Адамзаттың қиыншылықтары жақында шешіледі!
“ЕГЕР кең көлемде жасалып отырған әрекеттің бір бөлігі болмаса және саяси күштердің тарапынан дау-дамайдың түпкі себебін жоюға бағытталған қолдау көрсетілмесе, қайырымдылық көмектің пайдасы шамалы. Болып жатқан оқиғалардан көбінесе саяси негізде туындап отырған қиыншылықтарды қайырымдылық әрекеттердің ғана көмегімен шешу мүмкін емес екеніне қайта-қайта көз жеткізіп отырмыз” (“Дүние жүзіндегі босқындардың жағдайы, 2000 жыл”, ағ.).
Қайырымдылық әрекеттерге қарамастан адамзаттың қиыншылықтары күннен-күнге өсе түсуде. Қайырымдылық істер арқылы саяси қиыншылықтарды түпкілікті шешу мүмкін бе? Шындығын айтқанда олай болуы екіталай. Олай болса, шешімін қайдан күтуімізге болады? Ефестегі мәсіхшілерге жазған хатының басындағы көңіл аударарлық сөздерінде елші Пауыл Құдайдың адамзаттың барлық қиыншылықтарын қалай шешетінін түсіндіреді. Ол тіпті Құдайдың қандай құрал қолданатынын да көрсетеді. Ол — бүгінгі күні бізді мазалап отырған барлық қиыншылықтардың түпкі себебін жоюға бағытталған құрал. Пауылдың Ефестіктерге 1:3—10 тармақтарында жазылған сөздерін қарастырып көрелікші.
‘Бәрін де біріктіріп... Мәсіхтің билігіне тапсырады’
Елші, Құдайдың “белгілі уақыты жеткенде іске асыратын” ниеті бар екенін айтады. Қандай ниеті бар? Белгілі уақыты жеткенде Құдай ‘бүкіл әлемді, көк пен жердегінің бәрін біріктіріп [“қайта біріктіріп”, ЖД], Бастығы ретінде Мәсіхтің билігіне тапсыру’ үшін әрекет жасайды (Ефестіктерге 1:10). Иә, Ол өзінің тікелей қол астында әрекет ететін, бастапқы үйлесімділікті қайта орнатып көк пен жердегінің бәрін біріктіретін құрылымды іске қосып қойды. Бір қызығы, Киелі кітапты зерттеуші Дж. Х. Тейердің айтуы бойынша, бұл жерде “қайта біріктіру” деп аударылған термин “барлық жанды-жансыз (күнәнің салдарынан бытыраңқылық күй кешкен) нәрселерді Мәсіхтің қол астына Өзі үшін қайта біріктіру” дегенді білдіреді.
Оларды қайта біріктіру үшін, Құдай бытыраңқылықтың түпкі себебін ескереді. Алғашында адамзаттың ата-анасы Адам мен Хауа Шайтан Ібіліске еріп, Құдайға қарсы шықты. Олар ненің жақсы, ненің жаман екендігін шешу құқығын өздеріне қалдырғысы келді (Жаратылыс 3:1—5). Нәтижесінде Құдайдың үкіміне сәйкес, олар Оның отбасынан аластатылып, Онымен қарым-қатынасын жоғалтып алды. Сөйтіп олар бүкіл адамзатты кемелсіздікке ұшыратып, біз бүгін соның салдарынан қасірет шегіп отырмыз (Римдіктерге 5:12).
Зұлымдыққа уақытша жол берілген
Әлдекім: “Құдай неліктен бұған жол берген? Неліктен ол құдіретті күшін қолданып, бүлікшілерді бірден жөнге салмаған? Сонда біз қазіргі қайғы-қасіретке ұшырамас едік”,— деп сұрауы мүмкін. Бір қарағанда солай болғаны өте дұрыс болар еді деген ойға келуге болады. Алайда бұлай күш көрсету нені көрсетер еді? Сіз бірінші келіспеушіліктен-ақ өз күшіне сеніп, барлығын ұрып-жыға беретін адамға сүйсіне қарап немесе оны құптар ма едіңіз? Әрине, жоқ!
Адам мен Хауа Құдайдың құдіретті күшіне емес, Оның билік ету құқығы мен билігінің әділдігіне күмән келтірді. Көтерілген негізгі мәселені біржола шешу үшін, Ехоба шектелген уақыт аралығында жаратылыстарының өздерін өздері басқаруына жол берді (Екклесиаст 3:1; Лұқа 21:24). Сол уақыт аяқталған кезде, Ехоба қайтадан жер бетіндегі бүкіл билікті өз қолына алады. Сол уақытқа дейін тек Ехоба басшылық еткенде ғана жер бетіндегілер тыныштыққа, баянды бақытқа қол жеткізіп, гүлденетіні анық болады және бүкіл жер бетіндегі зорлық жасаушылар мәңгіге жойылады (Забур 71:12—14; Даниял 2:44).
“Әлемді жаратпастан бұрын”
Ехоба бұл істерді ұзақ уақыт бұрын жоспарлап қойған. Ол туралы Пауыл “әлем жаратылмастан бұрын” деп айтады (Ефестіктерге 1:4). Мұнда ол жерді немесе Адам мен Хауаны жаратпас бұрын дегенді айтып тұрған жоқ. Бүлік шыққанға дейінгі дүние “өте жақсы” болатын (Жаратылыс 1:31). Сонда елші Пауыл қандай дүние туралы айтты екен? Адам мен Хауаның балаларының әлемі, яғни құны өтелуіне үміті бар күнәкар, кемелсіз дүние туралы айтқан. Алғашқы балалары дүниеге келмес бұрын, Ехоба Адам мен Хауаның ұрпақтарын қалай құтқаратынын білген (Римдіктерге 8:20).
Әрине, бұл дегеніміз әлемнің Әміршісі адамдар сияқты әрекет етеді дегенді білдірмейді. Кездейсоқ бір нәрсенің болып қалуы мүмкін екенін түсінетін адамдар ол жайтты жеңу үшін нақты әдістер қарастырады. Ал Құдіретті Құдай алдына мақсат қояды да, соған қол жеткізеді. Пауыл Ехобаның адамзатты мәңгі құтқару үшін мәселені қалай шешуді ұйғарғанын түсіндірген. Құдай қандай шара қолданды екен?
Кім құтқарады?
Пауыл Адамның күнәсінің азапты салдарын жоюда Мәсіхтің рухпен майланған шәкірттерінің ерекше рөл атқаратынын түсіндіреді. Ехоба, көк Патшалығында Исамен бірге басшылық ету үшін, “Мәсіхтің құрбандығына бола бізді таңдаған” дейді Пауыл. Әрі қарай түсіндіре келіп, Пауыл Ехобаның оларды ‘Иса Мәсіхтің арқасында рухани балалары етуге алдын ала белгілеп қойғанын’ айтады (Ефестіктерге 1:4; 5). Әрине, Ехоба оларды рухани балалары ретінде әрқайсысын жеке таңдамаған, немесе белгілеп қоймаған. Шын берілген адамдардан тұратын топ ретінде таңдады. Олар Мәсіхпен бірге Шайтан Ібілістің және Адам мен Хауаның адамзат баласына алып келген азабын жоюға атсалысады (Лұқа 12:32; Еврейлерге 2:14—18).
Неткен сұмдық! Құдайға қарсы бүлік шығаруымен Шайтан: ‘Оның адами жаратылыстарында кемістік бар, егер оларды қатты қысымға алса немесе еліктірсе болғаны, Құдайдың басшылығынан бас тартады’,— деді (Әйүп 1:7—12; 2:2—5). Уақыт өте келе, Адамның күнәкар ұрпақтарының кейбіреуін рухани балалары ретінде қабылдауы арқылы, Ехоба Құдай мадақталуға лайық ‘керемет рақымын’ паш етті. Осы шағын топ көкте қызмет етуге алынатын болды. Қандай мақсатпен? (Ефестіктерге 1:3—6; Жохан 14:2, 3; 1 Салониқалықтарға 4:15—17; 1 Петір 1:3, 4).
Пауылдың айтуы бойынша, Құдай балалары ретінде қабылдаған бұл адамдар көктегі Патшалықта ‘Мәсіхтің... салтанатты ұлылығына... ортақ болады’ (Римдіктерге 8:14—17). Патшалар мен діни қызметкерлер ретінде олар адамзат отбасын қазіргі қайғы-қасіреттен арылтуға атсалысады (Аян 5:10). Иә, ‘қазірге дейін бүкіл жаратылыстың толғақ азабы секілді бейнет шегіп, ыңқылдай күрсініп жатқаны’ рас. Алайда жақында осы арнайы таңдап алынған Құдайдың ұлдары Иса Мәсіхпен бірге әрекет ете бастайды да, барлық тілалғыш адамзат қайтадан “өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді” (Римдіктерге 8:18—22).
‘Төлем өтеліп... азат етілу’
Бұның барлығы Құдайдың төлемі өтелуге үміті бар адамзатқа деген мейірімділігінің ең керемет және жоғары көрінісінің, яғни Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының, арқасында мүмкін болады. Пауыл былай дейді: ‘Мәсіхтің құрбан болып, қаны төгілуімен төлеміміз өтеліп, біздер жамандықтың құлдығынан азат етіліп, күнәларымыз кешірілді. Осылайша Құдай шексіз зор рақымын... жаудырды’ (Ефестіктерге 1:7, 8).
Иса Мәсіх Құдайдың еркінің іске асуында басты рөл атқарады (Еврейлерге 2:10). Оның төлем құрбандығы — Ехоба үшін өз заңдары мен принциптерін бұзбай, Адамның ұрпақтарының біразын көктегі отбасына алуға және адамзатты Адамның күнәсінің салдарынан құтқаруға құқықтық негіз болды (Матай 20:28; 1 Тімотеге 2:6). Ехоба өзі орнатқан әділеттіліктің талабын бұзбайды (Римдіктерге 3:22—26).
Құдайдың “қасиетті құпиясы”
Мыңдаған жылдар бойы Құдай өзінің жерге байланысты еркін қалай орындайтынын толық ашқан жоқ. Б. з. бірінші ғасырында “Өзінің қасиетті құпиясын [мәсіхшілерге] ашты” (Ефестіктерге 1:9, ЖД). Пауыл мен өзге де майланған мәсіхшілер Иса Мәсіхтің Құдай еркінің орындалуындағы ерекше рөлін анық түсінген. Сондай-ақ олар Мәсіхпен бірге көктегі Патшалықты иемденуге байланысты өздерінің ерекше рөлдерін де түсіне бастады (Ефестіктерге 3:5, 6, 8—11). Иә, Иса Мәсіхтің және онымен бірге билік ететіндердің қолындағы Патшалық билігі — тек қана көкте емес, жерде де мәңгі тыныштық орнату үшін қолданылатын Құдайдың құралы (Матай 6:9, 10). Сол арқылы Ехоба жер бетінде Өзі басында қалаған жағдайды орнатады (Ишая 45:18; 65:21—23; Елшілердің істері 3:21).
Жақын арада, белгілеген уақытында, жер беті бүкіл қанаушылық пен әділетсіздіктен тазартылады. Ехоба қалпына келтіру әрекетін б. з. 33 жылындағы Алғашқы өнім мейрамы кезінде бастап қойған болатын. Қалайша? Сол кезде Ол көкте Мәсіхпен бірге билік ететін ‘көктегілерді’ жинай бастады. Олардың арасында Ефестегі мәсіхшілер де бар болатын (Ефестіктерге 2:4—7). Ал беріректе, яғни біздің уақытымызда, Ехоба ‘жердегілерді’ жинай бастады (Ефестіктерге 1:10). Бүкіл жер бетінде жүріп жатқан уағыздау ісі арқылы, Ехоба Иса Мәсіхтің қолындағы өзінің Патшалық үкіметі туралы ізгі хабарды бүкіл халыққа жеткізуде. Бұл хабарға құлақ асқандар қазірдің өзінде рухани қауіпсіздік орнаған жерге жиналып, рухани айығуда (Жохан 10:16). Жақында жұмақ орнаған таза жерде, олар барлық әділетсіздік пен қайғы-қасірет атаулыдан толық құтылатын болады (2 Петір 3:13; Аян 11:18).
Мұқтаж адамдарға қайырымдылық көмек көрсетуде бүгін “алға қарай үлкен қадам” жасалды (“Дүние жүзіндегі балалардың жағдайы, 2000 жыл”, ағ.). Алайда ең үлкен қадамды Мәсіх Иса мен көктегі Патшалықта Онымен бірге билік ететіндер жақында жердегі істерге араласқанда жасайды. Олар бізді қинап отырған қақтығыс пен зұлымдық атаулыны толық жояды және адамзаттың барлық қиыншылықтарын шешеді (Аян 21:1—4).
[4-беттегі суреттер]
Қайырымдылық әрекеттер адамзаттың қиыншылықтарын шешкен жоқ
[6-беттегі сурет]
Мәсіхтің төлем құрбандығы Адамның күнәсінің салдарынан қасірет шеккен адамзаттың азабын жеңілдетті
[7-беттегі сурет]
Бүгінгі күні рухани пана тауып, айығуға болады
[7-беттегі суреттер]
Жақында Мәсіхтің Патшалығы арқылы қиыншылықтардың барлығынан арылатын уақыт келеді