Берік тұрыңдар, сөйтіп Ехобаның құтқаруына қараңдар!
“Тұрыңдар, берік тұрыңдар, сөйтіп Тәңірдің өздеріңе жіберген құтқаруына қараңдар!” (2 ШЕЖІРЕЛЕР 20:17).
1, 2. Неге төніп келе жатқан ‘Магог жерінен шыққан Гогтың’ шабуылының қаупі халықаралық терроризмнен де зор?
КЕЙБІРЕУЛЕР терроризмді дүниежүзілік қоғамға, тіпті бүкіл өркениетке жасалған шабуыл деп қарастырады. Мұндай қауіпке жеңіл-желпі қарамау керектігі түсінікті. Алайда дүниежүзілік қоғам анағұрлым қорқынышты өзге бір шабуылға аса көңіл бөлмейді немесе мүлдем елеусіз қалдырады. Әңгіме не жөнінде болып отыр?
2 Бұл — Езекиел кітабының 38-тарауында әңгімеленетін ‘Магог жерінен шыққан Гогтың’ шабуылы. Осы шабуылдың қаупі халықаралық терроризмнен де зор деу асыра сілтеу болмай ма? Жоқ. Өйткені Гогтың шабуылы адами үкіметтерге қарсы шығудан анағұрлым көп нәрсені білдіреді. Ол — Құдайдың көктегі үкіметіне қарсы шабуыл! Бірақ өздерінің қоғамдық құрылымын шабуылдардан толықтай қорғай алмайтын адамдардан Жаратушының ерекшелігі Гогтың сұрапыл шабуылына да тойтарыс бере алатындығында.
Құдайдың үкіметіне шабуыл
3. 1914 жылдан бері дүниенің әкімдері не істеуге шақырылуда және олар мұны қалай қабылдауда?
3 Билік етіп отырған Құдай Патшалығы мен Шайтанның зұлым заманының арасындағы қақтығыс көкте Құдай Патшалығы орнаған 1914 жылдан бері жалғасып келеді. Сол уақытта адами әкімдерге Құдай таңдаған Билеушіге мойынсұну ұсынылған еді. Бірақ олар алдын ала айтылғандай, олай еткісі келмеді: “Тәңір мен Оның қойған патшасына әлемнің патшалары қарсы тұрып, әкімдер кеңесіп жатыр былай деп: — Бізге салған шынжырларын сындырып, бұғауларынан құтылайық лақтырып!” (Забур 2:1—3). Магог жерінен шыққан Гог шабуылы Патшалықтың билігіне қарсыласудың шарықтау шегі екені сөзсіз.
4, 5. Қалай адамдар көктегі көзге көрінбейтін Құдайдың үкіметіне қарсы шығуы мүмкін?
4 Бізде мынадай сұрақ тууы мүмкін: қалай адамдар көктегі көрінбейтін үкіметке қарсы шайқаса алады? Сол үкімет Киелі кітаптың түсіндіруінше, ‘күнәларының құны өтеліп, күнәкар дүниеден азат етілген жүз қырық төрт мың адамнан’ және ‘Тоқтыдан’, яғни Иса Мәсіхтен, тұрады (Аян 14:1, 3; Жохан 1:29). Жаңа үкімет көкте болғандықтан, оны “жаңа аспан”, ал оның жердегі азаматтарын қисынды түрде “жаңа жер” дейді (Ишая 65:17; 2 Петір 3:13). Мәсіхпен бірге патшалық ететін 144 мың адамның көбісі жердегі өмір жолдарын адалдық сақтап аяқтаған. Мұнысымен олар көкте жаңа тапсырмалар алуға лайықты екендерін дәлелдеген.
5 Алайда 144 мыңның аз ғана тамтығы әлі жер бетінде. 2002 жылы Еске алу кешіне қатысқан 15 000 000-нан астам адамның 8 760-сы ғана көкте қызмет етуге таңдалғандарын білдірді. Көктегі Патшалықтың болашақ мүшелеріне шабуыл жасауға дәті барған әрбіреу, сайып келгенде, Құдай Патшалығына қарсы шығады (Аян 12:17).
Патша жеңіске жету үшін шықты
6. Құдай халқына көрсетілген қарсылықты Ехоба мен Иса қалай қарастырады?
6 Көкте орнаған Патшалығына көрсетілген қарсылықты Ехобаның қалай қабылдайтыны алдын ала айтылған: “Көкте тағында отырған Тәңір күледі, ойларын Жаратқан жай келекелейді. Содан ашулана зекіп, тіл қатады, қаһар шашып, зәрелерін ұшырады: Өзім Киелі тауым Сионда тағайындағанмын осы патшамды!” (Забур 2:4—6). Сол уақытта Мәсіх Ехобаның басшылығымен “жеңу үшін” шығады (Аян 6:2, сілтемені қара). Мәсіх соңғы рет шабуылға шыққанда, халқына көрсетілген қарсылықты Ехоба қалай қабылдайды? Ол мұны тікелей өзіне және өзінің патшалық етіп отырған Патшасына жасалған қарсылық деп қарастырады. ‘Кімде-кім сендерге тисе, менің көзімнің қарашығына тигені”,— дейді Ехоба (Зәкәрия 2:8). Ал Иса болса, өзінің майланған бауырластарына адамдардың нені істеп, нені істемегенін, өзіне соны істеп-істемегені деп қарастыратынын ерекше атап өткен (Матай 25:40, 45).
7. Неге Аян 7:9-да суреттелген “өте үлкен тобыр” Гогтың ашулы шабуылынан қасірет шегеді?
7 Әрине, майланған тамтықты белсенді қолдайтындар да Гогтың ашулы шабуылынан қасірет шегеді. “Жаңа жердің” сол болашақ мүшелері ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ “өте үлкен тобырды” құрайды (Аян 7:9). Киелі кітапта олардың “ақ шапан киіп”, ‘тақ пен Тоқтының алдында тұрғаны’ айтылған. Бұл олардың Құдай мен Иса Мәсіхке ұнамды екенін білдіреді. ‘Қолдарына пальма бұтақтарын ұстаған’ олар Ехобаны Әлемнің құқылы Әміршісі деп жариялайды. Ал Ол билігін өзі таққа отырғызған Патша, яғни ‘Құдайдың Тоқтысы’ Иса Мәсіх, арқылы жүзеге асыруда (Жохан 1:29, 36).
8. Гогтың шабуылы Мәсіхті не істеуге талпындырады және мұның нәтижесі қандай болады?
8 Гогтың шабуылға шығуы Құдай таққа отырғызған Патшаны әрекетке талпындырып, Һар-Магедон соғысын бастайды (Аян 16:14, 16). Ехобаның билігін мойындағысы келмейтіндер жойылады. Ал Құдай Патшалығына адалдығын сақтағаны үшін жапа шеккендер мәңгілікке жұбаныш табады. Бұл жөнінде елші Пауыл былай деп жазған: “Бұның бәрі Құдайдың барлық адамдарды әділ соттайтынын көрсетеді: Ол Өзінің Патшалығы үшін азап шеккен сендерді соған кіруге лайықтысыңдар деп есептейді. Сендерді қинағандарды Құдай қинамақ, ал қиыншылық көріп жүрген сендерге бізбен бірге тыныштық бермек — Құдайдың әділдігі осындай. Бұл, Иеміз Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен түсіп келгенде болады. Сонда Ол Өзінің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазаламақ” (2 Салониқалықтарға 1:5—8).
9, 10. а) Қалай Ехоба қауіпті жауына қатысты Яһуданы жеңіске жеткізген? ә) Бүгіндегі мәсіхшілер не істеуді жалғастыра беруге тиіс?
9 Шарықтау шегі Һар-Магедон болатын алдағы ауыр азап кезінде, Иса Мәсіх зұлымдық атаулыға қарсы соғысады. Бірақ мыңдаған жылдар бұрын екі рулы Яһуда патшалығының тұрғындары сияқты, оның ізбасарларына да шайқасудың қажеті болмайды. Ол Ехобаның шайқасы болған, жеңіске жеткізген де сол. Біз мынаны оқимыз: “Тәңір аммондықтар мен моабтықтардың және Сейір тауынан келгендердің арасында наразылық тудырып, олар қырылып қалады: өйткені аммондықтар мен моабтықтар Сейір тауының тұрғындарына қарсы шығып, қыра бастайды, олардың көзін құртқан соң, өзара қырқысады. Сөйтіп, яһудилер шөл даладағы қырға көтеріліп, қалың қолға қараса, міне, айнала өлі денеге толы, ешкім аман қалмапты” (2 Шежірелер 20:22—24).
