Момындық — мәсіхшілерге қажетті аса маңызды қасиет
“Ілтипатты [“момын”, ЖД]... болып, осы қасиеттерге бөленіңдер!” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:12).
1. Момындықты керемет қасиет ететін не?
АУА РАЙЫНЫҢ жұмсақ болғаны жанға жайлы. Ал жұмсақ не момын адаммен араласу көңіліңді қош етеді. Сөйткенмен де, дана патша Сүлеймен “момын тілдің сүйекті күйрететінін” ескерген (Нақыл сөздер 25:15, ЖД). Момындық — мінездің майдалығы мен рухтың беріктігінен тұратын керемет қасиет.
2, 3. Момындық пен киелі рухтың арасында қандай байланыс бар және осы мақалада біз нені қарастырамыз?
2 Елші Пауыл момындықты Ғалаттықтарға 5:22, 23-тармақтарда (ЖД) суреттеген киелі рухтың ‘игілікті “жемісінің”’ құрамына кіргізген. “Жаңа дүние аудармасында” 23-тармақта “момындық” деп берілген грек сөзі өзге Киелі кітаптарда жиі “ілтипаттылық” не “кішіпейілділік” деген сөздермен аударылып жатады. Шынын айтқанда, өзге тілдердің көбісінде осы грек сөзінің мағынасын тура жеткізу қиын. Өйткені түпнұсқада қолданылған сөз сыртқы жұмсақтықты немесе момындықты, яки жүріс-тұрыс мәнерін емес, ой-сана мен жүрек күйін білдіреді.
3 Момындық сөзінің мағынасы мен пайдасын толық түсіну үшін, Киелі кітаптан төрт мысал қарастырып көрейік (Римдіктерге 15:4). Сонда бұл қасиет жөнінде біліп қана қоймаймыз, оны бойымызда дамытып, өмірімізде жан-жақты танытуды да үйренеміз.
“Құдай алдында аса бағалы”
4. Ехобаның момындықты бағалайтынын қайдан білеміз?
4 Момындық киелі рух жемісінің құрамдас бөлігі болғандықтан, оның Құдайдың керемет болмысымен тығыз байланыста болатыны қисынды. Елші Петір “сабырлы да момын рухтың” “Құдай алдында аса бағалы” екенін жазған (1 Петір 3:4, ЖД). Иә, момындық Ехобаның өзіне тән, сондықтан ол оны жоғары бағалайды. Осының өзі Құдайдың барлық қызметшілерінің момындық дамытулары үшін келелі себеп болып табылады. Алайда құдіреті күшті Құдай — әлемдегі ең зор күш Иесі — қалай момындық танытады?
5. Ехобаның момындық танытып отырғанының арқасында, қандай үмітіміз бар?
5 Алғашқы жұп, Адам мен Хауа, Құдайға мойынсұнбай, жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жегенде, анық берілген бұйрықты әдейі бұзған (Жаратылыс 2:16, 17). Осындай қасақана істелген мойынсұнбаушылықтың нәтижесі күнә мен өлімге, сондай-ақ өздерінің де, болашақ ұрпақтарының да Құдайдан алыстауына әкеліп соқты (Римдіктерге 5:12). Ехоба күнәкарларға үкім шығарып, барынша әділетті әрекет еткенімен, адамзат отбасынан мүлдем түзелмейтіндей күдерін үзіп, қаталдықпен біржола бас тартқан жоқ (Забур 129:3). Керісінше, тым қатал болғысы келмей, мейірімді болып, момындық танытқан. Осылайша, ол күнәкар адамзаттың өзіне келіп, шапағатына ие болуға мүмкіндік берген. Иә, Ехоба салтанатты тағына ешбір үрейсіз жақындай алуымыз үшін, өзінің Ұлы Иса Мәсіхті азаттық төлем ретінде берді (Римдіктерге 6:23; Еврейлерге 4:14—16; 1 Жохан 4:9, 10, 18).
6. Қабылға қатысты Құдай қалай момындық танытқан?
6 Исаның жерге келуінен ұзақ уақыт бұрын, Ехоба Адамның ұлдары Қабыл мен Әбіл құрбандықтарын ұсынғанда да момындық танытқан. Жүректерінде не барын біле отырып, ол Қабылдың құрбандығына риза болмай, Әбіл мен оның құрбандығына ‘ризашылықпен қарайды’. Әділетті Әбіл мен оның құрбандығының Құдай алдында ұнамды болғаны Қабылдың ашуын келтіреді. Киелі кітапта ‘Қабылдың қатты ашуланып, қабағын түйіп безеріп алғаны’ айтылған. Бұл Ехобаға қалай әсер етті екен? Қабылдың бұрыс көзқарасы намысына тиді ме? Жоқ. Ехоба Қабылдың не себепті соншама ашуланғанын жұмсақ сөздермен сұрайды. Қабылдың қалай өзгеруіне болатынын да түсіндіреді (Жаратылыс 4:3—7). Расында да, Ехоба — момындықтың нақ бейнесі (Мысырдан шығу 34:6).
Момындық тартымды әрі сергітеді
7, 8. а) Қалай біз Ехобаның момындығын түсіне аламыз? ә) Матай 11:27—29-тармақтарда жазылған сөздерден Ехоба мен Иса туралы не білуге болады?
7 Ехобаның момындығын түсінудің керемет жолдарының бірі — Иса Мәсіхтің өмірі мен қызметін зерттеу (Жохан 1:18; 14:6—9). Ғалилея аймағындағы уағыздау қызметін бастаған екінші жылы Иса Хоразин, Бетсайда, Қапарнаум мен соның айналасында көптеген керемет істер жасайды. Сөйтсе де көп адамдар өр көкірек әрі салғырт болғандықтан, оған сенбейді. Бұл Исаға қалай әсер етті екен? Иса олардың сенімсіздіктерінің арты не болатынын нақты ескерткенімен, ам-хаа́ретстің, яғни қарапайым, кішіпейіл халықтың, рухани бейшаралық күйі оның жанына қатты батты (Матай 9:35, 36; 11:20—24).
8 Исаның кейінгі әрекеттері өзінің ‘Әкесінің кім екенін [“толықтай”, ЖД] білетінін’ әрі оған еліктейтінін көрсетті. Иса қарапайым адамдарды мынадай жылы сөздермен шақырған: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, жандарыңды мен рақатқа бөлеймін! Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, жуас [немесе “момын”, ЖД], кіші пейілмін шын жүректен, тыныштық табады сонда жандарың”. Қиналып, жаншылған адамдарды бұл сөздер қалайша жұбатып, жандарын сергітті десеңші! Оның сөздерін бүгінде бізге де қолдануға болады. Бар көңілімізбен момындыққа бөленер болсақ, Иса өз ‘Әкесінің кім екенін білдіргісі келетін’ адамдардың қатарында боламыз (Матай 11:27—29).
9. Момындықпен қандай қасиет байланысты және осыған қатысты Иса қандай керемет үлгі көрсетті?
9 Момындық кішіпейілдікпен тығыз байланысты; ‘шын жүректен кішіпейіл’ адамға момындық таныту оңай. Ал өркөкіректік, керісінше, жиі өзгелерге қатаң қарап, безбүйрек етеді (Нақыл сөздер 16:18, 19). Иса жерде қызмет еткен кезінің бәрінде кішіпейілділік танытқан. Тіпті өлерінен алты күн бұрын Иерусалимге кіріп, халық оны яһудилердің патшасы ретінде қуана қарсы алғанда да, ол осы дүниенің билеушілерінен қатты ерекшеленген. Мұнысымен Зәкәрияның Мәсіхке қатысты пайғамбарлығын орындаған: “Міне, өз патшаң саған келе жатыр! Кіші пейілділікпен [“момындықпен”, ЖД] есекке мініп алып, тайқардың — жүк таситын бір жас көліктің үстінде отыр” (Матай 21:5; Зәкәрия 9:9). Әділетті пайғамбар Даниял аян алып, Ехобаның өз Ұлына басқару билігін тапсырып жатқанын көрген. Алайда одан ертеректегі пайғамбарлықта Иса “адамдар арасындағы қорлық көрген” кісі ретінде суреттелген. Осылайша, момындық пен кішіпейілділік бір-бірімен тығыз байланыста (Даниял 4:17; 7:13, 14).
