‘Жұрттың бәріне бірдей барынша момындық’ танытыңдар
“Сенушілердің естеріне салып отыр... жұрттың бәріне бірдей... ілтипаттылық [“барынша момындық”, ЖД] танытуға тиіс” (ТИТКЕ 3:1, 2).
1. Неге момындық таныту оңайға түсе бермейді?
“МЕНІҢ Мәсіхтен үлгі алғанымдай, сендер де менен үлгі алыңдар!” — деп жазды Пауыл (1 Қорынттықтарға 11:1). Құдайдың қызметшілерінің бәрі осы өсиетті ұстану үшін барынша күш салады. Шынын айтқанда, түп ата-бабамыздан Мәсіхтің үлгісіне тура еліктеуге тосқауыл болатын өзімшілдікке деген бейімділікті мұра еткендіктен, бұл бізге оңайға соқпайды (Римдіктерге 3:23; 7:21—25). Десе де, егер күш салар болсақ, бәріміз де момындық таныта аламыз. Бірақ бұл үшін адамның рухының берік болуы жеткіліксіз. Онда тағы не қажет?
2. Қалай ‘жұрттың бәріне бірдей барынша момындық’ танытуға болады?
2 Құдайға ұнамды момындық — киелі рух жемісінің құрамдас бөлігі. Құдайдың әрекет етуші күшінің әсер етуіне қай шамада мүмкіндік берер болсақ, бойымызда рухтың жемісі сол шамада байқалатын болады. Сонда ғана біз барлық адамдарға ‘барынша момындық’ таныта аламыз (Титке 3:2, ЖД). Қалай Исаның үлгісіне еліктеуге және өзгелермен араласқанда ‘жандары тыныштық табатындай’ әрекет етуге болатынын қарастырайық (Матай 11:29; Ғалаттықтарға 5:22, 23).
Отбасында
3. Отбасына осы дүниелік рух қалай әсер етуде?
3 Момындық танытылу керек аса маңызды салалардың бірі — отбасы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуінше, жол апаты мен малярияны қоса алғандағы қауіптен адам басына отбасындағы зорлық-зомбылықтың төндіретін қаупі анағұрлым жоғары екен. Мысалы, Лондонда тіркеуге алынған зорлықпен жасалған қылмыстардың төрттен бірі отбасында болады. Полицейлер жиі сезімдеріне ерік беріп, “айғайлап, балағаттайтын” адамдарды кездестіреді. Ең сорақысы, кейбір ерлі-зайыптылар өзара қарым-қатынасына ‘ашу, ызаның’ әсер етуіне жол береді. Мұның бәрі ‘осы дүниелік рухтың’ қайғылы әсері, бұндай нәрсеге мәсіхшілер қауымында орын жоқ (Ефестіктерге 4:31; 1 Қорынттықтарға 2:12).
4. Момындық отбасы өміріне қалай әсер етеді?
4 Осы дүниенің рухына қарсы тұру үшін бізге Құдайдың рухы қажет. “Иеміздің Рухы бар жерде азаттық бар” (2 Қорынттықтарға 3:17). Сүйіспеншілік, мейірімділік, ұстамдылық пен шыдамдылық кемелсіз ерлі-зайыптылардың некесін баянды етеді (Ефестіктерге 5:33). Көптеген отбастарының шырқын бұзатын ұрыс-керістен қатты ерекшеленетін момындық үй-ішін жадыратып, ынтымақты етеді. Әрине, адамның не айтқаны маңызды, бірақ оның әсері сөздің қалай айтылғанына байланысты. Уайым мен көңілдегі күдікті момындықпен жеткізген жағдайдың аса ушықпауына ықпал етеді. Дана патша Сүлеймен: “Жауап момындықпен берілсе, қаһарды басады, ал ауыр тиетін сөз ашуды қоздырады”,— деп жазған (Нақыл сөздер 15:1, ЖД).
5. Бір дінді ұстанбайтын отбастарына момындық қалай көмектеседі?
