Ехобаның сөзі тірі.
Шежірелер туралы 1-жазба кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ЯҺУДИЛЕРДІҢ Бабыл тұтқындығынан туған жеріне оралғаннан бері, шамамен 77 жылдай уақыт өтті. Билеуші Зоробабелдің қайта тұрғызған ғибадатханасына 55 жыл болды. Яһудилердің қайта оралуының негізгі себебі Иерусалимдегі шынайы ғибадатты қайта қалпына келтіру болатын. Алайда олар Ехобаға қызмет етуде айтарлықтай құлшыныс таныта қоймады. Міне, сондықтан да оларға тез арада жігер беру керек еді. Дәл осындай жігерді Шежірелер туралы 1-жазбадан табуға болады.
Шежірелерден басқа, бұл кітапта Саул патшаның өлімінен Дәуіт патшаның өліміне дейін болған шамамен 40 жылдық оқиғалар қамтылған. Оны б. з. б. 460 жылы діни қызметкер Езра жазған деп есептеледі. Шежірелер туралы 1-жазба кітабы бізге қызықты, өйткені онда ғибадатханадағы қызмет жайында және Мәсіхтің шығу тегі жайлы егжей-тегжейлі жазылған. Рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзінің бір бөлігі ретінде бұл кітап біздің сенімімізді нығайтады және Киелі кітапты тереңірек түсінуімізге көмектеседі (Еврейлерге 4:12).
МАҢЫЗДЫ ШЕЖІРЕЛЕР
Езра құрастырған шежірелердің маңызды болуының, кем дегенде, үш себебі бар: олар діни қызметкер ретінде тек тағайындалған адамдар қызмет ететінін растайды; әр рудың мұраларын анықтауға көмектеседі; оларда Мәсіхтің шығу тегін көруге болатын мәлімет сақталған. Бұл жазбалар исраилдіктердің алғашқы адам баласына дейінгі шежіресін көрсетеді. Адамнан Нұхқа дейін он ата, ал Ыбырайымға дейін тағы он ата болған. Исмаилдің ұлдары, Ыбырайымның кәнизәгі Кетурадан туылған ұлдары мен Есаудың ұлдарының тізімінен соң, Исраилдің он екі ұлының үрім-бұтағына көңіл аударылады (Шежірелер 1-жазба 2:1).
Яһуданың үрім-бұтағы жайлы көбірек айтылады, өйткені ол Дәуіт патшаның шығу тегін көрсетеді. Ыбырайымнан Дәуітке дейін 14 ата, ал Дәуіттен Бабылға жер аударылғанға дейін тағы 14 ата болған (Шежірелер 1-жазба 1:27, 34; 2:1—15; 3:1—17; Матай 1:17). Кейін Езра Иорданның шығыс бетіндегі рулардың ұрпақтарын, сонан соң Леуі ұлдарынан тараған ұрпақтың тізімін келтіреді (Шежірелер 1-жазба 5:1—24; 6:1). Сондай-ақ Иордан өзенінің батысындағы кейбір рулар жайлы қысқаша, ал Буняминнің үрім-бұтағы жайлы егжей-тегжейлі жазған (Шежірелер 1-жазба 8:1). Сонымен қатар Бабыл тұтқындығынан кейінгі Иерусалимнің алғашқы тұрғындарының есімдері де келтіріледі (Шежірелер 1-жазба 9:1—16).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:18. Саланың (Шелахтың) әкесі кім болған: Қайнан ба, әлде Арпақсат па? (Лұқа 3:35, 36) Саланың әкесі Арпақсат болған (Жаратылыс 10:24; 11:12). Лұқа 3:36-ғы “Қайнан” сөзі “халдейлер” сөзінің бұрмаланған түрі болуы мүмкін. Егер бұл осылай болса, онда түпнұсқада бұл тармақ “халдейлік Арпақсаттың ұлы” деп оқылар еді. Я болмаса Қайнан да, Арпақсат та бір адамға қатысты айтылуы мүмкін. Кейбір қолжазбаларда “Сала Қайнаннан” деген тіркестің жоқ екендігі жайлы айғақты да ескеруіміз керек (Лұқа 3:36, ЖД; сілтемені қараңдар).
2:15. Дәуіт Есейдің жетінші ұлы болған ба? Жоқ. Есейдің сегіз ұлы болған, ал Дәуіт ең кенжесі еді (Патшалықтар 1-жазба 16:10, 11; 17:12). Есейдің бір ұлы перзент көрмей өліп кеткенге ұқсайды. Оның ұрпағы жалғаспағандықтан, Езра оның есімін атамаған.
3:17. Неге Лұқа 3:27-де Жохананның ұлы Салателді Нерінің ұлы деп айтқан? Салателдің әкесі Жоханан болған. Бірақ Нері қызын Салателге әйелдікке берген болу керек. Лұқа Нерінің күйеу баласын оның ұлы деп айтқан. Бұл оның Жүсіпті Мәриямның әкесі Елінің ұлы дегені сияқты (Лұқа 3:23).
3:17—19. Зоробабел, Педай және Салателдің бір-бірімен қандай туыстық қатынасы болған? Зоробабел Салателдің ағасы Педайдың ұлы болған. Алайда Киелі кітапта кейде Зоробабелді Салателдің ұлы деп те атайды (Матай 1:12; Лұқа 3:27). Мұның себебі Педай қайтыс болып, Салател Зоробабелді бағып-қақпағандықтан болуы мүмкін. Я болмаса Салател артынан ұрпақ қалдырмай көз жұмып, ал Педай оның жесіріне үйленіп, Зоробабел одан туған тұңғышы болған болса керек (Заңды қайталау 25:5—10).
5:1, 2. Жүсіп үшін тұңғыштық жолына ие болу нені білдірген? Бұл Жүсіп мұраның екі есе бөлігіне ие болғанын білдірген (Заңды қайталау 21:17). Ол екі рудың — Ефрем мен Манасаның — әкесі болған. Ал Исраилдің өзге ұлдарының әрқайсысы бір рудың ғана әкесі болған.
Біз үшін сабақ:
1:1—9:44. Өмірде болған адамдардың шежіресі шынайы ғибадаттың аңызға емес, айғақтарға негізделгенін дәлелдейді.
4:9, 10. Ехоба Иабестің Құдайдан қорқатын адамдар қоныстана алу үшін жерінің шекарасын бейбіт жолмен кеңейтіп беруін өтініп сұраған дұғасына жауап берді. Шәкірттер дайындау ісіне белсене қатыса отырып, біз де Құдайдың қызметшісі болатын адамдардың көбейе түсуін сұрап, шын жүректен дұға етуіміз керек.
5:10, 18—22. Саул патшаның күндерінде Иорданның шығыс бетіндегі рулар өздерінен екі еседен де көп агарлықтарды күйретті. Бұл сол рулардың ер жүрек адамдары Ехобаға сенім артып, одан көмек іздегендерінің арқасында болды. Өзімізден әлдеқайда көп жауларымызбен рухани күресте Ехобаға толық сенім артайық (Ефестіктерге 6:10—17).
9:26, 27. Леуілік қақпа күзетшілеріне үлкен жауапкершілік сеніп тапсырылған болатын. Олардың қолдарына ғибадатханадағы қасиетті орындардың кілті берілді. Олар күнде қақпаларды ашып, адал қызмет еткен. Бізге аумағымыздағы адамдарға ізгі хабарды жеткізу мен оларға Ехобаның қызметшілері болуға көмектесу сеніп тапсырылған. Біз де леуілік қақпа күзетшілері сияқты сенім артуға тұрарлық екенімізді көрсетуіміз керек емес пе?
ДӘУІТТІҢ БИЛІК ҚҰРУЫ
(Шежірелер 1-жазба 10:1—29:30)
Жазба Саул патша мен оның үш ұлының Гелбуе тауында філістірліктерге қарсы соғыста қаза тапқаны жайлы әңгімемен басталады. Есей ұлы Дәуіт Яһуда руына патша болады. Барлық рудың ер кісілері Хеброн тауына жиналып, оны бүкіл Исраилдің патшасы етеді (Шежірелер 1-жазба 11:1—3). Осыдан кейін көп ұзамай, ол Иерусалимді жаулап алады. Кейінірек исраилдіктер “шаттана, сырнайдың үнімен... және ішекті аспаптар мен арфада ойнап”, келісім сандығын Иерусалимге алып келеді (Шежірелер 1-жазба 15:28).
Дәуіт шынайы Құдайға арнап үй салғысы келетінін айтады. Ехоба бұл мәртебелі істі Сүлейменге қалдырады да, ал Дәуітпен Патшалық келісімін жасайды. Дәуіт исраилдіктердің жауларымен шайқасып, Ехоба оған көп рет жеңіске жетуге көмектеседі. Заңсыз түрде жүргізілген санақтың кесірінен 70 000 адам қырылып кетеді. Дәуіт періштеден Ехобаға құрбандық ұсынатын орын жасау туралы нұсқау алған соң, Ебустік Орнадан жер алады. Дәуіт сол жерге Ехобаның “аса сәулетті” үйін салуға ‘көп дайындық’ жасай бастайды (Шежірелер 1-жазба 22:5). Дәуіт леуіліктердің қызметтерін ұйымдастырады. Бұл жайлы Киелі кітаптың осы кітабында ғана барынша егжей-тегжейлі айтылған. Патша да, халық та ғибадатханаға жомарттықпен сый-тартулар жасайды. Дәуіт 40 жыл билік құрып, “қанағатқа толы өмір кешіп, байлық пен даңққа ие болып” көз жұмады және “оның орнына ұлы Сүлеймен патша болады” (Шежірелер 1-жазба 29:28).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
11:11. Неге бұл тармақта 300 адам өлтірілді делінген де, ал осыған нұсқайтын Патшалықтар 2-жазба 23:8-де 800 адам делінген? Дәуіттің ең батыр деген үш жігітінің басшысы Иесваал, не Жошеб-Бәсебет болған. Қалған екеуі Елазар мен Шамма (Патшалықтар 2-жазба 23:8—11). Бұл екі тармақта айырмашылық болуының себебі — ол адам ерлікті әр түрлі жағдайда жасаған болу керек.
11:20, 21. Әбісай қалайша Дәуіттің ең күшті үш батырының арасында даңқты болды? Әбісай Дәуіттің ең күшті үш батырының бірі болған жоқ. Алайда Патшалықтар 2-жазба 23:18, 19-да айтылғандай, ол “үш жүз батырдың басшысы еді”, әрі олардың бәрінен де асып түскен болатын. Әбісайдың дәрежесі ең күшті үш батырдың дәрежесіндей еді, өйткені ол Иесваал сияқты ерлік жасады.
12:8. Қалайша ғадтық жауынгерлердің беттері “арыстанның түрі” сияқты болған? Бұл ер жүрек жауынгерлер айдалада Дәуіттің жағына шыққан болатын. Олардың шаштары қатты өсіп жалбырап кеткендіктен, оларды адам шошырлықтай, арыстан сияқты етіп көрсеткен.
13:5. “Мысыр Шихоры” деген не? “Шихор” деген еврей сөзінің негізгі мағынасы “өзен” дегенді білдіретіндіктен, кейбіреулер “Мысыр Шихоры” деген Ніл өзенінің бір саласына меңзейді деп ойлайды. Руларды санау 34:5-те осы өзен “Мысыр ағысы” делінген. Алайда бұл жерде дәлірек “аңғар ағысы” деп аударуға болатын басқа еврей сөзі қолданылған. Демек, “Мысыр Шихоры” — Уәде етілген жердің оңтүстік-шығыс шекарасы болып табылатын “Мысырдың шетіндегі аңғар” (Руларды санау 34:2, 5; Жаратылыс 15:18).
16:30. Ехобаның алдында “діріл қағу” деген нені білдіреді? “Діріл қағу” деп аударылған көне еврей сөзі Ехобаны терең қастерлеуді және оның алдында қорқыныш сезінуді көрсету үшін ауыспалы мағынада қолданылып отыр.
16:1, 37—40; 21:29, 30; 22:19. Келісім сандығын Иерусалимге әкелген кезден бастап ғибадатхана тұрғызылғанға дейін, Исраилде ғибадатқа қатысты қандай қызмет атқарылды? Ұзақ жылдар бойы киелі шатырда болмаған келісім сандығын Дәуіт Иерусалимге әкеліп, өзі орнатқан шатырдың ішіне қояды да, сандық сонда қала береді. Ал бұл киелі шатыр Гибеонда болатын, ол жерде бас діни қызметкер Садоқ ағаларымен бірге Заңда айтылған құрбандық шалу қызметін атқарды. Бұл Иерусалимдегі ғибадатхана аяқталғанға дейін жалғасты. Кейін ғибадатхана дайын болғанда, киелі шатыр Гибеоннан Иерусалимге әкелінеді, ал келісім сандығы ғибадатхананың ең қасиетті бөлмесіне қойылады (Патшалықтар 3-жазба 8:4, 6).
Біз үшін сабақ:
13:11. Қандай да бір істе сәтсіздікке ұшырап жатсақ, Ехобаға наразы болып және оны кінәлаудың орнына, жағдайды салмақтап-саралап, сәтсіздіктің себебін анықтауға тырысуымыз керек. Дәуіттің осылай еткені шүбәсіз. Ол өз қатесінен үйреніп, кейінірек дұрыс тәсілді қолданып, келісім сандығын Иерусалимге сәтті жеткізедіa.
14:10, 13—16; 22:17—19. Рухани күйімізге әсер етуі мүмкін бірдеңені істер алдында, әрдайым Ехобаға дұға етуіміз және оның басшылығын іздеуіміз қажет.
16:23—29. Ехобаға ғибадат ету өмірімізде бірінші орында тұру керек.
18:3. Ехоба — өз уәделерін Орындаушы. Ол Дәуіт арқылы Ыбырайымның үрім-бұтағына “Мысырдың шетіндегі өзеннен бастап үлкен Евфрат өзеніне дейін жайлаған” бүкіл Қанахан елін беремін деген уәдесін орындады (Жаратылыс 15:18; Шежірелер 1-жазба 13:5).
21:13—15. Ехоба періштеге індетті тоқтатуды бұйырады. Өйткені азап шегіп жатқан халқын көріп, оның жүрегі ауырды. Шынында да, “оның мейірімі мол”b.
22:5, 9; 29:3—5, 14—19. Дәуітке Ехобаның ғибадатханасын салуға рұқсат етілмесе де, ол жомарттық рухын танытты. Неге? Өйткені ол қолындағысының бәрі Ехобаның ізгілігінің арқасында келгенін түсінген. Осындай ризашылық сезімі бізді де жомарттық рухын танытуға талпындыру керек.
24:7—18. Ехобаның періштесі шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның әкесі Зәкәрияға көрініп, Жақияның туылатыны жайлы хабарлағанда, Дәуіт енгізген діни қызметкерлердің 24 топқа бөлініп қызмет ету тәртібі өз күшінде еді. Сол кезде Зәкәрия ‘Абия тобының’ мүшесі ретінде өз міндетін атқарып жатқан болатын (Лұқа 1:5, 8, 9). Шынайы ғибадат ойдан шығарылған адамдармен емес, тарихта болған адамдармен байланысты болған. Бүгінде Ехобаға қызмет етуге қатысты “адал да ақылды құлдың” орнатқан тәртібін адалдықпен ұстанатын болсақ, мол батаға кенелеміз (Матай 24:45, ЖД).
Ехобаға “жан-тәндеріңмен” қызмет етіңдер
Шежірелер туралы 1-жазбада тек ата-баба шежіресі келтірілмеген. Онда Дәуіттің Иерусалимге келісім сандығын қалай әкелгені, оның зор жеңістері, ғибадатхананы тұрғызуға дайындық пен леуіліктердің қызмет ету кезегі жайлы айтылады. Езраның жазғандарының бәрі де исраилдіктер үшін пайдалы болғаны сөзсіз, яғни Ехобаға ғибадатханада қызмет етуге деген құлшыныстарын қайта жандандыруға көмектескен.
Ехобаға ғибадат етуді өмірінде бірінші орынға қойған Дәуіт бізге өте тамаша үлгі қалдырды. Ол жеке басының мүддесін ойламай, Құдайдың еркін орындауға ұмтылды. Біз де оның Ехобаға ‘шын жүректен және жан-тәндеріңмен қызмет етіңдер’ деген кеңесіне құлақ асуға шақырыламыз (Шежірелер 1-жазба 28:9)
[Сілтемелер]
a Дәуіттің Иерусалимге келісім сандығын әкелу үшін жасаған әрекетінен тағы қандай сабақ алуға болатынын 2005 жылғы 15 мамырдағы “Күзет мұнарасының” 29—32 беттерінен қараңдар.
b Дәуіттің заңсыз санақ жүргізгеніне қатысты тағы қандай сабақ алуға болатынын 2005 жылғы 15 мамырдағы “Күзет мұнарасының” 29—32 беттерінен қараңдар.
[8-беттегі кесте/суреттер]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
Б. з. б. 402 Адам Адамнан Нұхқа дейінгі
ұрпақтар (1056 жыл)
130 жыл ⇩
Сет
105 ⇩
Енос
90 ⇩
Қайнан
70 ⇩
Мақалалел
65 ⇩
Иәрет
162 ⇩
Енох
65 ⇩
Мәтусала
187 ⇩
Ләмех
182 ⇩
Б. з. б. 2970 жыл Нұх Б. з. б. 2970 жыл
Нұхтан Ыбырайымға
502 жыл ⇩ дейінгі ұрпақтар (952 жыл)
Шам
100 ⇩
Арпақшад
35 ⇩
Шела
30 ⇩
Ебер
34 ⇩
Пелек
30 ⇩
Регу
32 ⇩
Серук
30 ⇩
Нахор
29 ⇩
Тарах
130 ⇩
Б. з. .б 2018 жыл Ыбырайым Б. з. .б 2018 жыл
Ыбырайымнан Дәуітке дейін
100 жыл 14 ұрпақ (911 жыл)
Ысқақ
60 ⇩
Жақып
⇩
Яһуда
⇩
Парес
⇩
Хезрон
⇩
Рам
⇩
Әминадап
⇩
Нағасон
⇩
Салмон
⇩
Боғоз
⇩
Ғабит
⇩
Есей
⇩
Б. з. б. 1107 жылы ДӘУІТ туылды