Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w05 1.10. 12—16 бет.
  • Көргендеріңмен емес, сенімдеріңмен өмір сүріңдер!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Көргендеріңмен емес, сенімдеріңмен өмір сүріңдер!
  • 2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “Күнәкар өмірдің рақатынан” бас тартыңдар
  • Дүниеқұмарлықтың тұзағынан аулақ жүріңдер
  • Осы дүниенің соңы жақын екенін көзден таса етіп алмаңдар
  • Көргенімізбен өмір сүру қаншалықты қауіпті?
  • Сеніммен өмір сүру шешімімізге берік болайық
  • Мұса берік сенім танытқан пайғамбар
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Мұсаның сеніміне елікте
    2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Сеніміңізбен өмір сүріңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ехобаның уәделеріне деген сенімімізді көрсетейік
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
Көбірек мәлімет
2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w05 1.10. 12—16 бет.

Көргендеріңмен емес, сенімдеріңмен өмір сүріңдер!

“Біз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүреміз” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 5:7).

1. Елші Пауылдың көргенімен емес, сенімімен өмір сүргені неден көрінеді?

БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 55 жылы. Мәсіхшілерді қудалаушы Саулдың мәсіхшілікті қабыл алғанынан бері, 20 жылдай уақыт өтті. Енді Пауыл деген есіммен белгілі болған ол қанша жылдар өтсе де, Құдайға деген сенімінің әлсіреуіне жол бермеді. Көктегі нәрселерді өз көзімен көрмесе де, оның сенімі берік болды. Сондықтан да ол көкте өмір сүруге үміті бар майланған мәсіхшілерге: “Біз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүреміз”,— деп жазды (Қорынттықтарға 2-хат 5:7).

2, 3. а) Сенімімізбен өмір сүретінімізді қалай көрсетеміз? ә) Көргенімізбен өмір сүру деген нені білдіреді?

2 Сеніммен өмір сүру үшін, Құдайдың өмірімізге басшылық етуге қабілетті екеніне толық сенім артуымыз керек. Сондай-ақ оның біз үшін ненің пайдалы екенін шын мәнінде білетініне кәміл сенуіміз керек (Забур 118:66). Ал шешімдер қабылдап, оларды іске асырғанда, ‘көзге көрінбейтін жайттарды’ ескереміз (Еврейлерге 11:1, сілтемені қараңдар). Бұл жайттарға уәде етілген “жаңа аспан мен жаңа жер” де жатады (Петірдің 2-хаты 3:13). Ал көргенімізбен өмір сүру деген тек сезім мүшелеріміз арқылы қабылдайтын нәрселерді басшылыққа алып өмір кешуді білдіреді. Бұл өте қауіпті, өйткені Құдайдың еркін мүлдем ескермей қоятын жағдайға жеткізеді (Забур 80:13; Екклесиаст 11:9).

3 Көкте өмір сүруге үміті бар ‘кішкентай қораның’ мүшесі болсақ та, яки жерде өмір сүруге үміттенетін ‘басқа қойлардың’ қатарына жатсақ та, әрбіріміз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүрейік деген кеңеске құлақ асуымыз керек (Лұқа 12:32, сілтемені қараңдар; Жохан 10:16). Онда рухтың жетелеуімен жазылған осы кеңеске құлақ асқанымыз ‘күнәкар өмірдің рақатына’ берілуден, дүниеқұмарлықтың тұзағына түсіп қалудан және осы зұлым дүниенің соңы жақын екенін көзімізден таса етіп алудан қалай қорғайтынын қарастырып көрейік. Сондай-ақ көргенімізбен өмір сүру қаншалықты қауіпті екенін талқылайық (Еврейлерге 11:25).

“Күнәкар өмірдің рақатынан” бас тартыңдар

4. Мұса нені таңдады және неліктен?

4 Ымрам ұлы Мұсаның қандай өмір кешуі мүмкін еді, соны елестетіп көрейікші. Ежелгі Мысырдағы патша үйінде тәрбиеленген Мұсаның билік пен байлыққа қол жеткізіп, беделді адам болуға мүмкіндігі бар еді. Оның: “Мен Мысырдың көп мақтайтын даналығын оқып-үйрендім, әрі сөзім мен ісімнің арқасында ықпалдымын. Егер патша үйінде қала берсем, мен өз дәрежемді жәбір көріп жатқан еврей бауырларымның игілігіне пайдалана аламын”,— деп ойлауына болар еді (Елшілердің істері 7:22). Бірақ Мұса “Құдай халқымен бірге жәбірленуді” таңдады. Неге? Мысырдың ұсынғандарының бәрінен бас тартуына оған не түрткі болды? Киелі кітап былай деп жауап береді: “Мұса Тәңірге сенгендіктен патшаның қаһарынан қаймықпай, Мысырды тастап кетті. Көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланып, Оның тапсырғандарына берік болды” (Еврейлерге 11:24—27). Мұса әділ істері үшін Ехобаның міндетті түрде жарылқайтынына сенген. Ал бұл оған күнәдан және оның уақытша рақатына берілуден бас тартуына көмектесті.

5. Мұсаның үлгісі бізді неге талпындырады?

5 Бізге де жиі қиын шешімдер қабылдауға тура келеді. Мысалы, мынадай жайттарға қатысты: Киелі кітаптың принциптеріне толық сай келе бермейтін істер мен әдеттерден бас тартуым керек пе, жоқ па? Материалдық жағынан көп пайда табатындай көрінетін, бірақ рухани өсуге кедергі жасауы мүмкін жұмысты қабыл алуым керек пе? Мұсаның үлгісі бізді осы дүниедегілер сияқты артын ойламай шешім қабылдаудан аулақ болуға талпындырады. Біз, қайта, ‘көзге көрінбейтін Жаратқан Иенің’, Ехоба Құдайдың, көреген даналығына сенуіміз керек. Осы дүниенің ұсынатын кез келген нәрсесінен гөрі, Мұса сияқты Ехобамен достығымызды бағалайық.

6, 7. а) Көргенімен өмір сүруді жөн көргенін Есау қалай көрсетті? ә) Есаудың үлгісі біз үшін қандай ескерту болып табылады?

6 Мұса мен рубасы Ысқақ ұлы Есаудың айырмашылығы жер мен көктей. Есау өз қалауын сол заматта-ақ қанағаттандыруды жөн көрді (Жаратылыс 25:30—34). Ол ‘қасиетті атаулыға немқұрайды қарап’, өзінің тұңғыштық жолын ‘бір ішер тамаққа’ айырбастай салды (Еврейлерге 12:16). Есау өзінің тұңғыштық жолын сатып жіберу шешімі Ехобамен қарым-қатынасына және өз ұрпақтарына қалай әсер ететінін ойлаған жоқ. Ол рухани көзбен қарамады. Ехобаның уәделерін түкке тұрғысыз санап, оларға көз жұмды. Ол сеніммен емес, көргенімен өмір сүрді.

7 Бүгінде Есаудың үлгісі біз үшін ескерту болып табылады (Қорынттықтарға 1-хат 10:11). Шешімдер қабылдағанда, мейлі, маңызды не онша маңызды емес болсын, “қалаған нәрсеңнен қазір құр қалма” деген Шайтанның дүниесінің үгіт-насихатына алданып қалмауымыз керек. Сондықтан өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: Қабылдаған шешімдерімнен Есаудікі сияқты рух байқалмай ма? Қалаған нәрселерімді қазір алып қалу үшін рухани істерді екінші орынға ығыстырып жібермеймін бе? Шешімдерім Құдаймен достығыма және болашақта алатын сыйыма қауіп төндірмей ме? Өзгелерге қандай үлгі көрсетудемін? Егер шешімдерімізден қасиетті нәрселерді бағалайтынымыз көрінетін болса, Ехоба бізге батасын береді (Нақыл сөздер 10:22).

Дүниеқұмарлықтың тұзағынан аулақ жүріңдер

8. Лаудікидегі мәсіхшілер қандай ескерту алды және неге бұл бізді қызықтыру керек?

8 Ұлылыққа бөленген Иса Мәсіх бірінші ғасырдың соңына таман Жоханға берген аянында Лаудікидегі (Кіші Азия) қауымға хабар жібереді. Бұл дүниеқұмарлықтан сақтандыру еді. Лаудікидегі мәсіхшілер материалдық жағынан бай болғанымен, рухани жағынан бейшара халде еді. Сеніммен өмір сүре берудің орнына, олар рухани көздерін дүние-мүліктің соқыр етуіне жол берді (Аян 3:14—18). Дүниеқұмарлықтың бүгін де осындай әсері бар. Ол сенімімізді әлсіретіп, ‘“жарысты” қажырлылықпен аяқтауымызға’ кедергі болады (Еврейлерге 12:1). Егер абайламасақ, осы өмірдің қызығы рухани істерді ескерусіз қалдыртып, тіпті ‘тұншықтырып’ тастауы мүмкін (Лұқа 8:14).

9. Барға қанағат ете білгеніміз және рухани ас-суды бағалағанымыз бізді қалай қорғайды?

9 Рухани қорғану үшін осы дүниеге тым беріліп кетудің және байлыққа ұмтылудың орнына, барға қанағат ету керек (Қорынттықтарға 1-хат 7:31; Тімотеге 1-хат 6:6—8). Көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүретін болсақ, қазіргі рухани жұмақтан қуаныш аламыз. Ал рухани ас-сумен тамақтанғанда, біздің ‘көтеріңкі көңілмен ән шырқағымыз’ келеді емес пе?! (Ишая 65:13, 14) Сондай-ақ бізге Құдай рухының жемісін танытатындармен араласу өте ұнайды (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Ехобаның беріп отырған рухани нәрселерінен қанағат алып, сергігеніміз қаншалықты маңызды десеңші!

10. Өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз жөн?

10 Өзімізге мынадай сұрақтарды қойғанымыз жөн: “Дүние-мүлік менің өмірімде қандай орында тұр? Қолымдағы барымды өмірден рақат табуға жұмсаймын ба, жоқ әлде шынайы ғибадатты қолдауға ма? Не нәрседен көбірек қанағат аламын: Киелі кітапты зерттеу мен қауымдағы бауырластармен араласудан ба, әлде мәсіхшілердің ісінен бос демалыс күндерден бе? Демалыс күндердің көбісін көңіл көтеріп, тынығуға арнаймын ба, жоқ әлде сол уақытты қызмет пен басқа да таза ғибадатқа қатысты істерге арнаймын ба?” Сенімімізбен өмір сүретін болсақ, Ехобаның уәделеріне толық сенім арта отырып, Патшалықтың ісін атқаруда белсенді болып қала береміз (Қорынттықтарға 1-хат 15:58).

Осы дүниенің соңы жақын екенін көзден таса етіп алмаңдар

11. Сеніммен өмір сүргеніміз осы дүниенің соңы жақын қалғанын көзден таса етіп алмауға қалай көмектеседі?

11 Сеніммен өмір сүретін болсақ, бұл осы дүниенің соңы әлі бола қоймас не ол тіпті болмайды деген рухани емес көзқарастан мүлдем аулақ болуға көмектеседі. Киелі кітапта айтылғандарға күмәнданатын адамдар сияқты емес, біз Құдай Сөзіндегі пайғамбарлықтардың қазір қалай орындалып жатқанын көреміз (Петірдің 2-хаты 3:3, 4). Мысалы, жалпы алғанда, адамдардың көзқарасы мен жүріс-тұрыстары “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқанымызды көрсетпей ме? (Тімотеге 2-хат 3:1—5) Сенім көзімен дүниеде қазір болып жатқан оқиғалардың жай ғана тарихтың қайталануы емес екенін көреміз. Қайта, олар ‘[Мәсіхтің] қайта келгендігі мен заманның ақырының’ (ЖД) белгісін құрайды (Матай 24:1—14).

12. Исаның Лұқа 21:20, 21-де айтылған сөздері бірінші ғасырда қалай орындалды?

12 Біздің заманымыздың І ғасырында болған әрі бүгінгі күнге ұқсастығы бар бір оқиғаны қарастырып көрейік. Жерде болған кезінде, Иса Мәсіх ізбасарларына: “Иерусалим қаласын әскерлер қоршап алғанын көрсеңдер, оның ойрандалатын кезінің жақындап қалғанын білесіңдер. Сол уақытта Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын, Иерусалимдегілер қаладан шығып, ал маңындағылар қалаға кірмей, қашып құтылсын!”— деп ескерткен (Лұқа 21:20, 21). Осы пайғамбарлық б. з. 66 жылы орындалды. Цестий Галлдың қол астындағы Рим әскерлері Иерусалимді қоршап алады. Бірақ олар аяқ астынан кейін шегінеді де, бұл мәсіхшілер үшін белгі болып, әрі олардың ‘тауларға қашып құтылуына’ мүмкіндік береді. Б. з. 70 жылы Рим әскерлері қайтып келіп, Иерусалим қаласына шабуыл жасап, ғибадатхананы қиратады. Иосиф Флавийдің айтуынша, миллионнан астам яһуди қаза болып, ал 97 мыңы тұтқынға алынған. Құдайдың яһуди жүйесіне қатысты үкімі осылай жүзеге асады. Сеніммен өмір сүрген және Исаның ескертуіне құлақ асқандар сол апаттан аман қалады.

13, 14. а) Алда қандай оқиғалар болады? Неге Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалуын қадағалап отыруымыз керек?

13 Біздің уақытымызда да осыған ұқсас жайт болғалы отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы белгілі бір күштер Құдайдың үкімін жүзеге асыруға қатысады. Бірінші ғасырдағы Рим әскерлері Рим тыныштығын (Pax Romana) сақтауға ниеттенгені сияқты, Біріккен Ұлттар Ұйымы да бейбітшілік орнатушы құрал болуды көздеп отыр. Рим әскерлері сол кезде белгілі болған дүниенің барлық жерінде салыстырмалы тыныштық орнатуға тырысып, Иерусалимді қиратты. Бүгінгі күні де, Киелі кітаптағы пайғамбарлықта айтылғандай, БҰҰ-дағы күш көрсетуге бейім топтар дінді тыныштықты бұзушылар деп қарастырып, қазіргі Иерусалимді, яғни мәсіхшілер әлемін, сондай-ақ Ұлы Бабылдың қалған бөлігін жоюға әрекет жасайтын болады (Аян 17:12—17). Олай болса, бүкіл жалған діндер империясы жойылуға жақын.

14 Жалған діннің жойылуы ауыр азаптың басталғанын білдіреді. Ауыр азаптың соңында осы дүниенің қалған бөліктері жойылады (Матай 24:29, 30; Аян 16:14, 16). Сеніммен өмір сүргеніміз Киелі кітаптың пайғамбарлықтарының орындалуын мұқият қадағалап отыруға көмектеседі. Біз адамдар құрған БҰҰ сияқты ұйым арқылы Құдай тыныштық пен қауіпсіздік орнатады деген ойға алданбаймыз. Олай болса, өмір жолымыз “Тәңірдің ұлы күні жақын” екеніне сенімді екенімізді көрсету керек емес пе? (Софония 1:14)

Көргенімізбен өмір сүру қаншалықты қауіпті?

15. Құдайдың батасын көрсе де, Исраил халқы қандай тұзаққа түсіп қалды?

15 Ежелгі Исраилдің басынан өткізгендері көргенімізбен өмір сүруге жол беріп қойсақ, сенімімізді әлсіретіп қою қаупі бар екенін көрсетеді. Исраилдіктер Мысырдың жалған тәңірлерінің масқарасын шығарған он жазаның куәсі болып, кейін Қызыл теңізден таңғажайып түрде өтсе де, олар Құдайға мойынсұнбай алтыннан жас бұқа мүсінін жасап, оған ғибадат ете бастады. Олар ‘тау басынан ұзақ уақыт бойы төмен түспеген’ Мұсаны күтуден шаршап, төзімдері таусылады (Мысырдан шығу 32:1—4). Шыдамсыздықтан олар көзге көрінетін мүсінге табына бастады. Көргендерімен өмір сүргендері Ехобаны қорлап, мұның нәтижесінде “халықтың үш мыңдайы өлім құшты” (Мысырдан шығу 32:25—29). Бүгінде Ехобаның қызметшісі Құдайға сенім артпайтынын және Оның өз уәделерін орындай алатынына күмәнданатынын көрсететін шешімдер қабылдайтын болса, қандай өкінішті!

16. Көзге көрінетін нәрселер исраилдіктерге қалай әсер етті?

16 Көзге көрінетін нәрселер исраилдіктерге басқа жағынан да кері әсерін тигізді. Көргендерімен өмір сүргендіктен, олар жауларынан қатты қорқып кетті (Руларды санау 13:28, 32; Заңды қайталау 1:28). Олар Құдайдың Мұсаға берген билігіне дауласып, бастарына түскен күнге шағымданды. Осылай сенімдері болмағандықтан, Уәде етілген жерден гөрі, олар жын-перілер билеп-төстеген Мысырды артық көрді (Руларды санау 14:1—4; Забур 105:24). Халқының өздерінің көзге көрінбес Патшасы ретіндегі беделін аяқ асты еткендері Ехобаның жанына қалай батты десеңші!

17. Самуилдің күндерінде исраилдіктердің Ехобаның басшылығынан бас тартуына не себеп болды?

17 Самуил пайғамбардың күндерінде Құдайдың таңдаған Исраил халқы тағы да көргенімен өмір сүріп, тұзаққа түсіп қалады. Олар көзбен көре алатын патшаның болғанын қалай бастайды. Ехоба өзін солардың Патшасы екенін дәлелдесе де, бұл олардың сеніммен өмір сүрулері үшін жеткілікті болмады (Патшалықтар 1-жазба 8:4—9). Өздеріне зиян келтіріп, олар Ехобаның мінсіз басшылығынан бас тартып, айналасындағы халықтар сияқты болуды жөн көрді (Патшалықтар 1-жазба 8:19, 20).

18. Көргенімен өмір сүру қауіпті болғандықтан, бұдан қандай сабақ ала аламыз?

18 Ехобаның қазіргі қызметшілері ретінде онымен қарым-қатынасымызды бағалаймыз. Біз бұрын болған оқиғалардан үйреніп, өмірімізге құнды сабақтар алуды қалаймыз (Римдіктерге 15:4). Исраилдіктер сенімдерімен емес, көргендерімен өмір сүргенде, Құдай оларды Мұса арқылы алып жүргенін естен шығарып алды. Егер абай болмасақ, біз де мәсіхшілер қауымына Ехоба Құдай мен Ұлы Мұса, яғни Иса Мәсіх, басшылық етіп жатқанын естен шығарып алуымыз мүмкін (Аян 1:12—16). Ехобаның ұйымының жердегі бөлігіне адами көзқараспен қарай бастаудан сақ болуымыз керек. Әйтпесе бізде наразылық рухы пайда болып, Ехобаның өкілдерін және “адал да ақылды құл” арқылы беріп отырған рухани асты бағаламай қоюымыз мүмкін (Матай 24:45, сілтемені қараңдар).

Сеніммен өмір сүру шешімімізге берік болайық

19, 20. Қандай шешімімізге берік боламыз және неліктен?

19 “Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне, дүниені билеп-төстеушілеріне — көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз”,— делінген Киелі кітапта (Ефестіктерге 6:12). Біздің басты жауымыз — Шайтан Ібіліс. Оның мақсаты — Ехобаға деген сенімімізден айыру. Ол Құдайға қызмет ету шешімімізден тайдыруға барынша тырысып бағады (Петірдің 1-хаты 5:8). Шайтан дүниесінің сырт көрінісіне алданып қалудан қалай сақ бола аламыз? Ол үшін көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүруіміз керек! Ехобаның уәделеріне берік сенім артқанымыз ‘сенімімізді құртып’ алудан сақтайды (Тімотеге 1-хат 1:19). Олай болса, Ехоба батасын беретініне толық сенімді бола отырып, сеніммен өмір сүру шешімімізге берік болайық. Сондай-ақ жақын болашақта болатын нәрселерден құтыла алу үшін дұға ете берейік (Лұқа 21:36).

20 Бізде көргенімізбен емес, сенімімізбен қалай өмір сүруге болатынын көрсететін керемет Үлгі көрсетушіміз бар. Киелі кітапта: “Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек”,— делінген (Петірдің 1-хаты 2:21). Келесі мақалада қалай Исаның ізімен жүре алатынымызды қарастырамыз.

Естеріңде ме?

• Көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүруге қатысты Мұса мен Есаудың үлгісінен неге үйрендіңдер?

• Дүниеқұмарлықтан аулақ болуға не көмектеседі?

• Сенімімізбен өмір сүргеніміз осы дүниенің соңы жақын екенін көзден таса етіп алмауға қалай көмектеседі?

• Неге көргенімізбен өмір сүру қауіпті?

[13-беттегі сурет]

Мұса сеніммен өмір сүрген

[15-беттегі сурет]

Демалу жиі теократиялық істерді ысырып қоюыңа себеп болмай ма?

[16-беттегі сурет]

Құдай Сөзіне ден қойғаның қалай қорғаныш болады?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу