Қайта тірілу — саған тікелей қатысы бар ілім
‘Құдай сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп үмітімді артамын’ (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 24:15).
1. Жоғарғы кеңестің алдында қайта тірілуге қатысты дау қалай туындады?
ЕЛШІ ПАУЫЛ б. з. 56 жылы үшінші миссионерлік сапарының соңына таман Иерусалимге барады. Оны римдіктер тұтқынға алған соң, оған яһудилердің жоғарғы кеңесінің, немесе жоғарғы сотының, алдына баруға рұқсат беріледі (Елшілердің істері 22:29, 30). Пауыл жоғарғы кеңес мүшелеріне қарағанда, оның бір бөлігі саддукейлер, ал қалғандары парызшылдар екенін байқайды. Бұл екі топ бір нәрсеге келгенде мүлдем келісе алмайтын. Саддукейлер қайта тірілу жоқ десе, парызшылдар бар дейтін. Өзінің қандай көзқарас ұстанатынын білдіру үшін Пауыл дауыстап: “Бауырластар, мен парызшылмын, парызшылдар әулетіненмін де. Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін сотталып жатырмын!”— дейді. Осы сөздерді естіген жұрт өзара айтысып, у-шу болады да қалады (Елшілердің істері 23:6—9).
2. Неге Пауыл қайта тірілуге деген сенімін қорғауға дайын болған?
2 Бұдан бірнеше жыл бұрын Пауыл Дамаскіге бара жатқан жолда аян алып, қайта тірілген Исаның даусын естіген болатын. Пауыл тіпті Исадан: “Ием, не істеуім керек?”— деп сұрайды. Иса: “Орныңнан тұр да, Дамаскіге бар! Сол жерде Менің саған істеуге белгілеп қойғанымды айтады”,— деп жауап береді. Дамаскіге келген соң, Пауылды Анани есімді көмекке дайын мәсіхші тауып алады да, оған: “Ата-бабаларымыздың Құдайы сені Өзінің еркін білсін, әділ Кісісін [қайта тірілген Исаны] көріп, Соның аузынан шыққан сөзін естісін деп таңдап алған болатын”,— деп түсіндіреді (Елшілердің істері 22:6—16). Олай болса, Пауылдың қайта тірілуге деген сенімін қорғап, кез келген адамға жауап беруге дайын болғанына таңғалмаса да болады (Петірдің 1-хаты 3:15).
Қайта тірілуге деген үмітті көпшілік алдында жариялау
3, 4. Пауыл қайта тірілу туралы ілімнің адал қорғаушысы екенін қалай дәлелдеді және оның үлгісінен не нәрсеге үйренуімізге болады?
3 Кейінірек Пауыл әмірші Феликстің алдына барады. Бұл жолы Пауылдың қарсыластары яһудилердің атынан сөйлеген “Тертулла есімді шешен” оған сектаның жетекшісі әрі бүлік бастаушы деген айып тағады. Жауап ретінде Пауыл еш қысылмастан: ‘Мен ата-бабаларымыздың Құдайына олар діни бағыт [“секта”, ЖД] деп атаған ілім бойынша қызмет ететінімді мойындаймын’,— деп жариялайды. Одан соң дау тудырған басты тақырыпқа қатысты ол былай деп жалғастырады: “Құдай... сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп, мен де олар сияқты Оған үмітімді артамын” (Елшілердің істері 23:23, 24; 24:1—8, 14, 15).
4 Екі жылға жуық уақыт өте, Феликстің орнына келген әмірші Порси Фест Ирод Агриппа патшаны тұтқындағы Пауылдың ісін бірге қарастыруға шақырады. Фест айыптаушылардың “өліп қалған, бірақ Пауыл тірілді деп айтқан Иса есімді Біреу туралы” айтысып қалғанын түсіндіреді. Өзін қорғап сөйлегенде, Пауыл: “Сіздер неге Құдайдың өлгендерді қайта тірілтуіне сенбейсіздер?”,— деп сұрайды. Одан соң ол: “Құдай қорғап-қолдап келгендіктен мен күні бүгінге дейін берік тұрып үлкен-кіші бәріне куәлік етемін. Мұса мен басқа да пайғамбарлар алдын ала айтып кеткендерді ғана үйретіп жүрмін, атап айтқанда, Құтқарушы Мәсіх азапталып, Бірінші болып өлімнен тіріліп, Исраил халқына және басқа ұлттарға Ізгі хабарды жариялап, көздерін ашуға тиісті болды”,— деп жариялайды (Елшілердің істері 24:27; 25:13—22; 26:8, 22, 23). Пауыл қайта тірілу туралы ілімнің неткен адал қорғаушысы болған десеңші! Пауыл сияқты біз де қайта тірілудің болатынын сенімділікпен жариялауымызға болады. Бірақ басқалар қалай үн қатады деп күтуімізге болады? Пауылдың тыңдармандары сияқты үн қатуы мүмкін.
5, 6. а) Елшілердің қайта тірілу туралы ілімді қорғап сөйлегендері басқаларға қалай әсер етті? ә) Қайта тірілуге деген үмітіміз туралы айтатындықтан, не істегеніміз аса маңызды?
5 Мұның алдындағы екінші миссионерлік сапарында (шамамен б. з. 49—52 жылдары) Пауыл Афины қаласына келгенде не болғанын қарастырайық. Ол жалған тәңірлерге сыйынатын адамдармен сөйлеседі және оларды Құдайдың өзі тағайындаған Кісісі арқылы бұл дүниені әділдікпен соттайтын ниетіне көңіл бұруға шақырады. Бұл кісі Исаның өзі еді. Пауыл Құдайдың Исаны тірілту арқылы осыған кепілдік бергенін түсіндіреді. Халыққа бұл қалай әсер етеді? Біз былай деп оқимыз: “Өлімнен қайта тірілу туралы естігенде кейбіреулері мазақтаса, өзгелері: — Бұл туралы сізді тағы да тыңдаймыз”,— деді (Елшілердің істері 17:29—32).
6 Петір мен Жохан да б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан соң, тура осындай жайтқа кезіккен еді. Бұл жолы да саддукейлер айтыста алдарына жан салмайды. Елшілердің істері 4:1—4 дейінгі тармақтарда не болғаны баяндалады: “Петір мен Жохан жиналған жұртқа әлі де сөйлеп тұрған кезде оларға дін басылары, ғибадатхана сақшыларының басшысы және өзге саддукейлер де келді. Олар екеуінің халыққа тәлім беріп, Иса өлімнен қайта тірілді деп жариялап жүргендеріне наразы болды”. Алайда басқалар оларды жақсы қабыл алады. “Петірдің уағызын тыңдағандардың көбі сенімді қабылдап, қауымдағы ер адамдардың саны бес мың шамасында болды”. Қайта тірілуге деген үміт туралы айтқанда, біздің де сөздеріміз адамдарға әр түрлі әсер етеді деп күтуімізге болады. Бұл жағдай осы ілімге деген сенімімізді нығайтудың маңызды екенін көрсетеді.
Сенім мен қайта тірілу
7, 8. а) Бірінші ғасырдағы Қорынттықтарға жазған хаттан көрініп тұрғандай, сенім қалайша бекер болып қалуы мүмкін? ә) Қалай қайта тірілуді дұрыс түсіну шынайы мәсіхшілерді ерекшелендіреді?
7 Бірінші ғасырда қайта тірілуге деген үмітті қабылдау мәсіхші жолын қабыл алғандардың бәріне бірдей оңай болмаған. Сондай адамдардың кейбіреулері Қорынт қауымында болған. Оларға Пауыл былай деп жазған: “Менің қабылдап алып, сендерге жеткізген ең басты хабарым мынау болды: Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын қиды. Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді”. Одан соң мұнысын дәлелдеу үшін Пауыл қайта тірілген Исаның ‘бес жүзден аса бауырластарға’ көрінгенін және олардың көбісінің әлі көзі тірі екенін айтады (Қорынттықтарға 1-хат 15:3—8). Одан кейін былай деп ой жүгіртеді: “Мәсіхтің өліп, қайта тірілгені жарияланып жатқанда, қайсыбіреулерің қалайша “өлгендердің қайта тірілуі жоқ” дей аласыңдар? Егер өлгендердің қайта тірілуі жоқ болса, онда Мәсіх те қайта тіріле алмас еді. Ал егер Мәсіх қайта тірілмеген болса, онда біздің жариялауымыз да, сендердің сенімдерің де бекер болғаны” (Қорынттықтарға 1-хат 15:12—14).
8 Иә, қайта тірілу негізгі ілімдердің бірі болғандығы сонша, оны шындық ретінде қабылдамайтын мәсіхшінің сенімі бекер болады. Шынында да, қайта тірілуді дұрыс түсіну арқылы шынайы мәсіхшілер жалған мәсіхшілерден ерекшеленеді (Жаратылыс 3:4; Езекиел 18:4). Сондықтан Пауыл қайта тірілу туралы ілімді мәсіхшіліктің ‘ең бастапқы тәлімінің’ біріне жатқызған. Ендеше, белімізді бекем буып, “одан бетер жетілу үшін алға басайық”. Пауыл: “Құдай қаласа, енді әрі қарай жылжымақпыз”,— деп жігерлендіреді (Еврейлерге 6:1—3).
Қайта тірілуге деген үміт
9, 10. Киелі кітапта қайта тірілу деген нені білдіреді?
9 Болашақтағы қайта тірілуге деген сенімімізді нығайту үшін: “Қайта тірілу деп Киелі кітапта не айтылады? Қайта тірілу Ехобаның сүйіспеншілігін қалайша асқақтатады?” деген сұрақтарға тоқталайық. Бұл сұрақтардың жауаптары бізді Құдайға жақындата түседі, әрі бұл ілімді басқаларға түсіндіріп беруімізге көмектеседі (Тімотеге 2-хат 2:2; Жақып 4:8).
10 Гректің “қайта тірілу” деп аударылған сөзі тура мағынада “қайта тұру” дегенді білдіреді. Мұны қалай түсінуге болады? Киелі кітапқа сәйкес қайта тірілуге деген үміт өлген адамның қайтадан өмір сүретініне деген сенімділікті білдіреді. Әрі қарай Жазбаларда адам жерде немесе көкте өмір сүруге деген үмітіне сай, не тәндік, не рухани денемен қайта тірілетіні көрсетіледі. Қайта тірілуге деген осы керемет үміттен көрінетін Ехобаның сүйіспеншілігі, даналығы мен құдіреті бізді тебірентпей қоймайды.
11. Құдайдың майланған қызметшілерін қандай қайта тірілу күтіп тұр?
11 Иса мен оның майланған бауырластары қайта тірілгенде, көкте қызмет етуге лайықты рухани денеге ие болады (Қорынттықтарға 1-хат 15:35—38, 42—53). Олар бірігіп, жер бетіне Жұмақ орнататын Мәсіхтің Патшалығында билік ететін болады. Майланғандар Бас діни қызметкер Исаның қарамағындағы патшаның діни қызметкерлері болып тағайындалады. Әділдік орнаған жаңа дүниеде адамзат солар арқылы Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының пайдасын көретін болады (Еврейлерге 7:25, 26; 9:24; Петірдің 1-хаты 2:9; Аян 22:1, 2). Ал әлі де жер бетінде жүрген майланғандар Құдайдың ықыласынан айырылып қалғылары келмейді. Олар қайтыс болғанда, көктегі өлмес өмірге қайта тіріліп, ‘лайықты бағаларын алатын болады’ (Қорынттықтарға 2-хат 5:1—3, 6—8, 10; Қорынттықтарға 1-хат 15:51, 52; Аян 14:13). Пауыл: “Осылай рухани тұрғыдан Мәсіхпен бірге “өліп”, күнәлы өмір салтымыздан біржола бас тартқан болсақ, енді өлімнен қайта тірілген Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып жаңаша өмір сүрейік!”— деп жазған (Римдіктерге 6:5). Бірақ жер бетінде өмір сүруге қайта тірілетіндер туралы не деуге болады? Қайта тірілуге деген үміт оларды Ехобаға қалайша жақындата алады? Бұл жайында Ыбырайымның мысалынан көп нәрсе білуге болады.
Қайта тірілу және Ехобамен достық қарым-қатынас
12, 13. Ыбырайымның қайта тірілуге сенуіне қандай берік негіз болған?
12 “Құдайдың досы” атанған Ыбырайым керемет сенімімен танымал адам болған (Жақып 2:23). Пауыл Еврейлерге арналған хатының он бірінші тарауында адал адамдарды атап шыққанда, Ыбырайымның сенімі туралы үш рет айтады (Еврейлерге 11:8, 9, 17). Үшінші рет ол Ыбырайымның бойсұнушылықпен ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуға дайындағанда көрсеткен сеніміне назар аударады. Ыбырайым Ысқақ арқылы келетін ұрпаққа қатысты уәдесін орындауға Ехобаның өзі кепілдік бергеніне сенімді болған. Тіпті Ысқақ құрбандық ретінде өліп кеткенде де, “Ыбырайым Құдай баламды өлімнен қайта тірілтуге де құдіретті деп есептеді”.
13 Оқиғаның даму барысында Ехоба Ыбырайымның сенімінің мықты екеніне көзі жетеді де, оған құрбандыққа арналған мал береді. Дегенмен Пауыл: “Астарлап айтқанда, ол баласын өлімнен қайтарып алды да”,— деп түсіндіргендей, Ысқақтың басынан өткен оқиға қайта тірілудің көрнекті мысалы болды (Еврейлерге 11:19). Оның үстіне, Ыбырайымның қайта тірілуге сенуіне берік негіз болған. Ыбырайым мен Сараның егде тартқан шақтарында Ысқақтың дүниеге келуі Құдай Ыбырайымның ұрпақ әкелу қабілетін қайта тірілткенінің арқасында болған жоқ па?! (Жаратылыс 18:10—14; 21:1—3; Римдіктерге 4:19—21).
14. а) Еврейлерге 11:9, 10-ға сай, Ыбырайым нені үміттеніп күткен? ә) Қандай жағдайда Ыбырайым жаңа дүниедегі Құдайдың баталарына ие болады? б) Патшалықтың баталарына қалай ие бола аламыз?
14 Пауыл Ыбырайымды ‘сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың Өзі болған, негізі берік қаланған мәңгілік қаланың пайда болуын күтіп жүрген’ шатырда тұрған жат жерлік кірме ретінде суреттеген (Еврейлерге 11:9, 10). Бұл Құдайдың ғибадатханасы тұрған Иерусалим сияқты тура мағынадағы қала емес, бейнелі түрдегі қала болған. Бұл Иса Мәсіх пен 144 000 патшадан құралған көктегі Патшалық еді. Көктегі салтанаттарына бөленген 144 000 патша сондай-ақ ‘қасиетті қала — жаңа Иерусалим’, Мәсіхтің ‘қалыңдығы’ деп те аталады (Аян 21:2). Ехоба 1914 жылы Исаны көктегі Патшалықтың Патшасы етіп тағайындады және оған жауларының арасында билігін жүргізуді бұйырды (Забур 109:1, 2; Аян 11:15). Ехобаның досы Ыбырайым Патшалық билігінің баталарын алу үшін өмірге қайта оралады. Сол сияқты Патшалықтың баталарын алу үшін біз де не Һар-Магедоннан аман өткен үлкен тобырдың мүшесі ретінде, не қайта тірілгендердің бірі ретінде Құдайдың жаңа дүниесінде болуымыз керек (Аян 7:9, 14). Алайда қайта тірілуге үміттенуге қандай негіз бар?
Құдайдың сүйіспеншілігі — қайта тірілуге деген үміттің негізі
15, 16. а) Қалай Киелі кітаптағы алғашқы пайғамбарлық қайта тірілуге үміттенуімізге негіз береді? ә) Қалай қайта тірілуге деген сеніміміз бізді Ехобаға жақындата түседі?
15 Көктегі Әкемізбен тығыз қарым-қатынасымыз, Ыбырайымның сенімі сияқты күшті сеніміміз және Құдайдың өсиеттеріне бағынғанымыз Ехобаның бізді әділ деп жариялап, өзінің достары ретінде қарауына мүмкіндік береді. Біз осының арқасында Патшалық билігінің әкелетін пайдасын көре аламыз. Шынында да, Құдай Сөзіндегі Жаратылыс 3:15-те жазылған ең бірінші пайғамбарлық қайта тірілуге үміттенуге және Құдаймен дос болуға негіз береді. Онда Ұрпақтың Шайтанның басын мыжитыны туралы ғана емес, Шайтанның Әйелдің ұрпағының өкшесін шағатыны да айтылады. Иса бағанада қайтыс болғанда, Шайтан бейнелі түрде оның өкшесін шақты. Үшінші күні ұрпақтың қайта тірілуі оның жарасын жазды да, ол ‘өлімнің әміршісі, яғни шайтанға’ қарсы шешуші әрекет етуге мүмкіндік алды (Еврейлерге 2:14).
16 Пауыл: “Әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді”,— деп есімізге салады (Римдіктерге 5:8). Құдайдың рақымына деген ризашылығымыз бізді Исаға және сүйіспеншілігі мол көктегі Әкемізге жақындата түседі (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15).
17. а) Әйүп қандай үміт жайында айтқан? ә) Әйүп 14:15-тен Ехоба жайында не білуге болады және бұл сені қандай сезімге бөлейді?
17 Мәсіхшілерден бұрын өмір сүрген адал адам Әйүп те қайта тірілуге үміттенген. Шайтан оған көп азап тартқызған. Қайта тірілуді ауыздарына да алмаған жалған достарынан айырмашылығы, Әйүп өзінің үмітінен жұбаныш алған, әрі ол: “Адам өлген соң, ол қайтадан өмір сүре ме?”— деп сұраған. Өз сөзіне өзі жауап беріп, ол: “Өзіме белгіленген уақыттың барлық күндерінде өзіме кезек келгенше күтіп жатар едім”,— дейді. Өзінің Құдайы Ехобаға сөзін арнап, ол: “Сен шақырсаң, мен саған жауап берер едім”,— деп мойындайды. Сүйіспеншілігі мол Жаратушымыздың сезімдерін ол келесі сөздерімен жеткізеді: “Сонда сен өз қолыңмен жаратқан жаратылысыңа батаңды берер едің [“жаратылысыңды көруді аңсайсың”, ЖД]” (Әйүп 14:14, 15). Иә, Ехоба адал адамдардың қайта тіріліп, өмірге оралатын кезін асыға күтеді. Құдайдың кемелсіздігімізге қарамастан көрсетіп отырған сүйіспеншілігі мен рақымы жөнінде ой жүгірткеніміз бізді оған жақындатары сөзсіз! (Римдіктерге 5:21; Жақып 4:8).
18, 19. а) Даниялды қандай болашақ күтіп тұр? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?
18 Құдайдың періштесі “қалаулы адам” (ЖД) деп айтқан Даниял пайғамбар адал қызмет етіп, ұзақ ғұмыр кешкен (Даниял 10:11, 19). Ол б. з. б. 617 жылы тұтқынға кеткен уақыттан б. з. б. 536 жылы, яғни Парсы патшасы Кирдің үшінші жылы, аян алған соң, көп ұзамай қайтыс болғанша, Ехобаға адал болып қалған (Даниял 1:1; 10:1). Кирдің сол үшінші жылында Даниял шарықтау шегі ауыр азаппен аяқталатын дүниежүзілік ірі мемлекеттердің ауысуы туралы аян алған болатын (Даниял 11:1—12:13). Аянды толық түсіне алмағандықтан, Даниял өзін нығайтқан хабар жеткізуші періштеден: “Ием! Бұдан кейін не болады?”— деп сұрайды. Періште оның назарын мұның мәнісін ‘даналар түсінетін’ соңғы уақытқа аударады. Ал Даниялдың өзін қандай болашақ күтіп тұр еді? Періште: “Ал сен өзіңнің ақырыңа бар. Сонда тыным аласың да, күндердің соңы келгенде, өз жеребеңді алу үшін қайта тұрасың”,— дейді (Даниял 12:8—10, 13). Даниял Мәсіхтің Мыңжылдық билігі кезінде, “әділдер қайта тірілетін” уақытта, өмірге қайта оралады (Лұқа 14:14).
19 Біз соңғы күндердің соңғы күндерінде өмір сүріп жатырмыз, әрі Мәсіхтің Мыңжылдық билігін бастайтын уақыт біз шындықты алғаш қабылдаған уақытқа қарағанда жақын. Сондықтан өзімізден: “Мен Ыбырайыммен, Әйүппен, Даниялмен және басқа да адал адамдармен жүздесіп әңгімелесу үшін сол жаңа дүниеде боламын ба?”— деп сұрауымыз керек. Ехобамен жақын қарым-қатынасымызды сақтап, оның өсиеттеріне бағынатын болсақ, боламыз. Келесі мақалада кімдердің тірілетінін анықтау үшін қайта тірілу үміті жайлы тереңірек қарастырамыз.
Естеріңде ме?
• Пауыл өзінің қайта тірілуге деген үміті жайында айтқанда, қандай күтпеген жағдайға кезікті?
• Неге қайта тірілуге деген үміт шынайы мәсіхшілерді жалған мәсіхшілерден ерекшелендіреді?
• Ыбырайым, Әйүп және Даниялдың қайта тірілуге деген сенімдері болғанын қайдан білеміз?
[19-беттегі сурет]
Әмірші Феликстің алдында Пауыл қайта тірілуге деген үміт жайында сенімділікпен сөйлеген
[20-беттегі сурет]
Неге Ыбырайым қайта тірілуге сенген?
[22-беттегі сурет]
Әйүп қайта тірілуге деген үміттен жұбаныш алған
[22-беттегі сурет]
Әділдер қайта тірілгенде, Даниял өмірге оралады