Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.7. 13—17 бет.
  • Жастар, Ехоба игі істеріңді есінен шығармайды!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жастар, Ехоба игі істеріңді есінен шығармайды!
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Мәртебелі қызметіңді бағала
  • “Ехоба саған көмектеседі”
  • ‘Жауап беруге дайын’
  • Бейнетаспалар және мектеп тапсырмалары
  • Жастық шағыңда Ехобаға жақында
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.7. 13—17 бет.

Жастар, Ехоба игі істеріңді есінен шығармайды!

“Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді, өз адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 6:10).

1. Киелі кітаптағы Еврейлерге және Малахи кітаптарынан Ехобаның сенің қызметіңді бағалайтыны қалай көрінеді?

ДОСЫҢА жақсылық жасап, ал оның мүлдем ризашылық танытпаған кезі болған ба? Осындай игі істің бағаланбағаны не мүлдем елеусіз қалдырылғаны ауыр тиеді. Ехобаға шын жүректен қызмет еткеніміз бұдан қалайша ерекшеленеді десеңші! Киелі кітапта: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді, өз адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды”,— делінген (Еврейлерге 6:10). Осы сөздердің мағынасына ой жүгіртіп көрші. Ехоба өзіне қызмет етіп жүріп істеген әрі істеп жатқан істеріңді ұмытып кетуді өз тарапынан жасалған әділетсіздік, яки күнә ретінде қарастырады. Қандай игі Құдай! (Малахи 3:10).

2. Ехобаға деген қызметті ерекше ететін не?

2 Сен алғысты білетін Құдайға қызмет ету мәртебесіне ие болып отырсың! Алты миллиард адамның ішінде тек алты миллионы ғана сенің бауырласың болғандықтан, расында да ерекше мәртебеге иесің. Оның үстіне, ізгі хабарды естіп, қабылдағаның Ехобаны сен жеке тұлға ретінде қызықтырғаныңды білдіреді. Өйткені Иса: “Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады”,— деген (Жохан 6:44). Иә, Ехоба Мәсіхтің құрбандығының пайдасын көру үшін әрбір адамға жеке көмектеседі.

Мәртебелі қызметіңді бағала

3. Қорахтың ұлдары Ехобаға қызмет ету мәртебесіне деген ризашылықтарын қалай білдірген?

3 Алдыңғы мақалада талқылағанымыздай, сенің Ехобаның жүрегін қуантуға деген керемет мүмкіндігің бар (Нақыл сөздер 27:11). Сен оны әрқашан бағалауың керек. Қорахтың ұлдары Ехобаға қызмет ету мәртебесіне деген ризашықтарын рухтандырылған жырлары арқылы білдірген. Біз мынаны оқимыз: “Сенің аулаңда бір күн болу мың күннен артық. Зұлымдардың шатырында тұрғаннан, Құдай үйінің табалдырығында болған артық” (Забур 83:11).

4. а) Неге әлдебіреу Ехобаға қызмет ету бостандықты шектейді деген ойда болуы мүмкін? ә) Ехоба қызметшілеріне назар аударып, жарылқауға деген зор ынтасын қалай көрсетеді?

4 Көктегі Әкеңе қызмет ету мәртебесін сен де осылайша бағалайсың ба? Кейде Ехобаға қызмет ету бостандығыңды шектейтіндей болып көрінер. Киелі кітаптың принциптеріне сай өмір сүрудің қандай да бір құрбандықтарды талап ететіні рас. Бірақ Ехоба сенен не талап етпесін, бәрі сенің игілігің үшін ғой (Забур 1:1—3). Оған қоса, Ехоба күш салғаныңа назар аударып, адалдығың үшін ризашылығын білдіреді. Пауыл Ехобаның ‘Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді жарылқайтынын’ жазған (Еврейлерге 11:6). Ол солай етудің жолдарын іздейді. Ежелгі Исраилдің әділ пайғамбарларының бірі былай деген: “Өзіне жүрегі толық берілгендерді қолдау үшін, Тәңірдің көзі бүкіл жер жүзін шолып отырады” (2 Шежірелер 16:9).

5. а) Жүрегің толықтай Ехобаға берілгенін көрсетудің ең керемет жолы қандай? ә) Неге өзгелермен сенімің туралы сөйлесу қиын болып көрінуі мүмкін?

5 Жүрегіңнің Ехобаға толық берілгенін көрсетудің ең керемет жолы — ол туралы өзгелерге айту. Сыныптастарыңа сенімің туралы айту мүмкіндігі туған ба? Алдымен бұл қорқынышты болып көрініп, басыңа мұндай ой келгеннің өзінде бойыңды үрей билеуі мүмкін. “Олар маған күлсе ше? — деп ойлауың мүмкін. — Сенімім оларға қызық болып көрінсе ше?” Иса Патшалық туралы хабарды жұрттың бәрі бірдей тыңдай бермейтінін айтқан (Жохан 15:20). Алайда бұл сені адамдар мүлдем тыңдамай, тек мазақ етеді дегенді білдірмейді. Керісінше, көптеген жас Куәгерлер сенімдерін қорғағанда өз тыңдаушыларын тауып, тіпті құрбы-құрдастарының алдында анағұрлым сыйлы бола бастаған.

“Ехоба саған көмектеседі”

6, 7. а) Қалай бір 17 жасар қыз сыныптастарына куәлік бере алды? ә) Дженнифермен болған оқиғадан қандай сабақ алдың?

6 Алайда қалай батыл болып, сенімің туралы әңгімені бастауға болады? Неге өзің үшін, өзгелер сенімің туралы сұрағанда шыншыл әрі тура жауап беруді шешіп алмасқа? 17 жасар Дженнифермен болған жағдайды қарастырып көрейікші. “Үзіліс кезінде түстеніп отыр едік, үстел басындағы қыздар дін жөнінде әңгімелесе бастады. Бір уақытта, біреуі менің дінімді сұрады”,— деп әңгімеледі ол. Дженнифер жауап беруден қорықты ма екен? “Иә,— деп мойындады ол,— өйткені олардың қалай қабылдайтынын білмедім”. Сонымен Дженнифер не істеді екен? Ол әңгімесін былай деп жалғастырды: “Мен Ехоба Куәгері екенімді айттым. Алдымен олар таң-тамаша қалды. Олар Ехоба Куәгерлері елден ерекше, бір қызық адамдар деп ойласа керек. Менің жауабым олардың сұрақтар қоюына себеп болды, сөйтіп мен олардың біраз бұрыс ойларын сейілте алдым. Тіпті кейбіреулері осы әңгімеден кейін, ауық-ауық сұрақтар қойып жүрді”.

7 Дженнифер мүмкіндікті пайдаланып, сенімі туралы айтқанына өкінеді ме екен? Түк те өкінбеді! “Үзіліс біткенде бойымды керемет сезім биледі,— деді ол.— Енді ол қыздар Ехоба Куәгерлерінің кім екендерін жақсырақ біледі”. Дженнифер мындай қарапайым кеңес береді: “Сыныптастарың мен мұғалімдеріңе куәлік ету ауыр болса, қысқаша дұға ет. Ехоба саған көмектеседі. Сонда куәлік беру мүмкіндігін жіберіп қоймағаныңа қуанатын боласың” (1 Петір 3:15).

8. а) Нехемия күтпеген жағдайға түсіп қалғанда дұға қалай көмектескен? ә) Мектепте қандай жағдайларда саған Ехобаға іштей дұға айту қажет болуы мүмкін?

8 Сенімің туралы айтуға мүмкіндік туғанда, Ехобаға “қысқаша дұға ет” деген Дженнифердің кеңесіне көңіл бөлші. Парсы патшасы Артақсерікстің шарапшысы Нехемия да аяқ астынан ыңғайы келе қалғанда тап солай еткен. Нехемия яһудилердің мүшкіл күйде екенін естіп, Иерусалимнің қабырғалары мен қақпасының қирап жатқанын білгенде жүзі қуарып, қамығып жүреді. Патша оның бір нәрсені уайымдап жүргенін байқап, не болғанын сұрайды. Нехемия жауап бермес бұрын басшылық сұрап дұға етіп алады. Сосын Иерусалимге оралып, қирап жатқан қаланы қалпына келтіруге көмекке жіберуін батыл сұрайды. Артақсерікс рұқсат етеді (Нехемия 2:1—8). Бұдан қандай сабақ алуға болады? Сенімің туралы айтудың ыңғайы түсіп, ал сен қорқып тұрсаң, іштей дұға ету мүмкіндігін ұмыт қалдырма. “Барлық уайымдарыңды... [Ехобаға] сеніп тапсырыңдар,— деп жазды Петір,— себебі Ол қамдарыңды ойлайды!” (1 Петір 5:7; Забур 54:23).

‘Жауап беруге дайын’

9. Қалай 13 жасар Лия “Жастардың сауалдары” кітабының 23 данасын тарата алды?

9 Тағы бір мысалды қарастырып көрейік. 13 жасар Лия үзілісте “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер”a кітабын оқып тұрады. “Өзгелер бақылап тұрды,— дейді ол.— Біраздан кейін олар мені қоршап алып, бұл не қылған кітап екенін сұрай бастады”. Тап сол күні төрт қыз “Жастардың сауалдары” кітабын әкеп беруін өтінеді. Кейін олар кітаптарын басқаларға оқуға бере бастап, өзгелер де сол кітапты алғысы келеді. Содан кейінгі бірнеше апта аралығында Лия сыныптастары мен олардың достарына “Жастардың сауалдары” кітабының 23 данасын таратады. Үзіліс кезінде өзгелер қандай кітап оқып жатқанын сұрағанда, Лияға жауап беру оңай болды ма екен? Әрине, оңай болған жоқ! “Бастапқыда қобалжып қалдым,— деп мойындады ол.— Бірақ мен дұға еттім, әрі Ехобаның менімен бірге екенін білдім”.

10, 11. Қалай кішкентай қыз сириялық әскербасының Ехобаны білуіне көмектескен және бұдан кейін ол қалай өмірін өзгерткен?

10 Лиямен болған жағдайдың сириялықтардың қолына тұтқынға түскен кішкентай исраилдік қызбен болған жағдайға ұқсайтынын байқаған боларсың. Сириялық әскербасы Нығыман алапеспен ауыратын. Сірә, оның әйелі әңгіме арасында сол кішкентай қызды өз сенімі туралы айтуға талпындыратын қандай да бір нәрсе айтса керек. “О, егер мырзам Самариядағы пайғамбарға барып қайтса ғой,— деп дауыстайды қыз,— ол оны алапесінен құлан таза жазар еді!” (4 Патшалықтар 5:1—3).

11 Сол кішкентай қыздың батылдығының арқасында Нығыман “жер бетінде Исраилден басқа еш жерде Құдайдың жоқ екенін” біледі. Ол тіпті ‘Тәңірден басқа ешбір құдайларға түгел өртелетін құрбандық не басқа құрбандық әкелмеуді’ шешеді (4 Патшалықтар 5:15, 17). Ехоба батылдық танытқаны үшін сол кішкентай қызға батасын берген. Ол бүгінгі күні де балаларға батасын береді. Лия бұған өз тәжірибесінде көз жеткізген. Уақыт өте келе кейбір сыныптастары оған “Жастардың сауалдары” кітабының өздерін қалай ұстауға көмектесіп жүргенін айтқан. “Мен қуанып қалдым,— деді Лия.— Өйткені өзгелердің Ехобаны біліп, өз өмірлерін өзгертулеріне көмектесіп жатқанымды білдім”.

12. Өз сенімің жөнінде айтқанда қалай батыл болуыңа болады?

12 Сен де Лия мен Дженнифер сезінгенді сезіне аласың. Ол үшін Петірдің мәсіхшілер, олардың арасында сен де барсың, ‘медеу тұтып жүрген нәрселері жайлы айтуды талап еткен кез келген адамға момындықпен және ізеттілікпен жауап беруге әрдайым дайын болулары’ керек екендігіне қатысты өсиетіне құлақ ас (1 Петір 3:15). Мұны қалай істеуге болады? Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер іспетті “зор батылдықпен” уағыздауыңа көмектесуін сұрап, Ехобаға дұға ет (Елшілердің істері 4:29). Сосын өз сенімің жөнінде батыл айта бер. Солай еткеніңнің нәтижесі сені таңқалдыруы мүмкін. Ал ең бастысы, сен Ехобаның жүрегін қуантасың.

Бейнетаспалар және мектеп тапсырмалары

13. Мектеп оқушыларының кейбіреулері куәлік берудің қандай мүмкіндіктерін қолданады? (14, 15-беттердегі қоршауды қара)

13 Көп оқушылар сыныптастары мен мұғалімдеріне өз сенімі туралы айтқанда бейнетаспаларды қолданады. Кейде мектеп тапсырмалары арқылы да Ехобаны мадақтаудың мүмкіндігі туады. Мысалы, 15 жасар екі жасөспірімге, екеуі де Ехоба Куәгері, тарих сабағында дүниежүзілік діндердің бірі жөнінде баяндама дайындап келу тапсырылады. Олар Ехоба Куәгерлері жөнінде жазуды шешіп, “Ехоба Куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар”b кітабын қолданады. Сондай-ақ олар бес минуттық баяндама айтулары керек еді. Мұғалім мен оқушылардың сұрақтарының көп болғаны соншалық, жоспарланған уақыттан 20 минут артық сөйлейді. Содан бірнеше апта бойы сыныптастары оларға Ехоба Куәгерлері туралы сұрақтар қойып жүреді.

14, 15. а) Неге адам алдындағы қорқыныш тұзаққа түсіреді? ә) Неге сенімің туралы жасқанбай куәлік ете беруіңе болады?

14 Өзіміз қарастырған мысалдардан өзгелерге сенімің туралы айтып, Ехоба Куәгері екеніңнен ұялмайтын болсаң, зор баталарға ие болатының көрінеді. Адам алдындағы қорқыныштың біреудің Ехоба туралы білуіне көмектесуден алатын қуанышың мен мәртебеңнен айыруына жол берме. Киелі кітапта былай делінген: “Пендеден қорыққан тұзаққа түседі, ал Жаратқанға сенуші аман жүреді” (Нақыл сөздер 29:25).

15 Есіңде болсын, жас мәсіхші ретінде сенде құрбы-құрдастарыңа аса қажетті нәрсе бар, яғни қазіргі уақыттағы керемет өмір салты туралы білімің және болашақта мәңгі өмір сүруге деген Құдай сыйлаған үмітің бар (1 Тімотеге 4:8). Мысал ретінде Құрама Штаттарды алайық. Жалпы ондағы адамдарды рухани нәрселерден гөрі, байлық қызықтырады деп ойларсың, алайда бір сауал-жауапқа сәйкес, онда тұратын жастардың жартысын дерлік дін қатты қызықтырса, ал үштен бір бөлігі үшін, Құдайға деген сенім өмірлеріндегі “ең маңызды” нәрсе екен. Дүниенің көптеген өзге бұрыштарындағы жағдай да осындай болса керек. Сондықтан сыныптастарың сенің Киелі кітап туралы айтқандарыңды қуана-қуана тыңдағысы келуі әбден мүмкін.

Жастық шағыңда Ехобаға жақында

16. Ехобаға ұнамды болу үшін ол туралы өзгелермен сөйлесуден басқа не істеуге болады?

16 Әрине, Ехобаның жүрегін қуанту үшін тек ол туралы айтып қана қою жеткіліксіз. Жүріс-тұрысың оның нормаларына сай болу керек. Елші Жохан: “Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес”,— деп жазған (1 Жохан 5:3). Ехобаға жақындайтын болсаң, бұл сөздердің рас екеніне көз жеткізесің. Мұны қалай істеуге болады?

17. Қалай сен Құдайға жақындай аласың?

17 Киелі кітап пен соған негізделген басылымдарды оқуға уақыт бөл. Ехоба туралы қаншалықты көп білсең, соншалықты оған мойынсұну және өзгелермен ол туралы сөйлесу оңай болады. “Ізгі адам жан дүниесіндегі игілікті қазынадан игілік алып шығады,— деген Иса,— ...Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар” (Лұқа 6:45). Сондықтан жан-дүниеңді “игілікке” толтыр. Неге осыған қатысты нақты мақсаттар қоймасқа? Айталық, келесі аптадағы қауым кездесулеріне даярлануды мақсат етуіңе болар еді. Одан кейінгі мақсатың қауым кездесуінде қысқа, бірақ шын жүректен шыққан түсініктеме беру болсын. Әрине, білген нәрсеңді іс жүзінде қолданғанның да маңызы зор (Філіпіліктерге 4:9).

18. Кейде қарсылыққа кезігетініңе қарамастан, не нәрсеге сенімді болуыңа болады?

18 Ехобаға қызмет ету өткінші емес, тіпті мәңгілік баталарға ие етеді. Рас, кейде Куәгер болғаныңа бола өзгелер қарсылық көрсетіп не келеке етуі мүмкін. Бірақ Мұса жайлы ойлап көрші. Киелі кітапта оның ‘болашақтағы мәңгілік сыйды көздегені’ айтылған (Еврейлерге 11:24—26). Өзі туралы көбірек білуге, әрі ол туралы айтуға тырысып жүргенің үшін, Ехобаның саған да риза болатынына сенімді болуыңа болады. ‘Ол жасаған игі ісіңді, Өзіне көрсеткен сүйіспеншілігіңді ешқашан есінен шығармайды’ (Еврейлерге 6:10).

[Сілтемелер]

a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.

b Ехоба Куәгерлері басып шығарған.

Есіңде ме?

• Ехобаның қызметіңді бағалайтынына неге сенімді бола аласың?

• Кейбіреулер мектепте куәлік етудің қандай әдісін тиімді қолданып жүр?

• Қалай батыл болып, сенімің туралы әңгіме бастауыңа болады?

• Қалай сен Ехобаға жақындай аласың?

[14-беттегі қоршау/суреттер]

Тіпті кішкене балалар да Ехобаны мадақтайды!

Жеткіншектер де мектепте куәлік ете алады. Төмендегі мысалдарды қарастырып көрейік.

Он жасар Амбер оқитын 5 сынып оқушылары сабақта Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде нацистердің еврейлерді қыспаққа алғаны туралы оқып жатады. Амбер мұғаліміне “Күлгін ұшбұрыштар” бейнетаспасын әкеп беруді шешеді. Нацистердің кезінде Ехоба Куәгерлерінің де қудаланғанын білгенде, мұғалім аң-таң қалады. Сосын ол бейнетаспаны бүкіл сыныпқа көрсетеді.

Сегіз жасар Алекса сыныптастарына неге олармен бірге Рождество мейрамын тойламайтынын түсіндіріп, хат жазады. Алексаның хаты мұғалімін қайран қалдырғаны соншалық, оны бүкіл балалардың алдында, сосын тағы басқа екі сыныптың балаларының алдында оқып беруін сұрайды! “Мен өзгелердің көзқарастарын сыйлауды үйрендім,— деді ақырында Алекса,— сендердің менің де Рождествоны тойламауға қатысты қабылдаған шешімді сыйлағандарыңа рақмет”.

Эрик 1 сыныпқа бара салысымен мектепке “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” деген кітапты әкеліп, сыныптастарына көрсетуге рұқсат сұрайды. “Менде керемет ой бар,— дейді мұғалімі.— Бүкіл балалардың алдында бір оқиғаны оқып берсең қайтеді?” Эрик солай етеді. Сосын ол осындай кітап алғысы келетіндердің бәрін қолдарын көтеруге шақырады. Мұғалімін қоса алғанда, 18 бала қол көтереді! Енді Эрик уағыз айтатын ерекше учаскем бар деп есептейді.

Тоғыз жасар Уитни “Ехоба Куәгерлері және білім”c брошюрасының барына өте риза. “Әдетте бұл брошюраны мұғалімдерге жыл сайын мамам беретін,— деп әңгімеледі ол,— бірақ осы жылы өзім бердім. Осы брошюраның арқасында мұғалімім мені “апта оқушысы” етіп таңдады”.

[Сілтеме]

c Аталған барлық әдебиеттерді Ехоба Куәгерлері басып шығарған.

[15-беттегі қоршау/суреттер]

Кейбіреулер сенімдері туралы әңгіме бастау үшін келесі әдістері қолданады

Кейбіреулер баяндама дайындап келу тапсырылғанда, куәлік етуге мүмкіндік беретін тақырыпты таңдайды.

Жастардың кейбірі мұғалімдеріне сабақта талқыланған тақырыппен байланысы бар бейнетаспа немесе басылымды ұсынады.

Өзге біреулері үзіліс кезінде Киелі кітапты не соған негізделген басылымдарды оқиды, кейде өзге балалар келіп сұрақ қойып жатады.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу