Қайта тірілу — өлгендер үшін керемет болашақ
ҚАЙТА тірілуге көп адам сенеді. Исламның қасиетті кітабы Құранның көптеген аяттарында қайта тірілу туралы айтылады. 75-сүреде былай делінеді: “Адам баласы, біз сүйектерді жинай алмайды деп ойлай ма?.. Алланың өліктерді қайта тірілтуге күші жетпей ме?” (75-Қиямет 3, 40).
Бір энциклопедияда: “Зороастризм ақырында Ібілістің жеңіліске ұшырайтыны, жаппай қайта тірілу, ақырғы сот болатыны және әділдер үшін дүние тазартылып, қайта қалпына келтірілетіні туралы үйретеді”,— деп жазылған (The New Encyclopedia Britannica).
Ал “Иудей энциклопедиясында” қайта тірілу деген ұғым “ақырында өлген адамдардың тәндеріне жан бітіп, жер бетінде қайтадан өмір сүретіндеріне сену” деп түсіндіріледі. Сондай-ақ сол еңбекте адамда өлмес жан бар деген иудаизмге енген сенімнің тұйыққа тірейтіні айтылған. Онда былай делінеді: “Негізінде, қайта тірілу мен жанның өлместігі туралы екі түрлі ілім өзара еш үйлеспейді”.
Индуизм адамның дүниеге бірнеше мәрте келетініне немесе жанның жаңа түрге айналуына үйретеді. Егер бұл рас болса, адамның өзі өлген соң, өмір сүре беретін жаны болу керек. Индуистердің қасиетті кітабы “Бхагавад-гитада” былай делінеді: “Бүкіл денеге тараған жан жойылмайды. Мәңгілік жанды құрту ешкімнің де қолынан келмейді”.
Буддизмнің индуизмнен айырмашылығы, ол өлмес жанды жоққа шығарады. Дегенмен бүгінде Қиыр Шығыстағы көптеген буддистер өлмес жанның басқа денеге көшетініне сенедіa.
Қайта тірілу туралы ілімге қатысты адамдардың шатасуы
Мәсіхшілер әлемінде жерлеу рәсімінің кезінде жиі адам өлген соң өмір сүре беретін жан туралы да, қайта тірілу туралы да айтылады. Мысалы, Англикандық шіркеудің діни қызметкері әдетте былай деп айтып шығады: “Шексіз мейірімді Құдіретті Құдай қайтыс болған қымбатты бауырымыздың жанын өзіне алуды ұйғарғандықтан, біз Иеміз Иса Мәсіх арқылы болатын мәңгілік өмір сүру үшін қайта тіріледі деген сенімділікпен және берік үмітпен оның тәнін жер қойнына береміз; топырақ топыраққа, шаң шаңға, тозаң тозаңға” (The Book of Common Prayer).
Бұл сөздерді естіген адам Киелі кітап қайта тірілуге үйрете ме, әлде өлмес жан туралы ілімге үйрете ме деп түсінбей қалуы мүмкін. Алайда протестант дінін ұстанатын француз профессоры Оскар Кульманның сөздеріне көңіл аударайықшы. Ол өзінің “Жанның өлместігі ме, әлде өлілердің қайта тірілуі ме?” деген кітабында былай деген: “Мәсіхшілердің қайта тірілуге үміт артуы мен гректердің жанның өлместігіне сенуінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей... Кейіннен мәсіхшілік осы екі сенімді біріктіріп жібергенімен әрі бүгінде қатардағы мәсіхші оларды мүлдем ажырата алмай қалғанымен, мен өзімнің және ғалымдардың көпшілігінің нені шындық деп мойындайтынын жасырудың еш себебін көрмеймін... Негізінде, қайта тірілуге деген сенім — Жаңа өсиеттің басты тақырыбы. Мұны өмірдің шындығы да растайды... Құдайдың бәрін жаңадан жарататын уақытында шын мәнінде өлі болған адам тұтастай тұлға ретінде өмірге қайта оралады”.
Жалпы алғанда, адамдардың өлім мен қайта тірілуге келгенде шатасатынына таңғалмаса да болады. Мән-жайды түсіну үшін біз адамзаттың Жаратушысы Ехоба Құдайдың айтқан шындығын ашатын Киелі кітапқа үңілуіміз керек. Киелі кітапта қайта тірілу туралы бірнеше оқиға жазылған. Сондай мәліметтің төртеуін қарастырып, қайта тірілу туралы не білуге болатынын көрейік.
