Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w02 1.7. 18—22 бет.
  • Талаптарын орындағанымыз Ехобаны дәріптейді

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Талаптарын орындағанымыз Ехобаны дәріптейді
  • 2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ехоба өзінің халқын сүйеді
  • Қасиетті нәрсеге немқұрайды қарамау
  • Ехобаға ең жақсысын беріңдер
  • Шынайы ғибадат сараңдыққа емес, жанқиярлықпен танытқан сүйіспеншілікке негізделеді
  • Құдайға ұнамды қызмет — мезі қылып, титығына жеткізетін жұмыс емес
  • Әрқайсысымыз есеп береміз
  • Ехоба опасыздықты жек көреді
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Малахи кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
    2007 жылғы ағылшын тіліндегі “Күзет Мұнарасы” журналынан алынған зерттеуге арналған мақалалар
  • Ехобаның күні келгенде кім аман қалады?
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Мұраңнан айырылып қалмау үшін дана шешімдер қабылда
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w02 1.7. 18—22 бет.

Талаптарын орындағанымыз Ехобаны дәріптейді

“Оны ризашылықпен дәріптеймін” (ЗАБУР 69:30, ЖД).

1. а) Неге Ехоба дәріптелуге лайық? ә) Қалай біз оны ризашылықпен дәріптей аламыз?

ЕХОБА — Құдіретті Құдай, Әлемнің Әміршісі, Жаратушы. Сондықтан оның есімі мен істері дәріптелуге лайық. Ехобаны дәріптеу деген оны терең қастерлеуді, мадақтап, сөзімізбен де, ісімізбен де даңқын арттыруды білдіреді. ‘Оны ризашылықпен дәріптеу’ үшін, Құдайдың қазіргі уақытта істеп жатқан және келешекте істейтін істері үшін әрқашан риза болуға тиістіміз. Біз Аян 4:11-де жазылған көктегі адал рухани жаратылыстардікі сияқты көзқараста болуымыз керек: “Құдай Иеміз! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді”. Қалай біз Ехобаны дәріптей аламыз? Ол туралы білім алып, сосын бізге қоятын талаптарын орындау арқылы. Біз Забур жыршысының сезіміндей сезімде болуымыз керек: “Маған Өзіңнің еркіңді орындауды үйретші, өйткені Сен менің Құдайымсың” (Забур 142:10, СА).

2. Ехоба өзін дәріптейтіндерге не істейді, ал дәріптемейтіндерге ше?

2 Ехоба өзін дәріптейтін адамдарды бағалайды. Сондықтан ‘Өзін іздегендерді жарылқайды’ (Еврейлерге 11:6). Қалай жарылқайды? Иса көктегі Әкесіне дұға етіп, былай деген: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану” (Жохан 17:3). Иә, ‘Оны [Ехобаны] ризашылықпен дәріптейтіндер’ “жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді” (Забур 36:29, СА). Ал “зұлымның болашағы жоқ” (Нақыл сөздер 24:20, СА). Осы соңғы күндері Ехобаны дәріптеудің маңызы ерекше зор, өйткені жақында ол зұлымдарды жойып, әділдерді аман алып қалады. “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (1 Жохан 2:17; Нақыл сөздер 2:21, 22).

3. Неге біз Малахи кітабына мұқият көңіл қоюымыз керек?

3 Ехобаның еркін ‘бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылған’ Киелі жазбалардан табуға болады (2 Тімотеге 3:16). Құдай Сөзінде өзін дәріптегендерге Ехобаның қалай батасын бергені және оны дәріптемегендерге не болғаны туралы көп мәлімет бар. Солардың бірі Малахи пайғамбар өмір сүрген кезде Исраил жерінде болған жағдайды суреттейді. Шамамен б. з. б. 443 жылы, Яһудада Нехемия басшылық еткен уақытта, Малахи өз атымен аталатын кітабын жазған. Осы әсерлі әрі оқырманды баурап әкететін кітаптағы мәлімет пен пайғамбарлықтар “бізге ескерту ретінде жазылып қалдырылды. Себебі осы заманның соңғы кезеңінде өмір сүрудеміз” (1 Қорынттықтарға 10:11). Малахидың сөздеріне мұқият көңіл қойғанымыз ‘Тәңірдің ұлы да үрейлі күні келіп’, зұлым заман жойылғанда біздің дайын болуымызға көмектеседі (Малахи 4:5).a

4. Малахи кітабының 1-тарауы қандай алты ойға біздің көңілімізді аударады?

