Жастар, келешектің негізін қалап жатырсыңдар ма?
“Сендерге қатысты ниетімді өзім ғана білемін... ниетім қара емес, қайта, сендерге болашақ пен үміт беретін ізгі” (ЕРЕМИЯ 29:11).
1, 2. Жастық шаққа байланысты қандай түрлі көзқарастар болуы мүмкін?
ЕРЕСЕК адамдардың көпшілігі жастық шақты өмірдің ғажап кезеңі деп есептейді. Жастықтың жалыны мен ынта-жігері естерінде. Олар жауапкершілігі шамалы, ойын-күлкісі мол және болашақтың есігі кеңінен ашық тұрған сол шақтарын сағынышпен еске алады.
2 Жас болсаң, қазіргі шағың жайлы ойың басқаша шығар. Мүмкін, көңіл-күйің мен бойыңдағы өзгерістерге бейімделу қиын болып жүрген шығар. Мектепте құрбыларыңнан қысым да көріп жүрген боларсың. Есірткі, ішімдік пен азғындық дегендердің ықпалына қарсы тұруға көп күш жұмсап жүрген шығарсың. Сондай-ақ көпшілігің бейтараптыққа не сеніміңе қатысты басқа да мәселелермен кездесесіңдер. Иә, жастық шақта қиындықтар болуы мүмкін. Бірақ ол, шын мәнінде, мүмкіндіктерге толы кез. Мәселе сол мүмкіндіктерді қалай қолданатыныңда.
Жастықтың рақатын көр
3. Сүлеймен жастарға қандай кеңес пен ескерту берді?
3 Үлкендер саған жастықтың уақытша екенін айтар, ол рас та. Бірнеше жылдан соң жастық шағың өтеді де кетеді. Олай болса, жастықтың рақатын көріп қал! Бұндай кеңесті берген Сүлеймен патша былай деген болатын: “Бозбала, албырт шағыңда ойна да күл, жүрегің албырт жастықтың қуанышын да көрсін және жүрегің сезген, көзің көрген жолмен жүр”. Алайда Сүлеймен: “Жүрегіңе мұң ұялатпа, тәніңе зұлымдық жолатпа”,— деп ескертті. Әрі қарай ол: “Балалық шақ та [“албырт кез”, ЖД], жастық шақ та бос әурешілік”,— деді (Екклесиаст 11:9, 10).
4, 5. Неліктен жастардың болашаққа дайындалғаны ақылдылық болар еді? Мысал келтір.
4 Сүлейменнің не дегісі келгенін ұқтың ба? Бұны келесі мысалмен түсіндіруге болады: бір жас адам үлкен сыйлық алады, бәлкім, мұраға қалған көп ақша болар. Енді оны не істейді? Исаның астарлы әңгімесіндегі адасқан ұлға ұқсап, ол бар байлығын ойын-күлкіге бола оңды-солды шаша алады (Лұқа 15:11—23). Бірақ ақшасы таусылғанда қандай күй кешеді? Соншалықты жауапкершіліксіз болғанына өкінер еді. Ал егер ол сыйлықты болашағының қамына жұмсаса, мысалы, ақылға салып көп бөлігін пайда әкелетін іске жұмсаса ше? Ақырында соның пайдасын көріп жүріп, кезінде сол ақшаны жастық шақтың қызығына жұмсамаппын деп өкінер ме еді? Әрине, өкінбес еді.
5 Жастық шағыңды Құдайдың берген сыйы деп қарастыр, ол шынында да солай. Оны не нәрсеге жұмсайсың? Қызық қуып, келешегіңнің қамын ойламай, бар күшің мен ынта-жігеріңді қалаған нәрселеріңе жұмсай аласың. Бірақ солай істесең, ‘албырт кезің де, жастық шағың да’, шын мәнінде, “бос әурешілік” болып шығады. Одан да жастық шақты болашаққа дайындалуға жұмсаған әлдеқайда жақсы емес пе?!
6. а) Сүлеймен жастарға басшылық болатын қандай кеңес берді? ә) Ехоба жастарға не бергісі келеді және олар оның игілігін қалай көре алады?
6 Сүлеймен жастық шақты ең жақсы кезең етуге көмектесетін принципті көрсетіп: “Жаратушыңды жастық шағыңда есте сақта”,— деді (Екклесиаст 12:1). Демек, жетістіктің кілті — Ехобаны тыңдау мен оның еркін орындау. Ехоба ежелгі Исраил үшін не істегісі келетінін айтып: “Сендерге қатысты ниетімді өзім ғана білемін... ниетім қара емес, қайта, сендерге болашақ пен үміт беретін ізгі”,— деген (Еремия 29:11). Ехоба саған да “болашақ пен үміт” бергісі келеді. Іс-әрекеттеріңмен, ойыңмен, шешіміңмен оны естен шығармасаң, осы ‘болашақ пен үмітке’ ие боласың (Аян 7:16, 17; 21:3, 4).
“Құдайға жақындаңдар”
7, 8. Жастар Ехобаға қалай жақындай алады?
7 Жақып: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деген сөздермен бізді Ехобаны естен шығармауға шақырған (Жақып 4:8). Ехоба — Жаратушы, көктегі Әмірші және ол ғибадат пен мадақтың барлығына лайық (Аян 4:11). Әйтсе де, біз оған жақындайтын болсақ, ол да бізге жақындайды. Оның бізге деген сүйіспеншілігі мен ықыласын көріп, жүрегіміз елжіремей ме?! (Матай 22:37).
8 Ехобаға жақындаудың жолы көп. Мысалы, елші Пауыл: “Әрдайым Құдайға сиынып, рухани сергек те шыдамды болып, шүкірлік ете беріңдер!” — дейді (Қолостықтарға 4:2). Басқаша айтқанда, дұға етуді әдетке айналдыру керек. Әкең немесе қауым кездесуінде бауырластар дұға айтқанда, соларға қосылып “Аумин” деумен қанағаттанып қоя салма. Жеке өзің Ехобаға ішіңдегіні ақтарып, не ойлайтыныңды, не нәрсе мазалайтынын, я қинайтынын айтасың ба? Біреуге айтуға қысылатын сырыңды оған ашасың ба? Еш нәрсені жасырмай, шын көңілмен айтылған дұға жанға тыныштық береді (Філіпіліктерге 4:6, 7). Бұндай дұғалар бізге Ехобаға жақындауға және оның бізге жақындағанын сезуге көмектеседі.
9. Жастардың Ехобаны қалай тыңдауына болады?
9 Ехобаға жақындаудың тағы бір жолын Құдай рухының жетелеуімен жазылған келесі сөздерден көреміз: “Ақылды болам десең, кеңеске құлақ асып, түзетуді қабыл ал” (Нақыл сөздер 19:20). Иә, Ехобаны тыңдап, оған мойынсұнсаң, келешегіңнің негізін қалап жатқаның. Ехобаны тыңдайтыныңды қалай көрсете аласың? Қауым кездесуінен қалмай, бағдарламаны тыңдап жүргенің күмәнсіз. Сондай-ақ Киелі кітапты отбасымен зерттеуге қатысып, ‘ата-анаңды сыйлап’ жүрсің (Ефестіктерге 6:1, 2; Еврейлерге 10:24, 25). Бұл — мақтауға тұратын іс. Алайда сен кездесулерге дайындалу, Киелі кітапты үнемі оқып және зерттеу үшін де ‘уақыттың құнын өтеп алып’ жүрсің бе? Ақылды адам болу үшін оқығаныңды іс-жүзінде қолдануға тырысасың ба? (Ефестіктерге 5:15—17, ЖД; Забур 1:1—3). Осылай істеп жүрген болсаң, Ехобаға жақындап жатқаның.
10, 11. Ехобаны тыңдаудың жастарға қандай зор пайдасы бар?
10 Киелі рухтың жетелеуімен Нақыл сөздер кітабын жазушы алғашқы тармақтарында сол кітаптың қандай мақсатпен жазылғанын түсіндірген. Оның мақсаты — “даналық пен тағылымды білдіріп, парасатты сөздерді ұғындыру, әділдік, дұрыс іс, ақ ниетке бағыттап, тәртіпті, саналы өмір иеленту, ақылы толмағанға ақыл беріп, жастарға білім, саналылық сыйлау” (Нақыл сөздер 1:1—4). Олай болса, сен Нақыл сөздерді, сонымен қатар Киелі кітаптың басқа да кітаптарын оқып, ондағыны іс жүзінде қолдану арқылы бойыңда әділдік пен ақ ниет дамытасың және Ехоба сенің оған жақындағаныңа қуанатын болады (Забур 15:1—5). Оның үстіне, сен дұрыс іске, саналылыққа үйреніп, ақыл мен біліміңді арттырған сайын, жасаған шешімдерің әлдеқайда жақсы бола түседі.
11 Жастар осындай даналыққа сай әрекет етеді деп күтуге бола ма? Болады, себебі көптеген жас мәсіхшілер солай етіп жүр. Нәтижесінде басқалар оларды “жас деп менсінбей” жүрген жоқ, қайта, құрметтейді (1 Тімотеге 4:12). Ондай жастарды ата-анасы лайықты түрде мақтаныш тұтады, ал Ехоба олардың өзінің жүрегін қуантатынын айтады (Нақыл сөздер 27:11). Олар жас болса да, киелі рухтың жетелеуімен айтылған: “Адал адамды бақылап, әділ адамға қара, себебі бұндай адамның болашағы тыныштық”,— деген сөздердің өздеріне де қатысты екеніне сенімді болуларына болады (Забур 36:37).
Дұрыс нәрселерді таңда
12. Жастардың не нәрсені дұрыс таңдағаны маңызды және неліктен сол шешімнің нәтижесі ұзақ уақыт бойы сезіледі?
12 Жастық шақта көп нәрсені таңдау керек болады, әрі олардың кейбіреулері өте маңызды. Қазір қабылдаған шешімдеріңнің нәтижесі ұзақ уақыт сезілуі мүмкін. Ақылға салып шешкен болсаң, өмірің бақытты да жемісті болады. Ойланбай таңдай салған болсаң, өмір бойы опық жейсің. Бұның қаншалықты рас екенін көру үшін таңдауың керек екі нәрсені қарастырайықшы. Біріншісі — араласатын орта. Бұл неліктен маңызды? Нақыл сөздерде былай делінген: “Ақылдымен араласқан ақылды болады, ал кім ақымақпен дос болса, азғындық жолға түседі” (Нақыл сөздер 13:20). Басқаша айтқанда, араласатын ортамыз қандай болса, ақыр соңында біз де сондай боламыз: не ақылды не ақымақ. Сен қандай адам болғың келеді?
13, 14. а) Араласатын ортаға адамдардан басқа не жатады? ә) Жастар қандай қате пікірден аулақ болулары керек?
13 Араласатын орта дегенді адамдар деп түсінетін шығарсың. Оның дұрыс, бірақ оған адамдар ғана жатпайды. Теледидар бағдарламаларын көргенде, ән-күй тыңдағанда, кітап оқығанда, киноға барғанда немесе Интернетті қолданғанда да сен біреумен араласасың. Бұндай орта бұзақылық пен азғындыққа қызықтырса немесе сені есірткі қабылдауға, ішімдікке, не Киелі кітап принциптеріне қайшы істерге тартса, онда сенің Құдайды жоқ дейтін ‘ақылсыздармен’ араласатын болғаның (Забур 13:1).
14 Бәлкім, мәсіхшілердің кездесуіне барып, қауым істеріне белсене қатысып жүргендіктен, жеткілікті рухани күштімін деп ойларсың. Сондықтан ұрыс-төбелеске толы фильмді көру немесе сөзі күмән тудыратын болса да, әуені жақсы әнді есту маған әсер ете қоймайды дерсің. Мүмкін, Интернеттің Web-сайт беттерінен әдепсіз жыныстық қатынастарға жай көз жүгіртіп өткен зиян емес деп ойларсың. Елші Пауыл бұндай ойдың қателесу екенін көрсетіп, саған былай дейді: “Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады” (1 Қорынттықтарға 15:33). Өкінішке орай, көптеген талапты жас мәсіхшілер жаман ортаның әсеріне түсіп, адал әдеттерінен айырылып қалды. Сондықтан бұндай ортадан аулақ жүру ниетің берік болсын. Сонда Пауылдың келесі кеңесін ұстанатын боласың: “Күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін, ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар” (Римдіктерге 12:2).
15. Жастарға таңдау керек екінші нәрсе не және кейде бұған қатысты қандай қысым көрсетіледі?
15 Таңдауың керек екінші нәрсе. Мектеп бітірген соң немен айналысатыныңды таңдауың керек болады. Егер сен тұратын елде жұмыс табу қиын болса, бар мүмкіндіктің ең жақсысын жіберіп алмау керек деп ойларсың. Ал егер әл-ауқатты елде тұратын болсаң, қандай мамандықты қаласаң да жол ашық, тіпті кейбірі дәрежелі, табысы мол жақсы мамандық болуы мүмкін. Мұғалімдерің не ата-анаң шын көңілден қамыңды ойлап, қаржы жағынан қиналмайтындай, тіпті баюға жол ашатын мамандықты таңдауға ықпал етер. Алайда бұндай мамандықты игеруге көп уақыт кетіп, Ехобаға қызмет ететін уақытыңды шектеуі мүмкін.
16, 17. Келтірілген Жазба орындарының жастарға мамандық таңдағанда дұрыс көзқарас сақтауға қалай көмектесе алатынын түсіндіріңдер.
16 Шешім қабылдамас бұрын Киелі кітаппен кеңесуді ұмытпа. Киелі кітап еңбек етуге шақырады, себебі өз-өзімізді асырауға міндеттіміз (2 Салониқалықтарға 3:10—12). Алайда бұл мәселенің ескеру керек басқа да жақтары бар. Сені келесі Жазба орындарын оқып, олардың мамандық таңдағанда дұрыс көзқарас сақтауыңа қалай көмектесетіні жайлы ой жүгіртуге шақырамыз: Нақыл сөздер 30:8, 9; Екклесиаст 7:11, 12; Матай 6:33; 1 Қорынттықтарға 7:31; 1 Тімотеге 6:9, 10. Оқып шығып, бұл мәселеге Ехобаның қалай қарайтынын байқадың ба?
17 Жұмыс ешқашан Ехобаға қызмет етуден маңызды болып кетпеу керек. Орта білім алып шыққаннан соң лайықты жұмыс таба алсаң, ол жақсы. Ал егер қосымша білім алу қажет болса, онда бұны ата-анаңмен талқылауың керек. Алайда “әлдеқайда маңызды” рухани нәрселер көзден таса болып қалмасын (Філіпіліктерге 1:9, 10). Еремияның хатшысы Варух сияқты қателік жасап қойма. Ол қызметтегі артықшылығын бағалаудан қалып, ‘өзіне тым ұлы нәрсе сұрай’ бастаған (Еремия 45:5). Бұл дүниеде ешбір “ұлы нәрсе” Ехобаға жақындатпайтынын немесе Иерусалим жойылғанда аман алып қалмайтынын ол бір сәтке естен шығарып алған еді. Біздің күнімізге қатысты да солай деуге болады.
Рухани нәрселерді бағала
18, 19. а) Айналаңдағы адамдардың көпшілігі неден қиналып жүр және олардың жағдайы саған қалай әсер ету керек? ә) Неліктен кейбіреулер рухани аш екендіктерін сезбейді?
18 Бұқаралық ақпарат құралдарынан аштық жайлаған елдердегі балалардың суретін көргенсің бе? Көрген болсаң, оларға қатты жаның ашыған шығар. Ал енді айналаңдағы адамдарға да осылай жаның аши ма? Неге оларға жаның ашу керек? Өйткені олардың көпшілігі ашығып жүргендер. Олар Амос пайғамбар айтқан аштықтан қиналып жүр. Ол былай деген: “Міне, нанның жоқтығынан ашығу, не судың тапшылығынан сусау емес, Құдай сөздерін есту аштығын жіберетін күндер жақындап келеді” (Амос 8:11).
19 Рас, рухани аштықтан қиналып жүргендердің басым көпшілігі өздерінің ‘рухани мұқтаждықтарын мойындамайды’ (Матай 5:3, ЖД). Көп адам рухани аш екендіктерін сезбейді. Кейбіреулер тіпті өздерін тоқ сезінуі мүмкін. Себебі олар пайдасыз ‘күнәкар дүниенің даналығымен’, яғни дүниеқұмарлық, ғылыми жорамалдар, құлықтылық жайлы түрлі көзқарастар мен басқа да нәрселермен азықтанып жүр. Кейбіреулер қазіргі заманның бұндай “даналығы” Киелі кітап ілімінің ескіргенін көрсетеді деп ойлайды. Алайда ‘адамзат тіпті ең кемеңгер деген ой-санасымен де Құдайды тани алмады’. Осы дүниелік даналық сені Құдайға жақындата алмайды. Ол даналық — “Құдай алдында ақымақтық” қана (1 Қорынттықтарға 1:20, 21; 3:19).
20. Ехобаға қызмет етпейтіндерге қызығу неге парасаттылыққа жатпайды?
20 Аш балалардың суретін көргенде, солардың орнында болғың келген бе? Әрине, жоқ. Алайда мәсіхші отбасында өскен кейбір жастар айналасындағы рухани аш адамдарға ұқсағысы келеді. Ондайлар осы дүниедегі жастар уайым-қайғысыз, тек ойнап-күліп қана жүр деп ойласа керек. Сөйтіп, ол жастардың құдайсыздар екенін ұмытады (Ефестіктерге 4:17, 18). Сондай-ақ олар рухани аштықтың қайғылы салдарын естен шығарып алған. Мысалы, жасөспірімдердің қалаусыз жүктілігі, азғындықтың тәндік және эмоциялық қасіреті, темекі шегу, маскүнемдік пен есірткі қабылдау болуы мүмкін. Рухани аштық бүлікшілік рухқа, үмітсіздік пен мән-мағынасыз тіршілікке жеткізеді.
21. Ехобаға ғибадат етпейтіндердің теріс көзқарастарынан өзімізді қалай қорғай аламыз?
21 Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, Ехобаға ғибадат етпейтін сыныптастарыңның арасында жүргенде, олардың көзқарасы сендердің көзқарастарыңды жеңіп кетпесін (2 Қорынттықтарға 4:18). Кейбіреулер рухани нәрселерді келеке етеді. Оның үстіне, ақпарат құралдары азғындықтың, ішімдік ішу немесе бейпіл ауыз сөйлеудің еш оғаштығы жоқ дегенге иландыруға тырысады. Ондай көзқарасты қабылдамауға тырыс. ‘Сенімі мен ар-ұжданын таза ұстайтын’ адамдардың ортасында жүре бер. ‘Иеміздің ісін әрдайым молынан істейтін бол!’ (1 Тімотеге 1:19; 1 Қорынттықтарға 15:58). Қауымның ісі және уағыздау ісімен қызу айналыс. Мектепте оқып жүріп те арагідік қосалқы ізашар ретінде қызмет етіп тұруға тырыс. Рухани күйіңді осылай нығайту арқылы дұрыс көзқарасыңды жоғалтпайсың (2 Тімотеге 4:5).
22, 23. а) Неге жас мәсіхшілердің таңдаған нәрселерін жиі басқалар түсінбейді? ә) Жастар не істеуге шақырылады?
22 Рухани көзқараспен қабылдаған шешімді басқалар түсінбеуі әбден мүмкін. Мысалы, бір жас мәсіхші ән-күйден дарынды және барлық пәннен де озат оқушы болатын. Мектеп бітірген соң, толық уақытты уағыздаушы, не ізашар, болу мақсатына жету үшін әкесіне қосылып, әйнек-терезе жуатын іспен айналысады. Мұғалімдер оның неге бұндай жұмысты таңдағанын сол күйі түсінбеді. Алайда сен Ехобаға жақындаған болсаң, сенің оны түсінгеніңе күмәніміз жоқ.
23 Бағалы жастық шағыңды қалай дұрыс өткізуге болатынын қарастырып, ‘өзіңе келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік шынайы өмірді берік ұстан’ (1 Тімотеге 6:19). ‘Жаратушыңды жастық шағыңда’ да, өмір бойы да, ‘есте сақтау’ шешімің берік болсын. Тек осы ғана ешқашан таусылмайтын бақытты болашаққа негіз бола алады.
Қандай тұжырым жасадыңдар?
• Жастарға келешектің қамын жасауға Құдай Сөзіндегі қандай кеңес көмектеседі?
• Жастардың ‘Құдайға жақындай’ алуының қандай жолдары бар?
• Жастардың келешектеріне әсер ететін шешімдердің кейбірі қандай?
[25-беттегі суреттер]
Албырт шағыңдағы күш-жігеріңді өз мүддең үшін жұмсайсың ба?
[27-беттегі сурет]
Ақылды жас мәсіхшілер рухани нәрселерді көзден таса қалдырмайды