Кейбіреулердің артында қалдырған аты
ОСЫДАН шамамен үш мың жыл бұрын Исраил патшасы Саулдан қашып жүрген Дәуіт бірде қой мен ешкіге бай Набал деген қойшыдан адамдарына ас-су сұратып жібереді. Негізінде Набал Дәуіт пен оның кісілеріне қарыздар еді, өйткені олар оның малын қарайлап жүретін. Бірақ Набал қонақжайлық көрсетпегенімен қоймай, тіпті Дәуіттің кісілеріне дөрекі жауап береді. Мұнысымен ол отпен ойнаған еді, өйткені Дәуіт осал адам емес-тін (1 Патшалықтар 25:5, 8, 10, 11, 14).
Набалға шығыс елінің дәстүріне сай жолаушы мен жат жерлікке қонақжайлық таныту тән емес-тін. Сонымен Набал қандай атағымен есте қалды? Киелі кітапта оның “қатыгез де зұлым”, “оңбаған” адам болғаны айтылған. Оның атының мағынасы “ақымақ” дегенді білдіреді, әрі оның әрекеті атына сай екенін дәлелдеді (1 Патшалықтар 25:3, 17, 25). Сенің осындай адам ретінде есте қалғың келер ме еді? Өзгелермен, әсіресе басына іс түсіп тұрған болса, дөрекі, қатыгездікпен сөйлесесің бе, әлде, мейірімді, қонақжай, ілтипаттысың ба?
Әбигел ақылды әйел
Дөрекілігінің кесірінен Набалдың басына қиыншылық түседі. Дәуіт пен оның 400 адамы семсерлерін асынып алып, Набалдың сазайын тартқызуға аттанады. Болған жайт оның әйелі Әбигелдің құлағына жетеді де, ол қақтығыс болатынын түсінеді. Мұндай жағдайда Әбигелдің қолынан не келеді? Ол дереу мол етіп азық жинап алады да, Дәуіт пен оның кісілерінің алдынан шығады. Оларды кездестіргенде, Дәуіттен себепсіз қан төкпеуді өтініп, сұрайды. Дәуіттің жүрегі жібіп, Әбигелдің жалына сұраған өтінішіне құлақ асады. Осыдан кейін көп ұзамай Набал өледі. Ал Әбигелдің жақсы қасиеттерін көрген Дәуіт оны әйелдікке алады (1 Патшалықтар 25:14—42).
Әбигел қандай атқа ие болды? Киелі кітапта оның “өте ақылды” әйел болғаны айтылған. Оның саналы да өз ісіне епті, қалай әрі қашан әрекет ету керектігін білетін әйел болғаны сөзсіз. Сонымен қатар ол өзінің ақымақ күйеуі мен отбасы мүшелерін бақытсыздықтан сақтап қалып, адалдығын көрсеткен. Әрине, ақырында ол да дүниеден өтті, бірақ артында ақылды әйел деген керемет аты қалды (1 Патшалықтар 25:3).
Петір қалай есте қалған?
Ойша б. з. І ғасырына өтіп, Исаның 12 елшісін қарастырып көрейікші. Олардың арасындағы ең ашығы әрі қызбасы ғалилеялық балықшы Петір, немесе Кефа, болғаны сөзсіз. Ол еті тірі, өз сезімін көрсетуге именбейтін кісі болса керек. Мысалы, Иса шәкірттерінің аяқтарын жуған кездегі оқиғаны алайық. Кезек Петірге жеткенде, ол не істеді?
Ол Исадан: “Ием, Сіз аяғымды жуайын деп жатырсыз ба?” — деп сұрады. Исаның жауабы мынау болды: “Не істеп тұрғанымды сен қазір емес, кейінірек түсінесің”. Петір: “Мен Сізге аяғымды еш уақытта жуғызбаймын”,— деп қарсылық білдірді. Петірдің бұл сөздерді табанды, бірақ қызбалықпен айтқанына көңіл бөліңдерші. Иса қалай жауап берді екен?
Ол: “Егер сені жумасам, онда Менімен тығыз қатынаста бола алмайсың”,— деді. Сонда Шимон Петір былай жауап берді: “Ием, олай болса, аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз”. Енді Петір басқа шегіне өтіп кетті. Сөйткенмен де өзгелер оның қандай екенін білетін. Оның екіжүзділігі мен қулық-сұмдығы жоқ еді (Жохан 13:6—9).
Сондай-ақ Петір пендеге тән әлсіздіктері бар адам ретінде де есте қалған. Мысалы, ол тұтқынға алынған назареттік Исаның ізбасарларының бірі деп айыптаған адамдардың алдында Мәсіхтен үш рет бас тартқан. Ал қателігін түсінгенде, қатты жылаған. Ол өзінің қайғырып, өкінгенін көрсетуге қорықпаған. Оның осындай әрекетін Інжілді жазғандар өз кітаптарында жазған. Ал оларға мұны Петірдің өзі айтқан болуы әбден мүмкін. Петір өз ағаттығын мойындай алатындай кішіпейіл болған. Ал сенің солай етуге батылың жете ме? (Матай 26:69—75; Марқа 14:66—72; Лұқа 22:54—62; Жохан 18:15—18, 25—27).
Мәсіхтен бас тартқаннан кейін, көп ұзамай киелі рухқа кенелген Петір Алғашқы өнім мейрамында яһудилердің үлкен тобырының алдында батыл уағыз айтқан. Бұл қайта тірілген Исаның оған сенім артатынының белгісі еді (Елшілердің істері 2:14—21).
Тағы да бірде Петір өзге бір торға түседі. Елші Пауыл яһуди бауырластар Антақияға келгенге дейін, Петірдің басқа ұлт сенушілерімен еркін араласып жүргенін айтты. Алайда Иерусалимнен ‘сүндеттеуді талап ететін яһудилер жеткеннен кейін Петір олардан қаймығып’, басқа ұлт сенушілерінен алшақтай бастайды. Пауыл оның мұндай қылығын ашық айыптайды (Ғалаттықтарға 2:11—14).
Алайда ізбасарлары Исаны тастап кетуге даяр болып көрінген қысылтаяң шақта өз ойын батыл айтқан қай шәкірт? Бұл Иса қандай да бір жаңа нәрсе ашқанда, яғни өзінің тәнін жеп, қанын ішудің маңыздылығын айтқанда, болған еді. Иса былай деді: “Адам Ұлының тәнін “жеп”, қанын “ішпесеңдер”, сендерде шынайы өмір болмайды”. Яһуди ізбасарлардың көбісіне бұл сөздер ауыр тиіп, олар: “Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады?” — дейді. Ал содан кейін не болды? “Сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды”.
Осындай ауыр шақта Иса он екі елшісіне бұрылып, қырағылықпен: “Сендердің де кеткілерің келе ме?” — деп сұрады. Сонда Петір жауап беріп: “Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде. Біз Сіздің Мәсіх — мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлы екендігіңізге сеніп, соған көзіміз жетті”,— деді (Жохан 6:50—66).
Петір қандай атқа ие болған? Петір туралы оқыған адам оның адалдығы мен ақ көңілдігі, турашылдығы мен өз әлсіздігін мойындауға даярлығынан еріксіз әсер алады. Ол артында қандай керемет ат қалдырған десеңші!
Адамдар Исаны қалай еске алады?
Исаның жердегі қызметі үш жарым жылға ғана созылған. Бірақ ол ізбасарларының жадында қандай адам ретінде қалды екен? Иса күнәсіз, кемелді болғандықтан, суық әрі тұйық болған ба? Өзінің Құдай Ұлы екенін білгендіктен, дандайсыған ба? Ізбасарларын өзіне қорқытып-үркітіп бағындыруға тырысқан ба? Өзі туралы тым көп ойлайтыны сонша, әзіл-оспақтан ада болған ба? Жұмыс басты болып, әлсіздер мен ауруларға не балаларға уақыт таппайтын адам болған ба? Өз замандастарының көбісі сияқты өзге нәсілді адамдар мен әйелдерді кемсітетін болған ба? Жазбаларда ол туралы не айтылған?
Исаны өзге адамдар қызықтыратын. Қызметін қарастыра отырып, көп жағдайда оның жарымжандар мен ауруларды жазғанын байқауға болады. Ол мұқтаждарға көмек көрсетуде аянбаған. Өзін балалардың қызықтыратынын көрсетіп, шәкірттеріне мынадай нұсқау берген: “Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар!” Содан кейін ‘балаларды құшақтап, үстеріне қолын қойып батасын берген’. Сен балаларға уақыт бөлесің бе, әлде оларға көңіл бөлуге қолың тимей ме? (Марқа 10:13—16; Матай 19:13—15).
Иса жер бетінде болған кезде, яһудилерге Таурат заңына қосымша жасалған діни парыздардың ауыртпалығы қатты бататын. Дінбасылары халыққа ауыр жүк артып, ал өздері оларды жеңілдету үшін, саусақтарының ұшын да тигізбейтін (Матай 23:4; Лұқа 11:46). Иса олардан қалай ерекшеленетін еді десеңші! Ол былай деді: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, жандарыңды мен рақатқа бөлеймін!” (Матай 11:28—30).
Халық Исамен араласқаннан рақатқа бөленетін. Ол шәкірттерін қорқытып-үркітпейтін, сондықтан олар өз ойларын айтуға жасқанбайтын. Қайта, көңілдерінде не барын білу үшін шәкірттеріне сұрақтар қоятын (Марқа 8:27—29). Мәсіхші бақылаушылардың өздерінен былай сұрағандары дұрыс: “Мен де бауырластарымда сондай сезім қалдырамын ба? Өзге ақсақалдар маған ойларын ашық айта ма, тартына ма?” Жұмсақ, өзгелерді тыңдайтын, иілгіш бақылаушылармен араласу қалай рақатқа бөлейді десеңші! Ал парасатсыздық ашық, еркін пікір алмасуға тек тосқауыл болады.
Құдай Ұлы болғанына қарамастан, Иса ешқашан күші мен билігін теріс пайдаланбаған. Оның орнына, өз тыңдаушыларын ойлануға талпындыратын. Парызшылдар оны сөзден ұстағысы келіп: “Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па?” — деп қитұрқы сұрақ қойғанда, ол тап солай еткен. Иса күміс теңгені көрсетіп: “Мына сурет пен жазу кімдікі?” — деп сұрайды. Олар: “Римдік патшанікі”,— дегенде, Иса: “Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер!” — деп жауап береді (Матай 22:15—21). Жай қисынды жауап берілгені жеткілікті болды.
Иса әзіл-оспақпен сөйлей білген бе? Оқырмандардың кейбірі Исаның Құдай Патшалығына байдың кіруінен түйенің ине көзінен өтуі оңай деген сөздерінен әзіл-оспақты байқайтын болар (Матай 19:23, 24). Түйенің жіп өткізетін иненің көзінен өтуге тырысып жатқанын елестетудің өзі қиын. Осылай әсірелеп айтылған мысалдардың тағы бірі — бауырының көзіндегі тікенді көре тұра, өз көзіндегі бөренені байқамау туралы мысал (Лұқа 6:41, 42). Иә, Иса тәртіп сақтаудың қатал жақтаушысы емес, жұмсақ әрі жылы шырайлы болатын. Әзіл-оспақ бүгіндегі мәсіхшілердің өмірлеріне қазіргі қысымы көп уақытта жеңілдік береді.
Исаның әйел затына деген жанашырлығы
Исаның қасында әйелдер өздерін қалай сезінген? Анасы Мәриямды қоса алғанда, Исаның көптеген әйел затты ізбасарлары болған (Лұқа 8:1—3; 23:55, 56; 24:9, 10). Әйелдердің Исаның қасында өздерін еркін сезінгендері сонша, бірде “бір күнәкар әйел” оның аяғын көз жасымен жуып, иісмай жағады (Лұқа 7:37, 38). Ал көп жылдар бойы қансырап қиналып жүрген басқа бір әйел оның киіміне қол тигізіп, сауығу үшін қаумалаған жұрттың арасынан өтіп, жанына келеді. Иса сенімі үшін оны мақтайды (Матай 9:20—22). Иә, әйелдер Исаны емен-жарқын адам деп білген.
Тағы бір жағдайда Иса самариялық әйелмен де сөйлескен. Таңырқаған әйел: “Өзің яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсың?” — деп сұрайды. Яһудилер самариялықтармен араласпайтын. Бұдан кейін Иса оған “мәңгілік өмір сыйлайтын бұрқылдап жатқан” су жөніндегі керемет шындықты ашады. Ол әйелдермен еркін араласқан әрі мұны өз дәрежесіне лайықсыз деп есептемеген (Жохан 4:7—15).
Иса жанқиярлық рухын қоса алғанда, көптеген керемет қасиеттерімен есте қалған. Оның болмысында Құдайға тән сүйіспеншілік болған. Иса — ізбасары болғысы келетіндердің бәріне үлгі. Сен оның үлгісіне қаншалықты тура еліктеп жүрсің? (1 Қорынттықтарға 13:4—8; 1 Петір 2:21).
Бүгіндегі мәсіхшілер арттарында қандай ат қалдыруда?
Қазір көптеген адал мәсіхшілердің бірі қартайып, өзге бірі жастай өмірден өтуде. Бірақ олар арттарында мақтауға тұрарлық ат қалдыруда. Біреулер 90 жасында дүниеден өткен Кирстал іспетті сүйіспеншілікке толы, ашық-жарқын адам ретінде есте қалған. Ал басқасы 43 жасында қайтыс болған Дирк сияқты жарқын жүзді, әрқашан қолғабыс етуге даярлығымен есте қалған.
Испаниялық Хосенің де мысалын қарастырайық. Испанияда Ехоба Куәгерлерінің ісіне тыйым салынған 1960 жылдары Хосе отағасы әрі үш қыздың әкесі болатын. Оның Барселонада тұрақты жұмысы болған. Сол жылдары оңтүстік Испания қауымдарында рухани толысқан ақсақалдарға мұқтаждық туады. Хосе тұрақты жұмысын тастап, отбасымен Малагаға көшіп барады. Олар жиі жұмыссыз қалып, экономикалық ауыр жағдайды бастарынан өткізді.
Соған қарамастан, Хосе қызметіне адал болған және әйелі Кармеланың көмегімен қыздарына керемет тәрбие берген. Сол аймақта бауырластарға конгресс өткізу керек болса, Хосе үнемі өз көмегін ұсынатын. Өкінішке орай, 50 жастан аса бере ол қатты сырқаттанып қалады да, қайтыс болады. Бірақ ол артында сенім артуға болатын, еңбекқор ақсақал және сүюші жар әрі әке деген ат қалдырды.
Сен ше, артыңда қандай ат қалдырасың? Егер сен бүгін өліп кетсең, адамдар сен жөнінде ертең не айтады? Бұл сұрақ әрқайсымызды игі істер істеуде алға баса беруге талпындыратын болар.
Артымызда жақсы ат қалдыру үшін не істеуге болады? Мысалы, киелі рухтың жемісін, яғни сүйіспеншілік, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік және ұстамдылық сияқты қасиеттерді арттыра беру керек (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Иә, “жақсы ат қымбат иісмайдан артық, өлген күн туылған күннен артық” (Екклесиаст 7:1; Матай 7:12).
[5-беттегі сурет]
Әбигел ақылдылығымен есте қалған