Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.12. 27—32 бет.
  • “Ризашылықтарыңды білдіріңдер!”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Ризашылықтарыңды білдіріңдер!”
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ризашылық білдірудің себептері
  • Мұса Заңынан алар үш сабақ
  • Біздің ризашылық білдіруіміз
  • Ізашарларға тән рух дамытыңдар, әрі сақтаңдар
  • ‘Мал-мүлкімізбен’ ризашылығымызды білдіреміз
  • Ризашылықтарыңды көрсетіңдер
    Біздің патшалық қызметіміз. 2008
  • Ризашылықтарыңды білдіріңдер
    Біздің патшалық қызметіміз. 2004
  • Қуаныш сезіміне бөлейтін сыйға тарту
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехоба куәгерлерінде садақаға оннан бір бөлігін беру парызы бар ма?
    Ехоба куәгерлері жөнінде жиі қойылатын сұрақтар
Көбірек мәлімет
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.12. 27—32 бет.

“Ризашылықтарыңды білдіріңдер!”

“Құдай сыйлаған тыныштық сендерге билігін жүргізсін!.. Сонымен қатар ризашылықтарыңды білдіріңдер!” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:15).

1. Мәсіхшілер қауымы мен Шайтанның билігіндегі дүниенің арасында қандай айырмашылық барын байқауға болады?

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ Ехоба Куәгерлерінің 94 600 қауымында ризашылық рухын байқауға болады. Әрбір қауым кездесуі Ехобаға ризашылық білдіретін дұғамен басталып, дұғамен аяқталады. Куәгерлердің арасындағы жас не кәрі, жаңа қосылған не бұрыннан Куәгер болып жүргендер мен бауырластардың ауыздарынан жиі “рақмет”, “арзымайды” немесе осыған ұқсас сөздерді естуге болады (Забур 132:1). Бұл ‘ізгі хабарға құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендердің’ көбісінің арасындағы өзімшілдіктен қалайша ерекшеленеді десеңдерші! (2 Салониқалықтарға 1:8). Біз ризашылықты білмейтін дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Дарашылдықты қызғыштай қорғайтын Шайтан Ібіліс осы дүниенің құдайы әрі адамзат қоғамы оның өркөкіректік пен бүлікшіл рухының ықпалында екенін ескерсек, бұл қайран қалдыратын нәрсе емес (Жохан 8:44; 2 Қорынттықтарға 4:4; 1 Жохан 5:19).

2. Қандай ескертуге ден қоюымыз керек және қандай сұрақтарды талқылайтын боламыз?

2 Шайтанның билігіндегі дүниенің қоршауында болғандықтан, оның осындай көзқарасының ықпалына түсіп қалмаудан абай болуымыз керек. Бірінші ғасырда елші Пауыл ефестіктердің есіне мынаны салған: “Осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған зұлым күштердің әміршісінің — Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың жетегінде жүрдіңдер. Біз де бұрын сондайлармен бірге болып, күнәкар болмысымыздың құмарлықтарына беріліп, ойымыз бен бойымыздағы тілектерімізді орындадық. Басқаларға сияқты бізге де Құдайдың қаһарының төгілетіні табиғатымыздан белгілі еді” (Ефестіктерге 2:2, 3). Бүгінде бұл сөздерді адамдардың көпшілігіне қатысты қолдануға болады. Олай болса, қалай ризашылық рухын сақтауға болады? Осыған орай, Ехоба қандай көмек ұсынып отыр? Қандай жолдармен біз іс жүзінде нағыз ризашылық таныта аламыз?

Ризашылық білдірудің себептері

3. Біз Ехобаға не үшін ризамыз?

3 Біз Жаратушы әрі Өмір беруші Құдайымыз Ехобаға, әсіресе оның көл-көсір етіп сый беріп отырғанын ескерер болсақ, ризашылық білдіруге міндеттіміз (Жақып 1:17). Күнделікті Ехобаға өмір сыйлағаны үшін рақмет айтамыз (Забур 35:10). Айналамыздан күн, ай мен жұлдыздар сияқты Ехобаның қолынан шыққан көптеген істерді көреміз. Планетамыздың тіршілікке қажет минералдарға толы екендігі, атмосфераның өмірге аса қажетті газдардың керемет қоспасынан тұратыны, сондай-ақ табиғаттың күрделі циклдерінің бәрі сүйіспеншілікке толы көктегі Әкеміздің алдында борышты екендігімізге нұсқайды. “Сен өте көп нәрсе жасадың Тәңір, Құдайым менің,— деп шырқады Дәуіт патша.— Сенің кереметтерің және біз туралы ойларың жайлы уағыздап, айтқым-ақ келер еді, бірақ оларға сан жетпейді. Саған кім тең келер дейсің!” (Забур 39:6).

