Жұмақ. Оның орнайтынына сенімдісің бе?
“Мәсіхпен тығыз байланыстағы біреуді танимын... Сол кісінің жұмаққа апарылғанын дәл білемін” (2 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 12:2—4).
1. Киелі кітаптың қандай уәделері көп адамға терең әсер қалдырады?
ЖҰМАҚ. Құдайдың жер бетіндегі жұмақ туралы уәдесін алғаш естігенде не сезінгенің есіңде ме? ‘Зағиптардың көзі ашылып, саңыраулардың құлақтары еститінін және шөл далада су және далада тасқын жарып шығатынын’ білген кезіңді есіңе түсірші. Ал қасқыр мен қозының тату-тәтті тұрып, қабылан мен лақтың бірге тынығатыны туралы пайғамбарлық ше? Өлген сүйіктілердің қайта тірілетіні және сол жұмақта өмір сүруге мүмкіндіктері бар екені жайында оқығанда тебіренбеп пе едің? (Ишая 11:6; 35:5, 6; Жохан 5:28, 29).
2, 3. а) Неге Киелі кітапқа негізделген үміттің берік негіз бар деп айтуға болады? ә) Үміттенуімізге тағы қандай негіз бар?
2 Киелі кітаптың Жұмаққа қатысты берген уәделеріне сенуге толық негіз бар. Мысалы, Исаның бөренеге қағылған қылмыскерге: “Менімен бірге жұмақта боласың!” — деп айтқан сөздеріне сенім артамыз (Лұқа 23:43, ЖД). Әрі ‘әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жер’ туралы уәденің жүзеге асатынына да сенімдіміз. Сонымен қатар Құдайдың көз жасымызды сүртіп тастайтыны, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайтыны жайында уәдесіне де сенеміз. Бұл жерде қайтадан Жұмақ орнайды деген сөз! (2 Петір 3:13; Аян 21:4).
3 Бүгінде осы Жұмаққа үміт беретін тағы бір себеп — дүние жүзіндегі мәсіхшілер сезініп жатқан жайт. Ол не жайт? Құдай рухани жұмақ орнатқан және өз халқын сонда алып келген. “Рухани жұмақ” деген сөз абстрактілі әрі түсінуге қиын болып көрінуі мүмкін, бірақ мұндай жұмақ туралы алдын ала айтылған және оның бар екені рас.
Жұмақ туралы аян
4. 2 Қорынттықтарға 12:2—4-те қандай аян туралы айтылады және ол аян кімге берілген болуы мүмкін?
4 Осыған қатысты елші Пауылдың не жазғанына көңіл бөліңдерші: ‘Мәсіхпен тығыз байланыстағы біреуді танимын. Оны кенет “үшінші көкке” көтеріп әкетті. Сол кісінің жұмаққа апарылғанын дәл білемін — тек оның тәнсіз не тәнінде барғаны маған емес, Құдайға ғана анық. Ол сонда адам тілімен айтуға келмейтін, әрі басқаларға әңгімелеуге тыйым салынған сөздерді естіді’ (2 Қорынттықтарға 12:2—4, сілтемені қараңдар). Пауыл өзінің елші екендігіне дәлелдер келтірген соң, артынша осы сөздерді айтқан. Оның үстіне, Киелі кітапта мұндай күйді кешірген басқа адам жайында айтылмайды, мұндай жағдай туралы Пауыл ғана әңгіме етеді. Сондықтан бұл аянды көрген Пауылдың өзі болса керек. Осы табиғаттан тыс жолмен ол қандай “жұмаққа” кірді екен? (2 Қорынттықтарға 11:5, 23—31).
5. Пауыл нені көрген жоқ, олай болса ол қандай “жұмақты” көрген?
5 Мәнмәтінге қарайтын болсақ, ‘үшінші көк’ деп Жер шарын қоршап тұрған кеңістік немесе ғарыштағы басқа кеңістік айтылып тұрған жоқ. Киелі кітапта үш саны жиі екпін түсіру үшін немесе әсірелеу үшін қолданылады (Екклесиаст 4:12; Ишая 6:3, сілтемені қараңдар; Матай 26:34, 75; Аян 4:8). Демек, Пауылдың аянда көргені қандайда бір асқақ, жерге тән емес, басқаша сөзбен айтқанда, рухани нәрсе болған.
6. Пауылдың көргенін түсінуге қандай тарихи жағдай көмектеседі?
