Рухани құндылықтарға талпынудың пайдасын көріңіз
“Кім күмісті жақсы көрсе, сол күміске тоймайды және кім байлықты жақсы көрсе, оған бұдан келер пайда жоқ” (Екклесиаст 5:10).
ШАМАДАН тыс жұмыс істеу стреске, стресс денсаулықтың бұзылуына, ал бұл кейде өлімге әкелуі де мүмкін. Көп жерде ажырасудың салдарынан отбасылары бұзылуда. Мұндай қайғылы жағдайлардың дүние-мүлікті ойлап, тым қатты уайымға салынудың әсерінен болуы тым жиі кездесуде. Қолында бар нәрсенің рақатын көрудің орнына, дүние қуып кеткен адам өмірінің шырқы бұзылып жатса да, дүниеге тоймайды. Өз-өзін жетілдіруге арналған бір кітапта былай делінген: “Бай көршіден қалыспай дүние жинау, тіпті ол көрші қырық үш жасында жүрек ауруына ұшырағалы тұрған өлермен болса да, кеңінен етек алып барады”.
Барды қанағат тұтпау адамды тойымсыздыққа жетелейді. Ал бұл қуаныштан айырады. Әлсіз тәнімізге өте әсерлі күш, жарнама, жиі қысым жасайды. Теледидар мен радио жарнамалары үнемі бізге керек болмауы мүмкін және алуға жағдайымыз да келмейтін заттарды сатып алуға көндіруге тырысады. Мұның бәрі едәуір зиян тигізуі ықтимал.
Өз қалауымызға қарсы тұра алмайтын болсақ, бұл аса байқалмағанымен тәндік және құлықтылық жағынан үлкен зиян әкелуі мүмкін. Мысалы, дана патша Сүлеймен: “Жан тыныштығы ғұмырды ұзартар”,— деп айтқан (Нақыл сөздер 14:30). Ал дүние-мүліктің соңына түсіп, шамадан тыс күш жұмсау, уайымдау және әуре-сарсаңға салыну денсаулығымыздан және бақытымыздан айыруы ықтимал. Өмірдегі басты мақсатымыз байлық жинау болса, мұның басқалармен қарым-қатынасымызға да зияны тиеді. Адамның отбасының шырқы кетіп, басқа адамдармен қарым-қатынасы бұзылғанда, бұл оның бүкіл өміріне кері әсер етеді.
Рухани құндылықтардың артықшылығы
Елші Пауыл бірнеше ғасыр бұрын: “Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер”,— деп ескерткен (Римдіктерге 12:2). Бұл дүние өзінің құндылықтарына талпынатындарды жақсы көреді (Жохан 15:19). Бұл дүние сіздің сезімдеріңізге әсер етіп, дүниеқорлыққа үйретуге тырысады. Сол үшін ол, ең алдымен, ‘көздің қомағайлығын’ пайдаланады (1 Жохан 2:15—17).
Бірақ ақшадан да, атақ-даңқтан да, молшылықтан да асып түсетін құндылықтар бар. Бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген Сүлеймен патша бұл дүниеде қол жеткізуге болатын бар байлыққа ие болады. Ол үйлер соғып, бау-бақшалар отырғызды, оның қызметшілері, үйір-үйір малы, жеке әншілері, сонымен қатар алтыны мен күмісі де мол болды. Сүлейменнің байлығы өзіне дейінгі адамдардың барлығынан асып түсті. Оның байлығы айтып жеткізе алмайтындай мол болған. Сүлейменде жанға не керек соның бәрі болды. Бірақ өзінің жиған-тергенінің бәріне қарап тұрып, ол былай дейді: “Бәрі де бос әурешілік және жанды азаптау” (Екклесиаст 2:1—11).
Сүлеймен Ехобаның берген ерекше даналығының арқасында рухани құндылықтарға талпыну арқылы ғана зор қанағат сезіміне бөленуге болатынын білген. Ол былай жазған: “Бәрінің тоқетерін тыңдасақ: Құдайдан қорқып, Оның өсиеттерін орында, өйткені адамға керектінің барлығы осында” (Екклесиаст 12:13).
Алтын мен күмістен анағұрлым бағалы қазынаны Құдай Сөзі Киелі кітаптан табуға болады (Нақыл сөздер 16:16). Ондағы терең шындық асыл тастарға теңеледі. Сіз оны іздеп, қазып аласыз ба? (Нақыл сөздер 2:1—6). Нағыз құндылықтың Қайнар көзі Жаратушымыз сізді осыған шақырады және ол сізге көмектеседі. Қалай?
Ехоба бағалы шындықты өзінің Сөзі, рухы және ұйымы арқылы ашады (Забур 1:1—3; Ишая 48:17, 18; Матай 24:45—47; 1 Қорынттықтарға 2:10). Осы сирек кездесетін баға жетпес құндылықтарды зерттегеніміздің арқасында парасаттылықпен ең жақсы әрі ең пайдалы өмірді таңдауға мүмкіндігіміз болады. Бұған қол жеткізу қиын болмайды да, себебі Жаратушымыз Ехоба шын бақытты болу үшін бізге не керек екенін біледі.
Киелі кітап ең бағалы құндылыққа талпынуға шақырады
Киелі кітаптағы пайдалы кеңестер өмірде қолдануға тұрарлық, әрі теңдесі жоқ. Ондағы құлықтылыққа қатысты жазылған талаптар басқа талаптардан әлдеқайда артық. Оның кеңестері әрқашан пайдалы. Қанша уақыт өтсе де, Киелі кітаптың құндылығы жоғалмаған. Киелі кітап еңбекқор, адал болу, ақшаны даналықпен жарату және жалқау болмау сияқты кеңестер береді (Нақыл сөздер 6:6—8; 20:23; 31:16).
Ал Иса: “Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар, оларды күйе жеп, тот басады, немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді. Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді”,— деген (Матай 6:19, 20).
Бұл орынды айтылған сөздер 2 000 жыл бұрын қандай пайдалы болса, бүгін де сондай пайдалы. Байлық қуып кетудің орнына, біз өмірдегі ең жақсы жолды ұстана отырып, оның пайдасын көре аламыз. Ол үшін шынайы бақыт пен қанағат сезіміне бөлейтін өмірге жеткізетін рухани қазына жинау керек. Қалай? Құдай Сөзі Киелі кітапты оқып, одан үйренгендерімізді өмірде қолдану арқылы.
Рухани құндылықтар беретін сыйлар
Рухани құндылықтар тәндік, эмоциялық және рухани жағынан пайдасын тигізеді. Жерді қоршаған азон қабаты бізді күннің зиянды сәулелерінен қалай қорғайтын болса, Киелі кітаптың құлықтылық принциптері де дүниеқорлықтың зиянды әсерінен солай қорғайды. Елші Пауыл былай деп жазған: “Баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп тамыры; кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті” (1 Тімотеге 6:9, 10).
Ақшақұмарлық адамды құнықтырып, одан да көп байлыққа, беделге және билікке талпындырады. Осындай мақсаттарға қол жеткізу үшін адамдар қулық пен арамдыққа өте жиі барады. Дүниеқорлықтың соңына түсу адамдарды уақытынан, күшінен және қабілеттерінен айырады. Ол тіпті тәтті ұйқымыздан айыруы мүмкін (Екклесиаст 5:12). Дүние қуу міндетті түрде рухани өсуге кедергі болады. Тарихтағы ең ұлы адам Иса Мәсіх ең дұрыс өмір жолын анық көрсеткен: “Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты, өйткені аспан патшалығы солардікі” (Матай 5:3, ЖД). Ол рухани байлықтың тұрақты сый әкелетінін және тұрақсыз байлықтан анағұрлым маңызды екенін білген (Лұқа 12:13—31).
Рухани құндылықтарға талпынудың пайдалы екені рас па?
“Ата-анам маған рухани құндылықтарды түкке тұрғысыз етіп көрсетуге барынша тырысты,— деп есіне алады Грег.— Бірақ рухани мақсаттарға талпынғанымның арқасында керемет жан тыныштығына бөлендім, себебі біреумен жарысып дүние жинамайтындықтан, мен мұның беретін әуре-сарсаңынан да аулақпын”.
Рухани құндылықтар сонымен қатар адамдардың қарым-қатынасын жақсартады. Нағыз достар сізді мал-мүлкіңізге бола емес, қасиеттеріңіз үшін жақсы көреді. Киелі кітапта былай деп айтылған: “Данамен жолдас болған дана болар” (Нақыл сөздер 13:20). Оның үстіне, отбасы өмірі табысты болу үшін оның негізі байлыққа емес, даналық пен сүйіспеншілікке қалану керек (Ефестіктерге 5:22—6:4).
Ешқайсымыз да шынайы құндылықтың не екенін іштен біліп тумаймыз. Біз оны не айналамыздағылардан не дүние-мүлікке деген көзқарасымызды толығымен өзгерте алатын Құдай Сөзінен үйренуіміз керек. Бұрын банкир болған Дон: “Куәгерлер маған өзім құнды деп есептегендерімді қайта қарастыруыма көмектесті және мен ең қажетті нәрселермен ғана қанағаттануды үйрендім”,— дейді.
Тұрақты рухани байлыққа талпыныңыз
Рухани құндылықтар уақытша емес, ұзақ уақытқа қанағат сезіміне бөлейді. Пауыл: “Көрініп тұрғандар өткінші, ал көрінбейтіндер [рухани нәрселер] — мәңгілік”,— деп жазған (2 Қорынттықтарға 4:18). Дүние қуудың арқасында уақытша қалауларды қанағаттандыруға болатыны рас, бірақ ашкөздік тұрақты ештеңе бермейді. Ал рухани құндылықтар мәңгілік (Нақыл сөздер 11:4; 1 Қорынттықтарға 6:9, 10).
Киелі кітап қазіргі уақытта кеңінен тараған дүниеқорлық көзқарасты айыптайды. Ол көзімізді қарапайым етіп сақтау арқылы өзімшілдікті қалай жүгендеуге болатынын және маңыздырақ нәрселерді, рухани байлықтарды, көздеуді үйретеді (Філіпіліктерге 1:10). Ол ашкөздіктің, шындығына келгенде, адамның өз-өзіне табыну екенін әшкерелейді. Құдай Сөзінен үйренгендерімізді іс жүзінде қолданған сайын бақытымыз да арта түседі. Біз енді алуды емес беруді ойлаймыз. Бұл тек өз құмарлықтарымыздың жетегінде жүрмей, рухани құндылықтарға талпынуға күш береді.
Рас, ақша қандай да қорғаныш беруі мүмкін (Нақыл сөздер 10:15). Алайда Киелі кітап: “Байлыққа көз салсаң, ол қанат бітіп аспанға ұшқан бүркіттей лезде болар ғайып”,— деп өмірдің шындығын суреттеген (Нақыл сөздер 23:5). Адамдар дүние үшін көп нәрсені — денсаулықты, отбасын, тіпті таза ар-ұятты — құрбан етіп жатады. Ал бұл өте көп зардап әкелуде. Алайда рухани нәрселерге ден қойғанымыз біздің ең маңызды мұқтаждықтарымыз — сүйіспеншілікке және сүйіспеншілігі мол Құдай Ехобаға ғибадат етуге деген мұқтаждықтарымыз — қанағаттандырылатын болады. Сонымен қатар жер бетінде кемелді адамдар ретінде мәңгілік өмір сүруге жол ашады. Құдайдың уәдесі бізге осындай үміт береді.
Жақында Құдайдың жаңа дүниесінде адамзаттың көркею туралы арманы толық жүзеге асады (Забур 144:16). Ол кезде жер “Ехобаның біліміне толады” (Ишая 11:9, ЖД). Рухани құндылықтар өркендейді. Ал дүниеқорлық пен оның зиянды салдары түп-тамырымен жойылады (2 Петір 3:13). Сонда кемелді денсаулық, қанағаттандырарлық жұмыс, пайдалы тынығу мен көңіл көтеру, отбасындағы жылы қарым-қатынас және Құдаймен мәңгі дос болу — бәрі өмірді мағыналы ете түседі және адамзатқа мәңгілік шынайы бақыт сыйлайтын болады.
[6-беттегі қоршау/сурет]
Ақшаңызды даналықпен жаратыңыз!
Өзіңізге қажетті нәрселерді анықтап алыңыз. Иса бізге: “Күнделікті нанымызды әр күні бере гөр”,— деп дұға етуді үйреткен (Лұқа 11:3). Қалап тұрған заттарыңыз бен шын мұқтаж заттарды шатастырмаңыз. Байлығыңыз арқылы өз өміріңіздің иесі бола алмайтыныңызды ұмытпаңыз (Лұқа 12:16—21).
Қаржыңызды қалай жарататыныңызды жоспарлап алыңыз. Жоспарламаған заттарды сатып алмаңыз. Киелі кітапта: “Ұқыптының ой-ниеті дәулетке бастар, тым асыққан тапшылыққа ұшырар”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 21:5). Иса өзін тыңдап тұрған жұртқа қаржыға байланысты кез келген істі бастамас бұрын, кететін шығынды есептеп алуға кеңес берген (Лұқа 14:28—30).
Қажет болмаса қарыз алудан аулақ болыңыз. Затты несиеге алмай, сатып алу үшін ақша жинаңыз. Нақыл сөздерде бұл туралы: “Қарыздар қарыз бергеннің құлы болар”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 22:7). Ұстамдылыққа және өз қаржыңызды ақылмен жаратуды үйрене отырып, тіпті қымбат заттар алуды жоспарлай аласыз.
Босқа шығынданудан аулақ болыңыз. Қолыңызда бар затты күтіп ұстап, ұзағырақ пайдаланыңыз, осылайша шығынды азайтасыз. Иса қолда бар затты дұрыс пайдаланудың үлгісін көрсеткен (Жохан 6:10—13).
Маңызды нәрселерді бірінші орынға қойыңыз. Дана адам маңыздырақ мақсаттарға жету үшін ‘уақыттың құнын өтеп алады’ (Ефестіктерге 5:15, 16, ЖД).
[7-беттегі қоршау/сурет]
Өз қателіктерімізден үйренуден жақсы жол бар
Басымыздан өткен жағдайдан, ол жақсы болсын, жаман болсын, құнды сабақ алуымызға болады. Бірақ көпшілік ойлағандай, “тәжірибенің” ең жақсы тәлімгер екені рас па? Жоқ, себебі басшылықтың одан да жақсы көзі бар. “Қадамдарымды сөздерің жарқыратады, өмір жолыма шырақтай нұрын шашады”,— деп дұға еткенде, забур жыршысы басшылықтың осы көзі жайында айтқан (Забур 118:105).
Неге Құдайдың тәлімінен үйрену тәжірибеден үйренуден анағұрлым артық? Оның бір себебі — өз тәжірибемізден үйрену, яғни басты тауға да, тасқа да ұрып барып түсіну қымбатқа түсуі әрі ауыр тиюі мүмкін. Оның үстіне, бұлай етудің қажеті де жоқ. Құдай ежелгі исраилдіктерге: “О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой!” — деген. “Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секілді, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!” (Ишая 48:18).
Тәлім-тәрбиенің көзі ретінде Құдай Сөзінің артықшылықтарының бірі — онда адамзаттың басынан өткен оқиғалар жайлы ең көне және ең тура мәлімет жазылған. Сіз басқалардың қателіктерін қайталап, жанымызды жараламай-ақ, олардың табыстары мен сәтсіздіктерінен сабақ алған жақсы екенімен келісерсіз (1 Қорынттықтарға 10:6—11). Ең бастысы, Киелі кітап арқылы Құдай бізге керемет заңдар мен сенім артуға келгенде теңдесі жоқ басшылық болатын принциптер береді. “Кемелді Тәңірдің тағлымдары... Иенің ережелері шынайы, олар наданды да [“тәжірибесізді”, ЖД] дана қылады” (Забур 18:8). Иә, сүйіспеншілігі мол Жаратушымыздың даналығынан тәлім алу — үйренудің ең жақсы жолы.
[4-беттегі суреттер]
Бұл дүние сізді дүниеқорлыққа үйретуге тырысады
[5-беттегі сурет]
Алтын мен күмістен анағұрлым бағалы қазынаны Киелі кітаптан табуға болады