Біз Ехобаның есімімен мәңгілік жүретін боламыз!
“Біз Құдайымыз Тәңірдің [“Ехобаның”, ЖД] есімімен мәңгі жүретін боламыз” (МИХА 4:5).
1. Миха кітабының 3—5 дейінгі тарауларында қандай ойлар бар?
ЕХОБАНЫҢ өз халқына арналған хабары бар, әрі ол соны жеткізу үшін Миха пайғамбар арқылы сөйлейді. Құдай заңсыздық жасаушыларға қарсы әрекет етпек. Ол Исраилді жолдан тайғаны үшін жазаламақ. Бірақ қуанышқа орай, Ехоба өзінің есімімен жүргендерге батасын төгеді. Осы ойлар Миха пайғамбарлығының 3-тен 5-ке дейінгі тарауларынан анық көрінеді.
2, 3. а) Исраил басшылары не істеуге тиіс еді, ал олар не істеген? ә) Миха 3:2, 3-тармақтарында бейнелі тілмен айтылған сөздерді қалай түсіндірер едіңдер?
2 Құдайдың пайғамбары былай деп жариялайды: “Тыңдаңдар, Жақыптың басшылары мен Исраил елінің әміршілері! Сендер шындықты білуге тиіс емессіңдер ме?!” Иә, шындықты немесе әділдікті білу солардың міндеті болған, бірақ олар не істеген? Миха былай дейді: “Ал сендер болсаңдар, жақсылықты жек көріп, жамандықты жақсы көресіңдер. Олардың терісін сыпырып, сүйектерінен етін сылып аласыңдар. Менің халқымның тәнін жеп, терісін сыпырып жатырсыңдар, ал сүйектерін шөгенге салғандай сындырып, талқандап, етін қазанға салғандай боршалап жатырсыңдар” (Миха 3:1—3).
3 Ел басшылары жарлы, қорғансыз адамдарды қалайша езіп-жаншыған десеңші! Миханың тыңдаушылары мұнда қолданылған бейнелі сөздерді оңай түсінеді. Сойылған қойды пісіруге даярлағанда, алдымен оның терісін сыпырып, сосын боршалайтын. Кейде жілік майын шығару үшін сүйектерді шағып салатын. Малдың еті мен сүйегі Миха айтқандай, үлкен бір ыдысқа салынып асылатын (Езекиел 24:3—5, 10). Сол уақыттағы залым басшылардың қарапайым халыққа көрсеткен қорлығы қалайша тура суреттелген!
Ехоба бізді әділ болады деп күтеді
4. Ехобаның Исраил басшыларынан қандай айырмашылығы бар?
4 Сүйіспеншілікке толы Бақташы Ехоба Исраил басшыларынан қатты ерекшеленеді. Олар әділ әрекет етпейтіндіктен, отарды қорғауға қатысты міндеттерін орындай алмайды. Керісінше, Миха 3:10-да айтылғандай, қара бастары үшін бейнелі отарды әділдіктен айырып, оларды қанап, қандарын төгетін. Бұдан қандай сабақ аламыз?
5. Ехоба өз халқының арасында басшылықты қолға алатындардан не күтеді?
5 Құдай өз халқының арасында басшылықты қолға алғандар әділ болады деп күтеді. Бүгіндегі Ехобаның қызметшілерінің арасынан тап осыны байқауға болады. Оның үстіне, бұл Ишая 32:1-дегі сөздерге сай келеді: “Міне, Патша әділ патшалық етіп, әміршілер заңға жүгініп билік ететін болады”. Ал Миханың заманында жағдай қалай болған? ‘Жақсылықты жек көріп, жамандықты жақсы көретіндер’ беттері бүлк етпестен әділдікті бұрмалайды.
Құдай кімдердің дұғаларына жауап береді?
6, 7. Миха 3:4-тармағында біздің көңіліміз қандай маңызды жайтқа аударылады?
6 Миханың зұлым замандастары Ехобаға ұнамды боламыз деп үміттене ала ма? Әрине, жоқ! Миха 3:4-те былай делінген: “Олар Тәңірді шақырған уақытта, Ол естімейді, олардан жүзін жасырады, өйткені олар зұлымдық жасап жатыр”. Осы тұста көңіліміз маңызды бір жайтқа аударылып отыр.
7 Күнә жасап жүрген болсақ, Ехоба дұғаларымызға жауап бермейді. Әрине, Құдайға адал қызмет етіп жүргенсіп, бірақ күнәмізді жасырып, екі жақты өмір сүріп жүрсек солай болады. Забур 25:4-ке сай, Дәуіт былай жырлаған: “Мен өтірікшілермен бірге отырмағанмын, залымдармен [“екі жүзділермен”, ЖД] де бірге бармаймын”. Олай болса, Өз Сөзіне әдейілеп қарсы әрекет ететіндердің дұғаларына Ехобаның жауап бермейтіні сөзсіз.
Құдайдың рухы күш береді
8. Миханың заманындағы жалған пайғамбарларға қандай ескерту жасалған?
8 Исраил басшылары қандай жаман істермен айналысады десеңші! Жалған пайғамбарлардың кесірінен Құдай халқы рухани бағытынан адасып кеткен. Ашкөз басшылар “Тыныштық!” деп айғайлайды, бірақ ауыздарына ештеңе салмаған әрбір адамға қарсы соғыс жариялайды. “Сондықтан,— дейді Ехоба,— сендерге аянның орнына түн, пайғамбарлықтың орнына қара түнек болады. Пайғамбарлардың үстінен күн батып, жарық күн қараңғылыққа айналады. Сонда көріпкелдері ұятқа қалып, сәуегейлері масқара болып, ауыздарын [“мұрттарын”, ЖД] жабады” (Миха 3:5—7а).
9, 10. ‘Мұртын жабу’ деген нені білдіреді және неге Миханың солай етуіне себеп болмаған?
9 Олар неге “мұрттарын жабады?” Миханың зұлым замандастары ұялғандықтан солай етеді. Сол қаныпезер кісілер ұялу керек те еді. Оларға “Құдайдан жауап болмайды” (Миха 3:7ә). Ехоба Құдай менменсіген зұлым адамдардың дұғаларына құлақ аспайды.
10 Ал Михаға ‘мұртын жабуға’ себеп жоқ. Оған ұялу да қажет емес. Ехоба оның дұғаларына жауап береді. Миха 3:8-де сол адал пайғамбардың не дегеніне көңіл аударайық: “Мен болсам... Тәңірдің рухының күшіне, шындық пен қайратқа кенелдім”. Миха ұзақ әрі адал қызметінің барысында ‘Тәңірдің рухының күшіне кенеліп’ жүргеніне қалайша риза болған! Бұл оған “Жақыптың қылмысын, Исраилдің күнәсін ашық айту үшін” күш берген.
11. Құдайдың хабарын жариялау үшін адам баласы қайдан күш ала алады?
11 Құдайдың үкімін жариялау үшін Михаға жай адамның күшінен жоғары күш қажет еді. Оған Ехобаның рухы, немесе әрекет етуші күші, қажет-тін. Ал бізге ше? Біз уағыздау ісіне қатысты міндетімізді Ехобаның өзі киелі рухы арқылы нығайтатын болса ғана орындай аламыз. Қайтпастан күнә жасап жүрген болсақ, уағыздауға тырысу бос әурешілік. Өйткені мұндай жағдайда тапсырған ісін орындау үшін күш сұраған дұғаларымызға Құдай жауап бере алмас еді. Ал бізде ‘Тәңірдің рухы’ болмаса, көктегі Әкеміздің соты жайлы хабарын жариялай алмайтынымыз анық. Құдай еститін дұғалар мен киелі рухтың көмегі арқылы біз Құдайдың Сөзін Миха іспетті батыл айта аламыз.
12. Ненің арқасында Исаның ертедегі шәкірттері ‘Құдай сөзін батылдықпен уағыздай’ алды?
12 Бәлкім, Елшілердің істері 4:23—31 тармақтарындағы сөздер есіңе түскен болар. Өзіңді Исаның бірінші ғасырдағы шәкірттерінің бірі ретінде елестетіп көрші. Көздері тұманданған қудалаушылар Мәсіхтің ізбасарларының ауыздарын жабуға тырысады. Бірақ сол адал мәсіхшілер Әлемнің Әміршісіне жалбарына: “Иеміз, олардың қоқан-лоқысын көріп, құлдарыңа сөзіңді зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр!” — деп дұға етеді. Мұның нәтижесі не болды? Олар дұға етіп болғаннан кейін, өздері жиналып отырған жер қозғалып кетті. Бәрі киелі рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздады. Сондықтан қызметімізде дұға етіп, Ехобаға арқа сүйейік, әрі оның киелі рухының көмегіне сенейік.
13. Иерусалим мен Самарияға не болды және неге?
13 Енді қайтадан ойша Миханың заманына оралайық. Миха 3:9—12 тармақтарына сай, қанды қол басшылар параға төрелік етіп, діни қызметкерлер ақыға тәлім беріп, ал жалған пайғамбарлар ақшаға сәуегейлік етеді. Сондықтан Құдайдың Яһуда астанасы Иерусалимнің “бір төбе үйіндіге” айналады деп үкім шығарғанына таңқалудың қажеті жоқ. Жалған ғибадат пен азғындық Исраилде де кеңінен етек алған еді. Сондықтан Миха рухтың жетелеуімен Құдайдың Самарияны да “үйіндіге” айналдыратынын айтып ескерткен (Миха 1:6). Б. з. б. 740 жылы Ассирия әскері алдын ала айтылғандай Самарияны күйретті, Миха пайғамбар мұны өз көзімен көрген (4 Патшалықтар 17:5, 6; 25:1—21). Иерусалим мен Самарияға қарсы айтылған осындай пәрменді хабарды тек Ехобаның күшімен жеткізуге болатыны айдан анық.
14. Миха 3:12-дегі пайғамбарлық қалай орындалды және бұл бізге қалай әсер ету керек?
14 Яһуда Ехобаның сотынан қашып құтыла алмайды. Миха 3:12-де алдын ала айтылғандай, Сион “егістік жеріндей жыртылады”. XXI ғасырда өмір сүріп жатқан біздер үшін мұның б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Яһуда мен Иерусалимді күйреткенде жүзеге асқаны белгілі. Бұл Миха пайғамбарлығынан 300 жылдан аса уақыттан кейін болған, бірақ ол оның орындалатынына сенімді еді. Әрине, біз де қазіргі зұлым заманның ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күні’ жойылатынына сенімді болуымыз керек (2 Петір 3:11, 12).
Ехоба өзі жөнге келтіреді
15. Миха 4:1—4 тармақтардағы пайғамбарлықты өз сөздеріңмен қалай жеткізер едіңдер?
15 Миханың пайғамбарлығына қайта көз жіберер болсақ, оның кейінгі сөздерінен көңіл толқытарлық үміт беретін хабарды көреміз. Миха 4:1—4 тармақтарында көңілге медеу болатын қандай сөздер жазылған десеңші! Миха былай дейді: “Ақырғы күндерде Тәңірдің киелі үйі тұрған тау барлық тау-төбелердің басына қойылып, адырлардан жоғары көтеріледі. Халықтар оған ағылып келетін болады... Сөйтіп Ол халықтар арасында төрелік етіп, шалғай елдердегі көптеген ұлттарға әділ үкімін шығарады. Олар қайта соққылап, қылышын — соқаға, найзасын ораққа айналдырады. Халықтар бір-біріне семсер көтермейді, бұдан былай соғысуды да үйренбейді. Әркім өз жүзімдігі мен інжір ағашының астында отыратын болады, оларды ешкім қорқытпайды да, өйткені бұл Тәңір Сабаоттың аузынан шыққан сөздер”.
16, 17. Миха 4:1—4 тармақтары бүгінде қалай орындалуда?
16 Мұндағы көп “халықтар” мен ‘көптеген ұлттар’ кім? Әрине, осы дүниенің халықтары мен үкіметтері емес. Бұл пайғамбарлық барлық ұлттардан шығып, Ехобаға деген шынайы ғибадатының тауында қасиетті қызмет атқару үшін біріккен жеке адамдарға қатысты айтылған.
17 Миханың пайғамбарлығына сай, жақында бүкіл жер бетінде Ехобаға деген шынайы ғибадат орын алады. Бүгінде ‘мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандар’ Ехобаның жолымен жүруді үйренуде (Елшілердің істері 13:48, ЖД). Ехоба өзінің Патшалығының жағына шыққан сенушілердің игілігі үшін, рухани мағынада “төрелік етіп, әділ үкімін шығарады [“мәселелерді жөнге келтіреді”, ЖД]”. Олар “өте үлкен тобырдың” арасында болып, “ауыр азаптан” аман қалады (Аян 7:9, 14). Семсерлерін соқаға айналдырған олар бүгіннің өзінде бауырластарымен де, өзгелермен де тату. Солардың арасында болу қандай ғанибет!
Ехобаның есімімен жүруге белді бекем буу
18. ‘Өз жүзімдігі мен інжір ағашының астында отыру’ нені бейнелейді?
18 Жер бетін торлаған қара бұлттай үрей билеген қазіргі уақытта, көп адамның Ехобаның жолымен жүруді үйреніп жатқанын көріп көңілің толқиды. Біз Құдайды сүйетіндердің бәрінің енді қайтып соғысуды үйренбей, қайта, өздерінің жүзімдігі мен інжір ағашының астында отыратын уақытты тағатсыздана күтудеміз. Сол уақыт таяп та қалды. Інжір ағашы жиі жүзімдіктің арасына отырғызылады (Лұқа 13:6). Өз жүзімдігі мен інжір ағашының астында отыру тыныштық пен молшылықты, қауіпсіздікті бейнелейді. Қазірдің өзінде Ехобамен қарым-қатынасымыз көңілімізге жай әрі рухани қауіпсіздік береді. Құдай Патшалығы орнап, осындай жағдайда өмір кешетін кезде, ештеңеден қорықпай, толықтай қауіпсіздікті сезінетін боламыз.
19. Ехобаның есімімен жүру деген нені білдіреді?
19 Ехобаға ұнамды болып, батасын алу үшін оның есімімен жүруге тиіспіз. Осы ой Миха 4:5-те анық айтылған, пайғамбар былай дауыстайды: “Халықтардың барлығы әрқайсысы өз құдайларының есімімен жүреді, ал біз Құдайымыз Тәңірдің [“Ехобаның”, ЖД] есімімен мәңгі жүретін боламыз”. Ехобаның есімімен жүру оның Құдайымыз екенін мойындауды және қауым кездесулері мен Патшалық туралы уағыздау ісіне қатысуды ғана білдірмейді. Бірақ бұл да маңызды істер. Ехобаның есімімен жүрер болсақ, оған өзімізді бағыштап, оны бүкіл жан дүниемізбен сүйіп, адал қызмет етеміз (Матай 22:37). Сонымен қатар оның қызметшілері ретінде әрине Құдайымыз Ехобаның есімімен мәңгілік жүруге бел буамыз.
20. Миха 4:6—13 тармақтарында алдын ала не айтылған?
20 Ал енді Миха 4:6—13 тармақтарда жазылған пайғамбарлық сөздерді қарастырайықшы. “Қыз Сион” тұтқынға алынып, “Бабылға дейін жетуге” тиіс. Б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің тұрғындарымен тап солай болды. Сөйтсе де, Миханың пайғамбарлығынан көрініп тұрғандай, тамтық Яһудаға қайта оралады және Сион қалпына келтірілген уақытта, Ехоба оның жауларының күйреуіне ықпал етеді.
21, 22. Миха 5:2-тармағы қалай орындалды?
