Киелі кітапты түсінуіңізге не көмектеседі?
‘ОСЫ жайларды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды білімсіздерге ашып көрсеттің’ (Лұқа 10:21). Исаның Көктегі Әкесіне айтқан осы сөздері Киелі кітапты түсіну үшін көзқарасымыздың дұрыс болуы керек екендігіне нұсқайды. Түпкі мәнін тек кішіпейіл, үйренуге ықыласты адамдар ғана түсіне алатын кітап бергенінен Ехобаның даналығы көрінеді.
Кішіпейіл болу көпшілігімізге оңайға соға бермейді. Бәріміздің де туа біткен өркөкіректікке деген бейімділігіміз бар. Оның үстіне, біз соңғы күндердің “өзімшіл... ақылсыз қызба, кеуде көтерген” адамдарының арасында өмір сүрудеміз (Тімотеге 2-хат 3:1—4). Ал бұлар Құдай Сөзін түсінуге кедергі болатын қасиеттер. Өкінішке орай, айналадағы адамдар қандай да бір шамада бізге бәрібір әсер етпей қоймайды. Онда Киелі кітапты түсінуге қажетті көзқарасты қалай дамытуға болады?
Жүрегіңіз бен санаңызды даярлаңыз
Ежелдегі Құдай халқының басшысы болған Езра ‘Ехобаның заңын оқып білуге жүрегін дайындаған’ (Езра 7:10, ЖД). Ал біз үшін жүрегімізді дайындаудың жолдары бар ма? Иә, бар. Жазбаларға деген көзқарасымыздың дұрыс болуынан бастасақ болады. Елші Пауыл бауырластарына былай деп жазған: ‘Сендер бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында да бұл солай! — қабылдадыңдар’ (Салониқалықтарға 1-хат 2:13). Рас, Киелі жазбаларды адамдар жазған, бірақ олардың жазғандары Ехобадан келген хабар болған. Осы маңызды жайтты мойындағанымыз оқып жатқан нәрселерімізге ден қоюға деген ықылас оятады (Тімотеге 2-хат 3:16).
Жүректі дайындаудың тағы бір жолы — дұға ету. Киелі кітап Құдай рухының жетелеуімен жазылғандықтан, оны түсінуге де сол рух көмектеседі. Сондықтан біз киелі рух сұрап дұға етуге тиіспіз. Келесі сөздерді жазған забур жыршысы үшін мұның қаншалықты маңызды болғанын байқаңызшы: “Түсінік сыйлай гөр, тәліміңе бағынайын, Оған шын жүректен мойынсұнатын болайын” (Забур 118:34). Біз жазылған нәрселерді ұға алуымыз үшін ойлау қабілетін беруін ғана емес, оқығандарымызды қабылдай алу үшін, ішкі ниетіміздің дұрыс болуын да сұрап дұға етуіміз керек. Киелі кітапты түсіну үшін шындықты қабылдауға ықыласты болу қажет.
Дұрыс көзқарас дамыту жөнінде ой жүгірткенде, Киелі кітапты зерттегеніңіз қалай көмектесе алатыны туралы да ойланып көріңіз. Құдай Сөзін оқуымызға көптеген маңызды себептер бар, бірақ ең маңызды себеп — бұл біздің Құдайға жақындауымызға көмектеседі (Жақып 4:8). Ехобаның түрлі жағдайлардағы әрекеті, өзін сүйетіндерді бағалайтыны, сондай-ақ өзінен бас тартқандарға деген көзқарасы туралы оқығанда, оның болмысын терең түсінеміз. Киелі кітапты оқығанда, әрқашан Құдайды жақсырақ тануды көздеуіміз керек, сонда ғана онымен қарым-қатынасымыз нығаяды.
Дұрыс көзқарас дамытуға не кедергі жасайды?
Құдай Сөзін түсінуімізге не кедергі болуы мүмкін? Мұндай тосқауылдардың бірі — адалдық деген ұғымды дұрыс түсінбеу. Мысалы, сіз белгілі бір адамдардың нанымдары мен пікірлерін қатты сыйлайтын шығарсыз. Алайда олар Құдай Сөзіндегі шындықты бағаламайтын немесе оны шынымен ұстанбайтын болса ше? Мұндай жағдайда Киелі кітап шынымен не нәрсеге үйрететінін түсіну қиын шығар. Сондықтан ол бізді кез келген тәлімді мұқият тексеруге шақырады (Салониқалықтарға 1-хат 5:21).
Исаның анасы Мәриям осындай жағдайды басынан кешкен. Ол яһудилердің әдет-ғұрпына сай тәрбиеленген еді. Мәриям Мұса заңын мұқият ұстанатын, оның мәжілісханаға барып тұрғандығында да күмән жоқ. Бірақ жасы ұлғайған шақта ол әке-шешесі қанына сіңіріп өсірген ғибадаттың енді Құдайға ұнамсыз екендігін түсінеді. Сондықтан Исаның ілімін қабылдап, мәсіхшілер қауымының алғашқы мүшелерінің бірі болады (Елшілердің істері 1:13, 14). Бұл — оның ата-анасын не олардың әдет-ғұрпын сыйламағандық емес, керісінше, Құдайға деген сүйіспеншілігінің белгісі еді. Егер Киелі кітаптан білгендеріміздің пайдасын көргіміз келсе, Мәриям сияқты Құдайға деген адалдығымызды адамға деген — мейлі ол кім болмасын — адалдығымыздан жоғары қоюға тиіспіз.
