Ақырғы теңгеңді беруің керек пе?
“СІЗДЕР мені қайыршы дерсіздер, бірақ маған бәрібір. Мен Иса үшін қайыр сұраймын”. Протестант дін қызметкерінің айтқан бұл сөздерінен дінді қаражаттандыру мәселесінің қандай дау-жанжал туғызып жатқанын көруге болады. Мұнан келе ресми түрде тіркелген діни ұйымдар тек ақшалай көрсетілген көмектің арқасында өмір сүріп жатқандай көрінеді. Жалақы төленуі тиіс, жаңа ғибадатханалар соғылып, оларды жақсы күйде ұстау керек, одан қалса миссионерлер ісін қаражаттандыру керек. Сонда ақшаны қайдан табуға болады?
Көптеген шіркеулер мәселенің шешілуі “түсімнің оннан бір бөлігін жинауда” деп есептейдіa. “Жердегі патшалығын қаражаттандыру үшін “түсімнің оннан бір бөлігін жинау” әдісін Құдай өзі көрсеткен. Бұл — ізгі хабарды таратуға мүмкіндік беретін оның енгізген жүйесі”,— деп айтады евангелист Норман Робертс. Шіркеуге келген адамдардың садақа беруі міндетті түрде екенін ұялмай еске салғаннан кейін, ол былай деді: “Сіздер түсімнің оннан бір бөлігін қалта көтеретіндіктен беріп жатқан жоқсыздар. Бұл тіл алғыштыққа жатады. Одан бас тарту — Құдайдың заңын бұзу. Бұл — өзгенікіне қол сұғу” (Tithing — God’s Financial Plan).
Садақа беру мәсіхшілердің міндетінің бірі екенімен сіздер келісетін шығарсыздар. Бірақ дін қызметкерлерінің садақа сұрап қиылып тұрып алатыны, бір түрлі қобалжытып, тіпті ашуландырар? Бразилиялық теолог Инасью Стридер шіркеулердің “өздерінің араларындағы мәселелерін шешу” мақсатымен түсімнің оннан бір бөлігін жинап жатқаны үшін, оларды айыпты деп санайды. Сондай-ақ ол мұндай “заңға қайшы және қорлау болып табылатын істерді” “діни ілімнен таю” деп атады. Оның айтуынша, шіркеудің садақа талап етуінің нәтижесінде “жұмыссыз, жесір, тар және ескі баспаналарда тұрып жатқандар мен қарапайым ақ жүрек адамдардың Құдай бізді тастап кетті, сондықтан ашықсақ да діни қызметкерге көп ақша беруге міндеттіміз деген тұжырымға келулеріне себеп болды”.
Сіз былай деп сұрарсыз: түсімнің оннан бір бөлігін төлеуге әркім борышты деп үйретіп жатқан шіркеулер Киелі кітапты дұрыс қолданып жатыр ма? Кейбір діндер Құдай сендерді жазалайды деп қорқытып келушілердің ақырғы ақшасын сыпырып алып жатқан жоқ па? Құдай біздің ақырғы теңгемізге дейін бергенімізді қалай ма?
[Сілтеме]
a Оннан бір бөлік деген адамның жалпы табысының оннан бір бөлігі.