“Әйелдер өлгендері қайта тіріліп, олармен қайтадан қауышты”
Мәсіхші жолына түскен яһудилерге жазған хатында елші Пауыл сенімдері берік болған ‘әйелдердің өлгендері қайта тіріліп, олармен қайтадан қауышқанын’ айтқан (Еврейлерге 11:35). Сондай әйелдердің бірі Жерорта теңізінің жағалауындағы Финикия аймағында орналасқан Сидон қаласына жақын жердегі Сарептада тұрған. Ол Құдайдың Ілияс есімді пайғамбарын қонақжайлылықпен қабыл алған, әрі қатты ашаршылық кезінде де оған тамақ берген жесір әйел еді. Өкінішке орай, сол әйелдің баласы ауырып, қайтыс болады. Ілияс оны дереу өзіне арналған жоғарғы бөлмеге алып шығады да, Ехобадан баланы тірілтуін сұрап, жалбарынады. Ғажап оқиға болып, бала тіріледі. Ілияс оны шешесіне беріп жатып: “Қара, ұлың тірі”,— дейді. Шешесіне бұл қалай әсер етеді? Ол қуанышпен: “Енді сенің Құдайдың адамы екеніңді және сенің аузыңдағы Құдайдың сөзі шындық екенін білдім”,— дейді (Патшалықтар 3-жазба 17:22—24).
Сарептадан оңтүстікке қарай 100 шақырымдай жерде Ілиястың ізін басқан Елішәға көмектесіп жүрген ерлі-зайыпты жомарт адамдар тұрған. Әйелі өзінің туған қаласы Сонамдағы беделді адам болған. Ол күйеуі екеуі үйлерінің жоғарғы қабатынан Елішәға арнап бір бөлме босатып қоюды шешеді. Олар ұлды болғанда, баласыздықтың қайғысы қуанышқа ұласады. Бала өсе келе, әкесінің танабындағы егін жинаушылармен бірге ілесіп шығатын болады. Бір күні күтпеген жағдай болады. Баланың басы ауырып, қатты жылай бастайды. Қызметшілер дереу оны үйіне, шешесіне апарып тастайды. Бала шешесінің алдында біраз уақыт жатады да, қайтыс болады. Не істерін білмей аласұрған шешесі Елішәні шақыруды ұйғарады. Қызметшісін ертіп, ол солтүстік-батысқа, Елішә тоқтаған Кармил тауына қарай жүріп кетеді.
Әйелге еріп жолға шыққан Елішә қызметшісі Гехезайды өзінен бұрын жібереді де, ол баланың шынымен өліп қалғанын көреді. Елішә мен әйел оның соңынан келеді, бірақ олар Сонамға жеткенде не болады? Патшалықтар 4-жазба 4:32—37 дейінгі тармақтарда былай делінеді: “Елішә үйге келсе, өлген бала оның төсегінде жатыр екен. Ол ішке кіріп, есікті жапты да, Тәңір Иеге дұға айтты. Одан соң тұрып, баланың үстіне жатты да, аузын оның аузына, көзін көзіне, алақандарын оның алақандарына тигізіп, оның үстіне көсіліп жатты, сонда баланың бойы жылынды. Одан соң орнынан тұрып, жоғарғы бөлменің ішінде әрі-бері жүрді; одан соң тағы да төсекке шығып, баланың үстіне көсіле жатты. Сонда бала жеті рет түшкірді де, көзін ашты. Ол Гехезайды шақырды да: Сонамдық әйелді шақыр,— деді. Ол шақырып келді. Әйел оған келгенде, ол: — Балаңды ал,— деді. Әйел оған жақындап келіп, аяғына жығылды да, жерге дейін иіліп тағзым етті; одан соң баласын алып, жөніне кетті”.
Сарептадағы жесір әйел сияқты Сонамдағы әйел де, бұл іс Құдайдың құдіретімен болғанын білген. Құдай сүйікті балаларын тірілткенде, әйелдердің екеуі де зор қуанышқа бөленген.
Иса қызмет еткен кездегі адамдардың қайта тірілуі
Шамамен 900 жыл өте, Сонамның жанындағы солтүстікке қарай орналасқан Наин қаласының сыртында бір адам қайта тірілді. Иса Мәсіх пен оның шәкірттері Қапарнаумнан келе жатып, Наин қаласының қақпасына жақындағанда, біреуді жерлеуге кетіп бара жатқан жұртты көреді де, Исаның назары жалғыз ұлынан айырылған жесір әйелге түседі. Иса оған тоқтау айтады. Дәрігер Лұқа әрі қарай не болғанын суреттейді: “[Иса] Жақындап келіп, табытқа қолын тигізді. Табыт көтергендер тоқтағанда, Ол: Балам, саған айтамын, түрегел!— деді. Сонда өлген жігіт түрегеліп отырып, сөйлей бастады! Иса оны шешесіне табыс етті” (Лұқа 7:14, 15). Осы ғажайып істің куәсі болғандар Құдайды дәріптейді. Бұл туралы хабар Яһудеяның оңтүстік аймағы мен бүкіл жақын төңірекке тарап кетеді. Бір қызығы, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның шәкірттері бұл ғажайыпты естіп, оны Жақияға жеткізеді. Сонда ол келеді деп күткен Мәсіх ол ма, жоқ па, соны сұрау үшін шәкірттерін қайтадан Исаға жібереді. Иса оларға: “Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер: — Зағиптар көріп, сал болғандар жүріп, алапестер құлан-таза сауығып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, жарлыларға Ізгі хабар жарияланып жатыр”,— дейді (Лұқа 7:22).
Исаның адамды тірілткен ғажайыптарының ішіндегі ең танымалы — өзінің жақын досы Елазарды тірілтуі. Бұл жолы Иса қайтыс болған досының үйіне жеткенше, біраз уақыт өтіп кетеді. Ол Бетанияға жеткенде, Елазардың өлгеніне төрт күн болған еді. Иса моланың аузындағы тасты алып тастауды бұйырғанда, Марта: “Ием, ол иістеніп барады, жатқанына төрт күн болды”,— деп қарсылық білдірді (Жохан 11:39). Алайда Елазардың денесінің бүлініп кеткені оның қайта тірілуіне кедергі болмайды. Иса бұйырғанда, “марқұм қабірден шықты! Оның аяқ-қолы кебінге оралып, бет-аузы да орамалмен байланған еді”. Исаның жауларының бұдан кейінгі әрекеттері қайта тірілген адамның шынымен Елазар болғанын дәлелдейді (Жохан 11:43, 44; 12:1, 9—11).
Қайта тірілу туралы осы төрт мәліметтен қандай тұжырымға келеміз? Қайта тірілген әрбір адам өмірге бұрынғы қалпында қайта оралған. Оларды бәрі, тіпті жақын туыстары да таныған. Қайта тірілген адамдардың бірде-біреуі өздері өліп жатқан аз уақыттың ішінде қандай да бір нәрсенің болғанын немесе басқа бір дүниеге барып келгендерін айтпаған. Олардың бәрінің де денсаулықтары оңалып тұрған деуге болады. Олар үшін бұл Иса айтқандай, біраз уақыт ұйықтап тұрғанмен бірдей болған (Жохан 11:11). Алайда біраз жылдардан соң олардың бәрі де қайтыс болған.
Сүйікті адамдар қайта қауышатын керемет болашақ
Алдыңғы мақалада аталған Оуэн қайтыс болған соң, көп уақыт өтпей, оның әкесі көршісінің үйіне келеді. Онда ол үстелдің үстінде жатқан Ехоба Куәгерлері ұйымдастырған көпшілікке арналған баяндамаға шақыру қағазына көзі түседі. Баяндаманың “Өлген адамдар қай жерде?” деген тақырыбы оның назарын бірден аударады. Бұл дәл оның ойынан шықпай жүрген сұрақ еді? Ол баяндаманы тыңдауға келеді де, Киелі кітаптан шынайы жұбаныш табады. Ол өлген адамдардың азапқа түспейтінін біледі. Оуэнды қоса алғанда, өлген адамдар тозақ отына түспейтінін, оларды Құдай көкте періште болу үшін алып та кетпейтінін, керісінше, қайта тірілу кезінде ояну үшін белгіленген уақытты күтіп жатқанын біледі (Екклесиаст 9:5, 10; Езекиел 18:4).
Сіздің отбасыңыз да осындай қайғылы жағдайға тап болған ба? Оуэннің әкесі сияқты сіз де өлген сүйіктілердің қазір қайда екенін және оларды қайта көру мүмкін бе, соны білгіңіз келе ме? Олай болса, Киелі кітапта қайта тірілу туралы тағы не айтылатынын білуге шақырамыз. Мүмкін, сізді: “Қайта тірілу қай жерде болады? Оның игілігін қандай адамдар көреді?”— деген сұрақтар қызықтыратын шығар. Олай болса, осы және басқа да сұрақтар талқыланатын кейінгі мақалаларды оқып шығуыңызды өтінеміз.
[Сілтеме]
[5-беттегі сурет]
Сонамдық әйелдің баласын тірілту үшін Ехоба Елішәны қолданған
[5-беттегі сурет]
Ілияс Ехобадан баланы тірілтуін сұрап, жалбарынған
[6-беттегі сурет]
Иса Наиндағы жесір әйелдің баласын тірілткен
[7-беттегі сурет]
Қайта тірілу кезінде жақын адамдар қайта табысады