Төзімділіктеріңді Құдайға қалтқысыз берілгендікпен толықтырыңдар
‘Сенімдеріңде... төзімділік, төзімділіктеріңде Тәңірге бағышталғандық [“Құдайға қалтқысыз берілгендік”, ЖД] танытыңдар’ (2 ПЕТІР 1:5, 6).
1, 2. а) Бала қай жағынан толысып, өсу керек? ә) Рухани толысу қаншалықты маңызды?
БАЛАНЫҢ өсіп, ер жетуі — маңызды нәрсе. Бірақ өсудің одан да маңыздырақ түрі бар: ақыл-парасат пен сезімнің толысып жетілуі. Уақыт өте келе бала ересек әйел не еркек болып, балалықты тастайды. Пауыл: “Бала кезімде балаша сөйлеп, балаша ойлап, балаша пайымдадым. Ер жеткеннен кейін балалық қасиеттерден қол үздім”,— деп жазғанда осыны ескерген (1 Қорынттықтарға 13:11).
2 Пауылдың сөздерінде рухани толысуға қатысты маңызды ой айтылған. Мәсіхшілер рухани жағынан бала емес, барынша толысып, “ұғынуға келгенде ересектей кемелді болулары” керек (1 Қорынттықтарға 14:20). Олар алға ұмтылып, “Мәсіхтің кемелдігіне тән даму дәрежесіне жетпейінше” тырыса беруге тиіс. Сонда олар ‘әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілеспейді’ (Ефестіктерге 4:13, ЖД; 14).
3, 4. а) Рухани жағынан ересек болу үшін не істеуіміз керек? ә) Қандай ұнамды қасиеттер танытуымыз керек және неге оларды танытқанның маңызы зор?
3 Қалай біз рухани мағынада ересек бола аламыз? Қалыпты жағдайда адамның физикалық жағынан өсіп-жетілуі — өзінен-өзі жүзеге асатын табиғи құбылыс. Ал рухани толысу арнайы күш салуды талап етеді. Мұндай толысу Құдай Сөзінен тура білім алып, оны іс жүзінде қолданудан басталады (Еврейлерге 5:14; 2 Петір 1:3). Өз кезегінде бұл бізге Құдайға ұнамды қасиеттер танытуға мүмкіндік береді. Физикалық жағынан адам бір мезгілде жан-жақты толысатыны сияқты, Құдайға ұнамды әр түрлі қасиеттер де бір мезгілде дамиды. Петір былай деп жазған: “Мына қасиеттерге кенелуге бар ынталарыңмен ұмтылыңдар: сенімдеріңде игілік көрсетіңдер, ал игілік көрсеткенде парасаттылық та танытыңдар, парасаттылықтарыңда ұстамдылық та молынан болсын! Ал ұстамдылықтарыңда төзімділік, төзімділіктеріңде Тәңірге бағышталғандық [“Құдайға қалтқысыз берілгендік”, ЖД] Тәңірге бағышталғандықтарыңда [“Құдайға қалтқысыз берілгендіктеріңде”, ЖД] бауырластарыңа деген ізгі ниеттілік, ал ізгі ниеттіліктеріңде шынайы сүйіспеншілік танытыңдар!” (2 Петір 1:5—7).
4 Петір атап өткен қасиеттердің бәрі де маңызды, олардың ешқайсысын елеусіз қалдыруға болмайды. Ол былай деп қосты: “Осы қасиеттер сендердің бойларыңда болса және молая түссе, онда рухани өмірлерің пайдасыз, өнімсіз болып қалмай, қайта, Иеміз Иса Мәсіхті жақынырақ танып біле бересіңдер” (2 Петір 1:8). Төзімділікті Құдайға қалтқысыз берілгендікпен толықтыру керек екендігіне ерекше көңіл бөлейік.
Төзімділік қажет
5. Неге бізге төзімділік қажет?
5 Петір де, Пауыл да Құдайға қалтқысыз берілуді төзімділікпен байланыстырған (1 Тімотеге 6:11, ЖД). Төзімді болу деген қиыншылыққа тап болғанда берік болып қалуды ғана білдірмейді. Төзімді адам шыдамды, батыл әрі рухы берік, ол қиыншылыққа немесе қарсылыққа кезіккенде, азғырылғанда немесе қудаланғанда үмітін үзбейді. Біз ‘Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды [“Құдайға қалтқысыз беріліп”, ЖД] өмір сүреміз’, сондықтан қудаланатынымызды білеміз (2 Тімотеге 3:12). Егер Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді дәлелдеп, құтқарылуымызға қажетті қасиеттер танытқымыз келсе, төзімді болуымыз керек (Римдіктерге 5:3—5; 2 Тімотеге 4:7, 8; Жақып 1:3, 4, 12). Төзімділіксіз мәңгі өмірге ие бола алмаймыз (Римдіктерге 2:6, 7; Еврейлерге 10:36).
6. Ақырына дейін төзімді болу деген нені білдіреді?
6 Мәсіхшілік жолымызды қалай бастағанымызға қарамастан, ақырында аман қалуымыз төзімді болғанымызға байланысты болады. Иса былай деген: “Ақырына дейін табандылық [“төзімділік”, ЖД] көрсеткен әркім құтқарылады” (Матай 24:13). Иә, біз ақырына дейін, яғни осы замандағы өміріміздің соңына дейін немесе осы зұлым заманның ақырына дейін, төзімділік танытуымыз керек. Қайткен күнде де Құдай алдындағы адалдығымызды сақтауға тиіспіз. Сөйтсе де төзімділігімізді Құдайға қалтқысыз берілгендікпен толықтырмасақ, Ехобаға ұнамды болмаймыз, демек, мәңгілік өмірге де ие бола алмаймыз. Ал Құдайға қалтқысыз берілгендік деген не?
Құдайға қалтқысыз берілгендіктің мағынасы
7. Құдайға қалтқысыз берілгендік деген не және ол бізді не нәрсеге талпындырады?
7 Құдайға қалтқысыз берілгендік деген Оның бүкіләлемдік билігін шын жүректен қолдайтынымызды білдіріп, Құдайды терең қастерлеу, ғибадат ету және қызмет ету. Іс жүзінде Құдайға осындай берілгендік таныту үшін, Ехоба мен оның жолдары жөнінде тура білім алу қажет. Құдайды тұлға ретінде жақыннан тануымыз керек. Бұл бізді іс-әрекетіміз бен өмір салтымыздан көрінетін оған деген шынайы ықылас дамытуға талпындырады. Біздің мүмкіндігінше Ехобаға ұқсауға, оның жолдарымен жүріп, қасиеттеріне еліктеуге деген зор ынтамыз болу керек (Ефестіктерге 5:1). Құдайға қалтқысыз берілгендік барлық іс-әрекетімізде оған ұнамды болуға талпындырады (1 Қорынттықтарға 10:31).
8. Құдайға қалтқысыз берілу мен тек оған берілудің арасында қандай тығыз байланыс бар?
8 Ехобаға қалтқысыз берілу үшін біз тек соған ғана қызмет етіп, басқа ешбір нәрсенің жүрегімізде бірінші орын алуына жол бермеуіміз керек. Жаратушымыз ретінде оның бізден “тек өзіне берілуді” талап етуге қақысы бар (Заңды қайталау 4:24, ЖД; Ишая 42:8). Сөйткенмен де, Ехоба бізді өзіне ғибадат етуге мәжбүрлемейді. Қайта, өз ықыласымызбен берілгендік танытқанымызды қалайды. Ехоба туралы тура білімге негізделген сүйіспеншілігіміз өмірімізді жөнге келтіріп, іркілместен өзімізді оған бағыштап, соған сай өмір сүруге талпындырады.
Құдаймен қарым-қатынас дамытыңдар
9, 10. Қалай Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытып, оны сақтауымызға болады?
9 Өзімізді Құдайға арнап, мұнымызды суға шомылдыру рәсімінен өту арқылы паш еткен соң да, барған сайын Құдайға жақындай түсіп, онымен қарым-қатынасымызды әрі қарай да нығайта беруіміз керек. Осылай етуге және Ехобаға адал қызмет етуге деген ықыласымыз болса, Құдай Сөзін оқып, оның үстінен ой жүгіртуді жалғастыра беруге талпындырады. Миымыз бен жүрегімізге Құдайдың киелі рухының әсер етуіне жол беру арқылы Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді тереңдете түсеміз. Сонда Құдаймен қарым-қатынасымыз өмірімізде ең басты нәрсе болып қала бермек. Ехоба ең жақын Досымыз, біз оған әрқашан ұнамды болғымыз келеді (1 Жохан 5:3). Құдаймен қарым-қатынасымыздың бар екеніне қуанамыз, әрі бұл қуанышымыз арта түсуде және керек кезінде оның бізге сүйіспеншілікпен ақыл-кеңес беріп отырғанына ризамыз (Заңды қайталау 8:5).
10 Егер Ехобамен бағалы қарым-қатынасымызды үнемі нығайтып отыруға күш салмасақ, оны бұзып алуымыз мүмкін. Ал егер де солай болып қалса, бұған Құдай кінәлі болмайды, өйткені “ол әрқайсымыздан алыс емес” (Елшілердің істері 17:27). Ехоба өзіне мінажат ету үшін ешқандай тосқауыл қоймайтыны қандай қуанышты! (1 Жохан 5:14, 15). Әрқашан Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін күш салуымыз керек екені сөзсіз. Сөйтсе де Өзіне қалтқысыз берілгендік дамытып, сосын одан таймауымыз үшін Ехоба қажетті нәрселермен қамтамасыз етіп, өзімен тығыз байланыста болуымызға көмектесіп отыр (Жақып 4:8). Ехобаның сүйіспеншілікпен беріп отырған нәрселерін қалайша толық қолдануға болады?
Әрқашан рухани берік болыңдар
11. Құдайға қалтқысыз берілгендігіміз нелерден көрінеді?
11 Құдайға деген айнымас сүйіспеншілігіміз оған қалтқысыз берілгендігімізді іс жүзінде көрсетуге талпындыратын болады. Пауыл бізді мынаған шақырған: “Сен кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл” (2 Тімотеге 2:15). Осылай ету үшін Киелі кітапты зерттеуге, қауым кездесулеріне баруға және қатысуға байланысты жақсы жоспар құрып, соны ұстану керек. ‘Үздіксіз сиыну’ арқылы да Ехобамен тығыз қарым-қатынаста боламыз (1 Салониқалықтарға 5:17). Осының барлығынан Құдайға қалтқысыз берілгендігіміз іс жүзінде көрінеді. Аталған нәрселердің біреуін елеусіз қалдырғанымыз рухани ауырып, Шайтанның қастық әрекеттеріне ілігіп қалуымызға әкеліп соқтыруы мүмкін (1 Петір 5:8).
12. Қалай біз қиыншылықтарға төтеп бере аламыз?
12 Сонымен қатар рухани күшті де белсенді болсақ, кезігіп жүрген көптеген сынақтарға төтеп бере аламыз. Әдетте қиыншылықтардың қаншалықты ауыр болуы кімнен шығып жатқанына байланысты. Отбасы мүшелерінің, туған-туыстардың немесе көршілердің тарапынан шыққан немкеттілікке, қарсылық пен қудалауға төзу қиынырақ болады. Жұмыс орнында немесе мектепте мәсіхшілердің принциптерін ұстануға қатысты қатты қысымға кездесуіміз мүмкін. Еңсенің түсіңкі болуы, ауру және жабырқаңқы көңіл күй қажыр-қайратымыздан айырып, сеніміміз сыналғанда төтеп беру ауыр соғады. Алайда ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргіміз келіп’, ‘жүріс-тұрысымыз Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуда [“Құдайға қалтқысыз берілуде”, ЖД]’ ынта көрсетсек, барлық сынақтарға төтеп бере аламыз (2 Петір 3:11, 12). Осылай етер болсақ, қуанышқа бөленеміз, әрі Құдайдың батасын беретініне сенімді боламыз (Нақыл сөздер 10:22).
13. Үнемі Құдайға қалтқысыз берілгендік таныта беруіміз үшін не істеуіміз керек?
13 Құдайға қалтқысыз берілгендік танытатындардың бәрі Шайтанның нысанасына айналады, сөйтсе де бізді бұл қорқытпауы керек. Неге? Өйткені Ехоба ‘Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді [“Құдайға қалтқысыз берілгендерді”, ЖД] көріп жатқан қуғын-сүргіннен [қалай] құтқаруды біледі’ (2 Петір 2:9). Қиыншылықтарға төтеп бере алуымыз үшін және Ехобаның бізді осылайша құтқаруы үшін ‘Оған ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ әрі Құдайға ұнамды [“Құдайға қалтқысыз беріліп”, ЖД] өмір сүруіміз’ керек (Титке 2:12). Мәсіхшілер ретінде біз тәніміздің қалауы мен әлсіздігіне қатысты ешнәрсенің Құдайға қалтқысыз берілгендігімізді мұқалтып, бұзбауы үшін мұқият болуымыз керек. Қауіп тудыратын нәрселердің кейбіреулеріне көңіл аударып көрейік.
Құдайға қалтқысыз берілгендікке қауіп төндіретін нәрселерден сақ болыңдар
14. Дүниеқоңыздыққа беріліп бара жатсақ, нені есте ұстағанымыз дұрыс?
14 Көбісі дүниеқоңыздықтың торына түсіп қалады. Біз “Құдайға қалтқысыз берілгендік — байлыққа қол жеткізудің жолы” деген ойда болып, өз-өзімізді алдауымыз мүмкін. Бұл бауырластарымыздың бізге деген сенімін өз мүддеміз үшін қолдануымызға түрткі болуы да ықтимал (1 Тімотеге 6:5, ЖД). Тіпті қайтарып бере алуымыз екіталай екенін біле тұра, ауқатты бауырласымыздан қарызға ақша сұрағанда тұрған оғаштық жоқ деген жаңсақ ойда болуымыз да мүмкін (Забур 36:21). Алайда ‘Тәңірдің уәдесі бойынша осы және болашақ өмір’ байлыққа қол жеткізуде емес, Құдайға қалтқысыз берілгендікте (1 Тімотеге 4:8). ‘Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, ештеңе алып кетпейміз’, сондықтан бұрынғыдан да бетер ‘Құдайға ұнамды өмір сүріп [“Құдайға қалтқысыз беріліп”, ЖД] барға қанағат етіп’, “ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік” (1 Тімотеге 6:6—11).
15. Ойын-сауық құруға деген құштарлық Құдайға қалтқысыз берілгендікті ығыстырып тастайтындай қауіп туса не істеуімізге болады?
15 Ойын-сауыққа деген құштарлық Құдайға қалтқысыз берілгендікті ығыстырып тастайды. Бәлкім, бізге осы мәселеге қатысты шұғыл түрде қандай да бір өзгеріс жасау керек болар? Дене шынықтыру мен демалудың белгілі бір шамада пайдасы бар екендігінде күмән жоқ. Десе де, мәңгілік өмірмен салыстырғанда олардың пайдасы шамалы (1 Жохан 2:25). Бүгінде көптеген адамдар ‘Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көреді. Олар сырт көзге Құдайға ұнайтындай [“Құдайға қалтқысыз берілгендей”, ЖД] болып көрінгенмен, Оның күшінен бас тартады’, біз мұндай адамдардан аулақ жүруіміз керек (2 Тімотеге 3:4, 5). Ал Құдайға қалтқысыз берілгендікке ерекше ден қоятындар “келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанбақ” (1 Тімотеге 6:19).
16. Қалай күнәкар құмарлықтар кейбіреулердің Құдайға қалтқысыз берілуіне кедергі болады және қалай оларды жеңіп шығуға болады?
16 Құдайға қалтқысыз берілгендікті маскүнемдік, нашақорлық, азғындық және күнәкар құмарлықтар бұзуы мүмкін. Осындай әлсіздіктерге бой алдырар болсақ, Құдайдың әділ талаптарына сай өмір сүре алмаймыз (1 Қорынттықтарға 6:9, 10; 2 Қорынттықтарға 7:1). Тіпті Пауылдың өзіне де күнәкар тәнінің құмарлықтарымен үнемі күресіп отыруына тура келген (Римдіктерге 7:21—25). Бұрыс құмарлықтардан арылу үшін қатаң шаралар қолдану керек. Алдымен, өнегелілік тазалықты сақтауға белімізді берік бууға тиіспіз. Пауыл: “Күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар: неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық пен арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей!” — деген (Қолостықтарға 3:5). Күнәкар дүниеге жататын осындай қылықтарды біржола тоқтату үшін табанды болу керек, өйткені мұндай күнәларды түп тамырымен құрту керек қой. Шын жүректен Құдайдан көмек сұрап дұға еткеніміз бұрыс құмарлықтардан бас тартып, қазіргі зұлым заманда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, әділдікке және Құдайға қалтқысыз берілуге талпындырады.
17. Жөнге салуға деген көзқарасымыз қандай болу керек?
17 Ұнжырғаның түсіңкі болуы төзіміділігімізді әлсіретіп, Құдайға қалтқысыз берілгендігімізге кері әсер етеді. Ехобаның қызметшілерінің көбісі мұндай күйді бастан кешірген (Руларды санау 11:11—15; Езра 4:4; Жүніс 4:3). Ұнжырғамыздың түсіңкі болуы ызамен араласса тіпті ауыр тиеді. Мұндай сезім біреудің намысымызға тигенінен немесе қатаң сөгіс алғанымыздың, яки жөнге салынғанымыздың салдарынан тууы мүмкін. Бірақ сөгіс алу мен жөнге салу — Құдайдың біздің жағдайымызды ойлайтынының және сүйіспеншілікпен қамқорлық көрсетіп отырғанының дәлелі (Еврейлерге 12:5—7, 10, 11). Жөнге салуды жаза ретінде ғана қабылдамастан, әділ жолмен жүруді үйрену мүмкіндігі ретінде қарастырған жөн. Егер кішіпейіл болсақ, “ақыл-кеңеспен жөнге салу — өмір жолы” екенін түсініп, жоғары бағалап, оны қабыл алатын боламыз (Нақыл сөздер 6:23). Бұл Құдайға шексіз берілуге талпынып, жылдам рухани өсуімізге көмектеседі.
18. Жеке бастың келіспеушілігіне қатысты қандай жауапкершілігіміз бар?
18 Түсініспеушілік пен реніш Құдайға қалтқысыз берілуге тосқауыл болады. Олар жаныңды жегідей жеп немесе бауырластарымызбен ат құйрығын кесісу сияқты ақылсыз қылық жасауға түрткі болуы мүмкін (Нақыл сөздер 18:1). Алайда көңілімізде өзгелерге деген реніш сақтап немесе біреуді үнемі жек көріп тұратын болсақ, Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзып аламыз (Леуіліктер 19:18). Расында да, “көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады?” (1 Жохан 4:20). Таудағы уағызында Иса жеке бастың келіспеушілігін тез арада шешу керек екендігін ерекше атап өткен. Өзінің тыңдаушыларына ол былай деді: “Сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды құрбандық үстеліне алып барғанда, егер бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сол жерде есіңе түсіп кетсе, алып келгеніңді сонда қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағышта” (Матай 5:23, 24). Кешіру қатты айтылған сөздің не жағымсыз әрекеттің салған жарасын жазуға көмектеседі. Кешірім сұрап, қателігімізді мойындасақ, бұзылған қарым-қатынасты қалпына келтіріп, қайтадан ынтымақта болуға болады. Осындай мәселелерді шешуге қатысты Иса басқа да кеңес берген (Матай 18:15—17). Проблеманы шешу үшін жасаған әрекеттеріміздің нәтижелі болғаны қалай қуантады десеңші! (Римдіктерге 12:18; Ефестіктерге 4:26, 27).
Исаның үлгісіне еліктеңдер
19. Неге Исаға еліктеудің маңызы аса зор?
19 Қиыншылықтар үнемі болып тұрады, бірақ олардың бізді өмір үшін жарыс жолынан тайдыруына жол бермеуіміз керек. Ехобаның бізді қиыншылықтардан құтқара алатыны естеріңде болсын. ‘Бөгет болатынның барлығынан арылып, алдымыздағы “жарысты” қажырлылықпен’ жүгіріп келе жатқан уақытта, ‘сеніміміздің Басшысы және Кемелділікке жеткізушісі Исаға көз тігейік’ (Еврейлерге 12:1; 2, ЖД; 3). Исаның үлгісін барынша мұқият зерттеп, сөзіміз бен іс-әркетімізде оған еліктеуге тырысар болсақ, бұл бойымызда Құдайға қалтқысыз берілгендік дамытып, оны іс жүзінде толықтай көрсетуімізге көмектеседі.
20. Төзімділік пен Құдайға қалтқысыз берілгендік қандай баталарға жеткізеді?
20 Төзімділік пен Құдайға қалтқысыз берілгендік өзара үйлесімділікте әрекет етіп, біздің құтқарылуымызға көмектеседі. Осы бағалы қасиеттерді таныту арқылы Құдайға деген қасиетті қызметімізді әрі қарай да адалдықпен атқара береміз. Қиыншылықтарға кезіккенде де қуанышымызды жоғалтпаймыз, өйткені төзімділік пен Құдайға деген қалтқысыз берілгендік танытып жүргендіктен, Ехобаның өзімізге деген мейірімділікке толы сүйіспеншілігін сезініп, батасына ие болып жүрміз ғой (Жақып 5:11). Оның үстіне, Исаның өзі: “Табанды [“төзімді”, ЖД] болыңдар, сонда шынайы өмірге жетесіңдер!” — деген (Лұқа 21:19).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге төзімді болғанның маңызы зор?
• Құдайға қалтқысыз берілгендік деген не және ол қалай көрінеді?
• Қалай Құдаймен тығыз қарым-қатынас дамытып, оны сақтауға болады?
• Құдайға қалтқысыз берілуімізге қандай нәрселер қауіп төндіреді және олардан қалай аулақ болуға болады?
[8, 9-беттердегі суреттер]
Құдайға қалтқысыз берілгендік түрлі нәрселерде көрінеді
[10-беттегі суреттер]
Құдайға қалтқысыз берілуімізге кедергі болатын нәрселерден аулақ болыңдар