ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ
Ол “жүрегімізді қуанышқа толтырады”
Құдай біздің қамымызды шынымен ойлай ма, әлде ол адамзаттың мүшкіл халіне немқұрайды қарай ма? Киелі кітапта жазылған осы сұрақтың жауабы бізге жұбаныш береді. Ехоба Құдай адамзат отбасын қамқорлайды әрі олардың өмірден қуаныш алғанын қалайды. Ол күн сайын адамдарға, тіпті алғысты білмейтіндерге де өзінің көл-көсір ізгілігін танытуда. Бұл жайлы елші Пауылдың айтқан сөздерін қарастырып көрейік (Елшілердің істері 14:16, 17 оқыңыз).
Пауыл Құдайға қызмет етпейтін Листра қаласының тұрғандарына сөзін арнап, былай деген: “Бұрынырақта Құдай барлық халықтардың өз бетімен жүруіне жол берген, сөйтсе де игі істерімен өзі жайлы куәлік беруін тоқтатпады: аспаннан жауын жаудырып, мезгілімен мол өнім берді және көл-көсір ас-су сыйлап, жүректеріңді қуанышқа толтырып келді”. Пауылдың бұл сөздері тыңдаушыларына түсінікті болды ма?
Листраның тұрғындарына Пауылдың сөздерін түсіну қиын емес еді. Өйткені олар егін шаруашылығымен айналысатын және құнарлы, жақсы суарылатын өлкеде тұратын. Алайда Пауыл аспаннан жаңбыр жаудыратын да, мезгілімен мол өнім беретін де Құдай екенін олардың естеріне салды. Осылайша мол егін жинап, дәмді ас жеген сайын олар Құдайдың ізгілігін көретін.
Пауылдың Листраның тұрғындарына арнап айтқан сөздерінен Ехоба Құдай жайлы бірнеше маңызды жайтты білеміз.
Ехоба Құдай бізге ерік бостандығын берді. Құдай “барлық халықтардың өз бетімен жүруіне” жол берді деген сөздерге назар аударыңызшы. Киелі кітап аудармашыларына арналған бір еңбекке сай, бұл тіркес “өз қалауы бойынша әрекет ету” не “дұрыс деп білетін нәрсені жасау” дегенді де білдіреді. Иә, Ехоба ешкімді де өзіне ғибадат етуге мәжбүрлемейді. Ол бізге ерік бостандығын, яғни өмір жолын өзімізге таңдауға мүмкіндік берді (Заңды қайталау 30:19).
Ехоба Құдай біздің ол жайлы білгенімізді қалайды. Пауыл Құдай туралы: “Өзі жайлы куәлік беруін тоқтатпады”,— деп айтты. Жоғарыда айтылып кеткен еңбекке сай, бұл тіркес “Ол адамдарға өзінің қандай Құдай екенін анық көрсетті” дегенді де білдіреді. Құдайдың жаратылыстары “оның көзге көрінбейтін қасиеттерін”, соның ішінде ізгілік, даналық, күш және сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді, паш етеді (Римдіктерге 1:20). Сондай-ақ Ехоба Киелі кітап арқылы өзі жайлы көп нәрсені ашты (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Бұдан Құдай біздің ол жайлы білгенімізді қалайтыны көрінеді емес пе?!
Құдай күн сайын адамдарға, тіпті алғысты білмейтіндерге де өзінің көл-көсір ізгілігін танытуда
Ехоба Құдай біздің бақытты болғанымызды қалайды. Пауыл Құдайдың бізге “көл-көсір ас-су сыйлап, жүрегімізді қуанышқа толтыратынын” айтқан. Тіпті Ехоба жайлы білмейтін күнәкар адамның өзі ас-суға қалағанынша тойынып, қандай да бір шамада бақытты бола алады. Алайда Құдай біздің шынайы әрі мәңгілік бойы бақытты болғанымызды қалайды. Бұл үшін ол туралы шындықты біліп, білгендерімізді өмірде қолдануымыз керек (Забур 143:15; Матай 5:3).
Біз күн сайын Ехобаның ізгілігін көрудеміз. “Көл-көсір ас-су сыйлап, жүрегімізді қуанышқа толтыратын” Құдайға ризашылығымызды қалай білдіруге болатыны жайлы неге біліп алмасқа?
Шілдеде оқитын киелі кітап үзіндісі: