Құдайдың принциптерін басшылыққа алыңдар
‘[Ехоба] сендерге пайдалыны үйретеді’ (ИШАЯ 48:17).
1. Жаратушы адамдарға қалай басшылық етуде?
ҒАЛАМНЫҢ жұмбағын ашуға тырысқан ғалымдар, бізді қоршаған ортада орасан зор энергия бар екеніне үздіксіз таңғалуда. Күн — көлемі орташа жұлдыз — әр секунд сайын “100 миллиард сутегі бомбасы” жарылғанда шығатын энергияға тең энергия шығарады. Осындай сансыз аспан денелерін басқарып отыру үшін, Жаратушы өзінің теңдессіз күшін қолданады (Әйүп 38:32; Ишая 40:26). Ал бізге, яғни ерік бостандығы бар, құлықтылықтың не екенін түсінетін, ақыл-есі және рухани нәрселерді түсінуге қабілеті бар адамдарға басшылық ету үшін, Жаратушы қандай әдісті таңдады? Ол сүйіспеншілікпен бізге басшылық ретінде өзінің кемелді заңын және ең жоғарғы принциптерін, сонымен қатар өте сезімтал ар-ұждан сыйлады (2 Патшалықтар 22:31; Римдіктерге 2:14, 15).
2, 3. Құдайды қандай мойынсұнушылық қуантады?
2 Құдайды ақыл-есі бар жаратылыстарының өз еріктерімен мойынсұнғандығы қуантады (Нақыл сөздер 27:11). Ехоба бізге белгілі бағдарламаға сәйкес әрекет ететін робот сияқты емес, жан-жақты толық хабардар болып, дұрыс жолды таңдап алуымыз үшін ерік бостандығын берген (Еврейлерге 5:14).
3 Барлық қасиеттерімен толық әкесіне тартқан Иса өзінің ізбасарларына былай деді: “Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар. Сендерді бұдан былай құл демеймін” (Жохан 15:14, 15). Ертедегі құлдардың қожайындарының бұйрықтарына бағынғаннан басқа ешқандай амалдары болмаған. Ал адамдардың арасындағы достық бір-біріне ұнайтын қасиеттерін көргенде пайда болады. Сол сияқты бізде Ехобамен дос бола аламыз (Жақып 2:23). Бұндай достық арадағы сүйіспеншілікті күшейтеді. Иса Құдайға мойынсұну мен сүйіспеншіліктің арасында байланыс барын көрсетті: “Кім Мені сүйсе, айтқандарымды берік ұстанады және Әкем оны сүйеді” (Жохан 14:23). Ехоба бізді жақсы көргендіктен, бізге сенімді басшылық бергісі келіп, бізді өзінің принциптерімен өмір сүруге шақырады.
Құдайдың принциптері
4. Принципке қандай анықтама берер едіңіз?
4 Принцип дегеніміз не? “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” “принцип” деген сөз “іс-әрекеттегі жетекші ереже” деп түсіндіріледі. Киелі кітапты мұқият зерттеудің барысында көктегі Әкеміздің бізге өмірде кездесетін әр түрлі жағдайларға байланысты принциптерді бергенін білеміз. Ол біздің мәңгілік болашағымыздың қамын ойлайтыны түсінікті. Бұл данышпан патша Сүлейменнің айтқан келесі сөздеріне сәйкес келеді: “Тыңда, ұлым менің, менің айтқандарымды қабыл ал. Сонда өмір жасың ұзақ болады. Мен саған даналықтың жолымен жүруді үйретемін; Мен сені тура жолмен алып жүремін” (Нақыл сөздер 4:10, 11, ЖД). Ехобаның берген ең негізгі принциптері біздің онымен және жақындарымызбен қарым-қатынасымызға, құдай жолындағы және күнделікті өмірімізге қатысты (Забур 1:1). Келіңдер, солардың кейбіреулерін қарастырайық.
5. Кейбір негізгі принциптердің мысалдарын келтір.
5 Біздің Ехобамен қарым-қатынасымыз туралы Иса былай дейді: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Матай 22:37). Бұған қоса адамдармен қарым-қатынасымызға байланысты принциптер бар. Мысалы, “алтын ереже”. Онда: “Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!” — делінген (Матай 7:12; Ғалаттықтарға 6:10; Титке 3:2). Киелі кітап біздің құдай жолындағы өмірімізге байланысты былай деп кеңес береді: “Бір-бірімізге зер салып, сүйіспеншілік пен жақсы істерге шабыттандырайық... өз қауымымызды қалдырмайық” (Еврейлерге 10:24, 25). Ал күнделікті өмірімізге байланысты елші Пауыл: “Не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” — деген (1 Қорынттықтарға 10:31). Құдайдың Сөзінде бұдан басқа да көптеген принциптер бар.
6. Принциптердің заңдардан айырмашылығы неде?
6 Принциптер — өмірдің негізін қалаушы шындық, ал парасатты мәсіхшілер оларды сүюді үйренді. Ехоба Сүлейменді былай деп жазуға шабыттандырды: “Менің сөздеріме көңіл қой. Менің айтқаныма құлағыңды сал. Олар сенің көз алдыңнан кетпесін. Оларды жүрегіңнің ішінде сақта. Олар тапқандар үшін өмір және бүкіл тәні үшін ем болады” (Нақыл сөздер 4:20—22, ЖД). Принциптердің заңдардан айырмашылығы неде? Принциптер заңның пайда болуына негіз болып табылады. Принциптердің әдетте белгілі бір уақытта немесе нақты бір жағдайда қолдануға болатын ережелер мен заңдардан айырмашылығы, олар ешқашан өзгермейді (Забур 118:111). Құдайдың принциптері ескірмейді, әрі өшпейді. Бұны Құдайдың рухымен жазылған Ишаяның сөздері дәлелдейді: “Даланың шөбі қурап, гүлдері солады, Құдайымыздың сөзі мәңгілік қалады” (Ишая 40:8).
Ойланғанда да, іс-әрекеттеріңде де принциптерді басшылыққа алыңдар
7. Құдайдың Сөзі ойланғанда және іс-әрекетімізде қалайша принциптерді басшылыққа алуға талпындырады?
7 “Құдайымыздың сөзі” ойланғанда да, іс-әрекетімізде де принциптерді басшылыққа алуға шақырады. Иса Мәсіхтен Заңның негізгі түйіні туралы сұрағанда, ол, біріншіден, Ехобаны сүюге, екіншіден, жақыныңды сүюге талпындыратын екі өсиетті келтірді (Матай 22:37—40). Иса мұны айтқанда, Мұса заңында қысқаша жазылған принциптерге сүйеніп, Заңды қайталаудағы 6:4, 5-тен (СА) үзінді келтірді: “Тыңда Исраил: Тәңір, біздің Құдай, жалғыз бір Құдай; және Тәңірді, Құдайыңды, шын жүрегіңмен, жан-тәніңмен және бар күшіңмен сүй”. Мүмкін Иса Леуі 19:18-ге де сүйенген болса керек. Сүлеймен патша Екклесиаст кітабының соңында көптеген Құдайдың заңдарын қысқа да, нұсқа етіп тұжырымдаған еді. Ол: “Бәрінің тоқетерін тыңдасақ: Құдайдан қорқып, Оның өсиеттерін орында, өйткені адамға керектінің барлығы осында; өйткені барлық істің және барлық жасырын істің де жақсы ма, жаман ба — үкімін Құдай шығарады” (Екклесиаст 12:13, 14, СА; Миха 6:8).
8. Киелі кітаптың негізгі принциптерін терең түсінгеніміз неліктен бізге қорған болады?
8 Егер біз негізгі принциптерді жақсы түсінсек, нақты басшылықтарды қолдануымыз бен түсінуіміз оңай болады. Ал мұндай принциптерді түсінбеген болсақ, онда басымызға қиыншылықтар түскен кезде, дұрыс шешім қабылдап, сенімімізді сақтап қалуымыз екіталай (Ефестіктерге 4:14). Егер Құдайдың принциптері біздің ой-санамызға мықтап орнығатын болса, дұрыс шешім қабылдауымыз оңай болады. Принциптерді дұрыс қолдана отырып, біз жетістіктерге жетеміз (Ешуа 1:8; Нақыл сөздер 4:1—9).
9. Неге әрқашан Киелі кітаптың принциптерін түсініп, іс жүзінде қолдану оңай емес?
9 Киелі кітаптың заңдарын орындағаннан, оның принциптерін түсініп, іс жүзінде қолдану қиын. Принциптердің үстінен ой жүгірту көп күш жұмсауды талап ететін болғандықтан, бізге, кемелсіз адамдарға, бұл онша ұнамауы мүмкін. Қандай да бір шешім қабылдарда немесе қиын жағдайға тап болған кезімізде, біз қандай да бір нақты ереженің болғанын қалар едік. Кейде біз, дәл біздің жағдайымызда не істеу керек екенін айтып, түсіндіріп береді деген оймен, ақыл тоқтатқан мәсіхшілерге, мүмкін қауымның ақсақалдарына баратын болармыз. Киелі кітапта және оған негізделген әдебиеттерде дәл біздің жағдайымызға сай келетін кеңес мүмкін жоқ шығар. Тіпті ондай кеңес бар болған күнде де, ол барлық уақытта бірдей кез келген жағдайға жарай бермеуі мүмкін. Бір адамның Иса Мәсіхтен: “Ұстаз, мұрамызды менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы”,— деп сұрағаны, естеріңде болар. Иса ағайындылардың арасындағы дауды қалай шешудің жолын көрсетудің орнына, аясы кең принципті көрсететін кеңес беріп: “Абайлаңдар, дүниеқор болудан сақтаныңдар!” — деді. Исаның бұл кеңесі сол кезде қалай пайдалы болған болса, қазір де солай пайдалы (Лұқа 12:13—15).
10. Принциптерге бағынғанымыз біздің ниетімізді қалай көрсетеді?
10 Мүмкін байқаған боларсыңдар, кейбір адамдар заңға өз еркімен емес, жауапқа тартылудан қорыққанынан ғана бағынады. Принциптерді сыйлайтын адам ондай ой қалпын танытпайды. Принцип дегеннің өзі, басшылыққа алғандарды оған шын жүректен мойынсұнуға талпындырады. Шынында да, көп жағдайларда принциптерді бұзу бірден жазаға әкеп соқтырмайды. Осының арқасында Ехобаның айтқанына неліктен мойынсұнамыз және бұлай етуімізге не себеп болғандығын көреміз. Потифардың әйелінің арсыздықпен жасаған ұсынысына қарсылық білдірген Жүсіпті алайықшы. Ол кезде басқа біреудің әйелімен жыныстық қатынасқа түскені үшін жазалансын деген Құдайдың зинақорлық жөнінде жазбаша түрде заңы болмағанымен, Жүсіп ерлі-зайыптылардың адал болу керектігіне байланысты Құдайдың принципін білген (Жаратылыс 2:24; 12:18—20). Оның берген жауабынан көрініп тұрғандай, бұл принцип оған өте қатты әсер етті. Ол: “Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!”— дейді (Жаратылыс 39:9).
11. Мәсіхшілер қандай салаларда Ехобаның принциптерін басшылыққа алады?
11 Бүгінгі күні мәсіхшілер достарды таңдағанда, көңіл көтергенде, әуен мен әдебиеттерді таңдау сияқты жеке басының шаруасына байланысты нәрселерде Ехобаның принциптерін басшылыққа алады (1 Қорынттықтарға 15:33; Філіпіліктерге 4:8). Егер біз біліміміз бен түсінігімізді тереңдете түсіп, сондай-ақ Ехоба мен оның нормаларына сүйіспеншілігімізді арттыратын болсақ, онда біздің ар-ұжданымыз, яғни құлықтылыққа деген жауапкершілік сезіміміз, Құдайдың принциптерін кез келген жағдайда, тіпті жеке басымыздың мәселесіне де қолдануға жәрдем береді. Егер біз Киелі кітап принциптерін басшылыққа алатын болсақ, онда біз Құдайдың заңынан “тесік” іздемейміз немесе ешқандай заңды бұзбай-ақ қаншалықты алысқа баруға болатынын тексеріп көргісі келетіндерге еліктемейміз. Мұндай ой қалпы — пайымсыз, әрі өлімге апаратынын түсінеміз (Жақып 1:22—25).
12. Құдайдың принциптерін басшылыққа алудың кілті не болып табылады?
12 Белгілі бір мәселеге қатысты Ехобаның не ойлайтынын білуге деген құштарлық — Құдайдың принциптерін ұстанудың кілті болып табылатынын рухани жағынан толысқан мәсіхшілер түсінеді. Забур жыршысы былай деп шақырады: “Тәңірді сүйетіндер, зұлымдықты жек көріңдер!” (Забур 96:10, СА). Нақыл сөздер 6:16—19 (ЖД) дейінгі тармақтарда Құдайдың көз алдында не нәрсенің зұлымдыққа жататыны атап өтілген: “Міне мына алты нәрсені Ехоба жек көреді, тіпті жеті нәрсе ол үшін жиіркенішті: менменсіген көздер, жалған тіл және жазықсыз қан төккен қолдар, зұлымдықты ойлап табатын жүрек, зұлымдық істеуге асығып жүгірген аяқ, өтірік айтып, жалған куәлік беруші және өсек айтып, бауырластардың арасында алауыздық тудырушы”. Осы сияқты нәрселерге Ехобаның көзқарасы қандай екені туралы ойлануды ұнатсақ, Құдайдың принципін ұстану әдетімізге айналады (Еремия 22:16).
Дұрыс ниет қажет
13. Иса Таудағы уағызында қандай ой қалпын дамытуға кеңес берді?
13 Принциптерді білу мен қолдану жалған әділеттіліктің тұзағынан сақтайды. Принциптерді ұстану — ережелерді бұлжытпай орындау емес. Иса Таудағы уағызында бұған ерекше көңіл бөлді (Матай 5:17—48). Оның тыңдаушылары Мұсаның заңымен өмір сүрулері керек болған яһудилер еді. Дегенмен, олар шын мәнінде Заңды дұрыс түсінбеген. Олар Заңның рухына емес, әріптеріне баса көңіл аударды. Сондай-ақ олар өздерінің әдет-ғұрыптарына көп көңіл бөліп, оларды Құдайдың ілімінен де жоғары қойды (Матай 12:9—12; 15:1—9). Соның нәтижесінде жалпы адамдар принциптерге сүйеніп ойланудан қалды.
14. Иса тыңдаушыларының принциптерге сүйеніп ойлануларына қалай жәрдем берді?
14 Иса Таудағы уағызға өмірдің бес саласына қатысты өнегелілік принциптерін енгізді. Ол ашу-ыза, неке мен ажырасу, уәде, кек, сүйіспеншілік және жек көру туралы айтты. Әрбір жағдайда Иса принциптердің пайдасын түсіндірді. Сөйтіп ол өзінің ізбасарларына анағұрлым жоғары құлықтылық нормаларын бекітті. Мысалы, неке адалдығын бұзуға байланысты, Иса, тек теріс қылықтардан сақтандыратын емес, сондай-ақ жаман ойлар мен жаман нәрсеге құмартудан сақтандыратын принципті берді: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны” (Матай 5:28).
15. Жасандылықтан қалай қашуға болады?
15 Осы мысалдан көрініп тұрғандай, біз ешқашан Ехобаның принциптерінің мәні мен мақсатын көз алдымыздан жоғалтпауымыз керек. Біз ешқашан сырт көзге ғана әділ болып көріну арқылы Құдайдың құптауына ие болуға тырыспауымыз керек. Иса Құдайдың мейірімділігі мен сүйіспеншілігіне көңіл аудара отырып, ондай ойдың қате екенін көрсетті (Матай 12:7; Лұқа 6:1—11). Киелі кітаптың принциптерін ұстана отырып, біз Киелі кітаптың ілімінің шегінен шығып кететін, қатаң ережелердің ұзын тізімі бойынша өмір сүруге тырыспаймыз (немесе өзгелердің солай өмір сүруін талап етпейміз). Бізді құдайшыл болып көрінуден гөрі, Құдайдың сүйіспеншілік пен құлақ асу принциптері көп қызықтырады (Лұқа 11:42).
Принциптерді қолданудың пайдасы
16. Кейбір Киелі кітап заңдарының негізі болып табылатын принциптерге мысал келтіріңдер.
16 Ехобаның заңдарының кейбір негізгі принциптерге сүйенгендігін түсінгеніміз — біздерге, яғни Ехобаға мойынсұнуға ұмтылғандар үшін өте маңызды. Мысалы, мәсіхшілер жалған тәңірлерге табынудан, неке адалдығын бұзудан және қанды дұрыс қолданбаудан қашық болу керек екенін біледі (Елшілердің істері 15:28, 29). Мәсіхшілердің осы сұрақтарға байланысты ұстанатын көзқарасы неге негізделген? Ехоба — жан-тәніңмен берілуді талап ететін, қызғаныш Құдайы; өмірлік серігімізге адал болуымыз керек; Ехоба — Өмір сыйлаушы (Жаратылыс 2:24; Мысырдан шығу 20:5; Забур 35:10). Бұндай принциптерді түсіне отырып, оған негізделген заңдарды орындау оңай.
17. Біз Киелі кітаптың принциптерін түсініп, қолданған кезімізде пайдасын қалай сезінеміз?
17 Киелі кітаптың принциптерін түсініп, оны қолданатын болсақ, олардың бізге пайдалы екенін көреміз. Құдай халқының алып отыратын рухани баталары, жиі көзге көрінетін баталармен де ұласып жатады. Мысалыға, кім темекі шекпей таза құлықтылық өмір кешсе және қанның қасиеттілігін құрметтесе, ол әр түрлі ауруларға ұшырамайды. Құдайдың шындығымен келісе отырып өмір сүрсек, өзіміздің экономикалық, әлеуметтік жағдайымызды және отбасы өмірін жақсартамыз. Бұндай айтарлықтай пайдалар Ехобаның нормаларының бағалы әрі іс жүзінде қолдануға тұрарлық екенін дәлелдейді. Бірақ бұндай баталар өздігінен біздің Құдайдың принциптерін ұстануымыздың негізгі себебі болып табылмайды. Шынайы мәсіхшілер Ехобаны сүйгендіктен оған мойынсұнады, өйткені Ехоба олардың мадақтауына лайық және бұл дұрыс та (Аян 4:11).
18. Егер біз мәсіхшілік жолда жетістіктерге жеткіміз келсе, нені басшылыққа алуымыз керек?
18 Киелі кітаптың принциптерінің арқасында біздің өміріміз жақсара түседі, соның өзі де адамдарды Құдайдың жолына түсуге қызықтырады. Бірақ ең бастысы, біз өзіміздің өмір сүру салтымызбен Ехобаны құрметтейміз. Біз Ехобаның тек ең жақсы нәрселерді тілейтін, өте қамқор Құдай екенін білеміз. Киелі кітаптың принциптеріне сай шешім қабылдаған кезімізде, Ехоба бізге қалай батасын жаудыратынын көреміз және өзіміздің оған жақын екендігімізді сезіне бастаймыз. Осылай ете отырып, біз көктегі Әкемізбен достығымызды нығайтамыз.
Есіңде ме?
• Принцип дегеніміз не?
• Принциптердің заңдардан айырмашылығы неде?
• Ойланғанда да, іс-әрекетте де принциптерді басшылыққа алған неліктен пайдалы?
[14-беттегі қоршау]
Ганада тұратын мәсіхші Уилсонға бірнеше күннен кейін жұмыстан шығарылатыны туралы хабарлайды. Соңғы жұмыс күні оған фирманың бастығының жеке автокөлігін жуу тапсырылады. Уилсон автокөліктен ақша тауып алған кезде, оның тікелей бастығы: “Бұл ақшаны саған Құдай жіберді”,— дейді. Өйткені сол күні ол жұмыстан шығарылуы керек болатын. Бірақ, Уилсон адалдық принципін ұстанып, ақшаны иесіне қайтарып береді. Оның адалдығы бастығына қатты әсер етіп, ол сол сәтте-ақ Уилсонға тұрақты жұмыс орнын ұсынып қана қоймай, оның жұмыс орнындағы дәрежесін де жоғарылатады (Ефестіктерге 4:28).
[15-беттегі қоршау]
60 жастағы Рукия Албанияда тұрады. Отбасындағы келіспеушілікке бола ол өзінің ағасымен 17 жыл бойы сөйлеспей жүреді. Кейін ол Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастап, шынайы мәсіхшілердің басқаларға кек сақтамай, олармен тату-тәтті тұрулары керек екенін біледі. Бір күні ол түні бойы дұға етіп, жүрегі қатты толқып, ағасының үйіне барады. Есікті ағасының қызы ашады. Ол Рукияны көріп таңғалады: “Не болды, біреу өлді ме? Неге келдің?” — деп сұрайды. Рукия ағасын көргісі келетінін айтады. Ол асықпай, Киелі кітаптың принциптері мен Ехоба туралы білімнің ағасымен келісімге келуге ықпал еткенін түсіндіреді. Құшақтасып, жылап-көріскеннен кейін, татуласқандарын атап өтеді (Римдіктерге 12:17, 18).
[17-беттегі сурет]
[17-беттегі сурет]
[17-беттегі сурет]
[17-беттегі сурет]
“Жиналған халықты көргенде Иса тауға көтеріліп, бір жерге жайғасып отырды. Сол кезде шәкірттері қасына келді. Иса оларға... тәлім берді” (МАТАЙ 5:1, 2).