Ехобаның жолымен жүргендер мол баталарға ие болады
ТАУҒА серуенге шыққансың ба? Шыққан болсаң, бүкіл әлемнің үстінен қарап тұрғандай сезінген шығарсың. Таза ауа, керемет көрініс, әсем табиғат — қандай рақат! Біраз уақыт күнделікті күйбең тірлікті де ұмытқан боларсың.
Адамдардың көпшілігі тауға сирек шығады. Алайда сен өміріңді Құдайға арнаған мәсіхші болсаң, рухани мағынада біраз уақыттан бері таулы жерде жүрсің. Ежелде өмір сүрген Забур жыршысы сияқты сенің де былай деп дұға айтқаның күмәнсіз: “Уа, Тәңір, маған жолдарыңды көрсетіп, Өзіңнің ақ жолыңмен жүруді үйретші” (Забур 24:4). Алғаш рет Ехобаның үйінің тауына шығып, биік жерде жүре бастаған кездегі сезімің есіңде ме? (Миха 4:2; Аббақұқ 3:19). Көп уақыт өтпей-ақ шынайы ғибадаттың биік жолымен жүргеннің өзің үшін қорған болып, қуанышқа бөлейтінін түсінгенің сөзсіз. Сөйтіп сенің бойыңды да Забур жыршысынікіндей сезім биледі: “Керней үнін танитын халық бақытты! Олар Сенің жүзіңнің нұрында жүр, Тәңірім” (Забур 88:16).
Сөйткенмен де, таулы жерде серуендеп жүрген адамдардың кейде тік өрге көтерілуіне тура келеді, сөйтіп шаршап-шалдығып, аяқтары да ауырады. Сол сияқты біз де Құдайға қызмет етіп жүргенде қиындықтарға кезігеміз де, бейнелеп айтқанда аяғымызды аздап ауырсынып басуымыз мүмкін. Сондай жағдайда қалай қайтадан күш-қуатымызды жинап, қуанышқа бөленуімізге болады? Ең алдымен Ехобаның жолының қаншалықты керемет екенін түсінуіміз керек.
Ехобаның жоғары заңдары
Ехобаның жолы ‘адамдікінен соншама жоғары’ және шынайы ғибадат ‘бар тау-төбелерден әлдеқайда жоғары’ тұр (Ишая 55:9; 2:2). Ехобаның даналығы “көктен келген даналық” (Жақып 3:17). Оның заңдары барлық өзге заңдардан жоғары. Мысалы, қанахандықтар қатыгездікпен балаларын құрбандыққа шалған уақытта, Ехоба Исраил халқына жоғары өнегелілікті талап ететін және жанашырлықты паш ететін заңдар берді. Ехоба оларға былай деді: “Жарлы адамнан бұра тартып, бай адамға жағымпаздық көрсетпе... Кірме адам сендер үшін жергілікті адамдай болсын; оны өзіңдей жақсы көр” (Леуіліктер 19:15, 34).
Он бес ғасыр өткен соң, Иса Ехобаның ‘тамаша заңдарын’ мысалдар арқылы анығырақ көрсетті (Ишая 42:21). Таудағы уағызында Ол шәкірттеріне былай деді: “Жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Тәңір Иеге сиынып мінажат етіңдер! Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары боласыңдар” (Матай 5:44, 45). Сондай-ақ, ол былай деген болатын: “Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер! Бұл Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларының тәліміне сай” (Матай 7:12).
Бұл жоғарғы заңдар сезімтал адамдардың жүрегіне әсер етіп, оларды ғибадат етіп жүрген Құдайға еліктеуге талпындырады (Ефестіктерге 5:1; 1 Салониқалықтарға 2:13). Пауылдың қалай өзгергенін еске түсірейікші. Ол туралы Киелі кітаптан алғаш оқығанда оның ‘Степанды өлтіруді қоштағанын’ және ‘қауымға қырғидай тигенін’ көреміз. Ал бар болғаны біраз жылдан кейін, ол Салоникадағы мәсіхшілермен қарым-қатынасында сүйіспеншілік танытып, “балаларын қамқорлаған мейірімді анадай” болды. Құдайдың тәлімінің арқасында мәсіхшілерді қуғындаған Пауыл қамқор мәсіхші болып өзгерді (Елшілердің істері 8:1, 3; 1 Салониқалықтарға 2:7). Мәсіхтің ілімдерінің арқасында бойында жаңа қасиеттер қалыптасқанына оның риза болғандығы күмәнсіз (1 Тімотеге 1:12, 13). Осындай ризашылық біздің де әрдайым Құдайдың жоғары жолдарымен жүруімізге қалай көмектеседі екен?
Ризашылық танытыңдар
Таулы өлкенің әсем көрінісіне көзің тоймайды. Ал сүрлеудің жиегіндегі ерекше тастар, керемет гүлдер және көз алдыңда жылт ете қалатын жабайы аңдар ше?! Рухани мағынада да біз Құдаймен жүрудің үлкенді-кішілі баталарын көре білуіміз керек. Оларды көре білгеніміз адымымызды кеңейтіп, әрең сүйреп келе жатқан аяғымызды ширақ басуға көмектеседі. Сонда біз де Дәуіт сияқты шырқай аламыз: “Таң сәріден мейіріміңді естірте гөр, өйткені мен Саған сенім артамын. Жүруім керек жолды көрсете гөр” (Забур 142:8).
Көптеген жылдар бойы Ехобаның жолымен жүріп келе жатқан Мэри былай дейді: “Ехоба жаратқан нәрселерге қарағанда мен тек олардың керемет құрастырылғанын ғана емес, Құдайдың сүйіспеншілігін де көремін. Мейлі ол жануар болсын, құс немесе жәндік болсын, әрқайсысы өзінше бір кішкене ғана керемет дүние. Жылдан-жылға анық болып отырған рухани шындық та мені қуанышқа бөлейді”.
Ризашылығымызды қалай арттыруымызға болады? Біріншіден, Ехобаның біз үшін істеп жатқан істерін солай болуға тиіс нәрсе деп қабылдамауымыз керек. Елші Пауыл былай дейді: “Үздіксіз Құдайға сиыныңдар, Оған барлық жағдайларда да алғыс айтыңдар!” (1 Салониқалықтарға 5:17, 18; Забур 118:62).
Жеке зерттеу жүргізгеніміз ризашылығымызды дамытуға көмектеседі. Пауыл Қолостағы мәсіхшілерді былай деп жігерлендірген болатын: “[Иса Мәсіхпен] тығыз байланыста жүріңдер... шексіз алғыс айтатын болыңдар” (Қолостықтарға 2:6, 7). Киелі кітапты оқып, оқығанымыздың үстінен ой жүгірткеніміз сенімімізді нығайтып, оның Авторына жақындата түседі. Оның беттерінде бізді ‘шексіз алғыс айтуға’ талпындыратын қазына жатыр.
Ехобаға бауырластармен бірге қызмет еткеніміз де жолымызды жеңілдетеді. Забур жыршысы өзі жайлы былай деген еді: “Сені терең қастерлегендердің... барлығымен де жақын жолдаспын” (Забур 118:63). Өзімізді ең бақытты сезінген уақытымыздың біразын конгрестерде немесе бауырластармен бірге болған өзге де жағдайларда өткізгенбіз. Әрине, дүниежүзілік аяулы бауырластығымыздың болуы Ехоба мен Оның жоғары жолының арқасы екенін түсінеміз (Забур 143:15ә).
Ризашылығымызбен қатар жауапкершілікті сезінгеніміз де Ехобаның жоғары жолынан таймайтындай етіп нығайтады.
Жауапкершілікті сезініңдер
Тауда жүргенде адасып немесе жардан құлап кетпес үшін қырағы, абай болу керек. Ерік бостандығы бар адамдар ретінде Ехоба өзіміздің шешім қабылдауымызға мүмкіндік береді. Алайда мәсіхші ретіндегі міндетімізді атқарып жүрген уақытта бұл бостандығымызды жауапкершілікпен қолдануымыз керек.
Мысалы, Ехоба қызметшілерінің міндеттерін жауапкершілікпен атқаратынына сенеді. Ол біздің мәсіхшілік істерге қанша күш, уақыт жұмсауымыз немесе ақшалай және басқалай қанша құрбандық жасауымыз керек екенін белгілемейді. Пауылдың Қорынттықтарға жазған сөздері барлығымызға қатысты: ‘Әрқайсың жүректеріңнің шешіміне сай... бөлісіңдер’ (2 Қорынттықтарға 9:7; Еврейлерге 13:15, 16).
Мәсіхшілердің міндетіне ізгі хабарды өзгелермен бөлісу жатады. Сондай-ақ біз дүниежүзілік Патшалықты уағыздау ісі үшін садақа жасау арқылы да жауапкершілікті түсінетінімізді көрсетеміз. Мәсіхші ақсақал Герхард әйелі екеуі Шығыс Еуропа елдерінің бірінде өткен конгреске барып қайтқан соң, садақаға бөлетін сомаларын көбейткенін түсіндірді. Ол былай дейді: “Біз бауырластарымыздың жағдайларының тым төмен екенін, алайда біздің Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді жоғары бағалайтынын көрдік. Сол себепті өзге елдердегі мұқтаж бауырластарымызға мүмкіндігінше көп көмек көрсетуді шештік”.
Қажымаңдар
Таулы аймақта серуендеу төзімділікті талап етеді. Тауға шыққысы келген адам мүмкін болған уақыттың барлығында жаттығулар жасайды және қысқа қашықтыққа жаяу жүріп дайындалады. Сол сияқты Пауыл рухани күйімізді сақтау үшін теократиялық істермен үнемі шұғылдануға кеңес береді. Ол “Құдай халқына лайық” өмір сүріп, ‘Оның ұлы құдіретінен мол қуат алғысы’ келгендер ‘әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне берулері’ керек екенін айтқан болатын (Қолостықтарға 1:10, 11).
Алыста мұнарып тұрған тау сияқты алдына қандай да бір нақты мақсат қойғаны, таулы аймақта серуендеп жүрген адамның қажымай алға жылжуына көмектеседі. Біраз жер жүріп өткен соң, мақсатына жетіп қалғанын көріп қуанышқа кенеледі. Ал артына бұрылып қарап, жүріп өткен жолын көргенде, бойын қанағат сезімі билейді.
Сол сияқты мәңгілік өмірге деген үмітіміз бізге көмектесіп, алға жылжуға талпындырып отырады (Римдіктерге 12:12). Ехобаның жолымен жүріп келе жатып мәсіхшілер ретінде алдымызға қандай да бір мақсаттар қойып, оған қол жеткізудің арқасында қуанышқа бөленеміз. Ал Құдайға адал қызметте өткізген жылдарға көз жіберген кезде немесе өмірімізге қандай өзгерістер енгізіп, қандай қасиеттер дамытқанымыз жөнінде ойланғанда, бойымызды қаншалықты қанағат сезімі билейді десеңші! (Забур 15:11).
Ұзақ жол жүргенде әлсіреп қалмау үшін дұрыс қарқын сақтау керек. Әрдайым қауым жиналыстарына бару мен үнемі уағыздау қызметіне қатысу, қарастырылған жақсы уақыт кестесі мақсатымызға қарай сеніммен жылжуымызға көмектеседі. Сол себепті Пауыл мәсіхшілерді былай деп жігерлендірген болатын: “Әрі қарай да қол жеткізген тәртіпке сай әрекет етелік” (Філіпіліктерге 3:16, ЖД).
Әрине, Ехобаның жолында біз жалғыз емеспіз. Пауыл былай деп жазған болатын: “Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салудың қамын ойлайық” (Еврейлерге 10:24). Рухани жағынан жақсы ортада болсақ, бауырластармен бірге жүріп келе жатқанда, жол жеңілірек болады (Нақыл сөздер 13:20).
Сондай-ақ, ең маңыздысы, Ехобаның күш беретінін ұмытпауымыз керек. Ехобадан күш алатын адамдардың “күшіне күш қосыла түседі” (Забур 83:6, 8). Кейде кедергілерге кезігетін болғанымызбен, Ехобаның көмегінің арқасында біз оларды жеңе аламыз.