10 Бәрі де Ехобаның алдын ала айтқанындай болып шықты: “Сендер соғыспайсыңдар” (2 Шежірелер 20:17). Бұл — Иса Мәсіх “жеңу үшін” шыққанда, мәсіхшілер еліктеу керек үлгі. Ал әзірге олар зұлымдықпен соғысуды жалғастыруда, бірақ тура мағынадағы емес, рухани қарумен шайқасуда. Осылайша ‘жамандықты жақсылықпен жеңуде’ (Римдіктерге 6:13; 12:17—21; 13:12; 2 Қорынттықтарға 10:3—5).
Гогтың шабуылына қолбасшылық ететін кім?
11. а) Гог өзінің шабуылын қалай жүзеге асырады? ә) Рухани сергек болу деген нені білдіреді?
11 Магог жерінен шыққан Гог — 1914 жылдан бері масқара болып жүрген Шайтан Ібіліс. Рухани жаратылыс болғандықтан, ол тікелей шабуыл жасай алмайды, сондықтан өз әрекетін адамдар арқылы жүзеге асырады. Ол адамдар кім болмақ? Киелі кітап бүге-шігесіне дейін түсіндірмегенмен, олардың кім болатынын анықтауымызға көмектеседі. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар орындалған сайын, көз алдымызда анағұрлым анық көрініс пайда бола бастайды. Ехобаның қызметшілері жорамал жасаудан аулақ, бірақ рухани сергек болып, Киелі кітапта алдын ала айтылғандарға сай келетін саяси және діни оқиғаларды мұқият бақылап отырады.
12, 13. Даниял пайғамбар Құдайдың халқына жасалатын соңғы шабуылды қалай суреттеген?
12 Келесі сөздермен Даниял пайғамбар Құдай халқына жасалатын соңғы шабуылға қатысты көбірек мәлімет береді: “[Солтүстік патшасы] көп елді қырып, жою үшін зор қаһармен шығады. Содан өзінің патша шатырларын ұлы теңіз бен салтанаттылықтың киелі тауының арасына тігеді” (Даниял 11:44, 45, ЖД).
13 Киелі кітап жазылып жатқан уақытта “ұлы теңіз” деп Жерорта теңізін, ал киелі тау деп Сионды атайтын. Соңғысы жөнінде Ехоба былай деген: “Өзім Киелі тауым Сионда тағайындағанмын осы патшамды!” (Забур 2:6; Ешуа 1:4). Сонымен рухани мағынада “ұлы теңіз бен салтанаттылықтың киелі тауының арасындағы” жер майланған мәсіхшілердің рухани өркендеген меншігін білдіреді. Олар енді теңіздің, яғни Құдайды мойындамайтын адамдардың, қатарынан емес, көктегі Патшалықта Иса Мәсіхпен билік ететін уақытты күтіп отыр. Даниялдың пайғамбарлығына сәйкес, солтүстік патшасы қаһарлы шабуылға шыққанда, көздеген нысанасы Құдайдың майланған қызметшілері және олардың өте үлкен тобырды құрайтын адал серіктері болары сөзсіз (Ишая 57:20; Еврейлерге 12:22; Аян 14:1).
Құдайдың қызметшілері не істейді?
14. Шабуыл жасалғанда Құдай халқы не істейді?
14 Шабуыл жасалғанда Құдайдың қызметшілері не істеулері керек? Тағы да Жосафаттың заманындағы Құдайдың ежелдегі халқының іс-әрекеті үлгі болады. Сол халық келесі үш әрекеттерді істеу керек болғанына көңіл бөліңдерші: 1) тұру, 2) берік тұру және 3) Ехобаның жіберген құтқаруына қарау. Осы сөздерге сай Құдайдың бүгіндегі халқы қалай әрекет етеді? (2 Шежірелер 20:17).
15. Ехобаның халқы үшін тұру деген нені білдіреді?
15 Тұру, яки белгілі позицияда тұру. Құдай халқы бұдан былай да Құдай Патшалығын белсенді қолдай бермек. Олар бейтараптық позициясынан да таймақ емес. Олар Ехобаға деген адал қызметтерінде ‘табанды, сенімдерінен айнымайды’ және Ехобаның мейірімділігін ел алдында мадақтай береді (1 Қорынттықтарға 15:58; Забур 118:28, 29). Қазіргі не болашақта болатын ешқандай қарсылық, оларды Құдайға ұнамды осындай позициядан тайдыра алмайды.
16. Нендей нәрселерде Ехобаның қызметшілері берік тұрады?
16 Берік тұру. Ехобаның қызметшілері өздері құтқарылуға тырыспайды, толығымен Ехобаға арқа сүйейді. Тек сол ғана өзінің қызметшілерін әлемдегі былықтан сақтай алады, солай етуді уәде еткен де (Ишая 43:10, 11; 54:15; Еремияның зары 3:26). Егер Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, біз жүз жылдан аса уақыт бойы қолданып келе жатқаны анық көрініп тұрған, оның бүгіндегі көзге көрінетін арнасына да сенім артатын боламыз. Сол уақытта мәсіхшілерге Ехоба мен өзі тағайындаған Патшасы басшылық етуді тапсырған бауырластарына барынша сенім арту қажет болады. Сол адал ер кісілер Құдай халқына бағыт-бағдар береді. Ал оларды мойындамағанның арты насырға шабады (Матай 24:45—47; Еврейлерге 13:7, 17).
17. Неге Ехобаның адал қызметшілері құтқарылуды көреді?
17 Ехобаның жіберген құтқарылуына қарау. Құтқарылу — мәсіхші ретінде адалдығын сақтағандар мен Ехобаның азат ететініне сенетіндерге арналған сый. Олар соңғы сағатқа дейін, қолдарынан келгенше, Ехобаның сотының таяп қалғанын жариялайтын болады. Бүкіл жаратылыс Ехобаның шынайы Құдай екенін, сондай-ақ жер бетінде оның адал қызметшілері бар екенін білуге тиіс. Бұдан былай ешқашан Ехобаның әлемге билік етуге құқылы екендігіне қатысты дау туып, оны шешуге уақыт берудің қажеті болмайды (Езекиел 33:33; 36:23).
18, 19. а) Мысырдан шығу кітабының 15-тарауындағы жеңіс жыры Гог шабуыл жасағанда, аман қалатындардың сезімдерін қалай көрсетеді? ә) Құдай халқы қазір не істеулері керек?
18 Жаңа күш алған Құдай халқы Қызыл теңізде азаттық алған ежелдегі исраилдіктер іспетті жеңіс жырын орындау құштарлығымен жаңа дүниеге кіреді. Олар жеке болсын, баршасы бірге болсын, аман алып қалғаны үшін ежелде айтылған сөздерді жаңғыртып, Ехобаға мәңгі ризашылықтарын білдіретін болады: “Жаратқан Иені [“Ехобаны”, ЖД] дәріптеймін жырменен, себебі Ол жеңімпаз, мерейі үстем бәрінен!... Тәңір — батыр жауынгер, аты — Жаратқан Ие [“Ехоба”, ЖД]... Уа, Ием, оң қолың зор құдіретіңді танытты, Сенің қолың, Ием, жауларыңды талқандады. Зор ұлылығыңмен құлаттың қарсыластарыңды, лаулаған қаһарың сабандай жалмады оларды. Деміңнің лебінен бөгеліп, сулар тоқталды, ағысы қабырғадай тіп-тіке тұра қалды, теңіз ортасындағы терең су қатып қалды... Құтқарған халқыңды рақымыңмен жетелейсің, Киелі мекеніңе күшіңмен жеткізесің... Өзіңе таңдаған тауға халқыңды апарасың, Жаратқан, сонда оны қондыратын боласың. Сол жерді өз мекенің болуға жаратып алдың, Тәңір, Сен сонда киелі орныңды жасадың. Мәңгі болады билігі Жаратқан Иенің [“Ехобаның”, ЖД]!..” (Мысырдан шығу 15:1—19).
19 Қазір, мәңгі өмір сүру мүмкіндігі бұрын-соңды болмағандай нұр сәулесін шашып тұрғанда, Ехобаның қызметшілерінің оған деген берілгендіктерін көрсетіп, әрі қарай да мәңгі Патшаларына қызмет етуге деген шешімдерін нығайта беретін кезі! (1 Шежірелер 29:11—13).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неге Гог майланғандар мен басқа қойларға қарсы шайқасатын болды?
• Қалай Құдайдың халқы тұрады, яки белгілі көзқарасты ұстанады?
• Берік тұру деген нені білдіреді?
• Қалай Құдайдың халқы Ехобаның құтқаруын көреді?
[26-беттегі сурет]
Ехоба Жосафат пен оның халқына жеңіс сыйлады; оларға соғысудың қажеті жоқ болады
[28-беттегі сурет]
Майланғандар мен басқа қойлар Ехобаның билігін қолдайды
[29-беттегі сурет]
Жуырда Ехобаның халқы ежелдегі исраилдіктер іспетті жеңіс жырын айтатын болады