6 Киелі кітаптың бұрынырақ жазылған пайғамбарлықтары мұны түсінуімізге көмектеседі. Ежелгі халқы өзіне адалдық сақтамағаны үшін Құдай бабылдықтардың Яһуда мен Иерусалимге шабуыл жасауына жол беруді шешті. Киелі кітаптың хронологиясына сәйкес, бұл елдің күйреуі шарықтау шегіне б. з. б. 607 жылы жеткен. Пайғамбарлықта жер 70 жыл бойы қаңырап бос жататыны, одан соң Құдай күнәларына өкінген яһудилердің елдеріне оралып, шынайы ғибадатты қалпына келтірулеріне жол беретіні айтылған. Бұл б. з. б. 537 жылдан бастап іске аса бастады (Заңды қайталау 28:15, 62—68; 4 Патшалықтар 21:10—15; 24:12—16; 25:1—4; Еремия 29:10—14). Алайда осы уақытқа дейін жер қандай күйде жатты? 70 жылдың ішінде оны арам шөп басып, кейбір жерлері қуаң дала болып, шиебөрілердің мекеніне айналып кетті (Еремия 4:26; 10:22). Бірақ мынандай да уәде болған: “Жаратқан Ие енді Сионға да жаны ашып, оның қаңырап бос қалған жерлерінің бәрін кереметпен қалпына келтірмек. Елдегі шөл дала мен құла түзді жұмақ, Тәңірдің пейіш бағының өзі іспетті ғажап етпек!” (Ишая 51:3).
7. Жер 70 жыл бос жатқан соң не болу керек еді?
7 Бұл пайғамбарлық 70 жыл өткен соң орындалды. Құдайдың батасымен жағдай жақсарды. Сол жағдайды көз алдыңа елестетіп көрші: “Шөл мен құрғақ жер шаттыққа бөленеді, елсіз жер қуанып, ал қызыл гүлдей жайнайды; керемет гүлдеп қуанатын болады, шат-шадыман болып, майсайрайтын болады... Ақсақ, еліктей секіреді және мылқаудың тілі ән салады. Өйткені шөлде су және далада тасқын жарып шығады. Және су елесі көлге, сусаған жер су бұлағына айналады; шиебөрілердің дем алып жататын жерінде қамыс өседі” (Ишая 35:1—7).
Қайта оралған халықтың өміріндегі өзгеріс
8. Ишая кітабының 35 тарауындағы сөздердің ең алдымен адамдарға қатысты айтылғанын қайдан білеміз?
8 Неткен өзгеріс! Қаңырап жатқан жер жұмаққа айналды. Бірақ осы және басқа да сенім артуға тұрарлық пайғамбарлықтар қаңырап жатқан жердің құнарлы жерге айналғаны сияқты адамдардың да бойында өзгеріс болу керек екенін көрсеткен еді. Неге бұлай деуге болады? Ишаяның пайғамбарлығы ең алдымен өз жерлеріне “шаттана дауыстап” оралатын және ‘қуаныш пен шаттыққа кенелетін’ “Жаратқан Иенің азат еткен” халқына қатысты айтылған еді (Ишая 35:10). Бұл сөздер жерге емес, адамдарға қатысты айтылған. Оның үстіне, Ишая басқа бір жерде Сионға қайта оралған адамдар туралы пайғамбарлық еткен: ‘Олар Жаратқан Иенің Өзі отырғызған [“әділдіктің”, ЖД] мықты ағаштары деп аталады. Өскіндерді топырақ көктетеді. Ал Жаратушы Тәңір Ие әділдігі мен даңқты істерін барлық халықтардың көз алдарында шүбәсыз қаулатып шығарады’. Ишая тағы: “Мен, Жаратқан Ие, сендерді әрқашан жетелеп жүріп... денелеріңе қуат беремін. Осылай сендер суы мол баққа ұқсайтын боласыңдар”,— деп пайғамбарлық еткен (Ишая 58:11; 61:3, 11; Еремия 31:10—12). Демек, тура мағынада жердің жағдайы жақсарғаны сияқты, қайта оралған Яһуди халқы да өзгеруі керек еді.
9. Пауыл аянында қандай “жұмақ” көрді және бұл аян қашан орындалды?
9 Осы тарихи мысал бізге Пауыл алған аянында не көргенін түсінуге көмектеседі. Бұл Пауыл Құдайдың ‘егістігі’ деп атаған және мол жеміс беруі тиіс мәсіхшілердің қауымына қатысты берілген аян болған (1 Қорынттықтарға 3:9). Бұл аян қашан орындалуы керек еді? Пауылдың көргені аян болғандықтан, мұның болашаққа қатысты болғаны түсінікті. Ол өзінің өлімінен соң жолдан таюшылық кеңінен етек алатынын білген (Елшілердің істері 20:29, 30; 2 Салониқалықтарға 2:3, 7). Жолдан таюшылықтың үстемдігі артып, шынайы мәсіхшілерді көлеңкесінде қалдырғандай көрінгенде, оларды гүлденіп тұрған баққа теңеу қиын еді. Бірақ шынайы ғибадаттың үстемдігі артатын уақыт келуі керек еді. ‘Әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқыраулары’ үшін Құдай халқы рухани құлдықтан босану керек еді (Матай 13:24—30, 36—43). Көкте Құдай Патшалығы орнаған соң не бары бірнеше жыл өтісімен-ақ расында да солай болды. Ондаған жылдар өтті, уақыт өткен сайын Құдай халқының Пауыл аянда алдын ала көрген рухани жұмақта өмір сүріп жатқаны анық көріне түсті.
10, 11. Неге кемелсіздігімізге қарамастан, рухани жұмақта өмір сүрудеміз деп айтуымызға болады?
10 Рас, біз әлі кемелсізбіз, мұны жақсы білеміз, сондықтан Пауылдың күндеріндегі мәсіхшілер тәрізді кейде арамызда түсініспеушілік болып жататынына таңғалмаймыз (1 Қорынттықтарға 1:10—13; Філіпіліктерге 4:2, 3; 2 Салониқалықтарға 3:6—14). Дегенмен өзіміз сезініп жүрген рухани жұмақ туралы ойланып көрейікші. Бұрынғы ауру күйімізге қарағанда біз рухани сауықтық. Бұрынғы рухани аш едік, қазір рухани тоқшылықта өмір сүрудеміз. Құдай халқы рухани шөлде сусап жүрген жоқ, керісінше Құдайдың ризашылығы мен көл көсір батасына ие болуда (Ишая 35:1, 7). Біз зындан сияқты рухани түнекте жүрген жоқпыз, керісінше, бостандық пен Құдайдың ықыласының жарығын көрудеміз. Киелі кітаптың пайғамбарлықтарын естімеген көптеген саңырау адамдар Жазбалардың не айтатынын тыңдап, түсінуде (Ишая 35:5). Мысалы, дүниежүзі бойынша миллиондаған Ехоба Куәгерлері Даниялдың пайғамбарлығының әрбір тармағын жеке талдай отырып талқылады. Одан соң олар Ишая кітабының әрбір тарауын терең қарастырды. Сергітерлік рухани астың мол болғаны рухани жұмақтың бар екенін анық көрсетіп тұрған жоқ па?
11 Сонымен бірге әр түрлі ортадан шыққан ақ жүректі адамдардың Құдай Сөзін түсініп, өмірлерінде қолдануға тырысқанда бойларында болатын өзгерістер жайлы ойланайықшы. Шындығына келгенде олар адамды айуанға ұқсас етіп көрсететін мінездерін тастауға әрі қарай да күш салып жатыр. Мүмкін сен өзің де рухани бауырластарың сияқты кейбір жаман мінездеріңді тастау үшін күш салып, көп жетістіктерге жеткен боларсың (Қолостықтарға 3:8—14). Сол себепті Ехоба Куәгерлерінің қауымында сен күннен күнге бейбіт әрі жағымды болып келе жатқан адамдардың арасындасың. Жоқ, олар әлі кемелді емес, бірақ олардың енді кәрлі арыстан немесе басқа жыртқыш аңға ұқсамайтыны анық (Ишая 35:9). Бұл бейбіт қарым-қатынас нені көрсетіп отыр? Біз рухани жұмақ деп сенімді түрде айтуға болатын ортада өмір сүрудеміз. Әрі осы рухани жұмағымыз Құдайға адалдық сақтасақ көруге болатын жердегі болашақ жұмақтың бейнесі болып табылады.
12, 13. Рухани жұмағымызда қалу үшін не істеуіміз керек?
12 Дегенмен атүсті қарауымызға болмайтын бір жайт бар. Құдай исраилдіктерге: ‘Нығайып, өздерің иелік ету үшін өтейін деп жатқан жерге барып, оны иемдену үшін мен бүгін сендерге өсиет етіп отырған... өсиеттердің бәрін ұстаныңдар’,— деген болатын (Заңды қайталау 11:8). Леуіліктер 20:22, 24-те де осы жер туралы айтылады: “Менің барлық ережелерімді ұстанып, барлық заңдарымды орындаңдар, сонда мен сендерді тұруға алып бара жатқан жер өздеріңді қуып шықпайды. Мен сендерге: — Олардың жеріне сендер иелік етіңдер және сүт пен бал ағып жатқан жерді мен сендерге беремін,— деп айтқанмын”. Иә, олар Уәде етілген жерге иелік етулері үшін Ехоба Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болулары керек еді. Құдайдың бабылдықтарға исраилдіктерді жаулап алып, өз жерлерінен алып кетуіне жол беруінің себебі, олардың Құдайға бағынбағандығы еді.
13 Рухани жұмағымызда бұдан да көп игіліктердің рақатын көрудеміз. Рухани жұмақтың көрінісі көзге ұнамды, көңілге жағымды. Біз күш салып, айуан тәрізді мінездерінен арылған мәсіхшілермен тату тәтті өмір сүрудеміз. Олар мейірімді әрі өзгелерге мұқият адам болуға тырысуда. Алайда рухани жұмағымызда қалу үшін бауырластармен жақсы қарым-қатынаста болып қана қалу жеткіліксіз. Бұл үшін Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болып, оның еркін орындауымыз керек (Миха 6:8). Бұл рухани жұмаққа біз өз еркімізбен келдік, бірақ егер Құдаймен қарым-қатынасымызды сақтап қалуға тырыспайтын болсақ, беттеген бағытымыздан ауытқып кетуіміз, немесе осы жұмақтан шығып қалуымыз мүмкін.
14. Рухани жұмақта қалуымызға не көмектеседі?
14 Егер Құдай Сөзінен күш алуды жалғастыра беретін болсақ, бұл рухани жұмақта қалуымызға көп көмектеседі. Забур 1:1—3 дейінгі тармақтардағы бейнелі сөздерге көңіл бөлейікші: “Құдайсыздар кеңесіне бармайтын... Қайта, Тәңір заңына қуанатын, күні-түні сол туралы ойлайтын әрбір адам қандай бақытты! Ол мерзімінде жемісін беретін, жапырақтары еш кеуіп сембейтін, су жағасындағы ағашқа ұқсайды: не істесе де, табыссыз қалмайды”. Бұған қоса, адал да ақылды құл рухани жұмақта Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер арқылы рухани ас-судың болуын қамтамасыз етеді (Матай 24:45—47, ЖД).
Жұмақты анығырақ көруге тырысайық
15. Неге Мұса Уәде етілген жерге исраилдіктерді бастап кіре алмады, бірақ ол не көрді?
15 Жұмақтың тағы бір бейнесін қарастырайық. Исраилдіктер шөл даланы 40 жыл кезген соң, Мұса оларды Иордан өзенінің шығыс жағындағы Моаб жазығына алып келеді. Ехоба Мұсаны өткен уақытта жіберген қателігі үшін исраилдіктерді Иорданнан өткізбейді деп шешеді (Руларды санау 20:7—12; 27:12, 13). Мұса Құдайға жалынып: “Иорданның арғы бетіне өтіп, сол жақсы жерді көруге рұқсат етші”,— дейді. Уәде етілген жерге кіре алмағанымен, Фасги тауына көтеріліп, жердің әр түрлі аймақтарына көз салған Мұса мұның ‘жақсы жер’ екеніне көзі жеткені анық. Қалай ойлайсыңдар, бұл жер қандай болған? (Заңды қайталау 3:25—27).
16, 17. а) Ежелгі уақыттан бері Уәде етілген жер қаншалықты өзгеріске ұшыраған? ә) Уәде етілген жердің бір кездері жұмақ тәрізді болғанына неге сенімді бола аламыз?
16 Егер жердің қазіргі жағдайын ескере отырып, елестетер болсаңдар, көз алдарыңа шөл, таулы-тасты дала мен аптап ыстық жер елестейтін шығар. Бірақ Киелі кітап жазылған уақытта жалпы бұл аймақтың табиғаты мүлдем өзгеше болғанын деп есептеуге негіз бар. “Сайентифик америкэн” журналында жер қыртысын зерттейтін ғалым доктор Уолтер Лаудермилк бұл аймақтың жері “мыңдаған жылдар бойы қалай болса солай пайдаланғанның кесірінен қатты зардап шеккенін” түсіндіреді. Ол былай деп жазған: “Бір кездері гүлденіп тұрған жердің ‘шөл далаға’ айналуы — табиғаттың емес, адамның ісі”. Оның зерттеулері “бұл жер бір кездері бақташылардың жұмағы” болғанын көрсетеді. Осылайша “бақташылардың жұмағы” болған жердің адамның кесірінен жойылып кеткені айқындалып отырa.
17 Киелі кітаптан оқығандарың жайлы ой жүгіртсе, Уәде етілген жер, шынында да, жұмақ сияқты болған деген тұжырым жасау орынды болып көрінеді. Ехобаның халыққа Мұса арқылы берген уәдесін есіңе түсірші: “Сендер иелік ету үшін өтейін деп жатқан жер — таулы, жазықты, жауынмен суғарылып тұратын жер; ол жерге Құдайларың Жаратқан Ие қамқорлық етеді” (Заңды қайталау 11:8—12).
18. Ишая 35:2-дегі сөздер құлдықта жүрген исраилдіктердің көз алдына Уәде етілген жерді қандай етіп елестеткен?
18 Уәде етілген жер сұлу әрі шұрайлы болғаны сонша, оның кей жерлерінің аты аталғанда-ақ көзге бірден жұмақтағыдай жағдай елестеген. Бұл исраилдіктер Бабыл құлдығынан оралғанда алғаш рет орындалған Ишая пайғамбарлығының 35-тарауынан анық көрінеді. Ишая алдын ала былай деген: “Керемет гүлдеп, қуанатын болады, мәз-мейрам болып, шаттанатын болады; оған Ливанның даңқы, Кармил мен Саронның сұлулығы берілетін болады; олар Тәңірдің даңқын, Құдайымыздың ұлылығын көретін болады” (Ишая 35:2). Ливан, Кармил және Сарон деген сөздердің өзі исраилдіктердің жүректеріне жылы сезім оятқан.
19, 20. а) Ежелгі Сарон аймағын суреттеп беріңдер. ә) Жұмақ орнайтынына деген үмітімізді нығайтудың бір жолы қандай?
19 Самария таулары мен Ұлы теңіздің, немесе Жерорта теңізінің, аралығында орналасқан жағалаудағы Сарон жазығын қарастырайық. (10-беттегі суретті қараңдар.) Бұл сұлу әрі құнарлы жер ретінде белгілі болған. Суы мол болғандықтан, ол жер малға жайлы өріс болған, ал оның солтүстік жағында емен орманы да болған (1 Шежірелер 27:29; Таңдаулы әндер 2:1; Ишая 65:10). Осылайша Ишая 35:2-де қайта қалпына келтірілуі мен жердің жұмақ тәрізді гүлденіп, сән-салтанатқа бөленуі алдын ала айтылған. Бұл пайғамбарлық сонымен қатар, кейінірек Пауыл аянда көрген керемет рухани жұмақ орнайтынына нұсқаған. Сонымен бірге бұл пайғамбарлық басқа пайғамбарлықтармен қатар адамзаттың жер бетінде орнайтын жұмақта өмір сүретіндігіне деген үмітімізді нығайтады.
20 Рухани жұмағымызда жүре отырып, оған деген ризашылығымызды және жер бетіндегі Жұмаққа деген үмітімізді арттыра түсуімізге болады. Қалайша? Киелі кітаптан оқығандарымызды тереңірек түсінуге тырысу арқылы. Киелі кітаптағы суреттемелер мен пайғамбарлықтар жиі нақты жерлерге қатысты айтылады. Олардың қай жақта екенін және басқа аймақтардың қай тұстарында орналасқанын жақсырақ түсінгілерің келе ме? Келесі мақалада мұны қалай түсінуге болатынын қарастырамыз.
[Сілтеме]
a Дэнис Бейли есімді ғалым бір еңбегінде: “Киелі кітап жазылған уақыттан бері өсімдіктердің түрі де қатты өзгеріске ұшыраған болу керек”,— деп айтады (The Geography of the Bible). Не себептен? “Адамға отын және құрылыс үшін ағаш керек болды, сондықтан... ол ағаштарды шаба бастады да, жерді табиғи апаттан қорғана алмайтындай етіп қалдырды. Осылай қоршаған ортаға қол сұғудың нәтижесінде ауа райы... біртіндеп жердің қаңырап, кеуіп кетуіне әсер етті”.
Естеріңде ме?
• Елші Пауыл аянда қандай “жұмақты” көрген?
• Ишая кітабының 35-тарауындағы пайғамбарлық алғаш рет қалай орындалды және мұның Пауылдың аянда көргенімен қандай байланысы бар?
• Рухани жұмағымызға деген ризашылығымызды және жерде болатын жұмаққа деген үмітімізді қалай арттыра аламыз?
[10-беттегі сурет]
Сарон жазығы, Уәде етілген жердегі құнарлы жер
[Түпдерек]
Pictorial Archive (Near Eastern History) Est.
[12-беттегі сурет]
Мұса мұның “жақсы жер” екеніне көзі жеткен