Құдай сөзінің жолдарыңа нұрын шашуына мүмкіндік беріңдер
“Сөздерің... жолыма шырақтай нұрын шашады” (ЗАБУР 118:105).
1, 2. Қай кезде Ехобаның сөзі жолымызға нұрын шашады?
ЕГЕР мүмкіндік берсек, Ехобаның сөзі жолымызға нұрын шашады. Осындай рухани нұрдың пайдасын көру үшін Құдай Сөзін бар ынтамызбен зерттеп, оның кеңестерін қолдануымыз керек. Сонда ғана забур жыршысының: “Қадамдарымды сөздерің жарқыратады, Өмір жолыма шырақтай нұрын шашады”,— деп айтқандағы сезімдерін бөлісе аламыз (Забур 118:105).
2 Енді Забур 118:89—176 дейінгі тармақтарды қарастырайық. Бұл 11 шумақтан құралған тармақтарда неткен көп мәлімет жазылған десеңші! Олар бізге мәңгілік өмірге апаратын жолда қалуымызға көмектесе алады (Матай 7:13, 14).
Неге Құдай сөзін сүю керек?
3. Забур 118:89, 90 өміріміз Құдайдың сөзіне байланысты екенін қалай көрсетеді?
3 Ехобаның сөзін сүю рухани тұрақтылыққа жеткізеді (Забур 118:89—96). Забур жыршысы былай деп жырлаған: “Сенің айтқан сөздерің, Жаратқан Ием, Көкте тұр мәңгілікке бекітілген!.. Жер бола береді, Сен оны орнаттың” (Забур 118:89, 90). Құдай сөзінің, яғни ‘аспан заңдарының’ арқасында аспан денелері өз орбиталарынан айнымай қозғалады, ал Жер мәңгілікке тапжылмайды (Әйүп 38:31—33; Нақыл сөздер 3:19). Біздің өміріміз Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзге байланысты; оның сөзі еркін толық орындап, жүзеге асырады (Ишая 55:8—11).
4. Қиыншылыққа ұшырағанда Құдайдың қызметшілеріне оның сөзін сүйгендері қалай көмектеседі?
4 Забур жыршысы Құдайдың “заңын сүймегенде” мүшкіл халде құрып кеткен болар еді (Забур 118:92, ЖД). Оның халін мүшкіл еткен жат жерліктер емес, онымен өштескен заң бұзушы исраилдіктер болатын (Леуіліктер 19:17). Бірақ ол бұған бой алдырмаған, себебі Құдайдың күш-қуат беретін заңын сүйген. Қорынт қаласында елші Пауыл ‘жалған бауырластар арасында қатерге тап болған’, олардың арасында өзіне айып тағуға тырысқан “озат елшілер” де болса керек (Қорынттықтарға 2-хат 11:5, 12—14, 26). Дегенмен Пауыл рухани күйін сақтап қалған, себебі Құдай сөзін сүйген. Ехобаның жазбаша Сөзін сүйетіндіктен әрі ондағы жазылғандарды орындайтындықтан, бауырластарымызды жақсы көреміз (Жоханның 1-хаты 3:15). Тіпті бұл дүние бізді жек көрсе де, Құдайдың тәлімдерін ұмыттырып жібере алмайды. Ехобаға қуанышпен мәңгі қызмет ететін болашақты күте жүріп, бауырластармен бірлікте жүріп, оның еркін орындай береміз (Забур 118:93).
5. Аса патша Ехобаны қалай іздеген?
5 Ехобаға адалдығымызды білдіре отырып: “Құтқара гөр мені, Сенің қызметшіңмін, Бұйрықтарыңа көңіл бөліп келемін [“бұйрықтарыңды іздедім”, ЖД]”,— деп айта аламыз (Забур 118:94). Аса патша Құдайды іздеген, әрі Яһудадағы жолдан таюшылықты жойған. Асаның билігінің он бесінші жылында (б. з. б. 963 жыл) болған үлкен жиында Яһуда тұрғындары “Тәңір Иені іздеу үшін келісім құрды”. Сонда Құдай “өзін табуға мүмкіндік берді” және “оларға жан-жақтан тыныштық сыйлады” (Шежірелер 2-жазба 15:10—15). Бұл мысал мәсіхшілер қауымынан алшақтап кеткен кез келген адамды қайтадан Құдайды іздеуге жігерлендіру керек. Құдай өз халқымен қайтадан тығыз араласа бастағандарға батасын беріп, қорғайды.
6. Рухани әлсіреуден қандай әрекеттер қорғайды?
6 Ехобаның сөзі рухани құлаудан сақтайтын даналық береді (Забур 118:97—104). Құдайдың өсиеттері бізді жауларымыздан да парасатты етеді. Оның ескертулері бізді данышпан етеді және бұйрықтарына бағыну арқылы ақсақалдардан да бетер білгір боламыз (Забур 118:98—100). Ехобаның айтқандары біз үшін “тіпті тіл үйірген балдан да тәтті” болса, ‘жалған жолдарды’ жек көріп, олардан аулақ жүретін боламыз (Забур 118:103, 104). Бұл осы соңғы дәуірде тәкаппар, жауыз, Құдайдан безген адамдардың бізді рухани әлсіретуінен сақтайды (Тімотеге 2-хат 3:1—5).
Қадамдарымызды шырақтай жарқыратады
7, 8. Забур 118:105-ке сәйкес не істеуіміз керек?
7 Құдайдың сөзі — рухани жарықтың сарқылмас көзі (Забур 118:105—112). Майланған мәсіхші болсақ та, олардың серіктері “басқа қойлар” болсақ та: “Қадамдарымды сөздерің жарқыратады, Өмір жолыма шырақтай нұрын шашады”,— деп жариялаймыз (Жохан 10:16; Забур 118:105). Құдай сөзі сүрініп, рухани құлап қалмауымыз үшін жолымызға жарығын түсіріп тұрған шам сияқты (Нақыл сөздер 6:23). Дегенмен Ехобаның сөзінің қадамдарымызды шырақтай жарқыратуына мүмкіндік беруіміз керек.
8 Біз де Забурдың 118-жырының құрастырушысы сияқты берік болуымыз керек. Ол Құдайдың бұйрықтарынан тайып кетпеуге бел буған. Ол Ехобаға: “Ант еттім әділ шешімдеріңді сақтауға, Сөзімде тұрып, сертімді орындаймын да”,— деген (Забур 118:106). Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеу мен мәсіхшілер кездесуіне белсенді түрде қатысудың маңыздылығын әрқашан дұрыс бағалайық.
9, 10. Ехобаға бағышталған адамдардың оның бұйрықтарынан бас тартып кетуі мүмкін екенін қайдан білеміз, бірақ бұдан қалай аулақ бола аламыз?
9 Забур жыршысы Құдайдың бұйрықтарынан бас тартпаған, бірақ бұл Құдайға бағышталған адам ешқашан жолдан ауытқып кетпейді дегенді білдірмейді (Забур 118:110). Сүлеймен патша Ехобаға бағышталған халықтан шығып, әрі басында Құдай берген даналық бойынша әрекет етсе де, кейін Құдайдың бұйрықтарынан ауытқып кеткен. Тіпті ‘жат жерлік әйелдері оны күнәға итеріп’, жалған тәңірлерге табынуына ықпал еткен (Нехемия 13:26; Патшалықтар 3-жазба 11:1—6).
10 Шайтан неше түрлі тұзақ құрады (Забур 90:3). Мысалы, шындықты тастап кеткен адамдар бізді рухани жарықтан жолдан таюшылықтың түнегіне бұрып жіберуге тырысулары мүмкін. Тиятирдегі мәсіхшілердің арасында, басқаларды пұтқа табыну мен азғындыққа үйреткен бір топ әйел болуы мүмкін, ‘Езабел іспетті әйел’ болған. Иса мұндай зұлымдыққа төзбеген, біз де төзбеуіміз керек (Аян 2:18—22; Яһуда 3, 4). Сондықтан Ехобаға оның бұйрықтарынан тайып кетпей, Құдайдың жарығында қала беруімізге көмектесуін сұрап, дұға етейік (Забур 118:111, 112).
Құдай сөзі қолдайды
11. Забур 118:119-ға сәйкес Құдай зұлымдарға қалай қарайды?
11 Жарлықтарынан ешқашан ауытқымайтын болсақ, Құдай бізді қолдайды (Забур 118:113—120). Исаның өздерін мәсіхші атайтын жылымшы адамдарды жақтырмағаны сияқты, біз де “жалтақтайтын жандарды” құптамаймыз (Забур 118:113; Аян 3:16). Ехобаға шын жүрегімізден қызмет етіп жүргендіктен, ол ‘қорғанымыз’ әрі сүйенішіміз болады. Ол айлалы қылықтары үшін ‘жарлықтарынан безгендердің бәрін құлатады’ (Забур 118:114, 117, 118; Нақыл сөздер 3:32). Мұндай зұлымдарға ол алтын мен күміс тәрізді құнды металдарды қорытқанда қалатын ‘қоқыс’ сияқты қарайды (Забур 118:119; Нақыл сөздер 17:3). Жойылуға арналған қоқыстың, яғни зұлымдардың қатарына қосылғымыз келмейтіні сөзсіз, сондықтан Құдайдың ескертулеріне деген сүйіспеншілігімізді әрқашан көрсете берейік!
12. Неге Ехобаның алдындағы қорқыныш маңызды?
12 Забур жыршысы: “Сенен қорқып тұр дірілдеп тұла бойым”,— дейді (Забур 118:120). Құдайдың өзінің қызметшілері ретінде бізді қолдағанын қаласақ, ол ұнатпайтын нәрселерден аулақ болу арқылы одан қорқатынымызды немесе қастерлейтінімізді көрсеткеніміз маңызды. Әйүп Құдайды терең қастерлегендіктен, әділ өмір сүрген (Әйүп 1:1; 23:15). Құдай алдындағы қорқыныш қандай қиындыққа кезіксек те, оған ұнамды жолда қалуға көмектеседі. Алайда төзімді болу үшін бар пейілімізбен әрі сеніммен дұға айтқанымыз маңызды (Жақып 5:15).
Сеніммен дұға айт
13—15. а) Неге дұғаларымызға жауап алатынымызға сенімді бола аламыз? ә) Не деп дұға айтарымызды білмей қалсақ не болуы мүмкін? б) Забур 118:121—128 дейінгі тармақтарда ‘сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізге’ ұқсас қандай дұғалар айтылған?
13 Дұға айтқанда Құдайдың көмектесетініне сенімді болуымызға болады (Забур 118:121—128). Забур жыршысы сияқты дұғаларымызға жауап алатынымызға көзіміз жетеді. Неге? Себебі Құдайдың ‘өсиеттерін алтыннан, әрі саф алтыннан’ артық көреміз. Оның үстіне, Құдайдың ‘бар бұйрықтарын әділ деп санаймыз’ (Забур 118:127, 128).
14 Ехоба өтініштерімізді естиді, себебі біз сеніммен дұға айтамыз және оның бұйрықтарын мұқият орындаймыз (Забур 64:3). Алайда кейде қиыншылықтардың салдарынан тығырыққа тірелгеніміз сонша, не айтарымызды білмей қалатын кездер болады. Ондайда “Киелі Рухтың Өзі біз үшін өтініш етіп, сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізді Оған жеткізеді” (Римдіктерге 8:26, 27). Мұндай кезде өз Сөзіндегі дұғаларды оқығанда, Құдай оларды біздің сөзіміз ретінде қабыл алады.
15 Жазбаларда біздің ‘сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізді’ жеткізетін дұғалар мен ойлар көп. Мысалы, Забур 118:121—128 дейінгі тармақтарды қарастырайық. Ондағы сөздер біздің жағдайымызға келуі мүмкін. Алданып қалудан қорықсақ, Құдайдың көмегін забур жыршысы сұрағандай сұрауымызға болады (121—123 тармақтар). Болмаса өте қиын шешім қабылдауымыз керек делік. Олай болса, Ехобаның ескертулерін есімізге түсіріп, оларды іс жүзінде қолдана алу үшін оның киелі рухының көмегін сұрағанымыз дұрыс болады (124, 125-тармақтар). ‘Бүкіл бұрыс жолдарды да жақтырмайтындықтан’ азғыруға бой алдырып, оның заңын бұзып қоймау үшін Құдайдың көмегін сұрауды қажет ететін шығармыз (126—128 тармақтар). Киелі кітапты күнделікті оқитын болсақ, Ехобаға жалбарынғанда көмегі тиетін осындай Жазба орындары ойымызға түсуі мүмкін.
Ехобаның ескертулерінің көмегі
16, 17. а) Неге Құдайдың ескертулеріне мұқтажбыз және оларға қалай қарағанымыз жөн? ә) Жұрт бізге қалай қарауы мүмкін, бірақ біз үшін не анағұрлым маңызды?
16 Дұғамыз Құдайдың құлағына шалынып, оның ықыласына ие болғымыз келсе, ‘ескертулеріне’ құлақ асуымыз керек (Забур 119:129, ЖД [118:129]; 118:130—136). Ұмытып қала беретіндіктен, Ехобаның тәлімдері мен өсиеттерін ойымызға салып отыратын ескертулерін қажет етеміз. Ал Құдайдың сөздеріне рухани жарық түсіп, жаңа мәнісі ашылса, бұған да қуанамыз (Забур 118:129, 130). Сондай-ақ басқалар Ехобаның заңын бұзып жатқандықтан, ‘көз жасымыз көл болып ағылғанымен’, Құдай бізге бет-жүзінің нұрын түсіріп, ықыласпен қарайтынына ризамыз (Забур 118:135, 136; Руларды санау 6:25).
17 Құдайдың әділ ескертулеріне бағынатын болсақ, ол әрі қарай да бізге оң көзімен қарайтынына сенімдіміз (Забур 118:137—144). Ехобаның қызметшілері ретінде оның әділ ‘ескертулерін’ ойымызға салуға құқы бар екенін және бізден осы өсиеттерін орындайды деп күтетінін түсінеміз (Забур 118:138, ЖД). Забур жыршысы Құдайдың өсиеттеріне бағынса, оның ‘жұртқа жек көрінішті болдым’ деген сөздері нені білдіреді? (Забур 118:141). Ол жауларының өзіне деген көзқарасын айтқан болу керек. Егер әділдігімізге берік болып қалсақ, біз де жұртқа жек көрінішті болуымыз мүмкін. Бірақ Ехобаның әділ ескертулеріне сай өмір сүретіндіктен, бізге оның оң көзімен қарағаны өте маңызды.
Қауіпсіздік пен тыныштық
18, 19. Құдайдың ескертулерін ескергеніміз қандай нәтижелер әкеледі?
18 Ехобаның ескертулерін ескергеніміз оған жақын болуымызға көмектеседі (Забур 118:145—152). Ехобаның ескертулеріне көңіл бұратындықтан, оған шын жүректен сыйына алатынымызды білеміз, әрі ол бізге құлақ салады деп күтеміз. “Таң атар-атпастан” оянып алып, оны көмекке шақыра аламыз. Бұл мезгіл дұға айтуға неткен қолайлы! (Забур 118:145—147). Құдай да бізге жақын, себебі жаман жүрістен аулақ жүреміз және Иса сияқты оның сөздерін шындық деп қабылдаймыз (Забур 118:150, 151; Жохан 17:17). Ехобамен қарым-қатынасымыз бізді осы қиыншылығы мол дүниеде де, ұлы шайқас Һар-Магедонда да қолдайды (Аян 7:9, 14; 16:13—16).
19 Құдай сөзін терең бағалайтындықтан, өзімізді қауіпсіздікте сезінеміз (Забур 118:153—160). Біздің зұлымдардан айырмашылығымыз, Ехобаның ескертулерінен бас тартпаймыз. Біз Құдайдың бұйрықтарын жақсы көреміз, сондықтан оның рақымының арқасында қауіпсіздікте жүрміз (Забур 118:157—159). Ехобаның ескертулері нақты жағдайларда оның бізден не талап ететінін еске түсіруімізге көмектеседі. Бір жағынан Құдайдың бұйрықтары нұсқау болып табылады және Жаратушымыздың бізге нұсқау беруге құқы бар екенін дайындықпен мойындаймыз. Біз Құдайдың сөздерінің “түп-тамырымен ақиқат” екенін және өз қадамдарымызға бағыт бере алмайтынымызды білетіндіктен, Құдайдың басшылығын қуана-қуана қабыл аламыз (Забур 118:160; Еремия 10:23).
20. Неге бізде Құдайдан келген мол тыныштық бар?
20 Ехобаның заңын жақсы көргеніміз мол тыныштыққа кенелтеді (Забур 118:161—168). Қуғын-сүргін бізді Құдайдан келген теңдесі жоқ тыныштығымыздан айыра алмайды (Філіпіліктерге 4:6, 7). Ехобаның әділетті шешімдеріне риза болғанымыз сонша, олар үшін Ехобаны жиі, “күніне жеті рет”, даңқтаймыз (Забур 118:161—164). Забур жыршысы: “Тағылымыңды сүйгендер [“мол”, ЖД] тыныштыққа кенеледі, Олар ештеңеге сүрінбей, аман-есен жүреді”,— деп жырлаған (Забур 118:165). Ехобаның заңын сүйіп, оны ұстанатын болсақ, басқа біреудің ісіне немесе басқа бір нәрселерге бола рухани сүрінбейміз.
21. Қауымда қиындықтар туындаса, мұның өзімізді сүріндіруіне жол бермеуіміз керек екені қандай мысалдардан көрінеді?
21 Киелі кітапта аталған көп адамдар еш нәрсенің өздерін үнемі рухани сүріндіре беруіне жол бермеген. Мысалы, Гай есімді мәсіхші Диотрефтің Құдайға ұнамсыз әрекеттеріне бола сүрінбеген, қайта, ‘үнемі шындық жолымен жүрген’ (Жоханның 3-хаты 1—3, 9, 10). Пауыл Еуодия мен Сүнтүхе есімді мәсіхші әйелдерді, араларында қиындық туындағандықтан болса керек, ‘Иемізбен жүргендер ретінде өзара татуласуға шақырған’. Олар қиындықтарын шешуге көмек алып, Ехобаға әрі қарай да адал қызмет ете берген болуы әбден мүмкін (Філіпіліктерге 4:2, 3). Сондықтан қауымда қандай да бір қиындықтар туындаса, мұның өзімізді сүріндіруіне жол бермеуіміз керек. Барлық жолдарымыз оның көз алдында екенін есте ұстай отырып, бар ойымызды Ехобаның бұйрықтарына мойынсұнуға жұмылдырайық (Забур 118:168; Нақыл сөздер 15:3). Сонда ештеңе де бізді ‘мол тыныштығымыздан’ біржола айыра алмайды.
22. а) Құдайға бағынатын болсақ, қандай мәртебеге ие бола аламыз? ә) Мәсіхшілер қауымынан алшақтап, адасқандарға қалай қарағанымыз жөн?
22 Ехобаға әрқашан бағынатын болсақ, оны ұдайы дәріптеу мәртебесіне ие боламыз (Забур 118:169—176). Құдайдың жарлықтарына сай өмір сүре отырып, біз рухани қауіпсіздікте жүріп қана қоймаймыз, Ехобаны ‘дәріптей береді аузымыз ұдайы’ (Забур 118:169—171, 174). Бұл соңғы дәуірде бұдан асқан мәртебе жоқ. Забур жыршысы жаны аман қалып, Ехобаны дәріптей бергісі келген, бірақ жырда айтылмаған бір жағдайда оның ‘жоғалған қойдай адасқан’ кезі болған (Забур 118:175, 176). Мәсіхшілер қауымынан алшақтап, адасқан кейбіреулер әлі де Құдайды жақсы көретін, әрі оны дәріптегісі келетін болуы мүмкін. Сондықтан олардың қайтадан рухани қауіпсіздік тауып, Ехобаны оның халқымен бірге қуана дәріптеуіне көмектесу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейік (Еврейлерге 13:15; Петірдің 1-хаты 5:6, 7).
Жолымызға мәңгі-бақи түсіп тұратын нұр
23, 24. Забур жырының 118-тарауынан қандай пайда алдыңдар?
23 Забур жырының 118-тарауынан жан-жақты пайда алуымызға болады. Мысалы, бұл жыр “Тәңірдің тәліміне [немесе заңына] бағынғандар бақытты” екенін көрсететіндіктен, Құдайға көбірек арқа сүйеуімізге көмектеседі (Забур 118:1). Забур жыршысы Құдай сөзі “түп-тамырымен ақиқат” екенін есімізге салады (Забур 118:160). Бұл Құдай Сөзіне, яғни толық Киелі кітапқа, деген ризашылығымызды сөзсіз арттыра түседі. Забур жырының 118-тарауы туралы ой жүгірткеніміз Жазбаларды ынтамен зерттеуге талпындыру керек. Забур жыршысы Құдайдан қайта-қайта: “Үйрете гөр жарлықтарыңды маған”,— деп өтінген (Забур 118:12, 68, 135). Ол сондай-ақ: “Мені үйрете гөр дұрыс түсінік пен білімге, Себебі сенемін Сенің өсиеттеріңе”,— деп жалбарынған (Забур 118:66). Біздің де осылай дұға айтқанымыз дұрыс болады.
24 Ехобаның тәлімі онымен тығыз қарым-қатынаста болуға мүмкіндік береді. Забур жыршысы өзін бірнеше рет Құдайдың қызметшісі атаған. Ол Ехобаға: “Мен сендікпін”,— деген жүрек тебірентерлік сөздерді жолдаған (Забур 119:94, ЖД; 118:17, 65, 122, 125; Римдіктерге 14:8). Ехобаға Куәгері ретінде қызмет етіп, оны дәріптеу неткен мәртебе! (Забур 118:7). Құдайға оның жариялаушысы ретінде қуана қызмет етіп жүрсің бе? Онда оның сөзіне әрқашан сенім артып, оның өз жолыңа нұрын шашуына мүмкіндік беретін болсаң, Құдай сенің осы мәртебелі ісіңді әрі қарай да қолдап, батасын бере беретініне сенімді болуыңа болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге Құдай сөзін сүюіміз керек?
• Құдай сөзі қалай қолдау көрсетеді?
• Ехобаның ескертулері бізге қалай көмектеседі?
• Неге Ехобаның халқы қауіпсіздік пен тыныштыққа кенелген?
[15-беттегі сурет]
Ехобаның ескертулерін жақсы көретін болсақ, ол бізге ешқашан да ‘қоқыс’ ретінде қарамайды
[16-беттегі сурет]
Құдай сөзі — рухани жарықтың көзі