Қуаныш сезіміне бөлейтін сыйға тарту
БРАЗИЛИЯНЫҢ солтүстік-шығысында тұратын Женивал ауруханада қарауыл болып істеп, алатын аздаған жалақысына отбасын асырайтын. Материалдық жағынан мұқтаждығына қарамастан, Женивал түсімнің оннан бір бөлігін адал ниетімен беріп отырған. “Кейбір кезде менің отбасым аш жүретін,— деді ол қарнын сипап қойып,— бірақ мен қандай қиыншылықтар болмасын, Құдайға ең жақсысын беруді қаладым”.
Жұмысын жоғалтқаннан кейін де, Женивал түсімнің оннан бір бөлігін беруді тоқтатқан жоқ. Діни қызметкер оған көп садақа беріп, Құдайды сынап көр деп жігерлендірді. Сондай-ақ ол Құдайдың міндетті түрде батасын жаудыратынын уәде етті. Сондықтан Женивал үйін сатып, оның ақшасын шіркеуге бермекші болады.
Женивал сияқты садақа беруге адал ниетпен қарайтындар өте көп. Мұқтаждық көріп отырған кедей адамдардың көбісі түсімнің оннан бір бөлігін беруге міндеттіміз деп есептейді, өйткені оларды шіркеуде түсімнің оннан бір бөлігін беру Құдайдың қойған талабы деп үйреткен. Бірақ бұл шындыққа сай келе ме?
Түсімнің оннан бір бөлігін беру және Мұсаның заңы
Түсімнің оннан бір бөлігін беру өсиеті Мұса заңының бір бөлігі болатын және 3 500 жыл бұрын Исраил халқының 12 руына арналған еді. Заңның талабы бойынша, киелі шатырдағы леуіліктердің қызметіне қарасу үшін, исраилдіктер оларға астық, жеміс өнімдерінен, малдың өсуінен келген түсімнің оннан бір бөлігін беріп тұруға тиіс еді (Леуіліктер 27:30, 32; Руларды санау 18:21, 24).
Ехоба исраилдіктерге Мұса заңын орындау ‘тым қиын’ емес екенін айтты (Заңды қайталау 30:11, ЖД). Олар Құдайдың өсиеттерін әрқашан орындап жүрсе, Ехобаның мол өнім беремін деген уәдесіне толық үміт арта алар еді. Бұдан басқа исраилдіктер бірнеше жылда бір рет мұқтаждарға көмек ретінде жылдық деп аталатын түсімнің оннан бір бөлігін жинап отыратын. Бұл әдетте адамдар діни мейрамдарға жиналғанда жаратылатын. Осылайша мейрамдарда келімсек пен жетім-жесірлердің тамағын тойдыруға мүмкіндігі болатын (Заңды қайталау 14:28, 29; 28:1, 2, 11—14)
Түсімнің оннан бір бөлігін төлемеген адамның қалай жазаланатыны туралы заңда еш нәрсе айтылмағанымен, әрбір исраил баласы бұрын айтылып кеткендей, шынайы ғибадатқа қарасып отыруды өз міндеті деп санаған. Тіпті Малахидің кезінде Ехоба құрбандық шалуды елеусіз қалдырған исраилдіктерге “түсімнің оннан бір бөлігі мен құрбандық” әкелмегендеріңмен мені “тонадыңдар” деп айыптаған (Малахи 3:8). Түсімнің оннан бір бөлігін төлемейтін мәсіхшілерді де осылай айыптауға бола ма?
Кәнеки, ойланып көрелік: әдетте бір елдің заңы басқа елде жарамсыз. Мысалы, Ұлыбританиядағы жүргізушілер жолдың сол жағымен жүреді, бірақ бұл заңның Франциядағы жүргізушілерге күші жоқ. Осы сияқты түсімнің оннан бір бөлігін алып отыру туралы заң да Исраил халқы мен Құдайдың арасындағы ерекше келісімнің бөлігі болып табылатын (Мысырдан шығу 19:3—8; Забур 147:19, 20). Бұл заң тек Исраил халқына ғана күші бар еді.
Құдайдың өзі ешқашан өзгермегенімен, оның талаптары кей кездері өзгеріп отырады (Малахи 3:6). Б. з. 33 жылы Иса Мәсіх өз денесін құрбан еткенде, “түсімнің оннан бір бөлігін алып отыру” кіретін ‘Таураттың өсиеттерін... күшінен айырды’. Оның ‘күшін жойғаны’ туралы Киелі кітапта анық айтылған (Еврейлерге 7:5, 18; Ефестіктерге 2:13—15; Қолостықтарға 2:13, 14).
Мәсіхшілердің сый тартуы
Дегенмен шынайы ғибадатты қолдап отыру үшін садақа әлі де қажет еді. Иса Мәсіх өзінің ізбасарларына ‘жердің шетіне дейін... куә болуды’ тапсырды (Елшілердің істері 1:8). Сенушілердің саны өскен сайын, мәсіхші оқытушылар мен бақылаушылардың қауымдарға барып тұруына және қауымдағыларды жігерлендіріп тұруға деген мұқтаждық өсе бастады. Кейбір кездерде жетім-жесірлер мен мұқтаждардың қамын ойлайтын кездер де болды. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер осыларға жұмсалған шығындардың орнын қалай толтырып отырған?
Шамамен б.з. 55 жылы Еуропа мен Кіші Азияда тұратын еврей халқына жатпайтын мәсіхшілерден Яһудеядағы мұқтаждық көріп жатқан қауымдарға көмектесуін сұраған. Өзінің Қорынттықтарға жазған хатында елші Пауыл “халыққа көмек жинау” қалай ұйымдастырылғанын айтады (1 Қорынттықтарға 16:1). Пауылдың мәсіхшілер арасындағы материалдық жағынан сыйға тарту мәселесін ашып отырғаны, мүмкін, сізді таңдандыратын болар.
Елші Пауыл бір сенімдегілерден бұл көмекті өтініп сұрап алған жоқ. Расында, Македониядағы мәсіхшілер бастарынан өтіп жатқан ‘ауыртпалықтарына’ және “тақыр кедейліктеріне қарамастан”, “өздері де Құдайдың халқына көмек жіберіп, қызмет етуге қатыса алуларын қоймастан жалынып сұрады” (2 Қорынттықтарға 8:1—4).
Пауыл жағдайы жақсы қорынттықтарды македондық бауырластарының жомарттылығына еліктеуге жігерлендіргені рас. Алайда бір еңбекте айтылғандай, ол бұйрық беруден бас тартып, оның орнына сұрағанды, ұсынғанды, жігерлендіргенді және шақырғанды жөн көрді. Егер қорынттықтарды әлдекім садақа беруге мәжбүрлеген болса, онда олардың садақалары шын көңілмен берілмеген болар еді. Құдай ‘ренішпен, зорлықпен’ бергенді емес, “шын көңілмен беретін адамды ұнатады” (2 Қорынттықтарға 9:7).
Шынайы сүйіспеншілікпен үйлескен ‘ағыл-тегіл мол сенім... түсінік’ қорынттықтарды өз еріктерімен құрбандық етуге жігерлендірер еді (2 Қорынттықтарға 8:7, 8).
“Жүректеріңнің шешіміне сай”
Пауыл белгілі бір соманы, я табыстың бір бөлігін, анықтап айтқан жоқ, оның орнына: “Жексенбі сайын... қаражаттарыңнан бөлектеп, сақтап қойыңдар” — деді (1 Қорынттықтарға 16:2). Қорынттықтарға қанша бере алатындарын алдын ала ойланып, үнемі сол соманы бөлектеп жинап отыруға кеңес берілген еді. Пауыл келгенде садақа беруге өзін мәжбүрмін деп есептесе, оның бергені шын көңілден болмас еді, яки жай эмоцияның әсерінен болар еді. Әрбір мәсіхші қанша беретінін өзі анықтап, “жүрегінің шешіміне сай” әрекет етуі керек еді (2 Қорынттықтарға 9:5, 7).
Мол жинау үшін қорынттықтар жомарт себу керек еді. Ешқашанда ақырғы теңгеге дейін беру талап етілмеген. Пауыл оларға шын көңілмен: “Өздеріңнің қиналып қалуларыңның қажеті жоқ”, — деді. Садақа әлдекімнің “қолындағы жоғына емес, барына қарай ризашылықпен қабылданатын” (2 Қорынттықтарға 8:12, 13; 9:6). Өзінің кейіннен жазған хатында Пауыл: “Туысқандарының, әсіресе үй ішінің қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман”,— деп ескерткен болатын (1 Тімотеге 5:8). Пауыл осы принципті бұзатындай мөлшерде садақа беруге шақырмаған.
Пауылдың мұқтаждық көріп жатқан “халыққа көмек жинағанын” тағы да айта кетсек болады. Пауыл немесе басқа елшілер өз қызметтері үшін қаражат, я түсімнің оннан бір бөлігін, жинапты дегенді біз Киелі кітаптың еш жерінен кездестірмейміз (Елшілердің істері 3:6). Пауыл қауым сыйлаған сыйларды құрметпен қабылдап отырғанымен, ‘бауырластарға масыл болмауды’ өзінің борышы деп санаған (1 Салониқалықтарға 2:9; Філіпіліктерге 4:15—18).
Қазіргі таңдағы ерікті сыйға тарту
Көріп отырғанымыздай, бірінші ғасырдағы Мәсіхтің ізбасарларының кезінде түсімнің оннан бір бөлігін жинау емес, ерікті сыйға тарту әдісі қолданылған. Уағыздау ісі мен мұқтаж мәсіхшілерге көмек жинауды қазіргі кезде де осындай әдіспен қаражаттандыруға болатындығына мүмкін сіз күмәнданатын боларсыз.
Келесі жайға көңіл бөліңізші: 1879 жылы осы журналдың редакторлары “ешқашан да адамдардан көмек сұрамайтынын немесе өтінбейтінін” барлығына ашық жариялады. Бұл шешім Ехоба Куәгерлеріне ізгі хабарды жариялауға кедергі болды ма?
Қазіргі таңда Ехоба Куәгерлері Киелі кітап, Киелі кітапқа негізделген кітаптар мен басқа да әдебиеттерді 235 елде таратып жатыр. Ағарту ісімен айналысатын “Күзет мұнарасы” журналы алғашқыда бір тілдің өзінде 6 мың дана шығатын. Содан бері бұл данасы 24 миллионнан асып түсетін 146 тілде, екі аптада бір рет басылып шығатын журналға айналды. Бүкіләлемдік ағарту ісін жүргізу үшін Ехоба Куәгерлері 110 елде орталықтарын ұйымдастырды. Бұдан басқа олар мыңдаған ғимараттар салды: бұлар жергілікті қауым кездесулерін өткізуге арналған кішігірім залдар және конгрестер өткізуге арналған үлкен залдар. Осылайша Киелі кітаптан білім алғысы келетіндерге әрі қарай да білім алу үшін мүмкіндік туды.
Ехоба Куәгерлері үшін адамдардың рухани қажеттіліктерінің қамын ойлау басты мәселе болғанымен, олар бір сенімдегі бауырластардың материалдық мұқтаждықтарын ескерусіз қалдырмайды. Бауырластары соғыстың, жерсілкіністің, құрғақшылық пен дауылдың салдарынан азап шеккенде, олар дереу дәрі-дәрмек, ас-су, киім мен басқа да бірінші қажеттіліктерді жеткізеді. Бұның барлығы қауымның немесе жеке адамдардың садақаларына сатып алынады.
Ерікті садақа қолайлы тәсіл ғана емес, жоғарыда айтылған Женивал сияқты кедей тұратын адамдарды мойындарындағы ауыртпалықтарынан да босатады. Бақытына орай, Женивал үйін сатып үлгермеді. Осы кезде оның үйіне Ехоба Куәгерлерінің толық уақытты қыметшісі Мария келген еді. “Сол кездегі әңгіме менің отбасымды көптеген қиындықтардан құтқарды”,— деп есіне алады Женивал.
Женивал Құдайдың ісі түсімнің оннан бір бөлігін беруге байланысты емес екенін түсінді. Оған қоса, түсімнің оннан бір бөлігін беру қазір Құдайдың талабына жатпайтынын білді. Оқи келе ол мәсіхшілер жомарттылықпен бергенде жарылқанатынын және жағдайы жетпесе садақа беруге міндетті емес екендігін білді.
Өз еркімен сый тарту ету Женивалды шынайы қуанышқа бөледі. Ол қуанышымен былай бөлісті: “Мен тапқан табысымның 10 пайызын берсем де, бермесем де өз еркім. Қандай болған жағдайда да садақа беріп жатып қатты қуанамын және Ехобаның да бұған қуанатынына кәміл сенемін”
[6-беттегі қоршау/суреттер]
Ертедегі шіркеу әкейлері түсімнің оннан бір бөлігін жинау керектігіне оқытқан ба?
“Арамыздағы байлар кедейлерге көмек көрсетеді... Жақсы тұратындар өз қалауымен, қанша бергісі келсе сонша береді” (The First Apology, Юстин Мученик шамамен б. з. 150 жыл).
Яһудилер Құдайға түсімнің оннан бір бөлігін атап отырған, ал мәсіхшілер өздерінің барын Құдайдың мүдделері үшін арнайды... дәл осылай бейшара жесір әйел күнелтетін нәрсесінің бәрін берді” (Against Heresies, Лиондық Ириней, шамамен б. з. 180 жыл)
“Бізде садақа салатын жәшік сияқты нәрсе бар болғанымен, ондағы қаржы дін саудаға салынатындай, жоғары лауазымды адамдар үшін төленген ақы емес. Біздің жәшігімізге жаңа айдың бірінші күні немесе қалаған уақытында, тек қалайтын болса әрі мүмкіндігі болса, әркім азғана садақа береді; ешкім ешкімді мәжбүрлемейді, өйткені, бұл — ерікті садақа” (Apology, Тертуллиан, шамамен б. з. 197 жыл)
“Шіркеудің кеңеюі мен оның әр түрлі мекемелерінің пайда болуы себепті дінбасыларын әрдайым қамтамасыз етіп отыратын дұрыс әрі тұрақты заң шығару қажет болды. Түсімнің оннан бір бөлігін төлеп отыру Мұсаның заңынан алынған... Талқыланып отырған сұраққа қатысы бар нақты ең алғашқы заң 567 жылы Турда кездескен епископтардың хаттарында және 585 жылы Макон соборының [канондарында] жазылған болу керек”(The Catholic Encyclopedia)
[Суреттер рұқсатымен]
Теңге (жоғарғы сол жақта): Pictorial Archive (Near Eastern History).
[5-беттегі сурет]
Өз еркімен сый тарту ету қуаныш сезіміне бөлейді
[7-беттегі суреттер]
Ерікті садақалар уағыздау ісіне, табиғи апаттан жапа шеккендерге көмек ретінде, кездесулер өткізу үшін ғимараттар соғуға жұмсалады