4. Неге қауымдарымыздағы қуанышқа бөлейтін қарым-қатынас үшін Ехобаға ризашылығымызды білдіруіміз керек?

4 Әлі жер бетінде жұмақ орнамағанмен, Ехобаға қызмет ететіндер рухани жұмақта өмір сүріп жатқандарына қуанады. Патшалық Сарайларымыз бен конгрестерде бауырластарымыздың Құдай рухының игілікті жемісін танытатынын сезінеміз. Куәгерлердің кейбіреулері дін қызықтырмайтын адамдарға уағыздағанда, Пауылдың ғалаттықтарға жазған хатында жазған суреттемесіне көңіл аударады. Олар алдымен ‘күнәкар болмыстан туындайтын қылықтарға’ көңіл аударып, тыңдаушыларынан не байқағандарын сұрайды (Ғалаттықтарға 5:19—23). Әдетте, көбісі онда қазіргі қоғамға мінездеме келтірілгенімен келісе кетеді. Ал Құдай рухының игілікті жемісінің сипаттамасы көрсетіліп, оның әсерін өз көздерімен көруге жергілікті Патшалық Сарайына шақырылғанда, көбісі лезде “Шынымен араларыңда Құдай бар!” деп мойындайды (1 Қорынттықтарға 14:25). Мұндай жағдайды тек жергілікті Патшалық Сарайынан ғана емес, қай елге сапар шегіп, алты миллионнан аса Ехоба Куәгерлерінің қай-қайсысын кезіктірмесең де, олардың тап солай бақытты да қуанышты екенін байқайсың. Расында да, осындай рухыңды көтеретін қарым-қатынастың болғаны Ехобаға ризашылық білдірудің себебі болып табылады. Өйткені бұл тек соның рухының арқасында ғана мүмкін болып отыр (Софония 3:9; Ефестіктерге 3:20, 21).

5, 6. Қалай біз Құдайдың ең зор сыйы азаттық төлеміне деген ризашылығымызды көрсете аламыз?

5 Ехоба сыйлаған ең зор, мүлтіксіз сый — төлем құрбандығы ретінде берген Ұлы Иса Мәсіх. “Құдай бізді осылайша сүйгендіктен, біз де бір-бірімізді сүюіміз керек”,— деп жазды елші Жохан (1 Жохан 4:11). Иә, төлем құрбандығына деген ризашылығымызды Ехобаны сүйіп, оған риза екендігімізді білдіріп қана емес, өзгелерді сүйетініміз көрінетіндей етіп өмір сүру арқылы да паш етеміз (Матай 22:37—39).

6 Ехобаның ежелгі Исраил халқымен қарым-қатынасын қарастыру арқылы ризашылық білдіру жөнінде көп нәрсеге үйрене аламыз. Мұсаға берген Таурат заңы арқылы Ехоба халқына көп тәлім берген. ‘Таураттан нақты білім мен шындықты табудың’ арқасында біз Пауылдың: “Ризашылықтарыңды білдіріңдер!” — деген кеңесіне құлақ салуға көмектесетін мол сабақ ала аламыз (Римдіктерге 2:20; Қолостықтарға 3:15).

Мұса Заңынан алар үш сабақ

7. Қалай түсімнің оннан бір бөлігін беру исраилдіктер үшін Ехобаға деген ризашылықтарын білдірудің мүмкіндігі болған?

7 Мұсаның заңында Ехоба өз халқына жасаған игіліктері үшін олардың қалай шын көңілдерімен ризашылық білдіре алатындықтарының үш жолын көрсеткен. Біріншісі — түсімнің оннан бір бөлігін беру. Жер өнімімен бірге ‘ірі қара мен ұсақ малдың оннан бір бөлігі Тәңірге бағышталуға тиіс’ болатын (Леуіліктер 27:30—32). Исраилдіктер Ехобаға мойынсұнып жүрген уақытта, ол жомарттықпен батасын төгетін. “Қамбаға қолдарыңда бардың оннан бір бөлігін әкеліңдер, Менің киелі үйімде азық бар болсын, ең болмағанда Мені осылай сынаңдар, дейді Тәңір Сабаот. Сонда Мен аспан қақпаларын айқара ашып, батамды сендерге көл-көсір етіп төкпеймін бе?!” (Малахи 3:10).

8. Ерікті сый-тартуларды түсімнің оннан бір бөлігін беруден не ерекшелендіретін?

8 Екіншісі, түсімнің оннан бір бөлігін берумен қоса, Ехоба исраилдіктерге ерікті садақа жасауға қатысты да нұсқау берген. Ол Мұсаға исраилдіктерге мынаны жеткізуді бұйырған: “Мен сендерді алып бара жатқан жерге кірген соң, сол жердің нанын жегенде, Тәңірге арнап құрбандық беріңдер”. Олардың кейінгі ұрпақтары да алғашқы “жасалған қамырдан күлшені” “Тәңірге құрбандық” ретінде беретін. Алғашқы өнімнің нақты бір көлемі талап етілмегені ескерерлік жайт (Руларды санау 15:18—21). Бірақ исраилдіктер ризашылықпен ерікті садақаларын не құрбандықтарын бергенде, Ехоба батасын беретініне сенімді болған. Езекиелдің ғибадатханаға қатысты көрген аянынан да осындай нұсқау берілгенін байқауға болады. Біз былай деп оқимыз: “Барлық жемістеріңнің бірінші түсімі мен әр түрлі сый-тартуларың, олар неден тұрмасын, діни қызметкерлердің үлесі болсын. Үйлеріңнен бата кетпес үшін, бастырған астықтарыңның бірінші түсімін діни қызметкерлерге беріңдер” (Езекиел 44:30).

9. Масақ теруге қатысты нұсқауы арқылы Ехоба не нәрсеге үйреткен?

9 Үшіншіден, Ехоба масақ теруге қатысты нұсқау берген. “Егіндіктеріңе орақ салғанда, танаптың жиегіне дейін орма,— деп бұйырды Құдай,— өнімді жинағанда түсіп қалғанын да теріп алма. Жүзімдіктеріңнің өнімін де түгел жинама, түсіп қалған жемістерін теріп те алма. Оны кедей мен келімсекке қалдыр. Мен Тәңір Құдайларыңмын” (Леуіліктер 19:9, 10). Тағы да өнім нақты қанша көлемде қалдырылу керектігі айтылмаған. Мұқтаждарға қанша қалдыру керектігін әр исраилдік жеке өзі шешу керек-тін. Дана патша Сүлеймен мұны жақсы түсіндірген: “Жарлыны қамқорлаған — Тәңірге қарыз бергені, игі істерінің есесін Ол қайтарып береді” (Нақыл сөздер 19:17). Осылайша, Ехоба мұқтаждарға жанашырлық пен қамқорлық танытуға үйреткен.

10. Исраил халқының ризашылық білдірмей қойғанының ақыры неге әкеліп соқты?

10 Исраилдіктер түсімнің оннан бір бөлігін және ерікті садақа не құрбандық беру арқылы жарлылардың қамын ойлап, бойсұнып жүргенде, Ехоба батасын беріп отырған. Бірақ олар ризашылық білдірмей қойғанда, Ехобаға ұнамды болудан қалған. Бұл болса бақытсыздыққа, ал ақырында тұтқындыққа әкеліп соқты (2 Шежірелер 36:17—21). Бұдан қандай сабақ алуымызға болады?

Біздің ризашылық білдіруіміз

11. Ехобаға ризашылық білдірудің қандай басты мүмкіндігі бар?

11 Сол сияқты біздің де Ехобаны мадақтап, ризашылығымызды білдірудің басты мүмкіндігі сый-тарту беруден тұрады. Рас, біз, шынайы мәсіхшілер, құрбандыққа мал мен күлше ұсынуды талап ететін Мұсаның заңын ұстанбаймыз (Қолостықтарға 2:14). Десе де, елші Пауыл еврей мәсіхшілерді: “Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық: Оның “Жаратқан Ие” деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуіміз біздің Тәңірге арнаған құрбандығымыз болады”,— деп шақырған (Еврейлерге 13:15). Ел алдында немесе бауырластар келетін ‘жиналыстарда’ Ехобаны мадақтап қабілетіміз бен қолда барымызды сый-тарту ретінде ұсыну арқылы көктегі Әкемізге деген шын жүректен шыққан ризашылығымызды білдіре аламыз (Забур 25:12). Ал исраилдіктердің Ехобаға деген ризашылықтарын қандай жолдармен білдіргендерінен не нәрсеге үйренуімізге болады?

12. Мәсіхшілерге артылған міндет пен түсімнің оннан бір бөлігін беруден алған сабағымыздың арасында қандай байланыс бар?

12 Ең алдымен, біз түсімнің оннан бір бөлігін беру парыз екенін көрдік. Әрбір исраилдік солай етуге борышты болатын. Мәсіхшілер ретінде біз де қызметке және мәсіхшілердің кездесулеріне қатысуға борыштымыз. Солай ету — біздің парызымыз. Соңғы күндерге қатысты ұлы пайғамбарлығында Иса нақты былай айтқан: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді” (Матай 24:14; 28:19, 20). Ал мәсіхшілердің қауым кездесулері турасында елші Пауыл киелі рухтың жетелеуімен: “Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық. Кейбіреулер сенушілердің жиналыстарына бармай қалуды дағдыға айналдырып алған сияқты. Ал біздер солай істемей, бір-бірімізді одан бетер жігерлендірейік. Иеміздің қайтып келетін күнінің таяп қалғанын білесіңдер ғой”,— деп жазған (Еврейлерге 10:24, 25). Біз өзімізге артылған уағыздау мен тәлім беру, сондай-ақ қауым кездесулерінде бауырластарымызбен үнемі араласып тұру міндетін қуанышпен қабыл алу және мұны өзімізге көрсетілген мәртебе ретінде қарастыру арқылы Ехобаға деген ризашылығымызды көрсетеміз.

13. Ерікті садақа беру мен масақ теруге қатысты нұсқаудан қандай сабақ алуға болады?

13 Бұған қоса, исраилдіктер үшін ризашылықтарын білдірудің мүмкіндігі болған қалған екі нұсқаудан, яғни ерікті құрбандық пен масақ теруге қатысты нұсқаудан, сабақ алуымызға болады. Нақты талап қоятын түсімнің оннан бір бөлігін беру нұсқауынан ерекшелігі, ерікті құрбандық пен масақ теруге қатысты нақты мөлшер жоқ-тын. Бұл Ехобаның қызметшісінің әрекетке талпындырған жүрегінен шыққан ризашылығының қаншалықты терең екендігін көрсетуіне мүмкіндік беретін. Сол сияқты уағыздау қызметіне және мәсіхшілердің кездесулеріне қатысу Ехобаның әрбір қызметшісінің міндеті екенін мойындағанымызбен, біз соларға шын жүректен әрі бар ынтамызбен қатысып жүрміз бе? Солай етуді Ехобаның жасап жатқан бар игіліктері үшін шын көңілмен ризашылық білдірудің мүмкіндігі деп қарастырамыз ба? Жеке мүмкіндігімізге қарай, осы істерде жомарттық танытып жүрміз бе? Жоқ әлде, оны орындауға тиіс борышымыз ретінде ғана қарастырамыз ба? Әрине, бұл сұрақтарға әрқайсысымыз жеке жауап беруге тиіспіз. Осы ойды елші Пауыл былай жеткізген: “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады” (Ғалаттықтарға 6:4).

14. Ехоба өзіне қызмет еткенде, бізден не күтеді?

14 Ехоба біздің жағдайымызды жақсы біледі. Оған біздің мүмкіншіліктеріміз де белгілі. Ол аз-көбіне қарамай, қызметшілерінің ынтамен ұсынған құрбандықтарын бағалайды. Ехоба бәрімізді бірдей мөлшерде береді деп, немесе бізден қолымыздан келмейтінді күтпейді. Материалдық қолдау көрсету мәселесін талқылағанда, елші Пауыл қорынттықтарға: “Біреу беруге ынталы болса, Тәңір оның тарту-таралғысын қолындағы жоғына емес, барына қарай ризашылықпен қабылдайды”,— деген (2 Қорынттықтарға 8:12). Құдайға деген қызметімізге қатысты да осы принципті қолдануға болады. Ехобаға қызметімізді ұнамды ететін — оны қанша мөлшерде емес, қалай, яғни қуанышпен әрі шын жүректен атқарғанымыз (Забур 99:1—5; Қолостықтарға 3:23).

Ізашарларға тән рух дамытыңдар, әрі сақтаңдар

15, 16. а) Ізашарлық қызмет пен ризашылықтың арасында қандай байланыс бар? ә) Қалай ізашар болып қызмет ете алмайтындар ізашарларға тән рух таныта алады?

15 Ехобаға ризашылығымызды білдіріп, зор қанағат алудың жолы — толық уақытты қызмет ету. Ехобаға деген сүйіспеншіліктері мен оның мейірімділігіне деген ризашылықтары оған көбірек қызмет ету үшін бағышталған қызметшілерінің көбісін өмірлерінде үлкен өзгерістер жасауға талпындырған. Олардың кейбірі жалпы ізашар ретінде қызмет етіп, ізгі хабарды уағыздау мен адамдарды шындыққа үйретуге ай сайын орта есеппен 70 сағат жұмсауда. Ал әр түрлі жағдайлар кедергі болып жүрген өзгелер анда-санда қосалқы ізашар ретінде қызмет етіп, қызметке айына 50 сағат жұмсады.

16 Алайда не жалпы, не қосалқы ізашар ретінде қызмет ете алмайтын Ехобаның көптеген қызметшілері жөнінде не деуге болады? Олар ізашарларға тән рух дамытып әрі оны сақтау арқылы ризашылықтарын білдірулеріне болады. Қалайша? Мұны ізашарларды жігерлендіру, балаларының көңіліне толық уақытты қызметті мақсат етуге деген талпыныс ұялату, сондай-ақ жағдайларына қарай, уағыздау қызметіне үнемі қатысу арқылы жүзеге асыруға болады. Біздің қызметте не беретініміз көбісінше Ехобаның бізге істеген, істеп жатқан және істейтін игіліктеріне деген жүректен шыққан ризашылығымыздың қаншалықты терең екендігіне байланысты.

‘Мал-мүлкімізбен’ ризашылығымызды білдіреміз

17, 18. а) Қалай ‘мал-мүлкімізбен’ ризашылығымызды білдіре аламыз? ә) Иса жесір әйелдің садақасын қалай бағалады және неге?

17 Нақыл сөздер 3:9-да: “Тәңірді құрметтеп сыйға бер мал-мүлкіңнен, алған бар өніміңнің алғашқы түсімінен”,— деп ескертілген. Ехобаның қызметшілеріне түсімнің оннан бір бөлігін берудің қажеті жоқ. Оның орнына, Пауыл қорынттағы қауымға: “Әрқайсың жүректеріңнің шешіміне сай, еш ренішсіз, зорлықсыз барларыңмен бөлісіңдер! Құдай қуанышпен бергенді ұнатады”,— деп жазған (2 Қорынттықтарға 9:7). Дүниежүзілік уағыздау ісін қолдау үшін ерікті садақа жасау арқылы да ризашылығымызды көрсетуге болады. Жүректен шыққан ризашылығымыз жүйелі түрде садақа беріп тұруға талпындырады. Бәлкім, бұл үшін ертедегі мәсіхшілер сияқты апта сайын аз-аздан бөлектеп, сақтап қойып отыру керек болар (1 Қорынттықтарға 16:1, 2).

18 Ехобаға деген ризашылығымызды паш ететін қанша мөлшерде бергеніміз емес, қандай рухпен бергеніміз болады. Иса ғибадатханада адамдардың сыйлық салатын арнайы сандыққа не салып жатқандарына назар аударғанда осыны байқаған. Сонда Иса бір бейшара жесір әйелдің “құны төрт теңгелік екі бақырды салғанын көріп”, былай дейді: “Сендерге шындығын айтайын: мына бейшара жесір бәрінен де көп салды! Себебі басқалардың бәрі өздерінен артылғанын ғана садақа етсе, бұл әйел өзі бейшара бола тұра күнелтетін нәрсесінің бәрін аямастан берді” (Лұқа 21:1—4).

19. Неге ризашылығымызды қалай білдіріп жүргенімізді тексерген жақсы?

19 Осы мақалада талқылаған жайттар бізді ризашылығымызды қалай білдіріп жүргенімізді тексеруге талпындырғай. Ехобаны мадақтауға арналған құрбандық беруде, сондай-ақ дүниежүзілік уағыздау ісін қаржылай қолдауда көбірек үлес қоса алмас па екенбіз? Қолдан келгенше солай етер болсақ, сүйіспеншілікке толы жомарт Әкеміз Ехобаға танытқан ризашылығымыз ұнамды болатынына сенімді бола аламыз.

Естеріңде ме?

• Ехобаға ризашылық білдірудің қандай себептері бар?

• Түсімнің оннан бір бөлігін беру, ерікті құрбандық және масақ теруден қандай сабақ аламыз?

• Ізашарларға тән рухты қалай дамытуға болады?

• Ехобаға ризашылығымызды білдіру үшін ‘мал-мүлкімізді’ қалай пайдалануымызға болды?

[29-беттегі суреттер]

“Көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі”

[30-беттегі суреттер]

Таурат заңынан қандай үш сабақ алуға болатыны көрінеді?

[31-беттегі суреттер]

Біз қандай құрбандықтар жасай аламыз?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу