Ехобаның қызметшілерінің берік үміті бар
“Жақыптың тамтығы көп елдер арасындағы Тәңірден келген шық іспетті... болады. Ол адамға кіріптар болмайды [“үміт артпайды”, ЖД]” (МИХА 5:7).
1. Қалай рухани Исраил адамдардың көңілін сергітеді?
ЖАҢБЫР мен шық Ұлы Жаратушы Ехобаның қолынан шыққан. Адам баласы жаңбыр жаудырып, шық түсіре алады деп үміттену бекер. Миха пайғамбар былай деген: “Жақыптың тамтығы көп елдер арасында Тәңірден келген шық іспетті, шөпке жауған жаңбырдай болады. Ол адамға кіріптар болмайды [“үміт артпайды”, ЖД] да, адам баласына арқа сүйемейді де” (Миха 5:7). Бүгінде “Жақыптың тамтығы” деген кімді білдіреді? Ол — рухани Исраил, ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ тамтығы (Ғалаттықтарға 6:16). Олар жер бетіндегі “көп елдер” үшін көңілді сергітетін “Тәңірден келген шық”, ‘шөпке жауған жаңбыр’ іспетті. Иә, бүгінде майланған мәсіхшілер — адамдар үшін Құдайдың батасы. Ехоба оларды Патшалығы туралы жариялаушылар ретінде қолданып, адамдарға берік негізі бар үміт туралы хабарын жеткізуде.
2. Неге алаңдатушылыққа толы дүниеде өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, біздің үмітіміз берік?
2 Қазіргі дүниеде берік негізі бар үміттің жоқ екені таңқалдырмайды. Шайтан Ібіліс билігіндегі дүниеден саяси тұрақсыздық, өнегеліліктің құлдырауы, қылмыскерлік, экономикалық дағдарыс пен терроризм сияқты нәрселерді күтеміз (1 Жохан 5:19). Көптеген адамдар болашаққа үрейлене қарайды. Алайда біз, Ехобаның қызметшілері, қорықпаймыз, өйткені болашаққа деген негізі берік үмітіміз бар. Үмітіміз Құдай Сөзіне негізделгендіктен берік. Ехоба өз уәдесін әрқашан орындайды, сондықтан біз Оның өзіне де, Сөзіне де сенеміз.
3. а) Неге Ехоба Исраил мен Яһудаға қарсы әрекет жасамақшы болған? ә) Неге Миханың сөздерін бүгінде де қолдануға болады?
3 Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Миха кітабы Ехобаның атымен жүру үшін нығайтады, әрі үмітіміздің берік болуына негіз береді. Миха пайғамбарлық еткен б. з. б. VIII ғасырда Құдаймен келісімде тұратын халық екі елден, Исраил және Яһудадан, тұрып, екеуі де Құдайдың келісіміне немқұрайды қарайтын. Соның нәтижесінде өнегелілік құлдырап, жолдан таюшылық пен нысапсыздықпен дүние жинау кеңінен етек алады. Сондықтан Ехоба оларға қарсы әрекет ететінін ескерткен. Әрине, Ехобаның ескертуі тікелей Миханың замандастарына қатысты еді. Алайда қазіргі жағдайдың Миханың заманындағыға қатты ұқсас болғаны соншалық, оның сөздерін бүгінде де қолдануға болады. Миха кітабының жеті тарауындағы кейбір ойларды қарастыру барысында мұның растығына көз жеткіземіз.
Миха кітабына шолу
4. Миха кітабының алғашқы үш тармағында қандай мәлімет бар?
