‘Рухани “отарға” үлгі-өнеге болатын’ бақташылар
“Құдайдың өздеріңе сеніп тапсырған рухани “отарын” қамқорлап бағыңдар! Мұны... шын көңілден... адал ынта-жігермен істей беріңдер. Рухани “отарға” үлгі-өнеге болыңдар!” (ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 5:2, 3)
1, 2. а) Иса елші Петірге нені сеніп тапсырды және неге ол қателеспеді деуге болады? ә) Тағайындалған бақташыларға Ехоба қалай қарайды?
ПЕТІР мен алты шәкірт б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан біраз уақыт бұрын, Ғалилея көлінің жағалауында Исаның дайындап берген таңғы асын жеп отырған болатын. Петір өлімнен қайта тірілген Исаны бірінші рет көріп тұрған жоқ, әрі оның тірі екенін білгенде, қатты толқығаны анық. Бірақ Петір қобалжыған да болуы мүмкін. Өйткені осыдан бірнеше күн бұрын өзгелердің алдында Исаны танымайтынын айтып, танған болатын (Лұқа 22:55—60; 24:34; Жохан 18:25—27; 21:1—14). Иса күнәсына өкінген Петірді сенімі жеткіліксіз болғаны үшін жазғырды ма? Жоқ. Қайта, Петірге ‘қойларына’ ас-су беріп, оларды бағу мәртебесін сеніп тапсырды (Жохан 21:15—17). Киелі кітаптағы бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымының тарихынан Исаның Петірге сенім артқаны бекер болмағанын көреміз. Петір басқа елшілермен және қауым жетекшілерімен бірге мәсіхшілер қауымын ауыр сынақтарды бастан кешіп, соған қарамай үлкен өсім болып жатқан кезеңде қамқорлап бақты (Елшілердің істері 1:15—26; 2:14; 15:6—9).
2 Бұрын-соңды болмаған осы қиын-қыстау күндері қойларына жетекші болу үшін Ехоба Иса Мәсіх арқылы қабілетті ер бауырластарды рухани бақташылар ретінде тағайындады (Ефестіктерге 4:11, 12; Тімотеге 2-хат 3:1). Ехобаның оларға артқан сенімі ақталды ма? Иә, мұны дүние жүзіндегі ынтымақта өмір сүріп жатқан мәсіхшілер бауырластығы растап отыр. Петір сияқты бұл бақташылар да қателесуі мүмкін пенде екендері рас (Ғалаттықтарға 2:11—14; Жақып 3:2). Соған қарамастан Ехоба оларға ‘өз Ұлының қанымен меншігіне алған’ қойларын қамқорлап бағуды сеніп тапсыруда (Елшілердің істері 20:28, сілтемені қараңдар). Оларды жанына жақын тұтады, әрі “ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық” деп есептейді (Тімотеге 1-хат 5:17).
3. Рухани бақташылар қалай үнемі шын көңілмен әрі ынта-жігермен қызмет ете алады?
3 Қалай рухани бақташылар шын көңілмен әрі ынта-жігермен қызмет етіп, отарға үлгі-өнеге бола алады? Петір мен бірінші ғасырдағы басқа да бақташылар сияқты, олар да мойындарындағы жауапкершіліктерін атқару үшін күш беретін Құдайдың киелі рухына сүйенеді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7, ЖД). Киелі рух сондай-ақ олардың бойында өз жемісін: сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық пен ұстамдылықты жетілдіреді (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Енді бақташылар Құдайдың отарын қамқорлап бағуда осы қасиеттерді таныту жағынан басқаларға үлгі көрсете алатын кейбір нақты жағдайларды қарастырайық.
Отарды және отардағы әрбір қойды жақсы көріңдер
4, 5. а) Ехоба мен Иса отарға деген сүйіспеншіліктерін қалай көрсетеді? ә) Рухани бақташылардың отарға сүйіспеншілік көрсетуінің кейбір жолдары қандай?
4 Киелі рух жетілдіретін қасиеттердің ішіндегі ең бастысы — сүйіспеншілік. Ехоба бүкіл отарға деген сүйіспеншілігін мол рухани ас-сумен қамтамасыз етуімен көрсетеді (Ишая 65:13, 14; Матай 24:45—47). Алайда Құдай отарға ас-су беріп қана қоймайды. Әрбір қойды өзіне жақын тұтып, жақсы көреді (Петірдің 1-хаты 5:6, 7). Иса да отарды жақсы көреді. Ол сол үшін жанын қиды, әрі әрбір қойды “атымен”, яғни жеке-жеке біледі (Жохан 10:3, 14—16).
5 Рухани бақташылар Ехоба мен Исаға еліктейді. Олар бүкіл отарға деген сүйіспеншіліктерін қауымға ‘тәлім берулерімен’ көрсетеді. Олардың Киелі кітапқа негізделген баяндамалары отарға ас-су және қорғаныш болады, әрі бұл ауыр еңбектерін бәрі көреді (Тімотеге 1-хат 4:13, 16). Алайда қауым кездесулері мен басқа да істерде “әдеп пен тәртіп” болу үшін, олар қауым қағаздары мен хаттарын қарастыру, кесте түзу мен басқа да көптеген майда-шүйде жайттарға уақыт жұмсайды (Қорынттықтарға 1-хат 14:40). Бұл істердің көбісі жұрттың көзінше істелмейтіндіктен, онша байқалмауы мүмкін. Бірақ бұлар да сүйіспеншілікпен істелген еңбек (Ғалаттықтарға 5:13).
6, 7. а) Бақташылар үшін қойларын жақсырақ білудің бір жолы қандай? ә) Неге кейде сезімімізді ақсақалдармен бөліскеніміз пайдалы?
6 Сүйіспеншілігі мол бақташылар қауымның әрбір мүшесіне жеке көңіл бөлуге тырысады (Філіпіліктерге 2:4). Бақташыларға әрбір қоймен жақсырақ танысудың бір жолы — олармен бірге уағызға шығу. Иса ізбасарларымен бірге жиі уағыздаған, әрі осындай сәттерді пайдаланып, оларды жігерлендірген (Лұқа 8:1). Бір тәжірибелі ақсақал: “Бауырластарды жақсырақ білу мен жігерлендірудің ең жақсы жолы олармен қызметке шығу екенін байқадым”,— дейді. Егер ақсақалдардың бірімен уағызға шықпағаныңа біраз уақыт болған болса, неге жақын арада онымен қызметке баруды жоспарламасқа?
7 Сүйіспеншілік Исаны шәкірттерінің қуаныш-қайғысына ортақтасуға талпындырған. Мысалы, 70 шәкірті уағыздан қуанышпен оралғанда, Иса да ‘қуанышқа кенелді’ (Лұқа 10:17—21). Алайда Елазардың өліміне қайғырған Мәриямды, оның үй ішіндегілері мен достарын көргенде, “Иса көзіне жас алды” (Жохан 11:33—35). Сол сияқты бүгінгі қамқоршы бақташылар да бауырластардың сезіміне бейжай қарай алмайды. Сүйіспеншілік оларды ‘қуанғандардың қуанышына, қайғыланғандардың қайғысына ортақ болуға’ талпындырады (Римдіктерге 12:15). Егер өміріңде қуанып не қайғырсаң, сезіміңді мәсіхші бақташылармен бөлісуге еш қысылма. Сенің қуанышыңды есту оларға жігер береді (Римдіктерге 1:11, 12). Ал басыңдағы сынақтарыңды білсе, олар сені нығайтып, жұбата алады (Салониқалықтарға 1-хат 1:6; 3:1—3).
8, 9. а) Бір ақсақал әйеліне сүйіспеншілігін қалай көрсеткен? б) Бақташының өз отбасына сүйіспеншілік көрсеткені қаншалықты маңызды?
8 Бақташының отарға деген сүйіспеншілігі әсіресе өз отбасына қалай қарайтынынан көрінеді (Тімотеге 1-хат 3:1, 4). Егер ол үйленген болса, әйеліне көрсеткен сүйіспеншілігі мен сый-құрметі басқаларға үлгі болады (Ефестіктерге 5:25; Петірдің 1-хаты 3:7). Линда атты бауырластың не айтқанын қарашы. Оның күйеуі қайтыс болғанға дейін 20 жылдан астам уақыт ақсақал болып қызмет еткен. Ол былай дейді: “Күйеуім қауым істеріне көп уақыт жұмсайтын еді. Бірақ менің де көмекшісі екенімді ұмыттырмайтын. Ол қолдау көрсеткеніме жиі ризашылығын білдіретін және бос уақытын менімен өткізетін. Бұдан оның мені сүйетінін көріп, қауымға жұмсайтын уақытын қызғанбайтынмын”.
9 Егер мәсіхші ақсақалдың балалары бар болса, оларды сүйіспеншілікпен жөнге салу және үнемі мақтап отыру жағынан басқа ата-аналарға үлгі-өнеге көрсете алады (Ефестіктерге 6:4). Шынында да, отбасына көрсеткен сүйіспеншілігі оның киелі рух арқылы тағайындалған жауапкершілігіне лайық екенін дәлелдей түседі (Тімотеге 1-хат 3:4, 5).
Пікір алыса отырып, қуаныш пен татулыққа ықпал етіңдер
10. а) Қауымдағы қуаныш пен татулыққа не нұқсан келтіруі мүмкін? ә) Бірінші ғасырдағы қауымда қандай даулы мәселе туындады және ол қалай шешілді?
10 Киелі рухтың арқасында әрбір мәсіхші, ақсақалдар кеңесі мен бүкіл қауым қуанышқа кенеліп, татулыққа қол жеткізе алады. Алайда өзара ашық пікір алысу болмаса, қуаныш пен татулыққа нұқсан келуі мүмкін. Ертедегі Сүлеймен патша: “Кеңессіз құрған іс аяқсыз қалар”,— деген (Нақыл сөздер 15:22). Ал бір-біріне құрмет көрсете отырып, ашық сөйлесіп алу қуаныш пен татулық сақтауға ықпал етеді. Мысалы, бірінші ғасырдағы қауымның татулығына сүндеттелуге қатысты даулы мәселе қауіп төндірген еді. Сонда Иерусалимдегі басқарушы кеңес киелі рухтың басшылығын іздеді. Сондай-ақ әрқайсысы сол мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салды. Сөйтіп, қызу талқылаудан соң, олар бір шешімге келді. Кейін осы бірауыздан қабылдаған шешімді қауымдарға жеткізгенде, бауырластар жігерленіп, “қуанып қалды” (Елшілердің істері 15:6—23, 25, 31; 16:4, 5). Осылай олар қауымның қуанышы мен татулығына ықпал етті.
11. Ақсақалдар қауымның қуанышы мен татулығына қалай ықпал ете алады?
11 Сол сияқты бүгінде бақташылар жақсылап пікір алыса отырып, қауымның қуанышы мен татулығына ықпал етеді. Егер қандай да бір проблема қауымның татулығына қауіп төндіріп тұрса, олар бас қосып, өз ойларын ашық айтады. Сондай-ақ бір-бірін құрметпен тыңдайды (Нақыл сөздер 13:10; 18:13). Киелі рух сұрап дұға еткеннен кейін, Киелі кітап принциптері мен “адал да ақылды құлдың” ұсынып отырған басшылығына сүйене отырып, шешім қабылдайды (Матай 24:45—47, ЖД; Қорынттықтарға 1-хат 4:6). Ақсақалдар кеңесі Киелі кітапқа негізделген шешім қабылдаған соң, әр ақсақал тіпті көпшілік оның ойын қостамаса да, сол шешімді қолдауымен киелі рухтың басшылығына бағынады. Осылай кішіпейілділік танытқандары қуаныш пен татулыққа ықпал етіп, отарға Құдаймен бірге жүрудің керемет үлгісін көрсетеді (Миха 6:8). Ал сен қауымдағы бақташылардың Киелі кітапқа негізделген шешімдерін қолдап, кішіпейілділік танытасың ба?
Асқан шыдамды әрі мейірімді болыңдар
12. Иса неге елшілеріне асқан шыдамды әрі мейірімді болу керек болды?
12 Иса елшілеріне қайта-қайта әлсіздік танытқандарына қарамастан, асқан шыдамды болып, мейіріммен қараған. Мысалы, кішіпейіл болу керектігін қайта-қайта ұғындыруға тырысты (Матай 18:1—4; 20:25—27). Алайда Иса жердегі соңғы түнінде олардың аяқтарын жуу арқылы кішіпейілділіктің үлгісін көрсетіп болғаны сол еді, тағы да ‘шәкірттерінің арасында қайсымыздың жолымыз үлкен деген айтыс басталып кетті’ (Лұқа 22:24; Жохан 13:1—5). Иса оларға ашуланып, ұрысты ма? Жоқ. Қайта, мейіріммен олармен бірге ой түзіп: “Қайсысының жолы үлкен: дастарқанда отырғанының ба, әлде оған қызмет етушінің бе? Әрине, дастарқанда отырғанының. Ал Мен араларыңда қызмет етуші іспеттімін”,— деді (Лұқа 22:27). Исаның асқан шыдамдылығы мен мейірімі, жақсы үлгісімен қоса, ертелі-кеш елшілердің жүрегіне әсер етті.
13, 14. Бақташылар әсіресе қай кезде мейірімді болулары керек?
13 Сол секілді рухани бақташының да әлдекімге қандай да бір әлсіздігіне қатысты бірнеше қайтара кеңес беруіне тура келетін шығар. Бақташының тіпті оған ашуы келер. Бірақ ол ‘жүгенсіз, бос жүргенге ескерту жасағанда’, өзінің де әлсіздіктері бар екенін есте ұстаса, бұл бауырласына асқан шыдамдылық танытып, мейіріммен қарауына көмектеседі. Осылай ол барлық мәсіхшілерге, соның ішінде ақсақалдарға да, осы қасиеттерді көрсетіп жатқан Иса мен Ехобаға еліктейді (Салониқалықтарға 1-хат 5:14; Жақып 2:13).
14 Кейде ақсақалдар ауыр күнә жасаған адамға қатаң кеңес беруге мәжбүр болуы мүмкін. Егер адам күнәсына өкінбесе, ақсақалдар оны қауымнан шығару керек (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13). Осылай еткен күнде де, мұны олар адамның өзін емес, күнәсін жек көретінін көрсететіндей етіп істейді (Яһуда 23). Бақташылар мейіріммен қарайтын болса, адасқан қойға күндердің күнінде отарға қосылуына әлдеқайда жеңіл болады (Лұқа 15:11—24).
Сенім игі істерге талпындырады
15. Бақташылардың Ехобаның ізгілігіне еліктеуінің бір жолы қандай және бұлай етуге оларды не талпындырады?
15 Ехоба бәріне, тіпті жасаған жақсылығына ризашылық білдірмейтіндерге де, ізгілігін көрсетеді (Забур 144:9; Матай 5:45). Оның ізгілігі әсіресе қызметшілерін ‘Патшалық туралы Ізгі хабарды’ адамдарға уағыздауға жібергенінен көрінеді (Матай 24:14). Бақташылар осы уағыздау ісінде басшылықты қолға алуымен Құдайдың ізгілігіне еліктейді. Оларды бұл іске талмай атсалысуға не талпындырады? Ехобаға және оның уәделеріне деген берік сенімдері (Римдіктерге 10:10, 13, 14).
16. Бақташылар бауырластарға қалай ‘жақсылық жасай’ алады?
16 Бақташылар уағыздау арқылы ‘барлық адамдарға’, ‘әсіресе сенімі бір бауырластарға’ жақсылық жасауға міндетті (Ғалаттықтарға 6:10). Бауырластарға жақсылық жасаудың бір жолы — оларға бақташылық сапармен барып, жігерлендіру. Бір ақсақал: “Маған бақташылық сапар жасаған ұнайды. Өйткені сол кезде бауырластарды мақтауға және ауыр еңбектері жоғары бағаланатынын түсінулеріне көмектесуге мүмкіндік болады”,— дейді. Бақташылар кейде бауырласқа қызметін қалай жақсартуға болатыны жайлы кеңестер беруі мүмкін. Кеңес бергенде, олардың елші Пауылға еліктегендері даналық болады. Оның Салониқадағы бауырластарға не дегенін қарашы: “Сендер Иемізбен тығыз байланыста тұрғандықтан, біз өздеріңе бұйырғанымызды қазір де, келешекте де орындайды деп сенім артамыз” (Салониқалықтарға 2-хат 3:4). Бақташылардың осылай сенім білдіргендері бауырластарға жағымды әсер етеді, әрі ‘жетекшілеріне мойынсұнып, айтқандарын тыңдауларына’ оңайырақ болады (Еврейлерге 13:17). Ақсақалдар саған жігерлендіретін бақташылық сапар жасаса, неге сол үшін ризашылық білдірмеске?!
Момындық пен ұстамдылық
17. Петір Исадан қандай сабақ алды?
17 Иса өзін ашуландырғанда да жуас, не момын, болған (Матай 11:29). Өзіне опасыздық жасалып, тұтқынға алынғанда, ол момындық пен зор ұстамдылық танытты. Ал қызу қанды Петір болса семсерін суырып алып, есесін қайтарды. Бірақ Иса оған: “Мен қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба?”— деді (Матай 26:51—53; Жохан 18:10). Петір бұдан өзіне зор сабақ алды. Кейінірек ол: “Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек... Мәсіх Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап көрген кезде де оларды қорқытпады”,— деп мәсіхшілердің есіне салды (Петірдің 1-хаты 2:21—23).
18, 19. а) Ақсақалдар әсіресе қай кезде момындық пен ұстамдылық таныту керек? ә) Келесі мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
18 Сол сияқты тәжірибелі ақсақалдар да өздеріне әділетсіздік жасалса да, момындық танытады. Мысалы, олардың көмектескісі келіп істеген әрекетін қауымдағы әлдебіреу жақтырмауы мүмкін. Ол адам рухани ауру не әлсіреп қалған болса, берген кеңестерін қабыл алмай, “тілімен семсердей шағып” алуы мүмкін (Нақыл сөздер 12:18). Алайда Иса сияқты бақташылар да оларға ауыр сөздер айтпайды, немесе есесін қайтармайды. Қайта, сабырлық сақтап, жанашырлық көрсетеді. Ал бұл көмек көрсетіп жатқан адамға пайдалы болуы мүмкін (Петірдің 1-хаты 3:8, 9). Сен ақсақалдардан үлгі алып, кеңес берілгенде, момындық пен ұстамдылық танытасың ба?
19 Ехоба мен Иса дүние жүзіндегі отарға шын көңілден қамқор болып жатқан мыңдаған ақсақалдардың ауыр еңбегін бағалайтыны шүбәсіз. Олар сондай-ақ ‘қасиеттілерге қызмет етуде’ ақсақалдарды қолдап жатқан мыңдаған қызмет көмекшілерін де жандарына жақын тұтады (Еврейлерге 6:10, ЖД). Олай болса, неге кейбір шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар осы ‘игілікті іске’ ұмтылмай, тартыншақтайды? (Тімотеге 1-хат 3:1). Сондай-ақ бақташы етіп тағайындалғандарды Ехоба қалай үйретеді? Келесі мақалада осы сұрақтарды қарастырамыз.
Естеріңде ме?
• Бақташылардың отарға сүйіспеншілік көрсетуінің қандай жолдары бар?
• Қауымдағының бәрі қуаныш пен татуылыққа қалай ықпал ете алады?
• Ақсақалдар кеңес бергенде, неге асқан шыдамды әрі мейірімді болу керек?
• Ақсақалдар сенім мен ізгілікті қалай көрсете алады?
[18-беттегі сурет]
Ақсақалдарды қауымға қызмет етуге сүйіспеншіліктері талпындырады
[18-беттегі суреттер]
Олар сондай-ақ отбасымен бірге демалады,
... әрі қызметке шығады
[20-беттегі сурет]
Ақсақалдардың ашық пікір алысқандары қауымның қуанышы мен татулығына ықпал етеді