Құдайдың заңдары біздің пайдамызға қызмет етеді
“Сенің заңыңды сондай қатты сүйемін!” (ЗАБУР 119:97, ЖД).
1. Жалпы алғанда адамдар Құдайдың басшылығына қалай қарайды?
БҮГІНДЕ Құдайдың заңына бағынып өмір сүретіндер өте аз. Көпшілігі жоғарыдағы көзге көрінбейтін басшылыққа мойынсұну ақылға сыймайды деп ойлайды. Біз өнегелілік жөніндегі түсініктің әркімде әр түрлі, дұрыс пен бұрыстың арасында нақты шекара жоқ ғасырда өмір сүрудеміз (Нақыл сөздер 17:15; Ишая 5:20). Дінге жеңіл-желпі қарайтын көптеген елде қалыптасқан көзқарасты келесі сауалнаманың нәтижесі көрсетеді: “Американдықтардың көпшілігі, ненің жақсы, ненің дұрыс және ненің маңызды екенін өздері шешкісі келеді”. Олар “қатал құдайға қарсы. Қатал ережеге қарсы. Құлықты болуды және сол сияқты өнегелілік не басқа бір берік көзқарасты ұстанатын, қатал басшыларға қарсы”. Бір әлеуметтанушының ойынша бүгін: “Адамдар құдайшыл және адамгершілікпен өмір сүру дегенге не жататындығын өздері таңдау керек”. Ол әрі қарай: “Кез келген жоғары тұрған басшылық өздерінің заңдарын адамдардың шын мәніндегі қажеттіліктеріне бейімдеу керек”,— деді.
2. Киелі кітаптағы заң туралы ең бірінші ескертудің Құдайдың батасымен және қолдауымен қандай байланысы бар?
2 Ехобаның заңдарының бағалы екендігіне осыншама көп адам күмәнданатын болғандықтан, біз Құдайдың нормаларының пайдалы екендігіне өз сенімімізді нығайтуымыз керек. Сондықтан Киелі кітаптағы заң туралы ең бірінші ескерту — қарастыруға тұрарлық. Біз Жаратылыс 26:5-те жазылған Құдайдың сөзін оқимыз: “Ыбырайым Менің... берген бұйрықтарыма, ережелеріме және өсиет сөздеріме түгел құлақ асып, жүзеге асырды”. Бұл сөздерді Ехоба Ыбырайымның ұрпақтарына толық заң жинақтарын берерден бірнеше ғасыр бұрын айтқан болатын. Өзінің тілін алып, заңына бағынғаны үшін Құдай Ыбырайымға қандай батасын берді? Ехоба Құдай оған былай деп уәде берді: “Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады” (Жаратылыс 22:18). Сонымен, Құдайдың батасына ие болып, бізді қолдағанын қаласақ, оның заңдарына мойынсұнуымыз керек.
3. а) Забур жыршысы Ехобаның заңына қатысты қандай сезімін білдірді? ә) Қандай сұрақтарға көңіл бөлгеніміз дұрыс болар еді?
3 Бір Забур жыршысы, бәлкім ол Яһуданың болашақ патшасы әрі тақтың мирасқоры болса керек, заңға қатысты қисынсыз болып көрінетін сезімін білдіретін мынадай сөздер айтты: “Сенің заңыңды сондай қатты сүйемін!” (Забур 119:97, ЖД). Мұндай сөздер тек толқыған сезімнен ғана емес, Құдайдың заңында анық көрсетілген оның еркіне деген сүйіспеншілігінен шыққан. Құдайдың кемелді Ұлы Иса Мәсіхте де осындай сезім болған. Ол туралы пайғамбарлықта былай делінген: “Мен Сенің еркіңді орындағым келеді, уа, Құдайым, Сенің заңың менің жүрегімде” (Забур 39:9, СА; Еврейлерге 10:9). Біз жөнінде не деуге болады? Құдайдың еркін орындағымыз келе ме? Ехобаның заңдарының пайдалы әрі тиімді болатынына сенімдіміз бе? Біз Құдайдың заңдарын қызметте, күнделікті өмірде, шешім қабылдағанда және өзгелермен қарым-қатынасымызда қаншалықты мұқият орындауға тырысып жүрміз? Құдайдың заңын сүю үшін, Оның неліктен заң шығарып, олардың орындалуын бақылауға құқылы екенін түсінгеніміз жақсы болар еді.