5 Әсіресе бір дінді ұстанбайтын отбасында момындықтың маңызы зор. Игі істермен бірге танытылған момындық мұндай отбастарында шындыққа қарсыласатындарды да Ехобаның иелігіне айналдыруға көмектеседі. Петір мәсіхші әйелдерге мынадай кеңес берген: “Күйеулеріңе мойынсұныңдар. Осылайша, күйеулеріңнің кейбіреулері Құдай сөзіне құлақ аспаса да, айтқан сөздеріңмен емес, игілікті мінез-құлықтарыңмен оларды Мәсіхтің [“Ехобаның”, ЖД; сілтемеде] иелігіне айналдырыңдар. Олар таза да ізетті мінез-құлықтарыңды көргенде ғана осылай болмақ. Сендердің көріктерің сыртқы әшекейлерге: шашты ерекшелеп жинау, алтын әшекей бұйымдар тағып, көз тартарлық әдемі киімдер киюге тәуелді болмасын. Қайта, көріктерің көңілдеріңдегі көзге көрінбес ізгі қасиеттеріңнен тұрсын; мейірімді де сабырлы жан дүниелеріңнің мәңгі солмайтын көркі [“сабырлы да момын рухтарың”, ЖД] Құдай алдында аса бағалы” (1 Петір 3:1—4).
6. Қалай момындық ата мен баланы біріктіреді?
6 Ата-аналар мен балалар әсіресе Ехобаға деген сүйіспеншіліктері жетіспесе бір-бірімен келіспеушілікте болады. Бірақ мәсіхшілер отбасында бәрі бір-біріне момындық танытулары керек. Пауыл әкелерге: “Балаларыңа шамасы келмейтін талап қойып, ашуландырмай, Иеміздің тәлімімен нұсқауын беріп, тәрбиелеңдер!” — деген кеңес берген (Ефестіктерге 6:4, сілтемені қара). Егер отбасында көбісінше момындық танытылатын болса, ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасы нығая түседі. Бес баланың бірі Дин әкесін былай деп еске алды: “Әкем момын кісі болатын. Біздің керіскен кезіміз болғаны есімде жоқ, мұндай нәрсе тіпті менің жасөспірім кезімде де болмаған. Ол ренжігенде де жұмсақ болатын. Жазалағанда әкем мені өз бөлмеме жіберетін немесе көңіліме жағатын істен қағатын, бірақ біз ешқашан ұрыспайтынбыз. Ол бізге әке ғана емес, дос та еді. Біз оны ренжіткіміз келмейтін”. Өзіміз көріп отырғандай, момындық ата мен баланы біріктіреді.
Қызметте
7, 8. Неге уағыздау қызметінде момындық танытқанның маңызы аса зор?
7 Момындық таныту керек тағы бір маңызды сала — уағыздау қызметі. Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап жүргенде әр түрлі адамдарды кезіктіреміз. Бірі біз әкелген үміт беретін хабарды қуана қабыл алса, екіншілері түрлі себептермен жақтырмай қарауы мүмкін. Осындай жағдайларда момындық жердің шетіне дейін куәлік етуге қатысты ісімізді атқаруымызға қатты көмектеседі (Елшілердің істері 1:8; 2 Тімотеге 4:5).
8 Елші Петір былай деп жазған: “Жүректеріңнен Мәсіхке қасиетті Иеміз деп ерекше орын беріңдер! Іштеріңдегі үмітті түсіндіруді сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым дайын болыңдар. Тек ілтипат [“момындықпен”, ЖД], құрмет танытып сөйлеңдер” (1 Петір 3:15). Мәсіхтің үлгісін көңілімізде ұстайтын болғандықтан, куәлік етіп жүргенде, дөрекі сөйлейтін адамдарға момындық, құрмет танытуға бар күшімізді саламыз. Мұндай мінез-құлық жиі жақсы нәтиже беріп жатады.
9, 10. Уағыздау қызметінде момындықтың бағалы екендігін көрсететін мысал келтіріңдер.
9 Бір күні бір елі-зайыптылардың үйінің есігі қағылады да, әйелі есік ашуға кетіп, күйеуі Кит үйде қалады. Келген Ехоба Куәгерлері екенін білген Киттің әйелі ашу шақырып, оларды “балаларға қатыгезсіңдер” деп айыптай бастайды. Бауырласымыз сабырлық танытып, жұмсақ сөзбен: “Мен сізді түсінемін. Ехоба Куәгерлерінің не нәрсеге сенетінін көрсетуге рұқсат етуіңізді сұраймын”,— дейді. Осы кезде оларды тыңдап тұрған Кит есікке жақындап келеді де әңгімелерін үзіп жібереді.
10 Кейінірек олар қонақтарына дөрекілік көрсеткендеріне өкініп қалады. Өйткені бауырласымыздың момындығы оларға әсер еткен еді. Бір аптадан кейін бауырласымыз қайта оралып келуімен оларды қайран қалдырады. Сөйтіп ерлі-зайыптылар оның Киелі кітаптан не нәрсеге сенетінін көрсетуіне рұқсат етеді. “Соңғы екі жылда біз көптеген өзге де Куәгерлермен сөйлестік”,— деді кейінірек олар. Содан олар Киелі кітапты зерттеуге келісіп, ақырында Ехобаға бағышталғандарын паш ету үшін, шомылдыру рәсімінен өтеді. О баста келген Куәгердің күш салғаны бекер болмағаны анық. Біраз жылдан кейін қайта кездескенде, ол екеуінің өзінің бауырластары екенін біледі. Осылайша, момындық танытқанның нәтижесі керемет болды.
11. Қалай момындық адамның шындықты қабылдауына ықпал етеді?
11 Солдат болып жүргенде, бастан өткізгендерінен кейін Харолд қатыгез болып, Құдайдың бар екендігіне де күмәндана бастайды. Бұл аз болғандай, мас жүргізушінің кесірінен мүгедек болып қалады. Үйіне Ехоба Куәгерлері келгенде, олардың енді қайтып аяқ баспауларын талап етеді. Бір күні Билл деген Куәгер Харолдтан екі есік әріде тұратын қызығушылық білдіріп жүрген кісіге барады. Бірақ байқамай Хоролдтың есігін қағып қояды. Хоролд екі таяғына сүйеніп тұрып есік ашқанда, Билл бірден кешірім сұрап, жаңылып қалғанын түсіндіреді. Харолд не істеді екен? Ол теледидар жаңалықтарынан Куәгерлердің өте қысқа мерзім аралығында Патшалық Сарайын соққаны туралы көрген екен. Соншама адамның иық тіресе қызмет еткендерін көрген ол Куәгерлерге деген көзқарасын өзгертіпті. Биллдің бар көңілімен кешірім сұрағаны, мінезінің майдалығы мен момындығы қатты әсер етіп, Харолд Куәгерлердің келіп тұруына келіседі. Содан ол Киелі кітапты зерттеуді бастап, ақырында Ехобаның суға шомылдыру рәсімінен өткен қызметшісі болады.
Қауымда
12. Мәсіхшілер қауымының мүшелері осы дүниелік қандай әрекеттерге қарсы тұрулары керек?
12 Момындық танытылу керек маңызы зор үшінші сала — мәсіхшілер қауымы. Адамдардың қақтығысуы — бүгінгі қоғам үшін кәдімгі нәрсе. Өмірге адами көзқараспен қарайтындар үшін ұрыс-керіс пен егесудің ешбір таңсықтығы жоқ. Кейде сондай дүниелік нәрселер мәсіхшілер қауымына да еніп кетіп, айтыс-тартыс пен керісу байқала бастайды. Осындай жағдайларды қалыпқа келтіруге тура келген жауапкершілік жүктелген бауырластар үшін бұл реніш тудыратын жағдай. Десе де Ехоба мен бауырластарына деген сүйіспеншіліктері оларды адасқандарды түзетуге талпындырады (Ғалаттықтарға 5:25, 26).
13, 14. ‘Қарсыластарды момындықпен түзетер болсақ’, мұның нәтижесі қандай болуы мүмкін?
13 Бірінші ғасырда Пауыл мен оның қызметтесі Тімоте қауымның кейбір мүшелерінің кесірінен пайда болған қиындықтармен кездескен болатын. Пауыл Тімотені “қадір-құрметтен ада” ыдыс-аяққа ұқсайтын бауырластардан абай болуға шақырған еді. “Жаратқан Иенің қызметшісінің жанжалдасуына болмайды,— деп түсіндірді Пауыл,— ол бәріне бірдей жылы жүзді, жақсылап тәлім беретін, сабырлы болуы қажет... қарсыластарын ілтипаттылықпен [“момындықпен”, ЖД] түзету керек”. Тіпті қызу жағдайлардың өзінде де момындық танытқанымыз, жиі қарсыласушыларды өздерінің бұрыс ойларын өзгертуге талпындырып жатады. Өз кезегінде Ехоба, Пауыл жазғандай, оларды ‘өкіндіріп, шындықты мойындатуы’ мүмкін (2 Тімотеге 2:20, 21, 24, 25). Пауылдың момындықты жылы жүзділікпен және сабырлықпен байланыстырғанын ескере кетелік.
14 Пауыл өзі уағыздаған сөздеріне сай өмір сүретін. Қорынттағы қауымда ‘озат елшілердің’ кесірінен түсініспеушілік туғанда, Пауыл бауырластарына былай деп жазды: “Қасымызда жүргенде момын, ал алыста жүргенде батыл” деп келекеленген мен — Пауыл Мәсіхтің ілтипаттылығы мен төзімділігін [“момындығы мен мейірімділігін”, ЖД] естеріңе сала отырып, мынаны өтініп сұраймын” (2 Қорынттықтарға 10:1; 11:5). Пауыл расында да Исаға еліктейтін. Оның бауырластарынан ‘Мәсіхтің мейірімділігін’ естеріне сала отырып, өтініп сұрағанына көңіл бөліңдерші. Пауыл бұйыра сөйлеп, өктемдік көрсетуден аулақ болған. Оның өсиетінің қауымның елгезек мүшелеріне әсер еткені сөзсіз. Пауыл қауымдағы қолайсыз жағдайды жөнге келтіріп, тыныштық пен ауызбірлік орнауына ықпал етеді. Біз де өзімізді солай ұстауымыз керек, солай емес пе?! Мәсіх пен Пауылдың үлгісіне әсіресе ақсақалдар еліктеу керек?
15. Неге кеңес бергенде момындық танытқанның маңызы зор?
15 Жауапты бауырластар өзгелерге көмектесу жауапкершілігін қауымдағы тыныштық пен бірліктің бұзылуына қауіп төнгенде ғана сезінбеулері керек. Бауырластар сүйіспеншілікпен берілген басшылықты қарым-қатынастары бұзылмай тұрып-ақ қажет етеді. “Бауырластар, араларыңдағы біреу күнә жасап қойса [“өзі аңдамай, шалыс қадам жасап қойса”, ЖД], сендер оны... түзу жолға қайтаруға ұмтылыңдар”,— деп шақырды Пауыл. Қалай? Мұны момындық рухымен әрі өзіміз де алданып қалудан сақтанып істеуіміз керек (Ғалаттықтарға 6:1, ЖД). Момындық рухын таныту оңайға түсе бермейді, өйткені жауапты бауырластарды қоса алғанда, барлық мәсіхшілерге күнәнің әсері ықпал етуде. Сөйтсе де момындықтың арқасында адасқан адамның түзету үшін берілген кеңесті қабылдауына оңай болады.
16, 17. Берілген кеңесті қабылдауға деген ықылассыздықты жеңуге не көмектеседі?
16 “Түзу жолға қайтару” немесе “түзету” деп аударылатын грек сөзі сынған сүйекті қалпына келтіру сияқты жанға батып ауыртатын емді де білдіреді. Жаны ашитын дәрігер сынған сүйекті қалпына келтіргенде, оның пайдасы жөнінде жағымды сөздер айтады. Оның сабырлы даусы көңілді жұбатады. Алдын ала айтылған бірнеше сөз ауруды жеңілдетуге көмектеседі. Тап солай рухани жағынан түзету де адамға ауыр тиюі мүмкін. Бірақ момындықтың арқасында оны қабылдау оңайырақ болады. Ал бұл болса, жақсы қарым-қатынасты қалпына келтіруге және адасқан адамның алған бетінен қайтуына ықпал етеді. Бастапқыда адам қасарысса да, көмек көрсетушінің момындығы Жазбаларға негізделген кеңесті қабылдауға деген ықылассыздықтың кез келгенін ‘күйретіп’ жіберуі мүмкін (Нақыл сөздер 25:15).
17 Әлдекім өзгелердің түзелуіне көмектесіп жатқанда, әрқашан берілген кеңестің сын ретінде қабылданып қалу қаупі бар. Бір автор бұған мынадай түсініктеме берді: “Біреуге сөгіс жариялағанда, өзімшілдікке салыну қаупі бар, сондықтан біз момындыққа аса зәруміз”. Кішіпейілдіктен туған момындық кеңес беріп жатқан мәсіхшінің осындай қауіптен аулақ болуына көмектеседі.
“Жұрттың бәріне бірдей”
18, 19. а) Неге кейде мәсіхшілер үшін осы дүниенің әкімдеріне момындық таныту қиын? ә) Мәсіхшілердің әкімдерге момындық танытуларына не көмектеседі және мұның нәтижесі қандай болады?
18 Көп адамдарға осы дүниенің әкімдеріне қатысты момындық таныту ауыр. Қолында билігі барлардың кейбіреулері қатал әрі өзгелерге жаны ашымайтын болып кететіні көпке белгілі (Екклесиаст 4:1; 8:9). Алайда Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз оның жоғарғы билігін мойындауға, сондай-ақ билігі бар әкімдерге біршама мойынсұнуымызға көмектеседі, ал солай ету — міндетіміз (Римдіктерге 13:1, 4; 1 Тімотеге 2:1, 2). Тіпті лауазымды адамдар ел алдындағы қызметімізге тыйым салатын болса да, аузымыздан шыққан мадақтау құрбандығымызды мүмкін болып отырған басқа жолдармен беруге даярмыз (Еврейлерге 13:15).
19 Қандай жағдай болмасын тыныштық сүйгіштігімізден таймаймыз. Біз парасатты болуға тырысамыз, сөйте тұра ешқашан әділетті принциптерді аттап кетпейміз. Дүние жүзі бойынша 234 елдегі бауырластарымыз Құдайға тап солай қызмет етуде. Біз Пауылдың “үкімет пен жергілікті әкімшілік өкілдеріне мойынсұнып, олардың еркін орындап, жақсылық атаулыны жасауға дайын болып... ешкімді қаралап, жанжал туғызбай, жұрттың бәріне бірдей мейірімділік пен ілтипаттылық [“барынша момындық”, ЖД] танытуға” қатысты берген кеңесіне құлақ асамыз (Титке 3:1, 2).
20. Момындық танытатындарды не күтіп тұр?
20 Момындық танытатындардың бәрін керемет баталар күтіп тұр. Иса “Кіші пейілділер [“момындар”, ЖД] бақытты: Олар жерді иемденетін болады!” — деген (Матай 5:5). Момындық танытып жүргендері Мәсіхтің рухпен майланған бауырларын бақытқа бөлеуде, әрі олар Патшалық арқылы жерге билік ету мәртебесіне ие болып отыр. “Басқа қойлардың” “өте үлкен тобыры” да момындық танытып жүр, сөйтіп жер бетіндегі Жұмақтағы өмірді күтуде (Аян 7:9; Жохан 10:16; Забур 36:11). Қандай жарқын болашақ! Сондықтан Пауылдың Ефестегі мәсіхшілерге берген келесі ескертуін ешқашан ұмытпайық: ‘Сонымен Иемізге қызмет еткеніме бола түрмеде жатқан мен сендерге Құдайдың өздеріңді шақыруына лайық өмір сүріңдер деп ескертемін. Барлық жағдайларда кіші пейіл, ілтипатты [“момын”, ЖД]... болыңдар’ (Ефестіктерге 4:1, 2).
Қайталау
• Момындық танытқандар қандай баталарға ие болады?
• Отбасында?
• Уағыздау қызметінде?
• Қауымда?
• Момындарды қандай сый күтіп тұр?
[25-беттегі сурет]
Әсіресе бір дінді ұстанбайтын отбасында момындық танытқанның маңызы зор
[25-беттегі сурет]
Момындық отбасын нығайтады
[26-беттегі сурет]
Шындықты момындықпен және адамдарды барынша сыйлай отырып қорғаңдар
[28-беттегі сурет]
Адасқан адамға момындықпен берілген кеңесті қабылдау оңай