4 Миха кітабына қысқаша шолу жасап көрейік. Бірінші тарауда Ехоба Исраил мен Яһуданың жаман қылығын әшкерелейді. Исраил қылмысы үшін жойылады, ал Яһуданың жазасы Иерусалимнің қақпаларына дейін жетеді. Екінші тарауда байлар мен күштілердің әлсіздер мен дәрменсіздерге қысым көрсететіні айтылады. Бірақ онда Құдайдың уәдесі де бар. Оның халқы біртұтас болып бірігетін болады. Үшінші тарауда Ехобаның халық басшылары мен заңсыздық жасаушы пайғамбарларға қарсы айтқан сөздері жазылған. Әкімдер әділдікті бұрмалап, пайғамбарлар жалған сөйлейді. Осыған қарамастан, киелі рух Михаға Ехобаның сотының таяп келе жатқанын жариялауға күш береді.
5. Миха кітабындағы 4, 5-тараудың мазмұны қандай?
5 Төртінші тарауда соңғы күндері барлық халықтар Ехобадан тәлім алу үшін, оның киелі үйі тұрған заңғар тауға ағылып келетіні алдын ала айтылған. Оған дейін Яһуда Бабылға тұтқындыққа алынады, бірақ Ехоба оларды босатады. Бесінші тарауда Мәсіхтің Яһудеядағы Бетлехемде туылатыны айтылған. Ол өз халқын бақташыдай бағып, қанаушы халықтардан құтқарады.
6, 7. Миха пайғамбарлығының 6, 7-тарауларында қандай ойлар бар?
6 Миха кітабының алтыншы тарауында Ехоба өз халқын сот мәжілісіндегідей айыптайды. Өз халқы қарсы шығатындай, Ехоба не істеді? Ештеңе де істеген жоқ. Шындығына келгенде, оның талаптары өте орынды. Ол халқының әділ әрекет етуін, мейірімді болуын және Өзінің алдында кішіпейілділікпен жүруін қалайды. Ал Исраил мен Яһуда болса, оған қарсы шығады, бірақ сонысының жемісін көреді.
7 Пайғамбарлықтың соңғы тарауында Миха замандастарының зұлымдығын айыптайды. Бірақ ол өзі Ехобаны күтуге белін бекем буғандықтан, жігерінен айырылмайды (Миха 7:7, ЖД). Кітап Ехобаның өз халқына мейірімділік көрсететінін білдіретін сенімге толы сөздермен бітеді. Тарихтан сол үміттің бекер болмағаны көрінеді. Б. з. б. 537 жылы халқын жөнге салған уақыты аяқталғанда, Ехоба мейірімділікпен халқының тамтығын отандарына қайтып әкелді.
8. Миха кітабы мазмұнының түйінін қалай айтып берер едіңдер?
8 Ехоба Миха арқылы қандай керемет мәліметті ашқан десеңші! Киелі рухтың жетелеуімен жазылған осы кітапта Құдайдың оған қызмет етеміз деп, бірақ адалдық танытпайтындарға не істейтініне қатысты ескерту болатын мысалдар бар. Онда бүгінде болатын оқиғалар алдын ала айтылған. Сонымен қатар осындай ауыр кезеңде үмітіміз берік болу үшін, қалай жүріп-тұру керектігімізге қатысты Құдайдың кеңестері жазылған.
Әлемнің Әміршісі Ехоба сөйлейді
9. Миха 1:2-тармағына сай Ехоба не істемек болған?
9 Енді Миха кітабын толығырақ қарастырайық. Миха 1:2-тармағынан біз мынаны оқимыз: “Барлық халықтар тыңдаңдар, жер жүзі мен оны мекендейтіндердің барлығы құлақ салыңдар! Тәңір Құдай, Тәңір өзінің киелі ғибадатханасынан сендерге қарсы куә болсын!” Егер сен Миханың заманында өмір сүргеніңде, осы сөздер сөзсіз назарыңды аудартар еді. Себебі Ехоба өзінің киелі ғибадатханасынан Исраил мен Яһудаға ғана емес, жер жүзіндегі бүкіл адамдарға сөйлеп тұр. Миха пайғамбарлық еткен тұста, халықтың Әлемнің Әміршісінің сөздеріне немқұрайды қарағанына өте ұзақ уақыт болған. Жуырда жағдай өзгеру керек-тін. Ехоба әрекет етуге дайын еді.
10. Неге Миха 1:2-тармағында айтылған сөздер біз үшін маңызды?
10 Бүгінгі күні де солай. Аян 14:18—20-тармақтарынан көрінетініндей, Ехоба тағы да киелі ғибадатханасынан сөйлеуде. Ол жуырда шешуші әрекетін жүзеге асырады, сондағы маңызды оқиғалар тағы да адамдарды дүр сілкіндіреді. Сол уақытта жердегі зұлым “жүзім бұтасының шоқтары” кесіліп, Ехобаның зор қаһарының шырын сығатын үлкен орнына тасталады да, Шайтанның дүниесі толығымен жойылады.
11. Миха 1:3, 4-тармақтарындағы сөздер нені білдіреді?
11 Ехобаның не істейтініне құлақ салшы. Миха 1:3, 4-тармақтарында былай делінген: “Өйткені, міне, Тәңір Өз орнынан түсіп, жердің биік төбелерін басады. Сонда оның аяғының астындағы таулар балқып, аңғарлар айырылып, от шарпыған балауыздай, жардан аққан судай болады”. Ехоба тура мағынада көктегі тұрағынан түсіп, Уәде етілген жердің таулары мен аңғарларын баса ма? Жоқ. Оған бұлай етудің қажеті жоқ. Өз еркін жүзеге асыру үшін, оның жер бетіне көңіл аударғанының өзі жеткілікті. Оған қоса, қасірет шегетін тура мағынадағы жер емес, адамдар. Ехобаның әрекет етуі адалдығын сақтамағандар үшін қасірет болады: балқыған балауыздай, жер сілкінісінен айырылып-айырылып кеткен аңғар іспетті болады.
12, 13. 2 Петір 3:10—12-тармақтарына сәйкес, үмітіміздің берік болуы неге байланысты?
12 Миха 1:3, 4-тармақтарындағы сөздер сенің есіңе жер бетінде болатын қасіретті оқиғалар туралы алдын ала айтылған өзге бір пайғамбарлықты түсірген болар. 2 Петір 3:10-да елші Петір былай жазған: “Ұрының табан астынан түсетіні сияқты, Иеміздің қайта оралатын күні де білдіртпей кенеттен келмек. Сол күні аспан қатты шумен жоқ болып, дүниенің құрамдас бөліктері өртеніп құрып кетеді. Жердің өзі де, ондағы бүкіл жаратылыс пен адам қолымен істелгеннің бәрі де өртеніп жоқ болады”. Миханың пайғамбарлығы іспетті Петірдің де сөздері тура мағынадағы көк пен жерге қатысты емес. Әңгіме қазіргі зұлым дүниенің басына ауыр азап түсетіні жөнінде болып отыр.
13 Сондай қасіреттің төніп тұрғанына қарамастан, мәсіхшілер Миха іспетті болашаққа сенімділікпен қарай алады. Ол үшін не істеу керек? Петірдің хатындағы келесі кеңеске құлақ асу керек: “Сендер қандай болуларың керек? Жүріс-тұрыстарың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс! Себебі сендер Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілерің келеді” (2 Петір 3:11, 12). Үмітіміздің берік болуы жүрегімізді мойынсұнғыш болуға үйретіп, жүріс-тұрысымыздың қасиетті, ал өміріміз Құдайға ұнамды істерге толы болуын қадағалап отырғанымызға байланысты болады. Үмітіміз берік болу үшін Ехобаның күнінің міндетті түрде келетінін біз де есте ұстауға тиіспіз.
14. Неге Исраил мен Яһуда жазалануға лайық болған?
14 Ехоба ертедегі халқының не себепті жазалануға лайық болғанын түсіндіреді. Миха 1:5-те (ЖД) былай делінген: “Бұның барлығы Жақыптың лаң шығаруы мен Исраилдің күнәсі үшін болады. Жақыптың лаң шығаруы кімнен? Самариядан емес пе? Яһудада биіктеу жерлерге ғибадат орындарын орнатқан кім? Иерусалим емес пе?” Исраил мен Яһуда өздерінің халық ретінде пайда болғаны үшін Ехобаға борышты болған. Бірақ олар оған қарсы лаң шығарып, тіпті бұлары Исраил елінің астанасы Самария мен Яһуданың астанасы Иерусалимге дейін жетеді.
