Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.7. 8—12 бет.
  • Ехобаның жүрегін қуантатын жастар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның жүрегін қуантатын жастар
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “Зұлымнан” қорғаныш
  • “Жүрегімді қуант”
  • Ехоба сенің қамыңды ойлайды
  • Қазірдің өзінде көл-көсір баталар
  • “Бақытты Құдайға” қызмет ету
  • Құдайға ұнамды болатындай өмір сүр
    Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?
  • Құдайды қалай қуанта аламыз?
    Ұлы Ұстаздан үйренейік
  • Құдаймен қалай дос бола аламыз?
    Киелі жазбалардан не білеміз?
  • Сергек бол, Шайтан сені жалмағысы келіп жүр!
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.7. 8—12 бет.

Ехобаның жүрегін қуантатын жастар

Талқылауаға арналған осы мақалалар Ехоба Куәгерлерінің қауымындағы жастарға арнайы дайындалған. Сондықтан жастарды осы мәліметті мұқият зерттеп, қауымда “Күзет мұнарасы” талқыланғанда белсене қатысып отыруға шақырамыз.

“Ұлым, ақылды болып, менің жүрегімді қуант. Сонда мені кінәлап жүргенге жауап бере алатын боламын” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 27:11).

1, 2. а) Осы дүние қызықтыратын болса, сенен жақсы мәсіхші шықпайды дегенді білдіре ме? (Римдіктерге 7:21.) ә) Асафпен болған жағдайдан қандай сабақ алдың? (9-беттегі қоршауды қара.)

КИІМ-КЕШЕК іздеп базар не дүкен аралап жүргеніңді елестетші. Кенет еріксіз назарыңды аудартқан бір затқа көзің түседі. Түсі мен пішімі өзіңе жарасып-ақ тұр, өзі тым қымбат та емес. Бірақ енді затты жақсылап қарай бастайсың да, матасының жиегі түтіліп, ал тігістерінің әрең ілініп тұрғанын байқап, таң-тамаша қаласың. Зат әдемі болғанмен, сапасы нашар болып шығады. Осындай сапасыз затқа ақшаңды ысырап етесің бе?

2 Бұл мысалды сен, жас мәсіхші, кезігіп қалуың мүмкін жағдаймен салыстыруға болады. Бір қарағанда мына өмір әлгі зат іспетті көз тартарлық болып көрінетін болар. Мысалы, сыныптастарың көңілді кештерге баратын, есірткі қабылдап, мас бола ішіп, ұл-қыздар еш байлаусыз кездесіп жүретін немесе некеге дейін жыныстық қатынаста болатын шығар. Осындай өмір салты сені де қызықтыратын кезі бола ма? Солардың “еркіндік” деп жүргендерін татып көргің келген кездер болған ба? Олай болса, “менің жүрек пиғылым жаман, менен жақсы мәсіхші шықпайды” деген тұжырым жасауға асықпа. Өйткені Киелі кітап осы дүниенің адамды, тіпті Құдайға ұнамды болғысы келетіндерді де, қатты қызықтыратын әсері барын мойындайды (2 Тімотеге 4:10).

3. а) Неге осы дүниедегі нәрселердің соңына түсу бос әурешілік? ә) Осы дүниедегі нәрселерге ұмтылудың бос әлек екенін бір бауырласымыз қалай суреттеді?

3 Алғың келген киімді қалай жақсылап тексеретін болсаң, осы дүние ұсынып отырған нәрселерге де зер салып қарай түсші. Өзіңнен былай сұра: осы заманның “матасы” мен “тігісінің” сапасы қандай? Киелі кітапта ‘осы дүние өткінші’ делінген (1 Жохан 2:17). Осы дүниенің ләззаты керемет дегеннің өзінде, өткінші болады. Оның үстіне, күнәкар жүріс-тұрыстың құны қымбатқа түседі. Әрине, мұнымен бірдеңе ұттым дей алмайсың. Жастық шағын бос өткізгені жанына батқан бір бауырласымыз былай деді: “Мына дүние керемет, адам қызығарлық болып көрінуі мүмкін. Ол осы дүниенің дағдысы бойынша, еш залал көрмей көңіл көтере беруге болатынына сендіргісі келеді. Бірақ олай болуы мүмкін емес. Бұл дүние сені әбден титықтағаныңша қолданады да, лақтырып тастайды”a. Осындай өмір салтына жастық шағыңды қор етіп не керек?!

“Зұлымнан” қорғаныш

4, 5. а) Өлерінен аз уақыт бұрын, Иса Ехобадан не жөнінде сұраған? ә) Неге оның өтініші орынды болған?

4 Бұл дүниенің ешбір бағалы нәрсе бермейтінін түсініп, мәсіхші жастар онымен достасудан аулақ (Жақып 4:4). Осылайша адалдық танытып жүрген жастардың арасында сен де барсың ба? Олай болса, мақтауға тұрарлықсың. Әрине, құрбы-құрдастарыңның қысымына төтеп беру мен басқалардан ерекше болу — оңай емес. Бірақ жалғыз емессің.

5 Өлерінен аз уақыт бұрын Иса шәкірттерін ‘Зұлымнан қорғауын’ сұрап, Ехобаға дұға еткен (Жохан 17:15, ЖД). Исаның осындай өтініш жасауына келелі себеп болған. Ол Құдайға адалдығын сақтау жас шамасына қарамастан, ізбасарларының бәріне де оңайға соқпайтынын білген. Неге? Мұның бір себебі, Исаның өзі де түсінгендей, шәкірттерінің көзге көрінбейтін күшті жауы “Зұлым”, немесе Шайтан Ібіліс, бар еді. Киелі кітапта сол зұлым рухтың ‘ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүргені’ айтылған (1 Петір 5:8).

6. Шайтанның балаларға да жаны ашымайтынын қайдан білеміз?

6 Тарих бойында Шайтан адамзатты айуандықпен қорлап, айызын қандырып келеді. Оның Әйүп пен оның отбасын қандай азапқа салғанын ойлап көрші (Әйүп 1:13—19; 2:7). Бәлкім, қазіргі уақытта болған Шайтанның рухының табы байқалатын қандай да бір оқиға өзіңнің де есіңде болар. Ібіліс адамдарды, тіпті өрімдей жастарды да аямастан, жалмап қоюға тырысып, жемтік іздеп тіміскіленіп жүр. Мысалы, б. з. І ғасырында Ирод Бетлехемдегі екі жасқа дейінгі барлық ер балаларды өлтіруді ұйғарады (Матай 2:16). Иродты түрткен, сірә, Шайтан болу керек. Оның көздегені Құдай уәде еткен Мәсіх болып, Шайтанға шығарылған үкімді орындауға тиіс нәрестенің көзін құрту еді! (Жаратылыс 3:15). Шайтанның балаларға да жаны ашымайтыны анық. Оның көкейкесті мақсаты — мүмкіндігінше көбірек адамды жалмау. Бұл әсіресе қазір рас болып отыр, өйткені Шайтан көктен жер бетіне лақтырылып, “өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:9, 12).

7. а) Қай жағынан Ехоба Шайтанға мүлдем қарама-қайшы тұлға? ә) Ехоба сені өмірдің қызығынан қаққысы келе ме?

7 “Қатты ашулы” Шайтаннан Ехоба мүлдем өзгеше, ол ‘мейірімді рақымын’ төгуде (Лұқа 1:78). Ехоба — сүйіспеншіліктің нақ бейнесі. Жаратушымыздың бұл қасиетті керемет түрде танытатыны соншалық, Киелі кітапта: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (1 Жохан 4:8). Осы дүниенің құдайы мен өзің қызмет ету мәртебесіне ие болған Құдай қалай бір-бірінен ерекшеленеді десеңші! Шайтан жалмап қоюға тырысып жүрген уақытта, Ехоба ‘ешкімнің жойылып кеткенін қаламайды’ (2 Петір 3:9, ЖД). Ол барлық адамның өмірін, әлбетте, сенің де өміріңді, бағалы санайды. Ехоба өз Сөзі арқылы осы дүниелік болмауды өсиет етеді, ол сені өмірдің қызығынан қағуға не сенің еркіндігіңді шектеуге тырыспайды (Жохан 15:19). Қайта, Зұлымнан желеп-жебейді. Көктегі әкең осы дүниелік бір сәттік өткінші ләззаттан анағұрлым жақсырақ игіліктерге ие болғаныңды қалайды. Ол сенің ‘шынайы өмірге’ — жұмақ орнаған жер бетіндегі мәңгі өмірге жеткеніңді көргісі келеді (1 Тімотеге 6:17—19). Ехоба осы мақсатқа ұмтылып, соған жеткеніңді қалайды (1 Тімотеге 2:4). Оған қоса, Ехоба саған ерекше бір өтініш жасап отыр. Ол қандай өтініш?

“Жүрегімді қуант”

8, 9. а) Сен Ехобаға не сыйлай аласың? ә) Шайтанның Ехобаны кінәлап жүргені Әйүппен болған жағдайдан қалай көрінеді?

8 Жақын досыңа сыйлық сыйлап, оның таң-тамаша қалып, ризашылыққа толы жүзіне күлкі үйірілгенін бақылаған кездерің болған ба? Сен оған не сыйлауға болатынын ұзақ ойланған боларсың? Ал енді мынаны ойлап көрші: Жаратушың Ехоба Құдайға қандай сый сыйлар едің? Бастапқыда бұл ой саған оғаш боп көрінер. Құдіретті Құдай пендеден не қажет етуі мүмкін? Оған не беруге болады, бұл жалғанда онда жоқ зат бар ма? Киелі кітапта, Нақыл сөздер 27:11 тармағында, осы сұрақтың жауабы бар: “Ұлым, ақылды болып, менің жүрегімді қуант. Сонда мені кінәлап жүргенге жауап бере алатын боламын”.

9 Киелі кітаптан Ехобаны кінәлап жүрген Ібіліс Шайтан екенін білетін боларсың. Ол Құдайдың қызметшілерінің бәрі сүйіспеншіліктен емес, қара басының қамы үшін қызмет етеді деп сендіреді. Оның айтуынша, адам басына іс түссе шынайы ғибадаттан тайқып шыға келеді. Мысалы, Шайтан әділ адам Әйүп жөнінде былай деген: “Өзін де, үй ішін де, қолындағысының бәрін айнала жарылқап отырған Сен емессің бе? Барлық ісіне батаңды бердің, оның малы жер бетін қаптап жүр. Бірақ қолыңды созып, меншігіндегінің бәріне тигізіп көрші, ол сені даңқтар ма екен?” (Әйүп 1:10, 11).

10. а) Шайтанның Әйүптің ғана берілгендігіне күмән келтірмегенін қайдан білеміз? ә) Билікке қатысты мәселеде сенің алатын орның қандай?

10 Киелі кітаптан көрініп отырғандай, Шайтан Әйүптің ғана емес, Құдайдың барлық қызметшілерінің берілгендігіне күмән келтірген әрі бұдан сен де шет қалмайсың. Барлық адамдарды ойында тұтып Ехобаға Шайтан: “Өмірі үшін адам [Әйүп қана емес, бүкіл адам атаулы] қолындағысының барлығын береді”,— деген (Әйүп 2:4). Осындай маңызы зор мәселеде өзіңнің қандай орын алатыныңды көріп отырсың ба? Нақыл сөздер 27:11 тармағына сәйкес, Ехоба сенің оған қандай да бір нәрсе, яғни Шайтанның таққан кінәсіне жауап беруге негіз, бере алатыныңды айтқан. Ойлап қарашы, Әлемнің Әміршісі сені тарихтағы ең маңызды даулы мәселенің шешілуіне атсалысуға шақырып отыр. Қандай жауапкершілк, қандай мәртебе! Ехобаның өтінішін орындай аласың ба? Әйүп орындаған (Әйүп 2:9, 10). Оны Иса да, сондай-ақ көптеген жастарды қоса алғанда, тарих бойында ғұмыр кешкен қисапсыз өзге адамдар да орындаған (Філіпіліктерге 2:8; Аян 6:9). Сен де солай ете аласың. Бұл мәселеде жай ғана сырттан бақылап тұруға болады екен деп жаңсақ ой түзбе. Өз әрекетіңмен не Шайтанның жала жапқан сөздеріне не Ехобаның жауабына қосыласың. Сен қай жағында боласың?

Ехоба сенің қамыңды ойлайды

11, 12. Өзіне қызмет еткен-етпегенің Ехоба үшін маңызды ма? Түсіндір.

11 Сенің қандай шешім қабылдайтыныңның Ехоба үшін маңызы бар ма? Шайтанға жауап беру үшін, осы күнге дейін Құдайға адалдығын сақтаған адамдар да жеткілікті емес пе? Рас, Ібіліс бірде-бір адам Ехобаға сүйгендіктен қызмет етпейді деген, әрі бұл сөздің жалған екені де дәлелденіп қойды. Сөйтсе де Ехоба билікке қатысты осы мәселеге сенің де қатысқаныңды қалайды, өйткені ол сенің қамыңды ойлайды. Иса: “Дәл сол сияқты, көктегі Әкелерің де осы кішкенелердің ешқайсысының адасып, тозаққа түсуін [“жойылып кетуін”, ЖД] қаламайды!” — деген (Матай 18:14).

12 Сенің қандай жолды таңдайтының Ехобаны қызықтыратыны анық. Одан да маңыздысы, бұның оған тікелей қатысы бар. Киелі кітапта адамдардың әрекеттерінің жаманы да, жақсысы да Ехобаны қатты толғантатыны анық айтылған. Мысалы, исраилдіктер қайта-қайта бүлік шығаруларымен, Ехобаны “ренжіткен” (Забур 77:40, 41). Нұхтың заманында Топан судан бұрын, “адамдар жасаған зұлымдық тым зор” болғанда, Ехоба “қайғырып, қасірет шекті” (Жаратылыс 6:5, 6). Осы сөздердің мағынасына үңіліп көрші. Егер сен жаман жолға түссең, Жаратушыңның жүрегіне жара салған болар едің. Бұл Құдай сезімге берілгіш, көңілшек дегенді білдірмейді, әрине. Керісінше, оның сені сүйетіндігін, сенің игілігіңді ойлайтынын білдіреді. Ал егер дұрыс әрекет етсең, Ехобаның жүрегін қуанышқа бөлейсің. Ол Шайтанға жауап бере алатындығы үшін ғана емес, енді сені жарылқай алатынына да қуанады. Әрі солай етуді қалайды да (Еврейлерге 11:6). Сенің Әкең Ехоба Құдайдың сүйіспеншілігі қалайша зор десеңші!

Қазірдің өзінде көл-көсір баталар

13. Ехобаға қызмет еткеннің арқасында қалайша қазірдің өзінде баталарға ие болып отырмыз?

13 Ехобаға қызмет етіп жүргендер баталарды болашақта ғана алмайды. Ехоба Куәгерлерінің арасындағы көптеген жастар қазірдің өзінде қуаныш пен қанағат сезіміне бөленуде, бұлай болуына келелі себеп те бар. Забур жыршысы: “Әділ — Тәңірдің бұйрықтары, олар жүрекке қуаныш құяды”,— деп жазған (Забур 18:9). Бізге ненің жақсы болатынын Ехоба кез келген адамнан жақсы біледі. Ол Ишая арқылы былай деген: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін. О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секілді, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!” (Ишая 48:17, 18).

14. Қалай Киелі кітаптың принциптері еңсеңді басатын қарыздан аулақ болуға көмектеседі?

14 Киелі кітаптың принциптерін ұстану арқылы көптеген қайғы-қасіреттен аулақ боласың. Мысалы, Киелі кітапта ақшақұмарлыққа салынған адамдардың ‘өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар еткені’ айтылған (1 Тімотеге 6:9, 10). Осы Жазба орнының қаншалықты тура екеніне өз тәжірибесінде көз жеткізген құрбы-құрдастарың бар ма? Кейбір жастар ең сәнді фирмалық киім киіп, техниканың ең соңғы жаңа өнімін алғысы келгендіктен белшесінен қарызға батып жатады. Жоғары өсіммен қарыз алып, ақшаң жетпейтін заттарды иемдену ұзақ уақытқа өзгенің құлы етеді. (Нақыл сөздер 22:7).

15. Қалай Киелі кітаптың принциптері сені азғындықтың залалынан сақтайды?

15 Өнегесіздікке қатысты мәселелер жөнінде де ойланып көрші. Жыл сайын дүние жүзі бойынша босаға көрмеген сансыз өрімдей жас қыздар жүкті болуда. Бірі бағып-қағуға мұршасы келмейтін, көңілі де қаламаған бала туса, екіншілері түсік жасатып, ар-ұжданының азабына түседі. Жыныстық қатынас арқылы берілетін СПИД сияқты ауруларды жұқтырып алып жатқан ұл-қыздар да жоқ емес. Ехобаны білетіндер үшін ең ауыры, әрине, Ехобамен қарым-қатынастың бұзылуыb (Ғалаттықтарға 5:19—21). Киелі кітапта: “Азғындықтан аулақ болыңдар!” — деп бекер айтылмаған (1 Қорынттықтарға 6:18).

“Бақытты Құдайға” қызмет ету

16. а) Ехобаның жастық шағыңда сенің ойнап-күлгеніңді қалайтынын қайдан білуге болады? ә) Не үшін Ехоба саған басшылық береді?

16 Киелі кітапта Ехоба “бақытты Құдай” ретінде суреттелген (1 Тімотеге 1:11, ЖД). Ол сенің де бақытты болғаныңды қалайды? Оның өз Сөзінде былай делінген: “Жастар, жастық шақта ойнап-күліп бақытты болыңдар!” (Екклесиаст 11:9, Today’s English Version). Бірақ Ехоба алысқа қарайды, ол жақсы әрекет пен жаман әрекеттің нәтижесі алыстағы болашақта қандай болатынын біледі. Сондықтан мынаны өсиет етеді: “Бұлардан маған еш рақат жоқ!” — деп налитын ауыр күндер мен жылдар келмей тұрып, Жаратушыңды жастық шағыңда есте сақта” (Екклесиаст 12:1).

17, 18. Бір жас мәсіхші Ехобаға қызмет етіп бақытқа кенеліп жүргенін қалай әңгімеледі, ал сен тап сондай қуанышқа қалай бөлене аласың?

17 Қазіргі уақытта көптеген жастар Ехобаға қызмет етіп, бақытқа бөленуде. Мысалы, 15 жасар Лина былай деп әңгімеледі: “Мен өзіме ризамын. Денсаулығым жақсы, өйткені шылым шекпеймін, есірткі де қабылдамаймын. Қауым кездесулерінен Шайтанның көрсетіп жатқан қатты қысымына төтеп беруге көмектесетін басшылық аламын. Патшалық Сарайындағы рухты көтеретін қарым-қатынастан кейін, көңілім шат, жүзім жарқын боп жүреді. Ал ең бастысы, жер бетінде мәңгі өмір сүруге деген теңдесі жоқ үмітім бар”.

18 Лина іспетті көптеген жас мәсіхшілер сенімдері үшін барын салып күресіп жүр, ал бұл оларды қуанышқа бөлейді. Олар кейде қиыншылықтарға кезігетіндеріне қарамастан, өмірлерінің нағыз мән-мағынасы және нағыз болашағы бар екенін түсінеді. Сен де шын жүректен игілігіңді ойлайтын Құдайға қызмет етуді жалғастыра бер! Ехобаның жүрегін қуант, сонда ол сені қазір де, мәңгілікте де қуанта бермек (Забур 5:12).

[Сілтемелер]

a “Ояныңдар!” журналының 1996 жыл 22 қазандағы санының (ор.) “Шындық маған қайта өмір берді” мақаласын қара.

b Егер адам өкініп, Құдайға бет бұрып, күнәсін мойындаса, Ехобаның “кешірімі шексіз” болатыны жанға жұбаныш береді (Ишая 55:7).

Есіңде ме?

• “Зұлымның”, яғни Шайтанның, тарапынан саған қандай қауіп төнуде?

• Қалай сен Ехобаның жүрегін қуанта аласың?

• Киелі кітаптан Ехобаның сенің қамыңды ойлайтыны қалай көрінеді?

• Ехобаға қызмет еткеннен алатын кейбір баталарымыз қандай?

[9-беттегі қоршау/сурет]

Әділ адам шалыс қадам жасай жаздады

Асаф ежелгі Исраилдағы Ехобаның ғибадатханасында әйгілі леуілік музыкант болған. Ол жұрт жиналып, ғибадат еткенде орындалатын әндер де жазған. Алайда осындай мәртебелі қызметіне қарамастан, Асаф Құдай заңын елең қылмай бұза салатын, бірақ жазаланбайтындай болып көрінген замандастарына қызыға қараған. “Ал мен тура жолдан тая жаздадым, тірегімнен айырылуға шақ қалдым,— деп мойындады кейінірек Асаф.— Күнәкарлардың өркендеуін көріп, менмендерге қызғана қарай бердім” (Забур 72:2, 3).

Кейін ол Құдайдың киелі шатырына келіп, көңіліндегіні ақтарып, дұға етеді. Асаф мәселеге қайтадан рухани тұрғыдан қарап, Ехобаның зұлымдықты жек көретінін және уақыты келгенде, зұлымдардың да, әділдердің де не ексе соны оратынын түсінеді (Забур 72:17—20; Ғалаттықтарға 6:7, 8). Зұлымдар расында да тайғақ жолда. Олар міндетті түрде құлайды, ең кеш дегенде, Ехоба осы құдайсыз заманды жойғанда құлайды (Аян 21:8).

[10-беттегі сурет]

Жастардың көбісі бауырластарымен Ехобаға қызмет етіп, бақытқа бөленуде

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу