Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w02 1.12. 8—13 бет.
  • ‘Мықтап ден қойыңдар’

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • ‘Мықтап ден қойыңдар’
  • 2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Олар мықтап ден қоюлары керек-тін
  • Бүгінгі таңда “мықтап ден қою”
  • Қауым кездесулерінде мұқият тыңдау
  • Жеке зерттеуді барынша пайдалы ету
  • Ехобаның бізді жетелеуі
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Жеке зерттеу бізді білікті тәлімгер етеді
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Құдай Сөзін жеке зерттеуден қанағат ал
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ғибадат ету үшін неге бас қосуымыз қажет?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2016
2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w02 1.12. 8—13 бет.

‘Мықтап ден қойыңдар’

‘Беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін... естігенімізге мықтап ден қоюымыз керек’ (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 2:1).

1. Қалай көңілдің бөлінуі апатқа ұшыратуы мүмкін екенін түсіндіріңдер.

ЖЫЛ САЙЫН жалғыз Құрама Штаттардың өзінде 37 миллионға жуық адам жол апатынан жазым болады. Сарапшылардың айтуынша, жүргізушілер сәл мұқияттау болса, сол апаттардың көбісі болмауы да мүмкін көрінеді. Жүргізушілердің бірінің көңілін жол бойындағы маңдайша жазулар мен жарнамалар аударып әкетсе, өзге біреулерінің көңілі ұялы телефонмен сөйлескенде бөлінеді. Үшіншілері тамақ жеп отырады. Осындай нәрселердің барлығы адамның көңілін бөліп, жүргізушіні жол апатына ұшыратады.

2, 3. Пауыл мәсіхші еврейлерге қандай ескерту жасаған және неге бұл орынды болды?

2 Елші Пауыл автокөлік ойлап табылуынан 2 000 жылдай уақыт бұрын, мәсіхші еврейлердің көңілдерін аударып әкетіп, кейбіреулерін апатқа ұшыратқан нәрсе жөнінде жазған. Алдымен Пауыл қайта тірілген Иса Мәсіхтің Құдайдың оң жағына отырып, барлық періштелерден жоғары дәрежеге ие болғанына ерекше көңіл бөліп өтеді. Сосын елші былай деп жазды: “Сол себепті біз беттеген бағытымыздан ауытқып кетпеуіміз үшін Мәсіх туралы естігенімізге мықтап ден қоюымыз керек” (Еврейлерге 2:1).

3 Неге мәсіхші еврейлер ‘Мәсіх туралы естігендеріне мықтап ден қоюлары керек’ еді? Өйткені Исаның жер бетінен кеткеніне 30 жылдай уақыт болып қалған болатын. Ол жоқта кейбір мәсіхші еврейлер шындықтың шынайы жолынан ауытқып кеткен еді. Олардың көңілін басқа жаққа аударған нәрсе — бұрын ұстанған діндері иудаизм болатын.

Олар мықтап ден қоюлары керек-тін

4. Неге кейбір мәсіхші еврейлердің иудаизмге қайта бет бұруға елігуі мүмкін еді?

4 Неге мәсіхшілердің иудаизмге қайта бет бұруға елігуі мүмкін еді? Таурат заңына негізделген ғибадат көзге көрінетін нәрселермен байланысты еді. Халық діни қызметкерлерді өз көздерімен көріп, өртелген құрбандықтардың иісін сезе алатын. Ал мәсіхшіліктегі жағдай тіптен өзгеше болатын. Мәсіхшілердің Бас діни қызметкері — Иса Мәсіх — бар еді, бірақ оның жер бетінен кеткеніне отыз жыл болып қалған (Еврейлерге 4:14). Олардың ғибадатханалары да бар, бірақ оның қасиетті орны — нақ көктің өзі (Еврейлерге 9:24). Мәсіхшілердің сүндеттелуі Таурат заңы бойынша тура мағынада сүндеттелудей емес, ‘жан дүниелерінде болуы керек-тін’ (Римдіктерге 2:29). Осындай нәрселердің салдарынан мәсіхші еврейлерге мәсіхшілік абстрактілі нәрсе ретінде көріне бастауы мүмкін еді.

5. Пауыл Таурат заңына негізделген ғибадатқа қарағанда Иса ендірген ғибадат ету құрылымының артық екенін қалай көрсеткен?

5 Мәсіхші еврейлер Мәсіх ендірген ғибадат ету құрылымына қатысты аса маңызды бір жайтты жақсы ұғынулары керек-тін. Мәсіх ендірген ғибадат ету құрылымы сенімге көбірек негізделгенмен, ол Мұса пайғамбар арқылы берілген Таурат заңына негізделген көзге көрінетін ғибадат ету құрылымынан анағұрлым артық еді. “Таураттың ережелеріне сай арам деп есептелгендерге құрбандыққа шалынған қошқардың не бұзаудың қаны, немесе шалынып, өртелген жас сиырдың күлі себілетін. Сол арқылы олар сырттай тазаратын,— деп жазды Пауыл.— Олай болса, мәңгілік Киелі Рухқа кенелген, Өзін мүлдем кемшіліксіз құрбандық ретінде Құдайға ұсынған Мәсіхтің өз қаны рухани өлімге бастап әкететін қылықтардан ар-ұжданымызды одан бетер арылтып тазартпақ! Соның нәтижесінде біз мәңгі тірі Құдайға шынымен ғибадат ете аламыз” (Еврейлерге 9:13, 14). Иса Мәсіхтің төлем ретінде берген құрбандығына сеніп, ақталудың Таурат заңына сәйкес шалынатын құрбандықтар арқылы қол жеткізуге болатын нәрселерден көп жағынан үлкен артықшылығы бар еді (Еврейлерге 7:26—28).

6, 7. а) Қандай жағдайды ескере отырып, қырағылығынан айырылған мәсіхші еврейлерге естігендеріне ‘мықтап ден қою’ аса қажет болған? ә) Пауыл Еврейлерге арналған хатын жазғанда Иерусалимнің күйреуіне қанша уақыт қалған еді? (Сілтемені қараңдар.)

6 Мәсіхші еврейлер тағы бір себеппен Иса туралы естігендеріне мықтап ден қоюға тиіс болатын. Ол Иерусалимнің күйрейтінін алдын ала айтып кеткен. Иса былай деді: “Жауларың саған қарсы бекіністер құрып, қоршап, жан-жақтан қыспақтайтын күндер басыңа туады. Олар сені қиратып, тұрғындарыңды өлтіреді де, күл-талқаныңды шығарып, жермен-жексен етеді. Себебі Құдайдың өзіңді құтқаруға келген кезін түсінбедің” (Лұқа 19:43, 44).

7 Бұл пайғамбарлық қашан орындалу керек еді? Иса күні мен сағатын айтпаған. Оның орнына ол мынадай нұсқау берді: “Ал Иерусалим қаласын әскерлер қоршап алғанын көрсеңдер, оның ойрандалатын кезінің жақындап қалғанын білесіңдер. Сол уақытта Яһудея аймағында тұратындар тауларға қашып құтылсын, Иерусалимдегілер қаладан шығып, ал маңындағылар қалаға кірмей, қашып құтылсын!” (Лұқа 21:20, 21). Иса осы сөздерді айтқаннан кейінгі 30 жыл аралығында, Иерусалимде өмір сүрген кейбір мәсіхшілер көңілдері өзге нәрселерге ауып, қырағылықтан айырылып қалғанға ұқсайды. Олар жүріп келе жатқан жолына қарамай, көңілі ауып кеткен жүргізуші іспетті. Ой-қалыптарын түзетпесе, олардың апатқа ұшырауы сөзсіз еді. Яһудилердің мұны түсінген-түсінбегендеріне қарамастан Иерусалим міндетті түрде күйреу керек болатын!a Пауылдың кеңесінен кейін Иерусалимдегі мәсіхшілер естерін жиған болар деп үміттенеміз.

Бүгінгі таңда “мықтап ден қою”

8. Неге Құдай Сөзіндегі шындыққа ‘мықтап ден қоюымыз керек’?

8 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты біз де Құдай Сөзіндегі шындыққа ‘мықтап ден қоюымыз керек’. Неге? Өйткені бір елдің ғана емес, бүкіл зұлым дүниенің жойылатын уақыты жақындап келеді (Аян 11:18; 16:14, 16). Әрине, біз Ехоба қай күні, қай сағатта әрекет етуді бастайтынын білмейміз (Матай 24:36). Бірақ “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейтін пайғамбарлықтардың орындалып жатқандарын өз көзімізбен көріп жүрміз (2 Тімотеге 3:1—5). Сол себепті көңілімізді басқа жаққа аударып әкететін нәрселердің бәрінен аулақ болуымыз керек. Құдай Сөзіне ден қойып, қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды берік есте ұстауға тиіспіз. Тек сонда ғана ‘алдағы сол апаттардан құтыла’ аламыз (Лұқа 21:36).

9, 10. а) Қалай рухани нәрселерге ден қоюымызға болады? ә) Қалайша Құдай Сөзі ‘қадамымызға жарық’, ‘жолымызға шырақтай нұр’ болады?

9 Қалай осындай шешуші кезеңде рухани нәрселерге ‘мықтап ден қоюымызға’ болады? Мұның бір жолы — мәсіхшілердің қауым кездесулері мен конгрестеріне үзбей қатысу. Сондай-ақ Киелі кітапты бар ықыласымызбен зерттеуіміз керек; ондағы мақсатымыз — оның Авторы Ехобаға жақындау (Жақып 4:8). Жеке зерттеу мен қауым кездесулеріне бару арқылы Ехоба туралы білім алып жүрсек, Забур жыршысы сияқты былай дей аламыз: “Қадамдарымды сөздерің жарқыратады, өмір жолыма шырақтай нұрын шашады” (Забур 118:105).

10 Киелі кітап Құдайдың болашаққа қатысты ниетін ашқанда, біздің ‘жолымызға шырақтай нұр’ болады. Сондай-ақ ‘қадамымызды жарқыратады’. Басқаша айтқанда, қиыншылыққа кезіккенде не істеуге болатынын көруімізге көмектеседі. Сол себепті тәлім алу үшін бауырластармен бірге жиналғанда немесе Құдай Сөзін жеке оқығанда, ‘мықтап ден қойғанымыздың’ маңызы аса зор. Құдай Сөзінен алған біліміміз Ехобаның жүрегін қуанышқа бөлейтін дана әрі оған ұнамды шешімдер қабылдауымызға көмектеседі (Нақыл сөздер 27:11; Ишая 48:17). Құдай Сөзінің зор пайдасын көру үшін қауым кездесулері мен жеке зерттеу кезінде қалай барынша мұқият болуға болады?

Қауым кездесулерінде мұқият тыңдау

11. Неге кейде қауым кездесулерінде мұқият тыңдау оңайға түспейді?

11 Кейде қауым кездесулерінде мұқият тыңдау оңайға түспейді. Бала жыласа немесе біреу кешігіп келіп, өзіне орын іздей бастаса көңіліміз лезде бөлініп кетеді. Бәлкім, күн ұзақ жұмыс істеп, шаршап отыратын шығармыз немесе мінбеде сөйлеп тұрған бауырласымыз сөзге аса шешен емес болар. Байқасақ, арман қуып кеткенімізді өзіміз де аңдамай қаламыз. Кейде, тіпті қалғып та кететін шығармыз. Қауым кездесулерінде маңызды мәліметтер айтылатын болғандықтан, барынша мұқият тыңдауға тырысуымыз керек. Алайда мұны қалай жүзеге асыруға болады?

12. Ненің арқасында қауым кездесулерінде мұқият тыңдау жеңілірек болады?

12 Әдетте жиналысқа жақсылап дайындалып барсақ мұқият тыңдау оңай. Сондықтан неге талқыланатын мәліметтің үстінен алдын ала шамалы ой жүгіртпеске? Мысалы, Киелі кітаптан әр аптаға арналған тарауларды оқып, ой жүгірту үшін не бары күнделікті бірнеше минуттан уақыт бөлуге болады. Тағы кішкене жинақылау болсақ, қауымның кітап оқу кездесуі мен “Күзет мұнарасына” дайындалуға уақыт табуға болады. Уақытымызды қалай жоспарлайтынымызға қарамастан, бір нәрсеге сенімді бола аламыз: дайындалып барғанымыз қауым кездесулерінде мұқият тыңдауымызға көмектеседі.

13. Қауым кездесуінде талқыланып жатқан мәліметті мұқият тыңдауымызға не көмектеседі?

13 Қауым кездесулеріне жақсылап даярланумен қатар, кейбіреулер сахнаға жақындау отырғанның да анағұрлым мұқият болуға көмектесетінін байқаған. Баяндамашыға қарап отыру, Киелі кітаптан оқылған тармақтарға көз жүгіртіп отыру, қағазға қысқаша түртіп отыру арқылы да бөгде ойларды сейілтуге болады. Сөйткенмен де, мұқият тыңдау үшін қолданылатын тәсілдердің бәрінен анағұрлым маңызды бір нәрсе бар, ол — жүректі даярлау. Не себепті бірге жиналатынымыздың мақсатын түсінуіміз керек. Біз ең алдымен Ехобаға бауырластарымызбен бірге ғибадат ету үшін бас қосамыз (Забур 25:12; Лұқа 2:36, 37). Кездесулер рухани азық алуымызда да маңызды рөл атқарады (Матай 24:45—47). Оның үстіне, бас қосқанның арқасында бір-бірімізге ‘сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау саламыз’ (Еврейлерге 10:24, 25).

14. Қауым кездесулерінің нәтижелі болатындығы шындығында неге байланысты?

14 Кейбіреулер бағдарламаларды дайындаған бауырластардың тәлімгерлік қабілеттеріне қарай қауым кездесуінің сапасына баға беруге бейім болар. Шешендік қабілеті бар бауырластар дайындаса, кездесу “жақсы” өтті деп есептелетін шығар. Ал біздің ойымызша, баяндамашылар тәжірибесіздеу болып көрінсе, кері ойда болуға бейім болуымыз мүмкін. Бағдарламаларды дайындайтын бауырластардың тәлім беру шеберлігін қолдануға, әсіресе тыңдаушылардың жүректеріне жол табуға талпынулары керек екендігінде дау жоқ (1 Тімотеге 4:16). Алайда біз, яғни тыңдаушылар, тым сыншыл болмауымыз керек. Бағдарламаларды дайындаушылардың шешендік қабілеті болғаны — маңызды нәрсе, бірақ кездесулерді нәтижелі ететін бұл ғана емес. Ең алдымен бізді баяндамашының қаншалықты жақсы сөйлегені емес, біздің қаншалықты жақсы тыңдаушы екендігіміз қызықтыруы керек екендігімен келісесіңдер ғой? Кездесуге келіп, ұсынылған бағдарламаны мұқият тыңдауымызбен біз Құдайдың еркіне сай ғибадат етеміз. Кездесулердің мақсаты — осы. Егер бар көңілімізбен Құдай туралы білім алуды қалайтын болсақ, бауырластардың шешендік қабілеттері қандай болмасын, қауым кездесулерінің пайдасын көреміз (Нақыл сөздер 2:1—5). Сол себепті қауым кездесулерінде ‘мықтап ден қоюға’ талпына берейік.

Жеке зерттеуді барынша пайдалы ету

15. Жеке зерттеу мен ой жүгіртуді қалай пайдалы етуге болады?

15 Жеке зерттеу мен ой жүгірту кезінде ‘мықтап ден қойғанымыздың’ біз үшін пайдасы зор. Киелі кітап пен мәсіхшілер басылымдарын оқып, ой жүгірткеннің арқасында Құдай Сөзіндегі шындық жүрегімізге терең тамыр тартады. Бұл өз кезегінде ой-санамыз бен іс-әрекетімізге қатты әсер етеді. Ехобаның еркін орындауға деген ықылас пайда болады (Забур 1:2; 39:9). Сондықтан жеке зерттегеніміз нәтижелі болғанын қаласақ, алаңсыз ойымызды жинақтауды үйренуіміз керек. Адамның ойы қалай тез бөлінеді десеңші! Телефон шырылдаса не бір дыбыс естілсе болғаны ойымыз бөлінеді де кетеді. Кейде, тіпті ештеңе кедергі етпесе де, ойымызды жинақтау қиын болар. Өзімізді рухани тағам қабылдауға іштей даярлап, зерттеуге кірісуіміз мүмкін, бірақ біраз уақыттан кейін ойымыз сан-саққа ауып кетеді. Құдай Сөзін жеке зерттегенде қалай ‘мықтап ден қоюға’ болады?

16. а) Неге жеке зерттеу кестесін жасағанның маңызы зор? ә) Құдай Сөзін жеке зерттеуге қалай уақыт бөліп жүрсіңдер?

16 Кесте жасап, сондай-ақ жеке зерттеуге ыңғайлы орын таңдап алғанның да пайдасы зор. Көпшілігіміз өзімізге уақыт таппаймыз. Күнделікті абыр-сабырда өзімізді ағыны қатты суға түскен жаңқадай сезінетін де шығармыз. Сондықтан біз, былайша айтқанда, ағынмен күресіп, тыныштық айлағын табуға тырысуымыз керек. Зерттейтін уақыт өзі табылады деп күтіп отыра беруге болмайды. Қайта, жеке зерттеуге арнайы бір уақыт белгілеп, жағдай барысын өзіміз қадағалауымыз керек (Ефестіктерге 5:15, 16). Біреулер көңілді бөлетін нәрселер аздау болатын таңғы кезде азғана уақыт табады. Өзгелер кешкі мезгілді ыңғайлы деп есептейді. Ең маңыздысы — Құдай мен оның Ұлы туралы тура білім алу қажеттілігін елеусіз қалдырмау (Жохан 17:3). Сондықтан жеке зерттеу кестесін жасап, соны ұстаныңдар.

17. Ой жүгірту деген не және оның қандай пайдасы бар?

17 Ой жүгіртудің, яғни зерттеу барысында білгендерімізді салмақтап-саралағанымыздың, маңыздылығына баға жетпейді. Солай еткеніміздің арқасында Құдайдың ой-ниеттері қағаз бетінен жүрегімізге енеді. Ой жүгірту Киелі кітаптағы кеңестерді қалай қолдануға болатынын түсінуімізге және ‘құр естіп қана қоймай, іске асырушы болуымызға’ көмектеседі (Жақып 1:22—25). Сонымен қатар ой жүгірту Ехобаға жақындай түсуімізге ықпал етеді, өйткені біз оның қасиеттері мен өзіміз зерттеп жатқан мәліметте сол қасиеттердің қалай көрінетіні жөнінде ой жүгіртеміз ғой.

18. Нәтижелі түрде ой жүгірте алу үшін не қажет?

18 Жеке зерттеу мен ой жүгірту барысында ойымыздың бөлінуіне жол бермейтін болсақ, мұның зор пайдасын көреміз. Ой жүгірткенде, күнделікті күйбең тірлікке қатысты ойлардан арылуымыз керек. Ол үшін уақыт әрі оңаша орын тапқан дұрыс. Бірақ Құдай Сөзіндегі рухани ас пен шындық суы қандай нәр береді десеңші!

19. а) Кейбіреулерге жеке зерттеу кезінде ойды жинақтау қабілетін дамытуға көмектескен не? ә) Жеке зерттеуге деген көзқарасымыз қандай болу керек және осы маңызды істің біз үшін қандай пайдасы бар?

19 Ойымызды жинақтай алмайтын болсақ ше? Зерттеуді бастағаннан кейін көп ұзамай ойымыз шашырап кете беретін болса не істеуге болады? Кейбіреулер ойды жинақтау қабілетін зерттеу уақытын біртіндеп ұзарту арқылы дамытуға болатынына көз жеткізген. Біз асықпай, салмақтап-саралап зерттеуді мақсат етуіміз керек. Өзіміз қарастырып жатқан мәліметке деген зор қызығушылық дамытуға тиіспіз. Ал әрі қарай зерттеу жүргізу үшін, адал да саналы қызметші молынан беріп отырған мәліметті қолдануға болады. ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарына’ үңілгеннің пайдасы керемет зор (1 Қорынттықтарға 2:10). Солай етуімізбен Құдай туралы білімімізді тереңдетеміз, әрі түйсіну қабілетін дамытамыз (Еврейлерге 5:14). Сонымен қатар Құдай Сөзін ықылас қойып зерттейтін болсақ, ‘басқаларға да тәлім беруге қабілетті’ боламыз (2 Тімотеге 2:2).

20. Қалай Ехоба Құдаймен тығыз қарым-қатынас дамытып және оны сақтауға болады?

20 Мәсіхшілердің кездесулері мен жеке зерттеу Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытып, оны сақтау үшін үлкен көмек болады. “Тағылымыңды Сенің сондай қатты сүйемін! Күні бойы ол жайлы ойланып та жүремін”,— деп жырлаған Забур жыршысының Ехобамен қарым-қатынасы тап сондай болғаны күмәнсіз (Забур 118:97). Сондықтан ешқашан кездесулер мен конгрестерді қалт жібермейік. Сондай-ақ Киелі кітапты зерттеп, ой жүгірту үшін уақыт табатын болайық. Егер Құдай Сөзіне ’мықтап ден қоятын’ болсақ, көл-көсір батаға ие боламыз.

[Сілтеме]

a Еврейлерге арналған хат б. з. 61 жылы жазылған болса керек. Осылайша, не бары шамамен бес жыл өткеннен кейін, Иерусалимді Цести Галлдың жасақтары қоршауға алды. Көп ұзамай қала қоршаудан босатылып, қырағы мәсіхшілердің қашып құтылуларына мүмкіндік туды. Төрт жылдан кейін қаланы Тит қолбасшылық еткен Рим әскері күйретті.

Естеріңде ме?

• Неге кейбір мәсіхші еврейлер шындық жолынан ауытқи бастаған еді?

• Қалай мәсіхшілердің кездесулерінде мұқият тыңдауға болады?

• Киелі кітапты зерттеу мен ой жүгіртудің пайдалы болуына не көмектеседі?

[9-беттегі сурет]

Мәсіхші еврейлер Иерусалимнің сөзсіз жойылатынын күтіп, сергек болулары керек еді

[11-беттегі сурет]

Ата-аналар балаларының қауым кездесулерінің пайдасын көруіне көмектесе алады

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу