Киелі кітапты түсінгеніңіз сізді қанағат сезіміне бөлейді
КИЕЛІ КІТАПТА Құдайдан келген құнды шындық жазылған. Ол бізге өмірдің мәні неде екенін, адам баласының қайғы-қасірет шегуінің себебін және адамзатты қандай болашақ күтіп тұрғанын ашады. Ол бізге шынайы бақыт және достар табуды, сондай-ақ қиыншылықтармен күресуді үйретеді. Ал, ең бастысы, біз одан Жаратушы Құдайымыз әрі көктегі Әкеміз Ехоба туралы көп нәрсе білеміз. Мұндай білім қанағат сезіміне бөлеп, өмірімізге мән-мағына береді.
Құдайдан білім алу Киелі кітапта тамақ ішумен байланыстырылады. Иса: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді”,— деген (Матай 4:4; Еврейлерге 5:12—14). Күнделікті нәрлі тамақ ішкеніміз өмірімізге қаншалықты қажет болса, Киелі кітапты үнемі оқығанымыз Құдай өзі уәде еткен мәңгілік өмірге ие болуымызға соншалықты қажет.
Біз тамақ ішкенде рақаттанамыз, өйткені солай жаратылғанбыз, әрі одан тәнімізге ең қажетті қорек аламыз. Алайда егер біз бақытты болғымыз келсе, басқа да қажеттілігімізді қанағаттандыруымыз керек. Иса: “Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты”,— деген (Матай 5:3, ЖД). Бақытты болу — қол жетпес арман емес, өйткені адам рухани мұқтаждығын Құдай Сөзін түсіну арқылы қанағаттандыра алады.
Рас, кейбіреулер үшін Киелі кітапты түсіну мүмкін еместей болып көрінетін болар. Мысалы, өзіңізге беймәлім әдет-ғұрыптар туралы тармақтарды немесе бейнелі сөздерді оқығанда, көмекті қажет етуіңіз мүмкін. Сондай-ақ Киелі кітапта бейнелі тілмен жазылып, соған қатысты басқа Жазба орындарын зерттегенде ғана түсінуге болатын пайғамбарлықтар да жоқ емес (Даниял 7:1—7; Аян 13:1, 2). Тіпті солай болған күннің өзінде, Киелі кітапты түсіну әбден мүмкін. Бұған қалай көз жеткізуге болады?
Барлығы үшін ашық кітап
Киелі кітап — Құдай Сөзі. Бұл кітапта Құдай бізге өз еркін ашады. Ал Құдайдың адам ұға алмайтын немесе тек жоғары білімі барлар ғана түсінетін кітап беруі мүмкін бе? Жоқ, Ехоба мұншалықты қайырымсыз болмаса керек-ті. Иса Мәсіх былай деген: “Араларыңдағы қандай әке балық сұраған баласына жылан берер еді? Не жұмыртқа сұраса, шаян берер ме еді? Сонымен өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” (Лұқа 11:11—13) Сондықтан Киелі кітапты түсіну мүмкін екендігіне және егер шын жүректен сұрасаңыз, Құдайдың көмек беретініне сенімді болуыңызға болады. Шындығына келгенде, Киелі кітаптың негізгі ілімдерін тіпті кішкентай балалар да түсіне алады (Тімотеге 2-хат 3:15).
Киелі кітапты түсіну күш салуды талап етеді, бірақ солай етер болсақ, ол бізге керемет әсер етіп, жігер береді. Иса қайта тірілгеннен кейін, екі шәкіртіне көрініп, олармен Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар туралы сөйлеседі. Лұқа жазған ізгі хабарда былай делінген: “Мұса мен бүкіл пайғамбарлардан бастап, Киелі жазбалардың бәрінде Өзі туралы айтылғандарды түсіндірді”. Мұның нәтижесі қандай болды екен? Сол күні кешке әңгімеленген жайттардан не білгені туралы ой жүгірткен шәкірттер бір-біріне: “Ол жолшыбай бірге келе жатып, бізге Киелі жазбалардың мәнін ашып бергенде жүректеріміз жалындап кеткен жоқ па еді?”— десті (Лұқа 24:13—32). Құдай Сөзін түсінгені оларды қуанышқа бөледі, өйткені бұл Құдайдың уәделеріне деген сенімдерін нығайтып, болашаққа сеніммен қарауға көмектесті.
Құдай Сөзін түсінуге талпыну — ауыртпалық емес, қайта, қызықты әрі пайдалы, сондай-ақ бұдан адам нәрлі тамақ жегендей қанағат сезіміне бөленеді. Олай болса оны түсіну үшін не істеуіңізге болады? ‘Құдай жайлы білімнің’ қалай қанағат сезіміне бөлейтіні келесі мақалада талқыланады (Нақыл сөздер 2:1—5).
[4-беттегі сурет]
Сүюші әке іспетті Ехоба Киелі кітапты түсінуімізге көмектесу үшін киелі рухын береді