Ехоба — құқылы Заң шығарушы
4. Неліктен Ехоба Әлемнің құқылы Заң шығарушысы болып табылады?
4 Ехоба жаратушы болғандықтан, бүкіл Әлемнің құқылы Заң шығарушысы болып табылады (Аян 4:11). Ишая пайғамбар былай деп жазды: “Тәңір — біздің заң шығарушымыз” (Ишая 33:22, СА). Құдай тірі және өлі табиғаттың барлығына да басшылық ететін физикалық заң орнатқан (Әйүп 38:4—38; 39:1—12; Забур 103:5—19). Адамды Құдай жаратқандықтан, ол да Ехобаның физикалық заңдарына бағынады. Адамзат ерік бостандығы бар әрі саналы болғанымен, Құдайдың рухани және этикалық заңдарына мойынсұнса ғана бақытты бола алады (Римдіктерге 12:1; 1 Қорынттықтарға 2:14—16).
5. Неге Ғалаттықтарға 6:7-дегі принцип Құдай заңына байланысты да әділ айтылған деуге болады?
5 Ехобаның физикалық заңдарының еш бұзылмайтынын, яғни тұрақты екенін білеміз (Еремия 33:20, 21). Егер адам оған қарсы әрекет етсе, мысалы тартылыс заңына, оның нәтижесі қайғылы болар еді. Құдайдың құлықтылық заңдары да өзгермейді. Оларды қалай болса солай бұзуға немесе айналып өтуге болмайды. Оларды бұзғаннан кейін барлық уақытта бірден қайғылы жағдайға ұрындырмағанымен, олардың да табиғаттың заңы сияқты күші бар. “Құдай адамның Оны елемей, өз бетімен жүруіне жол бермейді. “Адам не ексе, соны орады” (Ғалаттықтарға 6:7; 1 Тімотеге 5:24).
Ехоба заңдарының аясы
6. Құдайдың заңдарының аясы қаншалықты кең?
6 Таурат заңы Құдайдың заңының ең тамаша көрінісі болып табылады (Римдіктерге 7:12). Өз уақытында Ехоба Құдай оны “Мәсіхтің заңымен”a алмастырған (Ғалаттықтарға 6:2, ЖД; 1 Қорынттықтарға 9:21). Біз, мәсіхшілер, “кемелді бостандық заңын” иемдене отырып, Құдайдың нұсқаулары тек діни ілімдер мен әдет-ғұрыптарға ғана қатысты емес екенін көріп отырмыз. Оның нормалары өмірдің барлық салаларын, оның ішінде отбасы өмірі мен іскерлік қарым-қатынасты, жынысы бөлек адамдардың бір-бірінің алдында өздерін қалай ұстау керек екенін, сенімі бір бауырластардың қарым-қатынасы мен шынайы ғибадатқа қатысуды да қамтиды (Жақып 1:25, ЖД, 27).
7. Құдайдың маңызды заңдарынан мысал келтіріңдер.
7 Мысалы, Киелі кітапта былай делінген: “Азғындар, жалған тәңірлерге құлшылық етушілер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер, ұрылар, дүниеқоңыздар, маскүнемдер, өсекшілер және тонаушылар үшін Құдай Патшалығында орын жоқ!” (1 Қорынттықтарға 6:9, 10). Көріп отырғанымыздай неке адалдығын бұзушылық пен нәпсіқұмарлық — бұл жай “махаббат” емес. Ал гомосексуализмді “дәстүрде жоқ өмір қалпы” деп атауға болмайды. Бұлардың бәрі — Ехобаның заңын бұзушылық. Ұрлық, өтірік айту және жала жабу да осындай заң бұзушылыққа жатады (Забур 100:5; Қолостықтарға 3:9; 1 Петір 4:15). Жақып мақтаншақтықты айыптады, ал Пауыл ‘ақымақ сөз бен тұрпайы қалжың айтудан’ аулақ болуға кеңес берді (Ефестіктерге 5:4; Жақып 4:16). Мәсіхшілер үшін бұл құлықтылық нормаларының бәрі де Құдайдың кемелді заңының бір бөлігі болып табылады (Забур 18:8).
8. а) Ехобаның заңы неден тұрады? ә) “Заң” деп аударылған еврей сөзінің негізгі мағыналары қандай?
8 Ехобаның Сөзінде жазылған осы сияқты басты ережелер — Құдай заңының нені істеп, нені істемеуді ғана жазған жай тізім емес екеніне куәлік етеді. Құдайдың заңы байыпты әрі салауатты өмір сүруге мүмкіндік береді және оның жан-жақты пайдасы бар. Құдайдың заңдарынан тәлім, өнеге және үлгі алуға болады (Забур 118:72). Забур жыршысының “заң” деп қолданған сөзі, еврейше таурат (тора́) деген сөз. Бір Киелі кітапты зерттеуші ғалым былай деп жазды: “Бұл сөз бағыттау, ертіп жүру, көздеу, ату деген мағыналарды білдіретін етістіктен жасалған. Оның... мағынасы — құлықтылық нормалары”. Забур жыршысы заңды Құдайдың сыйы ретінде қабылдаған. Сол сияқты біз де оны бағалап, өмірімізді қалыпқа келтіруіне жол беруіміз керек емес пе?
9, 10. а) Біз неліктен сенімді басшылыққа мұқтажбыз? ә) Тек қандай жағдайда ғана біз бақытты әрі қанағаттандырарлық өмір кешеміз?
9 Барлық жаратылыстар — сенімді басшылыққа мұқтаж. Иса және өзге періштелер адаммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары тұрғанымен, олар да басшылыққа мұқтаж (Забур 8:6; Жохан 5:30; 6:38; Еврейлерге 2:7; Аян 22:8, 9). Егер осы кемелді жаратылыстарға Құдайдың басшылығы пайдасын тигізетін болса, онда кемелсіз адамдар жөнінде не деуге болады?! Адамзат тарихы мен біздің жеке өмір тәжірибеміз Еремия пайғамбардың сөзінің растығын дәлелдейді: “Тәңірім, адамның жолы өз еркінде емес екенін, өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес екенін білемін” (Еремия 10:23, СА).
10 Егер біз бақытты әрі қанағаттандырарлық өмір сүргіміз келсе, басшылықты Құдайдан іздегеніміз дұрыс. Сүлеймен патша Құдайдың басшылығынсыз өз білгенімен өмір сүру — өте қауіпті екенін түсінген. Ол: “Адамға түзу болып көрінетін жолдар бар, бірақ олар өлімге апарады”,— деді (Нақыл сөздер 14:12, СА).
Ехобаның заңын бағалауымыздың себебі
11. Неліктен біз Құдайдың заңын түсінуге ынтық болуымыз керек?
11 “Рухани көзімді аша гөр менің, тәліміңнен [“заңыңнан”, ЖД] кереметтер көрейін”,— деп жазған Забур жыршысындай, біздің де Ехобаның заңдарын түсінуге деген ыстық ықылас оятқанымыз өте пайдалы болар еді (Забур 118:18). Біз қаншалықты Құдай мен оның жолын жақсырақ біле түссек, соғұрлым Ишаяның сөзінің дұрыстығына көз жеткізе түсеміз: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін. О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой!” (Ишая 48:17, 18). Ехоба халқының өз заңдарына бағынып, бақытты әрі шаттық өмір кешкенін шын көңілімен қалайды. Келіңдер, Құдайдың заңын неліктен бағалау керек екендігінің негізгі себептерін қарастырайық.
12. Неліктен Ехоба бізді жете білгендіктен ең жақсы Заң шығарушы болып табылады?
12 Құдайдың заңын бізді бәрінен жақсы білетін шығарады. Ехоба біздің Жаратушымыз болғандықтан, ол бізді толық, жете біледі деудің қисыны бар (Забур 138:1, 2; Елшілердің істері 17:24—28). Жақын достарымыз, туыстарымыз, тіпті ата-аналарымыз да бізді Ехобадан артық білмейді. Құдай, тіпті, бізді өзімізден де жақсы біледі! Жаратушымыз біздің рухымызға, жанымызға, тәнімізге, сана-сезімімізге не қажет екенін жете түсінеді. Сондай-ақ қалай жаратылғанымызды, не тілейтінімізді және неге талпынатындығымызды білетіндігі, Оның бізбен қарым-қатынасынан көрінеді. Біздің мүмкіндіктеріміз шектеулі болғанымен, Ехоба жақсылық жасай алатындығымызды біледі. Забур жыршысы: “Неден жаратылдық, соны біледі, топырақтан екеніміз Оның есінде”,— деп жырлады (Забур 102:14). Ехобаның заңына сай өмір сүруге тырыса отырып және оның басшылығына қуана мойынсұна отырып, өзімізді рухани қауіпсіздікте сезінеміз (Нақыл сөздер 3:19—26).
13. Ехобаның біздің жағдайымыздың жақсы болуы үшін қам жейтініне неліктен сенімді болуымыз керек?
13 Құдай заңын кім бізді сүйсе, сол шығарады. Біздің мәңгілік болашағымыз Ехобаны қатты ойландырады. Қанша ауыр болса да, ол өзінің Ұлын “көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу” үшін берген жоқ па? (Матай 20:28). Ехоба ‘төзімімізден артық сыналуға жол бермейтінін’ уәде еткен жоқ па? (1 Қорынттықтарға 10:13). Киелі кітап, оның ‘қамымызды ойлайтынын’ айтып тұр емес пе? (1 Петір 5:7). Қандай пайдалы нұсқаулар беріп отырғанын көріп, бізді Ехобадан артық ешкім сүймейтінін түсінеміз. Ол не нәрсе бізді бақытты етіп, не нәрсе қайғылы жағдайға ұшырататынын біледі. Біз кемелсіз болғандықтан қателер жіберсек те, егер әділдікке ұмтылар болсақ, ол бізге өмір мен түрлі игіліктер сыйлап сүйіспеншілігін көрсетеді (Езекиел 33:11).
14. Құдай заңы мен адамдардың көзқарасының қандай айтарлықтай айырмашылығы бар?
14 Құдай заңы сенімді әрі ешқашан өзгермейді. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда ғасырдан-ғасырға мәңгі тірі Ехобамыз бар (Забур 89:3). Ол өзі туралы былай деді: “Мен — Тәңірмін, Мен өзгермеймін” (Малахи 3:6, СА). Үнемі өзгеріп отыратын адамдардың нормаларына қарағанда, Киелі кітапта жазылған Құдайдың нормасы ешқашан өзгермейді (Жақып 1:17). Мысалы, көптеген жылдар бойы психологтар: “бала тәрбиелегенде еш нәрсеге шек қоймаңдар”,— деп кеңес беріп келді. Енді сол мамандардың кейбірі өздерінің көзқарастарын өзгертіп, бұрынғы берген кеңестерінің қате екенін мойындады. Осы сұраққа байланысты осы дүниелік нормалар мен ережелер жиі өзгеріп отырады. Ал Ехобаның Сөзі болса, ешқашан өзгермейді. Киелі кітап қаншама ғасырдан бері балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеуге кеңес беріп келеді. Елші Пауыл жазған: “Ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар, керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!” (Ефестіктерге 6:4). Біздің Ехобаның өсиеттеріне арқа сүйеуге болатынын білгеніміз қандай жақсы, өйткені олар тұрақты ғой!
Құдайдың заңына мойынсұнғандар баталарға ие болады
15, 16. а) Ехобаның нормаларына сай өмір сүрсек, біздің өміріміз қандай болады? ә) Құдайдың заңдары неліктен неке үшін жақсы басшылық болып табылады?
15 Құдай Ишая пайғамбар арқылы былай деді: “Менің аузымнан шыққан сөзім... көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады” (Ишая 55:11). Егер бар ынта-ықыласымызбен Құдайдың Сөзіндегі нормаларға сай әрекет ететін болсақ, біз де ниетімізді ойдағыдай жүзеге асырып, бақытты боламыз.
16 Некеде бақытты болу үшін Құдайдың заңдары қандай жақсы басшылық болатынына көңіл аударыңдаршы! “Некеге барлығың да құрметпен қарап,— деп жазды Пауыл,— жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек” (Еврейлерге 13:4). Ерлі зайыптылар бір-бірін сүйіп, құрметтей білулері керек: “Әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің, ал әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті” (Ефестіктерге 5:33). Отбасыларына 1 Қорынттықтарға 13:4—8 дейінгі тармақтарда жазылғандай сүйіспеншілік қажет: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді, ол еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды. Сүйіспеншілік не жүгенсіз, не өзімшіл, не ашушаң емес, ол кек те сақтамайды. Сүйіспеншілік әділетсіздікті құптамай, ақиқатқа қуанады. Ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды. Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды”. Осындай ерекше сүйіспеншілік орын алған неке ешқашан бұзылмайды.
17. Спирттік ішімдікке байланысты Ехобаның нормаларын ұстанған неліктен пайдалы?
17 Ехобаның нормаларын ұстанғанның тағы бір пайдасын Құдайдың маскүнемдікті айыптайтынынан көруге болады. Ол шектен тыс ‘шарапты көп ішуге құмартқандарды’ қолдамайды (1 Тімотеге 3:3, 8, ЖД; Римдіктерге 13:13). Құдайдың осы нормасын елемейтіндердің көпшілігі спиртті ішімдікті көп ішкеннен пайда болатын немесе асқынатын аурулардан зардап шегуде. Киелі кітаптың ұстамды бол деген кеңесіне мойынсұнбай, кейбіреулер “өзін еркін сезіну үшін” ішімдік ішуді әдетке айналдырған. Спиртті ішімдікті шектен тыс ішудің нәтижесі қайғылы жағдайларға ұшыратады, сый-құрметтен айырады, отбасының шырқын бұзады, кедейшілікке және жұмыстан айырылуға әкеп соқтырады (Нақыл сөздер 23:19—21, 29—35). Спирттік ішімдікке байланысты Ехобаның нормалары бізді көп нәрселерден қорғайтыны анық емес пе?
18. Құдайдың нормалары қаражат мәселесін шешуде тиімді ме? Түсіндіріңдер.
18 Құдайдың нормалары — қаражат мәселесінде де пайдалы. Киелі кітап мәсіхшілерді адал әрі еңбекқор болуға шақырады (Лұқа 16:10; Ефестіктерге 4:28; Қолостықтарға 3:23). Осы кеңесті қолданудың арқасында көптеген мәсіхшілердің қызметі жоғарылады немесе жұмыс орнында қысқартулар болған кезде, өз жұмыс орындарын сақтап қалды. Киелі кітаптың кеңесімен келіспейтін жаман әдеттен, мысалы, құмар ойындардан, темекі шегуден, нашадан бас тарта отырып, өзіңнің қаражатыңды үнемдеуіңе болады. Құдайдың нормаларының қаражатқа байланысты басқа да пайдалы жақтарын білетін боларсыңдар.
19, 20. Неліктен Құдайдың нормаларымен танысып, оларды ұстанған парасаттылыққа жатады?
19 Кемелсіз адамдардың Құдайдың заңдары мен нормаларынан ауытқып кетуі оңай. Ертедегі исраилдіктер жайлы ойлап көріңізші. Синай тауының етегінде Құдай оларға: “Егер айтқандарыма құлақ асып, Менің келісімімді ұстанып жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше меншігім боласыңдар”,— деген. Олар: “Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін де орындаймыз!” — деп жауап берді. Дегенмен олардың сөздері мен істері бір жерден шыққан жоқ (Мысырдан шығу 19:5, 8; Забур 105:12—43). Ал біз оларға ұқсамайық. Құдайдың нормаларын біліп қана қоймай, оны өз өмірімізде қолданайық.
20 Ехобаның бізге басшылық үшін берген теңдесі жоқ заңдарын бұлжытпай орындағанымыз парасаттылыққа жатады, әрі бізді бақытты етеді (Забур 18:8—12). Бұлардың жемісін көру үшін Құдайдың принциптерін түсініп, бағалай білуіміз керек. Бұл жөнінде келесі мақалада талқыланады.
[Сілтеме]
a “Мәсіхтің заңы” туралы “Күзет мұнарасының” 1996 жылғы 1 қыркүйектегі нөмірінің 14—18, 19—24 дейінгі беттерінде (ор.) егжей-тегжейлі талқыланған.
Естеріңде ме?
• Құдайдың заңдары біз үшін пайдалы екендігіне біз неліктен сенімді бола аламыз?
• Ехобаның заңдарын бағалауымыздың қандай себептері бар?
• Қай жағынан Құдайдың заңдары біз үшін пайдалы?
[7-беттегі сурет]
Ыбырайым Ехобаның заңдарына мойынсұнғаны үшін көптеген баталарға ие болды
[9-беттегі суреттер]
Көп адамдар таусылмайтын күнделікті тұрмыс қамын ойлап, Құдайдың заңын елеусіз қалдырады
[11-беттегі сурет]
Жартастың басындағы маяк сияқты Құдайдың заңы сенімді әрі ешқашан өзгермейді