Бір өкініштісі, Киелі кітаптағы шындықты көп адам бағалай бермейді. Кейбіреулер жалған ілімдерге негізделген діни ғұрыптарды ұстануды місе тұтады. Өзгелердің сөздерінен де, өмір салттарынан да шындыққа деген немқұрайдылық көрінеді. Осыны ескерер болсақ, шындықты қабылдау белгілі бір құрбандыққа баруды талап етеді: достарыңыз, көршілеріңіз, әріптестеріңіз, тіпті отбасы мүшелеріңізбен түсініспеушілік тууы мүмкін (Жохан 17:14). Сөйткенмен де бір дана кісі: “Шындықты тауып, оны ешқашан сатпа”,— деген (Нақыл сөздер 23:23). Егер шындықты жоғары бағалайтын болсаңыз, Ехоба Киелі кітапты түсінуіңізге көмектеседі.
Білгенімізді қолдануға ықыласты болмау да Киелі кітапта жазылғандарды түсінуге тосқауыл болады. Иса шәкірттеріне былай деген: “Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған. Өйткені осы халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең” (Матай 13:11, 15). Исаның уағызын естігендердің көбісі өзгеруге құлқы жоқ, қасарысқан адамдар болған. Ал оның астарлы әңгімелерінің біріндегі жиһанкез саудагер олардан қатты ерекшеленетін. Аса құнды бір маржанды тапқан ол оны сатып алу үшін бірден бар мал-мүлкін сатып жібереді. Біз де Киелі кітаптағы шындықты түсінуді тап осылайша бағалауға тиіспіз (Матай 13:45, 46).
Тәлімді қабылдауға не кедергі болады?
Киелі кітапты түсінуге кедергі болатын басты нәрсе — тәлімді қабылдауға деген ықылассыздық. Адамға өзінен төмен болып көрінетін біреуден жаңа ойларды қабылдау қиын болатын шығар. Бірақ Иса Мәсіхтің елшілері де “арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар” болған (Елшілердің істері 4:13). Мұның мәнін түсіндіре келе, Пауыл келесі сөздерді жазған: “Бауырластар, Құдай сендерді шақырғанда өздеріңнің кім болғандарыңа назар аударыңдаршы: табиғи тұрғыдан қарағанда араларыңда даналар, билік иелері, асыл туғандар көп емес еді. Бірақ та осы дүние кімдерді “ақымақ” деп санаса, Құдай “данышпан-ақылгөй” делінгендерді ұялту үшін соларды таңдап алды” (Қорынттықтарға 1-хат 1:26, 27). Егер кішіпейілділік танытып, қарапайым адамнан тәлім алу қиын болса, негізінде, тәлімді сізге Құдайдың өзі беріп отырғанын, ал бұл адам жай ғана оның қолындағы құрал екенін есте ұстаңыз. Ал ‘Ұлы Ұстазымыз’ Ехобадан тәлім алудан артық мәртебе болуы мүмкін бе!? (Ишая 30:20, ЖД; 54:13)
Нағыман деген бір сириялық қолбасшыға өзінен төмен адамнан нұсқау алу қиынға соққан. Алапес ауруынан айығуды қалаған ол бірде Ехобаның Елішә деген пайғамбарын іздеп келеді. Бірақ сауығуы үшін орындауға тиіс Құдайдың нұсқаулары Нағыманға қарапайым қызметші арқылы жеткізіледі. Берілген нұсқаулар мен оның қалай айтылғанын естіген Нағыманның кішіпейілділігі сыналады, сөйтіп, ол алғашқыда Құдайдың пайғамбарының айтқандарын орындаудан бас тартады. Бірақ көп ұзамай көзқарасын өзгертеді де, ауруынан құлантаза айығады (Патшалықтар 4-жазба 5:9—14). Киелі кітапты оқығанда, біз де осындай күйді бастан кешіреміз. Бәлкім, біз одан рухани және құлықтылық жағынан “айығу” үшін, жаңа өмір бастауымыз керек екенін білетін шығармыз. Сонда бұл үшін не істеу қажет екенін үйрететін адамның айтқандарына құлақ асуға кішіпейілділігіміз жете ме? Тәлім алуға ықыласты адамдар ғана Киелі кітапты түсініп, қанағат сезіміне бөлене алады.
Ал Эфиопияның әйел патшасы Қандақидың уәзірі жақсы көзқарас танытқан. Філіп деген шәкірт уәзірдің күймесіне жүгіріп жетіп алғанда, ол Африкаға қайтып бара жатқан еді. Філіп одан оқып отырғанын түсінеді ме, жоқ па сұрайды. Уәзірдің: “Біреу түсіндірмесе, қайдан түсінейін?”— деп жауап беруге кішіпейілділігі жетеді. Құдай Сөзін түсініп алған уәзір шомылдыру рәсімінен өтеді де, ‘қуанып, өз жөніне кетеді’ (Елшілердің істері 8:27—39).
Жалпы алғанда, Ехоба Куәгерлері қарапайым адамдар. Олар апта сайын алты миллионнан астам адаммен Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізеді. Киелі кітап ең керемет өмір жолын көрсетеді, адамзат үшін нағыз үміт береді, сондай-ақ Құдайды жақыннан тануға көмектеседі, сондықтан миллиондаған адам мұндай сабақтардың және Киелі кітапта айтылғандарды түсінудің керемет қанағат сезіміне бөлейтінін байқаған. Сіздің де осындай сезімге кенелуге мүмкіндігіңіз бар.
[7-беттегі сурет]
Нағыманға қарапайым қызметшінің нұсқауларын қабылдау қиын болған
[7-беттегі сурет]
Киелі кітапты түсіну жүрекке жылу береді