Адамзаттың қиыншылықтары шешіле ме?
“ДҮНИЕ ЖҮЗІ тұрғындарының төрттен бірінің тұрмысы өте нашар, 1, 3 миллиард адамның күндік табысы бір доллардан да аз, бір миллиард адам сауатсыз, 1, 3 миллиард адам таза ауыз суға зар болып отыр және тағы бір миллиард адам күнделікті тоя тамақтанбайды”. Бұл — әлемде қалыптасқан жағдай туралы Ирландиядан келген мәлімет.
Адамзаттың қиыншылықтарды шешуге дәрменсіз екендігін көрсететін қандай қайғылы статистика! Онда сөз болып отырған адамдардың басым көпшілігі қорғансыз әйелдер мен балалар екенін білгенде, ол проблемалар әлдеқайда қайғылы көрінеді. Тіпті қазір, XXI ғасырда да, олардың “құқығы күн сайын сансыз рет аяққа тапталып жатқаны” сұмдық емес пе? (“Дүние жүзіндегі балалардың жағдайы, 2000 жыл”, ағ.).
“Бір ұрпақтың ғұмырында жаңа дүние құру”
Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры “Осындай құқық бұзушылықтың салдарынан пайда болып отырған қайғы-қасіреттің түнегін сейілтуге болады” деген сенім білдірді. Бұл ұйымның пікірі бойынша, миллиардтаған адамдардың басына түсіп отырған қайғылы жағдайларды “алдын алуға, өзгертуге мүмкін емес жағдайлардың қатарына қосуға болмайды”. Бұл ұйымның мүшелері “бүкіл адамзатты бір ұрпақтың ғұмырында жаңа дүние құруға” шақырды. Олар жаңа дүние құрылған кезде, барлық адамзат “кедейлік пен кемсітушіліктен, зорлық-зомбылық пен ауру-сырқаудан азат” болады деп үміттенеді.
Мұндай пікірді таратушыларды құлшындырып отырған қазірдің өзінде қамқор адамдардың “бітпестей көрінетін қақтығыстар мен дағдарыстардың” қайғылы салдарларын жеңілдету үшін атқарып жүрген ерен еңбектері. Мысалы, соңғы 15 жылдан аса уақыт ішінде “Чернобыльдің балалары” атты жоба арқылы “радиобелсенді шөгінділердің салдарынан болған онкологиялық сырқаттармен ауыратын жүздеген балаларға көмек” көрсетілді (“The Irish Examiner”, 2000 жыл 4 сәуір). Үлкенді-кішілі қайырымдылық жасаушы ұйымдар соғыс пен табиғат апаттарының сансыз көп құрбандарының өмірін әлдеқайда жеңілдетуде.
Сөйткенмен де, мұндай көмек көрсетіп отырған адамдар шындықтың бетіне тура қарайды. Олар өздері кезігіп отырған проблемалардың “соңғы он жылдың өзінде әлдеқайда өсіп, күрделі бола түскенін” түсінеді. “Қамқорлық” деп аталатын Ирландиядағы қайырымдылық ұйымының президенті Дейвид Бегг, Мозамбикте болған су тасқыны кезінде “осы ұйымның қызметкерлері, ерікті жұмысшылар және садақа беретіндер дайындықпен көмек көрсеткенін” атап өтті. “Алайда,— дейді ол,— кең көлемде болып жатқан мұндай апаттарды біз өзіміз жеңе алмаймыз”. Африкадағы көмек көрсету әрекеттеріне қатысты ол былай деп ашық мойындады: “Үміт артатын азғана себептер әлсіз жанып тұрған шамшыраққа ұқсайды”. Көп адамдардың ойынша осы сөздермен бүкіл әлемдегі жағдайды суреттеуге болады.
Бір ұрпақтың ғұмырында қалаулы жаңа дүние орнату мүмкін бе? Қайырымдылық көрсетуге байланысты талпыныс мақтауға тұрарлық болғанымен, әділ де бейбіт жаңа дүниеге қол жеткізудің өзге бір жолы көңіл аударуға лайық. Бұл жолды Киелі кітап көрсетеді. Ол туралы келесі мақалада айтылады.
[2-беттегі сурет рұқсатымен]
3 бет, балалар: UN/DPI Photo by James Bu