Бір-біріңді нығайтыңдар
“Олар маған тірек болды” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 4:11, ЖД).
1, 2. Қауіпті болса да, неге Пауылдың достары түрмеге келіп тұрған?
ҚАМАУДА жатқан адамның досы болу, тіпті ол қылмыс жасамаған болса да, қауіпті болуы мүмкін. Түрме қызметкерлері әр қимылыңды аңдып, саған қылмыс жасауы мүмкін адамдай күдіктене қарауы ықтимал. Сондықтан қамаудағы досыңмен көрісіп, жақын араласып тұру үшін батылдық қажет.
2 Дәл осындай батылдықты шамамен 1 900 жыл бұрын елші Пауылдың достары танытты. Олар тайсалмай, Пауылға қажет жұбаныш пен күш-жігер беріп, рухани нығайту үшін түрмеге барып тұрды. Олар кімдер? Олардың батылдығынан, адалдығы мен достығынан қандай сабақ алуға болады? (Нақыл сөздер 17:17).
“Тірек”
3, 4. а) Пауылдың бес досы кім және олар Пауыл үшін не істеді? ә) “Тірек” деген нені білдіреді?
3 Шамамен б. з. 60 жылы болған жайды көзімізге елестетіп көрейікші. Елші Пауыл Рим қаласындағы түрмеде, оған бүлікші деген жалған айып тағылған (Елшілердің істері 24:5; 25:11, 12). Пауыл өзін жігерлендірген бес мәсіхшіні атап өтті. Олар: Азия аймағынан келген және “Иемізге бірге қызмет етуші” Түхік; ‘Сүйікті де адал бауырлас’ болған қорынттық Онисым; Пауылмен “бірге тұтқында отырған” Салониқадан келген македониялық Арыстарқ; Пауылдың миссионерлік қызметіндегі серігі Барнабаның жиені әрі өз атымен аталатын Інжілдің бір кітабын жазған Марқа және “Құдай Патшалығы үшін” елшімен қызметтестерінің бірі болған Иуст. Пауыл осы бесеуі жайлы: “Олар маған тірек болды”,— деген (Қолостықтарға 4:7—11, ЖД).
4 Пауыл осы адал достарының өзіне көрсеткен көмегі жайлы күшті сөздер айтты. Ол “тірек” деп аударылған грек сөзін (паригори́а) қолданды және бұл сөз Киелі кітапта тек осы тармақта ғана кездеседі. Бұл көп мағыналы сөз, әсіресе ол ем-домға қатысты мәтінде қолданыладыa. “Жұбату, жеңілдету, медет болу” деп те аударылуы мүмкін. Пауыл біреудің осылай нығайтқанын қажет еткен, әрі бес досынан ондай көмекті алған да.
Неге Пауылға “тірек” қажет болды?
5. Елші болса да, Пауыл не нәрсені қажет етті және барлығымыз да оқта-текте нені қажет етеміз?
5 Елші болған Пауылдың біреудің нығайтқанын қажет етті деген кейбіреуге қызық көрінер. Дегенмен солай болды. Рас, оның сенімі күшті еді және ‘аяусыз дүреге соғылып’, ‘өліммен бетпе-бет келіп’, небір азапты бастан кешті (2 Қорынттықтарға 11:23—27). Сонда да ол кәдімгі адам болған, ал адамдардың бәрі де оқта-текте біреудің жұбатқанын және сенімін нығайтқанын қажет етеді. Тіпті Иса да сондай жағдайда болған. Өмірінің соңғы түнінде, Гетсимани бағында періште келіп, “Исаға күш берді” (Лұқа 22:43).
6, 7. а) Римде Пауылдың жанын ауыртқан кімдер және жігерлендірген кімдер? ә) Римдегі бауырластар Пауылға қалай қызмет көрсетіп, оған “тірек” болды?
6 Пауылды да жігерлендіру керек болды. Ол тұтқын ретінде Римге келгенде, өз ұлтының адамдары оны достық шыраймен қарсы алмады. Сол яһудилер негізінен Патшалық туралы хабарға құлақ аспады. Елшілердің ісінде беделді яһудилердің Пауылдың тұтқын ретінде тұрған үйіне жиналған кезде не болғаны айтылады: “[Пауыл] кейбіреулерін айтқанымен сендірсе, басқалар сенбей қалды. Сөйтіп, олар өзара бір пікірге келмей, екіге бөлініп кетті” (Елшілердің істері 28:17, 24, 25). Ехобаның мейірімін бағаламағанын көріп, Пауылдың жаны ауырған болса керек. Осындай жайтқа байланысты Пауылдың күшті сезімі бірнеше жыл бұрын Римдегі қауымға жазған хатынан көрінеді. Ол былай деген: “Қасіретім зор, жүрегім үздіксіз сыздайды; егер қанымыз бір бауырлас яһуди халқының сенімге келуі үшін менің қарғысқа ұшырап, Мәсіхтен аластатылуым қажет болса, соған да дайын болар едім” (Римдіктерге 9:2, 3). Дегенмен ол Римде өзін жігерлендірген әрі бауырмалдықпен жанын жай таптырған шынайы достарының адалдығын көрді. Олар нағыз рухани бауырластар болған.
7 Бес бауырлас қалайша тірек болды? Олар тұтқын деп Пауылдан қашқақтамады. Қайта, дайындықпен әрі сүйіспеншілікпен қамаудағы Пауылдың өзі істей алмағандарын істеп, оған қызмет көрсетті. Мысалы, Пауылдың хаттары мен ауызша нұсқауларын жеткізіп тұрған хабаршылары болды, сондай-ақ Рим мен басқа жерлердегі қауымдардан жақсы хабарлар әкеліп тұрды. Шапан, кітаптар мен жазуға қажет құрал-саймандар сияқты қажетті заттарын да солар әкеп бергенге ұқсайды (Ефестіктерге 6:21, 22; 2 Тімотеге 4:11—13). Бұндай көмек Пауылды нығайтты, әрі жігерлендірді, нәтижесінде ол өзі де басқаларға, соның ішінде қауымдардың барлық мүшелеріне, “тірек” бола алды (Римдіктерге 1:11, 12).
“Тірек” болудың жолы
8. Пауылдың ‘тірекке’ мұқтаж екенін кішіпейілділікпен мойындағанынан қандай сабақ аламыз?
8 Пауыл мен оның қызметтес бес серігінен қандай сабақ аламыз? Біреуін ғана қарастырайық: бақытсыздыққа тап болғандарға көмектесу үшін батылдық пен жанқиярлық қажет. Сонымен қатар ондай жағдайға өзіміз ұшырағанда, көмекке мұқтаж екенімізді мойындау үшін кішіпейілділік қажет. Пауыл көмекке мұқтаж екенін мойындап қана қойған жоқ, ол көмекті қабыл алды және көмектескендерге мақтау айтты. Ол басқалардың көмегін алуды әлсіздік не қорлық деп есептеген жоқ, біз де сондай көзқараста болуымыз керек. Егер біз ешқашан біреудің көмегіне мұқтаж болмаймыз десек, өзімізді өзгелерден ерекше санағанымыз. Есіңде болсын, Исаның мысалы тіпті кемелді адамның да кейде көмек сұрап жалынатын кезі болатынын көрсетті (Еврейлерге 5:7).
9, 10. Адам өзінің көмекке мұқтаж екенін неге ұғынғаны абзал және бұл отбасы мүшелерімен және бауырластармен қарым-қатынасына қалай әсер ете алады?
9 Жауапкершілік жүктелген бауырластардың өз мүмкіндіктерінің шектеулі екенін және басқалардың нығайтқанын қажет ететінін мойындағаны абзал (Жақып 3:2). Бұл билігі барлар мен билікке бағынатындардың араларында жылы да еркін қарым-қатынас пен ынтымақ орнатады. Көмекті қуана қабыл алған бұл бауырластардың кішіпейілділігі сондай жағдайға тап болған басқалар үшін үлгі бола алады. Сондай-ақ бұл қолына басшылық алғандардың да өздеріндей адам екенін және олармен араласып тұру керек екенін көрсетеді (Екклесиаст 7:20).
10 Мысалы, балалар ата-аналарының кезінде өздері сияқты жағдайға кезіккенін білсе, қиындық пен азғыруға қарсы тұру үшін олардың көмегін қабыл алулары оңайырақ болады (Қолостықтарға 3:21). Сонда ата-ана мен бала ашық әңгімелесетін болады. Киелі кітаптың өсиеттері әлдеқайда өтімді және қабыл алуға оңай болуы мүмкін (Ефестіктерге 6:4). Сол сияқты қауым мүшелері ақсақалдардың да кейде қиналатынын, абыржитынын және мазасызданатынын білсе, олардың көмегін алуға әлдеқайда дайын болады (Римдіктерге 12:3; 1 Петір 5:3). Бұлардың да ашық әңгімелесуі жеңіл болуы мүмкін, сонда ақсақалдар бауырластарға Жазбаларға негізделген кеңес беріп, сенімдерін нығайта алады. Бауырластарымыз әсіресе қазіргі кезде қолдауға мұқтаж екенін ұмытпауымыз керек (2 Тімотеге 3:1).
11. Неге қазіргі күні ‘тіректі’ қажет ететін адамдар сонша көп?
11 Қай жерде өмір сүрсек те, кім болсақ та, жасымыз қаншада болса да, бәріміз де өмірде қысым көретін кезіміз болады. Себебі қазіргі өмір сондай (Аян 12:12). Жанымызды не тәнімізді қинаған жағдайда сеніміміздің сапасы тексеріледі. Сынаққа жұмыста, мектепте, отбасында не қауымда кезігуіміз мүмкін. Қиын жағдайдың себебі ауыр сырқат не эмоциялық жарақаттың салдары болуы мүмкін. Осындай кезде жұбайымыздың, қауым ақсақалының не досымыздың жылы сөзі мен қамқорлығы біз үшін қандай жұбаныш болады десеңші! Ашып тұрған жараға шипалы май жаққандай. Олай болса, қиналып жүрген бауырласыңды байқасаң, оған тірек бол. Ал егер өзіңді бір нәрсе жегідей жеп жүрген болса, рухани толысқан бауырластардан көмек сұра (Жақып 5:14, 15).
Қауымның көмегі
12. Қауымдағылардың әрқайсысы бауырластарын қалай нығайта алады?
12 Қауымдағы барлық бауырластар, жастар да, басқаларды нығайта алады. Мысалы, сенің қауым кездесуіне үзбей келіп тұрғаның, уағыздауға үнемі қатысқаның басқалардың сенімін нығайтады (Еврейлерге 10:24, 25). Қасиетті қызметтегі табандылығың Ехобаға шын берілгендігіңді және қиналып жүрсең де, рухани сергек екеніңді көрсетеді (Ефестіктерге 6:18). Бұндай табандылық бауырластарыңа әсер етіп, нығайта алады (Жақып 2:18).
13. Кейбіреулер неге енжар болып қалады және оларға қалай көмектесуге болады?
13 Кейде өмірдің қысымының немесе басқа да қиын жағдайдың салдарынан біреулер уағыздауға аз шығып немесе енжар болып қалады (Марқа 4:18, 19). Оларды қауым кездесулерінде көрмеуіміз мүмкін. Дегенмен жүректерінде Құдайға деген сүйіспеншілік өшпеген болар. ‘Әлсіздердің’ сенімін қалай нығайтуға болады? Ақсақалдар үйлеріне барып, оларды достық ықыласпен жігерлендіріп тұра алады (Елшілердің істері 20:35, ЖД). Олар қауымның басқа да мүшелерінен көмек көрсетуін сұрауы мүмкін. Бауырластардың сүйіспеншілікпен көңіл бөлгені әлсіздердің аяққа тұрып кетуіне қажет көмек болып шығуы мүмкін.
14, 15. Бауырластардың сенімін нығайтуға байланысты Пауыл қандай кеңес берді? Сол кеңестің бір қауымда қалай қолданылғанын айтып беріңдерші.
14 Киелі кітап бізге: ‘Жасқаншақтарға жігер беріңдер; әлсіздерді қолдаңдар’,— деген өсиет береді (1 Салониқалықтарға 5:14). Бәлкім “жасқаншақтар” өздерінің күш-жігері таусыла бастағанын, біреудің жәрдемінсіз алдында тұрған кедергіні жеңе алмайтынын түсінетін шығар. Оларға қол ұшын бере аласың ба? “Әлсіздерді қолдау” деген тіркес әлсіз адамдарды “мықтап ұстау” немесе “айырылмау” деген мағынаны білдіреді. Ехоба өз отарын жақсы көреді және аялап әлпештейді. Оған бәрі де бағалы, ешқайсысының адасып кеткенін қаламайды. Қауымдағы әлсіздер рухани бекігенше, оларды “мықтап ұстауға” көмектесе аласың ба? (Еврейлерге 2:1).
15 Бір ақсақал алты жыл бойы енжар болған ерлі-зайыптылардың үйіне барады. Ол былай деп жазды: “Бүкіл қауымның танытқан мейірімі мен сүйіспеншілігі оларға күшті ықпал етіп, отарға қайта қосылуларына септігін тигізді”. Енжар болған бір әйел бауырлас қауым мүшелерінің өзіне келіп тұрғанынан қандай әсер алған? Ол былай деді: “Қайтадан белсенді қызмет ете бастауымызға әсер еткені — келіп тұрған бауырластардың өздері де, қастарына еріп келгендердің де, бізге айыптамай, сынамай қарағаны. Олар жағдайымызға түсіне қарап, Жазбалардан жігерлендіретін ойлармен бөлісті”.
16. Мұқтаж болғандарға әрқашан көмектесуге дайын тұратын кім?
16 Шынайы мәсіхші бауырластарына тірек болуға қуанышты, бұған күмән жоқ. Өмірде түрлі жағдайлар болып тұратындықтан, өзіміз де біреудің нығайтқанын керек етіп қалуымыз мүмкін. Бірақ шындыққа тура қараған дұрыс, себебі мұқтаж болғанда, бізге көмек беретін адам болмай қалуы да мүмкін. Алайда күш-жігердің кез келген уақытта алуға болатын Көзі бар. Ол — әрқашан көмектесуге дайын тұратын Ехоба Құдай (Забур 26:10).
Ехоба — күш-жігердің негізгі қайнар Көзі
17, 18. Ехоба Ұлы Иса Мәсіхті қалай нығайтқан?
17 Бағанаға шегеленген Иса қатты дауыспен айқайлап: “Әке, Сенің қолыңа рухымды тапсырамын!” — деді де, өлді (Лұқа 23:46). Ол өлімінен не бары бірнеше сағат бұрын тұтқындалған және сол кезде жақын достары қорыққандарынан оны тастап қашып кеткен болатын (Матай 26:56). Иса үшін күш-жігердің жалғыз ғана Көзі көктегі Әкесі қалды. Оның Ехобаға арқа сүйегені бекер болған жоқ. Исаның ‘шексіз берілгендігі’ үшін алған сыйы — Ехобаның “шексіз берілгендікпен” оны нығайтқаны (Забур 18:25, ЖД [17:26]; Еврейлерге 7:26, ЖД).
18 Жердегі қызметінің басынан аяғына дейін Иса Ехобадан адалдық сақтауына қажеттінің бәрін алып отырды. Мысалы, Иса қызметіне кіріскенін білдіріп шомылдыру рәсімінен өткен кезде, Әкесінің қолдайтынын және сүйетінін білдірген даусын естіді. Иса біреудің нығайтқанын қажет еткен кезде, Ехоба періштелерін жіберіп күш берді. Жердегі өмірінің соңындағы ең ауыр сынақ кезінде Ехоба оның жалбарына айтқан дұғаларын тыңдап қабыл алды. Бұның бәрі Исаға тірек болғанында күмән жоқ (Марқа 1:11, 13; Лұқа 22:43).
19, 20. Қиналған шақта Ехоба бізге күш-жігер беретініне неге сенімді болуымызға болады?
19 Ехоба біз үшін де күш-жігердің негізгі Көзі болғысы келеді (2 Шежірелер 16:9). Құдіретті зор күштің нағыз Көзі бізге қиналған шақта тірек бола алады (Ишая 40:26). Соғыс, мұқтаждық, ауру, өлім, жеке бастың кемшілігі — бұның бәрі еңсемізді басқан ауыр жүк болуы мүмкін. Өмірдегі қиындықтар “күшті жау” секілді бізді жеңе бастағанда, Ехоба біздің күш-қуатымыздың қайнар көзі бола алады (Забур 17:18; Мысырдан шығу 15:2). Оның бізге көмектесетін күшті құралы — киелі рухы — бар. Сол арқылы Ехоба “қалжырағанға қуат сыйлайды”, сөйтіп, ол “қырандай қанаттарын жаяды кеңге” (Ишая 40:29, 31).
20 Құдайдың рухы — бүкіл ғаламдағы ең құдіретті күш. Пауыл: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәріне де төзе аламын”,— деген. Иә, сүйіспеншілікке толы көктегі Әкеміз жақында Жұмақ орнаған жерде ‘бәрін де жаңадан жаратады’. Сол уақытқа дейін жанға батқан қиындықтарға төзу үшін ол бізге ‘өз күшімізден артық күш’ бере алады (Філіпіліктерге 4:13, ЖД; 2 Қорынттықтарға 4:7, ЖД; Аян 21:4, 5).
[Сілтеме]
a Бір сөздікте: “Етістіктен туындаған [паригори́а] сөзі ауырсынуды басатын дәріні білдіреді”,— делінген (Vine’s Complete Expository Dictionary of Old and New Testament Words, by W. E. Vine).
Естеріңде ме?
• Римдегі бауырластар Пауылға “тірек” болуларымен қандай қызмет көрсетті?
• Қауымдағыларға “тірек” болу үшін не істей аламыз?
• Ехоба қалай біз үшін күш-жігердің негізгі Көзі бола алады?
[29-беттегі сурет]
Ақсақалдар отарды нығайтуда басшылықты қолдарына алады
[30-беттегі сурет]
Бауырластар адалдықпен қолдап, жігерлендіріп, қызмет көрсету арқылы Пауылға “тірек” болды