21 Миханың 5-ші тарауында басқа да керемет оқиғалар алдын ала айтылған. Мысалы, Миха 5:2—4-гі сөздерге көңіл қояйық. Миха Құдай тағайындаған Билеушінің, немесе ‘әуел бастан, мәңгілік күндерден бар болушының’, Бетлехемнен шығатынын пайғамбарлық етеді. Ол “Тәңірдің күшімен” бақташы іспетті билік ететін болады. Оған қоса, Билеушінің ұлылығы Исраилде ғана емес, “жердің шетіне дейін” тарайды. Мына дүние әңгіменің кім жөнінде екенін түсінбеуі мүмкін, бірақ біз үшін бұл құпия емес.
22 Бетлехемде туған ең көрнекті кісі кім болған? Сондай-ақ кімнің “ұлылығы жердің шетіне дейін” тарайды? Әрине, Мәсіх Исаның! Ұлы Ирод І бас діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен Мәсіхтің қайда туылу керектігін сұрағанда, олар: “Яһудея аймағындағы Бетлехемде дүниеге келуге тиіс”,— деп жауап береді. Олар тіпті Миха 5:2-дегі сөздерді келтіреді (Матай 2:3—6). Мұны қарапайым адамдар да білген, Жохан 7:42-де солардың сөздері жазылған: “Киелі жазбаларда Мәсіх Дәуіт патша әулетінен, оның ата мекені Бетлехемнен шығады делінген емес пе?”
Адамдарды рухани сергіту
23. Миха 5:7-тарауы қалай орындалуда?
23 Миха 5:5—15 тармақтарында ассириялықтардың шапқыншылық жасап, бірақ қысқа уақыт билеп-төстейтіні жөнінде әңгімеленген, сондай-ақ Құдайдың тілазар халықтардан кек алатыны алдын ала айтылған. Миха 5:7-де яһудилердің тамтығының өкініп, ата қонысына қайта оралатыны уәде етіледі, бірақ бұл сөздер бізге де қатысты. Миха: “Жақыптың тамтығы көп елдер арасындағы Тәңірден келген шық іспетті, шөпке жауған жаңбырдай болады”,— деген. Осы сөздер рухани Жақыптың, немесе Исраилдің, тамтығы Құдайдың адамдарға берген сыйы болатынын керемет суреттейді. Исаның жерде өмір сүруге үміттенетін “басқа қойлары” ‘Құдайдың рухани Исраил халқымен’ иық тіресе қызмет етіп, өзгелерді рухани сергітуге көмектесіп жүргендеріне қуанады (Жохан 10:16; Ғалаттықтарға 6:16; Софония 3:9). Осы тұста ой жүгіртуіміз керек бір жайт бар: Патшалықты жариялаушылар ретінде бәріміз де өзгелерді сергіту мәртебесін жоғары бағалауымыз керек.
24. Миханың 3—5 тармақтарынан өзің үшін не ескердің?
24 Миха пайғамбарлығының 3—5 тармақтарынан өзің үшін нені ескердің? Бәлкім, мыналарды болар: 1) Ехоба халқының арасында басшылықты қолға алғандар әділ болады деп күтеді? 2) Әдейі күнә жасап жүрген болсақ, Ехоба дұғаларымызға жауап бермейді? 3) Ехоба киелі рухы арқылы нығайтатын болса ғана уағыздау ісімізді орындай аламыз. 4) Ехобаға ұнамды болу үшін оның есімімен жүруге тиіспіз. 5) Патшалықты жариялаушылар ретінде бәріміз де өзгелерді сергіту мәртебесін жоғары бағалауымыз керек. Сен басқа да ойларды ескерген боларсың. Осы пайғамбарлық кітаптан тағы қандай ойларға көңіл бөлуге болады? Келесі мақала Миханың сенімді нығайтатын пайғамбарлығының соңғы екі тарауынан тиімді сабақ алуымызға көмектеседі.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехоба халқының арасында басшылықты қолға алғандардан не күтеді?
• Неге Ехобаға деген қызметімізде дұға мен киелі рухтың маңызы зор?
• Қалай адамдар Ехобаның есімімен жүре алады?
[12-беттегі суреттер]
Біз де қызметімізді Миха сияқты батыл атқарамыз