“Қорықпаңдар, зәрелерің де ұшпасын!”
“Қорықпаңдар, зәрелерің де ұшпасын!.. Тәңір сендермен бірге болады” (2 ШЕЖІРЕЛЕР 20:17).
1. Терроризм адамдарға қалай әсер етеді және неге олардың қауіптенуінің себебін түсінуге болады?
ТЕРРОРИЗМ! Осы сөзді ауызға алғанның өзінде бойыңды сенімсіздік пен дәрменсіздік билеп, көңілге үрей ұялайды. Бұл сөз үрей, қайғы мен ашудан тұратын аралас сезім оятады. Сонымен қатар ол көп адамның қауіптенуінше, болашақта адамзат басына төнетін қатерді суреттейді. Кейбір елдер терроризмнің түр-түрімен көп жылдар бойы күресіп, түбегейлі құрта алмай келе жатқаны адамдардың бекер қауіптенбейтіндерін көрсетеді.
2. Ехоба Куәгерлері терроризм проблемасына қалай қарайды және бұдан қандай сұрақтар туады?
2 Сөйткенмен де, үмітімізді үзбеуге барлық негіз бар. 234 ел мен аумақта уағыздау ісіне белсене қатысып жүрген Ехоба Куәгерлері болашаққа сеніммен қарайды. Олар терроризм мәңгіге созыла береді деп қорықпайды, қайта, жуырда түп тамырымен жоқ болатынына кәміл сенеді. Болашаққа сондай сеніммен қарау орынды ма? Әлемді терроризмнен кім құтқарады және қалай? Зорлық қай жағынан болмасын бәрімізге әйтеуір бір әсер ететін болғандықтан, Куәгерлердің болашаққа деген осындай сенімділігінің неге негізделгенін қарастырып көрген орынды болар.
3. Қорқуға қандай себептер бар және біздің заманымызға қатысты алдын ала не айтылған?
3 Бүгінде түрлі себептермен адамдарды қорқыныш билеп, уайымға салынып жатады. Өз қамдарын өздері ойлай алмайтын көптеген қарттар, беті қайтпайтын аурудан күш-қауқары әбден сарқылғандар, өлместің күнін кешіп жүрген отбасылар туралы ойлаңдаршы. Мына өмірдің өзі қаншалықты баянсыз екенін ойлап көріңдерші! Аяқ астынан бақытсыздыққа не апатқа ұшырап, кез келген уақытта қолымыздағы бар асылымыздан айырылып қалуға болатындай көрінеді. Осындай қорқыныш пен қобалжудың, сондай-ақ жеке бастың келіспеушіліктері мен көңілдің қалуының себебінен біздің заманымыз елші Пауылдың суреттемесіне тура сай келеді: “Есіңде болсын, соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады: адамдар өзімшіл... ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін болады” (2 Тімотеге 3:1—3).
4. 2 Тімотеге 3:1—3 тармақтарында көңіл қуантарлық көрініс суреттелмегенмен, үміт беретін қандай себепті байқауға болады?
4 Бұл Жазба орнында көңіл қуантарлық көрініс суреттелмегенмен, үміт етуге негіз болар сөздер бар. Қиын-қыстау күндердің Шайтанның билігіндегі заманның ‘соңғы дәуірінде’ болатынына көңіл бөлейікші. Бұл дегеніміз — жуырда қазіргі зұлым дүниенің орнына кемелді Құдай Патшалығының билігі келеді деген сөз. Иса өзінің шәкірттеріне сол Патшалықтың орнауын сұрап, дұға етуді үйреткен (Матай 6:9, 10). Сол Патшалық — Құдайдың көктегі үкіметі — Даниял пайғамбар айтқандай, “[адам басқаратын] барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды да, өзі мәңгі тұратын болады” (Даниял 2:44).
Терроризм және мәсіхшілердің бейтараптығы
5. Терроризм қаупі көп мемлекеттерге қалай әсер етті?
5 Соңғы онжылдықтарда терроризм қаншама мың адамның өмірін қиып кетті. Адамзат 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорк пен Вашингтонда болған оқиғалардан кейін қаншалықты үлкен қауіп төніп тұрғанын анығырақ түсінді. Терроризмнің күшіне мініп, кеңінен етек алып келе жатқанын көргендіктен, оған тойтарыс беру үшін көптеген мемлекеттер лезде бас қосты. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, 2001 жылы 4 желтоқсанда “Еуропаның, Солтүстік Америка мен Орта Азияның 55 сыртқы істер министрі бір ауыздан“әрекеттерін ретке келтіріп отыратын “жоспар қабылдады”. АҚШ-тың жоғары лауазымды бір шенеунігі сондай шараны қолдап, оның терроризммен “жаңа қарқынмен” күресуге мүмкіндік беретінін айтқан. Күтпеген жерден миллиондаған адам “Нью-Йорк таймс мэгэзин”журналы “тарихи шайқастың басы” деп атаған нәрсеге араласып та кетті. Мұндай әрекеттердің қаншалықты сәтті болары алдағы уақытта көрінер. Қайткен күнде де, терроризмге қарсы күрес көп адамның бойында үрей мен қобалжу сезімін тудырады, алайда Ехобаға арқа сүйейтіндер жөнінде олай дей алмайсың.
6. а) Неге кейде кейбіреулерге Ехоба Куәгерлерінің бейтараптық көзқарастарымен келісу қиынға соғады? ә) Саясатқа деген көзқарасқа қатысты Иса қандай үлгі қалдырған?
6 Ехоба Куәгерлерінің саяси бейтараптықты ұстанатыны белгілі. Бейбітшілік кезінде көп адам мұндай көзқарасты қолдайды, ал төтенше жағдай орнай қалса, төзімсіз болып кетеді. Жиі соғыстың салдарынан туған үрей мен сенімсіздік адамдардың бойында отаншылдық сезімін оятады. Кейбіреулер не себепті әлдекімнің ұлт мүддесі үшін жасалатын әрекеттерді қолдамайтынын түсінбейтіні сондықтан болар. Алайда шынайы мәсіхшілердің бәрі Исаның ‘осы дүниелік’ болмау керек деген өсиетіне мойынсұнуға тиіс екендерін біледі (Жохан 15:19; 17:14—16; 18:36; Жақып 4:4). Бұл саяси, әлеуметтік мәселелерде бейтарап болуды талап етеді. Осыған орай Исаның өзі керемет үлгі қалдырған. Кемелді даналық пен керемет қабілеттердің иесі ретінде өз заманындағы қоғамның өмірін едәуір жақсартып жіберу оның қолынан келер еді. Бірақ ол саясатқа араласпаған. Қызметінің басында Шайтан бүкіл дүние жүзінің билігін ұсынғанда, кейінірек халық саяси орынға тағайындауға тырысқанда да Иса үзілді-кесілді бас тартқан (Матай 4:8—10; Жохан 6:14, 15).
7, 8. а) Ехоба Куәгерлерінің бейтараптықты ұстанатындықтары нені білдірмейді және неге? ә) Римдіктерге 13:1, 2-де жазылған сөздерден зорлық-зомбылықпен мемлекетке қарсы жасалатын әрекеттерге қатысудың бұрыстығы қалай көрінеді?
7 Ехоба Куәгерлері бейтарап болуларымен зорлықты қолдайды немесе оған көз жұма салады деген жаңсақ тұжырым жасамаған жөн. Расында да солай болса, қалайша олар ‘сүйіспеншілік пен тыныштықтың қайнар көзі — Құдайдың’ қызметшісіміз дей алар еді?! (2 Қорынттықтарға 13:11). Олар Ехобаның зорлық-зомбылыққа деген көзқарасын біледі. Забур жыршысы: “Тәңір әділдерді сынайды, ал ұждансыздар мен зорлық-зомбылықты сүйетіндерді Ол жек көреді”,— деп жазған (Забур 10:5). Сонымен қатар Исаның елші Пауылға айтқан сөздері олардың естерінде: “Семсеріңді қынабына сал! Семсеріне сенген семсерден өлер” (Матай 26:52).
8 Жалған мәсіхшілердің жиі ‘семсерлеріне’ сенгені тарихтан анық көрініп отырғанмен, Ехоба Куәгерлері туралы олай деуге болмайды. Олар мұндай әрекеттің кез келген түрінен бас тартады. Ехоба Куәгерлері Римдіктерге 13:1, 2-тармақтарда жазылған нұсқауға адал мойынсұнады: “Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға бағыныңдар! Себебі мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан. Сондықтан, билікке қарсы шыққандар Құдайдың орнатқан тәртібіне қарсы тұрады. Мұндай қарсыластар жазаларын тартатын болады”.
9. Ехоба Куәгерлері қандай екі жолмен терроризммен күреседі?
9 Алайда терроризм соншалықты қасірет әкелетін болса, Ехоба Куәгерлері онымен күресуге көмектесулері керек емес пе? Иә, көмектесулері керек, әрі көмектесіп те жатыр. Біріншіден, олар терроризмнің ешқандай түріне қатыспайды. Екіншіден, олар адамдарды Киелі кітаптың принциптеріне сай өмір сүруге үйретеді, ал оларды ұстану зорлықтың кез келген түрінен аулақ етедіa. Былтыр Ехоба Куәгерлері адамдарды осындай өмір жолына үйретуге 1 202 381 302 сағат жұмсаған. Бұл — босқа ысырап етілген уақыт емес, өйткені соның нәтижесінде 265 469 адам Ехоба Куәгері ретінде суға шомылдыру рәсімінен өтіп, зұлымдық жасаудан үзілді-кесілді бас тартатынын көпшілік алдында паш еткен.
10. Қазіргі дүниеде зұлымдықтың жойылатынына үміттенуге бола ма?
10 Оған қоса, Ехоба Куәгерлері өз күштерімен дүниені ешқашан зұлымдықтан арылта алмайтындарын түсінеді. Сондықтан солай ете алатын тұлғаға — Ехоба Құдайға — толықтай арқа сүйейді (Забур 83:18, ЖД). Адамдар жанын салып, қолдан келгеннің бәрін істегендерімен, зұлымдықты түбегейлі жоя алмайды. Жазбаларда киелі рухтың жетелеуімен біздің уақытымыз, яғни ‘соңғы дәуір’, жөнінде: “Қара ниеттілер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өздері де алданып, өзгелерді де алдай бермек”,— деген ескерту жазылған (2 Тімотеге 3:1, 13). Егер осы қырынан қарайтын болсақ, адамзат зұлымдықты жеңемін деп үміттенбесе де болады. Ал басқа жағынан, біз Ехоба зұлымдықты түп тамырымен жояды деп сенуімізге болады (Забур 36:1, 2, 9—11; Нақыл сөздер 24:19, 20; Ишая 60:18).
Алдағы шабуылға қарамастан, батыл болу
11. Зорлық-зомбылықтың тамырына балта шабу үшін Ехоба қандай қадамдар жасады?
11 Тыныштықтың Құдайы зорлық-зомбылықты жек көретін болғандықтан, зұлымдықтың қайнар көзі Ібіліс Шайтанды жою үшін неге нақты шаралар жасағанын түсінуге болады. Ехобаның еркіне сай Шайтан бас періште Михаилдан — Құдайдың таққа отырғызған Патшасы Иса Мәсіхтен — масқара болып жеңіліп қойған. Киелі кітапта сол оқиға жөнінде былай делінген: “Сонда көкте соғыс бұрқ ете түсті. Михаил мен оның қол астындағы періштелері айдаһарға қарсы аттанды. Айдаһар өз нөкерлерімен бірге оларға қарсы шайқасты, бірақ төтеп бере алмады. Бұдан былай соларға көктен орын берілмеді. Осылайша үлкен айдаһар — бүкіл әлемді алдап келген әзәзіл, әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан абжылан көктен қуылып, бүкіл нөкерлерімен қоса жер бетіне лақтырылды” (Аян 12:7—9).
12, 13. а) 1914 жылды не ерекше етеді? ә) Езекиелдің пайғамбарлығында Құдай Патшалығын қолдайтындарға қатысты алдын ала не делінген?
12 Дүниедегі жағдайлармен қоса, Киелі кітап хронологиясы көктегі сол соғыстың 1914 жылы болғанына нұсқайды. Сол жылдан бастап әлемдегі жағдай нашарлаған үстіне нашарлап барады. Неге олай болып жатқаны Аян 12:12-де түсіндірілген: “Қуаныңдар, көк және оны мекендегендердің бәрі де! Алайда жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы”.
13 Ібілістің ең алдымен Құдайдың майланған қызметшілері мен олардың серіктері “басқа қойларға” ашулы екені түсінікті нәрсе (Жохан 10:16; Аян 12:17). Бұл қарсылық жақында Құдай орнатқан Патшалықты қолдайтындар мен оған арқа сүйейтіндерге қарсы Ібіліс зор ашумен шабуыл жасағанда, шарықтау шегіне жетеді. Осы батыл шабуыл жөнінде Езекиел кітабында ‘Магог жерінен шыққан Гогтың’ шабуылы ретінде әңгімеленген.
14. Өткен уақытта Ехоба Куәгерлері қайдан қорғаныш тауып отырған және үнемі солай бола бере ме?
14 Шайтан көктен қуылғаннан бері Құдай халқы Аян 12:15, 16-да бейнелі тілмен айтылғандай, кейде қандай да бір саяси құрылымдардың күш салуының арқасында оның шабуылдарынан қорғаныш тауып отырған. Бірақ Киелі кітаптан көрініп отырғандай, Шайтанның соңғы шабуылының кезінде, Құдайға арқа сүйейтіндерді ешқандай адами ұйымдар қорғамайды. Осыған орай, мәсіхшілер қорқып, үрейлері ұшулары керек пе? Әрине, жоқ!
15, 16. а) Жосафаттың заманында Ехобаның өз халқына айтқан сөзі бүгіндегі мәсіхшілердің болашаққа үмітпен қарауларына қандай негіз береді? ә) Не нәрседе Жосафат пен оның халқы Құдайдың қазіргі қызметшілеріне үлгі?
15 Құдай өз халқын тап Жосафаттың заманындағыдай қолдайтын болады. Біз мынаны оқимыз: “Тыңдаңдар, барлық яһудилер мен Иерусалимнің тұрғындары және Жосафат патша! Тәңір сендерге былай дейді: мына қалың қолдан қорықпаңдар, үрейлерің де ұшпасын. Өйткені бұл сендердің емес, Құдайдың соғысы... Бұл жолы сендер соғыспайсыңдар; сендер тұрыңдар, берік тұрыңдар, сөйтіп Тәңірдің өздеріңе жіберген құтқаруына қараңдар. Яһуда мен Иерусалим, қорықпаңдар, зәрелерің де ұшпасын! Ертең оларға қарсы шығасыңдар, Тәңір сендермен бірге болады” (2 Шежірелер 20:15—17).
16 Яһудилерге соғысудың қажеті жоқ екені айтылған. Сол сияқты Магог жерінен шыққан Гог шабуыл жасағанда, Құдай халқына қару алып соғысудың қажеті болмайды. Оның орнына олар ‘берік тұрып, Тәңірдің жіберген құтқарылуын’ бақылап тұрады. Берік тұру деген еш әрекетсіз тұруды білдірмейді әрине. Жосафаттың заманында да Құдай халқы олай етпеген ғой. Біз мынаны оқимыз: “Сонда Жосафат жерге дейін бас иіп, тағзым етті. Барлық яһудилер де, Иерусалимнің тұрғындары да Тәңір алдында жерге жығылып, бас ұрды... Сонда ол халықпен ақылдасып, Тәңірге арнап ән салатын әншілерді тағайындады. Олар қарулы әскердің алдында киелі салтанатпен Оны былай деп мадақтады: — Тәңірді мадақтаңдар, өйткені оның рақымы мәңгілік!” (2 Шежірелер 20:18—21). Иә, жау тарапынан шабуыл жасау қаупі төніп тұрса да, халық Ехобаны мадақтаудан таймаған. Бұл — Гог шабуылға шыққанда, Ехоба Куәгерлері еліктеулері керек үлгі.
17, 18. а) Ехоба Куәгерлері Гогтың шабуылына қатысты қалай батылдық танытуда? ә) Мәсіхші жастарға жақында қандай ескерту жасалған еді?
17 Ехоба Куәгерлері Гогтың шабуылына дейін, тіпті одан кейін де Құдай Патшалығын қолдауды жалғастыра береді. Олар дүние жүзіндегі 94 600-ден астам қауымнан күш алып, қорғаныш іздей беретін болады (Ишая 26:20). Қазір Ехобаны батыл мадақтайтын уақыт! Гог шабуыл жасайтын кезді күтіп отырғанда, олар үрейге беріліп, кейін шегінбейді. Қайта, бұл оларды Ехобаны мадақтайтын құрбандықты мүмкіндігінше мол беруге талпындыруда (Забур 145:2).
18 Толық уақыты қызмет етуді бастаған дүние жүзіндегі мыңдаған ұл-қыздардың беталысынан да осындай батылдықты байқауға болады. 2002 жылы өткен конгрестерде осындай өмір жолының қаншалықты керемет еткеніне ерекше көңіл бөлетін “Жастар, өмірлеріңді неге арнайсыңдар?” деген трактаттың жарық көргені туралы хабарландыру болған еді. Осындай уақтылы берілген ‘ережелерге [“ескертулерге”, ЖД]’ жасы болсын, ересегі болсын — барлық мәсіхшілер риза (Забур 118:14, 24, 99, 119, 129, 146).
19, 20. а) Не себепті мәсіхшілер қорқып, үрейлері ұшпау керек? ә) Талқылауға арналған келесі мақаланың бізге қандай пайдасы бар?
19 Дүниедегі жағдай қандай болмасын, мәсіхшілерге қорқып, үрейлері ұшуға негіз жоқ. Олар жуырда Ехобаның Патшалығының зорлық-зомбылықтың кез келген түрін бір жолата жоятынын біледі. Сондай-ақ қайта тірілудің арқасында зорлықтың кесірінен өмірі үзілгендердің қайта өмірге келетіні оларға жұбаныш береді. Қайта тірілгендердің кейбіреулері үшін бірінші рет Ехобаны танып-білу мүмкіндігі туады, ал өзге біреулері оған адал қызметтерін әрі қарай жалғастыру үшін қайта тіріледі (Елшілердің істері 24:15).
20 Шынайы мәсіхшілер ретінде біз бейтараптықты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз, әрі солай етуге белімізді бекем буғанбыз. Біз ‘тұрып, Тәңірдің жіберген құтқарылуын’ көретін күнге жеткіміз келеді. Келесі мақала бүгінгі күнгі жағдайлар Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын біртіндеп түсінуімізге көмектесетінін көрсету арқылы сенімімізді қатайтады.
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгері болу үшін зұлымдық жасаудан бас тартқандардың мысалдарын “Ояныңдар!” журналының 1990 жыл 22 наурыз, 21 бетінен (ағыл.) және 1991 жыл 8 тамыз, 18-бетінен (ор.), сондай-ақ “Күзет мұнарасының” (ор.) 1996 жыл 1 қаңтар, 5-бетінен және 1998 жыл 1 тамыз, 5-бетінен табуға болады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Не себепті бүгінде көптеген адам болашаққа үмітсіздікпен қарайды?
• Неге Ехоба Куәгерлері болашаққа үмітпен қарайды?
• Зорлық-зомбылықтың көзі Шайтанға қатысты Ехоба қандай шаралар жасаған?
• Неге Гогтың шабуылынан қорқуға негіз жоқ?
[21-беттегі сурет]
Бейтараптық сақтауда Иса керемет үлгі көрсеткен
[23-беттегі суреттер]
Мыңдаған жастар қуана-қуана толық уақытты қызмет етуді бастады
[20-беттегі сурет рұқсатымен]
UN PHOTO 186 226/M. Grafman