Жұбаныштың қайнар көзі — Құдай туралы тура білімде
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ Құдайдың сүйіспеншілігі мен мейірімділігі жайлы айтылғандар кейбір адамдар үшін түсініксіз. Олар: “Егер Құдай зұлымдықты жойғысы келсе, оны қалай жоюды білсе және оны жоюға күші жететін болса, онда неге зұлымдық осы уақытқа дейін жалғасуда?” — деп сұрайды. Олар мынадай үш пікірді бір-бірімен қиыстыра алмайды: 1) Құдайдың құдіреттілігін; 2) Құдайдың сүйіспеншілігі мол, мейірімді екендігін; 3) Адамдардың әлі де бақытсыздыққа ұшырап жатқандығын. Соңғы пікірдің рас екендігін жоққа шығару мүмкін болмағандықтан, олардың ойынша кем дегенде алдыңғы екі пікірдің біреуі дұрыс емес: не Құдай зұлымдықты жоя алмайды, не оны жойғысы келмейді.
Нью-Йорктегі дүниежүзілік сауда үйі қирағаннан соң, бірнеше күннен кейін Құрама штатындағы әйгілі бір діни қызметкер былай деді: “Неліктен Құдай апат пен азапқа жол беріп отыр деп... менен жүз рет қайталап сұрайды. Шынымды айтсам, бұл сұрақтарға мен өзім де қанағаттанарлықтай жауап тапқан жоқпын”.
Бұл жөнінде бір теология профессоры осы діни қызметкердің “теологиясының ақылға қонымдылығына” таңғалатындығын жазды. Сондай-ақ профессор төмендегідей ойды айтқан бір ғалыммен келісетіндігін айтты: “Азаптың болу себебі — Құдайды білмегендіктен туындайтын жауабын табу мүмкін емес мәселелердің бірі”. Шынында да Құдайдың неліктен зұлымдыққа жол беріп отырғанын түсіну мүмкін емес пе?
Зұлымдықтың бастауы
Дін басшыларының айтқандарына қарама-қайшы Киелі кітапта Құдайдың неліктен зұлымдыққа жол беріп отырғандығы айтылған. Бұл сұраққа жауап беру үшін, әуел баста Құдай зұлым дүниені жаратпағанын ескеруіміз керек. Ол алғашқы адам жұбын кемелді, күнәсіз етіп жаратты. Ехоба өзінің жаратқандарына қарап, “өте жақсы” екенін көрді (Жаратылыс 1:26, 31). Құдайдың ниеті бойынша, Адам мен Хауа Едем бағын кеңейтіп, бүкіл жер бетін жұмаққа айналдырып және оны сүйіспеншілігі мол өздерінің Жаратушысына мойынсұнатын, тыныш та бақытты өмір кешетін адамдарға толтырулары керек еді (Ишая 45:18).
Зұлымдықтың пайда болуы — алғашқыда Құдайға сенімді болған, кейінірек өзіне құлшылық етуді қалаған рухани тұлғамен байланысты (Жақып 1:14, 15). Бұл періштенің бүлігі жерде алғашқы адамдарды өзінің жағына шығарған кезде басталды. Адам мен Хауа Құдайдың жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісінен жеме, тіпті оған тиіспе деген нұсқауын орындаудан бас тартып, жемісті алып жеді (Жаратылыс 3:1—6). Осы әрекеттерімен олар Құдайды тыңдаудан бас тартып қана қойған жоқ, өздерінің оған тәуелсіз өмір сүргісі келетіндерін көрсетті.
Құлықтылыққа байланысты сұрақ
Едемде болған бұл бүлік дүниежүзілік маңызы бар құлықтылыққа байланысты сұрақты көтерді. Бүлікші адамдар Ехобаның өз жаратылыстарының үстінен әділ басшылық жүргізе алатынына күмән келтірді. Жаратушының адамзаттан толық мойынсұнушылықты талап етуге құқы бар ма? Мүмкін адамдардың одан тәуелсіз өмір сүргені дұрыс шығар?
Бұл дауды шешу үшін Ехобаның таңдаған амалы оның сүйіспеншілік, әділеттілік, парасаттылық және күш сияқты қасиеттерінің кемелді екенін көрсетті. Ол өзінің күшін қолданып, бүлікшілерді жойып жіберуіне болар еді және бұл әділетті болар еді, өйткені Құдайдың бұлай етуге құқы бар. Бірақ құлықтылыққа байланысты көтерілген даулы мәселе шешілмей қалған болар еді. Немесе Құдайдың бұл күнәға мән бермей-ақ қоюына болар еді. Мүмкін бүгінгі күні кейбіреулер бұндай әрекетті сүйіспеншілік деп түсінетін шығар. Егер осылай болғанда, адамдар өздеріне өздері басшылық етсе өмірлері жақсы болады деген Шайтанның сөздерінің дұрыс-бұрыстығы да жауапсыз қалған болар еді. Ал бұл басқаларға да әсер етіп, Ехобаның жолынан таюына себеп болмас па еді? Бұндай шешімнің ақыры шексіз азапқа ұшыратқан болар еді.
Ехоба дана болғандықтан адамдарға белгілі бір уақыт аралығында өз еріктерімен өмір сүруге мүмкіндік берді. Бұл қандай да бір уақыт аралығында зұлымдықтың болатынын білдіргенімен, адамдардың Құдайдың басшылығынсыз ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өздері шешіп, қаншалықты жақсы өмір сүре алатынын көрсетулеріне мүмкіндік берілді. Мұның нәтижесі қандай болды? Адамзат тарихы соғыс, әділетсіздік, қанаушылық пен азаптарға толы. Адамдардың Ехобаға қарсы шығарған бүлігінің нәтижесінде толық сәтсіздікке ұшырауы — Едем бағындағы көтерілген даулы сұрақтың соңғы жауабы болып табылады.
Осы уақыт аралығында Құдай адамзатқа өзінің сүйіспеншілігін көрсетіп, өзінің адами өмірін төлем құрбандығы ретінде берген Ұлын, Иса Мәсіхті, жерге жіберді. Бұл мойынсұнғыш адамдардың Адам атаның тілазарлығынан туындаған күнә мен өлімнің құлдығынан құтылуларына мүмкіндік береді. Төлем құрбандығы Исаға сенім артқандардың барлығының мәңгі өмір сүрулеріне жол ашады (Жохан 3:16).
Ехоба бізге адамзаттың тартып жатқан азабы уақытша екенін айтады. “Енді азғана уақыттан кейін құдайсыздар болмайды, ал момындар жерді мұра етіп, бейбітшіліктің көптігімен рақаттанады” (Забур 37:10, 11).
Алаңсыз, бақытты болашақ
Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалуы Құдайдың жуық арада ауруды, қасіретті және өлімді мәңгілікке жоятынын көрсетеді. Адамдарды қандай болашақ күтіп тұрғаны жөнінде Елші Жоханға тамаша аян берілген болатын. Міне, ол былай деп жазды: “Мен жаңа аспан мен жаңа жерді көрдім, өйткені ескі аспан мен ескі жер өткен, теңіз де жоқ... Ол өз халқымен [адамдармен] бірге болады... Құдай олардың көз жасын сүртеді және өлім енді болмайды; жылау да, зарлау да, ауру да енді болмайды; өйткені бұрынғы өткен”. Осы айтылған сөздерден соң, Жохан бұл уәденің сенімді екенін көрсете отырып: “Бұл сөздер сенуге тұрарлық және шынайы!” — деп қосты (Аян 21:1—5).
Едем бағындағы бүліктен соң өлген миллиардтаған жазықсыз адамдармен не болады? Ехоба оларды өлім ұйқысынан қайта тірілтемін деп уәде етеді. Елші Пауыл айтқан: “Құдай... сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп, мен... Оған үмітімді артамын” (Елшілердің істері 24:15). Бұл адамдардың “әділдік орнаған” әлемде өмір сүрулеріне мүмкіндіктері болады (2 Петір 3:13).
Баласын жақсы көретін әке оның ұзақ уақытқа пайдасы болатынын біліп, ауырса да оған ота жасататыны сияқты, Ехоба да жерде зұлымдықтың болуына уақытша жол беруде. Құдайдың еркін орындауға талпынғандардың бәрін шексіз баталар күтіп тұр. Елші Пауыл былай деп жазған: “Өйткені жаратылыс өз еркімен емес, Құдайдың үкімімен өткіншілікке бағынды. Солай бола тұра, Құдай бізге болашақта жаратылыс та өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді деген үміт берді” (Римдіктерге 8:20, 21).
Бұл хабар теледидардағы жаңалықтан да, не газеттен де оқып білмейтін — шындығында да ізгі хабар. Бұл — бізді сүйетін және бізге қамқор, жұбаныш атаулының қайнар көзі болып табылатын Құдайдың бізге айтып жатқан тамаша хабары (2 Қорынттықтарға 1:3).
[6-беттегі суреттер]
Адамдар Құдайдан тәуелсіз өздерін-өздері нәтижелі түрде басқара алмайтынын уақыт көрсетіп отыр
[Суреттер рұқсатымен]
Сомалилық отбасы: UN PHOTO 159849/M. GRANT; атом бомбасы: USAF photo; концлагерь: U.S. National Archives photo