Зұлымдықтың көбеюі
15, 16. Миханың замандастары қандай зұлым істері үшін кінәлі болған?
15 Миханың замандастарының зұлымдықтары Миха 2:1, 2-тармақтарында айқын суреттелген: “Заңсыздық жасаудың жолын іздеп, төсегінде жатып алып зұлым істер ойлап табатындар қасіретке қалады! Олар сол істерін таң ата жүзеге асырады, өйткені қолдарында күштері бар. Егіндіктерді қалайды да, күштеп алады, үйлерді де тартып алады. Адамды да, үйін де, ер кісіні де, оның меншігін де талан-таражға түсіреді”.
16 Ашкөздер түнімен ұйқы көрмей, жақынының егіндіктері мен үйлерін қалай тартып алудың жолын ойлап шығады. Ал таң ата сол ойларын жүзеге асыруға асығады. Ехобамен келісімде тұрғандарын естерінде ұстаса, олар мұндай зұлым істерге бармас еді. Мұсаның заңында жарлыларды қорғау керектігіне қатысты қаулы болған. Мұса заңы бойынша ешқандай отбасы еншісіндегі меншігінен біржола айырылуына жол берілмейтін. Бірақ бұл ашкөз адамдарды қызықтырмайтын. Олар Леуіліктер 19:18-де жазылған “жақыныңды өзіңдей жақсы көр” деген сөздерді де елеусіз қалдыратын.
17. Құдайға ғибадат етеміз дейтіндер байлықты бірінші орынға қояр болса, не нәрсеге ұшырауы мүмкін?
17 Бұдан Құдайға ғибадат етеміз дейтіндер рухани мақсаттарды елеусіз қалдырып, байлықты бірінші орынға қойғанда не нәрсеге ұшырауы мүмкін екені көрінеді. Пауыл мәсіхші бауырластарына мынадай ескерту жасаған: “Баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі” (1 Тімотеге 6:9). Адам дүние-мүлік жинауды өміріндегі басты мақсаты етер болса, негізінде ол жалған тәңірге, яғни байлыққа, табынады. Ал бұл жалған тәңір болашаққа ешқандай үміт бермейді (Матай 6:24).
18. Миханың заманындағы дүниеқоңыздар не нәрсеге ұшырайды?
18 Миханың заманындағы көп адам байлыққа сенудің бос әурешілік екендігіне өз тәжірибелерінде көз жеткізеді. Миха 2:4-тармағында Ехоба былай дейді: “Сол күні сендер туралы астарлы әңгіме айтып, зар еңіреп жылап былай дейтін болады: — Біз тып-типыл боп талан-таражға түстік! Халқымның меншігі өзгелерге берілді. Енді қалай өзіме қайтарылмақ, егіндіктеріміз басқа ұлттарға бөлініп беріліп те қойды”. Иә, үйлер мен егіндіктерді талан-таражға түсірушілердің өздерінің де отбасының еншісіндегі меншіктері талан-таражға түседі. Олар шетелге тұтқынға алынып, меншіктері ‘басқа ұлттардың’ олжасына айналады. Жарқын болашаққа деген үміттері көзден бұлбұл ұшқандай болады.
19, 20. Ехобаға арқа сүйеген яһудилермен не болды?
19 Алайда Ехобаға арқа сүйегендердің үміттері алданбайды. Ехоба Ыбырайым және Дәуітпен жасасқан келісіміне адал әрі Миха іспетті Оны сүйіп, замандастарының Одан алыстап кеткеніне күйзелгендерге мейірімін түсіреді. Адал адамдар үшін Құдай өзі белгілеген уақытта бәрін қайта қалпына келтіреді.
20 Бұл б. з. б. 537 жылы Бабыл күйреп, яһудилердің тамтығы туған жерлеріне қайта оралғанда жүзеге асады. Сол уақытта Миха 2:12-де айтылған сөздер бірінші рет орындалады. Онда Ехоба: “Жақып, сені сөзсіз түгелдей жинап аламын, Исраилдің тамтығын да сөзсіз біріктіремін. Оларды Босордағы қойлар іспетті, қой қорадағы отар іспетті біртұтас етіп қосамын; олар адамның көптігінен шулайтын болады”,— дейді. Ехоба неткен сүйіспеншілікке толы еді! Халқын жөнге салғаннан кейін, Ехоба олардың тамтығының ата-бабаларына берілген жерге қайта оралып, Өзіне қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Біздің күндермен керемет ұқсастығы
21. Қай жағынан қазіргі жағдайлар Миханың заманындағы жағдайға ұқсайды?
21 Миха кітабының алғашқы екі тарауын қарастырғанда, оның бүгінгі күнмен керемет ұқсастығы барына көңіл аудардың ба? Миханың заманындағыдай бүгін де көп адамдар өздерін Құдайдың қызметшісіміз дейді. Алайда Яһуда мен Исраил іспетті олар өзара бөлініп, тіпті бір-бірімен соғысып жатады. Жиі христиан әлемінің бай адамдары кедейлерге қысым көрсетеді. Дінбасылары Киелі кітапта ашық айыпталатын іс-әрекеттерге төзімділік танытуға барған сайын бейім боп барады. Сондықтан жуырда христиан әлемі мен жалпы бүкіл “Ұлы Бабылдың”, яғни дүниежүзілік жалған дін империясының, жойылатыны таңғаларлық жайт емес (Аян 18:1—5). Десе де, Миханың заманындағыдай, жер бетінде Ехобаның адал қызметшілерінің тамтығы болады.
22. Қандай екі топ үміттерін Құдай Патшалығына артады?
22 1919 жылы майланған мәсіхшілер христиан әлемінен түбегейлі бөлініп, барлық ұлттарға Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау ісіне кірісті (Матай 24:14). Бастапқыда олар рухани Исраилдің қалған тамтығын іздеді. Сосын басқа қойларды жинау басталып, екі топ ‘бір-ақ Бағушысы бар біртұтас отар болды’ (Жохан 10:16). Ехобаның осы адал қызметшілері 234 елде қызмет етіп жүр, сөйтсе де олар ‘бірігіп’ қызмет етеді. Қазір қой қора “адамның”, ер кісілер, әйелдер мен балалардың, “көптігінен шулап” жатыр. Олар осы дүниеге емес, жақында жер бетінде Жұмақты қалпына келтіретін Құдай Патшалығына үміт артады.
23. Неге үмітіңнің берік екеніне сенімдісің?
23 Ехобаның адал қызметшілеріне қатысты Миха кітабының 2-тарауының соңғы тармағында: “Алдында патшалары барады, ал Тәңір бастап алып жүреді”,— делінген. Сен өзіңнің Ехобаның өзі бастап алып бара жатқан салтанатты шеруге қосылып бара жатқаныңды көресің бе? Патшаң Иса Мәсіхке еріп жүрсің бе? Егер солай болса, жеңімпаз болатыныңа және үмітіңнің берік екеніне сенімді болуыңа болады. Бұл Миха кітабының кейінгі тарауларындағы ойларды қарастырғанда анағұрлым айқындала түседі.
Қалай жауап берер едің?
• Неге Миханың заманында Ехоба Яһуда мен Исраилге қарсы әрекет етуді шешкен?
• Құдайға қызмет етіп жүрміз дейтіндер өмірлерінде байлықты бірінші орынға қояр болса, не болуы мүмкін?
• Неге Миханың алғашқы екі тарауын қарастырғаннан кейін, үмітіңнің берік екеніне сенімді болдың?
[7-беттегі сурет]
Миханың пайғамбарлығы бізді рухани нығайта алады