10. Неге мәсіхшінің момын болуы әлсіздік емес?
10 Ехоба мен Исаның көрсеткен керемет момындығы оларға жақындауымызға көмектеседі (Жақып 4:8). Момын болу әлсіз болу дегенді білдірмейді, әрине! Құдіреті күшті Құдай Ехоба — зор күш иесі. Әділетсіздік оны қатты қаһарландырады (Ишая 30:27; 40:26). Сол сияқты Иса да, тіпті Ібіліс Шайтан азғырғанның өзінде, мызғымас беріктік танытқан. Ол өз заманындағы діни қызметкерлердің заңсыз алып-сатарлығына көз жұмбаған (Матай 4:1—11; 21:12, 13; Жохан 2:13—17). Бірақ шәкірттері қателескенде, олардың әлсіздіктерін көтеріп, момындық танытатын (Матай 20:20—28). Киелі кітапты зерттейтін бір ғалым: “Жұмсақтықтың артында болаттай беріктік тұрады”,— деп, момындықты дәл суреттеген. Біз де Мәсіхке тән осы қасиетті — момындықты — таныта берейік.
Мұса өз заманының ең момын адамы
11, 12. Мұсаның қандай тәрбие алғанын ескерер болсақ, неге оның момындығы ерекше болған?
11 Біз қарастыратын үшінші мысал — Мұсаның мысалы. Киелі кітапта ол “жер бетіндегі барлық адамдардың ең момыны” ретінде суреттелген (Руларды санау 12:3, ЖД сілтемеде). Бұл сөздер Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазылған. Маңдай алды момындығы Мұсаны Ехобаның басшылығына мойынсұнғыш еткен.
12 Мұса ерекше тәрбие көрген. Ехоба опасыздық пен адам өлімі етек алған аласапыран кезде, нәресте Мұсаны адал еврей ата-аналарының аман алып қалуына ықпал етеді. Ол сәби кезінде шынайы Құдай Ехоба туралы мұқият тәлім беріп өсірген өз анасының қолында болған. Кейінірек Мұсаны үйінен алып кетіп, ол мүлдем өзгеше ортада өмір сүреді. ‘Мұса мысырлықтардың бүкіл даналығын оқып-үйренді’,— деп жазған ертедегі әділ мәсіхші Степан. ‘[Мұса] сөзі мен ісінің арқасында ықпалды адам болған’ (Елшілердің істері 7:22). Құлдықта жүрген бауырларына перғауынның қызметшілерінің әділетсіздік жасайтынын көргенде, Мұсаның сенімі айқын болды. Еврейді сабап жатқан мысырлықты өлтіргені үшін, Мұса Мысырдан “Мадиян еліне” қашуға мәжбүр болады (Мысырдан шығу 1:15, 16; 2:1—15; Еврейлерге 11:24, 25).
13. Қырық жыл бойы Мадиян елінде болғаны Мұсаға қалай әсер еткен?
13 Қырық жастағы Мұса шөл далада қалып, енді өз күнін өзі көру керек болады. Мадиян елінде ол Рәгуелдің жеті қызын кездестіріп, әкелерінің көп малын суаруға көмектеседі. Үйлеріне келген қыздар әкесіне ‘бір мысырлықтың’ өздерін жәбірлеп жүрген малшылардан қорғағанын қуана айтып береді. Содан Рәгуелдің шақыруымен Мұса оның отбасымен тұрады. Басынан өткізген қиыншылықтары оны қатыгез етіп жіберген жоқ. Сондай-ақ бұл оның жаңа жағдайларға бейімделуіне де кедергі болмады. Мұсаның Ехобаның еркін орындауға деген ниеті ешқашан мұқалған емес. Ол Рәгуелдің қойын бақты, Сапураға үйленді, ұлдарын өсірді. Сол ұзақ 40 жыл аралығында Мұса өзінің болмысына айналған қасиетті дамытып, машықтай түсті. Иә, қиын қыстау күндерге қарамастан, Мұса момын болуды үйренген (Мысырдан шығу 2:16—22; Елшілердің істері 7:29, 30).
14. Исраилдің көсемі болған Мұсаның қалай момындық танытқанын әңгімелеп беріңдер.
14 Ехоба Исраил елінің көсемі етіп тағайындағаннан кейін де, Мұса момындық танытып жүреді. Бірде Мұсаға қолғабыс болу үшін, Ехоба киелі рухын төккен 70 ақсақалдың қатарынан болмаса да, Елдад пен Модад пайғамбарлық етіп жүр деген сөз жетеді. Сонда Ешуа: “Мырзам, Мұса! Оларға тыйым салшы!” — дейді. Бірақ Мұса момындықпен былай жауап береді: “Сен мен үшін қызғанып жатырсың ба? О, егер Тәңірдің бүкіл халқы пайғамбар болса ғой, Тәңір олардың үстіне киелі рухын төксе ғой!” (Руларды санау 11:26—29). Осылайша, момындық қолайсыз жағдайдан шығуға көмектескен.
15. Неге кемелсіздігіне қарамастан, Мұсаның үлгісіне еліктеуге тұрады?
15 Сөйтсе де бірде Мұса момындық таныта алмай қалса керек. Қадештің маңайындағы Мерібада ол керемет Жасаушы Ехобаны мадақтауды ұмыт қалдырады (Руларды санау 20:1, 9—13). Кемелсіздігіне қарамастан, Мұса бүкіл ғұмырында өзіне сүйеніш болған мызғымас сенімімен ерекшеленген, ал оның маңдай алды момындығы бүгінде бізді де қайран қалдыруда (Еврейлерге 11:23—28).
Дөрекілік және момындық
16, 17. Набал мен Абигеиіл туралы оқиғада біз үшін қандай ескерту бар?
16 Дәуіттің заманында Құдайдың пайғамбары Самуилдің өлімінен кейін, көп ұзамай болған бір оқиға біз үшін ескерту болып табылады. Бұл — ерлі-зайыпты Набал мен Абигеиілге қатысты оқиға. Ол екеуі бір-бірінен қатты ерекшеленетін. Абигеиіл “өте ақылды”, ал күйеуі “қатыгез де зұлым адам болатын”. Набалдың көп малын ұрылардан қорғауға көмектескен Дәуіттің адамдары азын-аулақ қорек сұрағанда, ол дөрекі жауап беріп, құр қол қайтарады. Дәуіт әділетті ашу шақырып, адамдарымен бірге семсерлерін асынып, Набалға қарай аттанады (1 Патшалықтар 25:2—13).
17 Абигеиіл болған жайтты ести сала, нан, шарап, ет, мейіз бен кептірілген інжір алып, Дәуіттің алдынан шығады. “Тақсыр ием, кінә өз мойнымда! — деп оған өтініп, былай дейді,— Күңіңіздің сөйлеуіне рұқсат беріп, айтқандарына құлақ түре көріңіз!” Абигеиілдің майда сөзі Дәуіттің жүрегін жібітеді. Абигеиілді тыңдап болғаннан кейін, ол: ‘Сені бүгін маған жолықтырып отырған Исраилдің сиынатын Құдай Иесіне шүкіршілік! Керемет ақылыңмен мені қазір қан төгуден сақтап қалғаның үшін саған да көп рақмет!’ — деп дауыстайды (1 Патшалықтар 25:18, 24, 32, 33). Набалдың дөрекілігі мен қатыгездігі ақырында өлімге душар етеді. Ал Абигеиіл керемет қасиеттерінің арқасында Дәуіттің әйелі болады. Өзінің момындығымен Абигеиіл бүгінде Ехобаға қызмет етіп жүргендердің бәріне керемет үлгі қалдырған (1 Патшалықтар 25:36—42).
Момын болуға ұмтыл
18, 19. а) Адам момындыққа бөленгенде, қалай өзгереді? ә) Өзімізді жақсылап тексеруге не көмектеседі?
18 Өзіміз көріп отырғандай, момындық — бізге аса қажетті қасиет. Момын болу өзгелерге жай ғана жұмсақ болуды білдірмейді. Ол — өзгелерді жағымды сезімге бөлеп, сергітетін тартымды мінез-құлық. Бәлкім, бұрын өзгелермен дөрекі сөйлеп, мейірімсіз болуға бейім болған болармыз. Алайда Киелі кітаптың шындығын білген соң, өзгеріп, анағұрлым мейірімді әрі жарқын жүзді болдық. Пауыл осындай өзгерістер жөнінде айтқанда, мәсіхшілерді мынаған шақырған: “Ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты [“момын”, ЖД], сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер!” (Қолостықтарға 3:12). Киелі кітапта мұндай өзгеріс қасқыр, қабылан, аю мен абжылан сияқты жыртқыштардың — қозы, лақ, торпақ пен сиыр іспетті бейбіт үй жануарларындай болып өзгеретініне теңеледі (Ишая 11:6—9; 65:25). Адам болмысының өзгергені соншалық, өзгелер оны керемет ретінде қарастырады. Біз болсақ, мұндай өзгерісті Құдайдың киелі рухының әсері деп қарастырамыз, өйткені момындық оның керемет жемісінің құрамдас бөлігі ғой.
19 Алайда бұл қажетті өзгерістер жасап, өзімізді Ехобаға арнағаннан кейін, момындықты машықтай түспесек те болады дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ! Өйткені, су жаңа киімнің өзі жөндеп күтпесең, мұнтаздай таза болып тұрмайды ғой. Құдай Сөзіне үңіліп, ондағы мысалдардың үстінен ой жүгірткеніміз, бұрын байқамай жүргенімізді көруге әрі өзімізге шыншыл қарауымызға көмектеседі. Сол айна, Құдайдың рухымен жазылған Сөзі, сен жөнінде не айтады? (Жақып 1:23—25).
20. Қалай біз момындық таныта аламыз?
20 Негізінде адамдардың мінездері әр түрлі. Құдайдың қызметшілерінің біріне момындық таныту оңай болса, өзгелеріне қиын. Соған қарамастан, мәсіхшілердің бәрі құрамына момындық та кіретін Құдайдың киелі рухының жемісін дамытуға тиіс. Пауыл сүйіспеншілікпен Тімотеге мынаны өсиет еткен: “Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім, сүйіспеншілік, төзімділік пен ілтипаттылыққа [“момындыққа”, ЖД] ұмтыла бер” (1 Тімотеге 6:11). “Ұмтылу” деген сөз күш салуды білдіреді. Құдай Сөзіндегі керемет мысалдардың үстінен ой жүгіртуге күш салар болсаң, олар жүрегіңе ұялап, көңіліңе тоқылады. Олар саған жөн сілтеп, бағыт-бағдар береді (Жақып 1:21).
21. а) Неге біз момын болуға ұмтылуымыз керек? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
21 Қаншалықты момындық танытып жүргенімізді, басқалармен қатынасқанда өзімізді қалай ұстайтынымыздан көруге болады. “Араларыңдағы қайсың парасатты да саналысың? — деп сұрады шәкірт Жақып.— Сол онысын үлгілі мінез-құлқымен, парасатты инабаттылығымен [“момындығымен”, ЖД] көрсетсін” (Жақып 3:13). Қалай біз үйде, қызметте және қауымда момындық таныта аламыз? Келесі мақалада осыған қатысты пайдалы кеңестер қарастырылады.
Қайталау
• Келесі мысалдардан момындық туралы не білдіңдер:
• Ехобаның?
• Исаның?
• Мұсаның?
• Абигеиілдің?
• Неге момындыққа ұмтылуымыз керек?
[20-беттегі сурет]
Неге Ехоба Әбілдің құрбандығына риза болған?
[21-беттегі сурет]
Иса момындық пен кішіпейілділіктің тығыз байланысты екенін көрсеткен
[23-беттегі сурет]
Мұса момындықтың керемет үлгісін көрсеткен