Ехоба отарын бағатын бақташыларды үйретеді
“Себебі Жаратқан Ие даналық сыйлар, Білім мен түсінік Оның аузынан шығар” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 2:6).
1, 2. Неге шомылдыру рәсімінен өткен ер кісілер қауымда көбірек жауапкершілік алуға ұмтылады?
“МЕНІ ақсақал етіп тағайындағанда, қатты қуандым”,— деді ақсақал болып қызмет еткеніне алты жыл болған Ник. “Мұны қызметімнің аясын кеңейтудің мүмкіндігі деп қарастырдым. Жасаған бар жақсылығы үшін өзімді Ехобаға қарыздармын деп санайтынмын. Сондай-ақ қолымнан келгенше қауымдағыларға қолғабыс беруді және басқа ақсақалдар маған қалай көмек берсе, мен де бауырластарға солай көмектесуді қаладым”,— деді ол. Алайда оның бойында қуанышпен қатар қобалжу да болды. Ник сөзін жалғастырып: “Ақсақал болып тағайындалғанда, әлі 30-ға толмаған болатынмын. Сондықтан қауымды жақсылап бағуға маған қажетті қабілеттер — даналық пен қырағылық — жетіспейді деп уайымдадым”,— деді.
2 Ехоба отарын қамқорлап бағуға тағайындаған бауырластардың өздерін бақытты сезінулеріне себеп көп. Елші Пауыл мұның бір себебін Ефестегі ақсақалдарға Исаның: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген сөздерін естеріне салғанда айтқан (Елшілердің істері 20:35). Шомылдыру рәсімінен өткен ер кісілерге қызмет көмекшісі не ақсақал болып қызмет ету Ехоба мен қауымға ‘берудің’ тағы бір мүмкіндігі болып табылады. Мысалы, қызмет көмекшілері ақсақалдармен иық тіресе еңбек етеді. Олар сондай-ақ көп уақытты алатын, бірақ маңызды болып саналатын көптеген тапсырмаларды орындайды. Бұл бауырластарды осындай құнды қызметті атқаруға Құдайға және жақынына деген сүйіспеншілік талпындырады (Марқа 12:30, 31).
3. Неге кейбіреулер қауымдағы жауапкершіліктерге ұмтылмай, тартыншақтауы мүмкін?
3 Ал өзін лайықсыз санап, қызмет көмекшісі, содан кейін ақсақал болу мәртебесіне ие болудан тартыншақтайтын мәсіхші ер бауырластар жайлы не деуге болады? Бәлкім, Ник сияқты олар да жақсы ақсақал болуға қажетті қабілеттерім жоқ деп ойлайтын шығар. Шомылдыру рәсімінен өткен болсаң, сені де осындай ой мазалай ма? Бұлай қобалжуға, әрине, негіз жоқ емес. Өйткені ақсақалдар отарға қалай қарағаны үшін Ехобаның алдында жауап береді. Иса: “Құдай кімге көп берсе, одан көп талап етеді, кімге көп сеніп тапсырса, одан есепті де көбірек сұрайды”,— деген (Лұқа 12:48).
4. Ехоба отарын бағуға тағайындағандарға қалай көмектеседі?
4 Ехоба қызмет көмекшілері мен ақсақалдардан қосымша жауапкершіліктерін өз күштерімен атқарады деп күте ме? Жоқ. Қайта, оларға жауапкершіліктерін атқарып қана қоймай, сол істе тіпті нәтижелі болуларына көмектеседі. Алдыңғы мақалада айтылғандай, Ехоба оларға отарды қамқорлап бағуда ‘жемісі’ зор көмек болып табылатын киелі рухын береді (Елшілердің істері 20:28; Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сонымен қатар білім, даналық және түсінік, немесе қырағылық, береді (Нақыл сөздер 2:6). Мұны ол қалай істейді? Қазір отарына бақташы етіп қойғандарды Ехоба қандай үш жолмен үйрететінін қарастырайық.
Тәжірибелі ақсақалдар арқылы үйрету
5. Қалай Петір мен Жохан шебер тәлімгер болды?
5 Елші Петір мен Жохан Жоғары кеңестің алдына әкелінгенде, осы дүниенің данышпан төрешілері оларды “арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар” деп есептеді. Алайда Петір мен Жохан, сондай-ақ басқа да шәкірттер өз тыңдаушыларын Құдай жолына түсуге талпындыруларымен өздерінің шебер тәлімгер екендерін дәлелдеді. Бұл қарапайым адамдар қалай күшті тәлімгер бола алды? Петір мен Жоханды тыңдап болған соң, сот ‘екеуінің Исаның шәкірті болғанын білді’ (Елшілердің істері 4:1—4, 13). Рас, оларға киелі рух та қонған болатын (Елшілердің істері 1:8). Бірақ бұл шәкірттердің Исадан тәлім алғандары, тіпті рухани соқыр төрешілерге де, айқын болды. Иса жерде болған кезінде елшілеріне қой тәріздес адамдарды қалай жинауды ғана емес, отарға қосылғанда оларды қалай бағу керектігін де үйреткен болатын (Матай 11:29; 20:24—28; Петірдің 1-хаты 5:4).
6. Иса мен Пауыл өзгелерді үйретуге қатысты қандай үлгі қалдырды?
6 Иса қайта тірілгеннен кейін де бақташы етіп тағайындалғандарды үйрете берді (Аян 1:1; 2:1—3:22). Мысалы, Пауылды өзі таңдап алып, оны үйретуге өзі бас-көз болды (Елшілердің істері 22:6—10). Пауыл алған тәлімін жоғары бағалады, әрі үйренгендерін басқа ақсақалдармен бөлісті (Елшілердің істері 20:17—35). Мысалы, Құдайдың ісінде “ұятқа қалмайтын қызметкер” болу үшін, Тімотені үйретуге көп уақыты мен күш-қуатын жұмсады (Тімотеге 2-хат 2:15). Олардың араларында тығыз достық қарым-қатынас орнады. Ертеректе Пауыл Тімоте жайлы: “Ол маған Ізгі хабарды уағыздауда әкесіне көмектескендей қолғабыс етіп келеді”,— деп жазған болатын (Філіпіліктерге 2:22). Пауыл Тімотені де не басқаларды да өзінің шәкірті етуді көздеген жоқ. Ол, қайта, бір сенімдегілерді: “Менің Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар!”— деп шақырды (Қорынттықтарға 1-хат 11:1).
7, 8. а) Иса мен Пауылға еліктеу жақсы нәтиже беретінін қандай мысалдан көруге болады? ә) Ақсақалдар болашақ қызмет көмекшілері мен ақсақалдарды үйретуді қашан бастаулары керек?
7 Тәжірибелі ақсақалдар да Иса мен Пауылға еліктеп, шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарды үйретуді өздері бірінші болып қолға алады, әрі олар да жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Мысалы, Чадты алайық. Әр түрлі дінді ұстанатын отбасында өскен ол жақында ақсақал болып тағайындалды. Ол былай дейді: “Тәжірибелі бірнеше ақсақал біраз жылдар бойы рухани өсуіме көмектесті. Әкем Ехобаға сенбейтіндіктен, олар маған ерекше көңіл бөліп, рухани әкелерім ретінде қызметке баулыды. Кейінірек бір ақсақал қауымда тапсырылған істерді атқаруды үйретті”.
8 Чадтың мысалынан көрініп тұрғандай, қырағы бақташылар болашақ қызмет көмекшілері мен ақсақалдарды жауапкершілік алмай тұрып, ерте бастан үйретеді. Неге? Себебі Киелі кітап бауырластардың құлықтылық және рухани жағынан қойылатын жоғары талаптарға қызмет көмекшісі не ақсақал ретінде тағайындалғанға дейін сай болу керектігін айтады. Олар ‘алдымен сыналуға’ тиіс (Тімотеге 1-хат 3:1—10).
9. Рухани толысқан ақсақалдардың қандай жауапкершіліктері бар және неліктен?
9 Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарды сынамас бұрын, алдымен оларды үйреткен абзал. Мынадай мысал келтірейік: егер мұғалімдері ештеңе үйретпеген оқушысына қиын емтихан тапсыр десе, ол емтиханнан өте ала ма? Өте алмауы әбден мүмкін. Өйткені алдымен оқушыны үйрету керек. Алайда ісіне адал мұғалімдер оқушыларға емтиханнан өтуді ғана емес, алған білімді қолдана білуді де үйретеді. Сол секілді ынталы ақсақалдар да шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарды арнайы үйрете отырып, жауапкершілік алуға қажет қасиеттерді дамытуларына көмектеседі. Олар мұны бауырластар қызметке тағайындалу үшін ғана емес, ертеңгі күні отарды баға алулары үшін де істейді (Тімотеге 2-хат 2:2). Әрине, ер бауырластар да өз тарапынан күш салып, қызмет көмекшісіне не ақсақалға қойылатын талаптарға сай келу үшін аянбай еңбектенулері керек (Титке 1:5—9). Сөйткенмен де тәжірибелі ақсақалдар оларды қауымдағы жауапкершілікті қолға алуға шын көңілмен үйрете отырып, тезірек алға басуларына көмектесе алады.
10, 11. Бақташылар бауырластарға қосымша міндеттер алуға қалай көмектесе алады?
10 Тәжірибелі ақсақалдар басқаларға қауымдағы міндеттерді атқаруға қалай көмектесе алады? Ең алдымен, олар қауымдағы бауырластарға көңіл бөледі, яғни олармен үнемі қызметке шығып, ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйрету’ қабілеттерін жасқартуға көмектеседі (Тімотеге 2-хат 2:15). Толысқан ақсақалдар олармен өзгелерге қызмет етуден қуаныш алатыны және рухани мақсаттар қойып, оларға қол жеткізгенде қанағат сезінетіні жайлы сөйлеседі. Сондай-ақ ‘рухани “отарға” үлгі-өнеге болу’ үшін бауырластың қай жағынан жақсара алатынына қатысты мейірімділікпен нақты кеңестер береді (Петірдің 1-хаты 5:3, 5).
11 Ақылды ақсақалдар бауырласты қызмет көмекшісі болып тағайындалғаннан кейін де үйретуін тоқтатпайды. Елу жылдай ақсақал болып қызмет еткен Брюс былай дейді: “Мен жаңадан қызмет көмекшісі болған бауырластың жанына отырып, онымен адал да ақылды құлдың беріп отырған нұсқауларын қарап шыққанды ұнатамын. Біз сондай-ақ оның нақты міндетіне қатысты басшылықтарды оқып шығамыз. Сөйтіп, ол міндеттерін жақсы біліп алғанша онымен жұмыс істегенді жақсы көрем”. Тәжірибе жинақтаған сайын, қызмет көмекшісін бақташылық іске де үйретуге болады. “Қызмет көмекшісімен бірге бақташылық сапар жасағанда,— деп жалғастырды Брюс,— мен оған бара жатқан адамды не отбасын жігерлендіріп, әрі әрекетке талпындыратын Жазба орындарын таңдауға көмектесем. Жақсы бақташы болу үшін Жазбаларды адамның жүрегіне жеткізетіндей етіп қолдануды үйрену өте маңызды” (Еврейлерге 4:12; 5:14).
12. Тәжірибелі ақсақалдар жаңадан ақсақал болғандарды қалай үйрете алады?
12 Жаңадан ақсақал болғандарды да әрі қарай үйретудің пайдасы зор. Жоғарыда аталып кеткен Ник былай дейді: “Әсіресе егде жастағы екі ақсақалдың мені үйреткендерінің көп пайдасын көрдім. Олар әдетте нені қалай шешу керектігін білетін. Мені ылғи шыдамдылықпен тыңдап, айтқан пікірімді, келіспейтін болса да, жан-жақты қарастыратын. Олардың қауымдағы бауырластарға қалай кішіпейілділікпен, құрметпен қарайтынын бақылай жүріп, көп нәрсеге үйрендім. Бұл ақсақалдар проблеманы шешкенде немесе әлдекімді жігерлендіргенде, Киелі кітапты шебер қолдана білу керектігін ұғындырды”.
Құдай Сөзі арқылы үйрету
13. а) Жақсы бақташы болу үшін бауырласқа не қажет? ә) Неге Иса: “Ілімім Менікі емес”,— деп айтты?
13 Құдай Сөзі Киелі кітапта ақсақалдарға ‘барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болуға’ қажет заңдар мен принциптер, мысалдар жазылған (Тімотеге 2-хат 3:16, 17). Бауырластың жақсы білімі бар шығар, бірақ оның жақсы бақташы болуына Жазбалардан алған білімі мен оны қалай қолданатыны көмектеседі. Мысалы, Исаны алайық. Ол жер бетіндегі ең білімді, ең қырағы әрі ең дана бақташы болған. Соған қарамастан оның өзі де Ехобаның отарына тәлім бергенде өз даналығына сүйенген жоқ. Ол: “Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі”,— деді. Иса неге бұлай деді? Ол: “Өз бетімен сөйлеген әркім өзінің ғана беделін ойлайды”,— деп түсіндірді (Жохан 7:16, 18).
14. Қалай бақташылар өздеріне атақ-даңқ іздеуден аулақ бола алады?
14 Адал бақташылар өздеріне атақ-даңқ іздеуден аулақ болады. Олар біреуге кеңес беріп, жігерлендіргенде, мұны өз даналықтарына емес, Құдай сөзіне сүйеніп істейді. Сондай-ақ ақсақалдардың міндеті отарға өздерінің емес, ‘Мәсіхтің ой-ниетіне’ ие болуға көмектесу екенін түсінеді (Қорынттықтарға 1-хат 2:14—16). Мысалы, ерлі-зайыптыларға отбасындағы қиындықтарды жеңуге көмектесіп жатқан ақсақал өз кеңесін Киелі кітап принциптері мен ‘адал да ақылды құлдың’ беріп отырған мәліметтеріне негіздемей, өз тәжірибесіне сүйеніп беретін болса ше? (Матай 24:45, ЖД) Оның кеңесіне жергілікті әдет-ғұрып қатты ықпал еткен болуы немесе өзінің шектеулі біліміне негізделген болуы мүмкін. Рас, кейбір әдет-ғұрыптар жаман болмауы мүмкін, ақсақалдың да өмірлік тәжірибесі бар шығар. Бірақ отарға адам ойына немесе жергілікті әдет-ғұрып ережелеріне емес, Исаның даусы мен Ехобаның айтқандарына құлақ асуға талпындырғандары әлдеқайда пайдалы (Забур 11:7; Нақыл сөздер 3:5, 6).
“Адал да ақылды құл” арқылы үйрету
15. Иса “адал да ақылды құлға” қандай тапсырма берді және олардың нәтижелі болуының бір себебі неде?
15 Петір, Жохан және Пауыл сияқты бақташылардың бәрі Иса “адал да ақылды құл” деп сипаттаған топтың мүшелері болған. Бұл құл табы Исаның жердегі майланған бауырластарынан тұрады, әрі олардың Мәсіхпен бірге көкте билік етуге үміті бар (Аян 5:9, 10). Осы соңғы күндері олардың саны азаюда. Ал Исаның оларға тапсырған ісі — осы дүниенің соңы келмей тұрып, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ісі — қазір бұрын-соңды болмаған көлемде жүріп жатыр. Соған қарамастан құл табы бұл істе өте нәтижелі болып отыр. Қалайша? Олар ‘басқа қойлардың’ мүшелерін уағыздау мен тәлім беру ісінде өздеріне қолғабыс берулері үшін үйретуде (Жохан 10:16; Матай 24:14; 25:40). Бүгінде уағыздау ісінің көп бөлігін осы адал қойлар атқаруда.
16. Құл табы тағайындалған ер бауырластарды қалай үйретеді?
16 Құл табы оларды қалай үйретуде? Бірінші ғасырда құл табының өкілдеріне қауымдағы ақсақалдарды үйрету және тағайындау билігі берілді. Ал ақсақалдар, өз кезегінде, қойларды үйрететін (Қорынттықтарға 1-хат 4:17). Бүгінгі күні де дәл осылай. Басқарушы кеңес, яғни құл табының өкілі болып табылатын майланған ақсақалдардың шағын тобы, өз өкілдеріне дүние жүзіндегі мыңдаған қауымдағы қызмет көмекшілері мен ақсақалдарды үйрету мен тағайындау билігін берген. Сонымен қатар қойларды жақсылап бағу үшін Басқарушы кеңес филиалдардағы комитет мүшелерін, аралаушы бақылаушыларды, ақсақалдар мен қызмет көмекшілерін үйрету үшін мектептер ұйымдастырады. Сондай-ақ “Күзет мұнарасындағы” мақалалар мен хаттар және басқа да басылымдар, мысалы “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз”a сияқты басылымдар, арқылы қажетті нұсқаулар береді.
17. а) Иса құл табына деген сенімділігін қалай көрсетіп отыр? ә) Рухани бақташылар құл табына сенім артатындарын қалай көрсете алады?
17 Исаның құл табына сенімді болғаны сонша, оны ‘бүкіл меншігіне’, яғни жердегі рухани нәрсенің бәріне, қараушы етіп тағайындады (Матай 24:47). Тағайындалған бақташылар да Басқарушы кеңестен алып отырған нұсқауларын қолдана отырып, құл табына сенім артатындарын көрсетеді. Иә, бақташылар өзгелерді үйретуімен, өздері де Құдай Сөзінен тәлім алуымен, сондай-ақ құл табының үйретіп отырғандарын қолдануларымен отардың бірлікте болуына ықпал етеді. Мәсіхшілер қауымының әрбір мүшесін барынша қамқорлайтын ер кісілерді үйретіп отырғаны үшін Ехобаға қаншалықты ризамыз десеңші!
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Рухани толысқан бақташылар қалай өзгелерді үйретеді?
• Бақташылар үйреткенде, неге өз ойларына сүйенбейді?
• Бақташылар құл табына неліктен сенім артады және мұны қалай көрсетеді?
[24, 25-беттердегі суреттер]
Мәсіхші ақсақалдар қауымдағы жас ер бауырластарды үйретеді
[26-беттегі суреттер]
“Адал да ақылды құл” ақсақалдарды үйретуге көптеген шаралар қолданып отыр