Дағдарыс кезіндегі жұбаныш
БҮГІНГІ күні жаныңа жұбаныш боларлық жаңалық жоқ. Бір кісі былай деп жазды: “Әлемде жағымсыз нәрселердің болып жатқандығы соншалық, кейде кешкі жаңалықты көрсем бе, көрмесем бе деп ойланасың”. Соғыстар, террорлық әрекеттер, қылмыстар, аурулар сияқты адамды азапқа салатын нәрселер толып жатыр. Біз бұлардың зардабын қазір шегіп жатқан болармыз немесе мұндай жағдайға кез келген уақытта тап болуымыз мүмкін.
Дәл осындай жағдайлардың болатыны алдын ала Киелі кітапта айтылған болатын. Иса біздің күндерімізде үлкен соғыстар, індеттер, азық-түліктің жетіспеуі және жер сілкіністері болатынын алдын ала айтқан (Лұқа 21:10, 11). Сол сияқты елші Пауыл да адамдар мейірімсіз, ақшақұмар және жақсылық жасауды сүймейтін болатын ‘қиын-қыстау күндер туатынын‘ жазған. Ол бұл күндерді “соңғы дәуір” деп атады (2 Тімотеге 3:1—5).
Жаңалықтардан көретініміздей әлемде болып жатқан жағдайлардың көбісі Киелі кітапта алдын ала айтылғандарға ұқсас. Бірақ Киелі кітап біз ешқандай жаңалықтардан естіп білмейтін нәрселерді ашып айтады. Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған оның Сөзінен біз неліктен жер беті зұлымдыққа толы екенін біліп қана қоймай, болашақта бізді не күтіп тұрғанын да түсінуімізге болады.
Құдайдың зұлымдыққа көзқарасы
Киелі кітап біздің күндерімізде болып жатқан қиын жағдайларға Құдайдың көзқарасы қандай екенін түсіндіреді. Бұндай қиыншылықтардың болатынын ол алдын ала білгенімен, бұл жағдай оған ұнамайды және бұған қарап мәңгі шыдап отыра бермек емес. “Құдай — сүйіспеншілік”,— деп жазған елші Жохан (1 Жохан 4:8). Ехоба адамдарды жақсы көреді, ал зұлымдықты жек көреді. Құдайдың жұбататынына кәміл сеніп, оған тілегімізді айтуымызға болады, өйткені, ол — қайырымды әрі жанашыр және жер бетінен зұлымдықты жоймақшы, оны істеуге оның күші жетерлік. Забур жыршысы: “[Құдай тағайындаған аспан Патшасы] кедейді, зар жылаған мен көмекшісі жоқ езілген адамдарды құтқарады. Кедей мен бейшараға мейірімі түсіп, бейшаралардың жанын сақтайды. Зұлымдық пен зорлық-зомбылықтан олардың жанын құтқарып, олардың қаны Оның көз алдында бағалы болады” — деп жазған (Забур 71:12—14).
Қиналғандарға жаныңыз ашиды ма? Әрине, дерсіз. Жанашырлық — Ехобаның бізге берген қасиеті, өйткені біз оған ұқсап жаратылған емеспіз бе?! (Жаратылыс 1:26, 27). Адамдардың көріп жатқан азабына Құдайдың жеңіл-желпі қарамайтынына біз күмәнданбасақ та болады. Ехобаны өте жақсы білгендіктен, Иса Мәсіх Оның бізге соншалықты жаны ашып, қызығушылық білдіретінін айтқан (Матай 10:29, 31).
Құдайдың жаратқандарының бәрі — оның бізге деген қамқорлығының куәсі. Иса Құдайдың ‘жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызатындығын’ айтқан (Матай 5:45). Елші Пауыл Лүстра қаласының тұрғындарына былай деген: “[Құдай] өзінің бар екендігіне игі істерімен анық куәлік келтіруін тоқтатпады; аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлап, жанымызды қуанышқа толтырады” (Елшілердің істері 14:17).
Зұлымдыққа кім кінәлі?
Лүстраның тұрғындарына арнап айтқан Пауылдың тағы да мына сөздеріне көңіл аударшы: ‘Құдай өткен ұрпақтардың кезінде барлық ұлттарды өз беттерімен жіберді’. Осы сөздерден халықтардың немесе адамдардың кезіккен қиыншылықтарына олардың өздері жауапты екенін көруге болады. Бұл үшін Құдайды кінәлауға болмайды (Елшілердің істері 14:16).
Бірақ Құдай неліктен бақытсыздықтардың болуына жол беріп отыр? Ол қандай да бір шара қолдана ма? Бұл сұрақтардың жауабын тек Құдайдың Сөзінен табуға болады, өйткені бұл бізге көрінбейтін рухани кеңістіктегі бір рухани тұлғамен және ол көтерген даулы сұрақпен тығыз байланысты.
[4-беттегі суреттер]
Егер Құдай адамдарды жанашырлық сезіммен жаратқан болса, онда оның өзі адамдардың қайғысына жеңіл-желпі қарауы мүмкін бе?
[2-беттегі сурет рұқсатымен]
МҰҚАБАДА: Tank: UN PHOTO 158181/J. Isaac; earthquake: San Hong R-C Picture Company
[3-беттегі сурет рұқсатымен]
Жоғарыда сол жақта: Хорватия: UN PHOTO 159 208/S. Whitehouse; ашыққан бала: UN PHOTO 146150 BY O. MONSEN