Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w02 1.10. 3—5 бет.
  • Ырымдардың ықпалында емессіңдер ме?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ырымдардың ықпалында емессіңдер ме?
  • 2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ырымдардың астарында не жатыр?
  • Залалсыз ба, әлде қауіпті ме?
  • Ырымдардың бастауы
  • Зұлымдықтан қорғану мүмкін бе?
  • Құдай туралы білімнің пайдасы
  • Өзіңізді зұлым рухтардан қорғаңыз
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Зұлым рухани күштерге қарсы тұр
    Мәңгілік өмірге алып баратын білім
2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w02 1.10. 3—5 бет.

Ырымдардың ықпалында емессіңдер ме?

ЫРЫМШЫЛДЫҚ бүкіл жер шарына тараған. Кейбір адамдар ырымды ата-бабадан қалған мәдени мұра ретінде қарастырады. Ал тағы біреулер оған өмірлерін әлдеқайда қызықты етеміз деп әуес болады. Батыс елдерінде оған сенімсіздікпен қараса, Африка сияқты өзге жерлерде ол адамдардың өміріне қатты әсер етеді.

Африка елдерінің мәдениеті көбінесе ырымдарға негізделген. Фильмдер, радиохабарлар мен көркем әдебиеттерде сиқырлық, ата-бабалардың аруағы, тұмар сияқты құпия күштер мен ырымдарға аса мән береді. Не себепті ырымшылдықтың адамдарға әсері осыншама зор және ол қайдан бастау алған?

Ырымдардың астарында не жатыр?

Көптеген ырымдар өлгендердің аруағының немесе жалпы рухтардың алдындағы қорқыныштан туындаған. Болып жатқан оқиғалар осы рухтардың тірі адамдарды қорқытқаны, ескерткені немесе жарылқағаны деп қарастырылады.

Сондай-ақ ырымдар емшілікпен және тәуіпшілікпен де тығыз байланысты. Дамушы елдерде тұратын адамдардың көпшілігі үшін қазіргі медициналық көмек тым қымбат. Сол себепті көптеген адамдар емделу үшін немесе аурудың алдын алу үшін ата-бабаларынан қалған дәстүрге, ырымға немесе сиқырлық күшке жүгінеді. Сондай-ақ олар батыс медицина үлгісін ұстанатын дәрігерлерден гөрі, өз әдет-ғұрыптарын білетін және өздерінің тілінде сөйлейтін тәуіптердің алдында өздерін еркін сезінеді. Осылайша ырымшылдық әлі де сақталуда.

Ырымшыл адамдар ауру мен апаттарды жай ғана кездейсоқ нәрсе емес, рухани әлемдегі күштердің әсері деп сенеді. Тәуіптер ата-баба аруағы бір нәрсеге риза болмағандықтан, осылай болды деуі мүмкін. Немесе дуалап қойған, не көз өткен деп сендіруі мүмкін.

Ырымдар әр жерде әр түрлі болып келеді және олардың таралуы жергілікті жағдайға, ауыз әдебиетіне және аңыздарға байланысты. Алайда олардың көпшілігінің негізінде көрінбейтін рухани әлемдегі біреуді немесе бір нәрсені риза ету керек деген наным жатыр.

Залалсыз ба, әлде қауіпті ме?

Отбасылардың көпшілігі үшін егіз балалардың дүниеге келуі — ерекше, қуанышты жағдай. Алайда ырымшыл адамдар мұндай оқиғаны бір нәрсенің нышаны ретінде түсінуі мүмкін. Батыс Африканың кейбір аймақтарында егіз туылғандарды құдайдай көріп, оларға құлдық қылады. Егер егіздердің бірі немесе екеуі де шетінейтін болса, олардың бейнесін жасайды да, отбасы сол пұттың алдына тағам қоюға тиіс болады. Тағы бір жерлерде адамдар егіздердің туылуын қарғыс деп түсініп, тіпті кейбір ата-аналар олардың бірін өлтіруге дейін барады. Неге олай етеді? Себебі, екеуі де аман қалса, бір күні ата-анасын өлтіреді деп сенеді.

Осы сияқты мысалдардан кейбір ырымдардың қызық та залалсыз көрінгенімен, өзгелерінің қауіпті екенін, тіпті өлімге апарып соғатынын көруге болады. Егер жамандықтың нышаны ретінде түсіндірілетін болса, жай оқиғаның өзі қауіпті болып шыға келеді.

Иә, ырымға сену шын мәнінде дін тұтудың бір жолы болып табылады. Ырымшылдықтың қауіпті тұстарын қарастыра келіп, мынадай сұрақтың туындайтыны орынды: адамдардың ырымға сенуі кімнің мүддесіне қызмет етеді?

Ырымдардың бастауы

Бүгінгі күні кейбір адамдар дәлелдерге қарамастан, Шайтан мен зұлым рухтардың бар екенін мойындамайды. Алайда соғыс кезінде қауіпті жаудың бар екенін мойындамау, тек жеңіліске ұшыратар еді. Адамнан жоғары рухани жаратылыстармен күрес жайында да осыны айтуға болады. Елші Пауыл былай деп жазған болатын: “Біз... зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефестіктерге 6:12).

Біз оларды көрмегенімізбен, зұлым рухани жаратылыстар бар. Киелі кітапта бір көрінбейтін рухани тұлғаның, үнін ішінен шығарып сөйлейтін адамның қуыршақты қолданатынындай, жыланды қолданып Хауамен сөйлесіп, оның Құдайға қарсы бүлік шығаруына түрткі болғаны айтылған (Жаратылыс 3:1—5). Киелі кітап бұл рухани тұлғаны “бүкіл әлемді алдап келген әзәзіл, әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан абжылан” деп атайды (Аян 12:9). Ол, яғни Шайтан, өзге періштелерді де Құдайға қарсы қойды (Яһуда 6). Сөйтіп, бұл зұлым періштелер, яғни жын-перілер, Құдайдың жаулары болып шыға келді.

Иса мен шәкірттері адамдардың бойынан жындарды қуған (Марқа 1:34; Елшілердің істері 16:18). Бұл рухтар біздің қайтыс болған ата-бабаларымыз емес, өйткені өлгендер “ештеңе білмейді” (Екклесиаст 9:5). Олар шайтанға ерген бүлікші періштелер. Олармен байланысуға немесе әсеріне берілуге жеңіл қарауға болмайды, өйткені басшылары Шайтан Ібіліс сияқты олар да бізді жалмап қойғысы келеді (1 Петір 5:8). Олардың мақсаты — біздің көңілімізді адамзат үшін жалғыз үміт болып табылатын Құдай Патшалығынан бұрып алып кету.

Киелі кітап Шайтан мен жын-перілерінің қолданатын тәсілдерінің бірін әшкерелейді: “Шайтанның өзі өңін айналдырып, нұрлы періште болып көрінеді” (2 Қорынттықтарға 11:14). Шайтан бізді өзі ұсынып отырған өмір жолы әлдеқайда жақсы деп сендіргісі келеді. Сол себепті бізге зұлым рухтардың араласуы уақытша болса да бір пайдасы тигендей болып көрінуі мүмкін. Бірақ олар бізге нағыз пайдалы іс жасай алмайды (2 Петір 2:4). Олар ешкімге мәңгілік өмір сыйлай алмайды және жақында өздері де жойылады (Римдіктерге 16:20). Жаратушымыз ғана мәңгілік өмір мен шынайы бақыттың жалғыз Қайнар көзі және зұлым рухани күштерден ең жақсы қорғаныш болып табылады (Жақып 4:7).

Құдай сиқырлық жолмен көмек іздегендерді айыптайды (Заңды қайталау 18:10—12; 4 Патшалықтар 21:6). Бұндай әрекет жаулармен байланысқа түсіп, Құдайға сатқындық жасағандармен қарым-қатынас жасауды білдіреді. Кімде-кім жұлдызнамаға жүгінсе, тәуіпке барып емделсе немесе қандай да бір ырымға сенсе, ол адамның шешім қабылдағанда зұлым рухтардың ықпалына берілгені болып табылады. Бұл — олармен бірге Құдайға қарсы бүлікке қатысқанмен бірдей.

Зұлымдықтан қорғану мүмкін бе?

Нигерде тұратын Адэa деген ер кісі толық уақытты қызмет ететін Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүреді. Дүкенінде неліктен тұмар ұстайтынын ол былай деп түсіндіреді: “Менің жауларым көп”. Куәгер оған тек Ехоба ғана нағыз қорғаныш бола алатынын көрсетеді. Ол Адэге Забур 33:8-ді оқып береді: “Тәңірдің періштесі одан қорқатындарды төңіректеп жүреді және оларды құтқарады”. Адэ мынадай қорытынды жасайды: “Егер Ехоба мені шынымен қорғай алатын болса, тұмарды алып тастаймын”. Содан бері жылдар өтті. Қазір ол толық уақытты қызмет атқарып жүрген қауым ақсақалы. Жауларының бірі де оған залал келтіре алмады.

Киелі кітап ырымшылмыз ба, жоқ па, барлығымыз да уақыт пен кездейсоқ нәрселердің билігінде екендігімізді көрсетеді (Екклесиаст 9:11). Ехоба ешқашан бізді залал келтіретін нәрселермен сынамайды (Жақып 1:13). Адам атаның күнәсінің салдарынан біз өлім мен кемелсіздікті мұра еттік (Римдіктерге 5:12). Сол себепті барлығымыз да ауырамыз және қателіктер жасап, жапа шегіп жатамыз. Олай болса, барлық ауру мен өмірдің қиыншылықтарын зұлым рухтардан көру дұрыс болмас еді. Мұндай сенім тек бізді рухтарды тынышталдыратын әрекетке итермелейдіb. Ауырып қалған жағдайда “өтірікші, өтіріктің бастауы” болып табылатын Шайтан Ібілістен кеңес іздемей, лайықты медициналық ем қабылдауымыз керек (Жохан 8:44). Статистикадан дәстүрге сай ырымшылдық кең тараған елдерде тұратын адамдардың өзге елде тұратын адамдарға қарағанда ұзақ жасап, жақсы өмір сүрмейтіндігін көруге болады. Олай болса, ырымшылдықтың денсаулыққа еш пайдасы жоқ екені анық.

Құдай барлық зұлым рухтардан әлдеқайда күшті және Ол біздің игілігімізді ойлайды. “Жаратқанның назары адалдарда, Ол құлақ салады солар сиынғанда” (1 Петір 3:12). Қорған болуын және даналық беруін өтініп, Оған дұға етіңдер (Нақыл сөздер 15:29; 18:10). Оның Киелі Сөзін, яғни Киелі кітапты түсінуге күш салыңдар. Киелі кітапты тура түсіну — ең жақсы қорғаныш. Ол неліктен жамандықтың болып жатқанын және Құдіретті Құдайға қалай ұнамды болуға болатынын түсінуімізге көмектеседі.

Құдай туралы білімнің пайдасы

Ехоба мен оның ниеттері жайындағы тура білім — надандық пен ырымшылдыққа қарама-қайшы — шынайы қорғаныш кілті. Бұл Бенинде тұратын Жан атты ер кісінің басынан өткен оқиғадан жақсы көрінеді. Жан өте ырымшыл отбасында туып-өскен болатын. Дәстүрге сай, әйел ұл тапса тоғыз күн, ал қыз тапса жеті күн бойы арнайы соғылған лашықта тұруы керек болатын.

1975 жылы Жанның әйелі Марк атты сүйкімді сәбиді дүниеге келтірді. Киелі кітапқа негізделген білімдеріне сүйене отырып, Жан мен әйелі зұлым рухтармен ешқандай байланысты қаламады. Алайда олар қорқыныштың немесе ырымды ұстануға байланысты қысымның алдында әлсіздік танытып, әйелі сол лашықта тұрды ма екен? Жоқ, олар дәстүрлі ырымнан бас тартты (Римдіктерге 6:16; 2 Қорынттықтарға 6:14, 15).

Жанның отбасы қандай да бір жамандыққа ұшырады ма екен? Одан бері көп уақыт өтті, қазір Марк Ехоба Куәгерлерінің жергілікті қауымында қызмет көмекшісі ретінде қызмет атқарып жүр. Олардың отбасы кезінде ырымшылдықтың өмірлеріне әсер етуіне жол беріп, рухани денсаулықтарына қауіп келтірмегендеріне қуанышты (1 Қорынттықтарға 10:21, 22).

Шынайы мәсіхшілер ырымшылдықтың түнегінен аулақ жүріп, Жаратушымыз Ехоба мен оның Ұлы Иса Мәсіх ұсынып отырған рухани жарықты қабыл алулары керек. Осылайша олар Құдайдың көз алдында дұрыс нәрсе істеп жатқандарын біліп, жандары тыныштық табады (Жохан 8:32).

[Сілтемелер]

a Есімдері өзгертілген.

b “Күзет мұнарасының” 1999 жылғы 1 қарашадағы нөміріндегі “Біздің ауруға ұшырауымызға Шайтан кінәлі ме?” деп аталатын мақаланы қараңдар.

[5-беттегі суреттер]

Құдай туралы тура білім нағыз қорғаныш болып, бақыт сыйлайды

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу