Мұса берік сенім танытқан пайғамбар
СЕНІМ ДЕГЕН НЕ?
Киелі кітапқа сай, “сенім” айқын дәлелдерге негізделген қандай да бір көрінбейтін нәрсеге берік сенуді білдіреді. Құдайға сенетін адам Құдай барлық уәделерін жүзеге асыратынына сенімді болады.
МҰСА ҚАЛАЙ СЕНІМ ТАНЫТҚАН?
Мұсаның қабылдаған шешімдерінен оның Құдайдың уәделеріне сенім артқанын көруге болады (Жаратылыс 22:15—18). Мұсаның Мысыр елінде үлде мен бүлдеге оранып өмір сүруге мүмкіндігі бар еді. Алайда ол бұдан бас тартып, “күнәдан уақытша рақат алудан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады” (Еврейлерге 11:25). Ол мұндай шешімді асығыс қабылдап, кейіннен өкініп қалды ма? Жоқ. Киелі кітапта Мұсаның “көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай берік болғаны” жазылған (Еврейлерге 11:27). Ол сеніммен қабылдаған шешімдеріне ешқашан өкінген емес.
Мұса өзгелердің де сенімін нығайтуға тырысқан. Мысалыға, исраилдіктер перғауынның әскері мен Қызыл теңіздің арасында қалып қойып, өздерін тұзаққа түскендей сезінгенде, не болғанын қарастырайық. Бастарына қатер төніп тұрғанын көрген исраилдіктердің үрейі ұшып, Ехоба мен Мұсаға жалбарына бастады. Сонда Мұса не істеді?
Исраилдіктер қашып құтыла алу үшін Құдай Қызыл теңізді қақ жарып, жол ашпақ болғанын Мұса білмесе керек. Алайда ол Құдайдың өз халқын қандай да бір жолмен қорғайтынына сенімді еді. Ол исраилдіктердің де бұған сенімді болғанын қалап: “Қорықпаңдар, берік тұрыңдар! Бүгін-ақ Жаратқан Иенің өздеріңді құтқаруын көресіңдер”,— деп айтқан (Мысырдан шығу 14:13). Мұса исраилдіктерге берік сенім дамытуға көмектесе алды ма? Иә, Киелі кітапта тек Мұсаға ғана емес, барлық исраилдіктерге қатысты: “Сенімі болғандықтан исраилдіктер Қызыл теңізден құрғақ жермен өткендей өтті”,— делінген (Еврейлерге 11:29). Мұсаның танытқан сенімі тек оған ғана емес, оның сеніміне еліктеген әрбір адамға да пайдасын тигізді.
НЕ НӘРСЕГЕ ҮЙРЕНЕ АЛАМЫЗ?
Қабылдаған шешімдеріміз арқылы Құдайдың берген уәделеріне сенетінімізді көрсетіп, Мұсаға еліктей аламыз. Мысалы, Құдайға деген ғибадатты өмірімізде басты орынға қоятын болсақ, ол бізді қажетті нәрселермен қамтамасыз ететінін уәде етеді (Матай 6:33). Айналадағы адамдардың барлығы материалдық нәрселерді бірінші орынға қойып жүргенде, оларға еліктемеу оңай емес шығар. Алайда бір нәрсеге сенімді болсақ болады: өмірімізді қарапайым етіп, бар назарымызды Ехобаға ғибадат етуге аударсақ, ол бізге қажетіміздің бәрін береді. Ехоба Құдай өз сөзінде: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деп уәде етеді (Еврейлерге 13:5).
Біз де өзгелерге Құдайға деген сенім дамытуға көмектесуіміз керек. Мысалы, даналықпен әрекет ететін ата-аналар балаларының Құдайға деген сенімі болуы үшін көп күш салады. Балалар кішкентай кездерінен бастап Құдайдың бар екенін және оның бізге дұрыс пен бұрысқа қатысты өсиеттер бергенін білу керек. Сонымен қатар олар сол талаптарға сай өмір сүру ең дұрыс өмір жолы екеніне сенімді болулары қажет (Ишая 48:17, 18). Иә, ата-аналар балаларына Құдайдың “бар екеніне және өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне” сенім дамытуға көмектессе, бұл балалар үшін баға жетпес мұра болмақ (Еврейлерге 11:6).