Хош иісті зат түтету. Оны шынайы ғибадатта қолданған орынды ма?
“ҚҰДАЙЛАР жұпар иісті жақсы көреді”. Ежелгі мысырлықтардың арасында осындай сөз кеңінен тараған. Хош иісті зат түтету олардың ғибадатының ажырамас бөлігі болған. Мысырлықтар құдайларының үнемі жандарында екеніне сеніп, күнделікті хош иісті заттарды ғибадатханаларында да, отбасының құрбандық үстелінің алдында да, тіпті түрлі келісім шарттар жасасқанда да түтететін. Мұндай жоралар өзге халықтарда да болған.
Хош иісті зат деген не? Ол түтетілетін затты да, оның жұпар иісті түтінін де білдіреді. Бұл зат хош иісті шайырлар мен ладан, бальзам сияқты өсімдіктерден жасалады. Оларды түйіп, алынған ұнтақтың белгілі мақсатта қолдануға қажетті жұпар иісі болу үшін жиі дәмдеуіштер, өсімдік тамыры мен гүл араластырады.
Ежелде хош иісті заттарға сұраныстың көп болғаны және өте бағалы болғаны соншалық, оның құрамына кіретін заттардың сауда-саттықта маңызы зор болған. Керуендер оларды сауда-саттық жолымен алыстан әкелетін. Жақыптың жас баласы Жүсіптің “түйелеріне иісмай жасайтын құнды шайыр, бальзам және хош иісті мүр деген заттар тиелген” “Ғалақад маңынан келе жатқан” ысмағұлдық саудагерлерге сатылып кеткенін еске түсіруге болады (Жаратылыс 37:25). Хош иісті заттарға деген сұраныстың көп болғаны соншалық, ладан алып өтілетін сауда-саттық жолының арқасында, оның хош иісті зат сатушылардың ықыласымен салынғаны сөзсіз, Азия мен Еуропаның арасындағы қатынас жолы ашылған.
Бүгінде де көптеген діндердің салт-жоралғыларында хош иісті зат түтетіледі. Оны жұпар иісіне бола үйлерінде түтететіндердің де саны өсіп барады. Жұпар иісті зат түтетуге мәсіхшілердің көзқарасы қандай болу керек? Оны Құдайға ғибадат еткенде қолдану дұрыс па? Осы мәселеге қатысты Киелі кітапта не айтылғанына көңіл бөлейікші.
“Оны жалғыз Жаратқан Иеге арналған киелі деп санаңдар!”
Ежелгі Исраилде хош иісті зат түтету киелі шатырда қызмет ететін діни қызметкерлердің ең маңызды міндеттерінің бірі болған. Макклинток пен Стронгтың энциклопедиясында былай делінген: “Сонымен, еврейлер хош иісті заттарды түтетуді ғибадат еткенде не [Құдайға сый тарту] ұсынғанда жасалатын әрекет деп есептегенге ұқсайды, сондықтан өзіміз оқығандай, оны басқа ешқандай жағдайда қолданбаған”.
Ехоба төрт затты араластырып, киелі шатырда түтетуді бұйырған: “Әрқайсысынан бірдей мөлшерде етіп мынадай хош иісті заттарды дайындап ал: жұпар иісті шайыр тамшылары, қабыршақ, галбан шайыры, хош иісті дәмдеушілер және таза ладан шайыры. Осы хош иісті заттардан ладанның әрбір мөлшерлеріне тең мөлшерде алынсын. Арнайы шеберлерге солардан жұпар иісті түтету қоспасын жасат: ол тұзбен араластырылып, таза да киелі болсын. Түтету қоспасының біразын ұнтақтап, киелі шатыр ішіне... келісім сандығының қарсы алдына қой” (Мысырдан шығу 30:34—36). Ғалымдардың пайымдауынша, кейінірек яһуди раввиндері ғибадатханада түтетуге арналған хош иісті затқа басқа да қоспалар араластырған.
Киелі шатырда түтетілетін хош иісті зат киелі болған, ол тек Құдайға ғибадат ету үшін қолданылған. Ехоба мынаны бұйырды: “Осындай құрамда өздеріңе хош иісті түтету қоспасын жасамаңдар! Оны жалғыз Жаратқан Иеге арналған киелі деп санаңдар! Кімде-кім өзі үшін түтетуге осындай қоспаны жасаса, сол халқының арасынан аластатылуға тиіс” (Мысырдан шығу 30:37, 38). Діни қызметкерлер оны арнайы орында күніне екі рет түтететін (2 Шежірелер 13:11). Ал Ұлы Кешірім күні діни қызметкер хош иісті затты ең қасиетті бөлмеде түтететін (Леуіліктер 16:12, 13).
Хош иісті заттың түтетілуі әрқашан Құдайға ұнамды бола бермеген. Діни қызметкер болмаса да өзімшілдікпен хош иісті затты түтеткендерді Құдай жазалаған (Руларды санау 16:16—18, 35—40; 2 Шежірелер 26:16—20). Ехоба яһуди халқының жалған тәңірлерге табынып, ал қолдары “қанға малынған” уақытта түтеткен хош иісті заттарын ұнатпаған. Олардың екіжүзділігін көрген Ехоба: “Хош иісті зат түтетулеріңді де ұнатпаймын”,— деген (Ишая 1:13, 15). Исраилдіктер Ехоба орнатқан ғибадатқа немқұрайды қарағандары сонша, ғибадатхананы жауып тастап, хош иісті затты басқа құрбандық үстелдерінде түтете бастаған (2 Шежірелер 28:24, 25). Кейінірек, киелі хош иісті зат тіпті жеркенішті жалған тәңірлерге табынуда да қолданылатын болды. Мұндай істерге Ехоба жеркенішпен қарады (Езекиел 16:2, 17, 18).
Хош иісті зат және ертедегі мәсіхшілер
Б. з. 33 жылы Иса Мәсіх жаңа өсиетті ендіргенде, киелі хош иісті затты түтетуге қатысты діни қызметкерлерге берілген бұйрықты қоса алғанда, Заң келісімінің күші жойылды (Қолостықтарға 2:14). Ертедегі мәсіхшілердің діни мақсатта хош иісті зат түтеткені туралы ешқандай мәлімет жоқ. Макклинток пен Стронгтың энциклопедиясында былай делінген: “[Ертедегі мәсіхшілердің] хош иісті заттарды қолданбағаны сөзсіз. Шындығына келгенде, хош иісті заттарды қолдану пұтқа табынушылықтың белгісі болған... Пұтқа табынушылардың құрбандық үстеліне хош иісті заттың бірнеше түйірін тастау құлшылық етіп табыну болып есептелетін”.
Сонымен қатар ертедегі мәсіхшілер өмірлеріне қауіп төнетініне қарамастан, Рим императорының “құдайлық болмысын” мойындаудан бас тартатын (Лұқа 4:8; 1 Қорынттықтарға 10:14, 20). Сол уақытта хош иісті затты пұтқа табынушылықта қолданылғанын ескерер болсақ, ертедегі мәсіхшілердің оны тіпті сауда-саттықта да қолданбағаны түсінікті нәрсе.
Бүгінде хош иісті затты түтету
Бүгінде хош иісті зат қалай қолданылуда? Христиан әлемінің көп шіркеуінің жоралғылары мен литургияларында хош иісті зат түтетіледі. Ол көптеген азия елдерінде құдайларды дәріптеу не аруақтарды қорғау үшін ғибадатханалар мен отбасының құрбандық үстелінің алдында түтетіледі. Діни қызмет жүріп жатқанда, хош иісті затты бөлмеде жұпар иіс болу, сауықтыру, тазарту, (өлілерден) қорғану үшін сияқты әр түрлі мақсатта қолданады.
Біраз уақыттан бері хош иісті зат қайтадан, тіпті Құдайға сенбейтіндердің арасында да, кеңінен қолданыла бастады. Кейбіреулер оны медитация кезінде түтетеді. Бір анықтамалық кітапта оны физикалық әлемнен тысқары сезімнің “нәзік деңгейі” мен “энергияны” сезіну үшін қолдануға кеңес береді. Сондай-ақ онда өмірдегі проблемаларды шешу жолы ретінде хош иісті затты түтетудің “табиғаттан тыс тіршілік иелерімен” байланыстыратын арнайы тәсілдері ұсынылған. Мәсіхшілердің солай етулеріне бола ма?
Ехоба шынайы ғибадатқа жалған діннің салт-жоралғыларын араластыруға тырысатындарды тікелей айыптайды. Елші Пауыл Ишая пайғамбардың сөздерін мәсіхшілерге қатысты қолданып, оларды жалған діннің арамдалған әсерінен аулақ болуға шақырған. Ол былай деп жазды: “Жаратқан Ие былай дейді: — Сондықтан олардың арасынан шығып, бөлек тұрыңдар, арам нәрселеріне мүлдем жоламаңдар! Ал Мен сендерді қабылдаймын” (2 Қорынттықтарға 6:17; Ишая 52:11). Мәсіхшілер жалған ғибадатпен немесе оккультизммен байланысы бар нәрселердің бәрінен барынша аулақ болуға тырысады (Жохан 4:24).
Хош иісті зат діни жораларда не сиқырлықта қолданылатын болса, бұл оны мүлдем түтетуге болмайды дегенді білдіре ме? Міндетті түрде емес. Мысалы, әлдебіреу оны жағымды иісіне бола үйінде түтеткісі келер (Нақыл сөздер 27:9). Десе де, тіпті осындай жағдайдың өзінде мәсіхші кейбір жайттарды ескергені жөн. Өзі тұратын жерде хош иісті затты түтетудің жалған дінмен байланысы бар ма? Ол сиқырлыққа қатысты жергілікті салт-жораларда жиі қолданыла ма, жоқ әлде дінге қатысы жоқ мақсаттарда қолданыла ма?
Сондай-ақ хош иісті затты түтету-түтетпеуді шешкенде, өз ар-ұжданыңның даусына ғана құлақ асып қоймай, өзгелердің сезімін ескерген де дұрыс (1 Қорынттықтарға 10:29). Осыған орай елші Пауылдың римдіктерге жазған сөздерін қолдануға болады. Ол: “Ендеше өзара тату жүріп, бір-біріміздің рухани өсуімізге көмектесетіннің барлығына жан-тәнімізбен ұмтылайық! Жейтін тамаққа бола бауырластар өміріндегі Құдайдың ісін бұзба! Тамақтың бәрі де адал, бірақ біреудің кейбір тағамды ішіп-жеуі басқа сенушілердің өздерінің ар-ұждандарына қайшы іс істеулеріне түрткі болуы дұрыс емес! Егер ет жеу, шарап ішу немесе басқа нәрсе істеу бауырласыңның сенім жолынан тайып, азғындыққа елігіп, рухани әлсіреуіне себеп болса, ондай нәрселерден бас тартқаның жөн”,— деп жазды (Римдіктерге 14:19—21).
Дұға “хош иісті зат іспетті”
Исраилдіктердің арасында хош иісті затты түтету Құдай еститін дұғаларға жақсы теңелген. Сондықтан забур жыршысы Дәуіт Ехобаға: “Дұғам, Сенің дидарыңның алдына, хош иісті зат іспетті... бағышталсын”,— деп жырлаған (Забур 140:2).
Адал исраилдіктер үшін хош иісті зат түтету мағынасыз жора болмаған. Олар Ехоба қалай бұйырса, солай дайындап, оны тап солай түтетуге барынша тырысатын. Бүгіндегі мәсіхшілер тура мағынада хош иісті заттың орнына көктегі Әкемізге дұға етіп, зор ризашылықтары мен сый-құрметтерін білдіреді. Құдай Сөзі бізді ғибадатханада діни қызметкерлер түтететін хош иісті заттың жанға жағымды жұпар иісіндей, ‘әділдердің дұғасы да Оған ұнайтынына’ сендіреді (Нақыл сөздер 15:8).
[31-беттегі суреттер]
Киелі шатыр мен ғибадатханада түтетілетін хош иісті зат киелі болған
[32-беттегі сурет]
Медитация кезінде хош иісті зат түтету мәсіхшілерге лайық па?