындағы “Патшалық билігін қашан бастайды?” деген тақырыпшаны қараңдар (95—97 беттер).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неге Мәсіх адал болуымызға лайық?
• Мәсіхтің қол астындағы азаматтары оған деген адалдықтарын қалай көрсетеді?
• Неге Мәсіх Патшаға адал болғымыз келеді?
[31-беттегі қоршау]
МӘСІХТІҢ БАСҚА ДА КЕРЕМЕТ ҚАСИЕТТЕРІ
Адамдарды алаламаушылық (Жохан 4:7—30).
Жанашырлық (Матай 9:35—38; 12:18—21; Марқа 6:30—34).
Жанқиярлық сүйіспеншілік (Жохан 13:1; 15:12—15).
Адалдық (Матай 4:1—11; 28:20; Марқа 11:15—18).
Адам қайғысына ортақтаса білу (Марқа 7:32—35; Лұқа 7:11—15; Еврейлерге 4:15, 16).
Парасаттылық (Матай 15:21—28).
Мәсіхтің қасиеттері сені оған адал қызмет етуге талпындыра ма?
[29-беттегі сурет]
Бір-бірімізге сүйіспеншілік көрсете отырып, адалдықпен “Мәсіхтің заңына” бағынамыз
[31-беттегі суреттер]
Мәсіхтің қасиеттері сені оған адал қызмет етуге талпындыра ма?