Ехоба опасыздықты жек көреді
“Неге бір-бірімізге опасыздық жасап жүрміз?” (МАЛАХИ 2:10).
1. Мәңгі өмір сүру үшін Құдайдың қандай талаптарын орындауымыз керек?
СЕНДЕР мәңгі өмір сүргілерің келе ме? Киелі кітаптағы уәдеге сенсеңдер: “Әрине!” — деп жауап берерсіңдер. Алайда Құдайдың өздеріңе мәңгі өмір сыйлағанын қаласаңдар, оның талаптарын орындауларың керек (Екклесиаст 12:13; Жохан 17:3). Кемелсіз адамдардан мұндай нәрсені талап ету ақылға қонымды ма? Әрине, Ехоба бізді былай деп жігерлендіреді ғой: “Құрбандық шалғандарыңнан гөрі мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын, Құдай жолын білгендерің түгелдей өртелетін құрбандықтан артық” (Ошия 6:6, СА). Сонымен, адам баласы қателесуге бейім бола тұра, Құдайдың талаптарын орындай алады.
2. Қалай исраилдіктердің көбісі Ехобаға опасыздық жасаған?
2 Бірақ Ехобаның еркін адамдардың барлығы орындағысы келе бермейді. Ошияның сөздерінен тіпті исраилдіктердің көбісі солай еткісі келмегені көрінеді. Ұлт ретінде олар Құдаймен келісім жасасып, Оның еркін орындауға сөз берген болатын (Мысырдан шығу 24:1—8). Алайда көп ұзамай олар Құдайдың заңдарын орындамай, ‘келісімнің шартын бұзды’. Сондықтан Ехоба исраилдіктердің өзіне ‘опасыздық жасағанын’ айтты (Ошия 6:7, ЖД). Көп адамдар әлі де солай етіп келеді. Бірақ Ехоба тікелей өзіне жасалған опасыздықты да, өзін сүйетіндерге әрі оған қызмет ететіндерге жасалған опасыздықты да жек көреді.
3. Осы мақалада біз қандай мәселені қарастырамыз?
3 Құдайдың опасыздыққа деген көзқарасы жөнінде жалғыз Ошия ғана пайғамбарлық етпеген, егер бақытты өмір сүргіміз келсе біз Құдайдың көзқарасымен санасуымыз керек. Алдыңғы мақалада біз Малахидың пайғамбарлық кітабының бірінші тарауын талқыладық. Енді сол кітаптың екінші тарауын қарастырып, Құдайдың опасыздыққа деген көзқарасының қандай екендігін көрейік. Малахи кітабында Бабыл тұтқындығынан оралғаннан соң бірнеше ондаған жылдан кейінгі Құдай халқының жағдайы суреттелгенмен, Малахи кітабының 2-тарауындағы мәліметтің біз үшін де маңызы зор.
Айыпталуға лайық діни қызметкерлер
4. Ехоба діни қызметкерлерге қандай ескерту жасады?
4 Малахи кітабының 2-тарауы Ехобаның әділ жолдан тайған дін басшыларын айыптауынан басталады. Егер олар Құдайдың өсиеттеріне құлақ асып, тура жолға түспесе, ақыры насырға шабар еді. Алғашқы екі тармаққа көңіл бөлейік: “Сонымен, діни қызметкерлер, мына өсиет сендерге арналған: Менің есімімді мадақтау үшін құлақ асып, жүректеріңе қабыл алмасаңдар, дейді Тәңір Сабаот, Мен сендерге қарғысымды жаудырып, баталарыңа қарғыс айтамын”. Діни қызметкерлер халыққа Құдайдың заңын үйретіп, оны өздері де ұстанатын болса, бата алар еді. Алайда Құдайдың еркін орындауда немқұрайды болғаны үшін, олар енді қарғысқа ұшырайды. Тіпті олардың берген баталары да қарғысқа айналады.
5, 6. а) Неге діни қызметкерлер қатал айыпталуға лайық? ә) Діни қызметкерлердің жек көрінішті екендігін Ехоба қалай көрсетті?
5 Неге діни қызметкерлер осылайша ауыр айыпталуға лайық болды екен? Жетінші тармақта мұның себебі анық көрсетілген: “Діни қызметкердің аузы білімді сақтау керек, оның аузынан заңды сөзді іздейді, өйткені ол Тәңір Сабаоттың хабаршысы”. Мыңдаған жыл бұрын исраилдіктерге Мұса арқылы берілген Құдай заңында діни қызметкерлерге “Исраил ұлдарын Құдайдан келген жарғылардың барлығына үйретуі” керек деген міндет жүктелген (Леуіліктер 10:11, СА). Өкінішке орай, кейінірек 2 Шежірелер 15:3-те жазылғандай, ‘көп күндер бойы Исраил шынайы Құдайсыз болды, тәлім беретін діни қызметкері де, Заңы да болмады’.
6 Малахидың заманында, яғни б. з. б. V ғасырда, діни қызметкерлерге қатысты жағдай тап сондай болатын. Олар халықты Құдай Заңына үйретпейтін. Сол себепті айыпталуға лайық еді. Ехобаның оларды қалай қатал айыптағанына көңіл аударыңдаршы. Малахи 2:3-те былай делінген: “Мейрамға арнап шалған құрбандықтарыңның қиын беттеріңе шашамын”. Қандай ауыр үкім! Құрбандыққа шалынатын малдың нәжісін қостың сыртына шығарып, өртеп жіберу керек болатын (Леуіліктер 16:27). Сондықтан беттеріңе қи шашамын дегенінен Ехобаға олардың жасаған құрбандықтары да, өздері де жек көрінішті екені анық көрінеді.
7. Неге Ехоба Таурат заңынан тәлім берушілерге ашуланды?
7 Малахидың заманынан мыңдаған жылдан астам уақыт бұрын Ехоба леуіліктерге киелі шатырдың, ал кейінірек ғибадатхананың қамын жасауды және қасиетті қызмет атқаруды тапсырған. Олар Исраил халқының тәлімгерлері болатын. Осы тапсырмаларын орындағандары өздері үшін де, халық үшін де амандық пен тыныштық болады дегенді білдіретін (Руларды санау 3:5—8). Бірақ леуіліктер бастапқыдағыдай емес, Құдайды терең қастерлеп қорқудан қалды. Сол себепті Ехоба оларға былай деді: “Сендер жолдан тайып кеттіңдер, көп адамдардың заңға қарсы азғырылуына түрткі болдыңдар, Леуімен жасасқан келісімімді бұздыңдар... Сендер менің жолдарыммен жүрмейсіңдер” (Малахи 2:8, 9). Олар шындық жолына үйретпейтін, жаман үлгі көрсетіп, сонысымен көптеген исраилдіктерді жолдан тайдырған, сол үшін Ехобаның оларға ашулануы орынды еді.
Құдайдың талаптарын орындай беріңдер
8. Құдайдың талаптарын орындау адамдар үшін тым ауыр ма? Түсіндіріңдер.
8 Діни қызметкерлер Құдайдың талаптарын орындай алмайтын кемелсіз болғандықтан, оларға мейірімділік таныту керек болатын деп ойламайық. Адам Құдайдың талаптарын орындай алады, Ехоба адамнан орындай алмайтын нәрсені талап етпейді ғой. Кейбір діни қызметкерлер Құдайдың талаптарын орындаған да болса керек. Кейінірек Исаның — ұлы “Бас діни қызметкердің” — солай еткеніне біз күмәнданбаймыз (Еврейлерге 3:1). Ол жөнінде расында да былай деуге болады: “Аузында шындық заңы болды, тілінің ұшында жалған сөз болмады; ол Менімен бірге тыныштық пен әділдікте жүрді, көптеген адамдарды күнә жолынан қайтарды” (Малахи 2:6).
9. Қазіргі уақытта кімдер Киелі кітаптағы шындықты адалдықпен таратып жүр?
9 Сол іспетті бір ғасырдан астам уақыттан бері көкте өмір сүруге үміті бар Мәсіхтің майланған бауырластары “Құдай қабылдайтын рухани құрбандықтар ұсынушы қасиетті діни қызметкерлер” ретінде қызмет етуде (1 Петір 2:5, сілтемені қара). Олар Киелі кітаптағы шындықты өзгелерге тарату ісіне басшылық етуде. Біз өзіміз білетін рухани нәрселер туралы шындықты солардың арқасында білдік қой. Сол арқылы олардың “аузында шындық заңы” бар екендігіне көзіміз жетті емес пе? Олар адасып жалған дінде жүрген көп адамдардың тура жолды табуына көмектесті. Осылайша қазір дүние жүзі бойынша миллиондаған адамдар Киелі кітаптағы шындықты біліп, мәңгі өмір сүру үмітіне ие болды. Сөйтіп олар да қуана-қуана өзгелерді “шындық заңына” үйретуде (Жохан 10:16; Аян 7:9).
Абай болу керек
10. Не нәрседе абай болуымыз керек?
10 Сөйтсе де абай болуымыз керек. Әйтпесе Малахи 2:1—9-да жазылған мысалдар біз үшін сабақ болмауы мүмкін. Тіліміздің ұшында жалған сөздің болмауының қаншалықты маңызды екенін есте ұстап жүрміз бе? Мысалы, отбасы мүшелері айтқан сөзімізге толықтай сене ала ма? Ал қауымдағы бауырластарымыз ше? Бір қарағанда дұрыс болып көрінетін, бірақ шын мәнінде өзгелерді жаңылыстыратын сөздер айтудың әдетке айналып кетуі оп-оңай. Әлдебіреу сауда-саттықпен айналысқанда қандай да бір мәліметті жасырып немесе әсірелеп айтуға бейім болар. Мұны Ехоба көріп тұр емес пе?! Егер осылай етіп жүрген болсақ, ауызбен мойындап дәріптеу арқылы арнаған құрбандығымызды Ехоба қабыл ала ма?
11. Әсіресе кімдер абай болулары керек?
11 Малахи 2:7-де жазылғандар қауымда Құдай Сөзінен тәлім беретін бауырластар үшін ескерту болуы керек. Тармақта олардың ‘аузы білімді сақтау керек, олардың аузынан заңды сөзді іздейтіні’ айтылған. Мұндай тәлімгерлерге үлкен жауапкершілік артылған. Жақып 3:1-де жазылған сөздерге сәйкес, оларға ‘басқалардан гөрі қатаңырақ төрелік айтылады’. Олар тәлімді жігерлі әрі зор ынтамен берулері керек болғанмен, оны Құдай Сөзіне және Ехобаның ұйымынан келген мәліметке негіздеуге тиіс. Сонда олардың “тәлім беруге қабілеті бар” болады. Тәлімгерлерге: ‘Кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтылыңдар’,— деген кеңес берілген (2 Тімотеге 2:2, 15).
12. Қауымда тәлім беретіндер не нәрседе абай болулары керек?
12 Абай болмасақ, Киелі кітаптың іліміне өз көзқарасымыз бен ой-пікірімізді қосқымыз келуі мүмкін. Әсіресе Ехобаның ұйымының іліміне қайшы келіп тұрса да, өз тұжырымының дұрыстығына ешқашан күмәнданбайтын адамдар үшін осындай қауіп бар. Бірақ Малахи кітабының 2-тарауына сәйкес, біз қауымдағы тәлімгерлерден бауырластардың жолдан тайып кетуіне ықпал етуі мүмкін өз ой-пікірлерін емес, Құдайдан келген білімді береді деп күтеміз. Иса былай деген: “Кім Маған сенетін осы кішкенелердің біреуін теріс жолға түсірсе, сол адам үшін мойнына диірменнің тасы байланып, теңіздің тұңғиығына батырылғаны жақсырақ болар еді-ау!” (Матай 18:6).
Құдайға сенбейтіндермен некеге тұру
13, 14. Малахи исраилдіктердің опасыздық жасаған қандай бірінші әрекетін көрсетті?
13 Малахи кітабының 2-тарауының 10-тармағынан бастап опасыздық жасау тақырыбына көбірек көңіл аударылады. Малахи бір-бірімен байланысты екі әрекетке көңіл аударып, оларды бірнеше рет опасыздық деп атайды. Кеңес бермес бұрын Малахидың сұрақтар қойғанына көңіл бөлейік: “Бәріміздің бір Әкеміз бар емес пе? Бізді бір Құдай жаратты емес пе? Онда неге ата-баба өсиетін бұзып, бір-бірімізге опасыздық жасап жүрміз?” Сосын 11-тармақта (ЖД) Малахи исраилдіктердің “Ехобаның қасиеттілігін” арамдап жүргендерін айтты. Олардың қандай әрекеттері сондай ауыр күнә болды екен? Осы тармақта олардың бұрыс әрекеттерінің біреуі көрсетілген: олар ‘өзге құдайдың қыздарына үйленген’.
14 Басқа сөздермен айтқанда, кейбір исраилдіктер — өздерін Ехобаға арнаған халықтың мүшелері — басқа құдайларға табынатын адамдармен некеге тұратын болған. Мұндай әрекеттің неге ауыр күнәға жататыны контекстен көрінеді. 10-тармақта исраилдіктердің бір әкелерінің бар екендігі айтылған. Мұнда әңгіме (кейін Исраил деп аталған) Жақып не Ыбырайым, тіпті Адам ата жөнінде де болып отырған жоқ. Малахи 1:6-да ‘бір Әкелерінің’ Ехоба екені айтылған. Исраилдіктер онымен ерекше қарым-қатынаста еді: олар Ехобамен ата-бабасы жасасқан келісімде тұратын. Ал осы келісімдегі бір заң мынадай болатын: “Олармен [басқа ұлт адамдарымен] жегжат болма: қызыңды ұлына берме, ұлыңа қызын алма” (Заңды қайталау 7:3, СА).
15. а) Қалай кейбіреулер сенбейтін адаммен некеге тұруды ақтауға тырысады? ә) Ехобаның некеге тұруға қатысты көзқарасы қандай?
15 Бәлкім, бүгін кейбіреулер: “Мен ұнататын адам өзгелердей емес. Уақыт өте келе шынайы Құдайға қызмет етуі әбден мүмкін”,— деп ойлайтын болар. Мұндай көзқарас Жазбалардағы келесі ескертудің растығын дәлелдейді: “Адамның жүрегі бәрінен де алдампаз және әбден бүлінген” (Еремия 17:9, СА). Өзге дінді ұстанатын адаммен некеге тұруға қатысты Ехобаның көзқарасы Малахи 2:12-де көрсетілген: “Солай еткен адамды Тәңір... құртып жібереді”. Сол себепті мәсіхшілерге тек ‘Иемізбен тығыз байланыста тұрған’ адаммен ғана некеге тұру өсиет етіледі (1 Қорынттықтарға 7:39). Мәсіхшілердің қауымында сенбейтін адаммен некеге тұрғандар ‘құрып’ кетпейді. Бірақ сенбейтін жұбайы сол күйі шындықты қабыл алмаса, көп ұзамай Құдай осы дүниені жойғанда онымен не болады? (Забур 36:37, 38).
Жұбайына жасалған қиянат
16, 17. Қалай кейбіреулер опасыздық жасаған?
16 Бұдан кейін Малахи екінші опасыз қылықты көрсетеді: жұбайына жасалған қиянат, әсіресе келелі себепсіз ажырасуға қатысты. 2-тараудың 14-тармағында былай делінген: “Тәңір жастық шағыңда алған әйелің мен сенің араңда куә болған, ол сенің жолдасың әрі заңды әйелің [“жұбайың, әрі келісім жасасқан әйелің”, ЖД] бола тұра, сен оған опасыздық жасадың”. Опасыздық жасаған отағаларының кесірінен Ехобаның құрбандық шалатын орнына әйелдердің ‘көз жасы төгілетін’ (Малахи 2:13). Яһудилер болмашы нәрселерді сылтауратып, жастық шағында қосылған әйелдерін тастап кететін. Бәлкім, олар жасырақ біреуге, тіпті басқа ұлттың әйелдеріне үйлену үшін солай еткен болар. Ал азғын діни қызметкерлер болса бұған қарсылық білдірмеген. Малахи 2:16-да (ЖД) біз мынаны оқимыз: “Исраилдің Құдайы Ехоба былай дейді: “[Ол] неке бұзғанды жек көреді”. Кейінірек Иса кінәлі емес жұбайының қайта некеге тұруына мүмкіндік беретін жалғыз себеп — өмірлік серігінің неке адалдығын бұзуы екендігін түсіндірді (Матай 19:9).
17 Малахидың сөздеріне ден қояйықшы, оның сөздері жүрекке үндеу салып, мейірімділікке шақырады. Ол ‘жұбайы, әрі келісім жасасқан әйелі’ жөнінде айтқан. Опасыздық жасағандардың әрқайсысының бір сенімдегі исраилдік әйелі болған. Бәлкім, олар жас кездерінде бас қосқан болар, сөйтсе де жылдар өтіп, қартайғандығы келісімнің шартын, заңды некені, жоққа шығармайды.
18. Малахидың опасыздыққа қатысты берген кеңесін бүгін қалай қолдануға болады?
18 Бүгінгі күні де бұл көкейкесті мәселе болып отыр. Кейбіреулердің тек ‘Иемізбен тығыз байланыста тұрғандармен’ ғана некеге тұруы керек деген кеңеске немқұрайдылық танытатындары өкінішті-ақ! Ал енді біреулердің босағасын берік етуге көңіл бөлмейтіндігі ренжітеді. Олар, керісінше, Құдай жек көретін қылықтарын ақтауға тырысып, қайта некеге тұру үшін Киелі кітапқа негізделмейтін себептермен ажырасады. Осындай әрекеттерімен олар Ехобаны ашуландырады. Малахидың заманында Ехобаның кеңесіне немқұрайды қарайтындар Ол әділетті үкім шығармайды деген өрескел ойда болатын. Былайша айтқанда, олар: “Құдайдың әділеттілігі қайда?” — дейтін. Олар қандай теріс ойда болған десеңші! Біз де осындай ойдың шырмауына түсіп қалмағаймыз! (Малахи 2:17).
19. Қалай күйеулер мен әйелдер Құдайдың киелі рухын ала алады?
19 Малахи замандастарының жағымды жақтарын да атап өтіп, кейбір күйеулердің әйелдеріне опасыздық жасамағанын көрсеткен. Оларда ‘әлі Құдайдың рухы бар еді’ (Малахи 2:15, ЖД). Бақытымызға орай, қазіргі уақыттағы Құдайдың ұйымында ‘әйелдеріне ілтипат көрсететін’ ерлер көп (1 Петір 3:7). Олар әйелдеріне қол да жұмсамайды, тіл де тигізбейді, табиғи емес жыныстық қатынаста болуға мәжбүрлемейді, сондай-ақ басқа әйелдерге көз салып немесе Интернеттен порнография көріп, оларды қорламайды. Сонымен қатар Құдайдың ұйымында Құдайға және оның заңдарына шын берілген адал мәсіхші әйелдер де көп. Осындай ер кісілер мен әйелдер Құдайдың не нәрсені жек көретінін біледі, әрі соған сай ойлап, соған сай әрекет етеді. Солар сияқты, сендер де, ‘Құдайды көбірек тыңдай’ беріңдер, сөйтіп Құдайдың киелі рухын молынан алыңдар (Елшілердің істері 5:29).
20. Адамзат үшін қандай уақыт жақындап келеді?
20 Жақында Ехоба бүкіл әлемге үкім шығарады. Бүкіл адамзат не істеп, не нәрсеге сенгендері үшін Құдай алдында жауап беруге тиіс болады. “Әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз” (Римдіктерге 14:12). Сондықтан барлығымызды толғантатын сұрақ туады: Ехобаның күнінде кім аман қалады? Бұл сұрақ соңғы үшінші мақалада талқыланады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Ехобаның Исраилдің діни қызметкерлерін айыптауының басты себебі қандай?
• Неге Құдайдың талаптары орындау мүмкін еместей жоғары деу дұрыс емес?
• Неге адамдарға тәлім бергенде абай болуымыз керек?
• Ехоба қандай екі қылықты қатты айыптаған?
[25-беттегі сурет]
Малахидың заманында Ехобаның жолынан тайған діни қызметкерлер айыпталуға лайық болған
[26-беттегі суреттер]
Ехоба басқа ұлттың әйелдеріне үйлену үшін болмашы себептермен әйелдерімен ажырасқан исраилдіктерді айыптаған
[26-беттегі сурет]
Қазіргі уақыттағы мәсіхшілер некені құрметтейді