4 Шамамен 2 400 жылдан аса уақыт бұрын жазылған Малахи кітабы, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан біздердің Ехобаның ұлы да үрейлі күніне даяр болуымызға қалай көмектеседі? Кітаптың 1-тарауы біздің көңілімізді кем дегенде алты ойға аударады: 1) Ехоба өзінің халқын сүйеді, 2) қасиетті нәрсеге немқұрайды қарамауымыз керек, 3) Ехоба бізден ең жақсы нәрсені ұсынады деп күтеді, 4) шынайы ғибадат сараңдыққа емес, жанқиярлықпен танытқан сүйіспеншілікке негізделген, 5) Құдайға ұнамды қызмет — мезі қылып, ауыртпалық түсіретін жұмыс емес, 6) әрқайсысымыз Құдайға есеп береміз. Егер осыларға сай әрекет етер болсақ, біз Ехобаны дәріптеп, оған ұнамды болып, мәңгі өмірге ие боламыз. Сонымен Малахи кітабына негізделген үш мақаланың біріншісін қарастырып, сол кітаптың бірінші тарауындағы осы ойлардың әрқайсысына ден қоялық.

Ехоба өзінің халқын сүйеді

5, 6. а) Неге Ехоба Жақыпты сүйген? ә) Жақыптың адалдығына еліктер болсақ, не нәрсеге үміттенуімізге болады?

5 Ехобаның сүйіспеншілігі Малахи кітабының алғашқы тармақтарынан-ақ анық көрінеді. Кітап мынадай сөздермен басталады: “Тәңірдің... Исраилға айтқан пайғамбарлық сөзі”. Бұдан кейін Құдай былай дейді: “Мен сендерді сүйемін”. Әрі қарай мысал келтіре отырып, Ехоба: “Мен Жақыпты сүйдім”,— деді. Жақып Ехобаға сенген. Уақыт өте келе Ехоба Жақыптың есімін Исраил деп өзгертіп, кейін ол Исраил халқының түп атасы болды. Жақыптың сенімі берік еді, сондықтан Ехоба оны сүйді. Ехоба Жақып сияқты көзқарастағы исраилдіктерді де сүйген (Малахи 1:1, 2).

6 Егер біз Ехобаны сүйіп, оның халқымен адал қызмет етіп жүрген болсақ, 1 Патшалықтар 12:22-де (сілтемені қара) жазылған келесі сөздер жанымызға жұбаныш болады: “Ол Өзінің ұлы атына бола меншікті халқын тастамақ та емес”. Ехоба өзінің халқын сүйеді және ақыр аяғында оған мәңгілік өмірді сыйға береді. Біз Забур 36:3, 4-те былай деп оқимыз (СА): “Тәңірге үмітіңді арт та, жақсылық істе; жерде өмір сүріп, шындықты сақта. Тәңірден жұбаныш ізде, сонда Ол сенің жүрек қалауыңды орындайды”. Малахи кітабының 1-тарауындағы көңіл аударуымыз керек екінші ойдың Ехобаға деген сүйіспеншілігімізбен байланысы бар.

Қасиетті нәрсеге немқұрайды қарамау

7. Неге Ехоба Есауды жек көрді?

7 Малахи 1:2, 3-ке сәйкес, “Жақыпты сүйдім” дегеннен кейін, Ехоба: “Ал Есауды жек көрдім”,— дейді. Мұндай айырмашылықты қалай түсінуге болады? Жақып Ехобаны дәріптейтін, ал оның сыңары Есау болса олай етпейтін. Есауды Едом деп те атайтын. Малахи 1:4-те Едом жерінің арамдалғаны, ал тұрғындарына үкім шығарылғаны туралы жазылған. Едом (яғни “Қызыл”) деген есім Есауға өзінің бағалы тұңғыштық жолын қызыл жасымық көжесіне сатып жібергеннен кейін берілген. Жаратылыс 25:34-те: “Ол тұңғыштық жолына немқұрайды қарап, одан бас тартты”,— делінген. Пауыл бауырластарын абай болуға шақырып, былай дейді: “Опасыз болып, азғын өмір сүрмеңдер! Яки Есау сияқты қасиетті атаулыға немқұрайды қарамаңдар! Ол бір ішер тамаққа бола өзінің тұңғыштық жолын сата салды” (Еврейлерге 12:14—16).

8. Неге Пауыл Есаудың әрекетін азғындықпен байланыстырған?

8 Неге Пауыл Есаудың қылығын азғындықпен байланыстырды екен? Өйткені Есаудікіндей көзқарастағы адам қасиетті атаулыға немқұрайды қарай бастап, азғындық сияқты ауыр күнә жасап қоюы да мүмкін. Сол себепті әрқайсысымыздың өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: “Кейде мен мәсіхшілерге берілген мұраға — мәңгілік өмірге — немқұрайды қарап, қызыл жасымық көже сияқты уақытша нәрсеге айырбастауға азғырылып жүрген жоқпын ба? Өзім аңдамай, қасиетті нәрселерге немқұрайды қарап жүрген жоқпын ба?” Есау тәндік қажеттілігін қанағаттандыруға асығып, шыдамсыздық танытқан. Жақыпқа ол: “Тезірек мына бір қызғылт түсті көжеңнен берші”,— деді (Жаратылыс 25:30). Өкінішке орай, Құдайдың кейбір қызметшілері де соған ұқсап: “Тезірек! Заңды некеге тұратын уақытты күтіп не керек?!” — дейді. Тәндік құмарлығын қанағаттандыру олар үшін бір тостақ жасымық көже іспетті.

9. Қалай біз Құдайды әрқашан терең қастерлей аламыз?

9 Адалдық пен әділдікті және рухани мұрамызды қадірлеп, қасиетті нәрселерге ешқашан немқұрайды қарамайық. Есауға емес, Жақыпқа ұқсап, әрқашан Құдайды терең қастерлеп, қасиетті нәрселер үшін ризашылығымызды білдіре берейік. Біз мұны қалай істей аламыз? Ехобаның талаптарын мұқият орындау арқылы. Бұл бізді қисынды түрде Малахи кітабының 1-тарауындағы үшінші ойға әкеледі. Ол қандай ой болды екен?

Ехобаға ең жақсысын беріңдер

10. Қалай діни қызметкерлер Ехобаның дастарқанын сыйламаған?

10 Малахидың заманындағы Иерусалим ғибадатханасында қызмет ететін Яһуданың діни қызметкерлері Ехобаға қолдарындағы ең жақсы құрбандықты бермейтін. Малахи 1:6—8 тармақтарда былай делінген: “Ұлы Әкесін, құл қожайынын құрметтейді; ей, Менің есімімді қорлап жүрген діни қызметкерлер, егер Мен әке болсам, Маған деген құрмет қайда? Егер Мен Тәңір болсам, Мені қастерлеу қайда? дейді сендерге Тәңір Сабаот. Діни қызметкерлер: “Қалай біз сенің есіміңді қорлап жүрміз?” — деп сұрайды. “Құрбандық шалатын орныма арамдалған нанды әкелесіңдер”,— деп жауап берді Ехоба. Діни қызметкерлер: “Қалай біз Сені қорлап жүрміз?” — деп қайта сұрайды. Ехоба оларға былай дейді: “Тәңірдің дастарқаны сыйлауға тұрмайды” деулеріңмен қорлап жүрсіңдер”. Діни қызметкерлер мұнда тұрған еш жамандық жоқ деген оймен құрбандыққа жарамсыз мал шалған сайын Ехобаның дастарқанын сыйламайтынын көрсететін.

11. а) Ехоба жарамсыз құрбандықтарға қатысты не деді? ә) Неге бүкіл халық та кінәлі болды?

11 Бұдан кейін Ехоба оларды жасап жатқан жарамсыз құрбандықтарына көңіл бөлуге шақырады: “Осыны әміршіңе алып баршы, ол саған риза бола ма, сені жылы қарсы ала ма?” Жоқ, олардың әміршілеріне мұндай сый ұнамас еді. Ендеше Әлемнің Әміршісі үшін мұндай құрбандық тіптен жарамсыз! Сөйтсе де бұған діни қызметкерлер ғана айыпты емес еді. Рас, олар құрбандыққа жарамсыз мал шалуларымен Ехобаны қорлаған. Алайда халықты кінәсіз деуге бола ма? Жоқ. Соқыр, ақсақ-тоқсақ, ауру-сырқау малды құрбандыққа шалу үшін діни қызметкерлерге халықтың өзі таңдап әкелген ғой. Олар қандай ауыр күнә жасаған!

12. Ехобаға қолымыздағы бардың ең жақсысын беруге не көмектеседі?

12 Ехобаға қолымыздағы бардың ең жақсысын беру арқылы біз оны шын мәнінде сүйетінімізді көрсетеміз (Матай 22:37, 38). Ехобаның бүгінгі күнгі ұйымы Малахидың заманындағы Құдай заңына бағынбайтын діни қызметкерлер сияқты емес, бізге Ехобаның талаптарын орындап, сол арқылы оны дәріптеуге көмектесетін Киелі кітапқа негізделген нұсқаулар береді. Малахи кітабының 1-тарауынан табуға болатын төртінші ойдың осымен байланысы бар.

Шынайы ғибадат сараңдыққа емес, жанқиярлықпен танытқан сүйіспеншілікке негізделеді

13. Діни қызметкерлердің қандай әрекеттерінен ашкөз екендіктері байқалады?

13 Малахидың заманындағы діни қызметкерлер өзімшіл, без бүйрек, ашкөз болған. Біз мұны қайдан білеміз? Малахи 1:10-да былай делінген: “Құрбандық шалатын орнымда бекер от жанып тұрмас үшін, оданда біреу барып есікті құлыптап қойса етті [“Есікті барып жабатын қайсысың барсың? Сендер менің құрбандық шалатын орныма да отты ақысыз жақпайсыңдар ғой”, ЖД]. Сендерді Мен ұнатпаймын, дейді Тәңір Сабаот, әкеліп ұсынған сый-тартуларың Маған ұнамайды”. Иә, ашкөз діни қызметкерлер есікті жабу, құрбандық шалатын орынға от жағу сияқты ғибадатханадағы ұсақ-түйек істер үшін де ақы алатын. Олардың әкелген сый-тартуларының неге Ехобаға ұнамсыз болғанын түсінуге болады.

14. Неге Ехоба Куәгерлерінің қызметі сүйіспеншілікке негізделген дей аламыз?

14 Ертеде Иерусалимде өмір сүрген діни қызметкерлердің ашкөздігі мен өзімшілдігі Құдай Сөзіне сәйкес, дүниеқоңыздарға Құдай Патшалығында орын жоқ екендігін есімізге салады (1 Қорынттықтарға 6:9, 10). Сол діни қызметкерлердің қара басының қамын ойлағанының үстінен ой жүгірткеніміз Ехоба Куәгерлерінің дүние жүзі бойынша жүргізіп жатқан уағыздау ісін бағалай түсуге талпындырады. Бұл — ерікті іс, сондықтан қызмет еткеніміз үшін біз ақы алмаймыз. Біз “Құдайдың хабарынан пайда көздеп, бұрмаламаймыз” (2 Қорынттықтарға 2:17). Әрқайсысымыз Пауыл іспетті былай дей аламыз: ‘Құдайдың ізгі хабарын сендерге қуана-қуана тегін уағыздадым’ (2 Қорынттықтарға 11:7, ЖД). Ескере кететін нәрсе, Пауыл ‘ізгі хабарды қуана-қуана... уағыздаған’. Бұл біздің көңілімізді Малахи кітабының 1-тарауындағы бесінші ойға аударады.

Құдайға ұнамды қызмет — мезі қылып, титығына жеткізетін жұмыс емес

15, 16. а) Діни қызметшілер құрбандық шалуға қатысты қандай көзқараста болған? ә) Ехоба Куәгерлері қалай құрбандық шалады?

15 Ертедегі Иерусалимнің опасыз діни қызметкерлері құрбандық шалу мезі қылып, титықтатып жіберетін жұмыс деген көзқараста болатын. Бұл олар үшін ауыртпалық еді. Малахи 1:13-те ескерілгендей, Құдай оларға былай деген: “Сендер: “қандай ауыр еңбек!” деп, оған [Ехобаның дастарқанына] немқұрайды қарайсыңдар”. Діни қызметкерлер Құдай қасиетті деп қарастыратын нәрселерге немқұрайды қарайтын немесе оларды түкке тұрғысыз деп есептейтін. Соларға ұқсап кетпеуді сұрап, қайтпастан дұға ете берейік. Қайта, әрқашан 1 Жохан 5:3-тегідей рух танытайық: “Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес”.

16 Ешқашан Құдайға рухани құрбандық беруді ауыртпалық деп есептемей, қайта, қуана-қуана істейік. Келесі пайғамбарлық сөздерге көңіл қоялық: “Оған [Ехобаға] былай деңдер: “Заңсыздық атаулыны аластатып, игіліктісін қабыл ала гөр, сонда біз аузымыздың құрбандығын [“бұқаларын”, ЖД] ұсынамыз” (Ошия 14:3, СА). “Аузымыздың бұқалары” деген сөйлемше біздің рухани құрбандықтарымызды, яғни Ехобаны және оның еркін дәріптеп айтқан сөздерімізді, білдіреді. Еврейлерге 13:15-те: “Мәсіх арқылы Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық: Оның “Жаратқан Ие” деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуіміз біздің Тәңірге арнаған құрбандығымыз болады”,— делінген. Рухани құрбандықтарды мезі болып емес, шын жүректен беріп, Құдайды сүйетіндігімізді көрсетіп жүргеніміз қуантады-ақ! Бұл бізді Малахи кітабының 1-тарауынан табуға болатын алтыншы ойға әкеледі.

Әрқайсысымыз есеп береміз

17, 18. а) Неге Ехоба “арамзаны” қарғады? ә) Арамзалықпен әрекет еткендер нені ескермеді?

17 Малахидың заманында өмір сүрген адамдар өз әрекеттері үшін жауапқа тартылған, бізге қатысты да солай болады (Римдіктерге 14:12; Ғалаттықтарға 6:5). Осыған сәйкес Малахи 1:14-те былай делінген: “Табынында ауру-сырқаудан сау еркек малы бар болып, құрбандыққа берем деп ант еткен, бірақ Тәңірге құрбандық шалу үшін мертіккенін әкелетін арамзаны қарғыс атсын!” Егер адамның табыны бар болса, оның малының біреуден көп болғаны, демек, таңдап алуына мүмкіндігі бар деген сөз. Оның құрбандық шалуға соқыр, ақсақ-тоқсақ не ауру малды таңдамауына да болады. Ал егер мертіккен малды таңдап алса, бұдан оның Ехобаның құрбандық шалуға қатысты талаптарына немқұрайды қарайтыны көрінетін. Өйткені отарынан сау мал таңдап алуына болар еді ғой!

18 Сондықтан жарамды еркек малы бар бола тұра, құрбандыққа шалу үшін діни қызметкерге соқыр, ақсақ-тоқсақ, ауру-сырқау мал әкелетін, бәлкім, тіпті жүруге жарамайтынын сүйрелеп әкелетін, “арамзаны” Ехобаның қарғауына негіз бар еді. Малахидың пайғамбарлығында малдың жарамсыз екендігін түсіндіріп, ең болмағанда бір діни қызметкердің Таурат заңынан үзінді келтіргені туралы сөз қозғалмайды (Леуіліктер 22:17—20). Түсінігі бар адам мұндай сыйды әміршісіне апарса, басына бәле тілеп аларын білетін. Ал олардың алдында адами әміршіден анағұрлым жоғары — Әлемнің Әміршісі тұр еді. Малахи 1:14-те (ЖД) бұл сөздер былай жеткізілген: “Мен ұлы Патшамын, дейді әскер иесі Ехоба; Менің есімім халықтардың арасында үрей тудырады”.

19. Қандай күнді асыға күтудеміз және біз не істеуіміз керек?

19 Біз, Құдайдың шын берілген қызметшілері, бүкіл адамзат Ұлы Патша Ехобаны дәріптейтін күнді асыға күтудеміз. Сонда “судың теңізді толтырғанындай, жер беті Тәңірдің біліміне толады” (Ишая 11:9, СА). Ал әзірге Құдайдың талаптарын орындай берейік, осылайша: “Оны ризашылықпен дәріптеймін”,— деген Забур жыршысына еліктейік (Забур 69:30, ЖД). Малахи кітабында бізге пайдалы болатын басқа да мәлімет бар. Осы кітаптың қалған тараулары талқыланатын келесі екі мақалаға да мұқият ден қояйық.

[Сілтеме]

a Осы және келесі екі мақаладағы Малахи кітабының үзінділері, басқаша көрсетілмесе, Синодтық аудармадан аударылды.

Естеріңде ме?

• Неге біз Ехобаны дәріптеуіміз керек?

• Неге Малахидың заманындағы діни қызметкерлердің құрбандықтары Ехобаға ұнамсыз болған?

• Қалай біз Ехобаға мадақтау құрбандығын әкелеміз?

• Шынайы ғибадат неге негізделуі керек?

[18-беттегі сурет]

Малахидың пайғамбарлығы біздің күндерімізге нұсқаған

[19-беттегі сурет]

Діни қызметкерлер мен халық жарамсыз құрбандықтар жасаған

[20-беттегі сурет]

Есау қасиетті нәрсеге немқұрайды қараған

[21-беттегі сурет]

Дүние жүзі бойынша Ехоба Куәгерлері ешқандай пайда көздемей мадақтау құрбандығын әкелуде

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу